Бекзат СМАДИЯР: Бұйра ақынның ең соңғы қарасындай, Қарап қапты Ертіс те мөлдіреумен…

"Мен өлгенде бір ақын қуанса ғой..."

Әмірхан Балқыбек


Балтыр

Баяғыдай ұюшы еді жырға кім?!
Жырдың құны жұпарыңда біл, жаным.
Ұлы өлең ғой…
Аймалаған демімдей,
Сырғалықтан қытықтауы сырғаның.


Бұл ләззәтті сезінбеген қыздардың
Мүрдесіне аят оқып Күз қалды.
...Балбалдағы Аналықтың лыпасыз
омырауы иіп барып бұз жарды.


Қызғаныштан қимай батса ақық Күн
Балтырыңа жантаюға асықтым.
Пендесі көп жалғыздықтан құтқарар
Мен күнәға,
Сосын саған ғашықпын!


Қауынғақтың күн күйдірген әріндей
Бояу сырын жасырған жыр мәлім бе?
Мен батысқа саз сиқырын үйреткем
Мен шығыстың ел билегем шәрінде.


Алты құрлық− молалардың қалдығы;
Төрт мұхит ол− қыз көзінің жаңбыры;
Тым жасқаншақ,
Тым күйгелек,
Тым сыршыл,
Балтырыңда тайғанаған тағдырым!


Көрінгенде дулығаның төбесі
Боз көденің сөгіледі көбесі...
Ех, ақылды сұлулардан жалыққам,
"Мен өлгенде қуансаң ғой..."
Сен осы.


Дайдидау

Қыздың аты − қыз емес Ертіс дедім.
Лайламауға суыңнан серт ішкенмін;
Келтіре алмай Сүгірдің шертістерін
Еленбейтін төредей еңкіштедім!


Күте- күте сазарып жоқ айбатты
Боз даланы боз тұман самайлапты.
Күреңімді суарғым келе берді
Қыз ауылы Ертісті жанай жатты...


Бір қайрылып соқпасқа шөл шыдамай
Сен шомылып дарияға, мен сығалай:
Күлдіруге-ақ жарайтын әпендідей
Қытықтайды толқындар жөн сұрамай.


Шашылғанда тұяқтан топырақ түн
Дайдидауын зәулеттім, тотылаттым!
Қарттық жеңген дию тұр тыныштығын
Жалғыз көзбен күзетіп атыраптың.


Сен біреумен кеткенде, мен біреумен
Қақыраса қайтейін, енді кеудем!
Бұйра ақынның ең соңғы қарасындай
Қарап қапты Ертіс те мөлдіреумен…


Дін

Шегір, шегір, шегір мұң
Үзеңгідейін тебіндім.
Ырғала билеп әуез жүр
Татындай қоңыр темірдің.


Ырғала билеп ырғала
Ару көзінен сырғанап:
Менің көзіме бір қарап:
Өлер алдында іңгәлап—


Солқ- солқ етті де жүректе
Мөлтілдеп барып шыр етті.
Қатайып кеткен жесір Ай
Айдын бетінде дір етті.
Сап- сап көңілім, сап көңіл
Әуезі қалды қоп- қоңыр.
Қазаға әбден еті өлген
Қарғаларменен қарқылдап
Қолын бір сілкіп кетті Өмір


...Шаңқобыздайын саңқылдақ
Шығысқа кетті балбалдар
Шіреніп тұрды ән тәңдап.


Мұртыңды майла шіркінім
Сан еттен кестім бір тілім,
Тұтатсам бекен іңірге
Қыл құйрығынан жылқының...


ШӨЛ

Әріби-Әрібибек Дауылға

Құлпы көмбе құдірет-
Кілті менде!
Ұшқыр -ұшқыр сақалы кірпіден де
Жыраулардың ырымға мұрты менде.
Төбе құмдар сүйсініп қалады екен
Сұңғақ Алтай иығын сілкігенде.
Сенің Алтай қаратты сыртың елге;
Менің Шөлім баратты түркіменде -
Сардар болсақ қайтеді -ей бір түменге!
Қайтушы едік күң ертіп, құл түгендеп.
Еркектікті танытсақ дүркін еңбек
Аңыз қылсын сексен қыз үркіген деп.
Сен қайтарсың сонан соң шіркін, Өрге!
Мен қайтармын жаңбырсыз кір- кір Өңге!
Мен марқайып қарармын шіркін, Өрге!
Сен мүсіркеп қарарсың кір -кір Өңге!
Туған жердің самалы бүркігенде
Сен кетіп қал «Тасбауыр» тұлғаңменен
Мен қалайын Даланың ғұрпымен де.
***
О-оо, шерімді Шөлім ұқ, Жұртым емде?!


