АҚСҰҢҚАРҰЛЫ: ҚЫПШАҚ ХИССАСЫ

АҚСҰҢҚАРҰЛЫ: ҚЫПШАҚ ХИССАСЫ

ҰЗАН
(IХ-ХХI)
Мен—Отпын, өртпін ғой мен лапылдаған,
Лебіме жан шыдымас жақындаған.
Болғанда өзім—жерде,
Тәңірім—Көкте,
Шерімді Соған айтып, лақылдағам...

Ұстаған, соңсоң, мені Ол биіктетіп,
Пендеге—жат,
Өзіңе—сүйікті етіп.
Жаныма жақындасаң күл боларсың,
Жасыным бір жеріне тиіп кетіп.

Көкірек—шер де, кеудем—ыза менің,
Түркі-Оғыз заманында Ұзан едім.
Тәңірім алқап,
Жебеп Аруағым,
Ноқат боп көз ұшында ұзап едім.

Алаштың жүріп тағдыр-таланында,
Енді кеп табанында қаламын ба?!
Доспанбет,
Асан Қайғы,
Шалкиіз ем,
Керей хан--Әз Жәнібек заманында.

Бір тауар бір кісінің жарты құны,
Бүгінде базар—думан,
Сарт –үкілі.
Кімге айтам құл тұқымы түгіл, онда
Аузыма қараған деп хан тұқымы.

Өңезге болмай айтқан өкімі—екі,
Өлеңнің жүрген кезі-ай, өкілеті:
Сүйген-ді мені Тәңірі,
Соны сезіп,
Именді тексіз кеңес өкіметі!

Арсы мен гүрісіге бір шарқ ұрғасың,
Һас тұлпар қалай қажып, алқынбасын.
Болдғанда Алаш—азат,
Аяр—мазақ,
Абдырап қалды-ау, қайран, алтын басым.
_____________________
Ұзан*—Ақын,Жыршы(көне түркі-қыпшақ тілінде)

МЕН—ҰЛЫҒАН КӨК БӨРІСІ ДАЛАНЫҢ
МЕН – ҺАС САҚТЫҢ ҚАРА ӨЛЕҢІ...

Мен –
Һас Сақтың қара өлеңі,
Қанды сүргінде жүрсем де,
Қалған кезім жоқ жақ ашпай,
Арғымақ – Пегасқа мінсем де,
Арттағы жұрттан адаспай!

Жалғанда, жалған, жалғанға,
Сүйіне кіл жаным, күйіне бір;
Ат үстінде әуелетіп әнге салғанда,
Тілі байланып, жаяу сандалған Дүние –
Бұл!

Абдырап бір кез қалдым ба,
Аузыма ұстап Алладан түскен ой легін?
Алдияр біткеннің алдында
Айдаһардай айбарланып сөйледім!

Жаһанның етегін жұлқына түріп,
Көкжиекте көшем кеп.
Қара аспанның қара бұлтына кіріп,
Сауладым қара нөсер боп!

Арқадан Аспанға жүгіріп,
Қанатты бұлтқа сүйгіздім.
Хафиздің жұпарын сіміріп,
Пушкинді тарыдай қауызыма сыйғыздым!

Кәуірге көрсетіп мысымды,
Ақ бұлттан түсіп, малдас құрғанда қас-қағым;
Ол арағын ұсынды.
Ішіп,--
Құсып тастадым!

Қара бұлтты жарып, қара шаңырағыма кеп түстім,
Жасынмен жанып даланы.
Көк Тәңірді бетке ап, Көкке ұштым!
...Артымда, бірақ, Алашым қалып барады...

ЕКІ САЛТ АТТЫ
Дүние – Көш,
Бірі – кеткен,
Бірі – келіп,
Заман да кеп алмасты күңіреніп.
Сен – кеттің.
Қалды артыңда Қарқаралы,
Орның ойсырап тұр,
Үңірейіп...

Уақыт та ала-құйын ағын еді,
Бара ма көмескі боп сағым өңі?
Атыңның үзеңгісі Ақсұңқардың,
Атының үзеңгісін қағып еді.

Көшкен бір көкжиектен көш есімде,
Сол көшпен сен де қоса көшесің бе?
Әкемнің сөзін естіп, көзін көрген,
Бір шал жоқ Қарқаралы көшесінде.

Жүздеспей жүзі таныс кісіменен,
Түксиген түнектің бір ішіне енем.
...Түсімде екі ат көрем,
Ер тоқымы
Бауырына түсіп кетіп,
Кісінеген!!!

Кісінейді екі ат –
Екі пірім менің,
Көрдің бе тізесінің дірілдерін.
Қалды екен қайда қайран үзенгісі,
Салды екен қайда сайран дүбірлерін...
12.12.2005ж.

КӨК БӨРІНІҢ КҮЙІ -- «КӨК ТҮРКІ».
Немене жыбырлап тұр тамағымда,
Қорқыттың қобызының шанағында?
Болғанмен басым – мұнда,
Көңілім – анау –
Көк Тәңірі,
Көк Түркінің заманында.

Жаһанды жанарыммен жасқап өстім,
Жайлауды тастап, неге тасқа көштім?
Дүниеде жоқ-ты бізден басқа –
Ешкім,
Біздерден бекзат, текті, асқақ –
Ешкім!

Дүние неге бөлек ойға қалды,
Ол онда көк ғасырын тойлаған-ды.
Ғаламзат -- КөкТәңірі, Көк Түркі бар,
Көк Бөрі ғана бар деп ойлаған-ды...

Түркіге түбі тексіз жүйе қас-ты,
Бетіме қай сұм келіп күйе басты?!
Қалайша Көк Тәңірі Көк Түркіден
Көз жазып, --
Көк Бөріден кие қашты?!

Құлайтын күн болғанда Құдайға анық,
Атымның бауырына құлай барып, --
Күн Ие, жалт қарасам Саған,
Сонда –
Дүние бара жатты шыр айналып...

Ұлып кеп, көкжиегін түріп көктің,
Көз жасын құз қияда жүріп --
Төктім.
Оғыздың қабіріне құлап түсіп,
Қобыздың шанағына кіріп кеттім...
2004

ОН БЕС БАЛА
(Евгений Евтушенкодан)

Он бес бала еді ... ал, мүмкін,
одан да көп шығар!
Б. Ахмадулина.

Он бес бала еді...
Ия, Белла!Қарау реңі!—
он бес бала еді
қатыгез—
қыршын жүрегі,
бас қосты олар
зымияндық ойнап ділінде,
шатқалды иесіз Токионың түбінде.

Айқасқа шықпақ—жең түріп:
Маркузеден де бір цитаталар келтіріп,
Отырды олар.
Ақ зер дүниені аң-таң ғып—
Капитализмді—
жібермек,мүлде талқан ғып!
Дәнекүс-дүние бұларға-дағы ұнамай
сүйретпек оны,күйретпек оны,құдай-ай!

Кішкентай Троцкий...күреске шықты,секірді!
Кіжінді бәрі –
Кішкентай Ницше секілді!
Олардың бір сәт шулы даусына құлақ түр:
(Көсемдік жайлы өсерлік талас, бірақ- бұл).

Тарихта мұндай тағылымсыз жәйттер жетерлік,
Сөз алды сонда Азиядағы мешеулік пенен мекерлік:
«Күресу-құрту!»
Бәрін де жоймақ, өртеп те.
Біреуі, бірақ, келіспей оған шыққан-тын қарсы он төртке.
Он төрт дос сонда орнынан ыршып тұрды да
өлтіре салды—
бас салып тұншықтырды да!

«Обал-ай!»-деді марқұм досына жаны ашып
Он төрттің бірі күтпеген жерден ... бал ашып...
Ол үшін қайтсын он үші уақыт өлтіріп?
Асты да салды—
аяғын көктен келтіріп!

Бақталастықтың
Көмекейіндегі
жегі құрттары бүлкілдеп,
асықты ажал жалмауға жанын біртіндеп:
он екі...
он бір...
тоғызы...
алтау...
жетеуі...
мерт болды-бәрі!
Ақыры...
қалды-екеуі.

Біреуі тұрып:
--ісіміз біздің болуы үшін шынайы,
мен болам,-деді,- Ревалюцияның құдайы!»
Тұрды атып сонда екіншісі де(о да-сұм!):
«Мен болам—көсем!
Сен—
маған серік боласың!»

Бір-бірін естіп тұншықтырады тағылық—
арамзалығына адамшылықты жамылып!
Өктемдік үшін өкпесі өшіп,
өлтірген бірі—
бірін кеп,
шашылып жатты сол жерде он бес жүгірмек!

Өледі өстіп өзімшілдіктің дүрмегі.
Капитализм
осыны көріп,
мақұлдап,
есімде менің есінен тана күлгені
сайқал көзінен жас аққанынша—сақылдап!

Осындай небір пақыр,сұм
Ынтызар болса баланың мұндай ойнына-
Достоевскийдің «Нақұрыс»-ын
күллі ревалюцияның тұмар ғып тағам –мойнына!

Адамдар енді тарихтың бетін қанменен жуындырып та,
бір-бірін өстіп өлтірмес үшін өңештеп
буындырып та.
Не істеймін енді?!
Дәрменім,шамам жоқ шыдар!
Он бес бала еді...
Ал, мүмкін, одан көп шығар?!

ӨМІР ДЕГЕН – КҮНДІ АЙНАЛУ
Дірілдерін
Гүрілдерін
Құлақ түріп, тыңдай қалып –
Бүгін менің,
Жұмыр Жерім
Бара жатыр Күнді айналып.

Күн дегенде –
Дүрбелең де
Жүріп жатыр майдан әлі.
Күймелер де,
Мінбелер де,
Түрмелер де
Жермен бірге айналады.

Керуен күнде –
Серуен бірге.
Тән Рухқа суарулы.
Елмен бірге, Жермен бірге,
Мен де айналам Күн Аруды.

Күнді айналу –
Мұңды ойлану,
Көз жастағы көліңменен.
Өмір деген –
Күнді айналу!!!
Күлге айналу –
Өлім деген!

Алтынға аптап асығыңды,
Босап бір сәт мұңды ойлардан –
Қарсы ал Жаңа Ғасырыңды,
Алаш-Анам,Күнді айналған,
Тектілері--гүлге айналған,
Тексіздері--күлге айналған…
***
Вокзалдағы бомжы қазақ,
жанымыз – бір, зарымыз.
Бодандықтан болдық та азат,
Бомж болдық бәріміз.

Маңайымыз толған сұмдар,
еміренбес ел десе,
Сенде үй жоқ – оңған кім бар?!
Менде Отан жоқ, ендеше.

Арсыз жерге кім қарамас,
аяр, жәләп, малғұн ба? –
Алаш қазір тыр-жалаңаш
адамзаттың алдында.

Ботадай боп боздадым да,
келдім саған, о, ғаріп:
Адамзаттың вокзалында
Бомж – Алаш тұр боғы ағып...

Кел, ішейік! Түзге қанат
қағып, көкті іліп бір,
Күледі ашкөз бізге қарап,
ұры-қары күліп тұр!

Қазақ біткен қатарында,
бәрі сендей -- қаралы.
Өрген бит те сақалында
сақ-сақ күліп барады...
2004-12

АЗ ҒАНА КЕРЕК АДАМҒА
(Роберт Рождественский)

Аз ғана керек Адамға
Іздесін,
Тапсын
Жол – сыншы:

Жалғыз дос керек,
Ғаламда
Жауы да жалғыз болсыншы...
Тыныштық болсын ғаламда.
Бір – Өмір керек!
Бір – Өлім.

Газеттер керек ғаламға
Рухын шыңдар ұл-қызым.
Жер-Ана керек Адамға.
Өзіңе – басқа жұлдызың...

Жол керек жұлдыз аралық
Көретін бергі, арғыны.
Бәрі де мұның – балалық,
Бос сөз ғой – мұның барлығы!

Аз ғана керек Адамға:
Арбама, алтын тағынып,
Мәртебе ме екен сол дағы?
Сарғайып үйде, сағынып
Бір Адам күтсе – болғаны!
***
Көп өкпем қалды ішімде көпке жетпей,
Құс екеш – құс та қоймас өкпелетпей.
-- Көгершін!
Көкаршын ғой сенің ныспың,
Жүрсіңдер мұнда нәғып, көкке кетпей?!

Көктегі шеруменен шерге қанып,
Қанатты сендерге ұш деп бергені анық.
Аспанның алапатын көзбен көрмей,
Жүрсіңдер лағып неге жерде қалып?

Аулада жүрсің көкті алаң көрмей,
Ең құрса дауыл түгіл, самалға ермей.
... Не дейін құса қылған құдайға мен,
Қанатты саған берген – маған бермей...
2003-08

ШӘМШІ МЕН НҰРҒИСА
41 градус күн ми қайнатты,
Оңтүстік етек жеңің жимай жатты.
Шәмшінің жаратқанда Жаппар Ие
Бір дыбыс тәніне оның симай қапты...

Біз – таспыз –
Алла көктен нұр құйса да,
Айналама алмайтұғын жыр-хиссаға.
Шәмшіне симай қалған сиқырыңды
Берген Ол соны сезіп –
Нұрғисаға.

ХАФИЗДЕН
Дәметпе түк те ешкімнен,
шығарма басқа бай ұлын,
Тіріде олар Тәңіріден
жиятын емес айылын.

О, шәйір! Шайтан – жолыңда:
оның да көрдік ойранын,
Қаламың болса қолыңда,
береді құдай қайырын!

Хорезм шахын білмеуші ем,
Көргенде көкте тұрды еңсем,
Йездің шахы – өз шахым,
Көрсетпей қойды қайырын.

Алтыннан, бақтан, ақшадан
биікпіз біздер, бауырым,
Тәңірі бір күн патшадан
сұрар-ау, біздей шәйірін!

***
Капитализм келді біздің маңайға.
Социализм жұртқа қайдан қарайлар?
Бес қабатты біздің бетон үйді кеп,
Қоршап алды қос қабатты сарайлар.

Алтын менен аптап қойған бұл үйді,
Күміс пенен күптеп қойған бұл үйді.
Қабаған ит күніменен абалап,
Түніменен Айға қарап ұлиды.

Ашулы иттер күндіз-түні үрді кеп,
Бізбен неге ақын өмір сүрді деп.
Мен өлгенде тақта ілмеңдер бұл үйге,
Ақұсңқарұлы тұрды деп.

Екі-ақ қадам бұл екі үйдің арасы.
Иесінің, иттің де жоқ санасы.
Өздерінің маған көрші болғанын,
Сезбей өтсін өңкей иттің баласы...
2003-06

ҚАРА ӨЛЕҢ
Қайдасың, қасиетті қара өлеңім,
Қазақтан аямаған бар өнерін?!
Алаш бір Ару еді, аялап бір
Сен оның қолаң шашын тарап едің,

Қарашы маған бір сәт,
Қалғыма көк,
Ғаламда мендей сұлу қалды ма?! – деп –
Толықсып тұрды сонда Алаш Ару,
Адамзат айнасының алдына кеп.

Сен де – құс.
Қазақ дейтін халық та – құс.
Ұша бер,
Бұлттан да әрі шарықтап ұш!
Басқа елге бауыр баса қоймассың сен,
Алаштың аспанында қалықтап ұш!

Эпостан –
Цивилизацияға жөнедің де,
Музаны ақ бесікке бөледің бе?
Сендегі асқақ ой мен асау сезім
Жоқ сенен басқа ұлыстың өлеңінде.

Алаш та сенімен бір биіктепті.
Бұ жерге қалай келдің қиып көкті?
...Төбеден сен түстің де,
Төрт құбыла--
Сенің төрт жолыңа кеп сиып кетті.

Арқаның тауын кезіп, жоны, белін,
Кеудеме құйдың ән ғып соны менің.
Жасынның арасынан ұшып шығып,
Қасымның арқасына қонып едің.

Киесі топырақтың буынды ап бір,
Дамылда, ұша бермей зуылдап құр
...Алаштың мендей асау бір ұлының
Арқасы сені күтіп дуылдап тұр...

БАЗАРДАН ТАУЫП АЛҒАН
БАНК БИЛЕТІНДЕГІ ЖАЗУ
Бос сөз бәрі...
Қоғам сөзге кенде ме,
Естен танып есіріп жүр ел неге:
Махаббат жоқ – құр қарар бар, қаулы бар,
Жүрек те жоқ – ұлтабар бар пендеде.

Бай – банкті,
Банк сүйген байларды.
Мемлекет те банктерге байланды.
Мақұлықтың басын жарып ми боп ем,
Сол сәтте әлгі кемеңгерге айналды!

Түгендедім Сайтандардың есебін,
Шідерледім сайқалдардың төсегін.

Неше қилы жолдан жүріп –
Қысылдым.
Неше түрлі қолда жүріп –
Қысылдым:
Тек батырда қалта жоғын –
Түсіндім,
Тек ақында қалта жоғын –
Түсіндім.

ЮРИЙ КУЗНЕЦОВТАН
Маза жоқ бір бұл ғалам – зіл.
Махаббат жоқ – шырғалаң бір.
Қара: туған Отаныңды
Тісі жоқ та жұлмалап жџр!

Неге үнсізсің?
«Аттан»да – тўр,
Аяғы жоқ та таптап жатыр!

Көзден ақты-ау, сораң, пақыр,
Қолы жоқ та тонап жатыр!
Алыста анау қайқаң, қырда,
Алла тұр ма?!
Сайтан тұр ма…
***
Адамзаттың ұжымағы –
Алматы.
Һауа жеген апорт.
Соның қалды аты.
Аңдып келіп, Адам мен сол Һауаны
Шықпай қойды, бірақ, Сайтан-салдақы.

Бірде – Жерде.
Бірде – Көкте өмірі.
Күннен-күнге күңіренеді өр үні.
Арып-ашып Алматыға келмесе,
Көншімейтін көрінеді көңілі.

Сайтан қайда жүрсе-дағы үкілі.
Жүреді елге соның ғана үкімі.
Қара басып қайдан бізде қалды екен,
Һауа жеген сол алманың тұқымы?!

Нөсер селдеп, көзден жасы сығылып,
Алматы тұр Алатауға бұғынып:
Бейіш-бақтың бұтағының астында
Періштелер отыр, әне, --
Тығылып!

Алла да үнсіз,
Абай да үнсіз азалы.
Осы жерде жер-дүние назары.
Салдақының сылқ-сылқ етіп күлкісі,
Алматының қайнап тұр қан базары...

***
Уанбас ұлтыңды көріп,
Ағаң жұлқынды келіп,
Сілкінді келіп,
Бір түрлі болып...

Жырқылды көріп жымысқы,
Зіркілді көріп,
Кетермін мен де келмеске, сыртымды беріп...
Қиядан қарам көрінсе қаны қарайған
Қырттарым сонда мәз болсын – қырқымды беріп!

Жырымды көріп жым болған,
Жынымды көріп,
Сайдағы, ойда, қырдағы жырынды келіп, --
Бас қосып ішіп, басына көтерсін көкті,
Жығылып жатсын мас болып – жылымды беріп!

Мынау жер – соның сайрандар тулақ мекені,
Тулақты сабап тұқымы шулап кетеді.
Аспанда жүрген ағаңды көрмейді-ай олар,
Қурап кетеді-ау, сүйегі... қурап кетеді.

ЕКІ МАХАББАТ
Е. Евтушенкодан

Оянам шошып,
Таста да көкке кет,
Қиыр шетке кет!
Тағдырым екі әйелге
Тап қылды неге бетпе-бет?!
Жатасың түнде қасымда,
Қалжырап ұйықтап,
Өкпелеп,
Тас құсап мені лақтырып,
Тамұққа тастап кетпе деп...

Жанарға көздің жасы кеп,
Көресің соны,
Көнесің.
Біреуді сүймеу – қасірет.
Екеуін сүйші –
Өлесің!

Екі махаббат – ылаң-ды,
Алады ерік, зықыңды.
Соғысқан түнде тұманды
Соқыр кемелер сықылды!

Осы екі шерлі махаббат –
Майдан ғой жатқан от құйып,
Сол өртте соның біреуі өлуге тиіс-ті--
Оқ тиіп!

Жұмағым – осы, -- тамұғым!
Тұйыққа басым тірелді.
Мен сені сүйем, жарығым!
Сүйемін және біреуді...
***
Ипподромда той боп жатыр,
жерің – дүбір, аспаның – жыр,
Бір ноғайдың аты озды деп,
бір мың қазақ мас болып жүр.

Қазақстан – алтын бекет,
керуендегі дүбірің – дүр,
Бір жойт кеп тоқтап еді,
жүз мың қазақ жүгіріп жүр.

Қатын алмай – қайын алды
шүршіт екеш шүршіт келіп,
Байып алды!
Қазақстан қолында тұр ұршық болып...

Ессіз – Алаш, иесіз – дала,
нұрсыз – жанар, гүлсіз – құрақ,
Абай Жерде дөңбекшиді,
аспанда Алла үнсіз, бірақ...
2004-09

ЕКІ РОМАН
Ұлттық Рух қимай жүр бұл араны,
Құдай қолдап аспанда, Құран- әрі:
Бір Шәмілдің соңынан бір Шәміл кеп,
Қап тауында—
«Қажы Мұрат» романы.

Ұлт та, ұлыс, рух та—құрамалы,
Роменге айналмай—Ролланы—
Бір Итбайдың соңынан бір Итбай кеп,
Біздің елде—
«Ботагөз» романы.
2004-11

ШАНДОР ПЕТЕФИДЕН
Өлмейді Рухым!
Кетпейді, мүлде, көкке ұшып,
Жүреді Жерде жүрегі тулап –
От құшып!

Касси боп туып,
Римнің өзін шайқаған!
Вилгельм Телл боп –
Альпіге шығып, айтам ән!

Парижде –
Камилл Демулен болып өлем де,
Венгрден туам –
Петефи болып –
Қайтадан!
***
Есенғали, сері ақын, сал ақыным,
Қайда жөнеп барады Ана Тілің?
Қаға-қаға, бұлттармен қақтығысып,
Қауырсыны қалмады- ау, қанатының.

Бұл Алашта киелі аура бардай,
Бар фәниді сонымен баурағандай.
Гомерді де сөйлетті, Колбинді де,
Жатқанда Русь Абайын аудара алмай.

Адамзаттың сол тілде азап,
Мұңы,
Серілігі,
Махаббат,
Азаттығы.
Бір өзінен басқа жұрт білмейді оны,
Латын Тілі сынды бұл—
Қазақ Тілі!

Соғып сойқан уақыттың бораны әлі,
Мұз Дәуірі кеп кірсін одан әрі,--
Қасиетті Латынға қайтқандай,
Жұрт—
Қайтсе- дағы Оған бір оралады.

Халтуршиктер көрсетіп көкемізді,
Шылқыта алған жоқ өлең шекемізді.
…Іздемейді …
Іздесе, Есенғали,
Біреу тауып алады екеумізді…
2004-11

САРЫАУЫЗДЫҢ КЕЛІНІ
(Гүлбаршынға)

Жетпіске дейін басылмай кеткен желігі,
Бір шал бар еді... Сен соның болдың келіні.
Едірейден кіріп соғысқа, Европаның --
Сұлуын көріп -- сары май құсап еріді,
Жетпіске дейін жетті ғой сол бір желігі.

Соғыстың аты – соғыс қой – кісі өлімі!
Сталин қайтсін, «халық жауына» теліді.
Сібірге айдап жіберіп еді ыза боп,
Айдалған сайын асқынып келді желігі.
Мен қайтем енді, сол шалдың болсаң келіні.

Жетпіске дейін басылмай кеткен желігі,
Қайтесің енді, сол шалдың сенсің – келіні!
Тұқым қуады сарыауыз деген... Тағдырың –
Тап қылды саған періден өткен періні!
Жетпіске дейін жетеді мұның желігі!

Қаһары қайтып, кеберсіп алау еріні,
Мұның да әлі басылар жын мен желігі.
...«Дон Жуан» деген Байрон да оған сүйсініп,
«Сарыауыз» дейді арғындар мұндай серіні.
Әй, қайдам, мұның басыла қоймас желігі...
2004-12

М. МАҒАУЙННЫҢ 13 ТОМДЫҚ ШЫҒАРМАЛАРЫН ОҚЫҒАНДА
Үйсін мен Арғын,
Керей,
Адай ұлы –
Һас Сақтай Халық болдық қалай ірі:
Көшіртіп Дінді арабқа Көк Тәңірден,
Адами жолға салдық анайыны.
Жүргенде ат үстінде көзге ілмеп ем
Жабысып жерде жүрген жабайыны;
Қазақтан қай жұрт осы аруақты,
Түркіден басқа ел осы қалай ұлы?!
Мағжан-Бекзат жұртым, маңқылдап кеп,
Басыңа қалай шықты малай ұлы?!
Жатырда жанталасып жатыр білем,
Тоныкөк, Тоқтардайын талай ірі;
...Алтыауыз, алтыбақан – ағайыны,
Кеудесін керінеген Абай үні, --
Аузынан Бөкейханов Әлиханның
Бүгін кеп түскендейін бар айыбы, --
Алланың бетін елге бұрамын деп,
Алаштың боздап отыр Мағауині!

-- Мен! -- дейді – Алаш ұлы!
Адам ұлы!
Мейірім жоқ адамда, Алла, ая мұны:
Бүгіні көзге қораш көрінген соң,
Аңыз ғып айтады ылғи баяғыны.
Осынау алты Алашқа аян үні, --
Өзі – ұлы,
Өзінен де Абайы--ұлы,
Жыр болған жылқышыға, қойшыға сөз,
Қазақтың, қайран, Мұхтар Мағауині!
20.05.2006ж.

АЗАТТЫҚ
(П.Эльюардың әуенімен)

О, Азаттық!
Көгілдір көктің жиектерінде де,
Қорқыт-қобыздың тиектерінде де,
Қара жерде осы қабірі қалмаған
Мағжандардың сүйектерінде де, --
Жазулы Сенің жырларың.

Аэропорттар мен гавандарыма да,
Запыран құсқан замандарыма да,
Қыршындарымды қырып тастаған –
Азалы анау алаңдарыңа да. –
Жазармын Сенің жырыңды!

Молалар мен мазарыңа да,
Қасіреттен туған ғазалыма да,
Қазақтың басын саудаға салған
Қаптаған қара базарыңа да, --
Жазармын Сенің жырыңды!

Оң қолыма да, сол қолыма да,
Асфальт һәм айдау жолдарыңа да,
Қытайдың ұлы қорғанына да,
Орыстың жасыл орманына да,
Нефедовтардың қалтасындағы,
Қапшығындағы долларына да,--
Жазармын Сенің жырыңды!

Жасындар жауған сөз өткеліңе де,
Ғасырдың соңғы мезеттеріне де,
Алаштың басын арбаған апиын –
Транзит-секс газеттеріе де, --
Жазармын Сенің Жырыңды!

Шалқар жерімнің шалғайына да,
Толысып тұрған тал-қайыңға да,
Әкімдеріңнің креслосына да,
Ақындарыңның таңдайына да;
Жұлдыздарымның сәулесіне де,
Ұл-қыздарымның маңдайына да,
Жазармын Сенің жырыңды!

Далама, таудың жартасына да,
Каспийге, Арал, Балқашыма да,
Дүрліккен мұхит толқындарымен,
Дүниенің саяси картасына да –
Жазармын Сенің жырыңды!

Ақ жүрегімді арыма қарып,
Жаһанды күллі жаныма алып, --
Алдыма алып, аппақ қағазды,
Қаламды қызыл қаныма малып, --
Жазармын Сенің жырыңды!
***
Көк Түркінің арын сатпан!
Көк Бөрінің жұрты – біз!-деп –
Түркі Жыры әлімсақтан
Келе жатыр Түркіні іздеп.

Тау-тас – алтын қазығында,
Қалмай, қайран, елім бүгін,
Күлтегіннің Жазуындай
Күңіреніп тұр менің жырым.
10.05.2006ж.

ҚЫРЫҚ СЕГІЗ БАЛКОН
(БАЛЬДОМЕРО ФЕРНАНДЕС МОРЕНО)

Қырық сегіз балкон қалқып ауада,
Гүлсіз!
Үнсіз тұрды түсін суытып.
Пенде қайтып тұрады бұл молада
Асыл Жерін, жасыл Жерін ұмытып!

Гүлсіз!
Үнсіз…
Қарап сонау гүлдерге,
Қабырға тұр қара тасы дымданып,
Неге арулар іш құса боп бұл жерде,
Неге ақындар кетпейді екен жынданып!?

Қырық сегіз балкон…
Құсты да оған қоспайтындай шариғат,
Алай-түлей нөсердің де пәс үні.
Адамға бұл керек пе еді, табиғат,
Қараң қалғыр құл-қоқыстың жәшігі…

***
Мен – Һас Сақпын!
Түбіне жетіп тексіздің,
Жүзімді – желге,
Жүрегімді – Тәңірге өпкіздім.
Исламның өзін Әзірет Әлі Сұлтан мен,
Абайдың Ұлы Миынан сүзіп өткіздім.

Бұлтағына көнбей дінсіз һәм ділсіз кәпірдің,
Бұлттың үстінде Бұқардай өлең сапырдым.
Алланың алдына араб боп барса ел, қайтейін,
Мен оған Һас Сақ –
Қазақ боп бара жатырмын!
10.05.2006ж.

***
Мағжан – Тұран,
Қасымым – қара орманым.
Тобықтан келмей дүние,
Мен де толғадым:
Өлеңсіз пенде өлмес-ау,
Өлсе соры қалың –
Халық өледі!
Салып өледі соңғы әнін...
23.07.2006ж.

***
Мен – Рухпын –
Қан тамырыңда қайнаған.
Менсіз Күннің көңілі – күпті, Ай да – алаң,
Анахарсистен – Абай болам бір күні,
Әл-Фарабиден -- Әлихан Бөкейханға айналам!

Еріп кеткен жаным эпос-дастанға,
Егіледі парақтарын ашқанда.
Адамзаттың аруларын арбармын,
Жамбылдайын тоқсан жастан асқанда.

Сұм дүние сірескен мұз кірпігі,
Сұраусыз деп ойламасын түркіні.
Мағжаннан – Мұқағалиға айналып,
Ордаңа кеп ойнақ салам бір күні...».

НАҒАШЫМ БЕКЗАТҚА
Алаш дейтін айдын көлде,
Шағаладай шарқ ұрғам,
Шаршағам шалдығып,
Алқынғам.
Ұлы Атам -- Өтеген Баһадүр,
Нағашым – Қожа Ахмет Яссауи,
Ата -- Жұртым да,
Ана – Жұртым да –
Алтыннан!

Шалқаяр жерде –
Шалқайдым.
Марқаяр жерде –
Марқайдым.
Тепсініп келгенде тең атаның ұлы емес –
Тексізбенен тебісе-тебісе –
Қартайдым.

Сайтанменен көрісе-көрісе –
Қуардым.
Сайқалменен өбісе-өбісе –
Суалдым.
Алла алқап, Аруақ жебесе,
Алаш Анамнан қайтадан бір туармын!

Алтын бекет – Алты Алаш.
Алты Алаштың екінші аты –
Жанталас;
Өмірге осы қайта айналып келгенше,
Өзектегі өксігім бір тарқамас...

ХИРОСИМА
(Фактугава Мутотоси)

Хиросима! Көрдім сенің Өртіңді,
Жанып жатқан тұл денелер не түрлі, --
Жанып жатқан қарындасым секілді!
Өтті Уақыт. Біз қартайдық. Өндір ек…
Көз алдымда тұр тұлданып сол бір өрт!
***
Муза бізге көз жасын жетті бұлап.
Бастауы оның Гомердей текті бұлақ –
Одан бұрын бір ақын болған еді,
Оны адамзат ұмытып кетті, бірақ.

Ол – ТҮРКІ еді.
Жасаған одан да әрмән.
Бекзат еді,
(Біз емес боданданған).
Ат үстінен шолатын адамзатты,
«пегас» дейтін ұғым бар содан қалған.

Каган еді,
Болмысы, бітімі – нұр.
Домбыра да – үкілі,
Үкілі – жыр.
«Алтын киімді адам»- ға таң қалмаймын –
Сол кісінің заңды тұқымы – бұл.

Шақырмайтын шабытын шатып елес –
Қаған болған қаһарлы –
Қатын емес!
Бұл түркінің түбінде бір заң бар:
Батыр бола алмаса –
Ақын емес!
Ақын бола алмаса –
Батыр емес!!!

Ол да өлді!
Есе алып дүние – боқ,
Пегас көкке кетті ұшып күйіне кеп:
Қағандық пен ақындық қаққа айрылып,
Кетті екеуі –
Екі ұдай дүние боп…

Кетті соның соңынан шұбап бәрі,
Тектілік те суалды, бұлақ тағы:
Қаған біткен жек көріп ақындарын,
Ақындар да Қағанын ұнатпады.

Ел қамында жүргенде, жол қамында,
Ақын-батыр егіз-ді ол қауымда.
… Әлі күнге Пегастың жан ұшырған
Дауысы тұр Қазтуған толғауында.

Муза бізге көз жасын жетті бұлап,
Бастауы оның Гомердей текті бұлақ.
Одан бұрын бір ақын болған…
Оны
Қалай мына ел ұмытып кетті, бірақ?!
***
Жау күйініп, дос сүйініп қарасын,
Ғажап бүгін,
Кез жер-көктің арасын.
Қазақ Тілін тастап көшкен жұртыңа,
Азаттығым,
Қайда ұшып барасың?!

Жігер болса жетеңде һәм ділінде,
Енді ілесе қоймассың жат ілімге.
Азаттығым,
Көтеріліп аспанға
Сен сөйлейсің қашан ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ?

Ауыл көшті алтын бекет қала деп,
Жүрегімде наза да көп, нала көп.
Азаттығым,
Аспанға ұшсаң-самғай ұш,
Қазақ тілін қоса өзіңмен ала кет!

Жау күйініп,
Дос сүйініп қарасын,
Ғажап бүгін:
Кез жер-көктің арасын.
…Қазақ Тілін тастап көшкен жұртыңа,
Азаттығым
Қайда жөнеп барасың?!
***
Өмір сүрем өлеңсіз-ақ,
Өзе кәсіп бастап бір.
Америка – Гомерсіз-ақ,
Абайсыз-ақ – асқақ тұр.

Көгермеді көсегем де,
Жақындаспай қайманам, --
Қан бақиды осы өлеңге,
Қайдан келіп байлағам?

Ештеңеге таңданбастан,
Енді жерге енемін.
Мағжансыз-ақ маң-маң басқан,
Қай қазақтан кем едім?

Жетер жырсыз жебейтін ел,
Жанымды ая, Жасаған!
Кененсіз-ақ кеней – түгел,
Байронсыз да – бас аман.

Өмір сүріп өлеңсіз-ақ,
Болам, мейлі, баспақ бір;
Қазақ жыры – Нобельсіз-ақ,
Ақсұңқарсыз да асқақ тұр!

МҰҚАҒАЛИ МЕН ТОБЫР
«Ішу керек ақын қанша?»
«Ішпеу керек ақыл болса!»
Жердің Құрты!
Көкте жүрген
Періштеде қахың қанша?!
***
Дүйсен мен Айгүлге
Қарысып, дүние, алысып,
Ойыны да оның осылған.
Қарсы зарядтар табысып,
Һас екі жақсы қосылған.

Саф таза тән мен санаға,
Саулаған көктен нұр қандай:
Адам Ата мен Һауа Ана
Алдыма келіп тұрғандай!

Ал, енді, көкке самға деп,
Алдантпай дүние ісіне, --
Ақ нөсер құйды Алла кеп,
Аспаннан екі кісіге.

Байланған екі үзігім,
Үзетін оны қол қандай?
Екі дүниенің қызығын
Екеуі көрсе болғандай!

Жанымен-тәнін сай қылған,
Тәңіріде -- текті талғам да.
Екі аққу көріп айдыннан
Елжіреп жүрмін жалғанда!

Аққудың күйін шертіп-ақ,
Аймалап күнде жүзін нұр, --
Қос балапанын ертіп ап,
Құс базарында жүзіп жүр.
***
Не ғажап бар Тәңірдің қуатындай:
Ұят берді –
Ұлтымның Ұятындай!
Топыраққа керемет кие салды,
Бөкейханнан –
Әлихан туатындай!
Көкірекке көл қылып шер сіңірді –
Көз жасымен көйлегін жуатындай...
Иман берді -- нәпсіні тыйятындай,
Сабыр берді – ішінен тынатындай;
Тағдыр тартты – тар жол мен тайғақ кешіп,
Ақыл-есті абдырап жиятындай;
Далам қандай – бес бірдей Франция
Бебеулемей, беліме сиятындай!

Ар дарытты аздырмас текті ірітіп,
Көк Бөрісі кеудемде кекті – ұлытып!
...Қалай Тәңірі осынша ұлы ұлысқа
Ұлттық сезім сыйлауды кетті ұмытып...

БІР EСEР ШӘЙІРГЕ ЭПИГРАММА
Оттайды «ақынмын» деп дамылсыз құр,
Ойы жоқ, сезімі жоқ, жалынсыз – күл.
«Ұлылық» дейтін дертпен ауыратын,
Ұялмас жағы бар бір дарынсыз – бұл.
***
Қара түнек --
Жарық барын ұмытты..
Қара тобыр --
Халық барын ұмытты.

Жасын түсті.
Емен едім,
Өр едім --
Жанып барам.
Нөсер қайда – көрегім?!

Қара түнек--
Жарық барын сезгенше,
Қара тобыр --
Халық барын сезгенше,
Өзектегі өртің сөнбес,
Өлеңім.

АЛАПАТ СЫНАҚТАР АЙМАҒЫ
ОЛЖАС СҮЛЕЙМЕНОВТЕН

Делқұлды державалардың көрді екен біздей кім алдын,
Жетесіз дүние!
Қазақтың жеріне келіп сыналдың!

Крестен басқа түк өспей,
топырағым іштей тынады.
Тарасты сынап осында,
Достоевскийді де – сынады...

Түрменің сымы елестер: «Қазақстан қайсы ?» десе егер,
Петроград, бізді кеше гөр,
Ленинград, сен де кеше гөр!

Көшпелі жұртым осында:
Әшекейді әлем әр түсті.
Түрксибке кел әуелі – түсіну үшін Марксті!

Қазақ боп тумай жалғанда,
туғанда бөтен тауларда,
Бөгде бір жерде мал бағып,
Бөгде бір әнге салғанда, -
Балық боп ақсаң тоғанмен,
Заманның зілді кәрі бұл,
Жезқазған жаққа вагонмен әкелер еді –
Бәрі бір!
Кешіңдер бізді,
Қаталдау – солтүстік терістігіміз.
Бес Франция сиятын керемет кеңістігіміз!

Монмартрсыз,
һәм Луврсыз о, жұмбақ, мынау ел нендей,
Бас бұзар Бастилиялар осында көшіп келгендей!

О, дала!
Бауырым...
Жатырмысың!
Көрінбей көзге шетің де,
Ұлы ГУЛАГ боп жатырсың – саяси карта бетінде!
Сыналып дауыл жаңбырмен
жаудың алдында тұрғанбыз,
Алысып жүріп тағдырмен,
айдауда туған ұлдармыз!

Зұлмат дүние түнеріп біз жаққа қарап тұрады:
Күшігін көкке жіберіп –
Жердің серігін сынады....
Сынақтар бітсе гүлденер,
Сайрар-ау сонда сырлы әнмен.
Космодром – Дала – түрмелер – шаңдылған темір сымдармен!

Держава!
Қызыл туыңды төбесіне ұстап дұшпанның,
Сыналған күллі ұлыңды –
ұлы де Қазақстанның!
Тылсым сыр-шоқыларымыз,
шөптің де қанды-тамыры,
Басатын топырағымыз –
Бауырластардың Қабірі...

Келемін саған алаңдап,
Әр жағым – зілдей ауыр үн,
Мұңаймаса егер адамзат,
Мұңайма Сен де,
Бауырым!

Күйіне келіп,
Сүйіне –
кетер де баспай құмарды,
Осынау ұлы Дүние –
Өзіңе келіп сыналды!

Шаршадың дем ал, ұлы Ана,
Тынықсаң көңілің тына ма?
Ешкімді енді сынама,
Бомбаны да енді сынама...
***
Аман ба, Тәте, армысыз?
Аспанда жүзген Ай – көңіл...
Үстінде Жердің бармысыз?
Армысыз, анам, әйтеуір.

Кейінгі кезде күстәна
Боп кеттім неге мұнша мен?
Төбеңнен өткен құстан да
Жүрсің бе жолдап бір сәлем?

Уақыт-ай, зулап ұшқан кеп,
Ұрлайды-ай күнде жамалын.
Сіз жақтан-дағы құстар кеп
Көктемнің берді хабарын.

Ақсораң жаққа ұшқанда,
Отыра қалып жүремнен,
Төбемнен өткен құстан да
Сан сәлем жолдап жібергем.

Сол құстар, Тәте, барды ма,
Көктемді алып жетекке?
Қаңқылдап, шулап қонды ма
Ақжарық деген бекетке?

Кеттім-ау, Тәте, алыстап,
Жүдеме, ойлап, күрсінбе.
Өкпеңнің дерті тағы ұстап.
Талықсып қалып жүрсің бе?

Күркілдеп жатқан кеудеңде
Қандай дерт екен, анам-ай?
Ажалдың құсы келгенде
Әкем де кеткен қарамай...

Күдіктің зілдей тауын да
Көтеріп келем бекем бір.
Бәрін де тастап, ауылға
Аттанып кетсем бе екен бұл?

Білгендей соны: «Қолыңнан
Бал ашамын» -- деп, шаршамай,
Тұрады күтіп жолымнан
Цыганның қызы қаршадай.

Тыңдадым ұйып болжамын:
-- Әулием, айтып бергін, -- деп.
Сөзіне ылғи сол жанның
Тұрады, Тәте, сенгім кеп!

Аман-сау екен ел-аймақ.
Әулиең айтып тұр, міне:
Болжады цыган мені ойлап
Көз ілмей жүргеніңді де.

Деді ол: «Жағдай қиын, көр:
Дімкәстау екен шешеңіз.
Тағы да біраз... тиын бер
Оның да мәнін шешеміз!»

Жанымның бұлтты аспаны
Нөсерлер пері кезі кеп:
«Алыңыз мына ақшаны!
Айтыңыз – деймін. – Тезірек!»

Картасын жайып жаңадан
Шомды ойға цыган не түрлі.
Үстінде жердің әлі аман
Жүрген бір тәңірі секілді!

«Сеніңіз мендей пендеге,
Жүрегі адал десеңіз:
Міндадар болмай емге де
Сауығады екен шешеңіз!»

Сөйлейді цыган шабытты,
Қалтасы бүгін олжалы.
Болашағыңда бақытты
Болатыныңды болжады!

Тыңдадым ұйып болжамын
-- Ерікті саған бердім, -- деп.
Сөзіне ылғи сол жанның
Тұрады, Тәте, сенгім кеп...

Уақыттың шеру, дүрмегі
Барады алып шығанға.
Көрінбей... соңғы күндері
Із-түзсіз кетті цыган да.

Іздеймін соны көшеде,
Көзіммен тінтіп... Не екен бұл?
Адамды сендірмесе де,
Алданыш керек екен бір!

Қонақжай әдет-ғұрпы мол
Жанына тұрған жарасып –
Ауылда жүр ме, мүмкін ол
Енді еркін маған бал ашып?

Иесі – жел ме, дауыл ма,
Дегбірсіздердің бірі екен.
Қалайша біздің ауылға
Қаңғырып бармай жүр екен?!

Сан жерде ұлың сыналған
Тап болып тағдыр кермесі.
Мән жәйлі ешбір цыганнан
Ештеңе ести көрмеші.

Қыран боп шыңды шолам мен,
Кеудеме шабыт қонған соң.
Адамның ұлы болам мен –
Анамның ұлы болған соң!

«Шуаққа менің мол жаным...»--
Десе егер біреу, мен гүлдеп:
Сөзіне ылғи сол жанның
Тұрады, Тәте, сенгім кеп!

Біреулер бөгеп жолымды
Жүрсе егер: «Құдай атты! – деп.
«Алыңыз – деймін – қолымды!
Айтыңыз, -- деймін – ақ тілек!»

Кім білсін, осы сөзімді
Ұқты ма ол, жанға жақты ма?
Арбап кеп менің көзімді
Алдап кеп... оған атты ма?!

Кім білсін, осы бәрінен
Қиындау... Қайтіп жан бағам:
Алданып келем әлі мен,
Әлі де қанша алданам?!

Таныс көп, Тәте, менде де
Дейтұғын: «Кетпес есеңіз,
Сеніңіз мендей пендеге,
Жүрегі адал десеңіз!»

Сенемін. Ұқпас мені кім?
Үмітке жаным кенелді:
Адамға деген сенімім
Алдамас мүмкін мені енді...
***
Капитализм келді біздің маңайға.
Социализм жұртқа қайдан қарайлар?
Бес қабатты біздің бетон үйді кеп,
Қоршап алды қос қабатты сарайлар.

Алтын менен аптап қойған бұл үйді,
Күміс пенен күптеп қойған бұл үйді.
Қабаған ит күніменен абалап,
Түніменен Айға қарап ұлиды.

Ашулы иттер күндіз-түні үрді кеп,
Бізбен неге ақын өмір сүрді деп.
Мен өлгенде тақта ілмеңдер бұл үйге,
Ақұсңқарұлы тұрды деп.

Екі-ақ қадам бұл екі үйдің арасы.
Иесінің, иттің де жоқ санасы.
Өздерінің маған көрші болғанын,
Сезбей өтсін өңкей иттің баласы...
2003-06

ҒҰМЫРНАМА
(ЕВГЕНИЙ ЕВТУШЕНКОДАН)

Сан дәурен өтіп басымнан
мен асып кеттім
Есенин,
Пушкин,
Лермантовтардың жасынан.

Жеткізген мені осыған-тағдырым.
Қалай жасырам?

Алпыс төрт елде болдым мен, жиханкез болар келді сәт.
Қай ұлы ақын орыста ғаламды кезді мен құсап?
Жырларым цивилизацияны дүр сілкіндірді не түрлі:
Ақсүйектер де қол соқты-ақымақ бала секілді!

Елші де болдым құдірет!
Артылған емес төр менен:
Пушкиннің өзі бір рет шет елде болып көрмеген!
Сөйлестім президентпен де,сөйлестім премьерменен.

Ісімде болмай басқамен өзіңе еріп ұштым,жол,
Сөйлесер едім патшамен,жоқ екен Жердің үстінде ол!

Кольцовты мылтық көздесе...мерт болса содон хас арман,
Тағдырым менің-өзгеше-Табиғаттан тыс жасалған!
Олардың Соғыс зіл үнмен жалмаса жасыл ғұмырын,
Қырыққа жетіп бүгін мен қутаңдап жүрмің,құлыным...

Зәулім залдарда лапылдап,
сұлу да,асқақ шат ұл да жырыма менің арбалар,
осындай орыс ақынға тағдырдың өзі қалар!

Сырымды құйып құлаққа,
даусыма басты қой ырғап,
сыңандар мені,
бірақ та,мықтылығымды-мойындап!

Сеніңдер,осы-ерлігім,
бағы бұл мендей жыршының,
қырыққа келдім мен бүгін...
қиылып кетпей қыршыным!

Бодауы үшін,ал,мұның,не берем,
(шықпай қалды үнім)—
Пушкинен-дағы
тым ұзақ жасағаным үшін,тағдырым?!
***
(Зағыпар Шәкентаевқа)
Зағыпар, зарын қара мынау әннің,
Егіліп ел тынышта жылаған кім?
Сүйегің шымырлайды етпен бірдей,
Қайғысы неткен зілдей мына адамның?!

Тұрмыз ғой құз басында –
Құлау алды,
Қаншама кінә қалды,
Күнә қалды.
Елжіріп екеумізден басқа пенде,
Егіліп естімей ме мынау әнді.

Құнымыз аспанға анау қара бақыр.
Мынауың содан келді,
Қара да тұр:
Жарықтай желден-дағы жедел жетіп,
Табыттай неге ауырлап бара жатыр?!

Мынау ән қалай-қалай боздайды кеп,
Қайғыны қай-қайдағы қозғайды кеп.
Жарқылдап тұрғанымен бұ дүние,
Омыраулап о дүниеден озбайды деп.

Болады бойдан мұзды еріткені,
Қой деші...
Жаның сонша берік пе еді?
Бұ қазақ дүниеге ару анадай
Боздап бір кету үшін келіп пе еді.

Отырсың көз жасаурап,
Шерге құлап,
Лапылдап кеудеңде от,
Белде – қуат.
Қойыны – қонышыңда өрт пен өксік,
Қой деуге шама бар ма сенде, бірақ...
2003-09
***
Алатаудың кез болып шалғайынан,
Әсем әуен төккенде таңдайыңнан –
Менен басқа ешкімге көрінбейтін
Мен бір жазу оқып ем маңдайыңнан.

Сондағы ізді шан басты шалғайдағы.
Сондағы елес көзімнен қалмайды әлі:
«Сен де әйелі боласың бір еркектің» --
Деген жазу еді сол маңдайдағы.

Тәңірі көктен нұр төгіп тал бойыңа,
Ойран өлең сайранын салды ойыңа.
Қаршадайдан қаныңда от ойнады.
О да Алланың жазғаны маңдайыңа.

Жанарыңда терең мұң жатыр, күнім,
Жете алмайды түбіне ақыл мұның.
Әйелдіктен асты да ақындығың--
Кей еркектің кешпей жүр қатындығын…

Тозғаны – күл-дүниенің,
Азғаны – құл,
Өзегіңе өрт салып, маздады жыр.
…Көктен бір үн келеді таңдайыңа.
Маңдайыңа тәңірдің жазғаны –
Бұл.
***
Талақ қылдым сені бүгін…
Тастадым!
Саусағыңда – сақинасы басқаның:
Маза берер емес маған қас-қағым –
Миыңдағы ойлары да басқаның.

Қойшы, жаным…
Аузыңды да ашпағын,
Тұншыққан бір демін сезем басқаның;
Нұрлары да – көзіндегі басқаның,
Денеңдегі – сезімдері басқаның!

Талақ қылдым сені бүгін…
Тастадым!
Саусағыңда – сақинасы басқаның;
Сенен небір сезім өткен қас-қағым,
Бұл да өтеді – күңірентіп аспанын,
Сен сел қылған сезіміндей басқаның!

Саусағыңда – сақинасы басқаның.

МОЙЫНДАУ
Жануарша жата ғап,
Бізде аунадық шалшыққа.
Сенде ғана – махаббат.
Секс – сайқал қаншықта.

ДИАЛОГ
(Р. РОЖДЕСТВЕНСКИЙДЕН)

-- Махабатты берейін бе?
-- Әкел, адам! Мастанбан!
-- Бірақ... Бірақ ол оңбай бір ластанған...
-- Ластанса да – әкел! Алам! Жасқанбан!

-- Бал ашсам ше?
-- Аш! Өзіңде – құлағым...
-- Сауалым бар...
-- Жауап берем – сұрағын!

-- Есігіңді қағайын ба?
-- Ашамын!
-- Шақырсам ше?
-- Сенен қайда қашамын?

-- Қасірет болсам?
-- Қорқам оның несінен!
-- Алдасам ше?
-- Кешірем!

-- Ән сал десем?
-- Соны әуенді бастайын.
-- Жат пендеге қақпаңды ашпа!
-- Ашпайын!

-- «Өлтір!» -- десем?
-- Көріп алдым оны да!
-- «Өл» -- десем ше?
-- Құрбан болам жолыңа!
-- Бір пәлеге ұшырасам?
-- Құтқарам!
-- Кенет... Түрме?
-- Көп кетер жоқ түке те одан!

-- Махабатты берейін бе?
-- Әкелгің!
-- Жоқ! Бермеймін! – деді сонда қатерлі үн.
-- Неге? Неге бар ұлы арман ұрланды?..
-- Жап аузыңды! Жек көремін нәпсісіне құлдарды!
***
Өнбей жүрген үйдегі, түздегі ісі,
Өмірі лаң, күйіктен күйген іші, -
Сені қайдам, әйтеуір,мені көрсе,
Көрінгеннің келеді билегісі.

Оспадары, өзінше ізеттісі,
Осындағы ойбайшыл, дыз еткіші, -
Өмірімді өзінше қайта пішіп,
Өлеңімді келеді түзеткісі.

Жон терімді сүйектен сыпырып та ап,
Жылай да алмай, күле алмай сықылықтап,
Есалаңның алдында тұрам ылғи,
Екі көзім еріксіз жыпылықтап…

Мына тобыр тоз-тоз ғой мал боп кеткен,
Жаманын да алмаймын жан деп беттен.
Ел ішінде жүрсінші Елтайларым,
Колбин екеш -- Колбин де хан боп кеткен.

Басымды әлі бұлар сан қатырады.
Баспақ болдым, - батыр ем, ақын әрі.
Миы ашыған Алашты аяймын тек,
Ақыл айтып көрінген ақымағы.

ЖАРЫҚ ПЕН ТҮНЕКТІҢ ЖЫРЫ
Түнек
Ей, Жарық!
Тобырдың сыңары не еді? –
Халық!

Сәуленің сыңары не еді? –
Түнек.
Ішек-қарынның сыңары не еді? –
Жүрек!

Махаббаттың сыңары не еді? –
Зұлымдық.
Адамзаттың сыңары не еді? –
Жылым-құрт!

Жарық дүниенің осы жөні, жосығы.
Сен білмейсің осыны!

Жарық
Аулақ, сұмырай, адамзаттан, пендеден,
Түнек қалай егіз болмақ Жарықпен?
Тұла бойын ана жыры кернеген
Бесік – қалай егіз болмақ Табытпен?

Алланың да айтқанына көнбеген,
Адамзаттың жолын баққан көлденең –
Тобыр – қалай егіз болмақ – Халықпен?!

О, Тәңірі!
Зілі жойқын, жат үні,
Естідің бе мына зұлмат дауысты?
Ақырзаман келгені ме ақыры?!
Дүниенің ақыл-есі ауысты…
***
Кеудеңе қандай дәру аласың
Өкпеңнің дерті қозғалтпағанда?
Ару анашым – аруанасың.
Ботаң ем. Босып... Боздап қалам ба?!

Із-түзсіз қайтып өше бересің
Аптыққан ауру кос өкпеменен.
Көзімнен күнде көшеді елесің,
Түн сайын сырқат төсектен көрем.

Кеудеңді нендей пәле қысады
Асыл тәніңді езіп, тек – күрмеп.
Өмірден, сонда зәрем ұшады
Өңірден осы безіп кеткім кеп!

Кеудеңнің зауал дертін білмедім,
Түн-ғұмыр соған тұйықталды ма?
Жетім күндерім, жесір күндерің
Өкпеңе шер боп ұйып қалды ма?!!

Сені іздеп талай қиырға барам
Жаутаңдап жұрттың қарайды үміті.
Ақ сүтіңнен кеп құйылған маған
Ақындық деген – Абай рухы.

Із-түзсіз қайтып өше бересің
Аптыққан ауру қос өкпеменен.
Көзімнен күнде көшеді елесің,
Түн сайын сырқат төсектен көрем.

Күйіктен өрттей жана ма кеудең?
Тастай қашсам ба кең даланы мен:
Өмірге ақын адам әкелген
Ананың шерін мен ғана білем!

Кешермін ата тірлігін мен де,
Көшермін бір күн жырымды ап жырақ.
Өмірге менің кіндігімнен де
Бір бала келер шырылдап жылап.

Сол бала... ағып көзімнің соры
Өлеңімді оқып толғана ма шын-ақ?
Ақымақ болса -- өзінің соры:
Ақын болмасын сол бала, бірақ!

От құйып Муза жалыны арыма,
Өстіп мен енді маздап-ақ өтем.
Бір Ақсұңқардың шаңырағында
Бір ақын болса аз бола ма екен?

Күйіктен өрттей жана ма кеудең?
Тастай қашсам ба кең даланы мен,
Өмірге ақын адам әкелген
Ананың шерін мен ғана білем...

Кеудеңді нендей пәле қысады
Асыл тәніңді езіп, тек – күрмеп.
Өмірден сонда зәрем ұшады
Өңірден осы безіп кеткім кеп!

ЕЛ МЕН ЭПИГРАФ
Адам бір боқ – көтерген боқтың қабы.
(Абай)

Мәстігіне жауыр шығып,
Келісабын кетпен ғып, --
Еттен өткен қайыршылық
Сүйегіне жеткен жұрт –

Ел бола ма, уа, тектім,
Ғасыр да өтті, жосып жыл:
Асхана мен туалеттің
Арасында босып жүр…

ЗАМАНА КЕЙІПКЕРЛЕРІ

Күлембайым – тоқ.
Көжекбайым – топ-топ.
Оразбайым – көп.
Лермонтовың – жоқ…
Жоқ!

Дүтбайларым – мас.
Алшынбайым – жас.
Ерболдарым – бір-бірімен -- қас.
Әбіштерім – аш!

Шәкәрімім – шет елде.
Шәйірлерім – назарда.
Шәріптерім – отельде,
Тоғжандарым – базарда.

Күңгірт тұман -- санада,
Жаным дертті, сірі әрі.
Өлген Абай ғана ма?!
Өзгелері тірі әлі.

ЖҰДЫРЫҚТАЙ ЖҰМЫР ЖЕРДІҢ БЕТІНДЕ
(Р. РОЖДЕСТВЕНСКИЙДЕН)

Жұдырықтай жұмыр Жердің бетінде
Жұдырықтай пенде еді бір – болғаны.
Кіші кісі. Кіші – қызметі де.
Партфолі де жуан емес қолдағы.

Аз-мұз ғана еңбек ақы...
Күлкілі:
Алтын берсең – ашкөз емес – алмасты.
Терезесі дүрсілдеді бір кџні –
Атып тұрса:
Соғыс деген –
Албасты!

Алды ол сонда кіп-кішкентай автомат,
Кіп-кішкентай етік көрдім кигенін,
Кіп-кішкентай каска көрдім қат-қабат
Өз бойындай – кіп-кішкентай шинелін...

Шабуылда елді ол. Қашып кетпеді!
Үні естіліп шықырлаған тісінің...
Мырза – жердің мәрмәрі жетпеді
Құйған кезде
Сол кісінің
Мүсінін!

ТҮСІМДЕ
Е, мына жер киелі.
Киеліні күллі түркі сүйеді.
Төрінде оның текті қазақ отырған,
Тексіз де отыр аузы-басы күйелі.

Маған,бірақ,тексізі оның тап келді.
Тап келді де жау көргендей шап берді:
Қасапшы екен, көтеріп қап балтасын
Жүрегімді ортасынан қақ бөлді!

Мұп-мұздай боп суып кетті түр-өңім.
Түнек болдым.
Күннен түскен нұр едім.
Лүпілдеп тұр аяғының астында
Қазағым деп шырылдаған жүрегім…

Құлап барам түрегеуге жарамай,
Қара қаным – ағып жатқан қара май!
Әлгі қазақ жүріп кетті…
Қазақтың
Шырылдаған жүрегіне
Қарамай!!!

Түсімде де,
Өңімде оған жолығам,
Өз түсімді өзім сонда жорығам:
Бұ қазақты сүйетінім шын болса,
Бұ қазаққа күйетінім шын болса,
Мен де өлермін тексізіңнің қолынан!
***
Сансыз елесті сандалып шалған,
Сұмнан да талай алданып қалған,
Қудан да талай алданып қалған кісі едім.

Мен қайдан барып Алашқа ара түсейін?
Бар ма уың – әкел!
Көзімді жұмып ішейін!

ӘЗӘЗІЛ
Танимын Әзәзілдің түсін, жаным,
Көргенде қызарғанмын,
Қысылғанмын.
Мен оны Періште деп қалып ылғи,
Жұлып ап жүрегімді ұсынғанмын.

Әйгілі Әзәзілдің әлемге ісі.
Бірде – еркек ол сұм,
Бірде – әйел кісі.
Өзі бір еркек заттың бекзаты да,
Өзі бір әйел заттың бәдендісі.

Қашам деп сан жер құшып құладым да,
Құтылмай қайта кірдім бұл ағынға.
Шымырлап жатты ол ішкен шарабымда,
Шыңылдап тұрды ол екі құлағымда.

Жүрекке үміт-лай, күдік – тұнған,
Кеудемді тентек ой мен бүлік буған.
--Құлыным! – дейді біреу.
Жалт қарасам –
Әзәзіл!
Маған қарап күліп тұрған…

Танимын Әзәзілдің түсін, жаным,
Көргенде қызарғанмын,
Қысылғанмын.
Мен оны Періште деп қалып ылғи
Жұлып-ап жүрегімді ұсынғанмын.
Түсін, жаным…

Мен құсап елді әуреге сала ма деп,
Сұмдығын айтқам Алаш—Анама кеп.
…Өмірден өкініштен өтіп барам,
Сен де оны Періште деп қала ма деп.

ЭПИТАФИЯ
(Осында тірі жүрген бір пенденің
құлпытасына жазылған өлең)

Семіз доңыз,
Тоқ өңі,
Қарны түсіп…
Басып паң,--
Жүрген жері боқ еді…
Жүрген жерін сасытқан!

Исін сезіп шошындық,
Итеріп!
Іштен тынып құр.
…Көрінен де, о, сұмдық,
Күлімсі иіс шығып тұр.
***
(Ж.Б-ға)
Қытайды асқан асау Пегас—сандал кљк,
Аласұрса ауыздығын шайнар кеп.
Құлагерден қалған сенде қан бер деп,
Қоя бердің.
Самғап берді сандал көк,
Қайда тартсаң -- сонда барам, сардар,- деп.

Тәңірі –Көкте.
Тарихы –шаңда.
Ұлты –жыр –
Күлтегін мен Мағжандардың жұрты бұл.
Жылқы жүрген жерде ауып түркі жүр,
Түркі жүрген жерде шауып жылқы жүр!

Апай түсті жылқы мінез жұрт еді,
Асау көрсе алаулаған күрт өңі.
Арғымақтың сыпырып ал жүгенін,
Қайда тартса—
Сонда барсын түркі елі!

Дүбірі оның –
Дөңбекшіген шет қалып,
Шығыстағы Түркістанға жетті анық.
Кісінейді күллі тұлпар сондағы,
Шабатындай Сарыарқаны бетке алып.

Оның сыры мәлім біздей періге,
Мың сан табын жылқы біткен жеріне.
“Пегас”дейді ертедегі гректер,
Құлагер-ді ол – қазақ Ақан-серіге!

Басады оны топырақтың мысы кеп,
Алтын бесік туған елдің іші деп.
Қытай, Иран, Ауған асып кетсе де,
Киесіне бір келеді –
Кісінеп!

(Р. РОЖДЕСТВЕНСКИЙДЕН)
Күнәм көп қой.
Адал еді ниетім де.
Араздаса көрмеңдерші менімен.
Кешіріңдер, мына Жердің бетінде
Мен өмірге бірінші рет келіп ем.

Бірінші рет…
Пәктігіңе шөлдегем.
Бірінші рет көріп қайғы-шеменді.
Қайта тусам қателікті жөндер ем.

Бірақ, қайта келмеймін ғой
Мен енді.
***
Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін
(Мұқағали)

Уа, Дүние, есік аш!
Тәңірі өзі сиқырлы үн сап таңдайға, --
Елге келсем біреуі-- сау, екеуі -- неге есуас?!
Жазылғаны осы ма еді маңдайға?

Сонда жүріп сонар көкті шолғанмын,
Пегасымды жүгендеп.
Мұқағалидан сарқыт ішіп қомдандым,
Жұматаймен төс қағысып,
Төрт құбыламды түгендеп!

Күллі әлемді көкпар сынды аунатып,
Музаменен Көк пен Жерді шалғанда, --
Мұқағалидан ішкен сарқыт қанымды оттай лаулатып,
Оңбағанға ойран салдым,
Сайран салдым жалғанда!

Мен ішкен уды ішпесе екен енді ешкім,
Кешпесе екен мен кешкен сұмдық ойларды.
Бұ дүниеге енді мен қайта келмеспін.
Қайта келсем де салармын осы ойранды!

Уа, Дүние, есік аш!
Тәңірі өзі сиқыр үн сап таңдайға –
Елге келсем біреуі -- сау, екеуі -- неге есуас?!
Жазылғаны осы ма еді маңдайға.

ТӨРЕТАМ БАСЫНДАҒЫ ТЕБІРЕНІС
(А. Бөкейханның ата-бабалары жатқан жер).

Суға айналды мұз --
Есінен айрылып,
Уға айналды тұз --
Есінен айрылып,
Тікен болды гүл --
Есінен айрылып
Төрге озады құл --
Есінен айрылып.

Күн бұзылды,
О да заман лаңы.
Тас жылады –
Тау күңірене құлады.
Бұлт бұзылды –
Атом саңырауқұлағы.
Ұлт бұзылды – Рухы тұл.
Құл – әлі…
***
Ей, қойшы, ей, өмір!
Сабырымды әбден сарықтың,
Қарманып жүріп қалжырап қаусап,
Қалыппын.
Өмір дегенің – өзегің кеуіп, лапылдап
Өртену екен
Жиһанды кезіп жаңа ұқтым.
Ей, қойшы ей, өмір!
Талықтым.
Күйдім.
Зарықтым…

Ей, қойшы, ей, өмір!
Тақпағыңды айтып, тақылдап,
Күлесің неге аярлықпенен сақылдап
Түтіндеп, бықсып жатпаймын,
Кел де, тез өрте,
Көзің алдында кетуім мүмкін, лапылдап,
Табытқа қарай,
Тамұққа қарай жақындап…

Тәубеге түскен табытқа мәйті енгелі,
Көргенсің талай көрсоқыр небір пендені.
Жеңімнен тартып, мені де босқа салмақсың,
Жеміт іздеген жер құрты деп пе ең сен мені?!
Ей, қойшы, ей, өмір!
Кісі деп сол бір пендені…

Мен сені көріп кџн сайын күйіп, бүлінгем,
О баста-ақ сенің опасыз нұсқаң білінген.
Сен, құдай болсаң, жан берші дінгек денеме,
Сен, құдай болсаң, бал берші заһђәр тіліңнен!
Ей, қойшы, ей, өмір!
Түріңнен сенің түңілгем…

Бала жігіттей қойныңа барып еніп ем, --
Сайқал екенсің!
Түсіндім әбден сені мен.
Опасыз қу деп ойлама бүкіл пендеңді,
Ойнас қатынша ойнама деймін менімен,
Ей, қойшы, ей,өмір!
Түсіндім әбден сені мен.
***
Ойда жоқ жасыл жайлау… жар бұрымы,
Запыраны – шек-қарынның зарлы-мұңы –
Мен көрдім қырт пен құрттың патшалығын,
Аузынан ағып жатқан қанды іріңі…

Ішеді езуін – көбік сабындатып,
Күйсейді…
Дамыл да жоқ жағында түк.
Күледі…
Несіне осы мәз болады,
Аузынан қанды іріңі ағып жатып?

Тәңірді тәлкек қылған мен екен деп,
Мәз-мейрам бұ да болса келекем деп.
…Құранға шығып нан жеп жатқандарды,
Құдай да елемей тұр –
Ел екен деп.

АРМЫСЫҢ, ЖАҢА ҒАСЫРЫМ!
Армысың, Жаңа Ғасырым,
Аяз Ата аппақ сақалды!
Жасыл шыршадай жасылым,
Жасартшы кәрі жаһанды!

Желбіре көкте Көкбайрақ,
Ғасырың өтті қаралы.
Жасыл шыршаға тоқтай қап,
Жаһаны зулап барады.

Сары аяз, көк мұз-сақал да,
Жүректер бірақ, жүр ысып,
ХХІ келді жаһанға,
ХХ-сы көзден бір ұшып.

Кеттің бе, Қанның ғасыры?!
Келдің ба, Ардың ғасыры?!!
Атамның миы ашылды,
Әжемнің миы ашылды.
Әкемнің миы ашыды,
Анамның миы ашыды,
Менің де миым ашыды.

Ғасырың келер шағында,
Ашылып Алла аспаны, --
Тастады Ельцин тағын да,
Талақ қып,
Мүлде, тастады!

Алтын тақ тұрды жарқырап,
Ел-жұрт тұр шулап етекте;
Ақ патша кетті, даңқы ғап, --
ХХ дейтұғын бекетте.

Естіліп дауысы жасынның,
Төңселіп кетті тақ күллі.
Астына Жаңа ғасырдың
Ақ патша тәжін лақтырды!

Жақыннан көріп жаһанды,
Саф алтын сонда жыр өрдім.
Тостаған толы заһарды,
Толтырып тартып жібердім
ХХІ тұрды қасымда,
Һас батыр құсап қасқайып,
Егіліп ескі ғасырға,
Ескіден бір зат тастайық

Алқындым,
Көкке шарқ ұрдым,
Оянсам ерте -- ақ таңда,
Жарқырап тұрды алтын Күн
Жалт қарап алтын тақтарға.

ДАУЫС
Замана көшті, жаңа ғасыр ауысып,
Ғалам –Дауыс,
Далам--Дауыс,
Тау іші.
Шыңғырады жапандағы құдықтан
Жанталасқан Шәкәрімнің дауысы!

Қара тобыр жек көретін һас тұлға,
Сені көрдім – қанды асудан астым да.
Қабірі жоқ Мағжанның – Дауысы бар
Қасіретті жеті қат жер астында.

Алашымды – «Адай» сынды күйлері,
Неге айдаһар астына сап иледі?
Елтай екеш – Елтай да елін есіркеп,
Колбин екеш – Колбин бізді биледі.

Алашымнан емген уыз
Уылжып терлеп-тепшіп кеп,
Көз алдымда қалай ақты көк сүт боп?
Көк аспанға жетпей қалған Дауысым
Өзегімде ұйып қалды өксік боп.

Е, о дағы сансыратқан сапар-ды,
Алаш дауысы –
Алла сынды қаһарлы.
Өзегімде қалып қойған сол Дауыс
Жалт қаратсын бүгін күллі жаһанды!

Көк байрақ-ты – Сүйінбайлар салған жыр,
Азияңды –
Адамзатқа жалғап жүр.
Шығысымда –
Ысылдаған айдаһар,
Батысымда – Самұрықтар самғап жүр.
Самұрықтар сайран салған жалған – бұл.

Алаш Анам,
Ару Анам,
Арысым!
Қасіреттен қанжылап тұр әлі ішім.
Шалынса екен құлағына Алланың
«Абылай!»-лап жауға шапқан Дауысым,
Дауда шапқан Дауысым!

МЕН ЖҮРМІН ӨҢ МЕН ТҮСТІҢ АРАСЫНДА
Құлазып Қарқаралы қаласында,
Мен жүрмін өң мен түстің арасында.

Асыққан асып ылғи бастан ісі,
Қайда оның аттап-аттап басқан ізі?
Ол жүрген кеңсеге де кіре алмаймын:
Отырған орыныңда –
Басқа кісі?

Дүние жым-жырт,
Тіпті, жел еспейді.
Мына жер – баяғы жер емес…
Мейлі!
Ол тұрған үйге де енді қарамаймын,
Көзіме неше түрлі елестейді!…

Бірге өскен туыс-бауыр,
Бәрі – осында,
Ол, бірақ, көрсетпейді қарасын да
Құлазып Қарқаралы қаласында,
Мен жүрмін өң мен түстің арасында.

Қарайып Қарағайлы қара жолда,
Қалыпты ескі газет парағы онда,
Басым бар.
Жүрегім бар.
Бауырым -- жоқ!
Бауырымды тастап кеттім Сарыобалға.

Қайғысыз қара суы – қайырлы асы,
Бүгін бар,
Ертең – жоқ.
Сол -- айырмасы:
Дүние – дүние емес,
Айхой , жалған –
«Ақбақай» дейтін әннің қайырмасы,
Аха-хау, арман-ай!

СПАРТА ӘЙЕЛДЕРІ
(Анам Һалифаға)
Гүлстандағы бейне гүл,
Болмысы бөлек,
Әлемі –
Спарта деген жерде бір
Әйелдер болған әдемі.

Жауһарға орау обал-ды,
Музаға рухы оранды.
Батырлар сүйді оларды,
Ақындар сүйді оларды.

Қыздары сынды перінің,
Періште елі кімде деп, --
Басқа елдің еркектерінің
Түсіне кірді түнде кеп.

Мейірімін төгіп көзінің,
Жүрегі тулап, дірілдеп,
Ерлерін ғана өзінің
Еміреніп сүйді пірім деп.

Аттың да тартып жалынан,
Айқасқа кіріп –
Құлпырды.
Спарта ұлдарынан
Ұрандап шабар ұл туды.

Шаттанды зеңгір аспанын
Шалқытып, орап шабытқа – от,
Ұлдары жеңіп қас жауын
Оралса елге –
Табыт боп!

Тұрды олар мәз боп,
Мастанып,
Жұмаққа барып енгелі:
--Құл туған екен басқа жұрт,
Ұл туғам екем –
Мен!—деді.

…Музаға беріп баласын,
Мұңды ойға батып не түрлі,
Қарқаралыда қалды қайран Анашым –
Спартаның әйелдері секілді.

(Р. РОЖДЕСТВЕНСКИЙДЕН)
Жылағың келеді.
Күлгің де.
Тарихым – таптар тартысты.
Жарты елім –қуғын-сүргінде.
Ит қосты оған – жартысы.

Қара жер қалды, қар құрып,
Іркінді сулар әр тұсы.
Айдалып кетті жарты жұрт.
Айдап жџр оны жартысы.

Қан елі –мынау.
Жау елі!
Орақ пен Балға – шар тұсы.
Жарты елім – «халық жауы» еді.
Ұстаған оны – жартысы.

Қан елі –мынау.
Жау елі!
Орақ пен Балға – шар тұсы.
Жарты елім – «халық жауы» еді.
Ұстаған оны – жартысы.

Арақтан басқа бірдеңе
Қалды ма?!
Қайда Маркісі?!
Жарты елім отыр – түрмеде.
Тергеуде –
Қалған жартысы.

ОЙРАНТАУ
Тауымнан шыға сала көкке өрлегем,
Желге еріп, жер кезуді жек көрмеп ем.
Ойрантау түрегеліп қарсы алатын,
Төбеден –төбені асып жеткенде мен.

Қараса менің жүдеу сұрқыма көк,
Уытты не бір дыбыс ұртыма кеп –
Таяқ жеп неше түрлі оңбағаннан
Боздағам Ойрантаудың бұлтына кеп…

Ойран сап құшағына кіре беріп,
Балбырап кететін мұз-жүрек еріп.
Бас салып бауырына тартушы еді-
Ойрантау –
Орынынан түрегеліп.

«Ер – туған жерге…» дейсің.
Мақұл, көкем,
Кетейін, болса болмыс-затым –бөтен.
Ойрантау мені күтіп отыр ме екен,
Жабығып жаны елегізіп жатыр ма екен?

Келейін, кел десеңіз, сүйіне де,
Кетейін, кет десеңіз күйіне де.
Ойрантау ойран сал деп, сайран сал деп,
Жіберген мені мынау дүниеге.

Көзімнен жасым ағып сорадайын,
Не таптым?
Қой, қойымды қоралайын:
Сап бітсем ойранымды, сайранымды,
Ойрантау,
Енді өзіңе оралайын.

Шаршадым…
Ерке ұлың ем ер көңілді,
Ел білер,
Жел біледі ертегімді.
Күйбеңдеп кетсе тағы кџйкі дүние
Жіберіп аларсың бір тентегіңді.

Күйініш, сүйініші мол ғаламда,
Ол-дағы толғар менше – толғағанда.
Ойрантау,
Етегіңде туған бала
Ойранын салмай қоймас оңбағанға!

Патшасың, мейлі,
Тіпті, құл едім де,
Білегің үлкен болғай,
Жүрегің де.
Па, шіркін, оңбағанға ойран салып,
Жүргенге не жетеді бұл өмірде.
***
Әу баста сұм Әзәзіл періште еді,
Тәңірдің тезіменен келіспеді.
Бұзды да Адам ата – Һауа Ананы,
Бездіріп жіберді ғой Періштені.

Алдына ап ғаламды Алла тербетуде.
Қақы бар кімнің бізді шерлі етуге?
Ғарышқа ұшып кетіп періштелер,
Күнәһар біздер қалдық
Жер бетінде.

БӨРІЛІ – ҰЛТТЫҚ БАЙРАҒЫМ
Бөрілі –
Ұлттық Байрағым.
Сүйінбайша сайрадым.
Ұлыған сайын байрағым,
Менің де қозар қайдағым…

Маза жоқ күндіз,
Түнде –ұйқы.
Ашылып күнде араны, --
Көк итті қуып, күллі итті
Көк Бөрі ұлып барады!

Көзінде жасы тұныпты,
Күпті боп шерлі күй-көңіл.
Ит-өмір оны ұлытты,
Бізді де құртты ит-өмір.

Жүрегі оның өр, түкті!
Қызарып қызыл көзі ісіп;
Жемейді итше жемтікті,
Өзінің қанын –
Өзі ішіп!

Көгіне кегін төккелі,
Талақ қып иттік-құлқынды, --
Ұлыған сайын Көк Бөрі
Уытты не бір ұл туды.

Көк Бөрі – жасын от-демі,
Ашқанда аузын сапырды от.
…Келеді қайтып Көк Бөрі –
Батыр боп!
Кейде –Ақын боп!

Көк Бөрі—
Ұлттық Байрағым.
Сүйінбайша сайрадым.
Ұлыған сайын байрағым,
Менің де қозар қайдағым…

МӘЖІЛІСҚОРЛАР
Осы сұмдық-ай, тағы бір мәжіліс өтсе екен,
Бар мәжілісті сол бір құртып кетсе екен.
(В. Маяковский)
Қазан қайда қаққа бөлген аспанды?
Володя!
Ұрпақ болдық – тастанды:
Көк төбеде күнде кеңес бұл күнде,
Мәжілістің – мәжілісі басталды.

Террористер бес қаруын сайланып,
Шешен қаптап, қағаз таудай тайланып, --
Шығып алды мінбелерге кіжініп,
Комиссарлар –
Министрге айналып!

Талақ—бәрі!
Қу пенденің құлқы ғап,
Бара жатыр қанның исі бұрқырап;
Азық-түлік министрі сөйлесе,
Аш-арықтың ішек-қарны шұрқырап…

Қап тауында қан мұхиттай жосылып,
Отырмыз ба ойынымыз осылып?!
Мұхит болды ГУЛАГ архипелагы –
Мылжыңдардың су сөзіне қосылып!

Тәңірі қайда?!
Көз жіберсең жоғары,
Аспан жақта от ойнайды, оқ әні!
Пайғамбар кљп қызыл тілін кенеген,
Мұхамбет пен Иса ғана жоқ әлі…

Сөз көбейсе,
Сезбей жүрмін не екенін,
Желмен бірге желпеңдейді етегім.
Жер бетінде ащы ішегім шұрқырап,
Аспан жаққа көз телмірту не теңім?!

Володя!
Бебеулеппіз бекер біз,
Талай мылжың өткен…
Біз де кетерміз.
Көк инені к… түрте білмейтін
Көкетантық елде туған екенбіз!
***
Жанарыңнан жалғыз тамшы мөлдіреп,
Терезеңнен жарық сәуле сөнді кеп…

Қара шашты сипағым кеп, қарағым,
Қара түнге қан жылап бір қарадым.
Қарағанды қап-қара боп кетті де,
Жұлдыз құсап зулап, ағып барамын…

Алай-түлей – өртенгендей бықсып көк,
Сақ-сақ кџлген Сайтан қоршап, сықсып кеп –
Жұлдыз құсап ағып-ағып түнектен –
Түстім жерге!
Жанып кеттім быт-шыт боп!!!

Махаббаттың мәрттігіне куәмін,
Бір рет өлсем, әлі талай туамын:
Ол-дағы бір нұры екен ғой Алланың,
Біздің жүрек жұтқан соның шуағын.

Жанарыңнан жалғыз тамшы мөлдіреп,
Терезеңнен жарық сәуле сөнді кеп.
Махаббат бір жасыны екен жаһанның,
Жарқылынан қалған осы –
Сом жүрек…
***
Мен жұмаққа бармаймын ба,
Барам ба?
Мен тәңірге жақпаймын ба,
Жағам ба?
Бес құрлық жоқ,
Бес жұлдыз да жоқ тіпті,
Таңғажайып бес әйел бар ғаламда.

Жұмаққа енді бара алмайтын шығармын.
Бес сұлудың сырғасынан сыр алдым.
Бес сұлуға ғашық болып бір күнде,
Атақ-даңқын бес құрлыққа шығардым!

Мен жұмаққа бара алмаспын, жарқыным,
Алды – шаттық бұ дүниенің, арты—мұң.
Бес сұлуға жаным Айдай албырап,
Құшағында – сары майдай балқыдым!

Ойламай-ақ одан басқа ешкімді,
Еміреніп жатып әзер ес кірді.
Шәрбәт жұттым бес еріннен егіліп,
Бесеуінің дәмі, бірақ –
Бес түрлі.

Жұмақ бағын кезу маған күлкілі.
Бес періште – айқаспайтын кірпігі –
Мені аспанға алып шығып көтеріп,
Бес құрлыққа лақтырады бір күні!

Жүрегімнің іші шемен,
Шерлі – үні.
Біледі ғой тау мен тас та,
Ел мұңы.
Бұ дүние мені ұната қойған жоқ.
…О дүниенің де ойы маған белгілі.
ххх
Қайран, шешем... Дуалы патшалардың тағынан –
Өзің салған ұяны -- өз үйімді сағынам.
Әуелетіп әлемі, бұлт бауырын кеп құшып –
Жеті құсың бар еді, -- жеті жаққа кетті ұшып...

Қайран, шешем... Күйіне ойға батсаң не түрлі,
Мынау Жарық Дүние – Құс Базары секілді.
Жасқа толып етегің, тұрсың мұңлық пішінде,
Жеті құстың екеуі жоқ қой соның ішінде...

Қайран, шешем... Дуалы патшалардың тағынан –
Өзің салған ұяны --өз үйімді сағынам.
Бір ұяда сол кезде жеті құс ек... Жеті құс!
Жас боп шықты сор – көзге: қайда кеткен екі құс!

Қой қайырып жүргенде – жетеу жеті елден кеп,
Жетеуіміз жүргенде... сайран еді-ау жер мен көк!
Қиқусыз һәм сайрансыз құс базары тұл екен,
Сол бір екі қайран құс қайда ұшып жүр екен?

Таптық енді қайдан біз, жас ағады жанардан...
Қанаты бар қайран құс ұшу үшін жаралған.
Шегін кезіп жер-көктің, қанатынан жыр есіп,
Мұңға батып мен кеттім Муза – құсқа ілесіп...

Қайран, шешем... Жүрегім аптығады ат ұрып,
Құс базары бұл өмір – Ақсұңқарың шақырып!
Соны шарлап қайтайын жырды көңіл хошы ғып!
Құстар әнін айтайын Нұрғисаға қосылып.
***
Менің ішкі дертімді сезеді ме,
Өксіп келіп тығылып өзегіне.
«Өлеңіңді тасташы -- дейтін анам, --
Өгей бола қоймассың өз еліңе...»

Алыс мұрат жеткенше зарықтырып,
Ақ тілегі алдымды жарық қылып:
«Айналайын, абай бол» дейтін сонсоң,
Ақжарықтан шығарып салып тұрып.

Көз ұяма көл тұнып – тұманданып,
«Иә...» дей сап жөнелем бұлаң қағып.
Аңдап басып, абайлай жүре алмайтын
Аяғыма қараймын күмәнданып.

Жасынынан жанымның от өріліп,
Өзегімнің өксігін өтер ұрып.
Ойрантауға көздерім түсуші еді,
Ойран дауыл кеудемнен көтеріліп.

Өлеңімді, бірақ та, тастамадым,
Өртенуден жоқ еді басқа амалым.
Екі арасын жол қылып жүріп алдым
Ақжарық пен ақ шаңқан астананың.

Әлі содан сыздайды көкірегім,
Кеше гөрші, анашым, өтінемін!
Бір қолқаңды өмірде орындамай,
Кеткеніме керемет өкінемін...

Ие болып малыңа, кетпеніңе,
Тауығыңа жем шашып, кептеріңе,
Қара болып қасыңда жүрер ем ғой
Сонда өлеңді тастап-ақ кеткенімде...

Маза бермей жаныма қойған ба бұл,
Мені үнемі батырып ойларға бір, --
Ойрантауға көздерім түскен кезде –
Көтерілген кеудемнен ойран-дауыл?

Талғанын көр құсыңның қанатының,
Ақжарықтың әуені салатыным.
Аспаныңнан күңреніп тіл қатады
Ана сүтін емізген ана тілім...

Өлеңімді сонан соң тастамадым,
Өртенуден жоқ еді басқа амалым...
***
Ана тілім, Алашымның көзі едің,
Өртенеді өзегім...
Үндемейді бесік жырын айт десем,
Өгей шеше -- өз елім?!

Бүгін – барда, жайлауда едім кеше мен.
Шарап ішем, қымыз ішпей кесемен.
Өзегі шер ұрпақпын мен азалы,
Өз анам жоқ...
Қалдым өгей шешемен!

Күнде – қарғыс, күнде – тергеу, сот маған.
Шатқан-бұтқан, оттаған –
Өгей шешем айналдырған ақ басын,
Өз әкемді танымайтын боп барам.

Зіл табандай -- өтер екен қайтып жыл,
Жаңа ғасыр көшіп келмей, тайқып жүр.
...Жас баладай ұйықтап кетсем балбырап,
Түсімде анам бесік жырын айтып жүр.
***
Аспаннан жұлдыз қарап тұр,
Ай қарап тұр.
Жерде өңшең пенделер: бай,
Манап,
Құл.
Бай, манап, құл деп бізді алаламай,
Алла нұры армансыз аймалап тұр.

Нұрға қалқып қыс қыстау,
Гүл шаһары,
Адамзаттың аппақ боп бұл сапары, --
Арда емгендей сімірем еміреніп,
Аймалашы, Алланың нұр шапағы!

Қазір бізде шер де көп, уайым көп,
Жүрегімнің кір-қоңын жуайын кеп,
Жүрегімнің кір-қоңын жуайын деп,
Жүрем кейде қайтадан туайын деп.

Нұрыңа, Алла, қай пенде ырза болмас,
Мені мынау қаладан қырға ала қаш:
Ақжарыққа анамнан туғандай ғып,
Алып бар да шомылдыр тыр жалаңаш!

Жарық дүние бусын да тілді-мұңды,
Бір күнім кеп ұзартсын бір күнімді.
Һалифа анам қайтадан босансын да,
Айкен апа кессе екен кіндігімді!

Осында кеп тағдырым түйіскесін,
Оңбағаны қайыра тиіспесін.
Қара жерден Ақсұңқар көтеріп ап,
Қайта-қайта маңдайдан иіскесін.

Қайта келіп жолықсын Ғалияң да,
Бекзат болып кетермін байып онда.
...Махаббатпен ғана Алла нұрын төгіп,
Тұрады екен біз сынды хайуанға.

ЖАРНАМАЛАР
Қарағанды қайта оянды қармана.
Көңіл – алаң
Көше – көк мұз.
Қар – дала.
Автобекет, аэробекет – жарнама.
Автобус та – ала құла жарнама.

Қазақ болып қашан осы найқалдым?
Аман болсам, Аллаға бір айтамын:
Шүршіт, қалмақ жеңе алмаған жерді кеп
Жаулап алды жарнамасы Сайтанның.

Арағың да, шарабың да – жарнама.
Қаласы да – жарнама һәм – сардала.
Шыңғысханды қазақ қылып жіберген
Қазақ отыр –
Қарап отыр таңқала…

Сұлу қыздар – Ай өңді.
Келіп қалған бізге,
Тастап қай елді?!
Мұнысы не, сонда қазақ, немене,
Көрмеп пе екен тыр жалаңаш әйелді?!

Былшылдапты!
Біз де жігіт болғанбыз,
Ат үстінен талай жұртты шолғанбыз.
Арулардың не біреуін алдымызға өңгеріп,
Аузынан бал сорғанбыз!

Әй, мынау кім атқа мініп,
Жалт қаратқан «Мальбороға» күллі елді?
Кім іргемді өстіп менің түрген-ді?
Керқұла атқа мінген кезде Кендебай
Бұлар жаяу жүрген-ді…

Жарнамалар құлқынды айтып, сандалып,
Жүрсең болды дейді, әйтеуір, -- жан бағып.
… Шыңғысханды қазақ қылып жіберген
Қазақ отыр –
Қарап отыр таңқалып…
***
Қай жаққа мені әкеттің тағдыр – тепең көк?
Қарашаңырақ қайда, қай жерді жүрмін мекендеп,
Қыс түссе болды, қысылып жүрем, күрсініп,
«Қарқаралыда да қар жауып жатыр ма екен?» деп.

Анаңның жүзін бір көруге де ділгірсің.
Қасында мен жо, шаруасы қайдан мыңғырсын.
Қыраулы қыста бұзаулап қалып сиыры,
Жем-шөбі қат боп, уайымдап жүр ме?
Кім білсін...

Шаруасы жұрттың жатқандай маған тіреліп,
Күтпеппін малын қасына, шіркін, бір еріп,
Өзінің сүтін емгенде кісі болғандай,
Несіне әуре –
Сиырдың сүтін жіберіп?!

Қай жаққа мені әкеттің тағдыр – тепең көк,
Қарашаңырақ қайда? Қай жақты жүрмін мекендеп?!
Ойлаумен жүрмін, қаһары қайтып қыстың да,
Сиыры жазда бұзаулап бітсе екен деп.

Аман ба, Тәте, адамзатынан бөлегім,
Тауыса алмадым дүниені, шарлап көлемін.
Барғанда жазда бұзауың тұрса мөңіреп,
Өзектен лықсып құйылар шерлі өлеңім...
***
Айтты түркі асқақ әнді,
Жыр мол еді сабазда.
Білге Қаған тасқа жазды,
Біз де жаздық қағазға.

Асау қанда – арын , қуат,
Алаудайын маздаған.
Сол өлеңді, жаным, бірақ,
Ақыл екен-жазбаған…

Оңған емен өзім де онша,
Ойран ойым көп енді;
Жанда рахат сезім болса,
Жазам ба сол өлеңді?

Қазаққа тән қайнаған кек,
Қара аспанмен қатар кеп,--
Көзін ашса – Баймағамбет,
Көзін жұмса – Махамбет…

Елден қалмай ереді елес,
Құпия екен нендей бұл?
…Бұл елге ақыл керек емес, --
Ақын керек мендей бір.

…Мағжан шаршап жатыр…кенет
Айдарынан жел есті.
Бұл елге, рас, Ақын керек,
Ақыл керек емес-ті…
***
М. Хамзинге.
Мекен етіп жер мен көктің арасын,
Мені тастап, аға-ау, қайда барасың?!
«Түрік маршын» бір тартып кет, қайрылып,
Цивилизация ақыл-естен айрылып,
Домбыраның шанағына қарасын!

Далада – көш, иінтрескен алды-арты,
Кісінеп-кісінеп көшкен жұртқа қалды аты…
Қарағанды-Париж,
Сочи-Көкшетау,
Шымкент-Техас,
Нью-Йорк – Алматы!

Муза –көкте
Басқа жұртқа қонады ол.
Есесіне – доллар менен ода –мол.
Біржан салдар тумайды енді бұ жақтан,
Поштабай – мәз,
Рокфеллер болады – ол!

Бұл дүние сүйеді екен оданы!
Соны ойласам көзіме жас толады.
Ақан сері – ақын інім айтыскер,
Күләш та енді Пугачева болады.

Мекен етіп екі дүние арасын,
Мені тастап, Аға-ау, қайда барасың?
«Қос басарды» бір тартып кет, қайрылып,
Цивилизация ақыл-естен айрылып,
Домбыраның шанағына қарасын…

ПАТРИЦИЙЛЕР ПАТШАЛЫҒЫ
…Ұрым қоғамы патрицшілер мен құлдар болып, екіге бөлінген де, патрицийлер шетінен сауатты, ғалым, не ақын-сүрей адамдар болған…
(Р. Тоқтаров. «Бітеу жара»)

Ғаламзатқа ғажапты айтып,
Адамзатты шомылдырып ғазалға, --
Бір базардан қазақ қайтып,
Келіп тұр бір базарға.

Сал-сері еді,
Бөлек еді,
Мәтел де –жыр, мақал да.
Тұла бойы өлең еді,
Төгіп шықты жаһанға.

Шатастырма басқаменен:
Тауын, тасын, қолатын.
Тау да –өлең,
Тас та –өлең,
Өлім де – өлең болатын!

Нұрда – Шығыс,
Батыс – күлде!
Айхой, сол бір алтын кез:
Поэзия ат үстінде!
Қара жерде -- қаңқу сөз!

Ел бар ма еді Сақтан күшті,
Жоқ оның да қан- сөлі;
Поэзия тақтан түсті!
Аттан түсті сал-сері!!!

Өн мен тџнге таңды қосты ол,
Жап-жарық қып сананы,
…Көріспеспіз:
Мәңгі хош бол,
Патрицийлер заманы!

Көкке нұрын шашып өтті
Дулат – Данте – барлығы.
Ақсүйектік – қасиетті!

Қасіретті тағдыры…
***
Тәте, биыл үйге осы шөп түсті ме?
Аз түсті ме тағы да...
Көп түсті ме...

Аппақ қарға оранып төңірек бұл,
Неге ұлып тұр ит-құсы, көні кепкір?!
Ала сиыр тағы да түсіме еніп,
Маған қарап қалай бұл мөңіреп тұр?

Биылғы қыс қабағын түйіп кепті,
Қарашада қарын да үйіп төкті.
Қарқаралы қалжырап суға зар боп,
Қанша шалғын шілдеде күйіп кетті.

Уайымдама, бір барам қасыңа, анам,
Көкірегімде -- көк пен жер, ғасыр алаң.
Қара сиыр қартайып етке өткенде,
Ала сиыр еді ғой асыраған.

Түсіме еніп ол неге мұңданады,
Бұлт астында бұлыңғыр Күн барады.
...Ала сиыр аш қалса, Ақсұңқардың,
Тұқымынан бұл жақта кім қалады...
***
Аспанға ұшып барармын әлі,
Бозарып…
Шауып…
Еңіреп…
Кеудемді қысып даламның әні,
Ғажайып шабыт кернеп.

Баратын жерге
Барармын әлі
Түндерде,
Күндіз,
Ақ таңда –
Тәкәппар көктен қарармын әлі
Жердегі жапалақтарға.

Мұң шағайын деп келген кезімде,
Керуендеп кетті ел,
Жұқлқынып,
Күйкі пендені көрген кезімде,
Керемет кектер
Тұр тұнып!

Бір кезде ел мені тыңдайды бір сәт
Тесіле қалып,
Таңданып…
Бір кезде ел мені тыңдайды бір сәт,
Есінен танып,
Арбалып!

Өмірім менің өлеңге кеткен айналып.
***
Бір ақын жүр біздің елде – көп емес.
Көрмеген жөн– көзді нұрға бөлемес:
Сүйген жері – қара таңба, қасірет,
Жүрген жері – айқай-шу мен төбелес!

Ұстанатын дәстүрі де, салты – ескі.
Жай жүрген жоқ…
Іздеп жүр ғой Дантесті!
Хайям анау --
Шарап құмар маскүнем,
Пушкин анау –
Дуэльде өлген қанкешті…

Қай ақын кеп жарылқады қай елді?!
Өзі – кедей, жақтырмайды бай елді!
Күйеді екен өз -өзінен өртеніп,
Сүйеді екен өңкей сұлу әйелді!

Бір ақын жүр қайғылы һәм күлкілі!
Қазақ- қалды, жырлайды екен түркіні.
Бұл түгілі Мағжан да от басқан,
Өстіп жүріп, өртенеді-ау бір күні!

Көк Бөрі деп өлең жазып не түрлі,
Көзі оттай боп, мазамызды кетірді.
Оны көрсе – біздің елдің иттері,
Дүрлігеді –
Қасқыр көрген секілді!

…Франция –
Франсуа Вийоннан әзер құтылды!
Ұлыбритания –
Байроннан әзер құтылды!
Қазақстан –
Мұқағалидан әзер құтылды!
Мынаның да түрі жаман, көкешім,
Көкке қарап ұлитығын сықылды,
Тұтып кетіп, құритығын сықылды…
***
Уа! Қазтуғандай Ұлттық Ақын туған жұрт,
Ұлттық Батыр туған жұрт!

Ит пен құсқа кетті есем,
Аруағы асқан, айбары,
Ұлттық Парламентке сен
Босанасын қай күні?!

Уа, Махамбеттей Ұлттық Ақын туған жұрт!
Исатайдай Ұлттық Батыр туған жұрт!
Көшкен жұртқа ілесе-
Ақ!
Көштен қалсаң – қауіп қыл:
Арғымаққа міне сап,
Астанаға шауып кір,
Ақ Ордаға шауып кір…
***
Алаш Анам – ғаламның қара нары,
Ит те, құс та жүрегін жаралады.
Оған қайтсін алаң боп, ақыл ойы
Асқазаннан аспайтын балалары.

Алаш Анам – адамзат бал арасы.
Дауда қалды қайып қара басы.
Соқтықпасын өзгенің қояншығы,
Өзінің де көп дімкәс шаранасы.

Ақыл айтып біреулер, шатып әрі,
Миын неге Анамның қатырады?
Ақымағын қайтеді ол өзгелердің?!
Өзінің де жетеді ақымағы...
***
Ақындар мен батырдың асыменен,
Қазақ жатыр ғаламға шашып өлең.
Поэзия –
Домалап бара жатыр –
Махамбеттің кесілген басыменен!

Кесілген бас –
Керегі оған әлі,
Домалайды көрсе оны одан әрі.
Хан Кененің басына кіріп алып,
Бір ғасырдай бірге олар домалады!

Жасындайын жыр көкте жарқылдасын,
Тәңірден де, пендеден тартынбасын:
Жерге қимай аспанға алып кетсін,
Мағжанның мұндағы алтын басын!

Неге оны аспанға алып кетті?!
Жерге қайта ойранын салып кепті:
Туды да енді сол Рух – Қасым болып,
Жасын болып…
Жарқ етіп–
Жанып кетті!

Жанып кетті…
Соғып тұр дауылы әлі.
Бұл өрт емес –
Атаңның аруағы!
Сол жасынның жұртында біздер жүрміз.
…Соңсоң, басың, әрине, ауырады…

МӘДЕНИЕТ САРАЙЫНДАҒЫ ПОЭЗИЯ КЕШІ
(Т. Тоқтамысовқа)
Бетон қабырға тершіп тұр,
Сап болып ескі таныс үн.
Ол –
Небір соломенцевтің
Естіген зілді дауысын.

Асқақ ой, ащы азамен,
Атойлап асау ділімде –
--Азаттық!
Неткен ғажап ең! –
Дедім мен қазақ тілінде.

Сарайға жетті көктегі џн,
Көшірер бђрін ол енді.
Кеудемнен шығып Көк Бөрім
Кең залды кезе жөнелді.

Телефон да үнсіз ұялы.
Ойнақ салады от өріп –
Арғымақтарымның тұяғы
Басына залды көтеріп…

Бұл дүние – дүние емес деп,
Елең де қылмай мұны түк –
Жібектер көзге елестеп,
Жезөкшелерді ұмытып!!!

Аспаннан жауып жүзін нұр,
Сарайдың іші – қызыл гүл;
Балқашта – ҰЛТТЫҚ РУХЫМ,
Жүректер сонда жүзіп жүр!

Махамбет қайтты Қараойға,
Асқақ ой жаулап сананы, --
Түксиіп тұрған сарайға
Түркінің кірді заманы.

Атой сап, айқой, келді жыр,
Шерлі бір қияң-қиясы.
… Егемен қылған елді бўл –
Қазақтың поэзиясы.
***
Көкжүйекке Күн батса тұрған күліп,
Ақжарық –
Түнекке ақ дидарын құрбан қылып –
Іңірде шешем жаққан жалғыз шырақ,
Жаһанды жіберетін нұрландырып.

Әке өткен шаршап тағдыр әуресімен,
Шығармай бізді өзінің тәубесінен.
Іңірде шешем жаққан сол шырақтың,
Жылынып өстік біздер сәулесінен.

Анашым, жан жабырқап дерттене ме,
Өксісең -- өзегіңді өрт көме ме.
Бес ұлдан – Берікболың жоқ демесең
Төртеуі төрт үй болды төрт төбеде.

Жоғалтып көзіңнің сол қарасын да,
Дүниеден жоқты іздеп барасың ба?
Төрт болды-ау, қайран көзің қайран шешем,
Төрт үй мен төрт ауылдың арасында.

Ойрантау ұшар басын бұлт алып кіл,
Шақырар мені өзіне бұрқанып бір.
Қолына шам ұстаған қайран анам,
Жолыма шырағыңнан нұр тамып тұр.

Білдім де көңілімнің күйі неде,
Сүйініп ғұмыр кештім, күйіне де,
Жолыма шырағыңнан нұр тамып тұр,
Қап-қара түнек басқан дүниеде...

БАЛЫҚТАР СҰЛТАНДЫҒЫ
Балқаш-Балықтар Сұлтандығының балығы,
Сұлтанын таныды.

Балқаштың да басқа шығып тұр қаны,
Жал толқындар жар қабақ боп бұрқады.
Келді бџгін Балықтар Сұлтандығының-
Сұлтаны.

Судан шығып – құрлыққа,
Бөгде болып кетіп еді бұл жұртқа.
Балықтардай еркіндікте жүзген-ді,
Біздер құсап көнген жоқ-ты құлдыққа,
Сұмдыққа!

Оған құрлық қашан-дағы тар болған,
Су Періге ол, Пері де оған арбалған.
Қайдан ұқсын басқа ел оны,
Көретін-
Балықтарды –
Сырахана, барлардан.

Балық сынды жан дүниесі, мүсіні,
Көлін көріп бір суып, бір ысыды.
Жерде туған кісі қайдан түсінсін –
Көлде туған кісіні?!

Суды – көк мұз,
Құрлықты – аппақ қар басып,
Ой – зілмауыр,
Омырауы қалды ашық.
Мұңайып тұр қос мекенді адамдай,
Көлде – Жұмақ,
Жерде – Тозақ арбасып…

Әлде, жанын өр толқындар жаныды?
Су адамы бір мәз боп, бір налыды.
Бәрі соның туған жердің шалығы:
Әке – осында, шеше – осында…
Осында –
Осы Жарық Дүниенің Жарығы!

Балқаш – Балқаштар – Сұлтандығының балығы,
Сұлтанын таныды.
***
Менің мұнда меншігім жоқ.
Ала бер!
Неге осы қызыл көз боп барады ел?
Анау аспан – құстардікі қанатты.
Ұрпақтікі – мына жатқан жер.

Жетпей қойды-ау соған елдің ақылы.
Аты да – ұлы, басқамыздан заты – ұлы –
Хафиздікі – Самарқан мен Бұқара.
Қай сұлуға берсе дағы қақылы!

Көзді арбаған дүниенің жолағы
Бәрімізге жетеді ғой, мол әлі.
Періштелер – ақ иесі жұмақтың.
Тозақ қана – пенденікі болады.

Қонды арқама ана тілдің киесі.
Ақынының өлең жұлын-жүйесі.
Артымда егер бір сөз қалса, оның да –
Алаш дейтін Асан Қайғы иесі!

Жоқ бұл жақта менің мүлкім, меншігім,
Мұңға толы Муза ғана жеңсігім.
Мен –
Осынау Жеке Меншік Дүниеге
Меншігі жоқ елден келген елшімін.

… Сені ойласам көзіме жас толады.
Сен білмейтін мұңды жырым мол әлі.
Егер, жаным, маған жаның ашыса,
Жүрегіңді ғана берсең болады…
***
Тәте, менің түсімді жорыдың ба,
Жиі барам ескі жұрт қорымына.
Біздің үйді біреулер бұзып жатыр,
Алтын сарай салам деп орынына.

Мас баланың кесірлі кескін-өңі,
Тоқтатпады сол елден ешкім оны.
Әкем шығып қабірден айғай салған,
Әлгі есалаң дауысын естімеді!

Ескі жұртта қай қымбат асыл қалды?
Сенің көзің, менің – көз жасым қалды.
Қырықтағы қып-қызыл орамалың
Оттай болып көзіме басылған-ды.

Жасыны ойнап Ойрантау күркіреп тұр,
Ақжарықта ақ нөсер сіркіреп бір;
Ақсораңым абдырап, Алла білсе,
Ақсұңқардың көшкен бұл жұрты деп тұр.

Көрмедің-ау, Тәте, сол зіл алабын,
Туған үйдің дүнк етіп құлағанын,
Туған үйім дүңк етіп құлағанда
Туған жердің еңкілдеп жылағанын?

Жүрмін қазір кеудеме бір ағын кеп,
Жүре берсем енді күрт сынамын деп,
Ақжарыққа жетіп бір айғай салып,
Аспан астын күңірентіп жылағым кеп.

Ойран таудың басында – ойран дауыл,
Ойран дауыл көмеді ойларға бір…

Қайда Жарық Дүние?!
Бал ашайын…
Бұлт ішінен бұлдырап қараса Айың—
Темірқазық төбемнен ағып кетіп,
Бораныңда боп-боз боп адасайын.

Омбылайын жаяу сап қарға түрен,
Жаным сенен артық па – жарға кірем,
Жардың асты – апаны қасқырлардың,
Қаншығымен кезіктір, арланымен.

Қаншама жыл жылыстап арадағы,
Бір келуге жаман ұл жарамады.
Шыға келсем ақ қардың арасынан
Мені көріп таң қалсын Қар Адамы.

«Кел» дегенін қиядан естіп Көктің,
Көкжиектен астым да – көшіп кеттім.
Көз жасым ед туған жер,
Көз жасымды
Мына опасыз дүниені кешіп – төктім…

Ақ басынан ақ қарды ақтара кеп,
Бораныңа ора да, тапта да кет!
Көз жас қатып, аға алмай омырауыма,
Баурайыңда қалайын Аққала боп…
***
Сайтанның ділінен
Қалмады жанда ерік.
Сайқалдың тілінен –
Бал беріп –
Тіліміз байланды,
Басымыз айналды.

Абайға қаратпай –
Тобырға қаратып,
Содырға – сабатып,
Обырға – талатып,
Сайтанның ақылы,
Таңдайға татыды.

Адамзат бекеті –
Гётеге жеткізбей,
Алланың макеті –
Меккеге жеткізбей –
Сайтанның ақылы –
Таңдайға татыды.
***
Өтті-ау, өмір – қанды уын емізіп,
Құл жемейтін қу жемтігін жегізіп;
Тұлпарымды – жабы тұғыр деді де,
Сұңқарымды – қара қарға дегізіп!

Өтті-ау, өмір – жон теріңді сыпырып,
Ақжарықтың өзінде Ай, Күн тұтылып;
Ақтайлақтан ала төбет арс етсе,
Ақмешіттің алпыс иті құтырып!

Өтті-ау, өмір – бос қиялға беріліп,
Менен қалып ақындық та, серілік,
Қарағайдай қалың елім бар еді.
Көзге содан бірер қара көрініп...

Өтті-ау, өмір жау – күшіктеп, дос -- өліп,
Қар жастанып, бауырға мұз төсеніп.
Қызыларайдан қия бетке шыққанда
Батыраш пен Қотырашы қоса еріп...

Өтті-ау, өмір Қасым рухы қамшы боп,
Өзегімнен өз қолымен аршып от,
Арқадағы аруағым – аза жыр,
Қарқаралы – көзімдегі тамшы боп...

КАРТА ОЙЫНЫ
Қолыма мен қарайын, сен де қара:
Алпыстан асса дағы пенде – бала.
Ойында кім жеңеді, ол белгілі,
Қолымда менің – Валет,
Сенде – Дама.

Әйелің неткен әсем ханша еді!
Құдай-ау, қалай маған таныс өңі?
Осындай перизатқа меде ынтыққам,
Жүрегім әлі содан қан ішеді.

Мұз едік, қыз деп еріп, қыз деп жібіп,
Болғанбыз біз де – сері, біз де – жігіт,
Әйелдер – талақ қылып талай ерді,
Табады сендей сұмды іздеп жүріп!

Бұл ару заманында асып-толған.
Қажыған ғашықтардын, асықтардан.
Тұлданып талай еркек ішіп кетіп,
Мұңданып талай ақын ғашық болған.

Сабындай қамшының ғұмырында,
Жүрген ол елдің сыбыр-жыбырында.
Буынып өлген небір шәйттердің,
Бұлдыр бір елесі жүр бұрымында…

Кеудесін жұбайыңның кернейді өлең,
Жүзіне қарай да алмай, терлей берем.
Бұл ханым сүйсе дағы Есенинді.
Жер мен Көк – сенің араң Сергейменен.

Е, қойшы, соны-дағы күйік деп пе ең?
Еңсеңді сенің басқа биіктеткен:
Пушкиннің жесірі де, ол тџгілі --
Оқалы генералға тиіп кеткен!

Қаладан мынау бикеш далаға кеп,
Көгалға аунаймын деп салады әлек,
Бұл үйге Качаловтың иті кірсе,
Қорқамын бас сап, қауып ала ма деп.

Қолыма мен қараймын, сен де қара:
Алпыстан асса дағы пенде-бала.
Ойында кім жеңеді, ол – белгілі,
Қолымда менің – Валет,
Сенде – Дама.

Ұстаймыз қызып кеткен шекемізді,
Тәңірі тауып қосқан екен бізді:

Көздірдің тұзы – сенің әйеліңде,
Әлі естен тандырады екеумізді…

БАЗАРДАҒЫ БАЯН СҰЛУЛАР ТУРАЛЫ БАЛЛАДА
40 градус аяз.
Алқынады қос өкпе,
Өмір бастан көшсе өстіп көшед те.
Базарда тұр Баян сұлу боп –боз боп,
Қозы Көрпеш күтеді оны төсекте.

Қап арқалап, буынынан әл тайған,
Келеді олар Стамбулдан, Алтайдан.
О, Баяндар! Жолың болсын қайда да,
Отыз жасқа толар -- толмай қартайған!

Жасай алмай жас дәуренін жас болып,
Өңшең цифр, калькулятор -- баста өріп,
Көздерінің оты сөніп, аруақтай
Плацкартта ішіп отыр – мас болып!

Қарағандыға келсе бәрін аттап кеп,
Қара табыт шығады одан қаптап кеп:
Бетін ашсаң – Баян сұлу өзіңдей,
Қара шашы кеткен қудай аппақ боп!

Көлдер кепкен қоғалы,
Ерлер кеткен…
Кімге соның обалы?
Баянсыз-ақ базар боп тұр найқалып,
Қодарлар мен Жантықтардың қоғамы…
***
Өмір сүріп келеміз өмір сүріп,
Бас та быт-шыт, жүрек те, көңіл – сынық.
Өзімізді өзіміз өлімші ғып,
Өмір сүріп келеміз, өмір сүріп.
Алдымыздан жарқ етіп көрінші үміт…

Сайтан қарап күліп тұр маған сық-сық,
Бықсық мына дүниеде барам бықсып.
Далам – быт-шыт, елі жоқ көшіп-кеткен
Қоғам – быт-шыт
Ошақ та,
Заман -- быт-шыт!

Бекежандар – жол тосқан Қособада,
Қоныс тойын жасады осы арада.
Секс келіп төсектен айдап шыққан –
Махаббат тұр…
Боздап тұр босағада!

Базар болар бар ма құт мекен бізге?
Поэзия!
Дүние тар екен бізге.
Жүр, ұшайық аспанға қол ұстасып,
Мына жақта орын жоқ екеумізге.

Күн түспей тұр гүлге де, ағашқа – нұр,
Кел де, пәле-жаладан аласта бір.
Кел.ұшайық аспанға!
Алладан бір,
Қуат алып қайтайық Алашқа бұл.

Кел ағызып құрғаған өзендерді,
Көрсетейік көзіне гөзелдерді.
Ана сүтін емгендей,
Алашқа бұл
Абай рухын емізер кезең келді.
***
Тәтетай, сары уайым, ой – қақтанып,
Жазбаймын баяғыдай ойнап шабыт.
Бір құйын Ойрантаудың басынан кеп,
Жүреді біздің үйде ойнақ салып.

Сол құйын баса алмай жүр солығын да,
Менімен ұқсастық бар порымында.
Біздің үй жоқ қой, Тәте... құлап қалған,
Жүреді ол біздің үйдің орынында.

Ойрантаудан басқаға көнбей келіп,
Құяды ол сол қорымға селдей болып.
Жүреді ол біздің үйдің жұртында ылғи,
Күледі ол сақ-сақ етіп мендей болып.

Таныдым өзімді оның келбетінен,
Бұрқанып мен де солай селдетіп ем.
Түстім де Ойрантаудан құйын болып,
Дауылдап жөнеп барам Жер бетімен.

Мен кеткем көл боп елден омырауым,
Баяғы қоңыр тірлік, қоңыр әнім.
Ашады ол небір зілдей есіктерді,
Басады ашпай қойса қоңырауын.

Ойран сап осы жұртта ол да, сірә,
Көз жетіп көңілі мәз болмасына,
Бейітті сендер жатқан шыр айналып,
Жөнейді Ойрантауға – ордасына.

Быт-шыт боп жатыр жұртта айран кесем,
Бұ дүние ойран екен – сайран десем.
Сол құйын жүрген кезде мені есіңе ап,
Орныңнан бір аунашы, қайран шешем.

ТОБЫРЛЫҚ МӘДЕНИЕТ
Қайда ұлы орыс әдебиеті?!
«На-На» алып алтын қонысты—
Қара тобырдың мәдениеті,
Мәңгіртіп кетті орысты!

Қайда ұлы қазақ әдебиеті?!
Айтыскер інім алқынды:
Қара тобырдың мәдениеті
Қара сан қылды халқымды.
***
Өзің – Ару.
Өзгеден өзің дара.
Көз алдымда мөп-мөлдір көзің қара.
Қайда кеттің елес боп егілдіріп?
Қалғаны тек – ғажайып сезім ғана.

Бұл өмірде көргенім –
Өзің ғана.
Өзің ғана…
Сонан соң төзім, нала…
Махаббат -- құс. Қонад та, кетеді ұшып,
Қалатыны – ғажайып сезім ғана.

Мен шыдаймын шерге де, азаптарға,
Мен шыдаймын көрге де, мазақтарға.
Сұлулық – жоқ!
Сұлулықтан бір-ақ сәтте
Жаралатын сезімнен ғажап бар ма?!

Сүймеймін бе, білмеймін, сүйемін бе,
Күй боп қондың домбыра тиегіне.
Сезім болып жүрекке кірдің- дағы
Сіңіп кеттің сен кџллі сүйегіме.

Таусылды ғой көз жасым тамып-тамып,
Табытта күт… Өрт жалын тамұқта күт!
Сені бердім біреуге…
Саған деген --
Сезімімді мәңгіге алып қалып.

Өзіңді ойлап талықсып көз іліп ем,
Егіліп ем, дөңбекшіп, езіліп ем.
Қара жердің қойнына түссем екен,
Осынау бір ғажайып сезіміммен,

О жақта да осылай еміреніп,
Мынау жарық жалғаннан Сені көріп,
Ғажайып бір осынау сезіміммен,
Жатсам екен дөңбекшіп, тебіреніп.
***
Дегелеңді дерт алды.
Қарқаралыны өрт алды.

Құдайсыз ғап, болды дағы құл – тұлға,
Ұлысым да аңырады, ұлтым да.
Генералдар көшіп кетті Мәскеуге,
Дегелеңнің дерті қалды жұртында.

Қарау пиғыл таңдайыма татыды.
Қара орманым өртке түсті-ау, ақыры.
Қараөткелден қарағайдан үй салды.
Қарқаралыдың қашып кеткен әкімі.

Дегелеңге дауасы жоқ дерт енді,
Қарқаралыда қара орманым өртенді.
…Алаш дейтін Ару қыз-ай, қайтейін.
Көрінген ит ашты-ау сенің көрпеңді !
***
Фәнидің көріп періштесі мен сайтанын,
Шалықтап жүріп, шартарабымды шайқадым.
Таңданып мұнда несіне жүрмін, алданып,
Жаһанда жалғыз қалыппын – жаңа байқадым.

Арасын кезіп Жұмағың менен Тамұқтың,
Қара шашымды ақ қарға малып алыппын.
Төрткүл дүниеде төрт құбыласын түгендеп,
Кететін пенде кемде-кем екен – жаңа ұқтым.

Жолаушы ем мен де, жолда сан жанмен жолықтым,
Қиянға шығып, төрт құбыланы шолыппын.
Жанды арбайтын қызылды-жасыл дүние –
Жанардан тамған кермек жас екен – соны ұқтым.

Ару Анам-ай, Ақсұңқар деген құсыңның,
Балапаны едім, қияға баулып ұшырдың.
Ана сүті мен сиыр сүтінің арасы
Аспан мен Жердей екен ғой – енді түсіндім.

ӘЛИЯ, МІНЕ, МЕН КЕЛДІМ
Шаршадым.
Шалдықтым.
Сенделдім.
Көз жасым көл боп, теңіз боп.
Әлия, міне, мен келдім,
Әлемді кезіп,
Сені іздеп.

Ел көрсем ерен, жер көрсем,
Саланы шарлап, сайға кеп, --
Сағынып үйге мен келсем,
Сен жүрсің: «Әкем қайда?» деп.

Шығып бір шалқар алдымнан,
Бұлаққа, көлге кідіріп.
Мен келдім Қарқаралыңнан
Ғажап бір нұрды сіміріп.

Кеңасу – парсы кілемдей,
Ақсораң – алтын айдары,
Жетісу мені жібермей,
Шатырша шандып, байлады.

Қаңғырып небір қайнарды,
Аспанға құшақ жайғам-ды.
Тауларда басым айналды,
Барларда басым айналды.

Таңғажап таңға таң қалдым,
Аққуды көріп, арбалдым.
Гәкку бір әнге салғанмын.
Келетін жерге жете алмай,
Кешігіп содан қалғанмын.

Ғасырдан көшіп –
Ғасырға,
Жүрегі сықап жасынға,
Жүреді әкең қасында,
Алатауыңның басында,
Қаратауыңның басында.

Феодализмде – мал бағып,
Коммунизмге алданып,
Ғасырдың көзі қанданып,
Ажал аузына сан барып,
Жан бағып жүрдім,
Сандалып…

Замана салып күрекке,
Шоғын да басты етіме.
Оғын да атып жүрекке,
Боғын да жақты бетіме.

Есемді – өксіп қайтардым,
Ғазалым сұмдық азалы.
Ойнасы болып Сайқалдың,
Сайтанның болдым мазағы.

Ағына тәнті ем ардың да,
Азабын шегіп – опындым.
Ашулы айдаһардың да
Алдына барып отырдым.

Жүректің жанды лапылы,
Жасыны ойнап жатса көк.
Сарайдың болмай ақыны,
Лашықта жаттым –
Патша боп!

Алашым кірсің бейішке,
Қадамы болсын қайырлы.
Мені оған қосып Періште,
Мені одан Сайтан айырды.

Шаршадым.
Шалдықтым.
Сеңделдім.
Көз жасым көл боп, теңіз боп.
Әлия, міне, мен келдім,
Әлемді кезіп,
Сені іздеп...

САЙТАН МЕН ПЕРІШТЕ
(Нұрлан Дулатбековке)

Өмір деген –
Сайтан мен Періштенің тартысы.
Сүюмен өтті жартысы,
Күюмен өтті жартысы.
Күлумен өтті жартысы,
Жылаумен өтті жартысы.

Өтті-ау, әбден қорлығы:
Жығып, естен тандырып –
Сойды Сайтан сорлыны --
Аузы-басын қан қылып!

Қайтем?
Тындым мен іштен,
Кісендеулі, шідерлі –
Сонда ғазиз Періштем
Өксіп-өксіп жіберді.

Күңіренгенде ол көрінде,
Кеп Музаға бөлегім, --
Қалған жарты өмірде
Жаздым соның өлеңін.

Өзекке өмір өртті сап,
Күйді күллі жеміті.
…Көктен түскен – Төрт Кітап.
Бесіншісі – менікі.
***
Сүйді түркі әйелді.
Әйелдей әсем әлемді.

Сұлудың көзі бет осып,
Күйген!
Сүйген қаталап:
Күллі Ұлттық Эпосы –
Ару қыз бен Махаббат!

Өтіп небір қатерден
Шығысты –
Батысқа жалғады.
Тоқал алды жат елден,
Басқа түк те алмады!

Құнын біліп тек, заттың,
Жанарында жүзді нұр.
Мәскеудегі бекзаттың
Бәрі-дағы –
Біздің ұл!

Құшағы – от, өртеді,
Елден ерек несімен?
Әйел көрсе еркегі
Танады әлі есінен…

ЦИВИЛИЗАЦИЯНЫҢ ӨЛУІ
Өзекке өрт толды,
Алланы зарлы ғып,
Абайды зарлы ғып.
Цивилизация мерт болды –
СПИД-ке шалдығып!

ПОЭЗИЯ
(Қасымның әуенімен)
Поэзия – әлі әсем жамалында.
Жаһан –Дүние тұр соның жанарында.
Троллейбуста жүр, әне, сақ-сақ күліп,
«Иномарка», «Джип»-тердің заманында.

ҚҰСТАР ПАТШАЛЫҒЫ
Жанартаудағы жарға, көп болды,
Бір-бірін шұқып, кимелеп, --
Қаптаған қалың қарға кеп қонды,
Калған жемтікке үймелеп.

Мәз болып осы алтын заманға,
Салулы төсек, салқын бақ, --
Қырандар көкте саңқылдағанда,
Күледі дерсің – қарқылдап!

«Аспаны астынан Алламыз іздер
Құс едік, зәузат сонша көп,
Қарға тамырлы қарғамыз біздер,
Е, қайтем қыран болса?!» деп.

Апан айналып асқан-ды бағы,
Жемтікке ғұмырын сарып қып,
Мұз басқан заңғар асқарды-дағы,
Аспанды-дағы – тәрік қып!

Бұ-дағы құстар патшалығы екен ғой,
Жарықтық…

МЕНТАЛИТЕТ
Біздің тұқымда
Қасқырдың емшегін емген
Бір адам болған…

Сансыз сауал сансыратып сананы,
Қайда деймін Кљкбөрінің заманы?!
Ол болмаса Олжас ағам қасқырдай,
Қас дұшпанға қалай жалғыз шабады.

Түпсіз әлем --
Түркі жұрты --
Жиһаны,
Маңайында үрсе де сан ит әлі –
Көкбөрім деп Шота Уәлихан ағам кеп,
Неге мені маңдайымнан сипады.

Осы --
Азат бөрілердің жері, елі.
Шерхан ағам – айбат шегіп,
Шер – өңі:
«Оқышы - деп – Монологын Қасқырдың»
Неге менің мазамды ала береді?!

Тектіміздің бір тұяғы кешегі, --
Шота ағамды ел киелі адам деседі.
Мағмұрланып сол бір көкем сипаған
Маңдайымның соры неге бес елі.
***
Арулар жүретін көшеңде – Салдақы!
Күләштің орны бос қалды.
Рухани астанам, Алматы,
Хош, мәңгі!

Қазақтың жоқ паспорт, мандаты,
Көшеңе Қытайдан керуен-көш барды.
Рухани астанам, Алматы,
Хош, мәңгі!

Маралтай – ақынның алды, арты,
Құшақтап қалды ма бос тамды?!
Рухани астанам, Алматы,
Хош, мәңгі!
***
Іздеп келем,
Белгілі таппайтыным…
Жүрегімнің түбінде сақтайтұғын --
Құпиямсың сен менің, жұлдызымсың,
Аспанымнан мәңгілік ақпайтұғын!

Ділім, міне!
Жат аруға жүрегім жүгінді ме?
Шайтанкөлде кездесіп қалып едік,
Күллі әлемде жоқсың сен
Бүгін, міне…

Шайтанкөлге сені іздеп талай бардым,
Сан барармын,
Әлі сан қарайлармын.
Бірақ, таппай кетермін ішқұса боп,
Келіп… кеткен… жолымен талайлардың.

Тәтті қиял жанымды тербетер кеп,
Мен сияқты мазасыз шерлі екен көк!
Арулардың жалт еткен жанарына,
Жалтақ-жалтақ қараймын сен бе екен деп.

Пәк жаныңа дерт түсіп, құса қыла,
Қанат таппай мен жаққа ұшарыңа.
Жүріп-жүріп адасып…
Сен де бір күн
Тығыларсың бір жанның құшағына.

Сағыныштан сарғайып шомған күзгі --
Жапырақпын;
Мені қой-қорғансызды!
Құшып сүйіп жатқанын білер ме ерің,
Бір ақынның арманы болған қызды?!

Шайтанкөлге сені іздеп талай бардым.
Жоқтығыңды білгенде қалай бардым?
Талай бардым.
Таба алмай қайттым,
Жаным,
Келіп…кеткен…жолымен талайлардың.

Іздейсің бе сен мені қуат көріп,
Жүрегіңді сағыныш—шуақ көміп,
Баяғыда
Біріміз-бірімізсіз
Өмір сүре алмайтын сияқты едік.

Іздейсің бе сен мені,
Далаға сан
Шықтың ба іздеп—
Муза боп мазаласам?
Неге ғана кездестің маған,
Кейін,
Іздеп тауып алуға жарамасаң?

Іздейсің бе сен мені,
Жөнелсе алып шырылдап сезім-бала,
Сабыр беріп жүр ме екен тәзім-нала?
…Қалай десең—олай де,
Осы өмірде,
Сүйген,
Сүйе білетін өзім ғана!
***
Келді ұмытқым сен жайлы жырларды да,
Граниттен қашалған тұлғаңды да.
Ай астында, аспаннан жасырынып,
Біз екеуміз шерткіскен сырларды да.

Барлығын да ұмытқым келді менің,
Кімге айтамын?
Кімді енді сендіремін?
Ұмытудан,-- жүректі суытудан,
Басқа лажым қалды ма енді менің?

Келем, бірақ, ұмыта алмай…
Қуат, күшім--
Сарқылды ғой,
Өзің кеп жұбат, құсым.
Кеткенменен ренжіп,
Сен де мені
Ұмыта алмай жүргендей сияқтысың.

Сенсіз өмір жоқ дегем де тегі бір күн,
Қоюлатты-ау, тағдырдың көгі бұлтын.
Сен ұмытшы әуелі мені.
Сонсоң
Мен де ұмытып кетермін сені, мүмкін?!
***
Кейде менен оянып қуатты кек,
Кеудемде кеп дүңк етіп құлапты көк.
Жетім болмай жатып та,
Қайран жүрек,
Жетімі үшін жер-көктің жылапты кеп…

Шөліркеген гүлге де дір етіпті,
Өлең болып сол сәтте шыр етіпті.
Өзі жылап жатып та,
Қайран жүрек,
Өзгелердің шаттығын жыр етіпті!

Сол жүрекпен жүріппін, тентіреп көп,
Сол жүрекпен сүйіппін елжіреп мен.
Білесің бе,
Мен күллі өлеңімді
Сол жүрекпен жазған ем,
Сол жүрекпен…
***
Бөрібай Биқожақлына
Аспанда – Алла,
Жерде – Алаш елің,
Алаштан алар еншің дара сенің,
Әуелден топырағына кие қонған
Әулие Атаның бір баласы едің.

Ән салып оңтүстіктің өрігі-ай – деп,
Арқада аунадың төрім-ай! – деп.
Көк Бөрі көкжиектен көрінгенде,
Атыңды Алаш қойған Бөрібай деп.

О кезде кәуіріңнің өктем үні,
Жер түгіл, шайқап тұрған көктегіні.
Алатау, Қаратау мен Ұлытау да,
Көкседі өзің сынды Көк Бөріні.

Осынау құз бен қия, өрі, белің –
Бәрі де – сенің жерің,
Сенің елің.
Қордайдың асуынан асып өтіп,
Әуелі Ұлытауға келіп едің.

Жүрсең де кезіп небір алыс қырды,
Алдыңда – Бәйдібектей арыс тұрды.
Сарыарқа саф алтынның буына сап,
Қайтадан Таласыңмен табыстырды.

Күн шығып, көзімізге шағылып нұр,
Зуылдап күндер өтер, ағылып жыл.
Өзіңді Сарыарқаның самалымен
Ұлары Ұлытаудың сағынып жүр...

ШАРАБЫ ОМАР ХАЯМНЫҢ
Омар Хаям шарап ішпеген.
(Тарихи дерек).
Омарға сенген болады Хаям,
Сенбеген кетпек Хаям да болмай.
(Ж.Жақыпбаев).
А. Біләловқа
Ішеді күллі ел, ішеді.
Мұздаған тәні қызынып,
Әдемі, әсем түс-өңі
Әп-сәтте лаулап – бұзылып.

Дүмпуге небір түскенде,
Жүресің іштей қызынып.
Ой-хой, бір бекзат көрдім ішкенде
Отыратўғын сызылып...

Тауға да ел шығып ішеді,
Күледі қатып ішегі.
Молда да тығып ішеді,
Министрлер де ішеді.

Ішсе де олар, тіпті, танаулап,
Аспанға ұшып барады.
Тік ұшақпенен аң аулап,
Апанға түсіп қалады...

Біреулер үрпек көздері,
Тџбінде соның зіл ұйып:
Іш дейді маған...
Өздері
Ішпейтін жандай жымиып.

Сыры оның маған аян-ды.
Біледі ғұмырбаянды,
Біледі Омар Хаямды,
Білмейді басқа Хаямды...

Тарихтан оқып кенел, кел:
Белі де шықпай бесіктен:
Ақындар ішкіш дегенді ол
Іңгәліп жатып есіктен.

Оны елге Омар таратқан
Рубаймен шарап жолдаған.
...Сол шалың, бірақ, шараптан
Ауыз да татып алмаған!

Ішпес ем қылғұрт пендеше
Тіліне еріп аярдың –
Оранып жырға келмесе
Шарабы Омар Хаямның.

Қаңқу мен өсек үш жүзден,
Үйіме енді қол салды.
Өзі ішпей, бізді ішкізген,
Жек көріп барам сол шалды...

Сыры елдің маған аян-ды.
Біледі ғұмырбаянды,
Біледі Омар Хаямды
Білмейді басқа Хаямды...
***
Ұмай – Ана.
Ұмай – Жыр.
Жатырында жанталасып тулайды ұл.
О, сүйінші, Омар туды қазақтан!
Бірақ, Хаям тумай тұр...

Тәубәмізге түселік,
Біз – қазақпыз, ғажаппыз деп күшейіп.
Үйіне кеп Омар Жәлел серінің,
Омар Хаям туғандай бір ішейік!

Асығымыз күлер кезде алшыдан,
Тарих шыға келеді ылғи қарсыдан.
Гректерден Ғомар туды дейді ғой,
Омар Хаям туды дейді парсыдан.

Туа берсін, тұна берсін – тұнық бұл,
Осы болар көш бастайтын уытты ұл.
Хаям тумай жатса енді қайтеміз?
Бүгін Омар туып тұр...

«Тектіден – текті туады» --
Атасының аузы неткен дуалы!
Айтқан сөзін ұқпай, арты – шу әлі.
Бүгін Омар туды біздің қазақтан.
Хаям туса – туар...
Кейін туады...
12.12.2004
***
Таң сәріде, Тәте, көзімді ашқанда,
Тұман – Дүние,
Жанарымда жас бар ма?
Берікбол да онша берік болмады,
Мені тастап ұшып кетті Аспанға.

Әзер өтті сенсіз зілді шердей – жыл.
Жоқтығыңа көңіл әлі сенбей жүр.
Серікбол да маған серік болмады,
Өзіне оның Серік керек мендей бір.

Менен мейір күтпе деп,
Қарғалар жүр қарда -- қара нүкте боп.
«Қайран шешем» дейтін күй бар қазақта.
Өзім бармын, сонсоң...
Басқа түк те жоқ.
12.12.2004.

АҚҚУЛАР-АЙ!
Аққулар-ай!
Сүйіне,
Күйіне де,
Өзгереді көңілдің күйі неге?
Өзегімнің іші бір толған өксік,
Не бүлінбей жатыр бұл дүниеде?!

Қашан бастан қатерді сын арылған,
Аяқ бассаң алдыңнан шығар ылаң.
Ырза емеспін өмірге,
Ол опасыз
Неге сені бөледі сыңарынан?

Неге шыңнан шынарды құлатады,
Неге жендет зәрінен зіл атады?
Пасықтарды неге оңай табыстырып,
Ғашықтарды неге оңай жылатады?!

Аққулар-ай,
Ғаламды кезгеніңде,
Пана таба алдың ба өздеріңе?
Қасіреттің тамшысы тұнып тұрған,
Қалай сенің қарайын көздеріңе.

Мен де сендей өлімнің өтінде өстім,
Керуеніне ілесіп нөпір-көштің.
Мұқағали Музасы қалса болды,
Өле берсің өзгесі –
Өкінбеспін.
Жалғыз құдай табынар сенде, менде –
Сұлулыққа ештеңе тең келер ме?!
Сен де мұны түсіндір қарғаларға,
Мен де айтып бағайын пенделерге.
***
Балжаласпады бақастар ақыры,
Үстінен төнді, өрді апат.
Қаншама марқұм қапаста жатыр,
Жер асты – алып көр-лақат!

Өмірдегі өксік мағыналардың
Өлеңге көшіп дірілі –
Запыран құсқан заманалардың
Сүйегі көрде шіріді.

Жоғалтты талай ерін жер беті,
Көбін талақ қып тастады.
Клеопатралардың керім келбеті
Көмескі тарта бастады...

Жұлдыз да жанып – сөніп қалады
Аспанда аздап сән құрып.
Лениннің өзі өліп барады,
Лирика ғана – мәңгілік.

БАЙЛАУДАҒЫ ИТ
Мынау үйге адасып неге келдім,
Және... неге келеді келе бергім?
Сені көрсем селк етем, менен басқа
Қорықпайды біреуі сенен елдің.

Жұртым бар ғой дегенге иланып-ақ,
Жырға шуақ алайын, миға – қуат.
Мырс-мырс етіп сыртымнан күлсін бәрі,
Құжыраға осы бір жиналып ап.

Қаңқу біткен біздегі бақ-талайға.
Жинап бәрін бір жерге сақтағай да.
Қарқаралда қырық қап өсегім бар,
Алпыс қабын қалдырғам Ақтоғайға.

Аман қалып мың қатер, бір апаттан,
Жүрген жанмын, ешкімге кінә тақпан.
Үй ішінде шиқылдап күлгенде олар,
Сыртта тұрып сен де үріп – рахаттан.

Иіс сезгіш, сақ құлақ, алмас тісі,
Кейінгісі не иттің, алғашқысы.
Бізді көрсе болғаны, бәрінің де
Қозады да тұрады албастысы.

...Көктің астын Көк Бөрі билеп өтіп,
Рухы қалды өлең мен күйге кетіп.
Көк ит келіп талайды содан бері,
Көзімізге көк шыбын үймелетіп.
2003-11

АЛМАТЫ – САЙЫН КӨШЕСІ
Тәңірі бізге тіл берген нұрға малып,
Бір-бір сөзі болады бір қаралық.
Батыс неге мәз-мәйрам – Секс деген
Сөздің өзін қазақтан ұрлап алып?!

Төскей менен төсекте мал басы – аңыз –
Жаһанмен де сол сөзбен жалғасамыз.
Алматыда Сайынның көшесі бар,
Ат шалдыра кетіңіз нанбасаңыз.
2003-05

ҚҰРШИДА ҚЫЗ
Қытайдан көшіп келген Құршида қыз,
Қыз емес пері еді ғой, құрсын, нағыз!
Он үште отауға ие жүгірмектер,
Шыға алмай, соның ғана уысындамыз.
Қытайдан көшіп келген Құршида қыз.
Өріліп жерге түскен қырық бұрым,
Мінезі-ай, мың бұралған қылықтының.
Сөздері балдан-дағы тәтті-ақ еді,
Көздері бұлақтан да тұнық-тұғын,
Өріліп жерге түскен қырық бұрым.

Әйелге бар ма қазір керегім деп,
Жүргенде бір жыладым мен еңіреп.
Әлбина әже айтыпты: «Құршидамды
Алатын жігіт болса беремін!» деп.
Сол күні бір жыладым мен еңіреп!

Құрбы ғой тел қозыдай жақын өскен,
Ауызда аңыз болып аты көшкен.
Шоқандай ұйғыр қызын алатұғын,
Біз сонда танып қалдық ақыл-естен.
Ауызда аңыз болып аты көшкен.

Қытайдан соғып, қырды бұзды дауыл,
Кеңестің баласы едік тізгіні ауыр.
Бір күнде Шоқан болып кіл жүгірмек,
Қашқар боп бара жатты біздің ауыл,
Қытайдан соғып, қырды бұзды дауыл.

Көңіл жүр күнде шарлап, есіп көкті,
Алдында ол көретін несіп көп-ті.
Бір қыстай бір партада бірге отырып,
Жаз шыға оңтүстікке көшіп кетті.
Алдында ол көретін несіп көп-ті.

Аймалап солтүстіктің желі, лебі,
Ешқайда жібермейді тегі мені.
Келгенде жыл құстары оңтүстіктен,
Көңілім өз-өзінен егіледі.
Аймалап солтүстіктің желі, лебі.
2003-06
***
Тәтетай, сары уайым, ой – қақтанып,
Жазбаймын баяғыдай ойнап шабыт.
Бір құйын Ойрантаудың басынан кеп,
Жүреді біздің үйде ойнақ салып.

Сол күйін баса алмай жүр солығын да,
Менімен ұқсастық бар порынында.
Біздің үй жоқ қой, Тәте... құлап қалған,
Жүреді ол біздің үйдің орынында.

Ойрантаудан басқаға көнбей келіп,
Құяды ол сол қорынға селдей болып.
Жүреді ол біздің үйдің жұртында ылғи,
Күледі ол сақ-сақ етіп мендей болып.

Таныдым өзімді оның келбетінен,
Бұрқанып мен де солай селдетіп ем.
Түстім де Ойрантаудан құйын болып,
Дауылдап жөнеп барам Жер бетімен.

Мен кеткем көл боп елден омырауым,
Баяғы қоңыр тірлік, қоңыр әнім.
Ашады ол небір зілдей есіктерді,
Басады ашпай қойса қоңырауын.

Ойран сап осы жұртта ол да сірә,
Көз жетіп көңілі мәз болмасына,
Бейітті сендер жатқан шыр айналып,
Жөнейді Ойрантауға – ордасына.

Быт-шыт боп жатыр жұртта айран кесем,
Бұ дүние ойран екен – сайран десем.
Сол құйын жүрген кезде мені есіңе ап,
Орныңнан бір аунашы, қайран шешем.
2003-06

ТӘТЕМЕ ХАТ
Сіз бен біздің ауысып мекеніміз,
Хатқа отырдым, келді күз, кетеді күз.
Мені ақын ғып жаратқан Тәңірі мен --
Әкем және Тәте сіз екеуіңіз.

Дүниеге ақын боп неге келдім,
Муза ұшты деп несіне ере бердім?
Алтынды ұстап көргісі келетіндей,
Ақынды ұстап көргісі келеді елдің.

Бұл ит жанды фәниден бақи – ірі,
О да болса құранның тақырыбы.
Алтын менен ақынның басты арбайтын,
Бар -- дейді жұрт -- алапат апиыны.

Барға барып ішкен соң,
Монша барып,
Кір қоңымнан кетпеспін онша ағарып.
Колы алтынға жетпеген аш арық ел,
Бір мәз болсын ақынын қоршап алып.

Суда – тегім,
Топырақ,
Желде – тегім.
Аспанда екем деп жүрсем – елде екенмін.
Алтынға аптап сөз айтқан ақынының,
Көрсін мына ел өзіндей пенде екенін.

Менде сұлу біткенге қарағыш ем,
Мен де елше сіміріп шарап ішем.
Ауаны ішіп абдырап мас болатын,
Адамзатта жоқ неткен ала құс ем?!

Қарқаралға бір қоынып,
Семей кеттім,
Күйеу болып Үйсінді меерейлі еттім.
Қарным ашты менің де, бірақ тағы
Қарға жейтін жемдікті –
Жемей кеттім.

Дүниеге ақын боп неге келдім,
Муза ұшты деп несіне ере бердім?
Алтынды ұстап көргісі келетіндей,
Ақынды ұстап көргісі келеді елдің.

Бұл да болса Құранның тақырыбы.
Фәниіңнен, әрине, бақи – ірі.
Алтын менен ақынның басты арбайтын,
Бар екен ғой алапат апиыны.
2003-06

ЕСКІ ЖҰРТТА
Қалай түспей тұрады жолым мұнда,
Қазығым да осы еді, қорығым да.
Құлап қапты біздің үй...
Төмпешік тұр –
Менің тұрған жұртымның орынында.

Ақын болып шатыспай, ағат ойлап,
Ақжарықта,
Соңынан ағатайлап –
Жүре берсем, құламай сол құжырам,
Мені күтіп тұрмай ма алақайлап?

Терезесі бәрінен жарық еді.
Шақырады шырақ боп әлі мені.
Һауа Ана – Һалифа балшық илеп,
Адам Ата – Ақсұңқар салып еді!

Қасіретті көз жасы – халық текті,
Ақ параққа қалайша тамып кетті.
Ақжарыққа бір құс кеп қара аспаннан
Алды-артыма қаратпай--
Алып кетті...

Қар да -- өлең.
Тау да -- өлең.
Ар да -- өлең.
Шыр айналып ғарышта -- шарда келем.
Ақсораңның бір ұлы тіршілікте
Тілдесуі керек қой Алламенен!

Алдымда тұр арбаған Аспан елі.
Алла соған туған әу баста мені.
Қара жерді ойласам,
Қайран дүние,
Қара көзге кермек бір жас келеді.

Қара өлеңде нем бар ед,
Қаралы елде?
Қарап тұр ма дүние қара өлеңге.
Аспаныңды қайтейін, ағатай-ау,
Ақсораңым қап қойды-ау қара жерде.

Терезесі бәрінен жарық еді.
Шақырады шырақ боп әлі мені.
Һауа Ана – Һалифа балшық илеп,
Адам Ата – Ақсұңқар салып еді!
2003-02
***
Мен –
Ұлыған Көк Бөрісі Даланың.
Ұлымауға амалым жоқ, амалым:
Күпті –
Сайран салған қайран көңілім!
Бітті...
Ойран – заманым!

Ақындардың соры – қалың, бағы – аз да.
Қара тағдырым – қасіретті қағазда.
Іш тартпасын көрдім саппас тобырдың,
Саппастығын сезіп қойған сабазға.

Көрдік біздер не бір қара беттерді.
Кеудемізді керемет бір кек керді.
Замандастың бәрі иілді заманға.
Біз тік тұрдық.
Бізді ол, сонсон, жек көрді.

Содан кейін сотталғанбыз сан рет.
Соттала сап ақталғанбыз сан рет.
Ақтала сап тағы да бір Сұмменен,
Сұмырайға тап болғанбыз сан рет.

Енді ақындар жекпе-жекке қатысып,
Мерт болмайды атысып!
Сотталмайды соры қайнап бостан-бос,
Ақталмайды қара бет боп –
Шатысып...

Көзге ешкімді ілмей,
Қырт –
Жердің бетін жаулап алған пілдей құрт –
Ақындарды ұстайды енді өзіндей
Өлімтікпен – бірдей ғып!!!

Мен –
Ұлыған Көк Бөрісі Даланың.
Ұлымауға амалым жоқ, амалым.
Құлдар сүйді –
Құл иелену заманын!
Сұмдар сүйді –
Сұм иелену заманын!!

Қайтем енді құлға кеткен есемді?
Қайтем енді сұмға кеткен есемді?!
Бітті менің заманым!
Хош, енді...
2004-12

ТӨРТТАҒАН
Мынау Әлем – Муза еді. Ән еді.
Шәмші менен Мұқағали – дәлелі.
Махаббатпен жүрегіңе нұр құйған
Әсем Әйел -- Әлемнен де әдемі.
2004-12
***
Қажет емес маған мына лас ғалам,
Мен бәрін де тәрк етіп тастағам.
Ғасырыңды –
Ғасырға айрыбастағам.
Жасыныңды –
Қасымға айырбастағам.

Мынау –
Менің Аспаным!
Аспанымда хақысы не басқаның?
Жұмыр Жерді –
Қызыларай тауына,
Марксіңді –
Мағжанға айырбастадым.

Өмір деген –
Қасиетті қас қағым.
Қасиетін енді сезе бастадым.
Самарқанды –
Бір сұлудың меңіне,
Өмірімді –
Өлеңге айырбастадым.

Тастаймын мен...
Енді бәрін тастаймын!
Тұранымның тұнығынан бастаймын.
Арафатты –
Аббасқа айырбастады.
Қазақстанды –
Алашқа айырбастаймын.
2004-12

БІР ҒЫЛЫМИ КЕҢЕСТЕ ОҚЫЛҒАН ӨЛЕҢ
Абайсыз – Алаштың,
Алашсыз – Абайдың жоқ күні.
Қара өлең екен қазақтың биік шоқтығы.
Дипломсыз Абай Аспанға жөнеп,
Жұртында--
Абдырап қалды қаптаған ғылым докторы.

Мағмұрланса маңдайы қушық тар ағай,
Маңайы оның – ызың-- да ызың-- арадай.
Абайтануға тағы бір аусар келіп тұр,
Албасты басқан ақкелеріне қарамай.

Мінбеден түсейікші!
Ішейікші...
2003-02
***
Бұ дүниеден баз кешкенде, қарағым,
Мен әкемнің моласына барамын.

Төрт құлақтан көрдім-дағы төрт Айды,
Төрт құбылама қарадым.
Коммунист боп қайтты ол—
Туып қазақ боп,
Зар заманның көрді күллі зарарын.
Мен --- кәуір ем...
Мұсылман боп барамын!

Кеше анамды жерлеп едім – таста тұр –
Бір тал гүл боп!
Басқа – кім?!
Жауабы жоқ сауалыма бас қатыр:
Құран ғана сөйлейді екен бұл жерде,
Құдай ғана сөйлейді екен бұл жерде.
Қайда сонда басқа ілім мен басқа тіл?!

Айырылған соң мал- жаннан,
Аса алмайсын Тәңірдегі талғамнан.
Алланың Нұры –
Фәнидің Жыры –
Бақидың Зілі –
Бұдан басқа түк көрмедім Жалғаннан!
2004-12
***
Сайран менің он сегізім
Аққудайын айнакөлде
Ақтоғайға арбалды.

Орда бұзар отыз жасым,
Қамал алар қырық жасым
Қарқаралда қалған-ды.

Қазыбек би жоқ, Әйтеке би де, Төле де,
Алдына барып бақ сынар.
Тоталитаризм – төбеде.
Төрімде кілең – қабағын түйген хатшылар.

Біреуге ұнар, ұнамас,
Түнектен Күнді шолғанда, --
Содан да қалған мына бас
Адыра қалмас Алашы азат болғанда.

О да бір ойран кез еді.
Өртендім – күйдім.
Егілдім – сүйдім, лақылдап.
Жанымның жасын кезеңі
Өзімнен көшіп, өлеңде қалды –
Лапылдап!

Көзімде – сорам...
Қайтейін соны сезбесе ел?
Көкірегіме көктей кеп Көктен жетті өлең.
Ел лағып жүрген кезде сол
Лапылдап жанып,
Мен қалай күл боп кетпегем?!.
2005-01-11
***
Жанын жасынға жаныған жұрт едік.
Көшін ұзатып тұрған шал—
Ақтамберді дейтін асыл-ды.
Түбім—Күлтегін.
Төңірегім—Біржан сал.
Қаным—Қасым-ды.

Вискиді сіміріп, жүзімнің өзін жүре жеп,
Кімге керек деп мына сор?
Шәміл екеуіміз базар басқарып жүрер ек,
Ол—тауға кетті...
Мен—дауға кеттім.
Кінә--сол!

Қап тауында үйірлі қасқырмен қоса өріп,
Етектен—кәуір, құзынан—дауыл соққылап,
Тауда жүр Шәміл қар кешіп, көк мұз төсеніп,
Мен—елде жүрмін.
Жетісіп жүргем жоқ, бірақ.

Төменде—ел.
Тәңірі—төбемде.
Өртенге кіріп, өртенді менің өзегім.
Базарға бармай, бағымды сынадым өлеңде.
Өзбекстан емес, өйткені, мынау--өз елім.

Өртеніп барады өзегім...
14.01.2005

СЕГІЗ ЖОЛ
Көктей өткен, Жаһан, сені
Көк Түркінің көзі боп—
Қазақ деген—Ақан сері.
Өлеңі—бар. Өзі—жоқ.

Ертеңгі күн елес әлі.
Бұлдырап тұр шашып от.
Қазақ деген—Кенесары.
Денесі—бар. Басы—жоқ...
15.01.2005

АҚЫН
(Марина Цветаеваның әуенімен)
Тәңірі нұрын құйған соң ой мен сезімге,
Қомсынып қоғам, ортаны, --
Менсінбейді ақын мемлекетіңнің өзін де.
Өйткені, өкімет өлеңнен өле қорқады.

Көргені азап Жерге кеп,
Аспаннан анау түскеннен.
Пері біткеннен именген емес пенде боп.
Өйткені, Рух – қаһарлы қара күштерден.

Түнектен кетті Ол – Жарыққа.
Жүрген жоқ мұнда күйкілер құсап көйіткелі.
Ақынды қарсы қоймаңдар Ұлы Халыққа,
Ол өзі – Халық, өйткені!!!

Сұм тобыр итше күшіктеп жатыр...
Тұлға – өліп!!!
Сайтанның сойқан зілі – бұл.
Құрыды ел құлға – құл болып!
Аллаға ғана бас иген Ақын тірі жүр!!!

Тәңірге сенген шүбәсіз,
Дана бас қалай – шала мас?!
Дүниеге тырдай жалаңаш келген Күнәсіз
Күнәға батып кетеді тырдай жалаңаш?!

Қара жер, хош бол, талақ дүниені таптап кеп,
Қарамай жанға, малға да, --
Келген бір пендең кетіп барады аппақ боп –
Аллаға!

Г. ИБСЕННЕН
Жан жағым – сұм. Көлеңдеген,
Ойды бұзған, оттаған.
Соңсоң, Сотпен -- Өлең деген
Өзімді-өзім соттағам...

ЖЕР ҮСТІ – БЫТ-ШЫТ...
(Фр. Шиллердің әуенімен)
Көңілді Тәңірі пендемен жылап көрісіп,
Жерменен көкте желбіреп кеткен етегі:
«-- Алыңдар –деді ырзығын Жердің бөлісіп,
Короліңе де, құл-құтаныңа да жетеді!».

Жауынгер бас сап – қорғанды,
Балалар алды баурайдың бәрін бал шығар.
Аңшылар – сыңсыған орманды,
Жайлауды алды – малшылар.

Жарылқап Тәңірі шерлі елді,
Ешкімнің қайтпай тауаны;
Сараңдар – Алтын белдерді,
Арамдар алды – Ауаны.

«Қайда барасың?! Менікі – Аспан, түсінсең,
Қайтеді, ей, мынау, қайт! десе?!
Ақша төлейсің ауа жұтқаның үшін сен!
Тұншығып өлгін-дейді енді олар -- әйтпесе!».

Келді Ақын лағып... Немене жүріс мұныкі?
Нені алмақ енді ол, қалғаны – қара табыт-ты.
Құмдардың өзі – құрылыстың құдайынікі.
Сулардың өзін сұмырай сұрап алыпты!

«-- Сен қайда жүсің, тәйірі?!
Жан едің неткен ақылы да жоқ, араны?!»
Ашуы буған Тәңірі --
Ақынға сонда алая, суық қарады.

«-- Кеше гөр – деді, тіл бітіп оған бір демде,
Бас тартар дейсің байлықтан мынау бекер кім?
Өзіңмен бірге ғаламзатты ойлап жүргенде,
Адамзатыңды ұмытып кеткен екенмін...».

Жымиды Тәңірі тереңіне сүңгіп ойлардың:
«-- Ұшып кет!-деді қанаттарыңды шалғанда от --
Мен саған анау Аспанды ашып қойғанмын!
Ақынға Жерде алданар түк те қалған жоқ...».

Өңім бе, әлде, түсім бе?
Алла – алқап, Аруақ – жебесін.
Мен содан бері бұлттардың жүрмін ішінде.
Қырттардың көріп жүргені – бұлдыр елесім...
25-01-2005

АБАЙ-ШӘКӘРІМ ГАЛЕРЕЯСЫ
Соңында сан сұрақ қап,
Алланы сап алдына, --
Абай Рухы Қарауылды бір аттап,
Келді Қарағандыға.

Шәкәрімді зарлатқан,
Мақашты да сандалтқан
Өмірің – «Үш Анық» -- бұл.
Қарағанды шыға салып КарЛаг-тан
Базарға кеп басы айналып,
Лағып тұр!

Біздер Мұзды Мұхитында тұрамыз.
Осы жерде дүниенің қызығы:
Галерея іші – 7-ақ градус!
40 градус – Казиноның қызуы.

Ер Кебекке Еңліктейін қыз ғашық.
Көрген күні, бірақ – тұл.
Ай маңдайын мұз басып,
Абай жылап тұр!

Түн де кетті, күліп таң,
Алты Алашты жынды ғып:
Шәкәрімнің Тәні шығып құдықтан,
Шыңырауда Рухы жүр шыңғырып!

Кім бар оған ілескен?
Жұрт базарда жүр шұбап.
Маңайым – Мұз. Сірескен...
Алламенен Абайда екен нұр-шуақ.

Есік жабар кезде Абай жалт қарады,
Мақаш ағам Мағжанды жыр қылып.
Дүние – шіріп барады.
Рух қалды – шыңғырып...
28.01.2005.

ӘЛКЕЙ МАРҒҰЛАННЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНДА
В Академии Наук
Заседает князь Дундук.
А.С.Пушкин

Азғын дүниеде –
Арым қарықты.
Жаһанда шексіз –
Жаным тарықты.
Һас Қазақты іздеп, --
Қаным зарықты.
Хакім – Абай да,
Ақын – Мағжан,
Ғалым – кетіпті...
Залым – қалыпты!
28.01.2005

1819 ЖЫЛҒЫ АНГЛИЯ
(П.В. Шеллиден – 1792—1822)
Королім – соқыр! көрмей -- өзінен басқаны,
Бостандығымның сол боп тұр сойқан һас жауы!
Мұрагер-принц те кәрі қақбастан аспады, --
Ұлы Англияны аяқ астына тастады!

Биліктен қайыр күтпей,
Көп –
Ұры боп кетті ұлысын жауша үптей кеп:
Бір үзім нанды көрсетші, мына аш тобыр
Алдыңнан шықсың иттей боп!

Қисайып заңның қазығы,
Әрбір әрібі –
Алтынның ғана жүріп тұр асқақ әмірі!

Төбеден Сайтан тұр ұрып:
Қазыналық билет құны жоқ қуды ірі ғып;
Бостандық -- өлді! Король мен кір, лас – кірігіп!!
Мен білсем, қанның тұр әлі сезбей исін Ол,
Сезсесе оны кенет... кетуі мүмкін – тіріліп...

БЕС ЖОЛ
Аспанның асты – аппақ нұр,
Құяды нөсер қара бұлт кетсе қаптап бір.
Қарау ой – бізде! соған да, мүлде, қарамай,
Кең Алла әлі сақтап тұр!
Қалай сақтап тұр?!

МАРИНА ЦВЕТАЕВАНЫҢ ӘУЕНІМЕН
Әрбір Жырым – Махаббаттың Баласы.
Заңды, не заңсыз туған шамасы.
Әкесінің кім екенін кім білген?
Менмін Оның Анасы.

Жұмақтың да, Тозақтың да орны –
Жүрегімде.
Содан – кие қонуы.
-- Әкесі – кім? – Патша шығар?!-дейді жұрт.
Мүмкін, тіпті, ұры – қары болуы.
29.012005

«ҚАЗАХФИЛЬМ» МӨЛТЕК АУДАНЫ
(Дәутәлі Стамбековке ескерткіш)
Дәутәлі дейін ағаны
Қалдырдым қандай иірімге?!
«Бауырым!»-дап, -- басым лағады,
Бармаймын «Қазахфильмге!»

Барын да, сырахананы
Көңілім аза-күй қылды.
«Көке!»-леп көзім ағады –
Көрмеймін «Қазахфильмді!»

Көрінер елес көп – демде,
Көмейге кермек жас тұнып.
«Қазахфильмнен» өткенде
Көзімді жұмам тас қылып...
29.01.2005

ШЕЛЛИДІҢ ӘУЕНІМЕН
Махаббат -- Өрт.
Жанып барам!
Саған еріп – шарықтағам:
Бұла сезім өртеп сонда
Бұлтта – бірге қалықтағам.
Күнге кетсең, қайтем енді,
Күл боп Жерде қалып барам...
29.01.2005

РАЙНЕР МАРИЯ РИЛЬКЕНІҢ ӘУЕНІМЕН
(1875-1926)
Өмір деген әрі – ақиқат.
Әрі – аңыз.
Қасиетті кітап қой ол – қараңыз:
Құдай ғана жазады оны. Біз оның
Кейіпкері ғанамыз.

Жаңа парақ...
Ашылған жоқ ол әлі,
Арқаңа кеп кейде аруақ қонады:
Астамсынып, қалай аласұрсаң да
Тек Тәңірдің тезі ғана болады.
31.01.2005

ҚАЗАҚ
Көк Тәңірі – Көгімде.
Көк Түркі – Жерде еді.
Бір кие бар менің тегімде.
Кеудемді керім жыр кернеді.

Ой қырда алуан ой кештім,
Өлеңнен өңге бір сөз білмей.
Көктегі Тәңірмен сөйлестім,
Жердегі жәндікті көзге ілмей.

Дүниеден көңілім баз кешті,
Сөзіме тұшынды қай керең?
Жолымнан Мұхаммед кездесті,
Исамен жолықсам қайтер ем?!

«Құдайдың ұлы» деп... ел неге
Құлап жүр Кресті жалап құр?!
Тіріде бас имен пендеге,
Көгімнен Көк Тәңірі қарап тұр!

Жүрекке Құраннан қонды аят,
Жаным мен қанымда ғажап – көп.
Қалмақ та, шүршіт те болмай-ақ,
Түркіден кеттім де Қазақ боп, --

Аярдан Алашты тірі ап қап,
Аспанның астын бір шайқағам;
Маяковскийді бір аттап!!
Мағжанға кеп тұрмын қайтадан.
31.01.2005

НЕКЕ САҚИНАСЫ
(Шандор Петефиден)
Сал аурудай, салқын қаны,
Келді алдыңа шерлі ерің:
Мынау алтын сақинаны
Танисың ба, Зергерім!

Бір әйелді сүйіп ем ғой
Көңілінің хошы – нұр?
Соған бола құйып ең ғой
Сақинаңды осы бір?!

Жатқа құлап! құсамын мен
Қанжылатты ол қанша күн?
...Кесіп алдым пышағыммен
Бүгін соның саусағын!

Қалған бағыт—бақи-дағы!
Қалай мұнда жай табам?
Осы опасыз сақинаны
Балқытып бер қайтадан!

Құй қайтадан! Қу өмірде
Кесіпатқа кенеліп;
Шарқ ұрған тұл жүрегіме,
Алқынған сұм жүрегіме
Жіберейін жебе ғып...
6.02.2005

АНДРЕ ШЕНЬЕ
(1762-1794)
Мен – құл едім
Ел – құл еді.
«-- Кісеніңді шешем!»-деп,
Ұры-кәззәп, делқұл енді
Кезеніп тұр көсем боп.

Басып өтіп даланы һәм қаланы –
Қан сиген бір ғасыр өтіп барады.
Азаттыққа асық етіп Халық дейтін Баланы,--
Аяр!сенің кісенімді алғаныңды қайтейін,
Қанжығаңда Басым кетіп барады...
31.01.2005
***
Наполеон елінің еркесі -- өр,
Көсіле жамылған көрпені.
Мәскеуді бір рет өртесе ол,
Едіге – үш рет өртеді.

Түркінің тағы бір өркені,
Тәңірдің нұрына бөленген, --
Үйсіннен – Жамбыл кеп өртеді
Мәскеудің жүрегін -- өлеңмен.

Жасынды жалмаған ұртымен,
Түске еніп Доспамбет көкем-дүр –
Енді кеп мен шықтым Түркіден
Дүние не болар екен бұл...
3.02.2005

ПЕТЕФИДІҢ ӘУЕНІМЕН
Ұйып жатыр сөзіңе –
Кім?
Қарап жатыр көзіңе –
Кім?
Өз еліңде өзің –
Өгей!
Өз жеріңде өзің –
Жетім!

Қап-қара бұлт бастан өріп,
Арам шөбің тастан өніп.
Арамза, сұм семіреді,
Адал ұлың аштан өліп...
6.02.2005
***
Адам –
Түрі түтігіп,
Қызыл тілі тұтығып,
Келген кезде құртуға
Кетеді ылғи құтырып!

Тектім көшті дүркіреп,
Құл болмай-ақ құлқынға.
Құнанбайды құртып ек,
Құлдық қалды – жұртында.

Күмбез құлап аспандай,
Болдық қара басқандай:
Құм жиылып –
Тас болмай,
Құл жиылып –
Бас болмай...

КҮН КҮЙІП ТҰР...
Күн күйіп тұр.
Басылмаған солығы –
Өңкей сылқым ыссы ауаға молығып –
Ақжарыққа жетіп келсек, ауылдың
Арулары жатыр екен шомылып!

Құлаққа кеп сиқыр судың шолпылы,
Асыр сап тұр Ақжарықтың толқыны.
Аққу біткен суға түсіп аспаннан
Ақыл-естен танып қалдық сол күні.

Аққу біткен үрпиісіп сол бетте,
Гәккулейді көлін көміп өрнекке.
...Қанатының жоқ екенін көрген соң,
Сүңгіп кеттік қолмен ұстап көрмекке.

Нұрға тұнған көл менен жер, ауа бар,--
Бір сәт туды жан-жүректі дауалар.
Көргендей боп алғаш Адам Атаны
«Аттан!» салды сонда қайран Һауалар!

Көмейінде көңілді арбар гәкку бар –
Шошып кетті сауысқаннан сақ қулар!
Тап болмаса талайыңа өзі кеп,
Жолата ма маңайына аққулар!

Санамызда күміс күлкі сақылдап,
Су шашамыз барамыз да жақындап:
Бір жанартау жанып бара жатқандай,
Ақжарықтың бетіменен --
Лапылдап!

Сол хикая елес болды – сенгісіз,
Қайран күнім – қайта айналып келгісіз!
...Қанаты жоқ аққу бар ма дүниеде –
Ұшып кетті!
Қайда кетті?
Белгісіз...

ЛӘЙЛӘ
Шайтанкөлде бір қыз бар Ләйлә деген,
Соған мені ғашық қып байлады өлең.
Ешбір ару, тең келмес еш перизат, --
Шайтанкөлде бір қыз бар Ләйлә деген.

Бала қиял алысқа ала қашып,
Мазасыз-ды осы бір бала – ғашық.
...Келе жаттық бір күні Шайтанкөлден
Қалың қара нөпірмен араласып.

Кенет Ләйлә дір етті құшақтағы:
Адамға емес – аңдарға ұсап бәрі –
Бір жігітке үш бұзық тап бергені
Найзағайша жарқылдап пышақтары!

Күллі ел қарап қалған сол «тамашаға»,
Ешкім бата алмаған арашаға.
-- Жаның бар ма?! – деп еді Ләйлә сонда --
Неге тұрсың?
Жүгір!
Тез!
Арашала!

Тұрып қалдым ойыммен кеңескім кеп,
Пышақ тисе жүрекке елеспін... деп.
Сасқанымнан айтыппым:
-- Біреу үшін
Өлетұғын есуас емеспін! деп...

Бейшаралық бір сәтте сорлық қылып,
Махаббат та, мен-дағы болдық – ұмыт:
Ару Ләйлә жағымнан тартып қалып:
-- Кет! деп еді --
Жөніңе!
Сорлы жігіт!

...О, менің жастық шағым!
Сен қашан шашып жалын?!
Жыр жазған кездерімде ме –
Гүл өсіп көңілімде,
Сен –
Лапылдап көрдің бе өміріңде?

Қалдың жастық көңілдің желігінде,
Алып кете алмадым сені бірге.
Мен ғашық боп,
Бір рет сүйе алмаған
Ләйлә деген арудың ернінде –
Қалдың – жастық!
Арманды аңсап, жүдеп,
Жүріп келем алдымда таң сәрі деп.
Іздеп сол бір мәңгілік таппасымды,
Шайтанкөлге жол тарттым қаншама рет.

Шайтанкөлде қалдың сен көлде жүзіп,
Табар ма екем, шіркін-ай, көрсем ізін?
Махаббаттың өртіне түсіп едің,
Жанып кеттің бе екенсің, он сегізім?

Жүрдім екен бойкүйез болып қалай,
Ақылымның тым кешен толыққаны-ай!
Ләйлә -- мәңгі!
Қайтадан туады әлі,
Тек, оларға мендей ұл жолықпағай!

Жолықпасын бойкүйез құшақтағы,
Бұғып қалар суырға ұсап бәрі –
Жер бетіне жендеттер шыққан кезде,
Найзағайша жарқылдап пышақтары!

Шайтанкөлде бір қыз бар Ләйлә деген,
Соған мені ғашық қып, байлады өлең.
Өренім-ай, дейсіңдер маған бәрің,
Өртенуді білмейтін қайдағы өрең?
Шайтанкөлде бір қыз бар Ләйлә деген...

ПАТША--КӨҢІЛ
Асқарға
Теміртауда – көңілде хошың да көп,
Кел де, кілең бекзатқа қосыл да кет:
Алашымның алтын бір бекеті бұл,
Барлық жақсым бас қосқан осында кеп.

Жарты ғасыр жасаған шағымда бұл,
Бағым ба бір – сүңгідім сағымға нұр.
Патша шыққан жер ғой бұл, қазағымның
Қайран патша – көңілі тағында тұр.

Патша – көңіл көгінен нұр төгеді,
Бар төбеден бұл төбе бір төбе еді.
Көз тимесін деп қазақ киесіне,
Жауыртауым деген бұл Гүл Төбені.

Көңілімнің басылып күйініші,
Гүл иісі аңқиды үйім іші.
Гүл Төбеде армансыз ауынап ем,
Әлі күнге өн-бойым – гүл иісі!

Кездескен соң Асқардай бір төреге,
Ақын мұнда жыр жазбай, құр келе ме?
Гүл Төбеде шомылдым бекзатпенен,
Енді ұйықтасам, арман жоқ, бір төбеде...
ххх
Көңілім менің қаранғы. Бол, бол, Ақын.
Абай
Дүние мынау-қараңғы. Бол, бол, Ақын,
Келіп тұрмыз кезеңге толғанатын:
Тілді Тәңірі келтірер кәмилаға,
Қара түнек серпілер…
Ол да—жақын.

Тарих заңын тезіне сала ма ақыл,
Тезге салмай тентіреп қала ма құр?
Шүберекке жүрегін түйіп Алаш,
Алла менен Абайға бара жатыр.
25.05.2006. ж.

ТУҒАН КҮНДЕР
(Р. Рожденственскийден)
Бұлт ішінде Айы жүзген өмір—
Бұл:
Косиха да көзін ашты өмір гүл.
Нөсерлі Алтай-тапқан жері тағдырдың.
Көз алдында дала жатты көгілдір,
Иісі аңқып найзағай мен жаңбырдың.

Жоқ!
Онда емес:
Қасіретпен қауышып,
41- де тудым,
Шер-жас мол көзде.
Левитанның ызбарлы ащы дауысы
Бесік жырым болды менің сол кезде.

Мен.
Соғыстын төсін емген жылап та.
Сол Соғыстың баласымын!
Нандың ба?
Жеңіс күнгі керней үні құлақта.
Аландағы солюттер көз алдымда.

Бақытты екем:
Мен дос таптым адамнан.
Дәл сол күні қайта тудым анамнан.

Өмір сүрдім басымды имей күштіге,
Бай болмай-ақ, кедей болмай күлкілі.
Онашада ақ парақтын үстіне,
Ақшақардай жыр боп жаудым бір күні…

Жанды жаулап қорқыныштың толқыны,
Бір адамға (айтпай калай жай табамын):
--Сүйем! – дедім.
Мен туғанмын сол күні!
«Жоқ… деді Ол»
Туғам сонда қайтадан!

Келді ғасыр қайшылығын артып ап,
Осал жанды ілген емес ол көзге.
Секунд сайын құладым мен қалдырап—
Қайта тұрдым…
Қайта тудым сол кезде.

ХИППИДІҢ МОНОЛОГЫ
Хиппиіміз—біздер!
Қайыршы емеспіз!
Байқағын:
Өзіне—ақшан,
Байлықтарына—байпағым!

Кәрімнен меннен ұйықтай алмайды—
(мықтылық):
Полицайларың төбе шаштары тік тұрып…

Меншігі емеспіз ешкімнің,
Құлдары да емен еш діннін!

Еркін біз жердей бұл жақта.
Монақша—шашым…белінен буып алғам-ды.
Монақ емеспіз біз! Нонақ еміспіз бірақта,
Сенбейтін болсаң, көріндер шешіп шалбарды…

Мұз тәнімізді
Ертіп қыздың ашады демі ұйқылды,
Гитарамыздың әуендеріндей сиқырлы.

Е-хе!
Терлеп-тепшіп, емініп,
Қаралай бергін біздерді қағаз кеміріп!

Қоғамнан,
Сенен,
Бәріңнен, шүкір құтылдым:
Заңдарың мен уағыздарыңа –
Түкірдім!

Қарайсың маған қарайып неге қаныңа?!
Бәрібір сені қоспаймын кісі санына!

Сен –
Әлем болсаң,
Сен өзі болсаң бәрі бүлдірген адамның,
Құрбаны бізбіз адасқан мынау ғаламның!

Бағалы,
Құнды,
Қасиетті заттар көп менде,
Басымды ием шарапқа,
Жасыл шөптерге.

Жарышы сен-ақ!
Мен жалаңаяқ жүремін,
Жауығам саған, күлемін!

Қатыгез қара бетонға қарап жылармыз,
Көз жасымызбен нөсер боп жерге жауыппыз.
Дауыспыз – Біздер!
Ал, мүмкін, Қашқын шығармыз?!
Қашқынбыз!
«Аттан!» салатын Ащы Дауыспыз!

АУА-РАЙЫ БОЛЖАМЫНАН
(Р. Рождественскийден)
«Қара топырақты аудандарда күн кенеттен салқындап,
Қара жолды қаптап кеп қар басқанда, --
Астананың аспанында найзағайлар жарқылдап,
Қан жауады тас жолда...».
***
Өзіңнен ғана, Тәңірім, мейір күтпей ме ел,
Көзіңді бізге тіктей бер!
Бай болсам дейтін қазақтан түк те аямай,
Алтынмен аптап,
Күмісіңмен де күптей гөр.

Атасы оның алтын белдік буынып беліне,
Жалғанды жалғыз жайлаған.
Шыңғыртып құлын байлап желіге,
Мыңғыртып мыңды айдаған.

Бай болам десе башпайшаң саған келіп бір,
Ет пен терінің арасындағы желік бұл.
Шығайбайға емес,
Құнанбайына еліктір.
Ал, мынау тәйтік мұрты байланып алған соң,
Бізге кеп неге Тәңір болғысы келіп тұр?!

Е, қайтер дейсің, тәубәсіне о да келеді,
Тұқымында оның Құдай болған жоқ, себебі...
5.12.2006ж.
***
Жаһана жаңаруда,
Көнеруде.
Көзі едің жаңаның да,
Көненің де.
Сен – Азап,
Мен – Қазақ боп,
Дүниенің
Ұйқасып келдік шерлі өлеңінде.

Ұлт дейтін ұлы ойлар ұйқы ашып бір,
Көңілде бір ғажайып күй тасып тұр.
Құлдықтан азат болып алтын басым,
Қазаққа енді Азат кеп ұйқасып тұр.

Көлбей бір көз тастасам өңірге мен,
Көкте -- өлең,
Көңірсіген көңіл де -- өлең.
Азап та, мазақ та емес, о, дәриға,
Өлеңнің ұйқасы екен өмір деген!

Неге өртке түскендей боп күйіп қалам?
Ашылып өз-өзінен тұйық ғалам, --
Алланың хикіметін сезген сайын,
Алашты күннен-күнге сүйіп барам.
10.04.2006ж.
***
Уда – бал да,
Суда – мұз.
Етекте шыңырау,
Құзда – біз.
Есенғали екеумізді көзге ілмей,
Беляевпен билеп кетті Муза Қыз.

Бернияз да иіскемей бетінен,
Есенин де сипамаған етінен.
Мен де онымен түсімде сан көрісіп,
Ол тіл қатар кезде оянып кетіп ем.

Пегасына жегіп алтын күймені,
Омыраудан ағытып бар түймені, --
Билегенде жерге аяғы тимеді!
Көктен келіп түссе қайтем?
Жерге кеп,
Көшедегі көрінгенмен биледі!
Бас сап, құшып сүйгелі, --
Олар оны төсегіне сүйреді...

Муза Сұлу, өліарада өтпелі,
Хан тағынан неге түскен көктегі.
Адамзатқа қарайтұғын беті жоқ,
Абдырап тұр,
Аяғы ауыр, өйткені...
2.12.2006ж.

ЖЫЛЫМ ҚҰРТ
Бұл құрт—құдай атан құрт!
Кеудемізде жатқан құрт:
Сұлтанмахмұт арыстың,
Өкпесіне шапқан құрт!

Кеудені—
Кеуледі!
Атып шыққан кезде,
Жыртып жейдені—
Бір Албасты көрдім адам-бейнелі...

Күнңің елін іздеп,
Қараң құл елін,
Дүниенің кезіп қара түнегін,--
Сәкендердің миын жеді үңгілеп,
Мажандардың—
Жүрегін!

Ғұмырында тойынбаған,
Аш әлі!
Нәжістей—лас!
Һас хайуан!
Мас--әрі.
Елге осындай жұт келгенде құтырып,
Құт келгенде—
Қашады...

Шағар кезін санап бір,
«Қайсы, қане, санатты ұл—деп—қанатты ұл?!»
Екі көзі атыздай боп қазаққа,
Әне, әлі қарап тұр.
04.02.2007ж.
ххх
Уа, Дүние, аялдағын бірер сәт,
Жүрегінде—бекзат сезім,
Жүгенінде—алтыны,--
Ата-бабам ат үстінен сүрен сап,
Ел қылғанда өңкей жаяу-жалпыны,--
Өз төрін өзі тәрік етіп,
Өзгенің босағасын қастерлеп,
Ғаламнан қалып шеткері,--
Балақтағы бит басқа өрлеп,
Баспақ боп өтсін деп пе еді!
03.02.2007 ж.
ххх
Ұлы Мәртебелі Ұры Мырза!
Төрлегін!
Өзіңдейін өр тұлғаны көрмедім.
Көзді арбайды мынау көркем дүние,
Ернеуіне шайтан салған өрнегін;
Сен тұрғанда шыға алады төрге—
Кім?!

Қаракөктен қалған дәстүр, мұрадан—
Түк қалмады...
Тексіз күліп тұр оған.
Ұлысымда кім бар десем айғайлап,
Ұры шыға келеді ылғи ұрадан!

Мынаған—
Біржан сал да,
Поштабай да—
Бір адам!
Амандассам, арғы атасын сұраман:
Қазақ қалды,
АҚШ-ты да азулы
Қағылған мен соғылғандар құраған...

Өз анасын неге өз ұлы тонады?!
Көрген сайын көзіңе жас толады:
Ел—сенікі.
Көл—сенікі қоғалы.
Адам ғұрлы көрмесен де сен бізді,
Алла бізден күдер үзген жоқ әлі,
Ол Алашқа қайтсе де бір соғады:
Оған керек пендесінің тәубасы,
Маған—
Иман қонғандардың қоғамы.

Жол—сенікі.
Жоғары шық, жоғары!
...Тәңірінен хабар-ошар жоқ әлі...
03.02.2007 ж.
ххх
Қарменде,
Жидебай,
Жанғұттыдан тараған,
Қаз Дауысты Қазбектен бата алып,--
Қалмақ, шүршіт шапқанда шаңырағы шалқақтамаған,
Айналайын Ата Жұрт!

Түркістанннан Қожа алдырып,
Құранды қаазақша сөйлеткен,
Түркіден шыққан кемелім;
Ханның қызы секілді Һалифа шешем бой жеткен,
Нағашы Жұртым сен едің!

Айдай Ару—
Артық туған хор қыздан,
Албыраса одан бекзат түк те жоқ;
Ділінен жұпар аңқытып,
Тілінен бал сорғызған,
Қайын Жұрт тұр көз ұшында нүкте боп...

Сары уайымға салынып,
Сарынар менде жағдай жоқ:
Осы Үш Жұрттың үлдесі мен бүлдесіне малынып,
Қара өлең қалды—
Қарадан шыққан хандай боп!
04.01.2007 ж.
ххх
...Ей, Мырзам, сөз тындағын аял қылып,
Жүрегі—Алаш деген аяулы үміт,--
Жүздеген жылды тастап...Жаяу Мұса
Келіп тұр, міне, бізге жаяу жүріп!

Ақ үйде жайқандаған жанын күтіп,
Ән салған Ақ патшаға тамылжытып,--
Шорманның Мұстапасы күйме жеккен,
Мерт болды сол Жаяудың шаның жұтып...

Әй, Мырзам, бұ заманың кемеңгері,
Керілген сый құрметке бөленгелі;
Менен сен Мұстапаға ет жақындау,
Жаяуға мен жақынмын сенен гөрі...
04.02.2007 ж.
ххх
Аты- шулы Мырза келді Арқаға,
Жымың етіп небір сұлу қалқаға;
Ерді көрсе—екі көзі аспанда,
Елді көрсе—екі көзі қалтада...

Мырза келді мініп алып құр атқа,
Жаяу өскен тексіз сынды бірақ та:
Ақын көрсе—албастысы қозады,
Алтын көрсе—екі езуі құлақта.
04.02.2007 ж.
ххх
Бұ заманның кемелі осы—кесірлі!
Енді сенің жиғызбас ол есіңді:
Абылайдың заманында жоқ еді,
Ақ патшаның кезінде кеп,
Есірді;
Сұлтанмахмұт аштан қатып сол кезде,
Кейкің—
Өлім жазасына кесілді!

Бойдан—рух бой тасалап, ойдан—нұр,
Хан қайыршы болған күні тойған—
Құл—
Махамбетің басын алып қылышпен,
Алып-соғып Абайды да сойған—
Бұл!

Қай қазақтың тереңіне бойлар бір,
Ол да мендей оңбаған деп ойлар құр;
Босағаға сүйреп есіл еріңді,
Төрге өлген соң бәдіретін қойған—дүр;
Әлиханды ұстап беріп кәуірге,
Әлі соның жан азасын тойлап жүр!

Елден тартып, жинап алған мал қандай!
Күн көріп көр енді соған жалданбай?!
Алшандайды,
Азатттықты Алланың,
Алдында боп,
Өзі сұрап алғандай...
04.02.2007 ж.
ххх
Уа, Жеті қарақшы, самдай жарық,
Күнде неге тұрмайсың шамдай жанып?
Біз де ілестік көшіне адамзаттың,
Батыстағы жұлдызды мандайға алып;
Мынау—кім, ей, даттаған теккке бізді,
Анау тұр ғой танғалып, таңдай қағып?
Жынды көбелектейін шамды айналып,
Түн де айналып келеді, таң да айналып;
... Түркменстан дегенің—түсінікті,
Қазақстан деген бұл қандай халық?...
04.02.2007 ж.
ххх
Имансыз ел іргесінен сөгіліп,
Ата дұшпан абырап тұр жеңіліп,
Доктор-Тышқан—кітаптарын кеміріп;
Ахыретке дейін қалмақ еді ғой,
Мына тұстан Кәуір көшті не біліп?
Ана тұстан Шүршіт келіп—
Семіріп...
Дүниеде түк болмаған секілді,
Мына Мыстан сөйлейді әзер ерініп...
05.02.2007 ж.
ххх
Түркілерлде Алманың Атасы—
Бұл.
«Алматы» деп қазақтар шатасып жүр.

Жеті Өзен боп мұхиттың үштен бірі,
Жеті Жарғы төбеден түскен күні,--
Көк аспанда,
Жерінің астында да,
Көк Тәңірдің жүріп тұр үстемдігі.

Түн де қатып, ерісе таңда—мұзы,
Күні біткен күйкінің қалмады ізі.
Арындамай, қайтейін, арулар-ай,
Албыраған алмадай алма жүзі!

Шығып көрші бағынан кіріп кетіп,
Хан Тәңірі еңсеңді биіктетіп--
Жас алма мен жас ақын өседі екен,
Ескі-құсқы еріксіз шіріп кетіп...

Бұдан құрап өлеңді, одан құрап
Жүрген мына шәйірге обал,бірақ:
Көк Тәңірі сала ма оған көзің,
ХанТәңірі ала ма одан қуат?

Жеті Өзен боп мұхиттың үштен бірі,
Жеті Жарғы төбеден түскен күні,--
Жерұйыққа айналған Жетісуға
Дәлдүріштің жүрмейді үстемдігі!

Жеті Өзеннің жанары тұнық көк-ті,
Шүршіт көріп—ішінен тынып кетті;
Жетісудың жүрмен деп жел жағынан
Қалмақ кетті...
Тұқымсыз құрып кетті!

... Көк Түркіңе ұсын деп қолда барды,
Көк Тәңірі мені де қолдаған-ды:
Неге кетіп барамын Жетісудан,
Жеті бірдей қазынам сонда қалды...
ххх
Алапат бір сезімге еріп,
Арбаған көк шалғайынан,--
Адам жоқта өзің келіп,
Аймалап ең мандайымнан.

Талықсыған Серігіннің
Таланы осы болғандай ма?
Табы қалды ерніннің
Сол мандайда—сор мандайда.
06.02.2007 ж.
ххх
Елена Зейферттен
(Рассуди меня. Не судите)
Талқыңа ал мені. Айыптамағын.
Ес-түсінді алар елесім жылап.
Мен--өлем. Өрттен жанып барамын...
Моллама гүл ап келесін, бірақ.
ххх
Орта толып, ел болар заманында,
Орта Азия өлместің амалында.
Әне, өзбек Әндижан асып кетті,
Міне, қырғыз—Бішкектің алаңында.

Түнде келіп, тал түсте, азанда бір,
Ұлттық Рух,
Қалмады-ау мазаң да бұл?
Қайда ұшып барсың баса көктеп,--
Қазақ жоқ қой!
Барлығы базарда жүр...
10.02.2007 ж.
ххх
Көгілдір тоғандарға,--
Араға он бес жыл сап оралғанда,
Тап болдым сары шұнақ аязбенен,
Алқынған алай-түлей борандарға.
Аумаған Аяз Ата болып қалдым,
Ақ шулан аппақ қарға оранғанда.
Осындай кереметті көрер ме едім,
Бес қабат бетон үйге омалғанда?

Көгілдір тоғандарға,
Қарамай адамдарға, қоғамдарға,--
Не жетсің сініп кетіп, жоғалғанға.
Қарап тұр ой мен қырым ойға шомып,
Оралған ойсыз мендей оралманға.
18. 02. 2007 ж.
ххх
Хош, Дәртай!
Қайырылмай барасың ба?
Туған жұрт—Тоқырауын жағасында:
Көңілдің сол еді ғой--сарасында,
Көзіңнің сол еді ғой--қарасында.
Алашта,
Адамзаттың баласында,--
Ақтоғай—алтын бесік,
Дара—осында;
Паш етіп атын да Алты Алашыңа,--
Алдын ба жүрегіңе нәрін құйып,
Салдың ба сырнайыңның сағасына;
Опасыз уақыт оған қарасың ба:
Сен—кеттің,
Қайран халқаң қалды боздап,
Ақсораң—Шатыршаның арасында...
24. 07. 2007 ж.
ххх
Серғазыға
Жидебай—
Бар қазақтың Баһадүрі.
Ауызда аты—аңыз.
Атағы—ұлы.
Атамыз бұл болғанда, біз қандаймыз?!—
Деп ылғи қалың ойға батады ұлы.

Елде—ес қалмағанда, малдыда—тек,
Өзіннен басқа пірім қалды ма?!—деп—
Жерді бір қайыстырып, Жидебайға--
Ескерткіш қойды есіктің алдыңа әкеп.

Ашылып ала бұлттан сонар көгі,
Адасып, тар қапастан оралды елі.
Жебейді Жидекемнің Аруағы,
Кеңейді тар дүние содан бері.

Кеудесің тырнағанда қара мысық,
Бабаның мазарына барады ұшып.
Жаманнан жасқанбайды жан екен деп,
Кәуірдей--мас болмайды шарап ішіп.

Батырдың басына кеп аунайды бұл,
Есені елге кеткен даулайды бір.
Арқада Аруағы ойнағанда,
Ашулы Атасынан аумайды—бұл.

Өртенген өзегіне жыр тұнғасын,
Өрекпіп, жүрек, қалай бұлқынбасын.
Ұлтымнан Жидебайдай ұл туғасын,
Сұмырай көрінетін сұлтан-жұртқа,
Ұялмас--жараса да ұлтандыққа,
Құдай-ай, құлақ кесті құл тумасын.

НҰРСҰЛУ БУКЕТОВАДАН
(Я изогнувшейся тоненькой веточке радуюсь…)
Майысып тұрған бұтақтай, майса, нәзігім,
Аялап сүйем, адамға бар ма жазығың?
Жат көзге түсіп, жабырқамасын жаны деп,
Суықтан үсіп қалмаса екен деп—қажыдым.
Жаныма жақын болмысың жарқын, наз үнің,
Аларсың қайдан ана сүтінің азығын?
Басыңды көтер, мінеки,--алтын қазығың:
Алақанымда албырап жатшы, нәзігім!

ПРОФЕССОРМЕН СЫРЛАCҚАНДА
Темірғали Көкетаевқа
Физика-математика—несібіңіз,
Алты Алашқа әйгілі есіміңіз.
Бірақ, аға, есебін мына қудың,
Сіз шығара алмайсыз—кешіріңіз.

Бұл шайтанның есебі жан улаған,
Шығара алмай, ел естен тануда, аға:
Амалында қосу мен көбейту жоқ,
Бөлу ғана—мұныкі,
Алу ғана.

Мен түгілі, көктегі Құдайға анық,
Көз атаулы барады лайланып:
Бөлуменен алудың күні туды,
Көбейту мен қосуың былай қалып.

Өз есебін шығармай қоймайды бұл,
Біз—етекте,
Төбеден ойнайды құр:
Сізді қалай—ақымақ, мені—мәжүнін,
Елді—есалан тобыр деп ойлайды бұл.

ӘУЛИЕ ТАУЫНЫҢ ЕТЕГІНДЕ ТУҒАН ОЙ.
Кеңес Нұрлановқа.
Күләш туған топырақты құшып—
Сүйдім.
Әлихан түскен өртке де түсіп—
Күйдім.

Елжіреген шертпе күймін,
Өзеуреген төкпе күймін.
Ерден шыққан күнәһар әйелдей,
Жерден шықтым—
Көкке тидім.

АҚЖАРЫҚТАҒЫ МЕШІТ. САПА МОЛЛА. АРУАҚТАР
Аруақтар қандай көп?
Тақыр дүние тұтандырып тандайға от,--
Сапа молда дұға оқиды мешітте,
Жұрта қалған жалғыз басты жандай боп.

Дүниенің басы не—бұл,--аяғы,
Ақыр заман кетті, не кеп таяды:
Сапа молда дұға оқыса--бір жан жоқ,
Аруақтар келіп қолын жаяды.

Тар мешітте—
Аруақтар сандаған,
Кей біреуден тігерге тұяқ қалмаған.
Адам-Ата—Ақсұңқардың зәузаты
Қалай сыйып кеттің мұнда?
Таң қалам...

Күн батқан соң,
Шыққан кезде Ай тағы,
Қашанғы енді дұғасын ол айтады,--
Зарлап-зарлап қайтады үйге,
Аруақтар—
Аунап-қунап қабіріне қайтады.

Жалғыз мешіт Ақжарықтың басында.
Аруақтар...
Мынай кім, ей?
Қасым ба?!
Сүндет досым әлі қырық жасында!
Ақсұңқар мен Һалифа да—осында,
Берікбол мен Серікболы қасында.

СЕРІКБОЛДЫҢ ҚҰЛПЫТАСЫНДАҒЫ ӨЛЕҢ.
Сүт кенжесі ең Ақсұңқардың ұлының,
Шайқалдығы тұнығым:
Өзіңді іздеп, Көкке қарап ұлыдым,
Хош, құлыным!
ххх
Жерде түк жоқ секілді, Аспан—түк,
Көшкендей көзден--дәурен, бастан—уақыт.
Бес уақыт намазға кеп жығылсам ба,
Отыз күн ораза ұстап—аштан қатып.

Сабырым бітті-ау, әбден, Алаш-Анам,
Сайтанмен қашанғы енді таласа алам.
Бақсыдай—тұтып, қаңғып кетер едім,
Ұлардай шулайды ғой бала-шағам.

Бойымды бекзат қаным ысытады,
Өйткені, ол—
Күлтегіндей кісі қаны.
Кетер ем вокзал кезіп, бомж болып,
... Денемді кір көйлегі қышытады...
ххх
Төке-ау!
Көке-ау!
Кеңасуға бардың ба?
Аунадың ба көк арай көк шалғынға?
Барсаң—басы ақша бұлтқа малынып,
Найзашоқы жатады ғой алдыңда.

Күллі құстан бөлек онда құс үні,
Көк Бөрідей—қасқырының пішіні.
Қайда жатыр екен Күнмен шағылысып,
Ақсұңқардың тозған қасқыр ішігі.

Кеңасудың бір қыршыны мен едім,
Ақжарықтан неге қайтып келемін,
Айтшы, Көке, себебін?
Һалифаның орамалын тауып ап,
Һалифатқа иіскетсем деп едім.

Төке-ау!
Көке-ау!
Көз алдыңда көшкен елдің жұрты ғап,
Кең дүниені кезсем-дағы шырқырап,--
Кеңасуым «Кел!»-дейді де, тұрады,
Қысы-жазы жусан иісі бұрқырап...
ххх
Сары Арқада самал жел—
Есіп жүрмін,
Керемет күндерімді кешіп жүрмін.
Ғаламды жүзіне де қаратпайтын,
Қазақтың өлеңінің десін білдім!

Дәурені барады өтіп есіл жырдың,
Дәурені өтсе дағы есіл жырдың,--
Сырты—Һас сұлу, іші—лас фәниды,
Тал түсте тыр жаланаш шешіндірдім...

БЕКБОЛАТТЫҢ ҚОБЫЗЫ
Ол сахнаға шыққан сайын
исі қазақтың көзіне көкжиектен
Көк Бөрі қара көрсетеді.
Киеміз – Сол! Иеміз – Көк Тәңірі еді.
Екеуінен көз жазып қалғалы елден – береке,
ерден – рух кеткен. О баста төрт құбылалы Жердің бетінде
біз де төртеу едік: Көк Тәңірі – Көк Бөрі – Көк Түркі –
Қорқыттың Қобызы. Ақыры төртеу түгенделді –
төбедегі келе жатыр! Бірақ, алтау -- әлі ала:
ауыздағы кетіп барады...

Ол – Ұзын Найзалы, Салт Атты
Көшпенділер Өркениетінің
Ең Соңғы Тұяқтарының Бірі һәм Бірегейі!

Бұл бала жарық дүниеге келгенде
қазақтың көзіне ілінер қарасы қалмаған.
Әлихан Бөкейхан мен Ахмет Байтұрсындардың
сүйегіне қына шыққалы қашан?!
Қызыл идеяның қырғынынан әзер тірі қалған
Әлімхан Ермеков пен Мұхтар Әуезов еді.
Олардың да орны үңірейіп тұрған...
Адамзаттың аламан қырғын-сүргінінен
Алланың алқауымен ғана әрең аман қалған
Алаш жұртының шаруасы шаш етектен-ді.
Оны жетпіс жыл бойы бірнеше ғылым академиясы
бірігіп, атқара алмаған. Ұлтсыз – дінсіз – ділсіз –
космополиттік – тобырлық империяның
боданындағы біздің ел ұлттық миссияға зәру-ді.
Соны Тәңірі оның үш баласының маңдайына жазып қойыпты.

Біріншісі – Олжас Сүлейменов:
-- Я иду вам навстречу, серые сволочи! –
деді ол Останкинодан күндей күркіреп!
Ақтамберлі осылайша орысша сөйлегенде
анти-адамзаттық ауруға шалдығып,
көзі-басын қан жапқан көркеуде Империя
қазақтан алғаш рет айылын жинай бастады!

Мұхтар Мағауин – ХХ-шы ғасырдың социалистік –
коммунистік казармасында бастықырылғалы жатқан
асау Қазақ Пегасының темір тұсауын сыпырып алып,
ХV-шы ғасырдың жайлауына айдап жіберді!

Бекболат Тілеухан -- Қорқыттың қобызына қайта тіл бітіргенде
жартылай қазақ, жартылай орыс Мәңгүрттің
миына Мағауинның Қобыз Сарыны құйылып,
Түркі Дүниесі отырған орынынан дүркірей қозғалған...

Қазір Ол түрегеп тұр!
Кердеңдеген Кеңес Империясы
адамзаттық құндылықты жалмауыздай
жалмайын деп жатқанда елде қалған
Ең Соңғы Бақсы – бұл!
Көзден бір ұшып, Көкке қашып бара жатқан
Ата-Баба Аруағын
Қорқыт Қобызының Киесімен
ХХ-шы ғасырға шақырып алды – Ол!!!

Біз – күнделікті күйкі тіршіліктің күйбеңімен
жер бауырлап жүргенде Көк Түркінің осы үш баласы
Алаш Анасын атам замандағы төркін жұртына қыдыртып қайтқан.
Қазан Төңкерісі Заманында Көк Түркінің осы Үш Тұяғы
Үш Мәрте Ұлы Ұлттық Төңкеріс жасады!

Ұлттық Рух дегеніміз – Ұлттық Төңкеріс деген сөз!
Адамзат тарихындағы ұлттық – буржуазиялық,
таптық – социалистік революциялар ғаламға
қан төгумен келді. Ұлттық өнердегі ұлттық төңкеріс
дүниеге гүл төгеді! Нұр төгеді! Жыр төгеді...

Ол сахнаға шыққан сайын
Бүкіл Түркі Дүниесі дүрліге тік тұрып,
дүркірете қол соғады.
Бұл – Көк Түркілер Әулетінің Көк Бөріні көксегені...
Түркінің Иесі – Көк Тәңірі! Киесі – Көк Бөрі!
Бізді тастап, қайда барасың сен?! –
дейді Бекболаттың Қобызы.
Өліп кеткен өркениеттің тірі қалған тұяқтарының
мұндай сартап сағынышы тек бізде ғана бар! Көп елде жоқ ол...
Америкада елсіз – жерсіз – тілсіз – дінсіз – ділсіз қалған
үндістер мен өз елі -- өлең төсегінде шаңырағы шайқалмай отырған
қазақтардың арасындағы ала бөтен айырмашылық, міне, -- осында.
Орысша ойланып, қазақша жазатын шәйірлеріміз бен
түркіше тебіреніп, орысша толғайтын Олжастың
арасы да осыған жете қабыл болып тұр.

Өнерде Талант – Дарын – Ұлылық деген
ұғымдар болушы еді. Ұмытылып барады...
Ұлы халықтың түбіне дарынсыздық пен даңғойлық,
тобырлық мәдениет пен космополиттік тексіздік
жеткелі тұрған... Сол кезде сахнаға Бекболат шықты да,
жер бауырлаған Ұлттық Рух ғарышқа көтеріле жөнелді.
Түркілік Рух Түркиядан емес – Түркінің Түп Тұяғының
Қара Шаңырағы -- Қазақстаннан қанат қағып барады!
Алла Алашты сүйеді екен!
Тәңірге – тәубә!

Бекболат Тілеухан – Қазақ әнінің Қазтуғаны!
Ол сахнаға шықпай тұрғанда біздің бойымызда
түркіден бір тамшы қан қалмауға айналған-ды.
Бекболат Қорқыттың Қобызын боздата жөнелгенде
қазақтың тәніндегі сол бір тамшы қан бес литрге айналып,
бұрқанып, қайнап шыға келді!
Сол кезде:
Көк Аспанда – Көк Тәңірі!
Қанатының астында оның -- Қара Жер!
Екеуінің арасында – Көк Түркі!
Одан басқа ешкім жоқ!!! – деген
Орхон—Енесай Жазуы есімізге түсті!

Уа, Көк Тәңірі!
Уа, Көк Түркі!
Уа, Көк Бөрі!
Уа, Қорқыттың Қобызы!
Төрт құбылалы мынау төрткүл дүниеде,
Төртеуіміз тізе қосып жүргенде,
Төрімізге Сайтан шыға алмаған!
Сөйтсек, төртеумізді төрт жаққа айыратын
Ақырзаманның алғашқы күнін күтіп,
босағадан сығалап тұрған екен де...

О баста мынау опасыз жалғанда екі-ақ адам болған.
Салт Атты мен Жаяу Жалпы. Олар Аспан мен Жер,
Батыс пен Шығыс секілді бір-біріне кереғар
екі мәдениет пен екі өркениетті дүниеге әкелді.

Темір ғасырдың тезіне көне алмаған Салт Аттылар
Жер бетінде үш мың жыл сайран салып,
үдіре көшті де жоқ болды...
Жаяу Жалпылар қалды!
Жаһанды енді солар жаһандандырайын деп жатыр!
Біз атқа мінгенде олар жаяу-жалпы еді.
Біз шалбар кигенде олар жалаң бұт еді (Мағауин).
«Айнала бұлақ басы Тең,
Азаулының Стамбулдан несі кем?»
--демекші, Қорқыт Ата күйлерінің
Моцарттың «Жан азасынан» несі кем?
Күнбатыс бәйбішеден туып па еді?
Күншығыс тоқалдан туып па еді?!
Адамзаттың миын ашытып, көзін арбаған
дойыр догмалар мен теріс тезистердің
тас-талқанын шығаратын күн туды!
Көкірегі шерлі Соңғы Көшпелі
Нұрғиса – Мағауйя, Сүгір -- Әбікен, Дина – Дайрабай,
Қазанғап – Тоқа,Құрманғазы – Тәттімбет,
Абыл – Дәулеткерейлерді көктей өтіп,
Байжігіт – Боғда, Асан Қайғы – Қорқытқа
барып, ат басын әрең тежеді...

Мынау жарық дүниеде Көк Бөрінің Киесіндей Кие жоқ!
Аспаннан жұлдыздар ағып түседі. Тарихтан ұлттар мен
ұлыстар із-түссіз кетіп жатыр. Қазақ елі үш жүз жылғы
бодандықтан бордай тозбай, Қазақстан Республикасына айналды!
Тәңірге – тәубә! – дейді Бекболаттың Қобызы.
Сұм зымиян Кеңес Өкіметі миына -- Әзәзіл, жүрегіне – дерт жіберген
Мұқағали адамзат поэзиясында жоқ сиқыр әуендерді
қайдан тауып алған?! Семей полигонының құрбаны
қолы жоқ Күйіков қасіретті ғаламның суретін тісімен!
қалай салады?!. Мұның не екенін парықтауға
пенденің ақылы жетпейді. Түркінің киесі – бұл...
дейді Бекболаттың Қобызы.

Иен далада сапырып сары қымыз сіміріп,
асау арғымақтың бауырында ойнаған түркінің
таза қаны бар оның бойында. Саф алтындай тап-таза.
Оның ес тандыратын эстрадалық әуен мен арақ-шарапты
иттің етіндей жек көретіні – содан... Алматының
барларына барып, маскүнемдердің арасынан
Маралтайды суырып алып шыққаны да содан болуы керек...
Екі күннің бірінде Астананың көк тіреген ғимараттары мен
Маңғыстаудың үш жүз алпыс үш әулиесінің моласынан,
Сарыарқаның төсі мен Жаңарқаның төскейінен
түркі дүниесін іздеп, екі көзі төрт болады.
Оны аспанда Алла алқады. Жерде – Аруақ жебеді.
Жер бетінде үш мың жылдан астам сайран салған
ата-бабаларымыздың аруағы еді ол...

Аспанда – Алла! Жерде – Пенде -- һәм Хайуандар Дүниесі.
Өсімдіктер Дүниесі... Өшпенділер Дүниесі!
Пенденің өзі – Кентавр – жартылай – адам,
жартылай – хайуан! Рухты нәпсі буындырып барады!
Қобыздың шанағында Көк Тәңірі –
Аллланың азалы үні күңіреніп тұр.
Айға қонған американ астронавтарының
құлағына шалынған осы қобыздың үні болуы мүмкін?!
Олар Айдан Жерге оралған бетте Мұсылман болып кетті.
Біз әлі жүрмыз... Лағып!!! –
дейді Бекболаттың Қобызы.
Алаш Құранға шығып, нан аламын деп,
Алланың кәріне ұшыраған жоқ па?! Тәңірі Оған
Аспаннан Азаттық Құсын жіберіп еді ғой?
«Көкте – Құдай, Менде – Мұнай –деді оған Қазекең қазақша –
сен әуеде қалықтай тұр. Біз мұндағы дүниені
пышақ үстінен үлесіп алғанша...».
Жұрт Жердегі жемітке итше таласып жатыр...
Азаттық әлі аспанда ұшып жүр!
Алаш жұртына қашан келіп қонады ол?!! –
дейді Қорқыттың Қобызы – Кетбұғаның Қобызы –
Ықыластың Қобызы – Қойлыбайдың Қобызы –
Сыматайдың Қобызы – Бекболаттың Қобызы.

Ол Алашына Алладан медет сұрап,
күн сайын бес уақыт намазға жығылады.
Біз де бір мәрте тілімізді кәлимаға келтіріп,
Құранның «Ғадят» сүресімен тәубәмізге түсейікші:
«Таң арайлап атқанда,
Бұ да Тәңірі ісі деп,
Тұяқтары от лақтырып – шапқанда,
Жау ішіне кіріп келген кісінеп! –
Аттарға серт!
Жүрек пендеден шайлықты,
Тәңірді ол қалай түсінбек?!
Жердегі ырыс-байлықты екі көзі тұр ішіп-жеп!
Әй!
Білмейсің бе, сұм пендем,
Айтылса Алла үкімі,
Қабірден шығар тұл кеудең, --
Хайуан болмыс-бітімі!
Тарыдай жерің шашылар
Сөгіліп жаһан қолтығы,
Жан сырың сонда ашылар,
Жазаңды ал, әне, сол күні...».

ҚЫПШАҚ ХИССАСЫ
1.ЕДІГЕ ЖЫРЫ
(Осы заманғы нұсқа)
Көкірегім толған – кек.
Шаршаған бір дәуріштеймін жолдан кеп.
Атилла айғай салады ылғи түсімде:
«-- Адамзатқа мен де ие болғам!» -- деп --

Зәузәтім – кім?!
Сен бе?!!
Шаруаң біткендей...
Ғұмыр бойы тек осы үнді күткендей, --
Өлең жазам сонда шошып оянып,
Қолдан басқа түк келмей!

Киіз Үйден кіріп келсем
Бетон Үйге үш аттап,
Дауыс салды Ұмай Анам құшақтап:
Атилланың Аруағы жүр еді.
Оны-дағы кеткен екен пышақтап!

Қаралы –
Аруақ өліп барады!!!
Босағада өңшең өңез күліп тұр –
Аузынан мүңкіп арағы!
Көк Бөріден қалған ғадет бар әлі,
Тілмен жалап жүректегі жараны, --
Ұлып!
Кезем –
Даланы!!!

Күллі жырым – Көк Түркідей – қаралы:
Ғалам түгіл, Қазақ естімеген соң,
Жерді тастап!
Елді!!
Бала-шағаны, --
Көк Тәңірі-ау, Саған жөнеп барады!

Өткен тарих, келесі, --
Салт Атты мен Жаяулардың егесі!
Тәңірі ғана түсінетін өлеңді
Өзге тілге тәржімала демеші;
Евтушенко десе ауысқан ел –
Есі –
Танымаса – танымасын мені осы:
Кремльде жүргенімді айтам ба,
Есімді алып Едігенің елесі?!.

Ызалы ой мен тоқсан тарау толғам көп.
Жүрсем-дағы дүниені шолған боп, --
«Халық жауы» ем социализм кезінде,
Капитализм келді... онда да онғам жоқ!

Көтерілсем -- Көкке төбем тиеді.
Көзім түссе – сұмның беті күйеді.
... Едігем-ай, ешкім ойлап таппады-ау,
Екеумізге жағатын бір жүйені.

Жер беті – лас.
Аһыреттің түсі – аппақ.
Аяр Заман арқамнан кеп пышақтап!!
Феодализм –
Социализм –
Капитализмді
Үш аттап, --
Боздап тұрмын Ұмай Анамды құшақтап!!!

2.ЕЙ, БАЙБӨРІ, БАЙБӨРІ!
«Ей, Байбөрі, Байбөрі!
Иең қайда еді ?
Киең қайда еді?
Жүзің неден сынады?
Түкті жүрегіңді түбінен кеп кім іреген?!
Сен де егіздің сыңары,
Мен де екінің бірі емен:
.„Екі жарты- бір бүтін- жұптасып,
Қасыңа келдім, міне, мен:
Табаны
Жерді нық басып,
Иығы
Көкті тіреген.
Көк Түркінің тұяғы едік, ырзығын
Көк Тәңірінен тілеген.
Жұлдыз - төбемде тұрған шам,
Түрегелсең- жазылар құрысың.
Мағжандай мағмұрлансаң,
Сен- дағы-
Күннің Ұлысың!
Ат жалымен-
Алтайдан - Альпіні шалып ең.
һас Сақтан Қазаққа айналғанда
Ұлысың,
Көк Бөріден - Байбөрі боп қалып ең.
Найзаның ұшына от өріп,
Жауыңды ат тұяғына жаншыдың.
Керей ханның ордасының керегесін
Көтеріп,
Шаңырағына уық шаншыдың!
Түркінің қаны басыңа шапқан жалғанда,
Өзің де бір дүр едің.
Түркістанды қазаққа қосып алғанда,
Қасқайып Қасым сұлтанның
Қасында сен де жүр едің!

Жаның айналып жасынға,
Көш бастап едің бір демде,
Еңсегей Бойлы Ер Есімнің қасында,
Жүрегі лүпілдеп
Жүгіней-Олжашы жүргенде!

Інжу- маржан едің Алаш дейтұғын алқада,
Зары едің Қорқыт күйінің.
Қазыбекке еріп Сыр бойынан кеп Арқаға,
Айрандай болып ұйыдың.

Мәремік тауына көсіл кеп,
Дегелең „Бұл кім?„ демеді.
Сені
Есімханның Ескі жолы есіркеп,
Қасым ханның Қасқа Жолы жебеді!

Көкжиектен Көк Бөрі бір ұлып,
Жау үдере қашқанда,
Қалмақтың құлын,
Шүршіттің сұмын Байбөріге сіңіріп,
Балпаң да балпаң басқанда,
Жерде
Топырақ шымырлап,
Күн күркіреген
Аспанда!

Көк Түркінің Көк туының астында,
Көш керуенді түзеп ең.
Қайда екен сол бір Ат үстіндегі һас Тұлға?
.. Сен неге тұрсың тіземен?!!

Есімханның Ескі жолы мен
Қасым ханның Қасқа Жолында,
һас тұлпар едің сөгілмей өткен қолтығы,
- Хан Кененің қалай қалдың соңында?!
Сені
Албасты басты сол күні!!!

Қарқабат Ана
Абралы-
Шашын жайып
Аңырады!

Хан-
Тақтан түсті!
Қазақ-
Аттан түсті...

Қара Керей Қабанбайдың Дэуірі-
Өлді!
Қаба сақал кәуір-
Келді...

Рухсыз Денеде-
Боқ!
Дегелең-
Жоқ!!!

Мәңгүрт-
Мәңгі-
Құрт!
Мәңгі-
Қырт...

Шеріңді өксік қозғап бір,
Бір күніңнен бір күнің өстіп озбақ—
Тұл!
Абралы - Шаңырағы ортаға түскен Байбөрі! ...
Әлі боздап тұр...

Кім мені бүйректей бөлген кеп?
Аттың жалында Арқаның желі ұйықтайды.

Абралы—
Хан Кененің Аруағы күңіренген!!!
Күндіз көз алдымда көлеңдеп,
Түнде түсімнен шықпайды...
Абралы - Хан Кененің Аруағы күңіренген...»

3.ҚЫПШАҚ КЕЙКІ БАҺАДҮР
Ұзақ жүрер жол әлі.
Жүрген сайын көзіңе жас толады.
«Қыпшақ» дейтін Ұлы Күйім бар еді.
«Кейкі» -
Соның қүлақ күйі болады.

Торғайда-
СоңғыҮмітім-
Желге ұшты
Соңгы Қыпшақ –
Жер құшты!

Көз жасыңды, Көк аспанға бұла-дұр,
Қызың - боздап,
Неге ішінен тынады - ұл?!
«Қыпшақ» дейтін азалы әнің бар еді,
«Кейкі»дейтінқайырмасы мына жыр:

Көк Бөрі - жоқ,
Көкте мұңлы Ай қалды.
Соңғы Қыпшақ Алтайға асып, жете алмай,
Ұлытауды -
Ұлып!
Шыр-шыр айналды!

Зеңбіректің аузын оқтың бораны ап,
Кәуір төкті күллі әскерін қоралап:
Соңғы Қыпшақ сойқан сап жүр,
Беліне -
Абылайдың Аппақ Туын орап ап!!!

Уа,
Бұл ақ ту - Едігеден алған -
Ту!
Өр Алтайдан - Еуропаға барған -
Ту!
Ғаламға сүрен салған -
Ту!
Хан Кенеден қалған -
Ту!
Өр Торғайдың жерінде,
Ер Кейкінің белінде –
Зәресін сұмның алған –
Ту!

Бұл бір бітпес азам-ды.
Азамды айтып, алып, Дүние, мазаңды,!
Төктім шерлі ғазалды:
Сол Туға орап,
Кейкінің басын ап кеткен,
Кәуір!
Сенің Тәңірі бергей - жазаңды!

Атырау -
Арқа -
Алатау-
Алтай арасы,
Бәрі - Қыпшақ даласы.
Шыр-шыр еткен Торғайыңның көгімен,
Ал, саңқылда, Ақсұңқардың баласы!

Жалғыз Өзі - жыр-тұма,
¥лы Қыпшақ Рухын бізге жырғап әкепті.
Залым кәуір тәнін тастап жұртына,
Басын –
Ұрлап әкетті!!!

Ата жұрты –
Алтай-ды
Алтайдан көріп Аспанды -
Көңіл марқайды:
Қара-құрым зат... мүскінге көз салмай,
Адамзатқа -
Ат үстінен шалқайды!

Оның Бекзат Ұлы Ата-Бабасы
Жерден жеміт терген пендеге ыза боп,
Көк Тәңірі мен Көк Бөріге арбалған!
Өзіне ұқсас ұлыс таппай жалғаннан,
Шамырқанып -
Шамданған:
Даладан шыққан дарабоз еді-ау, қайтейін,
Адамзатқа -
Хан болған!
Батыры –
Жауына басын жүрелеп иетін,
Қатыны -
Түрегеп сиетін -
Елді де көріп -
Таң қалған!
Тексізді жөнге салам деп неге сандалған?!!

Арғы атасы - Атилла - Еділ-ді.
Дешті Қыпшақ - ұлысы.
Басын иген Батысы мен Шығысы.
Жолындағы қас дұшпанын жалмаған,
Қолындағы -
Тәңірінің Қылышы!

Елден ерек жұрты-еді,
Текті, бекзат түр-тегі.
Қап тауынан Еділге дейін үй тігіп,
Байқалдан кеп ат суарған Түркі еді!

Дарадан да дара-
Осы!
Византия - ¥рымның жоқ зәресі!
Аруағы елестесе көзіне кеп, Әлемнің -
Кіресілі-шығасылы - әлі -
Есі!
Келе жатыр Қыпшақпен қырқысып,
Дүниенің күллі Әзәзіл - Пәлесі!

Уа, Кейкі-Бахадүр!
Қалай басам өзектегі өртімді,
Жұрт - Алтайды,
¥лт - ұмытты төркінді;
Еділ мерт боп,
Ел - иесіз!
Жөнкілді:
Оны - Қатын,
Сені - Кәуір өлтірді!!!

Қасіреттен қоздап жыр,
Басымыздан ғасырын ап, озбақ - жыл
Қазақ деген - Төлеген ғой,
Сәлемін -
Қос Обада Ақ Қазға айтып,
Боздап жүр!

Қос Обада,
Қалған соң бір қайқаңда,
Сәлемімді мен де Ақ Қазға айтам-да:
- Тоқта, Қышпақ!
Қайда жөнеп барасың,
Мені тастап Саппас бенен Сайқалға?!

Ерің қайда?!
Елің қайда еңселі?!
Кімді емгенмін?!
Мынау - кімнің емшегі?!!
Жер астына кірсен дағы жеті қат,
Тоқта, Қышпақ!
Тауып алам Мен -
Сені!!!

Жалғанда, жалған, жалғанда,
Қай есемді қайтарғам?!
Сенің Басыңды Кәуір шауып алғанда,
Менің Миым шайқалған!

Басым айналып,
Тілім байланып,
Қасқырдай -
¥лып!
Терімді - Айға кептірдім!
Абыралыдағы Атом Бомбасынан шығып,
Саған кеп тұрмын!!!!

Алтын Басымды Алладан басқага ұсынбан!
Арымның садағасы - Жаным!
Ділім - Адамзат,
Дінім - Мұсылман,
Қыпшақ - Қаным!

Сарыарқаның сары желі сабалап,
Рухың елге оралды.
Сары орыстан -Қара орысы балалап,
Қара бұлт торлап тұр молаңды!!!

Торғайда -
Соңғы үмітім желге ұшқанда,
Соңғы Қыпшақ жер құшқанда,
Кәуір қылышымен шауып алғанда
Жарыңның құрсағындағы
Тұлымды –
Ұлыңды!!

Көкжиектен Көк Бөрі-ау,
Көк Тәңірге ұлып ең,
Алаш Анам, абдырап,
Жүзіңді Құбылаға бұрып ең:
Мен-
һалифа шешемнің жатырына –
Қыпшақ Ақсұңқардың белінен
Содан кеп түскен ұрық ем!

1950-де-
Кіндіктен
Қыпшақ Қаным төгілді.
Қыпшақ Жаным егілді.

1986-да-
Желпілдеп Қыпшақ Тұлымым,
Империяға қарап -
Ұлыдым!

1990-да-
Жүрелеген орнымнан
Жүз ырғалып -
Тұрдым.
Қазақ Қағанатын -
Құрдым!
Төбемнен Тәңірі Нұр құйып,
һас Сақтан -
Қазақ боп -
Тұндым!

Атырау -
Арқа-
Алатау-
Алтай арасы,
Бәрі - Қыпшақ даласы.
Шыр-шыр еткен Торғайыңның көгінде
Ал, саңқылда, Ақсұңқардың баласы!

Төгілсін көз жасың,
Ішің толы - шемен.
Еуропада - Басың.
Азияда - Денең!
Тастап мына бал-бал бейнең мүлгіп тұрған кеңсені,
Өр тұлғаңды іздеп шықтым еңселі!
Жер астына кірсең-дағы жеті қат,
Тоқта, Қыгппақ!
Тауып алам Мен –
Сені!

Өлі ара - бұл шақ. Жанарда - мұз.
Бұршақ-бұршақ!
Алдымды - Тұман,
Артымды - Күмән қүрсап,
Мен келем Сенің соңыңнан,
Ақсұңқар - ¥лы - Қыпшақ!!!

Зарым да - Сен!
Жоғым да - һәм...
Барымсың!
Шер кеудемнің запыраны жарылсын:
Ақтығыңа дат түспеген Арымсың!!!
Қыпшақ Торғай ақ нұрға кіл малынсын,
Көк Тәңірі-ау, сен қайдасың айбарлы?!
Қыпшақ Кейкі көрінен бір аунап,
Қыпшақ Сұңқар шеменнен зіл арылсын;
Құлағына бұ тас керең ғаламның,
Қиядан кеп,
Қыпшақ Жыры шалынсын...

4.АЛАС! АЛАС!! АЛАС!!!
Алаң да, алаң, алаң жұрт,
Ақала ордам қонған жұрт...
ҚАЗТУҒАН
Ерте күнде отты Күннен Ғұн туған,
Оты Ғұннан от боп ойнап мен туғам.
МАҒЖАН

Белес, белес, белес деп,
Есімді алды-ау, Есалаң бір Елес кеп...

Құлдан шыққан,
Күңнен шықққан
Күлден шыққан көмескі, --
Еуропаны кезіп жүрген Елес-ті.
Еуропаны кезіп жүрген Елесті –
Көшіріп ап Азиялық Миына
Елтайлардың айдарынан жел есті!

Есалаң Елес есірді:
Маркстен -- Ленин көшірді;
Лениннен -- Сталин көшірді,
Сталиннен -- Голощекин... Қанділдин...
Қанділдиннен -- Жанділдиндер көшірді...
Көшірді де, Бекзат–Феодал-Қазақты
Жерұйықтан –
Итжеккенге көшірді!!!

Кешегі тексіз, құл неме,
Оранып ап үлдеменен бүлдеге,--
Мінбеде тұр мырс-мырс күліп Мырқымбай!
Бейімбеті –
Түрмеде!

Шаршы топта мыңды басқан мысы кеп,
Хан тұқымы Әлиханға қарамады-ау кісі деп?!
Қайда жөнеп барасыңдар, Қаракөктің үйірі –
Кісінеп?!!

Қара, әні:
Қанға толып Жаһан сыйған жанары,--
Баукеспелер түйте пышақпен бауыздап,
Шыбын Жаны Көкке бет ап барады:

«-- Белес те, белес, белес деп –
Есімді алды-ау, есалаң бір Елес кеп:
Елдігі ерек, ниеті бөлек қазақты
-- Неге мендей құлдың ұлы емес?!--деп...

Қанымды ішті-ау, Қара Құрт,
Құтқарар мына дудан – кім?
Мен –
Көк Тәңірдің бір демінен жаралып,
Көк Бөрінің құрсағынан туғанмын!!!

Он екі қанатты үйіме
Төрт құбыладан керуен де керуен кісі кеп,
Төрт тарапқа керуен де керуен кісі кетіп,
Майланған майға ұртым-дүр.
Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күреңге мінген жұртым бұл!

Мен қайтейін өзектегі өртімді,
Тілекті Тәңірі берсін де:
Құладын қуды өлтірді,
Қу басына келсін де.

Балпаң да, балпаң басқан жұрт,
Аруағым елден асқан жұрт,
Күреңнің тұяғына шыдады екен тас қайтіп?
Көкжиекке ұшқан жұрт,
Күрек тісін қасқайтып,
Күнсұлуды құшқан жұрт!

Бағаналы орда, басты орда,
Байсал орда қонған жұрт,
Жүрегі – анау Аспанда,
Тілегі – Алаш болған жұрт!
Қай да сол, қайран,
Қайран да, Қараорман жұрт?!

Жабығымнан жайлаудың хошы еніп,
Сапырып қымыз ішкен жұрт,
Көлдей қамқа төсеніп,
Келін боп Ханым түскен жұрт!

Е, заманында Алла мені алқады,
Соны ұқпайтын неткен қырт?!
Ханы үстінен шешіп берген қамқаны
Ақыны киіп кеткен жұрт,
Ақылы кемел неткен жұрт!

Бейіштің төрін мекендеп,
Күндердің күні күйкі тірлігін бекер деп,
Ақындарына сөз берсе адам баласы,
Қарға бойлы Қазтуған көкем кеп,
Саңқылдаса екен!
Бір ойда қалар бұл жалған,
-- Мәрт қазақ сөйлеп жатқанда
Мен қайда жүрдім екем? -- деп.

Мынау керім кеңістік
Күлтегіннің жұрты еді.
Жартысын ап жалғанның
Жатысын-ай, ғажап!
Арғы түбім – Түркі еді,
Бергі ныспым – Қазақ.

О, Көк Тәңірі – Күн Ием!
Найза ұшында тұрсам да,
Қас жауымнан найза бойы биік ем!
Сүйінем-дағы, күйінем:
Аузын ашып, тілінен бал сорғызған,
Ару сынды Асылзада екен дүнием!

Бұ дүниенің алды – сайран,
Арты -- мұң,
Онда менің дағы еншім бар-тұғын
Жасын сүйдім –
Қатарымнан қара үзіп,
Ару сүйдім –
Қорғасын боп балқыдым.
Асқақ-асқақ лебіз айтып аспанға,
Ақтанберліше шалқыдым!
Адамзат, бірақ, ақедеу екен, алтыным:

Кешегі тексіз, құл неме,
Оранып ап үлдеменен бүлдеге,--
Мінбеде тұр мырс-мырс күліп, Жалған-ай --
Бекзаттарым –
Түрмеде!!!

Есуас Елес есірді:
Тәңірі емес, соның сөзі кесімді:
«РСФСР тарихынан» -- «ҚазССР тарихы,»
«Букварьдан» -- «Әліппеміз» көшірді;
Қашан жиям деп жүргенде есімді,
О да кетті адастырып көшімді...
«... Көшірді...» -- деп Кең Алла өзі кешірді:
«-- Құранды ұста!
Арыл күллі күнәңнан!
Жый--деп тұр Ол – есіңді!».

Мырқымбайды – Бейімбетпен қоса ақтап,
Көрден шықтық Дүниеге осы -- аппақ.
Көшімізді Көк Байрақпен түзеді Ол,
Көшірмеші көкмылжыңын қосақтап...

«Тілі басқа – тілегі бір,
Жүзі басқа – жүрегі бір» --
Жүз ұлыстың үйі бір,
Қыз ұзатып жатыр, әне, сүйіп ұл:
Мағжан түгіл, Малинді де танымай,
Неге ашып тұр Мырқымбайдың миы бұл?!

Кәлимаға келер, келмес тіліңіз,
Диаматта әлі сіздің діліңіз.
Енді бізге Попперлерін жіберді –
Еуропа –
Піріңіз!

Мынау – Мәңгүрт...
Мырза!
Құлжа!
Мас -- әрі:
Екі жеп – бір асады.
Тарих бетін алтынға аптап ашады:
Қазақтан да -- Қазан Революциясы –
Рокфеллер жасады!!!

Ол – Парижді,
Мен – Гетені сүйіп ем,
Биік болсам, Абайменен биік ем,
Қаракөктің үйірі ем,
Хан Кененің күйігі ем:
Ойланып тұр мына саппас неге осы
Күлін шашқан Миғұланың миымен?!

Улап күллі ортаны,
Небір ойын ойлап тапты ол тағы:
Ділін сүйіп, Дініне ұйып, Тілін жалап Өзгенің,
Өзінен –
Өзі қорқады...

Жұрт бар ма еді сайран менің жұртымдай,
Ұлт бар ма еді қайран менің ұлтымдай?!
Мынау – Дөкей Мырқымбаев (бизнесмен!),
Анау доктор – Мырқымбаев Қыртымбай!

Өтеген Баһадүр –
Өр елім!
Өрге ұмтылған өркенің ем, өренің,
Кіре беріп осылардың миына,
Шіріп кетті менің күллі өлеңім!!!

Қазақ – Қара Нарың-ды.
Қара Нарға қалай дүние тарылды:
Қаңғалақтап Сайын көшесіне кеп
Қалай төктім Ұлттық Ұят-Арымды?!.

Күншығыстан шүршіт күле жосылып,
Мәз боп жатыр Мәңгүртіме қосылып!
Мен ғой мынау Айға қарап отырған
Құтжолымен қоса –
Ұлып!!!

Көк Тәңірі!
Қай қиянға қашты үміт?
Асау жанды бір өзіңе тапсырып, --
Тыным табам...
Жоқ...
Қайтадан мына елге
Жібер Мені Бақсы ғып!

Екі жақта лапылдаған екі от тұр,
Екі от емес –
Тамұқтағы екі өрт бұл!
Екеуінің ортасында Алаш қап,
Оған енді Әзәзіл кеп бал ашпақ;
Қойлыбайдай Бақсы керек бұл елге
Жын-періні қуатұғын аластап!

От –
Су –
Жер –
Жел –
Жұлдыз – міне, -- Бес Ене.
Бес Енеміз – Маңдайдағы Пешене!
Бесеуіңді аластайын, Жын кетпей
Көгере ме көсеге,
Тоқтап қалған көшім өрге көше ме?!

Жерді жеп Сұм,
Енді Аспанды айқарды,
Күн күрсінді, алабұртып Ай қалды.
Алас!
Алас!!
Шаңырағым шайқалды!
Алла қуған Сайтанға қос, Аруақ,
Жерде жүрген Сайтанды!

Алас!
Алас!!
Жер мен Көкті қан басты,
Адамизат ақылынан алғасты,
Аунап жатыр Абай туған топырақта –
Албасты!!!
Неге Батыс -- Шығыспенен бақас боп,
Неге Оңтүстік – Солтүстікпен алмасты?

Алас!
Алас!!
Ағып жатқан селмен кет!
Соғып тұрған желмен кет!
Босағамды күліп аттап жылмиып,
Дастарханды тіліп кеткен елмен кет!

Алас!
Алас!!
Есігімнен кет!
Керегемнің тесігінен кет!
Немеремнің Бесігінен кет!
Жетімімнен -- кет!
Жесірімнен -- кет!
Керден пендеңнің кесірімен кет!

Алас!
Алас!!
Ділімнен кет!
Миды ашытқан іліммен кет!
Ит пен құсқа қор боп жүрген
Ұлы Ана Тілімнен -- кет!!!

Бұлдыраған бумен кет!
Сарқыраған сумен кет!
Мен сімірген умен кет!
Төккен күлмен кет!
Батқан Күнмен кет!
Мүлдем, -- кет!!!

Өзің қазған орға кет!
Сораң, сораң сорға кет!
Қайда кетсең – онда кет!
Кет...

Қара қарға қан-жініңді шоқып көп.,
Көкіп кетіп бара жатыр, көкіп кеп.
... Мен аластап тұрған кезде, Алашым,
Кел! екі оттың арасынан өтіп кет...

5.АДАСҚАН ҰЛДЫҢ АТА ЖҰРТҚА ОРАЛУЫ
(ХХ-ХХІ ғ.ғ.)
Бір-ақ сүйем -- Жер мен Көктің арасы.
Жасынның отын ұртта!-деп –
Мен –
Ақсұңқар құстың баласы,
Ұямды салғам бұлтқа кеп.

Кеудемдегі көк кептерім -- өлең-ді,
Кемпірбайдай –
Көкке ала жөнелді.
Осы Дүниеге маза бермес ол енді!
Көкірегіме сүңгіп кіріп Көк Түркі,
Көз алдымда Күллі Дүние көнерді.

Босағадан – Төрімді,
Көгімнен – Жеті Қарақшыны тауып ап, --
Көкжиектен – Көк Тәңірі көрінді,
Көрінен – Ақсұңқар аунап!...

О, Боз Далам, Боз Далам!
Қолқамдағы қандай шер бұл – қоздаған?
Сұңқарыңнан сенің ешкім әрі асып,
Тұлпарыңнан сенің ешкім озбаған!
Бәрі – бітті...
Қорқыт жыры –
Тозбаған:
Қобыз қалды сарнап сенде,
Сонан соң –
Қобыздайын мен қалыппын боздаған...

Уға айналып -- шарабы,
Самұрық неге ала көзбен қарады?
Уитменнен...
Киплинг...
Мандельштамнан манағы, --
Миы ашыған ахедеулеу баланы,
Ақтамберді алып қашып барады!

Қия бетте қырық қабырғам сөгіліп,
Нені іздеп ем, не біліп?
Ноғайдан қайтқан Қазтуғандай,
Төгіліп,
Қазақстаннан –
Қазаққа келдім егіліп!!!

Сонда Уақыт қасыма кілт тоқтады:
Қорғаннан – Шүршіт,
Орманнан – Кәуір оттады.
Көк Тәңірі –
Су Тәңірі,
От Тәңірі –
Қара басын қарсы қойған Рухқа --
Жетесізді --
Жетпіс жылға соттады!

Ей, құл-құтпан, баспағым!
Тәңірі құйған қалыбыңнан аспадың:
Аяқ-қолы кісен екен, қарасам,
Әлихан мен Әлімханнан басқаның!

Көшелі –
Керім елдің, сері жұрттың кешегі,
Маңдайдағы соры неге бес елі?!
Көк Тәңірі енді өзін тәрк етсе,
Оны –
Өлім Жазасынан кеседі!!!

Текті Түркі тең-құрбыдан шет қалып,
Ақырзаман кепті анық.
...Осы дүниеге олжа салған Олжас еді қазақтан,
О да кетті Күнбатысты бетке алып...

Күнбатыс пен Күншығыстың арасын
Кезгеніңді «Кезбе» дейтін күй деп айт:
Көке!
Қайда барасың?!
Үйге қайт!

Қазақ еді – Қаз Үнің.
Жазығы – не?
Менің қандай жазығым?!
Көнбе ешкімге, Көк Бөрі,
Сөнбе, Темірқазығым!

Көк Тәңірі Көктен Жерге сауып Нұр,
Еділ Патша елге келді шауып бір!
Қайда жөнеп барасыңдар ауып бұл?!
...Қазақты қайырып түркіге,
Төбемнен жауһар жауып тұр...
31.01.2005.

ТОҚЫРАУЫН. ТӨРЕТАМ
Әлихан Бөкейханның аруағына
Таң арайлап атқанда,
Бұ да Тәңірі ісі деп,
Тұяқтары от лақтырып, шапқанда,
Жау ішіне кіріп келген кісінеп! –
Аттарға серт!
(Құранның «ҒАДИЯТ» сүресінен).

Мың ғасырдай жол жүріп,
Шаңға батып соқпағы, --
Алтайдан шыққанАлтын Круенім болдырып,
Тоқырауынға тоқтады.

Тоқтады да,
-- Маған жайлау бола ма енді бұл жұрт? – деп,
Артым – жарық,
Алдым – неге күңгірт?! – деп –
Әшімтайдың кеудесінде жатқан қоңыр домбыраның,
Шанағына кіріп кетті сүңгіп кеп!

Бегазыда күллі Аруақ қауышып,
Ақсораңда жаңғырықты тау іші.
Төретамда күңіреніп тұр әлі сол
Әулиенің дауысы...

«-- О, Көк Тәңірі!
Көк Бөрінінің көңіл күйімен –
Сен жек көргенді тәрк етіп,
Сен сүйгенді сүйіп ем.
Біреулер пұтқа табынды,
Біреулер қыртқа табынды.
Асқақ басты мен Саған ғана иіп ем!

Ойранға түспей, омалып өлген обал-ақ,
Тілменен жалап жараны.
Алтын басым аяр жаудың аяғына домалап,
Асау жаным Аспанға ұшып барады...

Мен – Алтайдан шыққан керуен,
Төрткүл ғаламға салып өткен соқпағын.
Дүниені дүрліктіріп келіп ем,
Тоқырауынға--
Тоқтадым!

О, Төретам!
Һас Тұлға –
Тоғым – Шығайдың тұяғы жатыр астында!

Ақ найзамен Көктің бұлтын түргенде,
Көшкен елдің жұртында тұяқтан ұшқан тас қалып, --
Біз Ат үстінде жүргенде,
Жаяу жалпы еді басқа жұрт!

Қараны –
Ханға теңгеріп,
Жүзімді құбылаға қараттым.
Сұмырайды ат бауырына өңгеріп,
Сұлудың жұпарын қарша бораттым!

Тұлпарымды тақымдап,
Ой-қырға омырауладым –
Алтайдан сүрен салып бір,
Адамзаттың қос қарашағы лапылдап,
Қос өзенде жанып тұр!

Етектен –
Еңселі шыңға шықтым ту алып,
Еліме – ел қосылды.
Дунай мен Днепрге атымды суарып,
Волга-Донға тіктім қосымды!

Көштім мен керуен-керуен боп,
Көп сырды түйіп ішіме.
Көкжиектен Тигр мен Ефрат көлбеңдеп,
Миссисипи мен Миссури кірді түсіме.

Жаяу жұрт жатты жолымда,
Ат жалын тартып, үзеңгіге аяқ салғалы.
Янцзы мен Хуанхэ қалып соңымда,
Күнбатыс –
Көзді арбады.

Иіді маған Көктегі Тәңірі Ием келіп,
Бес қаруымды сайладым.
Еділ-Жайықты иемденіп,
Есіл-Нұраны жайладым.

Сырдарияның балығы тайдай тулады,
Әмударияның бақасы бақсыдай шулады.
Шырмауығынан шөккен түйе көрінбес,
Тілі мен ділі бөлінбес –
Жарлысы мен байы тең,
Жары менен сайы тең –
Тұран тұрғыздым осында –
Бумын Қаған мен Естемір Қағанның қосында!

Алғаным – Ару қыз еді,
Маңдайы Күнге тимеген.
Тұла бойын Ұмай Ана зерлеген,
Сығалап еркек жүзін көрмеген.
Сол әйелден Елім деген ұл туды,
Ерім деген Қыз туды.

Зәузатым маған ұмтылса,
Бесікте бөбек бұлқынса;
Мен, қайтейін, жеті атадан асқан соң,
Ұлым күңге қосылып,
Құлым – ханшаға қол салып,
Одан құлақ кесті құл мен күң туса?!

Ғалам қалай қағынды?!
Аяр жұртпен арбасуды ар қылдым.
Алтын кебінге тәнімді орап,
Жанымды –
Орхон-Енесай Жазуында қалдырдым.

Көз байланды,
Хош, сайран күн!
Дүние –
Күлге айналды.
Мен –
Күйге айналдым...».

БЕСІК ЖЫРЫ
Һалифатқа
Қара шаңырағым шайқалып,
Жалп етіп, шырағым өшкенде,
Бұ дүниеден о дүниеге ханышадай найқалып,
Һалифа шешем көшкенде,
Шырылдап жан да, мал қалды,
Ол менен ғана қалған ба?!
Опасыз мынау жалғанды
Омырауға құйып алғанда,
Тәңірім Сені жіберді!

Маңдайдың қалың соры мына,
Жер сипап қалған соқырмын.
Тәтемнің суыған орнына
Теңселіп келіп отырдым!
Әлди, бөпем, әлди-ай!

Көктегі түстің жасыннан!
Запыраны екі ұртында,--
Замана көшті басымнан!
Екеуміз тұрмыз жұртында,
Әлди, бөпем, әлди-ай!

Жауһар жалдаған шалғында,
Үмбеті ем асыл бір ердің.
Мен Алладан Азаттықты алдым да,
Қалғанын--
Шашып жібердім!
Әлди, бөпем, әлди-ай!

Қуды да айырды есінен,
Сұмды да айырды есінен,
Құзғындайын басып жемей бауырыма,
Сұңқардайын шашып жеген несібем!

Жардым да бұлтты, сілкіндім,
Маңдайдың тағдыр-таланы:
Мен уын іштім ұлтымның!
Сұмырай балын жалады...
Әлди, бөпем, әлди-ай!

Ай –
Толықсып толғанда,
Күн –
Алтайдан шығып, Атырауды шолғанда,
Ара –
Гүлді аймалап, өргенде,
Қазақстан –
Он төрт мәрте Күнді айнала бергенде,
Шырылдап туған құлыным,
Шымырлап тұнған тұнығым!

Құл менен күңнің бұл күні,
Шекесі майға шылқыды.
Сен өсіп, атқа мінгенше,
Тояр ма екен құлқыны?
Тоймас па екен құлқыны,
Әлди, бөпем, әлди-ай.

Тәй-тәй, тәй-тәй, бөпешім,
Жерден—Аруақ, Аспаннан сүйеп--Құс кілең,
Тәлтіректемей, өте шық—
Коттедждер мен космополиттердің үстінен,
Тәй-тәй, бөпем, тәй, бөпем!

Көшіме көсем кім десем,
Ішінен неге тынады ұлт?
Алты айда атқа мінбесең,
Алаң да, алаң мына жұрт...

АНТИ-ПОЭЗИЯ
АНТИ-ПОЭЗИЯ кәріне мініп тұр. Адамзаттың алғашқы ақыны Гомер туған күні ол да қоса туған. 1837 жылы, қаңтардың 29 жұлдызында орыстың ұлы ақыны Пушкин Дантестің көздеп атқан оғынан мерт болды. Күз өтіп, қыс келген сайын, осынау қаңтарда ойы жүйрік орыс халқы азалы ақынын есіне алып, азапты ойға шомады. Ақындары мен батырларының туған күндерін ат шаптырып, палуан күрестіріп, қыз қуып, есінен тана тойлайтын біздің жұрт, қалай екенін қайдам, олардың өлген күндерін ұмытып кете береді. Орыстар өз ұлтының ұлы перзенттерінің туған күні түгілі, өлген күні де ойланады. Ұлт болып толғанады. Бізде мұндай күндер тойланып жатады… Сол қалыптасқан қатаң үрдісті қасақана бұзып, сүйегі орыстікі болса да, рухы бізге де жақын Пушкиннің қаза болған айында қазақтың да небір боздақ ұлдарының ит мініп, ирек қамшылап өлмегенін айтудың реті келіп отыр…
Ұлылық пен сұлулық, ақыл мен парасатты алтын мұрат көрген ақсүйектердің атақты Ренессанс заманының соңғы көші адамзат баласының басынан үдере көшіп, тоңмойын қара тобырдың қара күш заманы, төңкерістер ғасыры келе жатты.
Махамбеттің фәниден бақиға көшкен күні мына жарық дүниеде не болғанын біз біле қоймаймыз. Бізден көрі көзі ашық, көкірегі ояу орыстар Пушкиннің жөргекте жатқан күнінен табытқа түскен күніне дейін көз майын тауыса зерттеп, қолына ұстаған дүние, қаламымен шимайлаған қағазы, кескін-сурет, қолжазбаларына дейін қасиеттеп жүр. Зерделі пушкинтанушыларды айтпағанның өзінде А.Керн, Д.Фикельмон сынды замандастарының жазбаларын қайда қоясың; тіпті, ақынның ғашық болған әйелдерінің түсін түстеп, әсемдігін әспеттейтін «Дон-Жуанский список Пушкина» дейтін кітап та жарық көрді. Пушкинді былай қойып, оны атып өлтірген Дантестің итшелеген өмірі мен пенделік пиғылын ақтара-төңкере зерттеген әдебиеттер қаншама.
Бізде Махамбеттің қалай қаза тапқаны туралы жөні түзу тарихи дерек жоқ. Махамбетті өзінің сарай ақыны қылмақ болған Жәңгір хан кім? Түр-нұсқасы Иудаға ұқсайтын, доспын деп келген бас кескен Ықылас ше? Махамбеттің басына мың сом бәйге тіккен Баймағамбет сұлтан кім еді? Кейбір қазақ, тіпті, оны мыңды айдаған бай еді, мырзалығы да соған сай еді деп мақтап та жібереді… Абай атамыз айтатын «қырқын мінсең, қыр астыра қоймайтын қырт мақтан» ғой баяғы. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» дейтін Елтайды да ер-азамат еді деп есіп жүргендер де бар. Ерің Елтай болса, ел болғандай екенсің?! Адамдықтың көзі бітеліп, надандықтың іріңді суы іркіле бастағанда, міне, осылай құлан құлдыққа құлайды да, құрбақа құлағында ойнай жөнеледі. Махамбет-Исатай хан-сұлтан, бай, феодалдарға ғана қарсы күрескен жоқ. Солардың ту сыртында тұрған орыс патшасына жолбарыс болып атылып, қасқыр болып шапқан еді. Жәңгір мен Баймағамбеттердің есіл дерті – қарын қамы, Исатай-Махамбеттердің ойы халық қамы болатын-ды. Бірақ көтеріліс көшпен жаншылды. Исатайдан айырылған ақын Қараойда жалғыз үй қалды.
Ұлттық әдебиетіміздегі ақын қазасына байланысты айтулы бір туынды Тәкен Әлімқұловтың «Қараой» әңгімесі. Содан болар, осы шағын әңгімені арқауға ала отырып, Махамбеттің басы кесілген Қараойдағы қаралы күнмен бүгінгі қазақтық болмыс тіршілігіміздегі кейбір мәселелер хақында ой толғағалы отырмыз. «Соттан кейін ел ішінде екі-үш жыл бейбіт өмір кешкенде, Махамбеттің түбіне ауылдың ұсақ әкімдері жетті. Қайда жүрсе ізін аңдыған тыңшылығымен, қардай боратқан қара шағымымен жетті. Махамбетті сұлтанның ордасына шақырғанда Баймағамбеттің ойы сағы сынған, туы шағылған ақынды сарайға бұлбұлша сайратып қоймақ-ты. Бірақ Махамбеттің: «Ежелгі дұшпан ел болмас, етектен кесіп жең болмас» деп салуы – ат құйрығын кесісуімен тең болғанын , ақын не көрсе де тілінен көретінін кейінірек ұғынады» (Т.Ә. «Сырлы наз». «Жазушы» баспасы. Алматы. 1977ж. 10-бет). Ақын туған елін қызғыш құстай қорғаштаса, тобыр оны Иса пайғамбарды ұстап бергендей, өз қолымен құрбандыққа шалып, онысына іштей рахаттанып жатты. Халыққа – азаттық, тобырға – құлдық керек екен!
Махамбеттің басын кескен кім?
«Бағзы замандағы Қарабайдың үйі мен осы замандағы өз үйінің халі Махамбетті тың бір ойға бастады. Малын қызғанып жапанға қашқан Қарабайдың қара шаңырағын жалпақ жұртпен жалғастырушы Жантық болса, халқын қызғанып, Қараойға бекінген Махамбеттің қара шаңырағын пейілдес елмен астарластырушы – Ықылас. Екеуінің тәтті ұрттылығы егіз елес туғызып, сезімінің секемін күшейтті. Енді Ықылас кешіккен сайын сыбайлас аңшыдай сүйіндірмей, сауықшыл жардай кәдік туғыза бастады. Ықылас ертеден Махамбеттің көңілін жығып көрген пенде емес. Бірақ мұның бір өзі баяндылыққа айғақ бола алмайтындай. Ер мен ердің арасы шекіссе бекімек, өкпеқалдық өмір жасынан байқалмақ. Кімнің тарысы піссе, соңың тауығы болатындар Махамбетке қияметте дос бола алмақ емес. Ықыластың дастархандық қомағайлығы енді қобалжу туғызғандай» (бұл санда – 18-бет). Ықыластардың табиғи болмысы адамнан гөрі хайуанға ұқсас, бұларға – тамақ, киім-кешек керек. Махамбетке рух керек. Рух болғанда да, аламанға жел берген, аса жұртты меңгерген, қара қазақ баласын хан орнына теңгерген (Махамбет) – Рух!
«Қол шаяр алдында Жаңаберген Исатайға бағыштап құран оқыды. «Күнту – тұрабадан» аса бергенде сүрініп еді. Махамбет қақырынып қалды.
Махамбеттің бұл қылығы да бидің шымбайына батты. «Мұсылманша, орысшаға судай кәпір ғой бұл!» деп отыр» (бұл сонда 18-бет).
Махамбеттің түбіне жеткен надандықтың ұсқыны осы күншілдігінен көрінеді. Қазақтан Оразбай туса, Абай болғысы келеді. Әйләуләйшіл әншісі Әміреден нем кем деп домбыраға қол салады. Әңгімешіл тантығы Әуезов те мендей басы жұмыр пенде екен ғой деп, өзіне өзі тамсанып, мәз болады! Мұқағалидың көңілді бір отырыста әріптестеріне қарап:
--- Сендер осы неменеге жетісіп ішесіңдер? Мен болсам, берер дүниемді беріп, тындырар шаруамды тындырып ішіп жүрмін! -- деуі содан-ды.
«В истории руской культуры вряд ли есть событие равное по своему трагизму смерти Пушкина» – дейді Николай Раевский. Махамбет өлген күні қара халық қара жамылды, деп жазды бір білгіш. Өтірік! Қараойдағы қаралы үйі ғана қан жылады. Әйелі Әуес пен баласы Нұрсұлтан қасірет шекті. Ауыр қаза Махамбет-Исатайды қадір тұтқан аз ғана ағайынның арқасына батты. Абай өлген күні де, Ахмет, Мағжан, Міржақып, Қасым өлгенде де осылай болды. Ол кезде қазақ халқы қандай ұлынан айрылғанын пайымдай алмады. Пушкин есіне түскенде: «Почти полтора века прошло с тех пор, но и сейчас тяжело и горько думать о безвременном уходе нашего гениального поэта» (Н.Раевский) деп, орыстар әлі күнге шейін қан құсады! Жыл сайын Пушкин күндерін өткізіп, аруаққа тәу етеді. Пушкиннің ғұмырбаянын зерттеп, өлеңдерін оқиды. Орыстың ертеңгі күніне Пушкин көзімен ой жүгіртеді. Бүгінгі пушкинтану –шекспиртану ғылымымен жедеқабыл болып қалды. Абайтанудың өзін күні кеше бастаған қазақ махамбеттануға әлі тұяқ іліктіре алмай жатыр.
Махамбеттің өлімінен кейін ақын атаулыны аруақтай сыйлаған, аталы сөзге тоқтаған қазақ топырағында «ақын өлтіру ойыны» (Жұматай Жақыпбаев) басталып кетті. Поштабайдың қамшысы Біржанның арқасында ойнап, Алаштың біртуары Абай таяққа жығылды. Шәкәрім қызыл жендеттердің қолынан қаза тапты. Мағжан «халық жауы» ретінде атылды. Қасым халық ішінде қараусыз қалып, құрт ауруынан қыршынынан қиылды. Төлеужан қой соңында қойшыға сөз, жылқышыға жыр болып өлді. Мұқағали замана запыранын ішіп мерт болды. Адамдық аяқтың астында қалып, надандық осының бәріне ащы мысқылмен қарап, күліп тұрды. Әлі де -- екі езуі екі құлағында….
Ақын дегеніміз – еріккенде өлең жазып, есінегенде шарап ішетін құбыжық пенде емес. Ел-жұртының еңірегінде етегіне толар көз жасы, күңіренгенде көзіне көрінер қарасы еді ғой. Әр жерде тарыдай шашылып жүрген он миллион қазақ адамзат ақыл ойының құзар шыңына шығып, ғылыми-техникалық прогрестің құлағында ойнап отырған бүгінгі адам баласының жыртығына жамау бола алмас. Оған салсаң – осы он миллионнан іріктеп, таңдап алатын он шақты Махамбеттің өзі де кемдік етпес еді.Шығысы Батыс болып кеткен ұлы қазақ Абайдың: «Единица болмаса не болады өңкей ноль» деген жан айқайы осыдан төркіндейді. Оны түсініп, соған тұшынып жатқан біз жоқ. Орыстар сорпа бетіне шығарын бесатармен жусатса, біз жақсымызды жалмаудың қазақи амалынын өзінше бір ұлттық әдіс-тәсілін жасап алған жұртпыз. Оның аты -–қаңқу сөз, өсек-аяң:
– Ойбай, Ақан сері перінің қызына ғашық екен! дейді. Пәледен машайық қашып құтылды дегендей, өзінің әнін айтып, сөзін сөйлейтін талантты да, қанатты перзенттерін ағаш аттың басына байлап, дүниедегі пәле-жаланы соған үйеді-ай кеп! Есі дұрыс ел өзінің марқасқа Қонаевын қаңғып келген шүрегей Колбинмен салыстыра ма; Алладан кейінгі ақылгөй Абайдың өзі: «Биік мансап – биік жартас, ерінбей еңбектеп, жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран да шығады» деп қақсап отырса да, отқа айдасаң, әлі боққа қарай қашады мына жұрт: 1986 жылдың желтоқсанында ел-жұртының намысын арқалап, көшеге шыққан ұл-қыздарымыз күні кешегі түркі Күлтегін, бертіндегі Махамбет алдаспанының Айға шағылысқан жарқыл-жұрқылы еді; оларға да айтпаған сөзіміз, жаппаған жаламыз қалды ма. Жәңгірхандық жәдігөйлік пиғыл, Баймағамбеттік бодандық психология, ықыластық ынсапсыз надандық соңымыздан қара үзіп қалар ма екен, жоқ, әлде, салпандап еріп жүре берер ме екен?!
Махамбет марқұм бұл дүниеден озған күні не болды – бұл жөнінде әлі құжатталған дерек жоқтың қасы. «Сол күні Ай тұтылған» дейді біздің ғасырымыздың 60-70-80-90-шы жылдарындағы Махамбет рухының бір жарқылы болған Тәкен Әлімқұлов! Мүмкін…
Қазір Күн тұтылып тұр!
Феодалдық-патриархалдық замандағы надандығымыз төңкерісшіл-социалистік надандыққа кірігіп кетіп еді. Енді ел егемен болып, етек-жеңімізді жиғалы төңкерісшіл-социалистік надандығымыз жабайы капитализм тұсында Махамбет-Абай рухын аяққа таптап, базарлардың лас түкпірінде қу құлқынның жыбырлаған құрттарына балапандап жатыр! Ана тіліміз – Абай тілі-өгей шешенінің тілі секілді. Мемлекеттік деген – аты ғана. Ендеше, ел жұртты қыранша қияға бастайтын Махамбеттің поэзиясын кім оқиды?! Иісі қазақ баласы жанына, қанына сіңіре алмаған қайран Махамбет рухы кіндік жұрты қазаққа керексіз болса, кімге керек болғаны?!
Пушкинге оқ атқан Дантес жат жұрттық еді. Орыстар оны француз дейді. Барон Жорж – Шарль Дантес 1812 жылы ақпанның 5-жұлдызында Францияда дүниеге келген екен. Пушкиннің құдай қосқан қосағы, осы қанды жекпе-жекке түрткі болған Наталья Никалаевна екеуі түйдей құрдас. Наталья Никалаевна дәл осы жылы Бородино шайқасынан бір күні өткенде туған. Бородино қан кешуіндегі орыс патриотизмін дәйім жұртқа аспаннан атой сала жырлаған ақын ақыры ата жауының атқан оғымен мерт болады деп кім ойлаған; Дантес өзін елге французбын деп таныстырғанымен, онда француздан гөрі неміс қаны басым. Туған шешесі графиня Мария Анна – Луиза Геттельд таза қанды неміс қызы. Оның туған ағасы Бірінші Империяның алғашқы кезеңінде Прусс мемлекетінің франциядағы елшісі болған адам. Дантестің әкесінің әжесі Баронесса Райндер фон Вейль де неміс әйелі болып шықты. Пушкин өлімі ашуға булықтырып, намысына тиген Юрий Лермонтов:
Мысқылдап жек көрді ол ішінен,
Жат елді, жат болмыс, жат тілді! --
деп жазды «Ақын ажалында» Дантес туралы. Ғаламзаттың мәдениеттің төс емшегінен уыздай емген француз жұрты жендет Дантесті жерлесім деп айтуға ұялады! Оның тәнінде француздан гөрі неміс қанының молдау екенін алғаш рет дәлелдеп берген осы француз зерттеушілері көрінеді. Біздің Беймағамбеттеріміз бен Ықыластарымыз адамзат алдындағы азаматтық миссияларын атқарып тастағандай, тарих оқулықтарынан бүгінгі болмыс –тіршілігімізде тайрандап көшіп, сайрандап жүр! Қазақтың таңдаулы ұлын қазақ өлтіргеніне кәдуілгідей кеуде керіп мақтанатындай дәрежеге жетіп қалдық. Бізде надандықты бетінен алып, бесігінде жөнге салу, түзеу деген үрдісі әлі күнге дейін жоқ!
Махамбеттің басын алған Ықылас Төлеев деген кім? Қаны бір қазақтығын былай қойғанда, тілегі бір замандас, жүрегі бір ағайын емес пе еді. Бұл жерде ақ патша мен Жәңгір ханды салыстырудың өзі ақылға сыймайтын дүние болғанымен екі елдің екі ақынның өлімін қатар алып қарағанда көңілге әртүрлі ой салып, сан қилы кереғар сезімге түсіретін бір фактіні айтпай кету күпірлік болар еді. Осындайда Николай Біріншінің қызы Ольга Никалаевнаның Парижде жарияланған жазбасы еске түседі: «Пушкиннің бойынан Ресейдің ұлылығы мен даңқын шығаратын қасиетті байқаған менің әкем (патша – С.А.) оған үнемі ерекше ықыласпен назар аударды деп жазды ол. – Ақынның өзіне лайықты ару әйелі де бұл ықыластан кенде болған жоқ». Бұл сөздің өтірік-шынын кім білсін, менің айтпағым, Махамбеттің мәрттігін мойындап, ата жұртының алдында бетінен оты шығып ұялған не Жәңгір, немесе Баймағамбет, Ықыластардың үрім-бұтағының бір тұяғын естігеніміз де, көргеніміз де жоқ әлі!
«Ресей бүгін Пушкиннен айрылды…» деп жазады Дарья Федоровна Фикельмон көзін жасқа бұлап отырып! Пушкиннен айрылған Дарья Федоровна емес – Ресей дейді! Ал біз ше? Бізде ше? Мұқағали дүние салғанда қазақ әдебиетінің ақсақалы Әбу Сәрсенбаевтың ақын үйіне көңіл айтуға барғанын, сонда оның өз құлағымен естіген сөзін … сіз білесіз бе, білмесеңіз, естіңіз, бауырым, осы үйге ет жақын туыс болып келетін Нарынқол өңірінің ата сақалы аузына біткен бір керауаз шалы:
--- Е, бір шыбын келді де, кетті!-деген екен! Елдің бәріне қансырап жатқан Пушкиннің қасында кірпік қақпай қыстың ұзақ таңын көзімен атырған әулие Жуковский болуы шарт емес, бірақ туа салып бесікте ана әлдиін, ат жалын тартып міне Төлебилердің аталы сөзіне құлағы қанып өскен қазақ ақсақалының осыншама көрсоқыр, надан болғаны көңілді күпті қылады екен!
Сонымен Махамбеттің басын шапқан кім?
Жәңгір хан айтақтап, Баймағамбет сұлтандар өре түрегеліп, Ықылас хорунжии құшақтап тұрып, пышақтап салған… дейді бір білгіштер. Түр-түсі, түпкі төркін жұрты тарихқа атам заманнан белгілі осы үш типтің жалпы аты, жаһан таныған ныспысы НАДАНДЫҚ болатын! Абайдың аз ғана Тобықтыдан көзімен көріп көңіліне түйген һәм бүкіл исі қазаққа тән сол типтік дерті қаншама әлеуметтік төңкеріс, жазалау мен аштық, неше түрлі сынақтарды басынан кешсе де әлі күнге есін жия алмай қойған бұл жұрттың етінен өтіп, сүйегіне шауып барады!
Махамбеттен кейін не болды! «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деп ақылгөйсйтін қазақтың арқасына Махамбет алдаспанының жарқылынан аруақ бітіп, шамданса – жығар асау, шымырқанса – сынар болат болды ма! Ежелгі дұшпан ел болды ма, етектен кескені – жең болды ма? Еділдің бойы ен тоғай еді – ел қондыра алды ма, жағалай жатқан сол елге мал толдыра алды ма?!
Сонымен соңы не болды? Ел қорыған Махамбет елінен айрылды. Көл қорыған қызғыш құс көлінен айрылды. Аға сұлтан Баймағамбеттер мансап лауазымын хатшылық пен министрлікке оп-оңай ауыстырып алды да, алып кел, шауып кел, атып кел, сатып кел Ықыластар болса кемелденген социализмнің университеттері мен институттарында Махамбет поэзиясынан дәріс оқи бастады!
«Пәлсапшылар дүниені әртүрлі бағытпен түсіндірумен келеді, бірақ, мәселе оны түбірімен өзгертуде жатыр ғой» (К.Маркс) демекші, енді не істейміз деген сауал туындайды. Аты – егемен, заты – тәуелді қазақ қалайша жұрт қатарына қосылып, көштен қалмай, көзін қияға салады? Жауап біреу: Ықыластардың айтқандарына көніп, айдауына ерсең – жылан болып, жырымға қарайсың, Махамбеттің соңына еріп, рухына кенелсең – қыран болып, қырымға қарайсың! Дәл қазір, өткен мен ертеңнің өлі арасындағы бізге Махамбеттің Рухы керек! Туырлықсыз тұл үйген ту байласаң тұрар ма (Махамбет): базарың базарлы болуы үшін де Махамбет керек бізге!
…Қазір Күн тұтылып тұр!

