Асылбек Жаңбырбай: Фəниім жатыр нүктеге дейін, Бақиым жатыр нүктеден кейін!
ҚАЛАМ ҺƏМ ЫДЫРЫС ПАЙҒАМБАР
Мына ғалам, мына түн шерлі неден,
Жұлдыздар да секілді, ә, селдіреген?
Қара аспанды нұсқар ем төбемдегі –
Қызғанатын дөйлерге шенді менен.
Шенді қайтем, жүректе өлең барда,
Атағым жоқ, сол үшін өлем бе, Алла?!
Шоқтық іздеп ұшатын биік – қыран,
Боқтық іздеп ұшатын төмен – қарға.
Ыдырыстан басталған – қалам ұштау,
Бұйырғаны-ай қаламды маған ұстау.
Әз нәбиім жұмақты жалғыз шарлап,
Хасса сұлу хор қызын дара құшты-ау.
Сөйткен қалам иесі – көкте қалған,
Мәңгі тірі ол, мен олай көпке барман.
Том-том кітап жазу да қолдан келмес,
Еһ, Жазғышбек, сенікі неткен арман?!
Бұл - ғалайһис-уәссалам Ыдырыс-дүр,
Деңгеліне жетер ме жырың ұшқыр?
Жұмақ, шарап, хор қызы – бәрі керек,
Өй, білем ғой, ойыңда қыдырыс тұр.
Тиген шығар, дұрысы – саған шалық,
Бір басыңа қонған соң тəмəм шабыт.
Пайғамбар бар – ақырға дейін өлмес,
Жар болсыншы ақынға Кәләм-Шәріп!.
***
ҚАЛАМ ҺƏМ ЖАЗҒЫШБЕК АҚЫН
Шайырлардың дəурені жетті депті,
Пайғамбарлар дəуірі өтті-кетті...
Жазғышбегім, жазасың қалам ұстап,
Күрек ұстап біреулер боқ күрепті.
Ыдырыстан қалынған қалам мынау,
Жарық дүние қаламсыз қараңғылау.
Қарамайсың қолыңның талғанына,
Өлең жазбай отыру – саған күнə-ау!
Қалам деген – Алланың кəлəмі-дүр,
Сол шəріптен сөз болып тарады нұр.
Лауһыдан соң жаралған құдірет қой,
Жазмышыңды жазуға жарады бұл.
Сені де ақын қылмапты жазмыш тегін,
Айтшы, аз ба дəптерің, аз ба үстелің?
Кəлəм жазды мың жылда бір-ақ сөзді,
Ал сен күнде жырладың, Жазғышбегім.
Мейлі, өмірден атақсыз, жалаң бас өт,
Сендей жанды əлемнен таба алмас ек.
Жазшы – қалам қолыңнан сусығанша,
Қаламға серт десеңші, қаламға серт!
Аха-хау, Жазғышбек-ай...
Охо-хоу, Жазғышбек-ай...
***
ЖЕТІМ ҚҰЛЫН
Өлең қалды жетім боп,
(Ұқсап жетім құлынға.)
Ар сататын бетім жоқ,
Болған емес бұрын да.
Заман мынау – зымиян,
Зымыстандар қаптаған.
Жындандырар жыни əн,
Сайтан ісі – жат маған.
Хаққа сенем қайырлы,
Жалынбаймын пендеге.
Кім түсінсін шайырды,
Ақын болдым мен неге?..
Жетім құлын жетілер,
Өлең бұл да – баққаным.
Əлмисақтан жетім – ол,
Қан-қасаптан сақтадым.
Топқа салсам деп едім,
Отқа салды залымдар.
Жалын жұтып келемін,
Жетімектей жаным бар.
Оянбаспын ертеңнен,
(Уа, жүрегім, кісіне!)
Құйрық-жалы өртенген,
Құлын кірсе түсіме...
***
ТАУ ЖОЛЫНДА
Қанат Əбілқайырға
Алатауды бөктерлеп,
Алматыдан көкке өрлеп,
Аңсарым бар арзу жырын төккен көп.
Күз де болса жүректерге көктем кеп,
Сыр ағыттық бүршік сезім көктер деп.
Жұмбақ күйде жұпар атты қош көңіл,
Бұлаңдады бұлттан асқан қос қоңыр.
Күнде-күнде таптырғанмен дұшпанды,
Əркез бұлай кездестірмес досты өмір.
Шəрлі етекте қалдырғанбыз тəнді біз,
Жақын тартып бара жатты жанды құз.
Аспан жақта арманымыз гүлдеп тұр,
Ал төменде жайланғандай мəңгі күз.
Жағып қойып əр тамшыны шырақ қып,
Жауып берді жаңбыр-өлең жұмақтық.
Бұл қайырымнан қара тас та нұрлана,
Бұлақтар да ақты шыңнан құлап тік.
Мəңгілікке жалғар еді-ау сиқыр əн,
Мең-зең мезгіл оянбасақ ұйқыдан.
Қайта түстік қырсық-қыңыр қоғамға,
Құтыла алмай қырт өмірдің сиқынан!..
***
СОҒЫС ЖƏНЕ СƏБИ
Ертеңге жетпек түгіл,
Армандап үлгермеген.
Сұм өмір төкпепті нұр,
Күн көзі күлгенменен.
Дұғасын айтатындай,
Тілі де шықпады оның.
Кəрі емес қайтатындай,
Соны да ұқпады өлім.
Қиын-ау ұрыс көрген,
Буыны қатпай жатып.
Қуыпты тыныш төрден,
Бақытын қақпайлатып.
Бала боп ойнамапты,
Алаңда жауыздық бар.
Мейірімді ойран атты,
Ешкім жоқ ауыздықтар.
Дүние зырылдады-ай,
Ұқсап тұр дөй ұршыққа.
Бейкүнə ғұмырлар-ай,
Айналған ойыншыққа!..
***
НҮКТЕСІЗ ӨЛЕҢ
Жазайын өлең нүктесіз қылып,
Қоямын кілең ілеп белгісін!
Қашап көрейін бүкпесіз қырық,
Жасап берейін жүректен мүсін!
Өмір дегенім - күтпеген ойын,
Өлең дегенім - бітпеген тойым!
Фəниім жатыр нүктеге дейін,
Бақиым жатыр нүктеден кейін!
Өмір дегенім - бүктеген қасқа,
Өлең дегенім - тіктеген еңсем!
Басталсам дағы нүктеден баста,
Аяқталамын нүктеге келсем!
Жан өлмес тəнім жойылғанменен,
Алланың барын мойындау бөлек!
Өмірге нүкте қойылғанменен,
Өлеңге нүкте қойылмау керек!