Шөл 4

Жыртығынан бұлттардың жыр жаландап
Көгала үйрек исінбек, мырзаланбақ.
Шалқасынан жатқаны-ай Айдың мына
Езуіндей кімдердің ыржалаңдап.


Күміс басы-ау ыржиған Күшіліктің…
Сол көрші қыз неліктен ұшыныпты?!
Лыпасынан лықсыған омырауы
Өзі ашытқан қамырдай ісініпті.


Қараша үйден түтіндер озалдағым...
Осыншалық жауыз ба ең сөз аруағы?
Іңірдегі іңкәрім қызыл күнә,
Аруанадан қайтейін, көзі аумады.


Тал түсімнің тәлкегін Хақ біледі
Сақалды ойлар кемсеңі тапты мені.
Бойжеткеннің ұйқысы-ай аңғал-саңғал –
Жасырылған апамның тәттілері.


Айхай дүниә арты шер, тұсы дәурен
Қателіктің мәуесі пісіп әуре.
Майдан көрмей өлмейді Бекежаным
Жердің жонын тырнадым қышыды-ау деп.


Тәлей қолға ұстатты сертін қашан?
Кемпір сөзшең, шал маңғаз ел тыңдаса…
Күйік қысса телмірем Жайығыма
Қыз күнінде қандайды Кемпірқосақ…


Әмірхан Балқыбек

Іздердің жапты бетін құм!
Айқасқа Тәңір, сендей жетіммін…
Өкінсем бүгін өкіндім.
Ертең күлермін безеріп.
Ертең күлермін безеріп;
Қайғыңның құны – көзелік.
Шалдырмайтын шалғайымда сөз өліп.
Әй, Шалдардың ындынындай кезеріп
Құшақ нәтін таңдайтындай не желік?!


Безеріп күлген қай ырым?
Мені іздесең жануға дайын шөпті көр.
Қалған жұрттың моласында Кек түнер.
Қарға достың тұмсығындай өткір ол!
Сұлулықтың сатқындығы аққуда,
Пай, Қарғаекемді кім дейсің?!
Адамдардың бір есімі маскүнем -
Ана Аспанның бетіндегі секпіл ол.


Иә, Әр-уақ!
Тағдыр қара, Тәңір ақ.
Алатауға сапар шеккем айшылық
Қарға досты, Таусоғарды жаныма ап.
Қап, бұл жалғанның арғы атасы қаза екен
Аспан қалды аңырап,
Досхан қалды қаңырап.


Сүлесоқтап сарғаяды сынық таң
Айхай, Шөлім менен дағы не қайыр
Сырдың суы келмей жатса жұлықтан.
Біз сүйіп ек сүйегіміз содан деп
Қара жер де адам етіне құныққан.
***
Қарға достың адалдығын кім ұққан?!
Иә, Әруақ!


Төре

Айшылық көрген Арғымақ!
Қонар ем ерге қарғып-ақ.
Жағалауымда жар құлап,
Өзек түбіне зар құлап,
Сықпытым қашты елсізде
Жәңгірді қайтар, Орбұлақ?!
Мая бұлттарға жол жырақ -
Шағылдарымды сорғылап,
Шөл қысқан бота болдым-ақ.
Тасаттығыңа үйірден,
Жаңбырды қайтар. Сал құлақ?!
Кәрі жілігін сес қылып,
Құмға түнерде көш құрып,
Бәдені тұттай баланың,
Іңгәсі ұрандай естіліп.
Бесігінен-ақ Шалға ұнап,
Төреге тұсау кестіріп,
Қаз-қаз соңынан алдына ап,
Дуалы ауыздан жыр төкті
Абыз сөзінде - ескілік.
Пір бабасындай осқырып,
Әруақ қысқанда төсті ұрып,
Шабар дей ме екен қол құрап.


Қарға

Боз Жайық, боздауығым-ау,
Бозым-бозым-ау, айбозым,
Қоңырым қоздауығым-ау,
Қақсатып кетті қай кезің?


Сал мая өркешіндегі
Шұбалған сона, айбоз үн –
Оқжетпес желкесіндегі
Қадалған менің сайгезім.


Еңіреп шөккен дыбыстан
Аңырап қобыз шерменде.
Қош есен, көктемгі құстар
Далама қайтып келмеңдер!


Келмеңдер керімдеріме
Сатқындар бізде жетеді...
Бозайым келіндеріме
Бозқурай ілген етегін —


Тәбәрік төркіндерінен
Алпыс қайырған бата-дүр.
Телмірер шертілгеніме,
Ене Жайық пен Ата қыр.
(Аяқсыз)


Еділ

Бозымның аты - Саңылақ!
Әжімнің аты - Шаңырақ!
Күй келмес күнім маңырақ
Қай жаққа лағып барамын
Қозы бұлттардай жамырап.


Терісіндей серкенің
Қақырамас дерт едім.
Сатылмаудың серті едім.
Пайғамбардай көркемім;
Көп айтатын ертегім —
Еділ!
Сені ойласам
Бұдырайған желкемін,
Алдаспандай еркемін.
Қол созарға келтемін:
Қай күйіңді шертемін?!
Аңырауық қобызбын,
Енші кеткен өлкемін.


Жеңілмеген жауымдай,
Нұх тірелген тауымдай,
Қарғыс алған қауымдай -
Құдіретті Еділім!
Сен дегенде аңсарым
Иігені сауындай,
Боздағаны жауындай.
Сертсіз бе едің, дүниә
Ұрғашының ауындай.


Жел тұрмаса желбіремес жалаудай,
Тұтанбаса тырп етпейтін алаудай,
Өлер алды қабыл емес қалаудай
Баяны жоқ бұ жалған –
Бір оянсам жылқы екен,
Бір оянсам түлкі екен.
Олай тартсаң күлкі етем,
Бұлай тартсаң бұрқ етем.
Соңымдағы үйірді
Қайда апарып жұрт етем?!
(Аяқсыз)
***
Есінеген тарихтың ұйқылы-ояу көшінде
О, жауынгер сұлулар омырауы кесілген!
Домбыраның шанағы, қыл Қобыздың көнегі
Май тамады қылыштан,
Қан тамғаны жөн еді...
Сексен шалдың сақалын салалаған назды жел
Сүлей Қорқыт мұңына арқау болған сазды бер?!
Қырық кәнизәк қанына шомылатын ханшалар
Менің бабам құшағын аңсайды екен соншама.
Табынғанда ең ұлы шайырлары парсының
Миығымен қарайтын көшпенді қыз бәлсініп –
Кешегі Түн маған кеп халін айтты шідерлі
Мен – еңіреп жібердім!
Балбалы өлген Тас ғасыр тебіренбеді бүлінген
Жыр оқыды ол маған бедізшінің тілінде.
Перісің бе?
Кімсің сен – көріктім-ау, көріктім
Қарт Бейбарыс сен үшін оралыпты соны ұқтым.
Төбе төсін ыңырантып, аңқам кеуе сүйістім
Мен татпаған жұпар бұл,
Мен татпаған иіс бұл!
Кісінескен ғазалға елтіп барам көне бір
... шүберексіз неге жүр...
Тоба, тоба сирағын кезек-кезек жалайды
Анадайдан Ақ Қасқыр мұңлы көзбен қарайды.
Е-ее, дариға!
Дариға!!
Домбыраның шанағы, қыл Қобыздың көнегі
Май тамады қылыштан,
Қан тамғаны жөн еді...
***
Келгеніңде Жайықтың тасырымен
Сейхун болып толып ем...
Тасынып ем.
Анамның сәукелесі күтті сені
Әжемнің әжіміндей асылым ең.


Тең жазалы болдық па тең бәлелі
Сағыныштың сіңіпті жанға лебі.
Жабуға бөзорамал кестелеген
Әз жеңгем, о, не деген аңғал еді.


Табыстырған Алматы бөлектеді
Қыз ренжулі бұл күнде ер өкпелі.
Осы жырды жазуға беу, қарғам-ау,
Екеумізге қосылмау керек пе еді?!


«Уақыт емші» демей ме мына халық!
Енді мен де жасайын бір ағалық.
Анам да енді төрткүлдеп ошақ қазып,
Әжем де енді жүгірмес құрақ алып.


Көндігерсің сен де енді жылап алып;
Көндігермін мен де енді сыбап алып.
...Бір ескерткіш орнатар мұңлықтарға
Қаз қайтқанда сыңситын мұнара қып.


Алатаудың құлар деп тасы кілең
Жайығым-ай сағаңды жасырып ем.
...Айға қолды созғанмен жетпейді екен
Әжемнің әжіміндей асылым ең...
Жайық қызы...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста