Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ: "Он күнәнің тоғызы — тілден" дейді, Сенің күнәң аз шығар, қайран анам"

 

КӨКТЕМ. ӨЛЕҢ


Көктемнің айтты жайын бар,
Тізбегін құстар бұзбай кеп.
Бүр жарды кенет қайыңдар,
Бойжеткен биыл қыздай боп.


Жан-дүниең қайтіп түлемес,
Сүюдің балын татқанда ой.
Өріктің гүлі гүл емес,
Көктем-қыз жазған хаттар ғой...


Сезімге, бұл сәт, кім ие,
Беймаза бір күй тапты ойлы ұл.
Тал ғана емес, дүние,
Көңілдер гүлдер шақ қой — бұл!


Аруға, анау, арна жыр,
Болмайды ол, сірә, кетәрі.
Жүрегі оның дәл қазір —
Бәйшешектердің отаны.


Жұпарын шашып бау-бақ та,
Дүркірер кез ғой, дүркірер,
Жөнеліп жатыр жан-жаққа,
Ақсүйек іздеп күлкілер...


Табады дүр сөз тілерде ел:
«Көктемнің аты — Ізгі үміт!»
«Махаббат!» — дейді біреулер,
«Бақыт!» — дер біреу үздігіп.


Бақыттың аты-затына,
Сенбейтін жанмен дос емен.
...Көктемнің жазған хатына,
Жауабым менің – осы өлең!


КӨКТЕМ. ОН ҮШІНШІ НАУРЫЗ


«Түс көрдім... Бүгін!»
Жеңешем қадап
айтқалы, сол боп «жау» біздің...
...«Көк...», «Көк...» — деді әкем терезе қарап,
Он үші еді Наурыздың.


Күн өтірік күліп, жайтаңдай қапты,
Ажары тайған қар да өңсіз.
«Көктем...» — деп толық айта алмай жатты,
Қылтамақ әкем, дәрменсіз.


Мына сөз көзден жас домалатты, ә...
Сезген-ау, ғазиз жүрегі.
Әкемдікі — рас, Бесқала жақта,
Он үшінде Жыл кіреді...


Жазғанын қайдам жеңгемнің неден,
Бәріміз күткен... «уақиға» —
Көрісті-дағы келген жылменен,
Жөнелді әкем бақиға.


Өзімді бұрын санағам берік,
Бор екем... Көңіл тоналды...
«Шүкір де, бала...» — деді ағам келіп,
Шүкірден басқа не қалды?!


Шүкірлік етсең, болар қайыры,
Кінә артпа көңлім, оған көп.
Көктемде тұрған не бар, тәйірі,
Құдайлық іске амал жоқ.


Тәңір салғанын көтерем, дұрыс,
Мен — өрге тартқан қара нар.
...«Көк...», «Көк..», — деп күрк-күрк жөтеледі Қыс,
Құдайлық іске жоқ амал...


ӨЛІАРА


Көп боп әуре-сарсаңы,
Бойда қалмай түк дәрмен,
Қыс шаршады, шаршады,
Арса-арсасы шықты әбден.


Қояр әлсіз ышқынып,
Ой көбейер мұндайда.
Боран болып ысқырып,
Билік айтар күн қайда?!


Ай, мәз емес жағдайы,
Іштей бәрін топшылар.
Айқайласа, айқайы,
Жылағандай боп шығар.


Кімге айтады өкпесін,
Бек ұғады шал бұны, —
Қолдан билік кеткесін,
Кімге дәрі хандығы...


Айтып өзен-көлге өкім,
Қызыл су жүр аралай.
Қарақотыр жер беті,
Жазылатын жарадай.


Жерге төккен отын бар,
Күнге қарап елеңдей.
Жылтырайды тоқым қар,
«Мен де еримін» — дегендей.


Тастады, Қыс, қанжарды,
Біткені ме дау біздің?
...Е, тағы да қар жауды,
Ақша қары наурыздың.


Балпақ шығып жиі іннен,
Бетіне опа жағып қыр.
Аппақ болып киінген,
Көктем есік қағып тұр...


САПАР


Әуелде мен өзіме сенем деп ем...
Алайда бас білмейді өлең деген.
Аулынан баяғының бір шығарды,
Салт мініп сол шіркінге жөнелген ем.


Құс үркіп, дүбірімнен жылан қашып,
Көзімде қараңғы мен нұр арбасып.
Қиқулап ел шетіне іліккенде,
Тұр екен айналаны тұман басып.


Кеп жеттім сәскеде ме, бесінде ме,
Тоқтатқан, ай, мынау ел көшін неге?
Жұрттың бәрі жынды су ішіп апты,
(Абай жазған әлгі аңыз есіңде ме?).


Жұрт көрсін, төрге озайық, өлеңім, ал,
Құйма құлақ мен ем ғой көнені ұғар.
...Алдында ас, жынды суы... өлеңі бар,
Қонақты елемейді-ей неге бұлар?!


... су құйған кәрлен кесе келдіңіз бе?
Тартайық (не амал бар енді бізде?...).
Қарасам, анау да ұлы, мынау да ұлы,
Кіл мықты тұратын ел көрдіңіз бе?!


Ай, дәурен, айхай дәурен, бұла дәурен,
Басыңнан өтпейтіндей мына дәурен.
Бірін-бірін жарыса мақтайтұғын,
Осы елде, сірә, өлгенше тұрам-ау мен.


Бас тартар түскен елдің ғұрпынан кім...
Әйтсе де басымды бір сілкіп алдым.
(Тұмшалап жан-жағыңды көрсетпейтін,
Ғажабы бар екен ғой бұл тұманның).


Алады бір бозбала зорға демін,
—Біз, — дейді, — заманында... болмақ ерің!
Мына тұман ашылса не болады-ей,
...Ай, бірақ, не шаруам бар онда менің?..


Сөз ағып... ел-жұрт үшін қам жегендей,
Содан соң тағы да той... ән дегендей.
... Ауылға қайтар уақыт болып қапты-ау,
Бізде де қатын-бала бар дегендей.


Бағзының елін көріп, ертеңі — күз...
Аяқталды бұл — сапар-ертегіміз.
...Өлеңім, көрмегейміз тертені біз.
Сеніммен өрге жүзіп бара жатқан,
Біз деген бақытты елдің желкеніміз!


АҚЫН АҒАНЫН ӘҢГІМЕСІ


«Жыр жазу түк болмай қалды бүгінде...
Көп шабандоз қосылды кеп дүбірге.
Еркіндік бар, батылдық бар үнінде,
(Даусы мықты құлақ аспас күбірге...).


Айқай сап тұр қала-дағы, дала да,
(Айқай салсаң ғана бағың жана ма?!)
Шұрайлы сөз тіркестері...
Бірақ та,
Өлең деген — сөз ойнату ғана ма?


Самарқанның көк тасын да еріткен,
Талай дүрді жүрмін күнде көріп мен.
Жырларынан мін таппайсың.
Алайда,
Жүрегімді қозғамайды-ей, неліктен?


Керек жерге қоймағандай үтірді,
Қаншама ой айтса-дағы ұтырлы,
Қазіргі өлең — құс кеп ұя салмайтын,
Шаһардағы бетон үйлер сықылды.


Өлең үшін қабырғасы қайысып,
Қатар шапқан адалы мен дәйісі.
Сөз ойнатқан бір-бірінен асырып,
Жүріп жатыр шеберлердің сайысы.

Ал АҚЫН қайда?!»


БІР АҒАМЫЗ АЙТЫПТЫ...


Салулы төсек, салқын үй,
Ақ шаһар болды — қонысым.
Деген жоқ: «мынау түсінігі таңқы би»,
«Атекемдеп» аяғын құшқан болысым.


Сөзімді төктім түйдектеп,
«Қара қазан, сары баланың» қамы үшін.
Ана біреулер тақымға салып сүйретпек,
Мен жыртпасам намысын.


— Қонақжайсың һәм дарқансың,
Тарихыңа үңілсең.
Тәңір азабын тартарсың,
Салт-дәстүрден түңілсең.


Қасқыр да қылмас қастығын
жолдасына,
Біз айналмайық мазаққа.
Төңірегіне ұйысыңдар басшының! —
Ат үстінен ақыл айттым қазаққа.


Сөз деген не?
Суыратын қалтадан,
Ақша емес қой, білесің.
Басшым мені қағады ылғи арқадан,
Дайын және үлесім...


Талай жиында «Ай, қазағым» деп күңіренгем,
— Ой, пәлі! (Қостап қойды ағай).
Қазақтың маған керек екенін білгенмен,
Қазаққа мені керек пе екен деп ойламай.


Қайда барсам да тыңдайды жұрт сөзімді,
Сеніммен һәм үмітпен.
Сендіре алмай қойдым бірақ өзімді,
Айна алдында тұрып мен.


Сұрағы тым ауыр екен уақыттың,
Сүйенгенмен алпыс екі айла-амалға.
... Бұрынғының биі қандай бақытты,
Өмір сүрген айнасы жоқ заманда.


ӘЙЕЛ


Ері тағы ішіпті...
е, кім ішпейді —
шаршаған шығар, сірә, дұрыс, мейлі.
Айырын қолына алып, шөп жинады,
...Бәрібір бұл істемей, кім істейді.


Ұл сабаққа бармапты...
— Әй, жетпегір,
Бұзықтықтан жүреді «бәйге» ап небір.
Сәлден кейін түседі сабасына
...Бұл да бір, бұрқ-сарқ еткен шәйнек те бір.


— Жүрісі анау, шаруасы мандымай түк,
Мына түрмен бітірер тамды қайтіп?—
«Енесінің баласын» «жамандайды».
Көрші келіншекпен «сәл» әңгіме айтып.


— Қайда кеткен әлгі қар?...
Кішкенесін
тастай сала жүгірді (түс кезі еді...).
Адуынды ене тұр, бірақ оның
Рә жек көрмейтінін де іш сезеді.


Қарсы келсе болмайды, ұғынады.
...Сосын ері тұрады, қырынады.
Тамақ ішіп әлденіп, кілең тентек
Әжесінің бауырына тығылады.


Таңылса да бейнетке басыбайлы
Қарғамайды құдайды, жасымайды.
Кекілінен сипайды кенжесінің:
«Осы тентек түбінде асырайды».


— Мені ұмытып кетті ме, қара, бұлар...
Иттер-ай, қай жақта жүр, жаңағылар? —
Күйеуі атып тұрып жөнеледі,
Демек, кеште тағы да қонағы бар.


Тағат таппай, ыңылдап әлденені
Қызы айна алдында сәнденеді...
Ұршығын жиып қойып, айран ішті,
Сәлден кейін өрістен мал келеді.


Күн батқанда қосылып әуенімен
Үйге ырыс енеді шелегімен.
Атам қазақ қалай тауып айтқан:
«Әйел қырық шырақты!»
Сенемін мен!


ҮНДЕМЕС


Ана жақта... таппай қап бірдеңесін,
Айқай салып, шалың кеп: «Жүр» — дегесін.
Алды-артыңа қарауға мұршаң болмай,
Сен де кете бардың ба, үндемесім.


Жүрегіңді... көрместен шарқ ұратын,
«Үндемес» деп қойған-ды халқың атың...
Бірақ сенің көзіңнен төгілген нұр,
Миллион сөздің орынын толтыратын.


Көп ортаға кете алмай бейімделіп,
Бұрын барар жерлерге кейін келіп...
Жүрегіңе титтей де кір сақтамай,
Дүниеге қараушы ең мейірленіп.


Қол созбай-ақ асқар шың-зеңгірлерге,
Мойынсұнып әуелден жөн білгенге.
Әулие тұтып шалыңды,
Бірдеңе айтсақ:
Әкең білед, соған айт! — деп жүргенде,


Ол кетіп қап...
Арылмай мұңды елестен,
Сағындың ба, күндерді бірге кешкен.
Қарағыштап қыр жаққа жүруші едің,
Кетіп қалдың бір күні үндеместен.


Бесігіңді Жер-Анаң тербетуде,
... Тұңғиыққа батамын мен де күнде:
«Пайғамбар мен Машайық болмаған соң,
Күнәсіз жан жоқ, сірә, жер бетінде.


Тек жақсылық күтетін айналадан,
Пенделікке жан ең ат байламаған.
«Он күнәнің тоғызы — тілден» дейді,
Сенің күнәң аз шығар, қайран анам».


КЕРМЕК


Кеше ғана тірлікке масаң күй ем...
...Ата-ананың тілегін хош алды, Ием.
Бірін-бірі жетектеп,
Қайрылмастан,
Қыр басына жайғасты қос әулием.


...Таң ата кеп құласаң төсегіңе,
«Ай, ит неме... Тұр кәне... Кешегі не...».
...Айқай салар қара шал жатыр үнсіз,
Құтылмастай көрінген кешегіде.


Ұрсып жатар ұлына күн-түн демей,
Шалына көзбен қарап біртүрлі өгей:
«Шаршап жүрген баланың мазасын ап...»,
...Жатыр үнсіз шешем де күңкілдемей.


Көз алдымнан (ашылып тұнық ғалам),
Бәрі өтеді...
Ештеңе ұмытпағам!
...Аят оқып болсам да,
Кете алмастан,
Біраз уақыт мен де үнсіз тұрып қалам.


(Е-еһ,
Қай жыртығын көңілдің бүтіндеймін,
Бітелген мұржадағы түтіндеймін...).
...Сосын іштей егіліп, жылап алам,
Жылап тұрып тағы да: «Шүкір» деймін.
Е, шүкір Аллаға!


«ҒАРЫШКЕР»
Құлын-тайдай тебісіп өскен дос – Болат Абатұлының аруағына


«Кім болам?»
Тақырыбы — шығарманың,
Әншейінде көзіңнен ұғар бәрін.
Ағай да шығып кетті.
Сезді ме екен,
Әр кеудеде бүр жарған бір ән барын.


Ағай шығып кетсе де...
Тыныш бәрі.
Тұңғыш рет Үнсіздік...
Ту ұстады.
Бір-бірімен қырылып жатар күнде,
Тентек ұл мен ерке қыз ұрыспады...


Армандау қиын ба екен...
Оқығаннан,
Бақытының көргендей отын алдан.
Сол сәтте-ақ күллі әлемді кезіп кетті,
Тар класқа сыймаған отыз арман.


Қарлығаш-ой аспанға қақты қанат,
...Сабақтан соң жөнелдік шапқылап ап.
Ертеңіне мұғалім оқып берді:
— Мен ғарышкер боламын! — депті Болат.


Арманы қыр көрсеткен...
Сары балаға,
Қызыға да қарадық, таңдана да.
Тұңғыш рет оянды қызғанышым:
«Қалай менің басыма келмеген, ә?».


«Болмайды...» — деп ойламас, бала, әрине,
Аяқасты бөленген дара күйге.
Бүкіл класс қарадық....
Тым төменнен
Көкті тілер болашақ «Гагаринге».


Кейін: «Болат ұмытты көкті...» — деп ек...
...Аспан жақтан бір хабар жетті ме, ерек?
Қайран досым, отыздан аса бере,
Ғарыш жаққа аттанып кетті кенет.


«Бұл дүние — о дүниенің елесіндей...» —
десем, дос, мені жынды көресің бе, ей?
...Ауылдың сыртында үлкен мола жатыр,
Құлаған Жерге ғарыш кемесіндей...

***

Күз кірді берекелі бай секілді,
Ол айтпас табиғатқа қайшы өкімді.
Тоңғанын жұқа көйлек жасыра алмай,
Дедектеп бұлттан бұлтқа Ай секірді...


Көзінде әлдеқашан сөнген арай,
Ана ағаш — күз ырқына көнген ағай.
«Әлі де бауыры оның жылы ғой...» — деп,
Алмалар секіреді жерге қарай.


ТВ-дағы диктордай батыл ақ тал,
Күз жайлы күнде беріп жатыр ақпар.
Даланың дастарханын толтырды әбден,
Сап-сары бауырсақтар — жапырақтар.


Қоштасарда білмейтін неғыларын,
Көңілі бос құстардың халі мәлім...
Жә, жарайды, босама, ғұмыр болса,
Түбі анық қанаттымен жолығарың.


Олардан сұхбат алған Күз хақында,
Сұлу қыз, жақындаңыз Сіз де ақынға.
Сары бауырсақ-жырымнан ауыз тигін,
Уай, не бар одан басқа біз пақырда...
ҚАРА КҮЗ


Күннен күнге асырған менмендігін,
Жел айтты жапырақтың өлгендігін.
Жуас деп Жазға бейіл бермей қойған,
Осы ма, ай, ақ қайың, көрген күнің...


Бұл күнде артқандайсың кімге сенім,
Күні-түн қап-қара бұлт — тілдесерің.
Ай әжем қатты ауырып қалды ма екен,
Үйінен шықпай қалды бірнеше күн.


Көтере алмай тигенін сорға маңдай,
Жұлдыз біткен үйіне қонбаған ба, ай...
Айдын көл қарауытар...
Мұнда тіпті,
Ешқашан құс базары болмағандай.


Қара аспан ағыл-тегіл жылағанда,
Босамай, көңіл шіркін, тұра алар ма?
Қосыла жылаған көп...
Бірақ Күзді,
Ай, біреу дәл өзіндей ұға алар ма?


Кәрі ағаштың кенеттен құлағаны...
Жаназасын оның Жел шығарады.
...Қызық, ә, көңіл тоқтар бірдеңе жоқ,
Өмір сүргің келеді бірақ әлі...


ТҮС. ӘМУ


Жұлдыз-түндердің ағылды көбі,
Уақытқа тимей пайдасы.
Түсіме ылғи Әму кіреді —
Балалығымның айнасы.


Жүрек жылатар сезімді менен
Ұрлап ап, көкте Ай туар.
«Айнадан» ылғи өзімді көрем,
Бақытты әрі бейкүнә.


Ауына түспес балықшылардың,
Жылым ап суды «кезерде».
Мен, сірә, алтын балық шығармын,
Салатын сайран өзенде.


Тосардай алдан мол қамыс қызық,
Шөнжігін мықтап жасырған,
Атам айтқандай, жолбарыс жүзіп,
Өтеді кейде қасымнан.


Толқындар әні қайталанады,
Соңынан тау-тау көш еріп...
Әмуім бәрін жайпап ағады,
Жойқын ғой жойқын десе жұрт...


Көп болды-ау, сірә, жорымағалы...
Толқынға мұңын жасырып.
Түсімде Әму толып ағады,
Аралға қарай асығып.


Асқанда мол су жағадан құлап,
Атқақтап асау жүрегі.
Қағанағы қарқ, сағанағы сарқ,
Кішкентай көлдер күледі.


Әмуім толқып, елжіреп көлдер,
Тиердей көкке төбесі.
Арал-анаға енді жеткенде,
Оянып кетем, о, несі?


Бір алау дәйім ішіңде жанып,
Жаныңды ылғи қариды, ә?
...Нағыз арманға түсіңде дағы,
Қолың жетпейді-ау, дариға.


ҚИЯМЕТ-ҚАЙЫМ


...Уай, дүние, тұман басты байтағыңды,
Айта алмайтын сәт туды айтарыңды.
Бір кезде жер бетіне жіберілген,
Күллі әлем Алла алдына қайтарылды.


Жиналды барша адамзат бір алаңға,
Момының да осында, ғұламаң да.
Қайтар жол жоқ, жоқ енді бұралаң да,
Қайда жүрсең, алдыңда бір-ақ Алла!


Айыратын шақ осы ақ-қараны,
Кім қуанып, кім отқа қақталады?
Періштелер ғаламға жар салып тұр:
Сот болады, адамзат, сот болады!


Әркім ие болар шақ «ауызына»,
Жуасы да қорқады, жауызы да,
Қорқыныштан бір сәтте сыйып кетті,
Күллі ғалам тарының қауызына.


Ақыным, бекер уақыт оздырасың,
Бұл шақтың неменесін сөз қыласың.
Ана безді баладан, (өзге түгіл):
«Әркім өзі көтерсін өз күнәсін».


Патшаға боп көрінер қараша — нар...
Жазумен пенде бар ма таласа алар?
...Уай, кім бар, күнәсі көп адамзатты,
Алланың қаһарынан арашалар?.


Адамзат ең әуелі Нұхқа келді:
—Уа, асыл пайғамбарым, құтқар елді.
— «Үмбетімді қидым ғой мен өлімге,
Аллаға қарар қандай бет бар енді...».


Мұсаға қалай енді ел жүгірмейді,
«Менің де қолым қан ғой...».
Дірілдейді.
Ғайса түк сөйлемей, тек бас шайқайды,
...Адамзат сонда да әлі түңілмейді.


«Тірлікте жүрер жолды таба алмаппын,
Ақыры Алла екен ғой тәмам заттың,
Мұхаммед — екі дүние пайғамбары,
Сізде енді бар үміті адамзаттың...».


Ұмытпаған бір сәтке құбыланы,
Жас жуып, нұр дидарын шұғылалы.
Алланың досы жүзін Хаққа бұрып,
«Үмбетім, үмбетім...» — деп жығылады.


...Одан соң не болғанын жан біледі,
Анығын жалғыз Жаббар-Жар біледі.
...Менікі тек жай ғана қайталау ғой,
Шалдардан жеткен аңыз-әңгімені...


САЛИХА
баллада


Әйелі Таңжарбайдың Салиха еді,
Бірді екі қылуға бар икемі.
Келін боп түскенінде кім ойлаған,
«Батыр» дерін ауылдың тарихы оны...


...Ал әйел болдың.
(Берсін Жасаған ес),
Әуелі абысынмен жаса кеңес:
«Енеміз елге әйгілі тентек адам,
Атамның да қабағы... осал емес.


Тізгін — сенде...
Ылдиға салғызба атын,
Қайнымның да мінезі бар...
Қызба тым.
«Ішіп келіп...».
Жә, жарар сен емессің,
Байынан таяқ жеген жалғыз қатын...».


...Ененің өтіп жатты мектебінен,
«Бұл қатындар кеткен бе беттерімен...».
Апамның ащы даусы шыққан кезде,
Келіндер дедектейді шеттерінен.


«Осылай ұрсып алсам, шыңдаларсың,
Әйтпесе, сыбағаңнан құр қаларсың.
Ұл десе — ұл, қыз десе — қызды тапса,
Әйелдің қай жеріне мін тағарсың.


Азғантай миың болса, ойланарсың,
Дау-шарға түсіп әбден қайраларсың.
Алты қатын өзара тату болсаң,
Сендерден асып алты ұл қайда барсын?!»


Ене ақылын біртіндеп ұға берді,
Әйел болу — білгенге, бұ да... өнер-ді.
Алыс-жақын туысқа ұнап енді,
Білікті бәйбіше боп шыға келді.


Ынтымақ нұрын шашып түңлігіне,
Қамқор болып жүретін бір-біріне.
Ағайын риза боп тарасатын,
Алты үйдің береке мен бірлігіне.


Кездескен кедергіні тынбай... жойып,
Сүймен-уақыт барады жылдарды ойып...
Ата-ене қабағына кірбің түсті,
Кенже ұлдың балалары тұрмай қойып.


Әулеттің жұрт білген бір жайты бар-ды,
(Ағайын арасында айтылар-ды).
Бір келін бауырына салып тұрып,
Баласын қимай тағы... қайтып алды.


Шешуі бір тағдырдың бұрыс келді,
Тамақ емес, ата-ана... у ішкен-ді.
...Ері бұған қарады, бұл — еріне,
Екеуі қас-қабақпен ұғысты енді.


Дауылпаз-дүниенің күйіне ере,
Тербелді су үстінде жиі кеме...
Алла жазған уақыты жеткен кезде,
Атұстар келді, іңгәлап, дүниеге.


Қарамай шілдехана-сауығыңа,
Әйгілеп бар ағайын-қауымына.
Үш-төрт күн нәрестені емізді де,
Келіннің салды әкеліп бауырына.


— Тұралатып тастады-ау, сірә, қайғың...
Көзіңнен қашсын, көкем, құралай-мұң.
Мына бала — сенікі! Адам түгіл,
Алла алдында, оллаһи, сұрамаймын!


...Демегесін ешкім де: «Жарамайды!»
Тентек ұл алты үйді еркін аралайды.
Бірақ та Салиханың дәті мықты,
Кейде тіпті бұрылып қарамайды.


Пыш-пыш өсек, әй, кейде мыстандай-ды...
... Ері де оңашада тұспалдайды:
«Мынауың — темір шығар.
Ана бала
Жайында тіс жармайды-ау, тіс жармайды...».


...Әйелі Таңжарбайдың Салиха еді,
Бірді екі қылуға бар икемі.
Келін боп түскенінде кім ойлаған,
«Батыр» дерін ауылдың тарихы оны...


Өзінен қойып ылғи биік ерін,
Ұрпағы болған дәйім — сүйінері.
Атыңнан айналайын, Әйел-Өмір,
Сенсің ғой ұстап тұрған дүниені!

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста