Ал, Мұқа! Мен өзіңді мақтамайын,
Одан да азамат деп мақтанайын!
Бөлек жыр жаза алмасам, амал қайсы?!
Бөлеп жүр Отбасыңды баққа дəйім!
Осатын арқамыздан дүр қамшыдай,
Қос ақын, "Келтір дейсің жырдан шырай!"
Жарқын жыр тумайды əсте сүйсінерлік
Ойымның түкпірінен түнді аршымай!
Нар тұлғаң қол созғандай тау басына,
Өзіңдей шын қамқор жан бар ма, сірə?!
...Бес елі бағын берсін Жаратқаным,
Кешегі Мұхтарлардың жалғасына!
Шынайы жанашырлық Туындайсың,
"Шын өнер өлмесін!" деп шырылдайсың!
Жөнді ұққан ақыл-санаң алға сүйрер,
Сондықтан сүрінбейсің, жығылмайсың!
Балаша сөйлесесің баламенен,
Данаша сөйлесесің дараменен!
Араша боп жүресің тірі өнерге,
Даланы жалғастырып қаламенен!
Соншама жаман ниет ініңде жоқ,
Болса да бұл жазғаным-"жаман" өлең!
***
Күрсіну
Сабыр, жаным, сынағы бұл да Алланың,
Есіл мұңнан мен-дағы құр қалмадым
Білемін, ақ халатты ажал жандар,
Жұмысына салғырттық қылғандарын
...Түрлі арманның сезерсің құмданғанын
Қаймықтым, қайғыдағы сырды аңғардым,
(Əкемде... Сосын бұлай мұңданбадым)
Күн санап күлімдеумен күтіп жүргем,
Тағы бір сəбиімнің "бүр" жарғанын...
Күл болып көкке ұшты ма, күллі арманым?!
Тұзағын маған тағдыр құрды алдан мың
Тар пейіл тағдырым да күтіп жүр ме?!
Шарасыз шақша бастың жынданғанын...
Ей, жүрек!
Сорлы жүрек бұлданбағын,
Жөн сана ақылдың да тыңдалғанын.
Көргенің қандай қиын іргедегі,
Достардың жұбатудан құр қалғанын.
Берері Жаратқанның таусылмасын,
Көрейін өмірімнің нұрланғанын...
***
Студент махаббаты
(Əзіл өлең)
Маған деген сезім бар көздеріңде,
Ғашық болам шынайы өзге кімге?!
Дауысыңды қалайша тыңдай алам
"Ұялымда" бірлік жоқ кездерімде
Махаббаттан жан-тəнін аяр ма, адам?!
Саған барар белгілі аялдамам
Жолақысы болмаған кездерімде
Неше сағат жүрсем де жаяу барам
Ас ішуден ақ сезім бастала ма?
Кафеге емес, апарам асханаға
Ұшаққа да ақша жоқ, амал нешік
Жаяу алып барармын Астанаға
Секундпенен сезімім арта берер,
Жүрегімнің нотасын дəл таба бер!
"Қазақстан дауысы" бола салам
Əнді сүйген жан болсаң қалқам егер
Жүрегімде сезім бар жоңылмайтын
Жарым болсаң, болашақ жолым да айқын!
Робот та бола салам өкінбестен,
Не қаласаң соныңды орындайтын
***
Айшатайға
-Анасына тартқан!
-Əкесі ғой тура!
Ағайындар диалогынан
Ақ тілеумен жайылып алақаным,
Сені қызым Алладан сұрап едім
Дүниеге келдің де, балапаным,
Еселедің бағымды мына менің!
Тебірендім, толқыдым дəл сол уақыт,
Болған соң ба, алғашқы əкелігім
Үйілгендей басыма барша бақыт
Секілденді сол бір күн "мəпелі" күн!
Шаттанғаннан басым да тиер Айға,
Ат таңдайтын апаң деп шешілген-ді
...Қалауымен Алланың киелі айда,
Айша деген киелі есім берді
"Өсіп" қалдың біршама ақ күлімдім,
Былдырлаған тіл де бар, қылық та бар
Сан куəсі болармын шаттығыңның,
Бір орында уақыт жоқ тұрып қалар
Аракідік естимін кейбіреуден,
Шешесіне бұл қыздың ұқсағанын
Күлемін де тоқтаймын "мейлі" деумен,
Білем талай пікірдің нұсқаларын
Пікірлер бар əртүрлі түрің жайлы,
Сан түрлі боп айтылған таңдайлардан
Бар білерім мендей боп жымыңдайды
"Ақшылдығы" өзімнен аумай қалған
P.S
Бар тілерім: ақ пейіл адам болсын,
Бір пайдасы тиетін Алашыма
...Дəл өзіме тартқан қыз аман болсын,
Ұқсаса да аяулы анасына!
***
Жалғанда мынау бес күнгі
Көрмедім дұшпан ешкімді
Алалап шіркін қайтермін
Бес досым болса бес түрлі...
Досым бар менің аңқылдақ
Мен десе тұрар жалпылдап
Сөзіне оның сүйсінем
Қалғандай əсем əн тыңдап!
Жəне бір досым жанашыр
Жанашыр жəне жаны асыл
Сөйлеп те қатты жарытпас
Тек қана айтар дара сыр!!!
Жұбандым бірге қуандым
Қуаныштарын құп алдым
Жаратқан ием жар болып
Қатарын көбейт бұлардың
Достарым шіркін алуан
Ойланып кейде, мəн ұғам
Шешілер түйін мен болып
Кей досқа керек "шаруам"
Қуланып қана күлетін
Бармағын бүгіп жүретін
Сондай да дос бар амал не
Əрненің табар ретін...
Бұларға жəне мейлің де
Нандарын сұрап жеймін бе?!
Жанымда жүрер топырлап
Қажет боп қалсам кейбірге!
Барлығы жатсын ішімде
Таусылмай жігер, күшім де...
Олар да аман, сау жүрсін
Соларға күнді түсірме!
Ей, Аллам...
***
Ғажап қыз
Айналдырған басымды ғажап қызым,
Жалаттың ба, шынымен азап тұзын?!
Мұншама тас жүректі дей алмаймын,
Нәзік сырдан жаралған қазақ қызын
Қазақ қызым, ғаламат ғажап қызым...
Көрген жанның жанарын ырза қылған
Неткен жансың, жаным-ау, нұр жамылған
...қара түнек баспайды махаббатты
Көрінесің сондықтан Күн жағымнан
Сезімімді, ғажап қыз, таптамағын
Сол ғана ғой бұл күнге сақтағаным
Жүрегімнің лүпілі əндетеді,
Сол əндерді мен үшін жатта, жаным
...Жатта, жаным
***
Бөтен сылқым арман қуып мен кейде,
Кетем шіркін ақылыма көнбей де
Артығырақ кетсе-дағы ағат боп
Халқы бірақ тірі ақынын жерлей ме?!
Айналама көрінем бе, шын ағат?!
Айдалаға кетермін бе, қуалап
Жасын-ғұмыр жарқылдамай қалғандай
Басымды бір алғандай ма дуалап...
Өмір кейде қаталырақ, қиын, ұқ!
Жеңілдей ме, ақыл-есім жиылып
Жапырақ тұр күзге жетпей сарғайып,
Ақымақ бір ару үшін күйініп...
Аласарды арманымның асқары,
Жара салды, жанды ауыртып тастады
...Жалығармын сені ойлаудан түбінде
Тауып алғын сондықтан да басқаны
***
Поэзия бағында
Аралағың келеді оңаша қап,
Пах, шіркін! Неткен мынау тамаша бақ!
Күйбең-күйбең тірліктен мезі болсам
Тамаша бақ қалады арашалап...
Қажытады бұл өмір, жұбатады
Қуантады, кей кездер жылатады
Сүрінбей-ақ тəп-тəуір келе жатсаң,
Шалындырып, жарға да құлатады
Өмірдің осындай бір кездерін де
Ұмытасың бұл бақты кезгеніңде
...Ей, өмір! Жүрегімен жүк көтерген
Пендеңді малтадайын езгенің бе?!
Бақ кезіп, есесіне жыр аламыз
(Кім білсін, кейінгі ұрпақ қылар аңыз)
Өмірге ақын болып келгеннен соң,
Ғасырлардың көшіне сұранамыз...
***
Қайғысы-жыр, ақынның күлгені-жыр,
Асыл жырмен кешеді бірге ғұмыр!
Біраз ақын ерекше болам дей ме,
Құмар болды жазуға күрделі жыр!
Бұрынғы өлең ел-жұртқа ұғынықты,
Бүгінгі өлең күрделі туылыпты
Беймəлім ақындардан озам дей ме,
Кей ғалым ақындардың жыры "мықты"!
Форма тауып ерекше қалықтай ма?
Кейбіреуін қалады жан ұқпай да...
Тек əдеби ортаға жолдана ма,
Қарайды қарапайым халық қайда?!
Мұқағали, Қадырлар дара көрген,
Қадыр қашып бара ма, қара өлеңнен?!
Не пайда, əдеби көп сыйлықтардан,
Қара халық болмаса баға берген?!
Мамандығы тым бөлек елді қайдам?
Мен де ұқпаймын кей жырын "дара" көрген!
***
Еш нəрсе бастамадым да,
Ештеңе аяқтамадым
Жастықтың қасқа жолында,
Отызға таяп барамын!
Шағында жанның от алар,
Жаздым ба, жалын жырларды
Кезімде тауды қопарар,
Уақытым текке ұрланды
Маубастық болып серігім,
Ұйқымен өтті таңдарым!
Таныды дерсің мені кім?!
Қадамға ешбір бармадым
Ұйқыдан тұрып сəскеде,
Ашкөз боп асқа ұмтылдым
Қазандай болып бас, дене,
Қырылдап шықты біртүрлі үн.
Сауықпен өтті-ау кештерім,
Пайда жоқ маған, елге де!
Бұл күнге дейін не істедім?!
Бейқам боп жүрмін мен неге?!
Түндерім түндей болмады,
Тек қана дөңбекшуменен
...Тағдырдың тарам жолдары,
Уақыт та өтті гулеген
Жылдарым болсын үтірдей,
Ертерек болар нүктеге.
Жырлар көп қалған бітірмей,
Парағын оның бүктеме!
Ой-мұңсыз бейқам жүргенім
Өзімді аяғанымнан!
Не пайда барын білмедім,
Отызға таяғанымнан...
...Табылмай сая бағымнан!
Ғабит Жұмаханұлы Жиенбай 1988 жылдың 8-сəуірінде Алматы облысына қарасты Алакөл ауданының Екпінді ауылында дүниеге келген. Сол ауылдағы Екпінді орта мектебінде оқып, 2006 жылы бітірген. Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық Университетінің филология факультетінде оқыған. 2013 жылы шыққан "Жырларым да жылайды мен жыласам" атты жыр кітабының авторы.