ҚАМШЫ
Дырау қамшы бұзау тіс,
Бес қарудың бірі еді.
Дойырларға дырау-күш,
Кең даланың жүрегі.
Оңында да, солында,
Ер жігіттің пірі еді.
Жайшылықта қолында,
Сәндік үшін жүреді,
Қайшылықта тірегі.
Тірлігінен мың күнгі,
Белгісі еді парықтың.
Бүлінгеннен бүлдіргі,
Алмайтұғын халықтың.
Осы қамшы есі еді,
Осы қамшы сесі еді.
Бағы да осы бес елі,
Қайтқан жаудың меселі.
Қанша мықты аңыз бар,
Пайымдасақ, пысықтап,
Ел басқарған абыздар,
Қамшыменен ұшықтап.
Тентектің де ұршығын,
Тезге салған деседі.
Ер жігіттің қырсығын,
Бір тартқаннан кеседі.
Би дауына көнбеген,
Айтылмаса жан сыры.
Хан алдына көлденең,
Кесе тастап қамшыны.
Дат сұраған уәжді,
Ақиқатты алға сап.
Осы игі дәстүрді,
Жақсылықпен жалғасақ.
Жыны буған бақсылар,
Жеткен кезде уағы.
Қолына алып қамшыны,
Сайтандарды қуады.
Тасығанда несібең,
Маңдай тер боп тамшылар.
Ал бүгінде сесінен,
Айырылған қамшылар.
Жөнді-жөнсіз шатылып,
Мәнсіз болып мұрады.
Сувенир боп сатылып,
Дүкендерде тұрады.
Майға салса еріген,
Қамшының да жаны бар.
Түп атасы теріден,
Тобылғыдан сабы бар.
Қасиетін қамшының,
Білетұғын ел керек.
Бабасының жан-сырын,
Жаза алмаған зерделеп,
Менің дағы жотамнан,
Тартып жібер кермелеп.
Уа, аруақ!!!
ТӘУЕЛСІЗДІК
Қазынамды алыпты-ау тонап әбден,
Отаршылдар құрсаулап мол амалмен.
Желтоқсан көзіндегі қанды жасты,
Тәуелсіздік сүртеді орамалмен.
Құзғынның қанға тойған құлқындары,
Есіме алсам түршігем сол күнді әлі.
Ақ кептер боп кеудемді жарып ұшты,
Лықсып тұрған тарихтың толқындары.
Сан қасірет жиылып жалғандағы,
Сан ғасыр үміт жібі жалғанбады.
Семей болып жыртылған жүректерді,
Арал болып суалған армандарды.
Тәуелсіздік емдейді қаныменен,
Тәуелсіздік емдейді жаныменен.
Тамырымда бейбіт күн бүршіктері,
Тамырларын тереңге жайған ерен.
Тәуелсіздік сипайды маңдайымнан,
Тәтті жырым төгіліп таңдайымнан.
Азаттықтың естимін екпінді үнін,
Тауларымнан, бұлақтан, тал-қайыңнан.
Ай-хай далам, паң далам, қайран далам,
Естимісің даусымды жайраңдаған.
Егемен елімді еркін құшақтайын,
Арманда кетіп ең –ау қайран бабам. .
КҮНДЕРІМ АҒАДЫ АЛҒА
Тоқтатар шара бар ма,
Күндерім ағады алға.
Барлығын есепке алып,
Шулап жүр ала қарға.
Шындықты шымшып алып,
Болып жір шымшық – алып.
Адасып ой-орманда,
Біз ғана тыншымадық.
Бір құдай жазалағыр,
Мұндар бар аза-қабір.
Кеңсеге сіңіп алып,
Мыңдарды мазалап жүр.
Түсіме түрпі енеді,
Оянам қорқып жатып.
Жанымның жіліншігін
Сорады солқылдатып.
Бейәдеп, сайқал қоғам,
Ашылған омырауы.
Азанды естіртпейді,
Храмдар қоңырауы.
Шама мен шара бар ма,
Қараны қараларға.
Есірткі емізігі,
Ессіз күн ағады алға.
Салмағы саналарға. . .
ӘЖЕ РУХЫМЕН СЫРЛАСУ
Жаным менің гүлденеді далада,
Сенің сөзің шындық екен, рас апа.
Қайырымы қазаққа аз қалада,
Мейірбандық жайлы соғып пәлсапа.
Өзіңді аңсап отырғаным міне, енді,
Тағдырдың бұл бір жазуы шығар-ау.
Қатырады сан сауалдар сілемді,
Жүрегімнің тұсындағы шық анау.
Қайшылайды жас жанымды егесті ой,
Иіп-иіп жұмсақтыққа әкелген.
Тірлік дәмі сондай тәтті емес қой,
Мәмпәсидей сен дүкеннен әперген.
Іздейтіні жайлы мекен, ылғи ық,
Бұл қаланың ережесі бағзыдан.
Қабағына көрмеген еш мұң жиып,
Жыланның да басына ақ тамызған.
Қайран әжем,
Пейілі кең ұқсайтұғын бақшаға,
Текеметі түрлі күй де сырмағы-ән.
Өкіметің өлшеп берген ақшаға,
Ел қатарлы күнін көріп жүр балаң.
Арқаңыздан түспейтінбіз күн ұзын,
Келмес жаққа кете бардың жылыстап,
Арқасынан түспейін деп өмірдің
Мен жалынан ұстап алдым уыстап.
Қадап қойып қанқу дейтін сүңгіні,
Қарқ-қарқ күліп сырт жағымнан жатты кей.
Мейрімге шөлдеп жүрмін бұл күні,
Жан қалтаңнан үзілмейтін тәттідей.
ҚАРАҒАЙМЕН СЫРЛАСУ
Сырласайық екеуміз кел, Қарағай,
Байсалды батырлардай ер Қарағай.
Жалғандықпен жұлысқан жалаңаяқ,
Мағанда өр рухыңнан бер Қарағай.
Маңдайыңнан күн сәулесі сүйіп, күліп,
Тағдыр саған сыйлаған иықтылық.
Өтірік пен өсектен биік тұрып,
Келесің өршілдікті жиі ұқтырып.
Тауларға тіреп алып жондарыңды,
Созасың көкке қарай қолдарыңды.
Күресесің найзағай, нөсерлермен,
Қымтамай өңіріңді, жан-жағыңды.
Отауыңды өзгеден бөлек тіге,
Иілмейсің күштіге, мың ептіге.
Ақиқаттың алдында шарт сынасың,
Гүрс етіп сен құлайсың жүректіге.
Дос болайық, екеуміз кел, қарағай,
Хош болайық, көріскенше ер Қарағай.
2012 жыл, тамыз,
Белжайлау.
***
Дос болған меніменен әй, қарағай,
Пейіліңді төге бер жәй қарамай.
Сырын ұқтыр биікте тұрақтаудың,
Жүрейін жазық жерде тайғанамай.
Өзіңнен жан-жүрегім табады емін,
Аралаймын ақиқаттың ақ әлемін.
Қашан көрсем жап-жасыл қалпыңдасың,
Кірлетпейсің қасиетіңнің жаға-жеңін.
Сырын ұқтыр осының досым десең,
Сақтайын жат пиғылдан қосымды есен.
ЖАР БАСЫ
Қалбаң-құлбаң жағалаймыз жар басын,
Көңілдердің көкке ұшырып қарғасын.
Тарих атты тар соқпақпен тасырлап,
Өмір сүйреп бара жатыр арбасын.
Сыр айтамыз соңын дәйім үтір ғып,
Шындық десе үндей алмай құтылдық.
Ең аяғы сәлемің де сатулы,
Әр кеудеде той жасайды күпірлік.
Ізгілікті ірімеген сан ғасыр,
Өкшесімен езгілейді маубас ұл.
Соған қарап қол соғамыз енді біз,
«Ойпыр-ай деп сендей асыл бар ма бұл».
Іште - шемен, айтамызда хатқа сыр,
Бақ құсы ма ол да шет ел жақта жүр.
Ініңізде ізетті емес есепшіл,
Ағаңызда жайлау емес жап-жасыл.
***
Аузымыз ба, құтты бір тойған балық,
Мыңық етпейміз жатсақ та ойрандалып.
Қар астында қып-қызыл астық қалып,
Фас-футты алып біз жейміз жайраң қағып.
Санамызда секталар құйған қалып,
Олай-бұлай тартады бұйдамды алып.
Жапырағын жел жұлған күзгі талдай,
Күннен күнге барамын сидамдалып.
19. 08. 13
ТАҢБАЛЫ ТАС
Сақ деген батыр адам, аңғал адам,
Қисайса түзеуге әзір сәл бағанаң.
Зердесіне түйіп ап тағылымды,
Тарихын тасқа жазып таңбалаған.
Қонақ келсе бұл халық қарбаласқан,
Дәм таттың ба «ет» дейтін арман астан.
Сонау, сонау заманда, ықылымда,
Өркениеттің өзіне таңба басқан.
Жұлдыздай жарқыраған жанып көктен,
Уақытқа таңбасын салып кеткен.
Тарихы сондай ауыр болғасын да,
Таудай-таудай тастарға жазып кеткен.
Ат мінген, қой да баққан, түйе мінген,
Халқымның қасиетін сүйемін мен.
Сан шет елдік тамсанып жатқан сырды,
Аңғал бабам көңіліне түйе білген.
Шежіре шерткен тасқа сөнбесін деп,
Айтпаймын мақтан етіп өңгесін көп.
Сақтардай садақ тартып тұрам ылғи,
Елімізге еш қауіп төнбесін деп.
САҒЫНЫШ
Жіберсеңде Ұрымға, Қырымға айдап,
Жырымменен жеткізем сырымды айғақ.
Ауылдағы ақ көңіл ағайындар,
Бірің шекер болғанда бірің қаймақ.
Осындайда күй - қобыз тартылмай ма,
Желідегі қара өлең ағытылмай ма.
Әр ісіме батамен бақ беретін,
Ассалаумағалейкум, қартым қайда.
Жөн білетін және де еп білетін,
Торта құртын өреде кептіретін.
Зер кимешек киетін зерлі әжелер,
Тәтті беріп текемет тептіретін.
Бірге болып іргеміз, бірге аспаным,
Өздеріңдей ешкіммен сырласпадым.
Іліп-тартып әзілмен жүретұғын,
Сағындым құлын-тайдай құрдастарым.
Көңілдің шоғын кімдер маздатпады,
Өткен шақтан айтайық қозғап тағы.
Сөзге ілініп қалмайық деп қорқатын,
Сол бір қызды сағындым саз жақтағы.
Сағындым ауылымды бағы бар шын,
Бауырларым жанымнан табыларсың.
Қала жақтан бұйырған несібесі,
Бір ұлыңды сен - дағы сағынарсың.
***
Құстар да қайтты базарын жаздың тарқатып,
Салатын сән жоқ баяғы әнге шырқатып.
Қызыл жар сынды қызарып күнге қараған,
Көңілімде күмбір қатпарлы ойлар тұр қатып.
Өзіңмен өткен сәттік мезет те бас бармақ,
Күлетінбіз тегі жұмбақтап сырды астарлап.
Қосынын тігіп арғымақтарын арқандап,
Миымды енді естеліктер келіп басқармақ.
Екеуміз бірге еркелеп күлген шақтардан,
Санамда менің қып-қызыл шоқтар сақталған.
Өсектің суы секілді өрекпіп өрге ағатын,
Көкірегімнің түбіне түйіліп қалды тәтті арман.
Қайда да кеттің қиқулы шақтар думанды,
Думанды күнге сезімнің жүзін жуғам-ды.
Өткен шақтардың сырмағын сілкіп қаққанда,
Жүзімдей жүзің жарқ етіп, осы бір өлең туған-ды.
4. 01. 2008
БАҚЫТ ЖАЙЛЫ
Бақыт деген немене өзі ұға алсам,
Көптігі ме қалтаңдағы теңгенің.
Өмір көрген ағалардан сұрасам,
«Бағың дейді жеңілгенің ...... жеңгенің».
Мағыналы аталы сөз, мақал мың,
Жол көрсеткіш белгісіндей бақыттың.
Күрмеуі көп күрең ойға маталдым.
Өз-өзімді жұбаттым һәм қағыттым.
«Бақыттымын дейді жарым үйдегі,
Тез атансақ, бақуатты, барлы адам».
Байлар қанша дәл осындай күйдегі,
Бақыт іздеп, аласұрған, зарлаған.
Бақыт деген немене өзі ал сонда,
«Бақыттымын» дей алам ба бір күні.
Өткінші өмір құрсауында қалсам да,
Бақыт іздеп сарылғаным күлкілі.
Жалғаныңыз шын жалған, жә, дауласпа,
«Бақыттымын» дей алмаймын құба-құп.
Өзі өлшеулі ғұмырымды әу баста,
Ұрлап жатса сағат сайын уақыт.
КӨШПЕЛІ БАҚ
Көшпелі екен ғой үміт, бақ,
Көшпелі бұлттардай жөңкілген.
Қыжылы көп сөзді құлыптап,
Айыққым кеп еді дертімнен.
Сөзбенен сатады пенделер,
Өңештер әмірін орындап.
Ойларым оңаша сенделер,
Соңында төбешік, қорым қап.
Тіл безеп жүр бәрі бүгінде,
Бұрында осылай болған-ау.
Түсінбей қаласың түгінде,
«Мұнауы.... Анаусы... Оғылан-ау»
Сенімді бұлғайды сыпсың-сөз,
Тағы өзі жігермен жанитын.
Ішімде-омарта ой, сыртым-бөз,
Жан бар ма жанымды танитын?
Көшпелі екен ғой үміт, бақ,
Көшпелі бұлттардай жөңкілген.
Қыжылы көп сөзді құлыптап,
Айыққым кеп еді дертімнен.
Мұңды ойды зарлатып, о, несі,
Дейсіз-ау еліккен, желіккен.
Сөгілсе көңілдің көбесі,
Тағы өлең жазамын....
......Неліктен?!.....
БҰЛ ҚАЛАДА. . .
Сәл нәрсеге қалатын қалбалақтап,
Тамсанатын тірлігін таңға мақтап.
Тоғышар да осында, қайыршы да,
Табанынан тайдырған тағдыр қатқақ.
Бұл қалада илеуі құмырсқаның,
Мен де әйтеуір нан табар жұмыстамын.
Дихандаймын даламен тіл табысқан,
Себетін бұлданбастан ырыс-дәнін.
Көрмесі мүсіндердің, мінездердің,
Қыжым қала күнінен мың өзгердің.
Алқынбастан жұтады өзендерің.
Ауыл жақтан ағынан берекені,
Өнерпаздар ордасы, өркендеген,
Келбетін кереметтер көркемдеген.
Бұл қалада илеуі құмырсқаның,
Жазылмайды осылай жөншемді өлең.
ҮМІТ ДӘНІ
Ізгі ойдың еміп емшегін,
Бойыма жиям қуат-күш.
Кер кеуделері кеңсенің,
Үміттің дәнін уатқыш.
Көгендеп қойып көзіңді,
Телміртетіні о бастан.
Тонайды келіп төзімді,
Қарақшылардай жол тосқан.
Күтесің сағат бір, екі, үш. . .
Кеңсенің заңы ерек-ті.
Ар-намыс жайлы кодекс,
Тұмары болса керек-ті.
Білмейді емес, біледі,
Зиялы қауым бұл деген.
Шыға алмай жүрміз алайда,
Жемқорлық деген түрмеден.
Тірліктің бұл бір түрмесі,
Жаныңа сондай жайлы енді.
Дүр жібек болса бүлдесі,
Шаппай да алар бәйгеңді.
Қоңыраулатып күймені,
Желдіріп жүрер уақ күш.
Билік үлкен диірмені,
Үміттің дәнін уатқыш.
АРМАН
Әжемнің ұршығындай шыр айналған,
Сен менің суатымсың дүрия-ай арман.
Сүзетін сезімімді секпілденген,
Тұнытар тұнығымды лайланған.
Жетелер үмітімді баяулаған,
Секілді дем беретін аяулы анам.
Өзіңсің өлең отын өршітетін,
Кезімде тасырқаған, қаяулаған.
Арманым, қыран құстай қалықтаған,
Жалыңнан ұстап алып шарықтағам.
Кеудемде көк ала үйрек өзің бар да,
Қапастың түп-түнегі жарық маған.
Бұйдалап ап тірліктің тепірешін,
Лақтай тастан тасқа секіресің.
Ақ қанатты арманым шарықтай бер,
Шегендеп ап уақыттың ақыл-есін.
СЫБАЙЛАСТЫҚ
Өз тамырын қиятын қайшы-кескін,
Еліңнен нәр алмасаң қайтып өстің.
Енді келіп халқыңды менсінбейсің,
Елітіп арманына байшыкештің.
Билігіңнің бақ көріп пәрмен-күшін,
Ақыл емес, алдымен әлденді ішің.
Биіктердің алдында тал қармайсың,
Аласаның алдында дәрмендісің.
Байлығын өкіметтің былай басып,
Халыққа ұсынасың жылай қасық.
Қашып кеткім келеді көз көрмеске,
Қасап-қоғам кеткесін сыбайласып.
Уақыт өзі айтады төрелігін,
Уысыңнан қашқанда мәре күнің.
Ұлт мұратын табанға салып тұрып,
Ұртын майлар ұждансыз төре бүгін.
Сырбаз, сері атанса сұғанақтар,
Үнсіз еріп ағады жылап ақ қар.
Сенімсіз қып жіберді әкімдерге,
Аққа қара жағатын құмалақтар
Абыройын жіберген айран қылып,
Қызметші көрсетер маймаң қылық.
Жаншығыңнан «жарнасын» дәметеді,
Жөн ісіңді жөнсізге айналдырып.
Сүзгілерден өтсе де сұрыпталып,
Берген анты табанда ұмыт қалып.
Жар астынан бір жемқор бүр жарады,
Жатсадағы күн сайын құрықталып.
Ар мен ынсап дегенді ұмытқасын,
Тағы несін айтамыз, құрып қасын.
Бозторғай да бұл күні бұрынғыдай,
Қой үстіне салмайды жұмыртқасын.
ТЕҢБІЛ КҮН
Тепеңдеп барады теңбіл күн,
Екен деп жеңісім, жеңдірдім.
Тобықтан қажаған тағдыр ғой,
Оны енді сен білдің, мен білдім.
Аспанға жазатын арманын,
Құс-тілек лақтырды қармағын.
Нәпсіге қол беріп жүріптік,
Шығарып барады бармағын.
Опалап жасырған бет-жүзін,
Беу, дүние текті де тексізім.
Қулана қарап тұр мысқылдап,
Көзіне түсіріп кепкісін.
Тастаяқ добындай домалап,
Барады тәтті өмір обал-ақ.
Шатырын жел жұлған күндердің,
Қисынын келтірсем жобалап,
Жөн еді, құрсыншы. . .
Тұрсыншы. . .
Төбемнен таң нұры сорғалап.
СУИЦИД
Жүрсің бе беймаза күй кешіп,
Жүр бері менімен биге шық.
Налыма, бауырым бекерге,
Беремін бақыттан бұйда есіп.
Не керек? Айт кәні жаныңа?
Жолықтым мен сенің бағыңа.
Шарап па? Оны да іш өкіртіп,
Керек пе? Ал, міне, тағы да.
Байлық па? Бағзы бір арманың,
Сенікі ала ғой бар малым.
Алтыннан құйылған сарай бар,
Барғасын көресің қалғанын.
Мансап па? Оған да жетесің,
Бәріне иелік етесің.
Аруды құшу ма ниетің,
Мыңын ал қидырмай некесін.
Еңбексіз күн кешсем дейсің бе?
Уайымсыз не ішем, жейсің не?
Шет елге шығу ма арманың,
Барасың Үндіге, Бейжіңге. . .
Ойлама иманды, ұятты,
Тартынба тақуа сияқты.
Келіссең осыған кекілдім,
Бар мәнің болады миятты.
Бір ғана шарты бар болғаны,
Аз және қысымы, толғағы.
Ел сезбес әсерлеу күй кешіп,
Өзіңді өлтірсең болғаны.
Тобырға тәлім қыл үлгілі іс,
Жасама ендеше кідіріс.
Мен болам ең ізгі нұсқаушың,
Есімім: Имансыз Ібіліс.
Мекенжайым:
Жігерсіздің жүрегі.
Телефоным:
Оны бәрі біледі.
НЕСИЕ
Қызбағасын өткен күнде шекеміз,
Мирасқа пұл қалмағасын нетеміз.
Адалдықты кепілдікке бердікте,
Уыс-уыс ақша алғамыз кеше біз.
Бай ұлындай балпаң-балпаң басқан ек,
Бәрінің де нарқын нән ғып тастап ек.
Жарнамадай алдамшы екен барлығы,
Кепеш күндер қайта орнады басқа кеп.
Дағдарыс деп отырсақ та тұрсақта,
Далда-далда күй кешеміз бұл шақта.
Аш балықтай қылқытқасын теңгені,
Жем боп еніп кеткеннен соң құрсаққа.
Наразы боп, нали берме, мұң шақпа.
Алған едік ойланбастан сертпенен,
Құр қалардай банк бөлген кертпеден.
Вирусы бар бәле екен ғой білмеппіз,
Тең екен ғой ауруменен, дертпенен.
Ақша деген кір емес пе қолдағы,
Әйтсе-дағы тіршіліктің сол мәні.
Өзі ауыртқан Үкіметтің мейірлі,
Ұшықтауға теңгемен қордағы.
Үшкіріп кеп жіберсе ғой болғаны,
Өнер еді үміттердің солғаны.
Ұшар еді аппақ арман тордағы,
Бір үшкіріп жіберсе болғаны. . .
Түшкіріп. . .
Рас екен.
***
Жүйкемді жиі шағып қалақай-күн,
Талқысына тастады талапайдың.
Түгіңді түсінбейтін түйсіксізге,
Содырдай соққы берер солақаймын.
Тас керең бұл қоғамда ақша басым,
Шарадай шытынайды шақша басың.
Кеткенде ар арзандап, бәрі арзандап,
Құдайды айтып несіне ақталасың.
Бір құдайдан кім жақын бірақ бізге,
Таба алмаған жантақпыз тұрақ түзде.
Қанша ашығып тұрғанмен, қасқыр-көңіл,
Ақиқаттың алмасын бірақта үзбе. . .
***
Арқанкерген дүние-ай Арқанкерген,
Төрдегі текеметің қан-қан неден.
Тыныштықтың сақшысы оғыландар,
От емес пе шетінен жансам деген.
Жамандық жолына арқан керіп, ,
Ер ұландар болатын қалқан берік.
Бебеу салып безесің қайда қаңбақ,
Қып-қызыл қан уыстап арқаңда өлік.
Төбемде қап-қара бұлт найзағайлы,
Найзағайлы болған соң қайда жайлы.
Көзіме құм үрлеген қара хабар,
Қан жылаған жанымды найзалайды.
Көрсетіп ниетінде жоқ үлгіні,
Жақсылықтың жарқабаққа соғылды үні.
Армансыз ажал келіп орып жатыр,
Енді-енді күреңденген тобылғыны.
Аза тұтып, жылаймыз жоқтап айлап.
Бейбіт күнде боздақты оққа байлап.
Қан құсады қайғыдан Қазақстан,
Өкінішке өкпе айтып әттең-айлап.
ҚАСІРЕТ
Құпиясын білерміз мұның-дағы,
Қасірет қоюланды қанымдағы.
Ақтөбеде қырылды ақбөкендер,
Өзегінен үзіліп шыбын жаны.
Көзінде мөлдіреген дала жатты,
Демі бөлек далаға нала жатты.
Ақ-қарасын анықтар сарапшылар,
«Қауіп жоқ» деп ешқандай бара жатты.
Әлдеқайдан жөңкіліп тұман келген,
Тұманменен у-ы көп құрам келген.
Тосын тажал талмаудан жалмап қойды,
Тағдырды асыр салған бұраң белден.
Даламның көркі де еркі де еді,
Қыршынынан қиылып жер тіреді.
Адамнан көргені аздай бұл даланың,
Келімсек тұманы да «жем» тіледі.
Бұл да бір сыр дейміз ғой ғайып, керім,
Уақыт өзі жазалар айыпкерін.
Үкімет көме салған Ақбөкеннің,
Жүрегіме жерлеймін мәйіттерін.
29. 09. 10
ЖИДІГЕН ОЙ
Жалғандықпен жасымнан шынықпағам,
Әжем оны баяғыда-ақ құрықтаған.
Қызғанышты тұзақтап ұясында,
Кеудемде күпірлікті кұлыптағам.
Күншілдіктің күбісін күрпілдеткен,
Қу нәпсінің қазанын бүлкілдеткен.
Иманымды тұтқындап түнектерде,
Ойлар, ойлар мазалап жүрсің көптен.
Бір ойым бар мақтаншақ, атақ құмар,
Бір ойым бар шәлгездеу шатақ құмар.
Тәубешіл, тәуекелшіл бір ойым бар,
Кетігін сәулелі ойдың қалап тұрар.
Қамалымды талқандап миымдағы,
Шайтан -ойлар қанымда құйындады.
Амалы алдап соғу жылтырақпен,
Саясаткер секілді жиындағы.
Бөтен ойлар – лаңкестер, боданшылар,
Мен де бір қас батырмын соған шыдар.
Сан жорықтан шаршаған жауынгердей,
Қалжырап жүргендігім содан шығар.
Кеудемде кереметтен үй тігем ғой,
Күніне қырық рет үйтілем ғой.
Өлместің суын ішкен албастыдай,
Ішімде жүреді ылғи жидіген ой.
26. 10. 2010
ТІЛЕК
Махаббаттың маздап жанып алауы,
Жүректердің орындалды қалауы.
Көңілдері тәтті арманмен көктеген,
Жас отаудың желбіресін жалауы.
Ағытылсын қуаныштың тиегі,
Ата-ананың ұзақ күткен күйі еді.
Жас отаудың мықты болсын іргесі,
Берекемен өрнектелсін жиегі.
Асып-тасып қалатұғын күн бүгін,
Ырыс еніп түрсін үйдің түндігін.
Ата-ананың қос еркесі қосылды,
Мойындатып өмір өзі шындығын.
Құлындары арманына жеткесін,
Ата-анасы ырымдарын жөткесін.
Өздеріңдей жас отаумен жарасып,
Егемен ел өсіп, өнсін, көктесін.
ҰШУ
Ұшайын айға қарай айдан ары,
Сонда да жанымның жоқ жай табары.
Келген-кеткен дүние келген-кеткен,
Сол баяғы әуенін қайталады.
«Бәрі -дағы құдайдың бұйырғаны»,
Солай дейді әже сөзі миымдағы.
Адам біткен барады ашкөзденіп,
Ақша болып құдайдай сыйынғаны.
Ысырылып кейінге ел тілегі,
Қобыз болып қоңыр мұң шертіледі.
Ұлт дейтін жүректегі ұйыған қан,
Көбесінен сөгіліп кертіледі.
Бөлек бабам мінетін Бөртем қайда,
Қазақылық дейтұғын көркем қайда?
Ибалығы мөп-мөлдір келін қайда?
Сондай келін болатын еркем қайда?
Қылтасынан қиылған көк бөрідей,
Делбең-делбең тартамын дертемді айға.
01. 10. 2010.
***
Аяз ата сыйлықтарын үлесіп,
Кеткеннен соң қырға шықты гүл өсіп.
Көктем келіп қалғандығын білмеппіз,
Қызыл көйлек киген қызбен ілесіп.
Сынаптайын сырғақ сезім төгіліп,
Қара жерге өніп шықты көк-үміт.
Жүрегімді сокқылайды сең, мұздар,
Көңілімнің кіреукесі сөгіліп.
Қалыптасқан құрылымы бұрыннан,
Суретшідей өмір сырын ұғынған.
Сурет салғым келіп кетті менің де,
Кемпірқосақ секілденіп құбылған.
Көңілділік. Көбелектер тіріліпті,
Көктем тойы, азан-қазан дүрлікті.
Қызыл көйлек киген қызым баяғы,
Өртеп кетті тәлпірештеу тірлікті.
2. 04. 2004 жыл
МЕН ӨЗІҢЕ МӘҢГІЛІК ҚАРЫЗДАРМЫН
Азамат болып қалыптасуыма,
қанатымның қатаюына үлкен еңбек сіңірген
аяулы ұстаздарыма арнаймын
Мектеп үйі – бесігім тербетілген,
Мен де өзіңде еркелеп ер жетіп ем.
Көп үмітті көктетер, дәл өзіңдей,
Еш бір сая таппадым жер бетінен.
Сақшысы тазалықтың алтын ұям,
Тірі болсам жанымның нәрін кұям.
Өзіңде өткен алаңсыз күндерімді,
Тәлкегі мол тірлікке қалай қиям.
Болады ма қиялым мұнша қалың,
Сыздықтаған сәуледен сыр санадым.
Шағылғанда терезем шындық іздеп,
Өзіңе келіп жиі мұң шағамын.
Бұлқынып көгенінде бұла сырдың,
Арқас таудың басынан жыр асырдым.
Өзің берген тәлімді бойтұмар ғып,
Тасып жатқан айдынға құлаш ұрдым.
Балалығым асыр салған сән кұрып,
Өмірімді өрнектеген ән қылып.
Қанатымды қатайтып көкке ұшырған,
Мен өзіңе қарыздармын мәңгілік.
ЖАТСЫНУ
Сан елден озық бойымыз,
Сенбесеңіз қойыңыз.
Ғаламторға шырмалған,
Өрісіміз, ойымыз.
Ұқпаған соң батаны,
Көңілге қырау қатады,
Аусыл дарып малыңа,
Құсың тұмауратады.
Қайран жүрек жылайды,
Мұның кімге ұнайды.
Аспанға атып түрпіні,
Қорқытамыз құдайды.
Түрпісі құлап төбемнен,
Тақыр болды көгерген.
У-ды жеймін, у ішем,
Сонда жаным өлермен.
Бір кезде далам кілем-ді,
Тамтық болды бұл енді.
Толғап сорып мұнайды.
Тегі бөтен шіренді.
Осының бәрі жанымды,
Жегідей жейді, өйткені,
Қымбат маған барлығы,
Қымбат маған титтейі.
Сүтінен құт қалқыған,
Саз бен жырға балқыған.
Қайран дала, қайран ел,
Қымыз исі аңқыған.
Анда - мұнда жағынып,
Жүргенінде сан ұлық.
Жалмап сені қоймасын,
Айдаһар мен Самұрық.
Қойшы, мұңды тізбейін,
Басқа амалын іздейін.
Болашақтан ендеше,
Күдерімді үзбейін.
Аузын айға білеген,
Тілі, діні түлеген.
Ел боламыз біз кейін,
Үзеңгісін шіреген.
Басымнан тайма осы бақ,
Ырысқа ырыс қосып ақ.
Шыр еткенде шыбыным,
Табаным тиген топырақ.
Жатсынбасаң болғаны.
ӨМІР ӘЛІППЕСІ
Тірлік заңын сан жаттап,
Түсінбей-ақ қойғаным.
Жүргеніммен қалбақтап,
Ал бір басқа ойларым.
Қарға біткен қарқылдап,
Қыранбыз деп шулайды.
Өзін-өзі алқымға ап,
Жүрек құрғыр тулайды.
Қара жерді басамын,
Өкшем болса сүп-сүйір.
Өз жолымды қашадым,
Шың басына тік те иір.
Падишасы көңілдің,
Мен, мен, мен едім.
Әліппесін өмірдің,
Тауыса алмай келемін.
УАҚЫТҚА УӘЖ
Өмір неткен сөз жұмбақтай күрделі,
Шешуінен қалам ылғи жаңылып.
Тарқатылса танымымның күрмегі,
Айқай салып шыға келем қағынып.
«Ақылыңның құдығына түкірдім,
Өз пәлсапам асырып-ақ келеді»
Дейді ағайым. Жауабына кідірдім,
Жынды сөздің неше атасы кеп еді.
Қымырандай қымызыңды ашытқан,
Ойлар мені келіге сап түйеді.
Қарауларды сөзе аламын қашықтан,
Бірақ кімнің қышиды оған иегі.
Талдың басын жел иеді тәкәппар,
«Қардың басын қар алады» ежелден.
Уақытқа өз уәжіңді жалғап қал,
Асып бара жатқанында кезеңнен.
ЖҮРСЕМДАҒЫ ЖАБЫРҚАП...
Жүрсемдағы жабырқап тесік табан,
Шындық іздеп, шырылдап, есік қағам.
«Оралмандар оңбаған» деп қояды,
Шыр айналған шаруасы, несіпті ағам.
Тәңіріге табынып, тілек тілеп,
Иманыңа ұйиды жүрек, білек.
Саясында саялап көлеңкеңнің,
Мәртебе алып, марқайып жүр ептірек.
Өмір, өзі қызық ә, құбылмалы,
Пысықайдың асып жүр бүгін бағы.
Мысық-тышқан кезеңнің, түлкі құйрық,
Соқыр теке көбейді бұғынбағы
Кейде тіпті бәрі де кері ісің де,
Оңға айналып шығады, терісің де.
Қабыл, Әбіл туғызған ала ауыздық,
Келе алмай әлі де келісімге
СЫР
Өртендім, лапылдадым, жалындадым,
Неден ғана жаңылдым, жанымда мұң.
Тепірешті көп көрген жүрегім-ау,
Сенің-дағы бір маған хәлің мәлім.
Сол баяғы тірліктің бәз бір әні,
Мұңайтады, жыныңды қоздырады.
«Илікпейтін тоңмойын, қырсықсың» деп,
Танысым көп өзінше жазғырады.
Күй таңдамай өнетін қарағашпын,
Бірақ, талай жаңылдым, жаза бастым.
Орамалын сыйлаған сұлуды емес,
Сайтан қыздың шарпысын ала қаштым.
Мен де сөйтіп қиқуға араластым,
Бірде саумын, ал бірде шала маспын.
Табаға сап тәубемді қуырады,
Қаймықпайтын ешкімнен жалаңаш күн.
БІР ТҮРЛІ ӨЛЕҢ
Бір түрлі өлең жаза салам отырып,
Қиялымда қиқу салса сөз-тізбек.
Рухы азып кеткен қазақ шоқынып,
Алдап-арбап сөзін маған өткізбек.
Заман өзі не боп кетті, ей, тегі,
Айналаңыз нанымдардың көрмесі.
Туу қиянға қашып кетсем қайтеді,
Қылеуеттің бұйырар бір бөлмесі.
ЖАН ҚУАТЫМ
Қауызын ашып күннің,
Өзіңе ғашық қылдың.
Ай болып көңілімде,
Нұрыңды шашып тұрдың.
Өрмелеп өрге келем,
Шұбатып өрмек өлең.
Санамды селт еткіздің,
Желігіп көрмеген ем.
Өзіңсің сірә, ақ құсым,
Тоқтатып уақыт күшін.
Алқынып жеткен жаңа,
Кешіккен бақытпысың?.
Лып етіп сала қойып,
Ұяттың тез ілгегін.
Ағыттын түймелерін,
Бұйыққан сезімдердің.
Тұрғасын шын қасында,
Дәтіміз сынбасын ба.
Өзендей өрекпідім,
Жүректің жылғасында.
Тұтқыны жасадың да,
Бойкүйез қамықты ойдың.
Жанымның қуаты едің,
Үзіліп қалып қойдың.
ӨРКЕНДЕУ
Биікке бастып әр адым,
Шашымды желмен тарадым.
Жалауын жықпай ақ жырдың,
Отыздан асып барамын.
Теперешіңді көп көрдім,
Оны да бастан өткердім.
Жүрек пен тілек арасын,
Жалғайтын алтын өткелмін.
Анамның тілі – қаймағым,
Егемен елмен жайнадым.
Бабалар рухы айналған,
Киелі мекен аймағым.
Тәуелсіз елдің ұлымын,
Тарихы – теңізі сыры мың,
Арамзаларға қылышпын,
Имандылардың құлымын.
Отаным менің отбасым,
Тілекшім бар да жоқ қасым.
Бүлікшіл болсаң кет әрмен,
Ниеті түзу тоқтасын.
Мұраты ғажап ұстаным,
Өркендеп өнер тұстамын.
Әлемді айдай тамсантқан,
Отаным – Қазақстаным.
Елімнің, дала, қаламның,
Ертеңіне дәйім алаңмын.
Халықпен бірге өркендеп,
Отыздан асып барамын.
ҚАЙШЫЛЫҚ
Дел-сал да, нәумез күй кештім,
Ұйқы мен Марту басқандай.
Басымды енді имеспін,
Пенде болсаң да аспандай.
Жүйкемді менің жеп біттің,
Сенің де шықты сілекпең.
Арнайы сәтті көп күттім,
Аңсары ауған жүрекпен.
Компьютер емес «ақылды»,
Сезімі сергек пендемін.
Қол бұлғап аспан шақырды,
Ойымды оймен емдедім.
Тетігі босап көңілдің,
Дел-сал да, нәумез күй кештім.
Заңына қатал өмірдің,
Алайда басын имес кім.
Сені де енді сүймеспін.
МӘН
Тоққожа Естенұлына
Бірдемде ғой көңілдің бұзылмағы,
Тәртібімді қарады әкімшілік.
Мен боп шықтым «бір бәле» ұжымдағы,
Сыртым момын алайда, дәтім-бүлік.
Бастығым да барын салып жекіді,
«Сөз ұқпайтын неме екенсің, ей, тегі».
«Көңілімнің толмай қойды кетігі,
Әлдеқайда кетіп қалсам қайтеді».
Мойындатпай қояды ма, көп-теңіз,
Ақталуға жарамайды сөзіңіз.
«Бар ма бізге айтыңызшы, өкпеңіз,
Мекеменің еркесі де өзіңіз».
«Өссін дейміз жатқамыз жоқ құрсын деп,
Қарағым-ау ұят керек аздаған.
Ақын біткен еркін жүріп-тұрсын деп,
«Еңбек» заңы еш жеңілдік жазбаған.
Сонда да біз сені қойдық еркіңе,
Болашағы мықты ақын деп ертеңгі.
Жалақыны төлемейді көркіңе,
Қысқартсаңшы жетеді енді селтеңді».
Барлығының айтқандары ып-рас,
Қыңырлығым өзімнің де бас жауым.
Тар шеңберге сыймай бірақ ықылас,
Іздеп кетем еркіндіктің бастауын.
Өсиеттің әр сөзінен тапса мән,
Үлкен тұлға бола алады ұғынған.
...Ал бастығым шын мәнінде жақсы адам,
Айғайында бауырмалдық бұғынған.
ДАЛА ДАНЫШПАНЫ
Қадырғали Жалайырдың рухына
Ат мінген, түйе мінген,
Даланың данышпаны.
Халқын шын сүйе білген,
Сырды ұғып ғарыштағы.
Тарихтан тамыр тартып.
Шежіре шертетұғын.
Хан мінін бетіне айтып,
Халқын да ерте-тұғын.
Қас батыр майданда өзі,
Жасындай адырнасы.
Білімнің қайнар көзі,
Ғылымның қазынасы.
Қамын жеп бүкіл елдің,
Ар тұтқан әділдікті.
Түбі бір түркілердің,
Тегі мен жанын ұқты.
Байрағын берік ұстап,
Құрғасын кереге нық.
Дүбірлі дешті Қыпшақ,
Әр сөзін өнеге ғып.
Түйеді жүрегіне,
Қалдырып кейінгіге.
Тәмсіл ғып түлегіне,
Зердесі зейіндіге.
Сахара дара шыңы,
Сезімі құдды сәби.
Қазақтың қарашығы,
Жалайыр Қадырғали.
Пейіл мен тілек бірге,
Парасат әлібінде.
Құт құйып жүректерге,
Келеді әлі күнге.
11. 08. 2008
АДАСҚАННЫҢ АЙЫБЫ
Адасқанның айыбы,
Ақтарылу қашанда.
Нұрдың түсіп ғайыбы,
Ойдан қаштым жасанба.
Қайғы келсе көтерем,
Сабыр қосып сезімге.
Тәңір нұры – текті өлең,
Жабырқаған кезімде,
Қуат беріп жаныма,
Қайратымды жаниды.
Соның үшін мені елдер,
Сабырлы деп таниды.
АЗАТТЫҚ
Өрге қарай домалаған бақ тасы,
Өктемдіктің белгілі елге жақпасы.
Желтоқсанда шытынады сөгіліп,
Мұз құрсанған империя қақпасы.
«Жаным – арым садағасы» анық-ты,
Бабалардан осы өсиет қалыпты.
Озбыр жүйе жұтқысы кеп жанықты,
Дархандығы даласындай халықты.
Жұта алмады, керісінше қирады,
Көктен келіп тоғышардың сирағы.
Жұлындасып кеткен әбден жүйесі,
Ұлт пен ұлыс есін әрең жинады.
Тілерсегін қиған тозақ, азаптың.
Тәуелсізбін бүгін міне, азатпын.
«Ақтабаннан...» аман қалған аштықтан,
Ар жолында жанын қиған қазақпын.
АЙБЫНЫ АСҚАН АҚ ОРДАМ
Айыны асқан Ақ Ордам,
Ырысы тасқан бақ Ордам.
Жақсылыққа жақ Ордам.
Күннен алған қуатын,
Шуақ-нұрлы хақ Ордам.
Тәуелсіз елдің бесігі,
Таусылмайтын несібі.
Өркениет мәресі
Ғаламаттардың есігі.
Киелі орда –Астанам,
Дидарыңа шаттанам,
Миятыңмен мақтанам.
Баба салтын сақтаған,
Күн сипаты Астанам.
Таңырқамас тосынға,
Жонын бемес жосынға,
Көк Түріктің - тегімнің,
Рухы, ділі осында,
Көк күмбезі – көк аспан,
Хан сарайы осында.
Үкімет пен биліктің,
Сан сарайы осында,
Сан алуан жат жұрттың,
Елшілігі осында.
Қазағымның бал қаймақ,
Кеңшілігі осында.
Сайрай түс, тілім, тосылма.
Кереғар да кер езу,
Пікірлерге қосылма.
Ал сөйлейін, сөйлейін,
Той үстінде бүй дейін.
Дәстүрлерді ежелгі,
Гүлдендірген Астанам.
Қасиетін сан ұлттың,
Бүрлендірген Астанам.
Сан өнерді бойына,
Сіңіріп ап жаңаша,
Түрлендірген Астанам.
Жақсы менен жайсаңды,
Тоғыстырған Астанам.
Дәл ортасын Отанның,
Қоныс қылған Астанам.
Он сегіз мың ғаламнан,
Боз жусанды даламнан,
Ізгілікті іздеген,
Тілеуі түзу пірәдар,
Жиылатын Астанам.
Несібесі Тәңірден,
Бұйыратын Астанам.
Азулыдан ықпаған,
Бүретіннен бұқпаған.
Ынтымағы жарасқан,
Өрелімен таласқан.
Абыройы елімнің,
Мұхиттардан ары асқан.
Дақпыртымыз, даңқымыз
Тамам жұртқа жайылған,
Кенде емес өнерден,
Кенде емес шайырдан,
Барлық істің барысын,
Елінің аяқ алысын,
Елбасымыз өзі екшеп,
«Тағаны жетіп қайырған»
Жаса, жайна, Астанам,
Инабаттан аспаған,
Өршіл келсін жас балаң.
Даңқың жатсын дүрілдеп,
Тау суындай гүрілдеп.
Жыламасын сәбилер,
Ұланың өссін күлімдеп,
Аузын айға білеген,
Күштілер мен тістілер,
Ойы жаман істілер,
Мысыңнан қорқып айбатты,
Қос тізесі дірілдеп,
Тілеуіңді тілесін,
Нықтай түссін елдің іргесін,
Айбыны асқақ Ақ Ордам!
АЙЫ ТУДЫ ЕЛІМНІҢ...
Алыстап елден, жерден де,
Атам мен әжем шерменде.
Тартыпты тілдің азабын,
Қытайдан ауып келгенде.
Анда да арыз айтыпты,
Мұнда да арыз айыпты.
Тасқа соғылып маңдайы,
Жігері құм боп қайтыпты.
Қанына талай от тепті,
Қазақша айтса «жоқ» депті.
Төлқұжат алар кезінде,
Батырбек «Вадим» боп кетті.
Тал қармап қалды Есілі,
Жәутеңдеп қалды жесірі.
Кеудесін басты өр ұлдың,
Тіл білместіктің кесірі.
Зарыққан жанды жол күтіп,
Олай да бұлай орғытып.
Етектен тартты есерлер,
Орысшасымен қорқытып.
Содан да болар кім білсін,
Былдырлаған бүлдіршін.
Балаң да балаң кезімде,
Айтқызып маған сан дүркін,
«Дай хлеб» деген бір сөзді,
Мақтанды-ай атам қауымға.
Бір қойын сойып ақыры,
Той жасап берді ауылға.
Ал әжем болса, күн – өзі,
Атама қайшы мінезі.
Арқасына мені сап алып,
Желмаядай жүзеді.
Айналады толғанып,
Жаны бір менімен, ол да анық.
Шатықты талай салсақ та,
Көрген жоқ шыбық қолға алып.
Етік қып алсақ мәсіні,
Жекіген емес әсілі.
«Орыс келеді» деп қорқытып,
Зәремді алатын – тәсілі.
...Ержеттік біздер осылай,
Орыстан қорқып, тасымай.
Бас қала өгей баладай,
Қарсы алды бізді, япыр-ай.
...Тәңірі түзу қарапты,
Шуаққа бөлеп алапты.
Бағына біздің толқынның,
Тәуелсіздіктің таңы атты.
Иманым және ұяттай,
Миуалы да мияттай.
Айы туып келеді тілімнің,
Құбыла жақтан қияқтай.
Жыр теңіз болып толқытып,
Мұз теңіз болып толқытып.
Қазақшамменен жүремін мен,
Тіл білместерді қорқытып.
Өз тілін білмес дүмше ғой,
Менде жоқ бүгін бүрсең ой.
Осыны аңғал атамның,
Аруағы сезіп білсе ғой.
АРМЫСЫҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!
Басып өтіп асқар тау, көк теңізді,
Құстармен қайта оралған көктем ізгі.
Салтанатын құрады сауық күндер,
Ұзаттып сап қыс дейтін «әпкемізді».
Наурыз – гүл-көктемнің бастамасы,
Жылылықтың мөрі жоқ растамасы.
Сезімдердің түйісер нүктесі де,
Ақ пейіл армандардың астанасы.
Көңілдерге рух-нәр құятын мың,
Бөлшегіндей мейірдің, ұятыңның,
Емен-жарқын жүздесіп ағайынмен,
Наурыз – ескі өкпені қиятын күн.
Сырнай сазы сызылып қияғынан,
Шапағатын, шуағын жияды маң.
Қырдағы шаруақор ел шаттанады,
Күй төгілсе қозы-лақ тұяғынан.
Құрамында дәрумен, қанша нелер,
Көжеден қанып іш те тамсана бер.
Тілер ем адамзаттың амандығын,
Қызырмен амандасып қалсам егер.
Отырғандай жылы күліп тағына жай,
Жыл басы, «астыңа тай, аузыңа май!»
Армысың аңсап күткен сағынышым,
Армысың, Әз Наурыз мамыражай!
АТА ЗАҢЫМ
Толқыны тағдырымның тасып ұрсын,
Басталды нағыз алтын ғасырым шын.
Отанымның паш етер мәртебесін,
Төлқұжатым – Ата Заңым – асылымсың.
Адамдардың қорғайтын асыл арын,
Заңым барда теңіздей тасынамын.
Егемендік дегенің осы екен ғой,
Заң алдында бас исе – басынарың.
Қазақстан – Отаным, ар-ожданым,
Отан үшін от кешер мен боздағың.
Ата заңым болмаған кездерде мен,
Аузында нелердің қала жаздадым.
Жырға қосып немесе ұран сап та,
Жарасады шаттансақ, қуансақ та.
Ата Заңым халқыма жол нұсқап тұр,
Бастайтын сонау нұрлы болашаққа.
БІР ТҮРЛІ ӨЛЕҢ
Бір түрлі өлең жаза салам отырып,
Қиялымда қиқу салса сөз-тізбек.
Рухы азып кеткен қазақ шоқынып,
Алдап, арбап сөзін маған өткізбек.
Заман өзі не боп кетті ей, тегі,
Айналаңыз нанымдардың көрмесі.
Түу қиянға қашып кетсем қайтеді,
Қылеуеттің бұйырар бір бөлмесі.
ӘЖЕМ МЕНІҢ...
Қырдан асып қыркүйек келіпті,
Сонау сәби сәттерімді жетелеп.
Самарқаулау көңіл, шіркін, желікті,
Сары әжемнің елесіне еркелеп.
Осы айда мен ырыс-құты тасыған,
Жар сала енген мынау жарық жалғанға.
Бәрін қайта бастайыншы басынан,
Қанат байлап сол балауса арманға.
Балалығым базыналы мазасыз,
Сары әжемнің етегіне оралған.
Жүрегімнің төрін де ғана Сіз,
Еркелеткен жалын алған от алған.
Сары әжемді сағындым-ау сары күзде,
Құс ұшырмай төбемізден өсірген.
Еркелік те, тентектік те бар бізде,
Түк жұрнақ жоқ кесепаты кесірден.
Дағды ма әлде қалыптасқан баяғы,
Қыркүйекті сағынышпен күтем мен.
17-сі әжем маған ұмытпай,
Жаңа кәстөм әперетін дүкеннен.
Бірге соққан болашақпен жүрегі,
Бұлдыр қағып сағым күндер өтті алдан.
«Бастық болғын» дейтін және тілегі,
Бастықтардан, сірә, көңілі көп қалған.
Зырыл қағып, күнді күнге жықтырған,
Кім тоқтатқан бастығы жоқ уақытты.
Кәстөм емес, қазір ойлап отырсам,
Әжем маған сыйлайды екен бақытты.
Келіп қапты қыркүйек те қыр асып,
Абыр-сабыр дүрбелеңге түспедім.
Сандықтағы кимешекті алдым да,
Сағынышпен ұзақ-ұзақ иіскедім.
...ЕКЕНСІҢ
Кедейліктен кеудесіз қамығады екенсің,
Байлықтан да көл-көсір жалығады екенсің.
Ит басына іркітің төгілсе де, бияпат,
Пенде көңіл бәрібір тарығады екенсің.
Марқаймасқа беталды марқаяды екенсің,
Қарауылдай қауқарсыз қалқаяды екенсің.
Бабын таппай көңілдің көңірсіген көн етек,
«Жалған-ай» деп жалғаннан қайқаяды екенсің.
Түсіне алмай сырына дүниенің дөңгелек,
Үңіледі екенсің үңілмеске өңмендеп.
Ішіп-жеуден аса алмай, түйсіне алмай түкті де,
Домалайды екенсің дөңгелектей дөңгелеп.
Кей-кездері түңіліп барлығынан кетем шын,
Су дүние-ай үбірлі бәз кімдерге мекенсің.
Шаш түсіріп, доп басты етсек-тағы шақшадай,
Тірелерің бәрі бір екенсің... екенсің... екенсің...
ЕРЛІК ЖАЙЛЫ...
Ерлік жайлы жазғым келіп бір өлең,
Қаламымды ойға малып отыр ем.
Уақыттың тауып қыбын түлеген,
Тасы өрге домалыған от-рең.
Бір кәсіпкер кіріп келіп бөлмеме,
Заман жайлы «зарын» айта бастады.
Барып қайтпақ көрінеді көрмеге,
Мұхит асып... сонан кері қайтады.
Ептеп қана сездіріп ем мен оған,
Ұлт жайлы көп сыр шертулер керегін.
Өз-өзіне алып «тұлға» боп алған,
Білмейді екен, әттең, тарих дерегін.
Қойшы, құрсын, кінәлаймыз кімді енді?
Әркімнің бір осал тұсы бар шығар.
Кенгруді жазбай танып, інгенді. . .
...Төрде тозды жылан бауыр қамшылар. . .
Әншейінде әзілдесіп нәнсінген,
Небір ойлар айтатұғын ұтықты.
Ерлік жайлы сұрап едім көршімнен,
Әр нәрсенің басын шалып тұтықты.
Ойларымның арасынан от шықты,
Бұл да енді айта жүрер сыр босын.
Махамбетті білмейтұғын боп шықты,
Вандам десе есе бермес бір «досым».
PS:
Мектеп жаққа барып едім...
...Қап! Қайтіп?!.
Ертеңіміз қалай болар кім білсін. . .
«Райымбек... Райымбек» поэмасын жатқа айтып,
Ерлік жайлы ән сап берді бүлдіршін.
ЖАЛАҢАШ КҮН...
Осы күні арман өзге, күй бөлек,
Асыл үміт келеді алға сүйрелеп.
Қаламымды ойға малып, жыр жазам,
Жалаңаш күн омырауын түймелеп.
Бәтенкемнің тас кемірген өкшесін,
Өлең етсем, жыр құмар жұрт сөкпесін.
Қиялымды қапақыл ғып жүр өмір,
Ұшақтардай тілгілеген көк төсін.
Сілкіп қашып көңілімнің алмасын,
Жылы самал тербетеді тал басын.
Құрықтардай асыл әжем көктеген,
Ойларымды сезім жібі жалғасын.
Кейінгісін көре жатам барғасын. . .
ЖАЛҒЫЗ ҚҰДАЙ СЕНЕРІМ
Жалғыз құдай сенерім,
Одан басқа жоқ бақыт.
Ашуымды жеңдірем,
Сабырыма тоқтатып.
Жебеушім де Жаратқан,
Қамығамын несіне.
Жүрегімді қанатқан,
Пенделердің есіне.
ЖАЛҒЫЗ ҮМІТ
Жаратқан ием, өзіңсің жалғыз үмітім,
Діліммен саған мінәжат етем күні-түн.
Нәпсінің түртіп оятып тоймас аранын,
Шайтани ойлар санам салды үгітін.
Жүрегімді алдым ба әлде кірлетіп,
Селк етуді қойды санам мүлде, түк.
Қарын қамын ойлап кеттім, сірә, көп,
Пенделіктің тікенегін гүлдетіп.
Жалқаулықтың мейманы боп аяулы,
Ұмыттым ба адалдықты, аяуды.
Сағағынан үзілген соң сезімім,
Бәлкім жаным сол үшін де қаяулы.
Аулақ кетіп арасынан шындықтың,
«Шарабынан» арамзаның сыңғыттым.
Жарық сәуле түсті қайта жаныма,
Мөлдіреген мейірімдей мұңды ұқтым.
ЖАРАТҚАНДЫ ІЗДЕУ
Жалаңаш күн зымырап,
Бара жатыр байқалмай.
Аузымызды жұмып ап,
Жүрміз... Айта алмай.
Жаратқанды іздеймін,
Бара жатқанға қамығып.
Өлерін біліп біздейдің,
Көр басынан табылып.
Селт етпейтін жүрегі,
Ненің парқын біледі.
Құры қанқа болып шықты,
Деп жүргенім ірі еді.
Жалғыз құдай сөзі рас,
Одан басқа жоқ құдай.
Соқыр пенде көзіңді аш,
Көсеп жүрген отты ұдай.
ЖОЛ
Олай сыздым жолымды, былай сыздым,
Тұзағында тозақтың жылайды ізгің.
Атам менен әжеме «ақыл» айтып,
Құдай жоқ деп оқыған құдайсызбын.
Еш береке таппадым тірлігімнен,
Қан жыладым аялап гүлді үгілген.
Болған соң ба рухым нұрдан кемшін,
Айнымайды бір күнім бір күнімнен.
Иман нұры жүректен жырақ кетіп,
Саңырауға айналдық құлақ бекеп.
Жатсақ-тағы ештеме түсінбейміз,
Жылап келіп өмірге, жылап кетіп.
Құдай деген құдірет былай қалып,
Тұнығымыз түбінен ылайланып.
Меңдуана миятын ішкен жандай,
Сау басымыз барады шыр айналып.
Кешір бізді теңдессіз, Жаратқаным,
Бәрін, бәрін тым кештеу сараптадым.
Бірақ, бірақ тағы да кімнен көрем,
Бесігімнің уланып бара жатқанын.
ЖЫЛЫ ЖАНЫМ ЖАБЫРҚАП...
Жұлқылап жиі қайғы мұң,
Жүрекке маза бермеді.
Жайыңды ұғар, айбыным,
Жапырақ-хатың келмеді.
Жалғыздық езіп еңсемді,
Жарқанат-ойлар қысады.
Жек көретіндей мен сені
Жабықтырдым ба мысалы. . .
Жар қабағында жағаның,
Жалқы ойды жүрмін жетектеп.
Жанарым, менің, дара әнім,
Жауабын айтшы тек, ептеп.
Жауқазын жүрек сабыр тап,
Жалауын жақпай ақ жырдың.
Жаралы жаным жабырқап,
Жарылуға шақ жүрмін.
ЖЫР САЙЫСЫ
Жанып алған ұстарадай қайысқа,
Темір жонып жатса-дағы майыспа.
Өмір деген кіл күрестен тұрады,
Жыр да бүгін түскелі тұр сайысқа.
Өрнекті өлең төрге шығар күн бүгін,
Өлеңменен бірге кескен кіндігін,
«Сөз қадірін өз қадірім» деп білген,
Тойшыл қауым түріп отыр түндігін.
Сан тараптан сыршыл жандар тоғысты,
Тоғысты да бастап кетті соны істі.
Жыр қуаты кернегенде сайрайды,
Жанарлардан, жүретерден ток ұшты.
Азаматтық арда мінез осында,
Осында жүр тайталасың, досың да.
Пенделіктің патшалығынан босқан ел,
Еніп жатыр сезім деген қосынға.
Болады деп болжай алған бұлай кім,
Бір қызырдың, шаттандың да мұңайдың.
Темір торлы тірлігіңнен босатар,
Өлең деген елшісі екен құдайдың.
***
Кеш ұқтым бәрін. . .
Ұққаным жоқ және түк.
Адалдықты, әйтеуір, келем ән етіп.
Несібемді әу баста Тәңір жазған өлеңнен,
Жүрем сосын ғажайып бір олжадан дәметіп.
«Біреу мені жуассың, тұзың, сірә, кем» дейді,
Қолбала ғып алмаққа ойлары бар мендейді.
Ғайбат ойды миымнан қуамын да жүремін,
«Жүрегімнің түбіне кір жасырғым келмейді».
***
Бұғынбағы көп тірлік ұғынбағы,
Аңыз етіп отырам мұныңды әлі.
Тоңазытқышы бар оның діріл қағар,
Бар және май тоңғысыз жылынбағы.
Жеңіс бермей қайғыға жүрем күліп,
Алты қабат қайыстай үзеңгілік.
Ісіме дос сүйсініп, марқаяды,
Жасадық деп игі істі біз ең биік.
ҚИСЫН
Дүние жалған ба? Өтірік.
Өзімізді жалғанбыз ендеше.
Бос сөзбен қайтеміз көпіріп,
Қиюы қисынның келмесе.
Жаз бен қыс алмасып жатады,
Енді бұл мәңгілік ереже.
Ал күннің қып-қызыл шапағы,
Ашылар ертеңге терезе.
Тірліктің о жағы, бұ жағы,
Қолыңнан сүйрелеп тартады.
Бар дейді тозағы, жұамғы,
Аздай-ақ мойынға артары.
Ала бар жылқыда құла бар,
Тірлікті кім көрген ұғынып.
Дұғасын оқиды пірәдар,
Сәждеге сан мәрте жығылып.
Су ағар орнында тас қалар,
Бәрін де білген ғой бабамыз.
Шаттанар арнамен ағамыз.
Жауабын сәл кейін табамыз
КӨЙЛЕГІН ТҮРГЕН...
Көйлегін түрген көбелек күндер-ұрын бақ,
Өлшеулі ғұмыр жылдарын ұрлар жырымдап.
Аспанның асты, қара жер үсті баяғы,
Шыбын жаныңа қорғаныш болар шырылдап.
Мекені осы милы да, мисыз адамның,
Бабамның. . . сақ пенен ғұнның, қағанның,
«Жабықпа» дейді, өтер де кетер ұмыт боп,
Қамқор үн. Кірін шалғасын жағамның.
Тектісі емес, тексізі ғана тойынар,
Мұнар әлем, әлдісі бар, әлсізі бар, сойы бар.
Жезтырнақ қоғам қанатқан дал-дұл жаныма,
Көк шыбын келіп отырып кетпек ойы бар.
Жүргенің сосын амалсыз ойнап бұғынбақ,
Шірінді ауызға шалқыған майды тығындап.
Бәріде сізге, бәрі де бізге белгілі,
Қайтейін босқа киелі сөзді шығындап.
КӨҢІЛ КІРІ...
Көңіл кірін жуып едім шараппен,
Жүрегімде кетпейтіндей дақ қапты.
Өзгелердей емеспін ғой қарақ мен,
Запыраным болып кетті тәп-тәтті.
Бала едім бақыт сүтін арда емген,
Енді соның қаңсып қапты шелегі.
Сүт орнына у ұсынған зәндәммен,
Қол ұстасып амандасам, себебі. . .
Ауыр күнә жасағандай мен тіпті,
Қыр соңымнан қалмай қойды бүкір мұң.
Қанға малып ұзыншалау кірпікті,
Ал мәтінін жазбақшымын зікірдің. . .
КӨҢІЛ ТҮЙТКІЛІ
Әлденені сезгенсоң ит үреді,
Салдақы отқа сақал-шаш үйтіледі.
Сезді ақыры Тәңірді жан жүрегім,
Көңілдегі көн болған түйткіл еді.
Сайтан сезім тұрсада салып, қамап,
Жаратқаннан қалай жан жырақтамақ.
Дүн-дүние иесі жалғыз өзі,
Кешірімді Аллаға, мадақ, мадақ.
Арқасы жауыр фәни, алыс-беріс,
Бірде оңға тартасың, бірде – теріс.
Былғанбасын буына арзандықтың,
Аппақ ұлпа секілді көңілдегі іс.
Басы меншік күндерді сырғанатып,
Айдан аман жылжимыз жылдан ақық.
Қайран менің жүрегім мазасыздау,
Терезесін арманның былмағама түк.
Бабалардың соқпағын қайта басып,
Тәубе деймін, кей-кейде айтам асып.
Жаратылған жағыма жылжып барам,
Тырнағы өскен түйсікпен тайталасып.
КӨШБАСШЫ
Келгенімен әркімдер түзеткісі,
Жүрмейді оған әмір де, білек күші.
Арқалаған сан мақсат, сан мұратты,
Ұстаздар ізгіліктің күзетшісі.
Шертілетін сезімнің сазы нағыз,
Мектепте өтер еркелік, базынаңыз.
Тағдырлардың жағатын жүрек отын,
Ұстаздар – біздің асыл қазынамыз.
Тағылым ал, тарихтан оқы-дағы,
Білетіні көп және тоқымағы.
Ұстаздар келешектің елшісіндей,
Болашақпен тілдесіп отырады.
Ұстаздар, міне, осындай ұлық есім,
Жарасады тұлға де, ұлы десін.
Егемен еліміздің ертеңіне,
Бастайды олар ұлттың ұлы көшін.
МАГАЗИН МЕН АҚЫН
Кіреукелеу мұң қонады көрікке,
Қимайтұғын тәтті өмірдің таты боп.
Мен мінетін аялдама көлікке,
Аталады «Магазин» деп аты жоқ
Сезімімнен сынық сырға соғамын,
Сұлу ойды қаппаған соң қармағы.
Тек бір міні афишасы жоқ оның,
Бірақ жанға не керектің бар бәрі.
Таусылмайтын арманы мен мұрады,
Қиялилау деген лақап атым бар.
Сол магазин секілденіп тұрады,
Даурығады білмейтұғын ақындар.
***
Мен-дағы өтірік күлемін,
Ойымда қарбалас қамы тұр.
Сеземін, бәрін де білемін,
Қыжылым өлеңде ағытып.
«Шындық» деп шырылдап жүр ағам,
«Парақор тірлікте қайда мән?»
Өзін де табылып сынаған,
Боп шықты оныкі байбалам.
Халықтың тонына тығылып,
Далаға айғалап қояды.
Сөзуар шешеннің ымын ұқ,
Бәрінде саясат бояғы.
«Басыңды қайтесің қатырып,
Тура айттың, ал кімге ұнадың».
Туысым айтады батырып,
Шатынап жатқанда шыдамың.
МІНӘЖАТЫМ-ИМАНЫМ
Сездім бәрін енді тек,
Мінәжатым-иманым.
Айналамда тікенек,
Қурай екен жиғаным.
Тура жолды ылаңсыз,
Таптым жаңа түсініп.
Иман деген ұлы әнсіз,
Жүр екенмін ісініп.
Қанша жанды жылаттым,
Артық сөйлеп асылық.
Таза, мөлдір бұлақтан,
Су ішіппін асығып.
ОРБҰЛАҚТА ОРАЛҒАН ОЙ
Қабағына сыр бүккен қырат мынау,
Сөйлеп кетсе тарихты айтқандай мың.
Орбұлақтан от алып жүрегіме,
Жәңгір ханмен сырласып қайтқандаймын.
Осы жерде сарбаздар сайыпқыран,
«Ел үшін!», «Жер үшін!» деп салыпты ұран.
Қаптаған қалың қолын басқыншының,
Қалың оқтың астына алыпты ұлан.
Ерлігі өткен күннің бүгін дастан,
600 өңкей ерлер бұғынбастан.
50 мың жат жерліктің жолын тосып,
Өрікпіген жауының қыбын басқан.
Болмаса да қамалы аса мықты,
Жәңгір хан жауын солай қарсы алыпты.
«Атақоныс – арымыз, ары үшін
Өлген жандар шейіт!» деп жар салыпты.
Байрағын тік көтеріп жасаныпты,
«Өліспей, беріспен» деп қасарыпты.
Шоқтығы биік тұрған анау қырат,
Сондықтан Жәңгір төбе атаныпты.
Сұлбасы сол шақтардың елес беріп,
Шақырмаса бұл жерге, келмес пе едік?!
Ат басын бұрып барып, тәуіп еттік,
Зұлмат күн енді қайтіп келмес дедік.
Қыран құсы көгінде қалықтаған,
Қайран ел, сан зауалдан қалыпты аман.
Әр тасынан тәбәрік түйіп алып,
Аршасынан қалаға алып барам.
18. 08. 2006
ОТАННЫҢ БОЙТҰМАРЫ
Шуақ шашып жердің барлық осіне,
Уақыттың жүгін арқан көшіне.
Көк түсімен кеңдігімді меңзеген,
Көк байрағым күн қондырған төсіне.
Жалғаныңда кеп тұратын жеңгесі,
Қазақ деген – даласындай кең кісі.
Егемендік мұратымды айқындар,
Өз туым бұл – өрлігімнің белгісі.
Көзіме оттай басылатын қашықтан,
Рух берген, қуат берген тасып қан.
Салтанатты сәттерімде шат күлген,
Одан сайын көңілімді тасытқан.
Өз туым бұл – елдігімнің өзегі,
Осы жолда сан апатқа төзеді.
Тәңір текті бабалардың исі бар,
Асылым ғой, тарихымның көзі еді.
Намысымды айбарыңмен қайрадым,
Қадірлейтін киелімсің аймағым.
Қазақстан төлқұжаты іспетті,
Отанымның бойтұмары – Байрағым.
ОТАНЫМ – ҚАЗАҚСТАН
Сағат сайын өркенде, тілегім шын,
Қасиетіңді қаймана біле білсін.
Өмірім боп үлпілдеп күнде соққан.
Қазақстан, сен менің жүрегімсің.
Тазартамын төріңді түтіндерден,
Аулаңа гүл егемін күтім көрген.
Отан-ана, мейірі күн тәрізді,
Ұланыңмын мен сенің сүтіңді емген.
Асқар тауым, орманым, теңіздерім,
Туған жерім, мәртебелі, ең ізгі елім. . .
Кірлетіп алмайын деп көңіліңді,
Өзімді дәті жаман дегізбедім.
Тұлғаңды еш асылған теңемен-ді.
Жаямын сахараға керегіңді.
Төріңде алшаң басып жүремін тек,
Ерке ұлың болғаннан соң егеменді,
Танымыммен ғаламды таңғалдырам,
Лаңкестік ұясын талқан қылам.
Біреу саған оқ атса бірінші боп,
Кеудемді ойланбастан қалқан қылам.
Отаным, біз осылай толғамасақ,
Бола ма домбыраны қолға алмасақ.
Мақтаса жат жұрт біткен мейіріңді,
Той жасаймын барымды ортаға сап.
Осылайша жүремін тасып, күліп,
Уақыттың өзін де асықтырып.
Айбарыммен ықтырып дұшпандарды,
Тілеулесті тірлігіме ғашық қылып.
ӨЛЕҢГЕ АЙТАМ МҰҢЫМДЫ...
Өлеңге айтам мұңымды жиі атқарып,
Жеткізбейді дүние мияттанып.
Жамауға келмей қойған әлгі менің,
Әйелімнің етігі сияқтанып.
Сырғып жатыр күндер де сылдыр қағып,
Қылықты ару қыздан сыр да ұрладық.
Тас үйде іші пысып жалғыздықтан,
Кіші ұлым көп жылайды былдыр қағып.
Тыныштық тербелгенде, жауыздық қап,
Құт-береке ұйиды қауызды ықтап.
Орда бұзар отызға алып кепті,
Тоқтата алмас уақыт ауыздықтап.
Шылымшының өкпесін түтін көрер,
Жабырқау көңілім де күтім көрер.
Жылаңқылау ұлым да ер жетеді,
Әйелімнің етігі бүтінделер.
ӨМІР-КҮРЕС
Өмір-күрес. Ал, немен күресесің?
Күресіңнен бақ табар күнес-Есім.
Қимайтының, болған соң сыйлайтының,
Қайтаруға қимайсың көңіл десін.
Қалғаннан соң жауапсыз сұрақ былай,
Тыпыршисың тірлікке тұрақ қылмай.
Бір нәрседен қорқасың рас енді,
Ақ, қарасын айырар жалғыз құдай.
ӨМІР ӘЛІППЕСІ
Тірлік заңын сан жаттап,
Түсінбей-ақ қойғаным.
Жүргеніммен қалбақтап,
Ал бір басқа ойларым.
Қарға біткен қарқылдап,
Қыранбыз деп шулайды.
Өзін-өзі алқымға ап,
Жүрек құрғыр тулайды.
Қара жерді басамын,
Өкшем болса сүп-сүйір.
Өз жолымды қашадым,
Шың басына тік те иір.
Падишасы көңілдің,
Мен, мен, мен едім.
Әліппесін өмірдің,
Тауыса алмай келемін.
САЛАМ ЗАУАЛ ҚАЛМАҚҚА. . .
(шайқас алдындағы тебіреніс)
Райымбек Түкеұлы рухына
Тұнығымды шайқаған,
Ырысымды үркітіп.
Мына қалмақ қайтадан,
Қан ішпек пе кілкітіп.
Бесігімді қақ бөліп,
Несібемді алмақ па?!
Ат көтіне бөктеріп,
Салам зауал қалмаққа.
Тыныш күнде қынында,
Жатқан қылыш саған серт.
Құнсыз жауды шығынға,
Сала алмасам маған серт.
Бабамнан мұра жер үшін,
Мінезі уыз ел үшін,
Шейіт болған ер үшін,
Салайын ойран тегі, шын.
Найзам тебен болғанша,
Қылыш қылша болғанша.
Тұлпар тулақ болғанша,
Өзім аруақ болғанша.
Қан аңсаған жауызды,
Өз қанына суарып,
Тозаққа етем тамызғы,
Бөрілі текті ту алып.
Уа, тәңірім аманат,
Кеудемдегі шыбыным.
Келген дұшпан қамалып,
Санамай қашсын шығынын.
Жасымнан серік тұлпарым,
Сірескен жауға тура сал.
Жасамаймын бұлтарым,
Алдаспаным «нуға» сал.
Кескілесер кез келді,
Қан себілдеп, турасар.
Келісімге келмеп ең,
Қайтыммына қу бас ал.
«Райымбек! Райымбек! Райымбек!. . »
СЕНІМ
Өркендеген бабалар кеңесімен,
Еңселі егемен ел егесі мен.
Айбары Отанымның мәртебесі,
Шарлап жүр ғаламшардың төбесімен.
Қалайша бұған енді мақтанбаймын,
Ырысым өрге өрлеген сақпандайын.
Даламды Қызыр баба мекендеген,
Бұйығып бақытына жатқан дәйім.
Таба алмаған жауабын тәмәм мықты,
Ізгілікке шөлдеген ғалам күпті.
Қалдырған маған бабам мұра қылып,
Ақжарқын пейіл менен адалдықты.
Тіл біткен өлең десе тасына да,
Өлкемді өр кеуделер басына ма?!
Татулықты тірегі еткен жұртпын,
Ақ құйған әбжыланның басына да.
Торлауыт қиындықты таптап барған,
Тілегін тектіліктің ақтапты арман.
Ерлігімді етемін жазып дастан,
Ұланғайыр даламда сақтап қалған.
Бүгінім кешегіден мың есе артық
Көк байрағым желбірер көкте шалқып.
Қойнынан қазынаны ақтарады,
Жер-ана мейірлене кетсе шалқып.
Ертеңіме сенемін. Сұрақ бар ма?
Тәуелсіз тұғырым бар тұрақтарға.
Бағындырып бағынбас биіктерді,
Созамын қолымды асқақ мұраттарға.
ТЫМ ЫСТЫҚ ТӘУЕЛСІЗДІК. . .
Қатыгез де жат негізге қалып бұл,
Садақ емес, садақаны алыпты ұл.
Есірткіге есі кеткен заманда,
Есті сөзің есік жақта қалып тұр.
Лаңкестік ойын тектес бұғынбақ,
Тыныштықтан қашып тұр ғой бүгін бақ.
Дініңде де дінсіз етіп жібердік,
Діңгегіне оқ-дәріні тығындап.
Ана жақта, мына жақта дүрбелең,
Ажал исі мүңк етеді іргеден.
Даурығып тұр дүниеңіз дөңгелек,
Және тағы басқалармен бір кемең.
Қыр көрсетпек қорқау біткен һәм ұлық,
Шибөрілер көкпар етпек жабылып.
Өш аламыз есе кеткен кісіден,
Жариялық желбегейін жамылып.
Таусылмаса түйір дәні талайдың,
Шұғыласын төге бермек арай күн.
Сәл нәрседен секем алсам болғаны,
Сенбей тағы Семей жаққа қараймын.
ҰЙҚЫАШАР ЖЫР
Тәтті ұйқыдан кеткен көз ісіп,
Ал, өн-бойым жауқаулықтың мекені.
Ес-санамда сайтан ойлар өбісіп,
Қызық қуып жыртың-жыртың етеді.
Ұйқы – нәпсі жеңе алмастан сынағын,
Ұйқым қанса ыза болам өзіме.
Қарау ниет жарнамалап «жұмағын»,
Пәк пейілдің шөп сап кетті көзіне.
Арманыма тұзақ салар ұйқы бұл,
Еңбегімнің тұзын сор ғып кететін.
Манаураған, деп-сал болған күйкі өмір,
Құрып жатыр ұйқышылдар бекетін.
Міне, тағы азғырып жүр аймалап,
Неткен сиқыр қыз-ұйқының қылығы.
Кер жалқауға қона қалсын қайдан бақ,
Тесіліпті лыпасы мен шұлығы.
«Бұл ұйқының орнына іс қылсам ғой»,
Ояу кезде сөз ететін тірлігім.
Ми-мекенін аралап жүр ұйқылы ой,
Өлең етіп өз ісінің ерлігін.
ҰЛТТЫҚ БОЛМЫС
Жұлдыздардың құшағына көмді аспан,
Күн құлағы қылтияды дөңді асқан.
Уақытқа да өз таңбаңды қалдырам,
Бабам сынды көк тасыңа мөр басқан.
Бастаулардай тас түбінен тұныған,
Шамырқанам, бусанамын, шынығам.
Ғаламданып жатса-дағы айналам,
Ұлттық көмбе бауырына тығылам.
Тарихымды құқай бар ма көрмеген,
Шындығында тыншымағам, өлмегем.
Қара өлеңге ерік берсем болғаны,
Содан табам жан-даусын шөлдеген.
Көтеретін ақындарын төбеге,
Дәметпейтін ақысына дәнеме.
Ұлтымның бар болмысы өлеңде,
Құпиялы формуласы және де.
19. 08. 07.
ЗЫМЫРАНДАР
Барады қаным кеуіп, жаным ісіп,
Жаза басқан тағдыр-ай жаңылысып.
Зулайды төбемізден зымырандар,
Арлы-берлі ажалды алып ұшып.
Дөңгелейді қаңбақтай құмыра-құт,
Зымырандар ұшқанда ыңыранып.
Жер-ананың жүрегі дір етеді,
Қабағымен жататын мұны бағып.
Ібілістің іркілдеп іріңді іші,
Келеді тағдырыңа үңілгісі.
Жұлыны жидіп кеткен мына қоғам,
Жұмақтан қуылғанның жұғындысы.
Демесіңе осылай шара бар ма?
Тұлымы желкілдеген дала бар ма?
Бақидың бақырауық әнін айтып,
Жардан жарға ұшады ала қарға.
Кеселді ой көңілімді кілкітеді,
Жүйкемнен талшық етіп жүн түтеді.
Аспан жаққа асыққан түрпі біткен,
Пері боп періштені үркітеді.
Қан жылаймын қайтадан жуып бетті,
Мейірім жүректегі суып кетті.
Байқоңырдан от алған бір зымыран,
Періштенің соңынан қуып кетті.
1. 10. 10
САР ЖЕЛДІРІП УАҚЫТ ҚҰЛАГЕРІН
Сар желдіріп уақыт Құлагерін,
Құлақ күйін арманның бұрап едім.
Мың сайрам мақамға сап әуенімді,
Жалт етіп жанарыңа шыға келдім.
Сездің бе туған далам- тыныс-бағым,
Ырысыңнан армансыз уыстадым.
Аязыңнан үйрендім бекемдікті,
Дауылыңнан күш алдым құныспадым.
Баркөрнеуге тіреп ап арқамды кең,
Арда ұлыңдай алшаңдап шалқақ жүрем.
Орбұлақ мойнымдағы бойтұмарым,
Арқас тау қолымдағы қалқан білем.
Бейбіт күнде бес қару асынбаймын,
Берекеммен көз тартар асылдаймын.
Мен өйткені Қазанкөл секілдімін,
Болмашыға тепсініп тасынбаймын.
Найза жонған бабалар бір кездері,
Ақтастының алмасты тасындаймын.
Күнге қолын созатын қарағаймын,
Көк бөрі боп төріңді аралаймын,
Қатпары қалың тарих құпияңмын,
Таңдануы таусылмас баладаймын.
Сар желдіріп уақыт Құлагерін,
Құлақ күйін арманның бұрап едім.
Кеудеме сыймаған соң орамды ойым,
Жалт етіп жанарыңа шыға келдім.
Беу, дүние!
ҚАРАҒАЙЛАР
Қарағайлар қайратты шашы таулардың,
Таулардан төмен біртіндеп қана аунар күн.
Күнменен бірге жарысып ұшып заулармын,
Заулап та жүріп шуақ нұрыңды аулармын.
Қарағайлар құт емес пе еді ғажайып,
Құтыңмен бірге барасың сен де азайып.
Етектен өрге ентігіп келіп тоқтаған,
Өрлігіңді сенің адамзат бар ма жоқтаған.
Қарағайлар – қарындаштардың бабасы,
Тәкәпар, асқақ, жоқ бірақ ешбір табасы.
Сұлулық пенен еркіндіктердің кіндігі,
Өзіңнен жасап жауға да шаптым сүңгіні.
Балағынан саулаған бала қайнар,
Қарағайлар қасқайған қарағайлар,
Қарағайды кеседі ал, ағайлар. . .
ЖАУ ЖАҢБЫР
Жау жаңбыр, сіркіреп тағы, күркіреп тағы жау бүгін,
Қаракөз бұлттар сілкісін шуда жаулығын.
Аңқасы кепкен өлкенің жібіт таңдайын,
Сұрайын барып бетеге біткеннің саулығын.
Қаладағы тас үйлер тамыры тасқа байланған,
Ұға ма сырын тамшының нұрға айналған.
Көктемнен бері көрінбей кеткен құлдығым,
Жарқ ете түстің от қамшыңды алып қай маңнан.
Аңсадық сені, сағынды сені көл-өзен,
Менің де кепті шай ішкен сайын кенезем.
Шет елде жүрдің топан суыңды тоғытып,
Шытынап жатты Қазақстанда терезең.
Құс қанаты талар кең далам саған дастархан,
Құйттай ғана бөлшегі болса да ғаламның.
Төріме өт те, асқар тауымды қолтықтап,
Шырқашы кәне, айызы қансын анамның.
Тасаттық беріп сауынын айтқан жұрт мынау,
Тостырып қойып діңкесін әбден құрттың-ау.
Қалжың ғой бәрі, өзімсінген соң айтам да,
Қонағым сенсің ең басты менің ырыстым-ау.
Әнеки, атам ақсарбас айтты саулығын,
Сәлем айтпаған бұл өлкеде және қалды кім.
Қонақ кәденің жолы сіздікі ал, кәні,
Жау, жаңбыр,
Сіркіреп тағы, күркіреп тағы жау бүгін.
ЫРЫС-БАҚ
Шыныңмен болсаң мені іздеп келген ырыс-бақ,
Қарайын, кәне, көзіңе сенің дұрыстап.
Қазақы шапан жамылған жат пиғыл болып жүрмегей,
Қаймаққа тойып, зытып беретін жылыстап.
Шын бақыт болсаң тау бұлағындай мөп-мөлдір,
Халқыма менің берекеңнен көптеп ап келтір.
Тәуелсіз болып еңсемді жаңа тіктегем,
Жанымда менің жұлысып жатыр ақ пен кір.
ҚАНСАМ ДЕДІМ ПЕРІШТЕ ПЕЙІЛІҢЕ
Дүние тұрған кезде бетін беріп,
Мен сенің жансам дедім отыңда еріп.
Қансам дедім періште пейіліңе,
Шөліркеген қарағаш секілденіп.
Тағынан түскен кезде тайып тағат,
Алып құстай алдыңда жайып қанат.
Құйындай орап сені алсам дедім,
Қалсам дедім сол күйден айықпай-ақ.
Әй, керім қыз сен оны сездің бе екен,
Жалаң аяқ арманды кездім бөтен.
Толқынында тулатып ап барады,
Жастық дәурен- желқайық, желбір-жекен.
Самайына ақ кірді жастығымның,
Ұлпа қанат сезімге бастырылдым.
Шеңгелінен елік қашып бара жатыр,
Айбалтадай айбатты қасқыр ұлдың.
Қолын бұлғап көп үміт қап барады,
Тасасында уақыт тасқынының.
ҚЫЗҒАНЫШ
Сені өзгеден қызғанып,
Жүргендігім тәп-тәтті.
Кеудемдегі мың жарық.
Басам қалай аптапты.
Күлгенің де сиқырлы,
Қарағаның қиылып.
Тұзақтардан мың түрлі,
Пешенеме бұйырып.
Масатыдай манаурап,
Қалғаныңды айтамын.
Лап-лап етіп алаулап,
Жанғанымды айтамын.
Жарқыраймын шоқ болып,
Дүниенің көзінде.
Атыламын оқ болып,
Дәті берік төзімге.
Кетсем мейлі жоқ болып,
Дәл осы бір кезімде.
***
Самайымда ақ шаштар қылаулайды,
Шортандай шоршып түсіп сыр аулайды.
Жастықтың жәрмеңкесін тауыса алмай,
Сағыныштың тырнасы тыраулайды.
Үзе алмай жігіттіктің шығыршығын,
Айналып сол шеңберден шыға алмайды.
Осының бәрі сенің қылығыңнан,
Алақанмен аялап бұрымыңнан.
Жұпарыңа тұншығып жатсам деймін,
Дүниеге қарап шіркін қиығымнан.
Көңіліме кіргенде жиі күмән,
Астамсып мына өмірдің иығынан.
Жетелеп жауқазанын жаңа өмірдің,
Шекелеп күлсем деймін миығымнан.
Сөйтіп бір уақытты жеңсем деймін,
Сенбесең де осыған сенсең мейлің. .
***
Түн ұйқымның талқан боп,
Ұйлыққанын қайтемін.
Арманымның арқан боп,
Ширыққанын қайтемін.
Сезімімнің жалт-жұлт боп,
Бұғынғанын қайтемін.
Қайнағанда бұрқ-сарқ боп,
Зығырданым қайтемін.
Үмітінің сүрініп,
Жығылғанын қайтемін.
Көңілімнің бүлініп,
Ұрынғанын қайтемін.
Жүрегімді сұлу қыз,
Жараласа қайтемін.
Біле тұра әдейі,
Қарамаса қайтемін.
Жігерімді уатып,
Бұтарласа қайтемін.
Әй, төреші уақыт,
Өзің енді айт емін.
ҚАҢТАР ЕДІ...
Қаңтар еді,
Түтеген ақ бораны,
Басқан ізің жұтылып жоқ болады.
Сол сәтте тамағыма тиген ернің,
Әп сәтте ақ әлемді отқа орады.
Бар дүние кеткендей жалын болып,
Лаулап жанған секілді қалың қорық.
Болат семсер сезімдер қақты қанат,
Алаулаған жалыннан жанын қорып.
Қас қағымда жұмыр жер төңкеріліп,
Төңкеріліп...
Қайтадан көк шалғынға көмкеріліп.
Кемпірқосақ құшағын жайды айқара,
Түйе мінген желкілдеп көнтері үміт.
Орнағандай пейіштің бау, жұмағы,
Жаным менің бір сәтке маужырады.
Ауыздығын ақ көбік қылған арман,
Тағасын тасқа алдырып қалжырады.
Үкілі үміт басып қап шүріппені,
Жарқылдап қарсы алған-ай күліп мені.
Масайраған көңілмен көзімді ашсам,
Тұр екенсің аймалап құшып мені.
Мұндай жайға тек ақын тап болады,
Басына бірақ сәтте бақ қонады.
Есім жисам етегімді жұлмалап жүр,
Қаңтардың бура мінез ақ бораны.
Қаңтар еді...
***
Қарда қалған көктемнің ырысын бағып,
Ақпан айы шытырлап тұр сызданып.
Баға жетпес бәсіңді ұққандаймын,
Дүние жатқан кезде құнсызданып.
Тірліктің түтінінен озғанда әнім,
Құндыздай құлпырады тозғандарым.
Жанымды жығып беріп жылтыраққа,
Эх, бірақ өзім қанша арзандадым.
Дүниені басам деп қонышынан,
Озбырлар опық жеп сонысынан.
Гүл дәурен зулап бара жатқанын-ай,
Сусыған ормалдай қол ұшынан.
Күнәлі күнім қанша, түнім қанша,
Желідегі жұлқынған құлындарша.
Ақша емес аруларын аяласын,
Бұл қоғам менің де бір тілімді алса.
***
Шын құмарым өзіңе қанып, қанбай,
Болмысыңды боламын жаңа ұққандай.
Қосылмайтын қос сүрлеу сияқтымыз,
Жарысқан бір-бірімен қалып, қалмай.
Дүр уақыт адымын санатпайды,
Сені ойласам күн батып, таң атпайды.
Ақпанның аязындай шымшылаған,
Мұң, сағыныш миымды шабақтайды.
Аязы сықырлаған ақпандаймын,
Алысқа серпілетін сақпандаймын.
Жоғалтып алғанымды күні кеше,
Қайтадан сол қалпында тапқандаймын.
***
Ақырын жапқан кезде күн іргесін,
Менің-дағы ессіздеу бүлінді есім.
Сезім жібін тарқатып Тал қалада,
Араладық армансыз іңір кешін.
Ия, ия бейуақ шақ іңір еді,
Тал мойнына асылған түн білегі.
Қылаулаған ақ ұлпа арасынан,
Көше шамы біздерге үңіледі.
Тұлпардай батыр мінген таң асырып,
Сезім біткен тұтқыннан жаңа шығып.
Кеудемде бір жарылыс болып жатыр,
Қармақ қапқан балықтай аласұрып.
Талды қала. Бейуақ шақ. Беймазамын,
Тартасың құмарлықтың кейде азабын.
Аспандағы жұлдыздар жерге түсіп,
Көрсеткендей тылсымның мың ғажабын.
Өтіп кетіп көрінбес дарбазадан,
Құтылғандай қытымыр бар мазадан.
Іңір кешіп екеуміз кеттік ұзап,
Тірліктегі таусылмас даңғазадан.
СЕН КЕТКЕЛІ...
Қыстың күні секілді мың құбылған,
Айырылып қала жаздап шындығымнан.
Бара жаздап соңыңнан Алматыға,
Ұстап қалдым төзімнің шынжырынан.
Көз алдымда көлбеңдеп мың сан елес,
Есіме сені салып, мұрша бермес.
Тал қаланың көңілі пәс тартыпты,
Тал біткен бұрынғыдай еңселі емес.
Сен кеткелі. . .
МЕН СЕНІ ӨКПЕЛЕТІП АЛДЫМ БА ЕКЕН
Мен сені өкпелетіп алдым ба екен,
Қарсы алғандай қарадың жанды бөтен.
Хор қыздары жүретін нәр ұсынып,
Жұмақ дейтін қайда екен мәнді мекен.
Жанымның даңғырлатып барабанын,
Даңғазалар мекенін араладым.
Сен мені айырбастап кетті ме деп,
Қызғаныштың ық жағын паналадым.
Мен жоқ жерде үзіліп жігіт біткен,
Гүл ұсынып жатқандай күліп тіптен.
Ал сен болсаң сол гүлді мың аялап,
Жадырайсың арылып күдік, күптен.
Қайсы бірін күмәннің тізбелейін,
Мыңы болған шығар – ау бізге дейін.
Қыспаңдаршы жанымды қараң ойлар,
Сезімнің омырауын бүрмелейін.
Жүзіңді көрген кезде мейірленіп,
Ақтарылам ақын боп зейінденіп.
Сен қасымда болғанда патшадайын,
Жомарттанып кетемін пейілденіп.
Менен өзге болмағандай жанға ғашық,
Кетемін сан қыраттан самғап басып.
Сенімен төрт құбылам түгелденіп,
Үгем келіп күдікке таңба басып.
Сен қасымда болмасаң...
УАҚЫТТЫҢ ЫҒЫНА КӨНГЕН ЕКПІН
Уақыттың ығына көнген екпін,
Мен де бір зырылдаған дөңгелекпін.
Қиял кезген, тау кезген, дала кезген
Енді менің жанымды емдемек кім?!
Бетіне жағылғандай бояу қалың,
Көзім менің ұйқыда, ояу халім.
Дәлелдеген жан бар ма әлі күнге,
Нәпсінің айтатұғын тоя алғанын.
Ұмытпай кешегіні, бүгінді алдап,
Саласың сен де жаным, қайда қармақ?!
Тояттан тоят іздеп шөліркеген,
Санамызды сан шайтан пайдаланбақ.
Сенің қардай жаныңды кір шалғанын,
Сезіміңнің түнекке құрсалғанын.
Кеше көрдім төбеден ай ауғанда,
Көрмеген болдым.
Бірақ, ұмыта алмадым.
Сен де жалған өң бердің, мен де бөтен,
Енді қалай малтығып көлден өтем.
Кемпірқосақ секілді мың құбылып,
Сырды бүгіп, сезімдер өлген екен.
Қарашы қимылдай ма қас кірпігі,
Өне ме тасты жарып шаш бүртігі.
Тірлік деген осы ма түлкі бұлаң,
Осы болса ұнамады. . . рас бір түрлі.
КӨКСУДЫҢ ҚЫЗЫ
Көксудың қызы,
Көксу боп күліп, тулап ақ,
Сезімдерімнің аяқ пен қолын шырмап ап.
Үлбіреп келіп, мөлдіреп төніп біздерге
Жеті қат көктен қадала қарап тұр ма бақ?!
Көксуға кеше гүл көктем көшін шөгерді,
Осында тағы ырыс пен мейір бөгелді.
Наурыз көже таратып жатыр жыр мезгіл,
Аралап келіп, аялдап тұрған көп елді.
Ізет қып жатыр өзіңе келіп тал, қайың,
Әнімді мен де аққу- арманға жалғайын.
Гүл болып ойнап, нұр болып шалқып жүрсің сен,
Таңдайда еріп, тамырға енер балдайын.
Көксудың қызы,
Тулаған толқын кеудесі.
Табылмайтұғын жер бетіндегі теңдесі.
От болып лаулап, лапылдап жанған шағыңда,
Өртеніп кетіп жүрер ме екем мен де осы.
***
Сан ойлар жаулап алып сананы анық,
Мұңаямын, тұншығып, қапаланып.
Көңілімнің әйнегін кірлетеді,
Күдік біткен жабысып жата қалып.
Сені қимай тетір іс, жат қылыққа,
Қаларым рас кейде аптығып та.
Ойымды онға бөліп, шашып, төгіп,
Жүгінемін қайтадан нақтылыққа.
Қарауылға ап әр сөзің, әр ісіңді,
Жетектеп ап жалтаңдау намысымды.
Тексеремін телефон байланысын,
Өмірімнің сол ғана мәні сынды.
Жақсылықты жамандыққа бұрып көрдім,
«Қайтер екен» дегендей күліп көндің.
Болмаған соң ешқандай ағат ісің,
Оған да еш қиналмай ырық бердің,
Батырдай балпаң басып жүрмін енді,
Қолынан тартып алып «жүліктердің».
***
«Біртүрлі ұнатам деп аға, сізді»,
Көрсеттің көңіліңді маған ізгі.
Жанарында жарқырап өмір нұры,
Қоштап кетті дуылдап дала бізді.
Мейірленді асқақтаған тау, қырат,
Бау біткенің пейілденді балбырап.
Өзендер де тартты күйін серпінді,
Қыстан бері жатып алған қалжырап.
Құйқылжытып бұлбұл әнін салғанда,
Бозторғайлар сүйіншілеп бар маңға.
Аққулар да ерке күліп, сұңқылдап,
Жақсы хабар тарап жатты жалғанға.
Жібердің бағамызды демде өсіріп,
Сөйле сезім, ендеше, кең көсіліп.
Аспанда қалқып жүрдік біз екеуміз,
Тартқанда жеңімізден пендешілік.
Тарту ғып таралғысын тағы ұсынды,
Махаббат дейтін мәңгі сөнбес үміт.
СЕРТ
Жандай боп көрініп ең сертіндегі,
Сол жайлы қаншама сыр шертілмеді.
Көңілің ал бірақта өзгені аңсап,
Күлге айналдым махаббат өртіндегі.
Қия алмай сәттеріңді қызық қуған,
Жалт-жұлт етіп өзге әлем қызықтырған.
Аласармас адалдық деген әлгі,
Кесір ме көңіліңді бұзып тұрған.
Мені де алдап, өзгені емексітіп,
Көңілдердің кемесін кезек күтіп.
Сан тарау жолға салып жүрсем дедің,
Бүрсеңдедім жанымды мен өксітіп.
Әсіре аңғал, тым сенгіш сезімімді,
Етем деуші ең өзгеге өзің үлгі.
Сөйтсем бар ғой ақылдым, ақымағым,
Жасырып келіпсің ғой көзіріңді.
Байқаусызда қалғаны сыр ашылып,
Бұл бір тағдыр шығар сірә, сынық.
Сен қалдың жағалауда кеме күтіп,
Мен кеттім мұң теңізге құлаш ұрып.
ҮНДЕСУ
Ай десем бе өзіңді күн десем бе,
Сенің нәзік жаныңмен үндесем бе.
Табаны бірікпейтін темір жолдай,
Сала көрме бөлектеу ірге сенде.
Тулап жатыр жүрегім, асыл айым,
Өрекпіп тұр қалайша басылайын.
Сарыөзектің сиқырлы самалындай,
Еркелеп кеп мойныңа асылайын.
Сезімі –гүл, елік қыз, көңілі –гүл,
Тасқа айналған сезімім төгіл, үгіл.
Сұлуларын сұқ көзден сақтайтұғын,
Махаббатың екен ғой өңірі бұл.
Саған ынтық табылар және мендей,
Жаза ала ма жарамды өлең емдей.
Күреңбелге күркіреп кеп тұрайын,
Қыз Жібегін іздеген Төлегендей.
ҚАЙТСЕМ СЕНІҢ КӨЗІҢЕ ІЛІГЕМ ДЕП...
Бұрымдының бұлыңын ұғамыз бек,
Талқан етті төзімді мына қыз кеп.
Бағзыдан бергі менің сырласымдай,
Көрінбесе болғаны тұрам іздеп.
Өзімен қандай сиқыр ала келді,
Гүлге бөлеп жіберді дала, белді.
Өгіз аяң күндерім сылбыраңқы,
Мерекеге айналып сала берді.
Өзімді өзім алға жетеледім.
Жер түбіне жұмсасаң кетер едім.
Бейқам едім, сүйреткен қол дорбасын,
Белсендісі боп алдым мекеменің.
Сөздері оралымды, тосын үні,
Мәз етем болсын үлкен, болсын іні.
Анаған да мынаған елп ететін,
Тым қалжыңбас атандым осы күні.
Барлығы бұған енді қайран қалды,
Ащы суға былыққан «майдан» қалды.
Желікбасқа жөнімен ақыл айтып,
Ауызға алып сөйлеймін пайғамбарды.
Қамыққанды жіберем күліп емдеп,
Жақсыға айтам өзіңмен бірігем деп.
Барлығын да осының жасап жүрмін,
Қайтсем сенің көзіңе ілігем деп.
ОТТАЙ ЖАНЫП...
Сен де бара жатырсың оттай жанып,
Мен де бара жатырмын оттай жанып.
Екеумізде лезде отқа айналып,
Қазанында қызықтың көп қайнадық.
Содан кейін күй кештік шоқтай-ғаріп.
Ал, бірақ та өртенгір сезімдерім,
Жүр әлі көбелектей отты айналып.
Он екіде бір гүлің жаңа ашылып,
Махаббаттың мазмұнын жаңаша ұғып.
Еркелейсің, елжіреп мейірменен,
Сәбидей тілі жүрген жаңа шығып.
Оттығын жарқ еткізді қараша үміт,
Көз алдымда бір ұшқын бара жатты.
Мың жарқылдың ішінен дара шығып,
Жанымды жайып салып алаша ғып,
Қарауылдай қоримын ақ бетіңді,
Алмасын деп албаты ара шағып,
Мен де бір бал жинаған бал арамын,
Албырт шақтың алқабын араладым.
Өзіңе әкеп ұсынам бал орамын.
Сен менің маңдайымнан сипап тұрып,
Жұлым-жұлым жүректі жараладың,
Қолың бұлғап біздерге бара ма күн...
Ертесіне сен маған қарамадың...
ТАКСИЛЕРДЕН МЕНІ КҮТ...
Жаркенттің жүзіміндей пәк күйде,
Жүрегімді тербетесің сап күйге.
Қалай ғана алғыс айтам, біздерді,
Жолықтырған жолың болғыр таксиге.
Түйістіріп білек пенен білекті,
Сүйістіріп жүрек пенен жүректі.
Тілсіз ғана, үнсіз ғана ұғынып,
Бірімізге қасақана тығылып,
Өп-өтірік ұйықтаған да ретті.
Сен де отырсың қас-қабағың керіліп,
Мен де отырмын сан қиялға беріліп.
Сыртымызға сонша салқын болғанмен,
Ішімізден балмұздақтай ерідік.
Ақ тұманнан ақ боз атпен ағып кеп,
Қызыл гүлін беріп кетті сері үміт,
Сол гүлімді саған берсем деп жүрмін,
Соның ғана уайымын жеп жүрмін,
Қара жолға тыным бермес,
Мыңын біліп, бірін білмес
Таксилерден мені күт.
НҰР ЖЕТЕКТЕГЕН ҚЫЗ
Отаныңның болса-дағы жері кең,
Тас қалада тасырқаған елік ең.
Ноқай бермес нанымымды ноқталап,
Наурызда нұр жетектеп келіп ең.
Сол сәттерде Қараталдай тасып ем,
Дәйім алшы түсетұғын асық ем.
Тік ұшақтай көкке ілініп тұратын,
Болған емес мәртебемнің бәсі кем.
Жел-желіктің өткелегі белгілі,
Бірақ ондай дей алмаймын мен мұны.
Көгершіндер сүйіншілеп кетті ұшып,
Жер бетіне мақсатыдай кең де ұлы.
Бәлкім оны былайғы жұрт сезбеген,
Және де оны жеткізе алман сөзбенен.
Ақ бұлттардан үзіп алып ұсынған,
Қолында жүр ізгілердің кездемем.
Маңдайымнан майда самал жүр есіп,
Балуандаймын жауды жеңген күресіп.
Көңілімнің көктегені белгілі,
Наурызбен сен келгенде ілесіп.
КҮН ҚЫЗЫ
Сипаты -күн, шашы -күн, мінезі - күн,
Мың қасиет басында бір өзінің.
Сенің басқан ізіңді, өзің түгіл,
Қарауылдай күзетіп жүрем ізгім.
Күндер өтті бір, екі, үш. . . санамастан,
Жалыныма өртеніп жанады аспан.
Сенбейсің бе жарып көр жүрегімді,
Жүрегімде мөрің бар жаңа басқан.
Қинасаң да жанымды қаншама мың,
Бұғауыңа төздім мен шаршамадым.
Бұл да бір сынағы ғой сыны мығым,
Ежелден келе жатқан ханшалардың.
Таңсәрідей тұнығым, рауаным,
Сеземісің жанымның бұл ауанын.
Қалауыңа бердім мен барлығында,
Міне мынау иманым, мынау арым.
МЕН КЕЛЕМІН САҒЫНЫП...
Мен келемін сағынып мен келемін,
Жарысып желмен бірге дөңгеледім.
Жарқ етіп бұлттан шыққан күн секілді,
Қарсы алар өзіңді деп сенген едім.
Саған қарай ойысып мұрат-күшім,
Сабырымның сейпілін құлатты шын.
Лайлап жібердің-ау сезімімді,
Сүттен әппақ тұнығым, бұлақ-пішін.
Хабарласып жүр едік, хабарласып,
Ғаламтормен шырмалған заманда ашық.
Жатақхана ауласын сүрлеу қылып,
Бір Төлеген жүр және саған ғашық.
Қойшы құрсын, қара аспан төндірмейік,
Бөтен ой жоқ көңілімде - өндір кейіп.
Телефонның түймесін сөндірсекте,
Сезімдердің алауын сөндірмейік.
***
Бірімізді жұтардай пейілде едік,
Бәрінде кейін дедік, кейін дедік.
Сезімнің бәйшешегі бүр жарған-ды,
Нұрыңды төккен кезде мейірленіп.
Екеуміз қол ұстасып баққа кірген,
Шырын сәт үзілместей шаттанып ем,
Қазынасын қимаған саудагердей,
Ауылыңнан мен әрең аттанып ем.
Санаңда сәулелі сәт жүрсін бекем,
Жүрегіңнің есігін дүрсілдетем.
Түсімде назыңды айтып өкпелейсің,
Сағынып сен де мені жүрсің бе екен?
***
Көңілім сыймайды қағазға,
Бір ұшы Атырау, Таразда.
Сүйіктім бәсіңе бас ұрдым,
Молдадай жығылған намазға.
Адалдық бәрінен қымбат-ты,
Жүрегім түбінен үн қатты.
Десімді еріттің дегбірлі,
Мылтықтың дүміндей тым қатты.
Махаббат маңызға толы мән,
Дәм татам шипалы қолынан.
Соңыңнан қалмаймын мен сенің,
Құстардай жаңылмас жолынан.
АУЫЛЫҢА КЕЛМЕЙДІ БАРА БЕРГІМ
Ауылыңа келмейді бара бергім,
Барған сайын ауыр мұң ала келдім!. .
Мың құлагер кеудемнен шауып өтті,
Дауыл өтті – мөлдіреп қарап едің!. .
Исін алып серілеу сезікті ұлдың,
Иттері ұран салды сезіп қырдың.
Мергеннен мезі болған секілдісің,
Қылт еттің де, бұлт еттің елік-құрбым.
Ауылыңның сыртына келіп тұрмын,
Ақ қардай алақанда еріп тұрмын.
Даңғаза дүниенің ішінде де,
Дәрумен бар екенін сен ұқтырдың.
Солай... солай сұлу қыз ғаламдағы,
Суық ойлар сейілді санамдағы.
Махаббат от дейді ғой білетіндер,
Өртенер шақ келген бе маған-дағы.
ЖҮРЕГІМЕН СҮРТІП ЖҮР...
Айта бергін арсыз деп, құдайсыз деп,
Иманыңды жүремін құдайша іздеп.
Құданың құдіреті бір періште,
Хат жазыпты. . «Сіз маған ұнайсыз деп».
Жүргенде күн өткізіп бос дәмемен,
Агентпен, SMS-пен, поштаменен.
Дүдәмал дүниеде құмдай пошым,
Мұндай тосын сыйлықты тоспаған ем.
Сезім, сенің алдыңда мың айыбым,
Жалғаны кім білмеймін шынайы кім.
Жұмысыма келіп тұр қардың қызы,
Шын жалғызы. . .
Сұлулық құдайының.
Жаза басқан жері жоқ жаңылысқан,
Әлі жапа көрмеген жазымыштан.
Қақпанын құрып оған құмарлық жүр,
Көңілдің көңіндегі кәрі-мыстан.
Үйренбеген қулықтың ережесін,
Кеңге жайған көркемдік керегесін.
Жүрегімен сүртіп жүр дір-дір етіп,
Шытынаған жанымның терезесін.
Ешбір қылау қонбаған келбетіне,
Ән салады мөлдірлік тербетіле.
Ой- хой деймін, нәпсіге қой-қой деймін,
Бір періште жүрсін деп жер бетінде.
Ал, ол болса жұмысыма келіп тұр. . .
***
Қарасулар жиегін күмістеген,
Сіздің ауыл мекені ырысты өлең.
Тым сабырлы болғанмен, хан емеспін,
Жан емеспін қапталған құрышпенен.
Шаршы топта шалдығып іркілмеген,
Жүрегімде маза жоқ үлпілдеген.
Шынжырын шыр айналып, аласұрды-ай,
Қарасудай бүйрегі бүлкілдеген.
Көкпар тартып көңілде күдік, үміт,
Сағыныш жүр сабылып зыр жүгіріп.
Тасасынан аса алмай иықтардың,
Түйіп қалдым тәп-тәтті сырды бүгіп.
Сезімнің сеңгірінен ән асырған,
Жаралған жарығым-ай жарасымнан.
Маған деген пейілді аңғардым мен,
Заңғар мүлдем…
Мөп-мөлдір қарасыңнан.
Қалған күннен сол белгі енді бізге,
Сендіңіз бе...
Соққысын сезімдердің жеңдіңіз бе?
Ток күшін пар көрмейтін Сағынышпын,
Қанып іштім...
Ризамын пейіліңізге.
АҢСАР
Сағынып жүрсем-дағы алабұртып,
Сезімімді сездірмей қалам іркіп.
Миыма маза бермес іңкәрліктің,
Бұтағында сәт сайын жаңа бүртік.
Қиылып дегеніңде маған «ағай...»,
Күй кешемін түскендей жағама жай.
Шөлдедім мінсіз таза ізгілікке,
Көлдерін қия алмаған шағаладай.
Бұғаулап жан-ділімнің әмір-күшін,
Білдірмеуге тырысам әзіргісін.
Жүрегіме салған шоқ отқа айналды,
Өртенуге ойланбай әзірмісің.
СЫНДЫРУ…
Жүремін дәйім мейірмен желпіп,
Жұпарыңа жұмсақ апиыншыдай елтіп.
Ертегілер елінен келген
ханшалардай,
Мөлдір мұңымды барасың ертіп.
Асқақтықпен аспандай қасыңды керіп,
Ынтық етесің кетердей өліп.
Қытай қорғаны сынды сабырым бар-ды,
Шытынаттың сынбайтын дәтімді берік.
***
Тізесін бүгетін асқақтың,
Даланың гүліндей шұғынық.
Сиқырлы сазындай аспаптың,
Қуантар, мұңайтар құбылып.
Ей, менің періштем, келіскен,
Жер басып жүрсің бе пендедей.
Көзінің алдында теріскен,
Рухани жағынан ең кедей.
Бейбақ та қарайды тамсанып,
Сілекей сезімін шұбыртып.
Ондайда әлемге жар салып,
Сырлы әнге басамын сызылтып. . .
Ізгілік нұрынан жаралған,
Жаныңды кім ұғар тереңдеп.
Күндерде көрмесі әр алуан,
Көрінбей қалсаңыз елеңдеп,
Жүремін дәуріштей дәлдіреп,
Жандарға жанарым жәудіреп.
Өзіңмен өмірім өрнекті,
Өзіңмен бұл фәни мәндірек.
***
Сейілді сезімімнің мұңды арманы,
Сөзімнің болса кәне, бір жалғаны.
Алакөлдей жанымның тұнықтығы,
Лала гүлдей жырымның бүр жалғаны.
Бәлкім бұл махаббаттың тіл қатқаны,
Бұлқынды бұла сезім құндақтағы.
Иірімге үйіріп алып кетті,
Беймәлімнің белгілі ырғақтары.
Әйтеуір күрең күндер қалып қараң,
Әуезді әндей болып шарықтағам.
Жан баласы жауламаған жүрегіңді,
Жүрегіме жасырып алып барам.
Алакөлдің төсінде түйіскен қыз,
Ақ дүниеге қараймыз биіктен біз.
Қарашаның қақарын қайтарғанбыз,
Сары күздің сабасын иіткенбіз.
Ай нұрына малынған сол күнгі түн,
Мұратындай секілді жолдың бүтін.
Сан тарауға тартатын қара жолдар,
Ап қашады ақынның оңды үмітін.
Көл жағасы арманның мүйісі еді,
Ғашықтарға тиетін жиі себі.
Саусақтың саласындай сара жолдар,
Түбі әйтеуір бір жерде түйіседі.
Қайта айналып келгенше. . .
***
Ибалықты серігі ете білген,
Өзіңді жырға қосып өтемін мен.
Таксимен түнге сүңгіп кетіп едің,
Келдің бе аман-есен Текеліден.
Байқамас бұл қаланың жұрты мүлдем,
Сыр аулап мақпал түннің кірпігінен.
Тыраулап ұшты өкініш көңілімнен,
Қылаулап күдіктің де ұрты-күлген.
Сығалап келер күннің есігінен,
Сезімімнің есі шығып- есі кірген.
Төзімнің төсін тырнар қу қызғаныш,
Кәндендей ызаланып кетіп үрген.
Дүние де, байлық та басқалары,
Пейілге төсеніш боп тасталады.
Көзімнен ұшқан ыстық мейірімнен,
Ериді қатпар мұңның тас қамалы.
Таулардың иығына асылса күн,
Ойнайды жер бетінде асыл сағым.
Өзіңе деген аптап сағыныштан,
Сарғайып кетпесе екен жасыл бағым.
Мен сенің қасыңдамын.
ҰЙҒЫР ҚЫЗЫ
Ұйғыр қызы өзгелерден өзгешем,
Кездестің-ау бір алапат кезде сен.
Сен болмасаң махаббаттан бал татып,
Сен болмасаң сұлулықты сезбес ем.
Сен күліп ең,
Ауыр ойдан арылдым,
Сен күліп ең,
Жанартау боп жарылдым.
Сен бе, сен бе, сен бар ғой,
Жарығысың жанымның.
Сені ойладым, шәрбат ойға талықтым,
Ал түсімде сен жанымда қарықпын.
Ұлылығын, жылығын танимын,
Сен арқылы ұйғыр деген халықтың.
Арулардан патша азап шеккен кей,
Болса болар олар-дағы тек сендей.
Афродита сұлулығын өзінің,
Саған келіп сыйға тартып кеткендей.
Сен күліп ең,
Ауыр ойдан арылдым,
Сен күліп ең,
Жанартау боп жарылдым.
Сен бе, сен бе, сен бар ғой,
Жарығысың жанымның.
ҚОҢЫРАУ ШАЛДЫМ
Қоңырау шалдым қобалжып,
Алқынып жүрек бұлқынып.
Телміремін терезеге жол аңдып,
Жанарыма сағынышты мұң тұнып.
Бағанаға бағы ілінген шырақтар,
Дейтұғындай бізге қарап сыр ақтар.
Көңілімде күлбілтелеу сұрақ бар,
Түн патшасы ал, датыма құлақ сал.
Ызғып аққан машинамен ілесіп,
Жанарларым түн пердесін тіледі.
Ішкі ойымды жеңе алмадым күресіп,
Сені күткен жалғыз ғана тілегі.
Бастығымның тапсырмасын орындап,
Бір пәрменін және күтіп отырмын.
Шаттық келіп қуантқанда қолымды ап.
Осы өлеңді шүйіншіге оқырмын.
Келгеннен соң сәті және кезегі,
Өз міндетін өткізеді күле күн.
Сенен ғана шипа аларын сезеді,
«Бастығына» бағынбайтын жүрегім.
ҚОНБАҒАСЫН ҚОЛЫМЫЗҒА
Қонбағасын қолымызға,
Наз айтып соныңызға.
Мың мәрте хат жаздым,
Ұялы телефоныңызға.
Дегеніңе көндіріп қойып,
Сан сылтауды төңдіріп қойып.
Мысқылдаған да шығарсың,
Телефонынды сөндіріп қойып.
Жүрекке жалын, лапыл кеп,
Ашу кеп, үміт кеп, ақыл кеп.
Сұлудың шығар деп сан қыры,
Мұныңа да көндім, мақұл деп.
Қамады күдіктер рас-ты,
Өзара қырқысты, сынасты.
Үмітім сен болып, күліп ед,
Барлығы тәтті ойға ұласты.
Маңайдан тұмандар тарасты,
Билігі өзіңе қарасты.
СЫНАҚ
Есте қалсын есер сәттер көнермей,
Жүрегімде сезімдердің мәйіті бар.
Сен де мені сүйем деп ең өлердей,
Енді сол бір сөздеріңді қайтып ал.
Айырбастап кеттің мені басқаға,
Менде сенен қалысқам жоқ және түк.
Әлгі менің хаттарымды тастама,
Сұлулықтан сыр күтетін дәметіп.
Екеумізде кісі сүйер жоқ қылық,
Құрбанымыз құмар дейтін қақпаның.
Құрысыншы. . . жатқамыз жоқ сот құрып,
Шерменденің көңілінде батпан мұң.
Жауабы жоқ көп менің де сұрағым,
Бұл да бәлкім жазмыштың сынағы.
Жарнамасы секілденіп сыраның,
Бір сиқырың тартады да тұрады.
АЛАҒЫЗАМ. . .
Күнде өтесің үйімнің іргесінен,
Ал, мен болсам беймаза күй кешірем.
Солып қалған селк етті сезімдерім,
Үсік шалып гүлденер пілгесінен.
Бүр жарыпты қайтадан қара, қызық,
Атқақтайды жүрегім алағызып.
Аңсауы көп арманды жыр жазамын,
Орауынан ойымның қан ағызып.
Өкіндірмес өткен шақ кезі кімді,
Таразыға тартамын төзімімді.
Су аласың құдықтан сумен бірге,
Алып бара жатасың сезімімді.
***
Ғашықтықтың құтылған күйінен кім,
Сен – гүлсің, мен – сенің күн иеңмін.
Сұлулығын сезбесең мына өмірдің,
Құны қанша жинаған дүниеңнің.
Қоңырауыңмын күмістелген күймеңнің,
Сондықтан да ырғағыңды сүйгенмін.
Өзің барда қайғымның қадірі жоқ,
Қадіріндей үзілген түймеңнің.
Жеңілдікке балама жыр-үнімді,
Жалғандыққа санама дірілімді.
Бояу жаққым келмейді балғындыққа,
Тұралатқым келмейді ұлы ұғымды.
ЖЫРҒА ҚОСТЫМ АТЫҢДЫ
Сұлу сазбен жырға қостым атыңды,
Сағыныштың бұтағына қонақтап.
Оқыдың ба менің әлгі хатымды,
Көңілімді сезіндің бе ал аппақ.
Көмей біткен не десе де мейлі енді,
Жазалы ма сүйген жүрек ерікті.
Аппақ қарға салып едім бейнеңді,
Сұғын қадап күннің көзі ерітті.
Көріпкелдей айта алмаймын ап-анық,
Шырмауықтай шырматылды көген-ес.
Кірпігіңе қалсам деп ем маталып,
Мені сендей ешкім мұңмен бөгемес.
Махаббатың түрмесінде тұтқынмын,
Қараулы сенің жәудір жанарың.
Бір ойымды бір ойыммен ықтырдым,
Көңіліңнің құлатпақ боп қаламын.
Ерін біткен не десе де мейлі енді,
Жазалы ма сүйген жүрек ерікті.
Аппақ қарға салып едің бейнеңді,
Сұғын қадап күннің көзі ерітті.
ЖЫЛЫНҒАНБЫЗ САН МӘРТЕ. . .
Жылынғанбыз сан мәрте,
Сан мәрте тағы тонғанбыз.
Тұманда мынау, адаспай тарау жолдан Біз,
Махаббат атты мүйіске жетіп алайық,
Басына аппақ бақыттың құсы қонған қыз.
Қоңырауларын соққанда,
Бұталардағы тоңған мұз.
Ғажайып сәтті шығарып алмай қолдан Біз.
Алқа да салқа, арқа да жарқа өмірде,
Қорғанымызды тұрғызбаймыз ба, Қорлан-қыз?
Айналам түгел ақтүбіт тұман, қараңғы,
Тал-терек, әне, шаштарын сілкіп таранды.
Айдалада ұлиды кеп топ қасқыр,
Жарамды тырнап,
сілкілеп селқос санамды.
ҚАЙДА ЖҮРСІҢ?
Қайда жүрсің асылым, қымтасыным,
Ағытайық тезірек сыр тасқынын.
Торын құрған торлама пиғылдардың,
Тарамысын тарқатып қылтасының.
Сені ойладым... Тағы да алағыздым,
Көңілімде көп күдік – ала құзғын.
Соңынан өсек ерді атой салып,
Дара қыздың,
Басқаларға қадірсіз қара қыздың.
...Тағы да алағыздым.
Қайда жүрсің?. . .
Жалған бәрі! Мен оған сенбеймін түк,
Таласа да жел сөздер жүндей түтіп.
Пенделіктің пердесін шұлғау етіп,
Қарсы аламын, асылым, күндей күтіп.
Еңсеңді өлі сөзге аласартпа,
Тұздығын сеп шындықтың жарақатқа.
Кемеңді кемер тұстан алыстатпа,
Бетіңді бұр қайтадан таныс баққа.
БІЛМЕЙСІҢ БІРІН ДЕ МҰНЫҢ СЕН...
Олай деп айтқаным жоқ ешкімге,
Әнімді құстардан есіттің бе.
Гауһардай нұрыңнан айналдым,
Шуағы шұғыла кештің де.
Тіл қатпай барамын дәтім жоқ,
Қалайын ибалы ұятың боп.
Жанайын лапылдап алаудай,
Тарайын сонан соң атом боп.
Жүрейін кіл сені айналып,
Жоқ әлде кетейін айға алып.
Тұрайын қорғаштап арыңды,
Кірпігің ұшына байланып.
Бірін де білмейсің мұның сен,
Қайтейін жырым – сен, мұңым – сен.
Шаттансам кетесің көкке алып,
Демейсің және де сүрінсем.
Білмейсің бірін де мұның сен. . .
ҰЯҢ ОЙ...
Қозы-көрпеш – Баяндай бірге өлсем деп,
Бір ұяң ой жанымда жүр бүрсеңдеп.
Тосам сенің жолыңды тағат таппай,
Тағат таппай бейнеңді бір көрсем деп,
Үміт отын елестің жағып алып,
Сағыныштан қайтамын сағым алып.
Қасыңнан ұзақтасам минөт болмай,
Көргім келіп тұрады тағы барып.
Жалын толы жанымнан жыр атқарып,
Түпсіз ойға шомылып жырақ барып.
Аялап ақ арманды ай астында,
Жалауын жастық шақтың құлатпадық.
Көз алдымда көлбеңдеп мұң-шық тұнып,
Тұмшалаймын сезімді тұншықтырып.
Быт-шыт қылғым келеді бәрін, әттең. . .
Қойған тағдыр өзіңе ынтықтырып.
ҚОҢЫРАУ ШАЛДЫМ...
Қоңырау салдым қобалжып,
Алқынып жүрек бұлқынып.
Телміремін терехеге жол аңдып,
Жанарыма сағынышты мұң тұнып.
Бағанаға бағы лінген шырақтар.
Дейтұғындай бізге қарап сыр ақтар.
Көңілімде күлбілтелеу сұрақ бар,
Түн патшасы ал, датыма құлақ сал
Ызғып аққан машинамен ілесіп,
Жанарларым түн пердесін тіледі.
Ішкі ойымды жеңе алмадым күресіп,
Сені күткен жалғыз ғана тілегі.
Бастығымның тапсырмасын орындап,
Бір пәрменін және күтіп отырмын.
Шаттық келіп қуантқанда қолымды ап,
Осы өлеңді сүйіншіге оқырмын.
Келгенен соң сәті және кезегі,
Өз міндетін өткізеді күле күн.
Сенен ғана шипа аларын сезеді,
«Бастығына» бағынбайтын жүрегім.
САҒЫНЫП ЖЫЛЫ ЖҮРЕКПЕН
Сағынып жылы жүрекпен
Балдан да тәтті тілекпен.
Қоңырауын соғып тұр,
Кеуде тұсым дір еткен.
Арман атын жетелеп,
Таңды талай күзеткем.
Көз салатын мол кісі,
Сөз салатын тондысы.
Бет ұшына жиналған,
Барлық ішкі болмысы.
Ибалықтан үй тіккен,
Күзет қойып кірпіктен.
Жан айнасын жасырған,
Қаршығадан, бүркіттен.
Қорқауларды үркіткен.
Сені ойласам жамалым,
От боп лаулап жанамын.
Өзім отым аздай-ақ,
Жанарыңа жанымды,
Қарып-қарып аламын.
Сағынышты іштегі,
Білдірмеген боламын,
Бірдеңе деп қалжыңдап,
Шүлдірлеген боламын.
Жүрегімде суалып,
Жүрегімде толамын.
Бірақ кімге обалым.
Ақ сары қыз, сары қыз,
Сені сұмдық сүйеміз,
Мына дүние. . . бәріміз. . .
Бірақ келмей әліміз,
Айта алмай жүреміз әлі біз.
***
Ойша шарлап әлемді,
Талғардан таптым кәдемді.
Ақша бұлттарға мінгізіп,
Жолдадым өлең-сәлемді.
Самалдан денең тоңды ма,
(Ренжіме өткен жолғыға. )
Киелі құс – қарлығаш,
Терезеңе қонды ма.
Жігерімді күш бунап,
Жанарым от боп ұшқындап.
Үкі қадап жібергем,
Онан-дағы үшбу-хат.
Шашыңды талдап өрдің бе,
Сезімге көңіл бөлдің бе.
Талғардың тентек өзені,
Тасығанын көрдің бе.
Оны-дағы тасытқан,
Алыстағы ғашықтан.
Желмен жеткен жарасып,
Сағынышым-ды ынтыққан.
Түндігін жүрек түрсеңіз,
Осының бәрін білсеңіз.
Нөсерден де айтқан мың сәлем,
Бізді де ойлай жүрсеңіз.
СЕНІҢ ҮЙІҢ ҚАЛАДАН ШЕТКЕРІ ЕДІ
Сенің үйің қаладан шеткері еді,
Сол емес пе маған да тек керегі.
Қараталдың бойынан ескен самал,
Демің болып жүрекке леп береді.
Кеудемдегі бұл жүрек бұлқынғалы,
Сырып тастап пердені сыртымдағы.
Нәрестедей боп барам нәрестедей,
Сезесің бе дара қыз ұлтымдағы.
Өлең болып соңынан қалмаймын-ау,
Өмір деген тәтті екен балдай мынау.
Шөл далада кенезем кеуіп-кеуіп,
Тас бұлаққа жолыққан жандаймын-ау.
Өлең болып соңыңнан қалмаймын-ау,
Ғашықтардың сезімін жалғаймын-ау.
Мәжнүн дей ме мына жұрт қалжың дей ме,
Сен не дейсің тұнығым таңдай мынау.
Әй, бәрібір соныңнан қалмаймын-ау.
АҢСАУ
Самалдаймын саялы, борандаймын,
Мен осылай және де болам дәйім.
Қарақаттай қиылған қарғам барда,
Неліктен ләззатқа оранбайын.
Сиқыр сезім етеді санамды айғыз,
Сиясы сәл ортайған қаламдаймыз.
Өзің әкеп ұсынған сыраны ішіп,
Жылы шырай білдірсең алаңдаймыз.
Сол кафеге елдерден бірінші кеп,
Темекімнің түсірем күлін шіреп.
Сыраменен сөндірмек болған өртті,
Одан сайын өршіттің күлімсіреп.
Қайтейін мына сені қылықты қыз,
Қылықты қыз діңкемді құрттыңыз.
Көңілімде бұғынған тасқын бар-ды,
Арнасын өзіңізге бұрыптыңыз.
Өзегеріп кеткендей ме өмір сіз кеп,
Бұрындары осындай төзімсіз бе ек.
. . . жылы жақты аңсайтын құс секілді,
Елеңдейтін боп алдық өзіңді іздеп.
***
Махабаттың әніменен ең ізгі,
Толқытып ем тәніңдегі теңізді.
Шулатып ем сырға толы бақтарды,
Сол сәттерді қызғаншақ күн ап қалды.
Жоқ іздеген жандай шолып жер үстін,
Жүргенімде бейсауыт жан кезіктің,
Сезімімді ұрлап қашса гүл-самал,
Өп-өтірік көрсетемін сырт амал.
Қолпаштап жүр жаны нәзік құрым мұң,
Бәрі сенің құзырыңда бұрымдым.
Қия кезген қиялымның есерлігін ұғындым,
Ұғындым да жүрегіңе бұғындым.
Махабаттың әніменен ең ізгі,
Толқытып ем тәніңдегі теңізді.
Шулатып ем сырға толы бақтарды,
Сол сәттерді қызғаншақ күн ап қалды.
ӨРТЕНУ
Әй, керім қыз, керім қыз, өрімдей қыз,
Таптырмайтын жемістің сөліндей қыз.
Қармақ қапқан балықтай тулаттың-ау,
Жүрегімді,
Кешегі Құртқалардың көзіндей қыз.
Әй, керім қыз, керім қыз, керемет қыз,
Бізді қандай бақытқа бөлемексіз.
Дағдарыстан дал болған бұл қоғамды,
Сезімдердің сазымен елең еткіз.
Әй, керім қыз, ару қыз, жүзімдей қыз,
Дейсіз бе бей-берекет үзілмейміз.
Сенің сұлу жаныңды түсіне алсақ,
Ізгіліктің бейнесін мүсіндейміз.
Әй, керім қыз, сұлу қыз, өртеңдей қыз,
Қай сырыңды қалайша көркемдейміз.
От болсаң алау болсаң жалындаған,
Онда біз уай, несіне өртенбейміз.
***
Кім білмейді өмірдің келтелігін,
Келте өмірдің түреді етегін күн.
Жауамын деп алдаған бұл секілді,
Бұлт етіп бұлғақтаған ерке елігім.
Жетеді бір басыңа еркелігің.
Самал ескен сөзіңнің лебізінен,
Лебізіңе елтіген егізің ем.
Жалғыз аяқ кер жолда кезігіп ең,
Қырқаға қашып шыққан қарағайдай,
***
Селт етіп секем алғыш сезімім бе ең?
Көксудай тасқындаған көңілім бе ең,
Бүр жарған қар астынан өмірім бе ең.
Мен болсам Асан қайғы бақ іздеген,
Жерұйық жаннат бағым-өңірім бе ең.
Көкірегіне қалықтап қонған ай, күн,
Қапияда жолыққан маңдай бағым.
Өзіңді жыр ғып неге толғамайын.
Текелінің тәкәпар барысындай,
Жалама жартасыңда жорғалайын.
Тау гүлін текемет қып табаныңа,
Кемпірқосақ қадайын камзолыңа.
Келте өмірдің қызығын бақылайын,
Жантайып жатып алып жанарыңа.
***
Сып етіп қолдан қашқан балықтайсың,
(Қашқанды қуған сайын жалықпайсың. )
Сезімімнің сейпілін быт-шыт қылып,
Оң жағымда нұр болып қалықтайсың.
Асылға айналдырып өлі күнді,
Біресе ап қашасың бөрігімді.
Мен де бір қызық құмар бозбаламын,
Көктей үзіп жүрмейін өрігіңді.
Алайда таба алмадық ығыңды біз,
Әйтпесе біз де қумыз, жырындымыз.
Көңілімде көмулі қақпан бар-ды,
Сол қақпанға өзің кеп ұрындыңыз.
Енді одан құтылып көр бұрымды қыз.