АНТИ-ПОЭЗИЯ адамзатқа адырайа қарап келеді. Әсіресе – Алашқа. Қазақ ұлы Абайдың 150 жылдығын тойлады. Бұл – Абайға дейін алдына ұстар қарасы, ақылы кемел данасы, шарасы болмаған қазақтың Абайсыз, санасыз, шарасыз ғұмыр кешуінің 150 жылдығы болды!
-2-
АНТИ-ПОЭЗИЯ азуын Айға білеген 1961 жылдың 12 сәуірі әлі көз алдымда.Мен онда он бірде едім. Кеңес империясы жер бетінде сайранды салып, енді Көк Тәңірге көз сұғын қадап тұрған. Күні кеше Қазан төңкерісімен ғаламды дүр сілкіндірген орыс, капитализмге соқпай, феодализмнен социализмге бір-ақ секірген иісі қазақ қана ма, тарихи даму заңдылығының өзіне тән үрдісіне қиянат жасамай көш керуенін түзей бастаған өрелі Батыс пен үшінші дүниедегі бүкіл азалы, арманшыл адамзат баласының екі көзі аспанда.
Ғарышта – Адам!
Адам –Ғарышта… Адамзаттың алғашқы ғарышкері Юрий Гагарин жұмыр Жерді айналып, құсша самғап жүр. Жер бетінде үш миллион жыл ғұмыр кешкен Гомо-сапиенстің бір нәсілі біздің жыл санауымызға дейін және одан кейін бірнеше мыңдаған ұрпақтар ғұмыр кешкен, атасы – күйеу болған жер, шешесі – келін болған жұмыр Жердің жұдырықтай ғана екенін өз көзімен көрді. Гагариннің ғарыш кемесі мен Жер-Ананның ара-қашықтығы 88 километр екен. Сексен сегіз дегеніміз – радистердің тілінде: «Мен сені сүйемін!» деген сөз. Бір-біріне жау екі тап, бір-біріне қас екі қоғамдық жүйе, бір-бірімен алакөз екі пенде: «Мен сені сүйемін!» деп көкке көз сүзіп тұр. Бұл – екінші дүниежүзілік қырғыннан кейін, ділі басқа, тілі бөлек – адам баласының ұлыстың ұлы күнінде тоқайласып, бір ой, бір сезіммен құшақтаса табысуы еді.
Атақты фантас Рей Бредбери адамның ғарышқа көтерілуін балықтың судан құрлыққа шығуымен пара-пар деген еді.
Осы күні Алматылықтар екінші бір тарихи оқиғаның куәсі болды. Аспаннан ақ парақтар жауып тұр. Бұл не? Бұған дейін қасиетті төрт кітаптан ғана оқып білген тәңірінің соңғы уағызы шығар мүмкін? Құран да көктен түскен демеуші ме еді? Әлде, сонау аспан төрінде, Алла тағаланың қасында жүрген ғарышкердің адамзат үмбетіне шашқан шашуы ма?
Өзі жер бетінде қалып, бір үмбетін ғарышқа жіберген біздің әулет әлгі парақтарды құрастырып оқып көріп, таң-тамаша қалды. Өлең! Ұлы мәртебелі цивилизация мен оның алғашқы анасы һәм ару қызы сұлу поэзия екінің бірі, сегіздің сыңарындай жарыса сөйлеп тұр:

Жоқ, Шығыс,
Жоқ, Батыс та.
Жыр – Отаным!
Бар кешің,
Бар әдемі бұла таңын
Жоқ, Шығыс,
Жоқ, Батыс та,
Кәдуелгі
Егіздей екі ұлы бар ұлы атаның.

Қылады атамекен тарлық кімге,
Тұрады сол ойдан ол қарғып түнде
Батыс жоқ,
Шығыс та жоқ,
Жер дейтұғын
Бір-ақ сөз,
Ұлы Сөз бар барлық тілде!
(Тәржімалаған Қ. Мырзалиев).

Миына бір ұғымды сіңіріп алса, содан өлмей айырыла қоймайтын аңғал адам баласының есіне сол күні тағы бір көне классикалық өлең жолдары оралған-ды. Ағылшын ақыны Киплингтің өлеңі. Бір кезде жалғанды жалпағынан басқан, Ұлыбританияның өркеуде шәйірінің бұл өлеңнің ұзынырғасы артта қалған бүгежек Шығыс такаппар да, ұлы Батыстың аяғын құшуға жаралған дегенге саяды. Мұны кеудесіне нан піскен отаршыл озбыр көштердің әулекі ән-ұраны десе де болады. Көзін шел басқан Батыстың кейбір басы жұмыр пенделері Шығысқа әлі де өстіп мұрнын шүйіре қарайды. Осынау темірдей сомдалған теріс тезисті тас-талқан қылған қазақ ақыны Олжас Сүлейменов еді.
Адамның жер бетінен баурын көтеріп, Гомо-сапиенске айналғаннан кейін,ХХ ғасырдың 60-шы жылдары самғап ғарышқа шығуы – қандай ғажайып тарихи оқиға болса, Батыс пен Шығысқа бөлініп, қаққа айрылған екі дүние мен екі мәдениеттің басын қайтадан адамзаттық бір арнаға қосқан қазақ ақынының асқақ мұраты да осыларға жете қабыл тарихи оқиға еді. Бірақ ол кезде ешкім де осынау терең ойдың түбіне бойлай алған жоқ. Дегенмен, ғарышта болып жатқан тарихи оқиға жер бауырлаған пенде атаулының сана-сезімін жарық жылдамдығына ілестіріп, адамзат ақыл ойында күндердің бір күні болмай қоймайтын ұлы төңкеріске ұмтылдырып жатты. Ол кездегі озық ойлы оқырман Олжасты интуициямен түсініп, оның қыршын жүрегінде осы заманғы қасаң қағидалармен қырқысып жатқан ежелгі шығыс мәдениеті, көне түркі өркениеті хақындағы ордалы ойды сезгендей болды.
…Аспаннан жыр жауып тұр.
«Қарындасым көшеден жинап әкеліп, асығыс құрастырып оқыған сол листовкалар менің ең алғашқы өлеңдер жинағым еді» деп жазды Олжас кейіннен поэмаға жазған соңғы сөзінде.
Бұған дейін Жамбыл атамыздың «Ленинградтық өрендерім» атты өлеңі ғана листовкамен тараған еді.
Адамзат шежіресінде айдарынан жел ескен арқалы ақындар жетіп артылады. Бірақ, ақындық тағдыры, шығармашылық ғұмырбаяны адамзат тарихының жұлдызды сәтімен тұспа-тұс келіп, бір-ақ күнде танылып, аты-жөні бір-ақ мезетте ел-жұрттың аузына іліккен ақын кемде-кем. Ағылшынның атақты Шекспирінің өзі атышулы трагедияларының қадір-қасиетін ата-жұртына түсіндіре алмай, сахнада өзі актер болып ойнаған екен. Әлі күнге дейін орыстың Пушкиннен озып туған ақыны бар ма, оның өзі әйел затының перизаты Наталья Гончарованың арқасында патша сарайының есігінен әзер сығалап, ордалы ойларымен ұйқыдан орыс орманын оята алмай, осында қаңғырып жүрген қайдағы бір дарынсыз Дантестің оғынан жер жастанды. Ұлы мәртебелі патша ағзам әйелінің әдемілігіне бола мейірі түсіп, ақынға камер-юнкер деген атақ бергенде сарайдың сәнін кіргізетін Наталья сұлудың: «Ақыры біз де ел қатарына іліктік-ау» дейтіні өз алдына бір хикая.
«Адамға табын, Жер енді» сол жылы бас-аяғы бір-екі үш айда кітап болып басылып шықты.
Сүлейменовты осы күнге дейін Гагариннің рухы мен сондағы ғарыштық жылдамдық тәңірідей жебеп келеді.
«Поэма содан кейін бірнеше мәрте басылып шықты, -- деп жазды ақын, -- әрбір жаңа жарияланым алдында оның кейбір жерін жөндегім де келіп кетеді. Сонсоң қалай жарық көрсе, солай қала берсін деген ойға тоқтаймын».
Олжас Гагаринді ең соңғы рет 1967 жылы Вещенская станциясында көрді. Социалистік елдердің бір топ жас ақындары мұнда Шолоховпен кездесуге келген-ді. «Дон жағасында доп ойнап жүргенде ғарышкер аяғын жаралап алды да, бір аяғымен секіріп барып, жаралы аяғын суға салған» деп тәптіштеп жазады ақын сүйікті қаһарманы қақында.
Оның есіне фантас Рей Бредберидің адамның ғарышқа көтерілуін балықтың судан құрлыққа шығуымен теңестіргені сол күні түскен шығар, мүмкін?
Олжас поэзиясы – адам баласының Жер-Анадан қара үзіп, ғарышқа шығуымен пара-пар құбылыс!
Ұлы классикалық әдебиет пен ұлы тарихи оқиғалардың тұстас келе бермейтіні тарихи факт. Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» атты эпопеясы 1812 жылдан 51 жыл өткенде дүниеге келсе, М.Әуезовтың «Абай жолы» дәуірнамасы Абай дүниеден өткен соң 45 жылдан кейін жазылды. Ал, 1961 жылы, аспаннан шұға жауған күні «Адамға табын, Жер ендіні» таласа-тармаса оқығандар оның авторының инженер-геолог екендігін, оған белгілі бір беделді шәйірдің: «Мамандығың бар екен, ендеше қоғамға пайдаңды тигіз, өлең жазбай-ақ қой, қолыңнан келмейді» дегенін біле ме екен?
Поэзия – қасаң қағидаларды быт-шыт қылып талқандау деген сөз!
Сүлейменов социалистік реализмнің апиынынан басы айналған әдебиетіміз бен мәдениетімізді рухани – наркологиялық диспансерге тірідей жеткізіп, аман алып қалғандардың қатарын түзейді.
Бұған оның жаттанды ұран, жадағай ой, лепірме айқайдан ада, кез-келген өлеңі куә.
Мынау Қорғалжыңдағы қоңыр қаздар туралы өлеңінің бір шумағы:
Бұл не қылған батпан қайғы,
Батпан шер!
Қызыл мен ғой – қызыл қаны аққан жер.
«Отан – дейді туған көлін»…
Оттама!
Қалай Отан болады оған атқан жер?!
Бұл өлеңді оқығанда біреулердің көзіне құс қана елестесе, біреудің көзіне… Сізді қайдам, менің көзіме Ахметтер мен Жүсіпбектер, Мағжандар мен Сәкендер елестейді!
Два истории у нас с тобой?
Нет: одна за ложь мы не в ответе.
На земле живем нам не чужой,
На земле,
А не на постаменте.
(«Ермак ескерткіші қасындағы тебіреніс»).
Шовинистерге көзін шұқып, бұдан артық айта алмайсың!
Сволочь – не мелочь,
Общественное явление!
(«Дүниенің қиыр шетіндегі бір сәт үнсіздік»)
Бұл сөзді қолына қан уыстаған жендет пен данасын итше талаған дарынсызға, «кеудесі толы қулық-ой» оңбағанмен «ит көрген ешкі көзденген» (Абай) көрінген күйкі пендеге де қаратып айтса – сауап! Бұлар біздің болмыс-тіршілігімізде анда-санда бір кездесетін типтік образдар ғана емес, -- қоғамдық құбылыс! Індет! Етімізден сүйегімізге өтіп, тәнімізді кеміріп, жанымызды шырқыратып бара жатқан қоғамдық жегі құрттар: «Он – не дурак, он может быть академик», -- дейді Олжас. – Все равно – сволочь!». Маймылдың адамға айналу процесі миллиондаған ғасырларға созылғанмен, адам баласының иттің баласына айналуы үшін ұзақ уақыттың қажеті шамалы; қамшының сабындай қысқа ғұмыр да жетіп артылады. Олжастың қасиеті – Абайдың қасіретіне терең бойлап, қазақтың ұлттық ғаламдық өркениетке тұяқ іліктірудің қамын ойлауында жатыр. Бір кезде Абайдың арқасына ащы таяқ ойнатқан жұрт Абай дүниеге келгелі 150 жыл өтсе де оны әлі түсіне алмай жүргеніндей, ХХ ғасырда маңдайы жарқырап туған марқасқа Олжасты да оңдырып жатқан жоқ.
-- Олжас ана тілін білмейді екен! – дейді.
О, сұмдық! Олжас қазақ тілі түгілі, ежелгі түркі тілін де бес саусағындай біледі ғой! Ол түркі тілдес әзірбайжан , өзбек, қырғыз, ұйғыр, якут, тіпті, араб тілдерін де құныға зерттеп, ежелгі түркі мен славян мәдениетінің тоғысуынан адамзаттық алтын қазына іздеп жүрген қазақ Колумбасы емес пе еді?!
Молдован билеушісінің ұлы Антиох Қантемир орыс поэзиясы бастауларының бірі. Поляк Юзеф Теодор ағылшын көркем ойының айтулы шебері. Тағы бір поляк Геома Аполлинер француз поэзиясының пайғамбарының бірі һәм бірегейі. Қазақ Олжас Сүлейменов өлеңін орысша жазып, қазақ сахарасынан ұзап, әлемге әлі естілмей жатқан ұлттық жырымыздың даусын ғаламдық аудиторияға жеткізсе, бұл үшін оны мақтау керек пе, жоқ, әлде даттау керек пе?! «Жақсы мен жаманды айырмадың, бірі май, бірі қан боп енді екі ұртың» деп ұлы Абай қалай тауып айтқан! Қазақтың ұлттық профессионал жазба әдебиетінің атасы осы Абайымыздың өзі әлі күнге дейін орысшаға жөні түзу тәржімаланған жоқ қой. «Әкесі өлгенді де есіртеді» демекші, орыстар һәм қалған дүние Абайды ақын ретінде емес, Мұхтар Әуезовтың осы аттас дәуірнамасының кейіпкері ретінде ғана жақсы біледі! Абайға арада 150 жыл өткенде ғана емес, жылда, күнде дүркіретіп той жасасақ та Алаштың осынау бір туар алыбының қадір-қасиетін өзінен басқа өзгенің кемелі мен тереңін елей қоймайтын мынау такаппар дүниеге өмірбақи түсіндіре алар ма екенсің; Абайды мақтап-марапаттап, абыройын асырып керегі жоқ, ең алдымен Абайды адамзаттың тілінде сөйлету керек еді. Абай ағылшынша сөйлесе, Шекспир мен Байронын түсінген жұрт оны бізден гөрі тереңдеу түсінер ме еді, қайтер еді…
Олжастың орысша сөйлеуі, әсіресе, оның орыстың осы заманғы ұлы ақындары Евгений Евтушенко, Андрей Вознесенский, Белла Ахмадуллиналармен қатар бой көрестіп, ой жарыстыруы – жалғыз қазақтың ғана емес, бүкіл түркі халықтарының маңдайына біткен бағы болатын!
«АЗиЯ» --Азияның Евразия мен Америка құрлықтарындағы азаматтық паспорты! Отаршыл озбыр күштердің одан әлі күнге дейін зәресі ұшып қорқатыны – содан! Бір кезде Мағжан майын тамыза жырлаған, Күн елі осы кітап арқылы өзінің азаматтық, ұлттық паспортын төс қалтасына басып отыр! Қазір бұл ел тентіреп жүрген тексіз тайпа емес, ежелгі мәдениеті, ересең ұлттық потенциалы бар, қандай ұлт, нендей ұлыспен болсын терезесі тең отырып сөйлесе алатын ұлт – Тұранның тұяғы!
Ел ішінде Олжас туралы керегер пікір көп. Бұған оның басқа замандастарынан алабөтен айырмашылығы мен адами жаратылысының айырықшалығы түрткі болып жүр. Ол тәңірінің тілегімен ақын болып жаралғанымен, тағдырдың жазуымен лингвист-турколог, славист, шумеролог, тарихтың қалауымен тарихшы, философ, публицист, Алаштың тағдыр-таланымен қоғам қайраткері болып кеткен кісі.
«Жамиғат кинематография министрі Олжас Сүлейменовты іздемеп еді»- дейді оның сырлас-мұңдас замандастарының бірі Бақытжан Момышұлы. – Халыққа Жазушылар одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменов те керек емес еді, тіпті, осы есімді депутат та, өкілетті елші де қажетсіз-ді, жұртымыз көш бастар көсемге зәру еді. Адамзат қазынасына барып құятын ауқымы кең, мақсатын анықтар ұлттық ілімнің авторын іздеп едік» («Заман Қазақстан», 19.04.1996ж.).
Дұрыс айтпады! Сол екі көзімізді төрт қылып, іздеп жүрген ұлттық іліміміз О.Сүлейменов шығармаларында тұнып жатқан жоқ па? Ұлт көсеміне тақ керек пе еді?! Қытайды өркениет өріне бастаған Дэн Сяопин «Ұлы жебеуші» Маоның тұсында, һәм одан кейін де мемлкеттегі басты билікті қолына ұстаған жоқ қой? Ресей адам құқы жөнінде жаһан дүниеге жар салған Андрей Сахаровты әзер дегенде депутат сайлап, КСРО депутаттарының съезінде мінбеден қол шапалақтап қуып шыққан жоқ па еді. Қазір мұнда сол рух пайғамбарының орны үңірейіп тұр... «Егер мен жазуды тоқтатсам, адамзат та, әлемдік ақыл-ой да ештеңе жоғалтпас еді», -- дейді Б.Момышұлы. – Бірақ О.Сүлейменовтың қаламы үнсіз қалса, біздің күніміз не болады?»
Аталы сөз!
Олжастың орысша сөйлеуі қазақтың ғаламға тіл қатуы болып тұр!
Графоман қазақша сөйлегенше, Олжекеңдер орысша сөйлесін; өйткені ол ойсыраған ойыңның орнын толтырып, ит мініп, ирек қамшылаған ұлттық рухыңды аспанға көтереді! Оның орыс тіліндегі өлеңдерінің төркін жұрты Шалкиіз бен Қазтуғандардың жыраулық поэзиясында жатыр.
-- Кітап құрып барады! – дейді Олжас.
Иә, кітаптар мен кітапханаларға қауіп төніп тұр. «Шекспирді тумаған мәдениет Ньютонды да туа алмайтынын (О.Сүлейменов. «Қасиетті латын», «Заман-Қазақстан», 10.04.96ж.) күндердің бір күні түсінерміз әлі. Бірақ, ертең тым кеш болып жүрмей ме деген сауал өзегімізді өртеп барады!
Күні кеше өзіміз күптеп-көмектесіп, қолдан жасаған тексіз миллионеріміз өз ұлты мен мәдениетіне тіксіне қарайды.
Оларға Құрманғазы мен Тәттімбеттен гөрі батыстың поп-музыкасы , Абайдан гөрі эстрада жұлдызы Алла Пугачева бір табан жақын.
Тексіздік ұлттық тектілігіміздің түбіне жете ме деп қорқамын!
Ойымыздан тойымыз көп. Той мен ас дүбірлей жөнеліп еді, аяқ астынан айтыс ақындары дейтін айқайшыл топ пайда бола кетті. Қайда барсаң да еститінің – мақтау мен марапат. Бұлардың гөй-гөйіне құлақ салсаң, қазақтың басына бозторғай жұмыртқалайтын заман орнап тұрғандай.
Ұлттық поэзия – үнсіз.
Олжас – Италияда.
Мұқағали мен Жұмекеңнің , Жұматайдың да асын беріп тастадық. Тірісінде ешкім де өз елінде пайғамбар бола алмайды деп кім айтса да дұрыс айтқан екен дейсің.
Фактінің аты – факт.
Құлағыңа Лермонотовтың бір шумақ өлеңі келеді: «Хош, Ресей сорынан арылмаған...». Абай айтады: «Туған жер, өлген мола жібермейді, әйтпесе, тұрмас едім осы маңда...».
Енді Олжасты тыңдаңыз: «Мы – не рабы, рабы не мы, ибо рабы – немы...».
Бүгін болмаса ертең, біз болмасақ бізден басқа екінші бір толқынның құлағына шалынбай қоймайтын әуендер бұл. «Мені де шпион боп өтті деңіз, ақыннан сақта құдай деп тілеңіз; болашақ ұрпақтардың құлағына біздер де бір нәрсені жеткіземіз» (Е.Евтушенко) деген өлең кешегі коммунистік үстемдіктің кезінде туған ғой. Болашақ ұрпақтардың құлағына біздер де бір нәрсені жеткізуге міндеттіміз. Жеткіземіз!
Олжастың ең сүйікті сөзі: «Айналайын».
«Кружись, айналайын, Земля моя!» дейді ол. Кіндік қаны тамып, кір жуған Алашыңды туған анаңдай сүйіп, қала берді қалған адамзаттың сұлулығы мен ұлылығына тәнті болудың қандай қасиетті һәм қандай қасіретті құбылыс екенін паймдау үшін де Сүлейменовты қайта-қайта оқу керек бізге. Қазақтың ұлттық, мемлекеттік идеологиясының халқымыздың рухани қазанында қайнап, сорпа бетіне шығар қаймағын содан сүзіп алуға болады. Онда не жоқ дейсің: Ұжымды ұлт болуға өте-мөте қажет нарт мінез намыс, бір ру, бір аймақта тұйықталмай, ғаламдық өркениетпен біте қайнасатын шынайы интернационализм, өзіміздегі және өзгедегі пенделік – тоғышарлық – тышқандық психологияға қарсы ымырасыз күрес дейсіз бе, прогресшіл адамзат зәру болып отырған көкейкесті мәселелердің бәрі де баршылық.
Өзгеше ойлай білетін ұлт зиялылары билік басындағылардың ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында болған кезде мұндай ұлттың маңдайдағы соры бес елі болады. Олжас коммунистік жүйе кезінде қазақта диссидент болған жалғыз тұлға, жампоз азамат! Бұған куә оның «АзиЯ»-сы. Кеңес өкіметі кезінде осы кітапты қолтығына қыса барып, Мәскеуде қара базарға саудалап, Алматыға біраз ақша арқалап қайтқандар да болған... Біз өз ақыл-ойымызды арзан күнкөріске сатып жүргенде бізден гөрі ертерек ел болған озық ойлы орыс халқы Бердяевтері мен Бродскийлерін құныға оқып жатқан. Орыс интеллегенциясының ат үстінде ұйқы қашырып, қоңыр салқын төске алған ығайы мен сығайы бұл кезде мұхиттың арғы жағында жүрген-ді. Эмиграцияда тігерге тұяғы болмаған жұрт біздің қазақ һәм қазаққа ұқсас «күштілері сөйлесе бас иетін шыбындап» (Абай) қамшыдан көз ашпаған бодан жұрт; ел-жұрты үшін еңіреп шет жұртта тентіреген Мұстафа Шоқайдан басқа кіміміз бар еді?!
Ел егемен болғалы еңсеңді көтеріп қарасаң қазақ зиялыларының көпшілігі халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, әбден қажыған сыңайда. Орыстың патшалық және коммунистік отаршылдығымен алыса-алыса арқа етті – арша, борбай еті – борша болғандай көйітеді-ау кеп... Мұндай типтерге қарап Олжекеңнің ішексілесі қата күлуге моральдық құқы бар. Бірақ күлмейді. Ішінен қан жылайды ол. «Ақынның жүрегін жаралау оп-оңай» -- дейді әулие қарт Карл Маркс.
Адам-Ата мен Һауа-Ана жұмақтан қуылып, оның тұла бойы тұңғышы қанішер Қабыл туған бауыры Әбілді ұрып өлтіргеннен бері ақын атаулының жүрегі – шұрқ тесік.
Адамзаттың алғашқы ақыны кім екен?
Кім болса да ол да өз ажалынан өлмеген болуы керек...
Әлі есімде, 1989 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің сайлауы кезінде О.Сүлейменов өз кандидатурасынан бас тартты. Ақынның мұнысы несі? Үш жүз жылдай бодандықтың бопсасында келе жатқан қазақ халқының жүрекжарды сөзін шаршы топтың алдына қасқая шығып, кім айтады енді?!
Сөйтсе, оны біреулер «бауырлас орыс халқын ұнатпайды-мыс», «ұлтшыл» деп айыптаған көрінеді. Олар қалың қара ормандай орыстың ішіндегі орысы – Ю.Гагариннің қазаға ұшыраған жерінде «Адамға табын, Жер, енді» деген осы Олжастың сөзі қашаулы тұрғанын қайдан білсін...
-- Сүйем сені, жаным, Олжас! деп жазды ол туралы орыстың адуынды ақын қыздарының бірі Римма Казакова.
-- О, менің қыршын бауырым, қыпшақ Олжас! – деп жыр толғады Сергей Марков оның уыздай жас кезінде.
Сайлауға санаулы күндер қалғанда Мәскеудің орталық теледидары бір көрініс көрсетіп жатты. Тілші бір әйелмен сұхбат жүргізіп тұр.
-- Мен Сүлейменовке дауыс бермеймін! – дейді ашулы әйел.
-- Неге? – дейді тілші таңқалған сыңай танытып.
-- Ол біз секілді сауыншыларды сүймейтін көрінеді...
Теледидардан жергілікті радио да қалысқан жоқ. Хабар жүргізуші журналист Сүлейменовтың сайлау алдындағы бағдарламасына тоқтала келіп, оның болашақ депутаттың бағдарламасы екеніне күмән келтіреді. Әрі қарай – музыка...
Дегенмен, осы тоталитарлық қоғам тұсындағы сайлауда да Олжас жеңіп шықты. Тобыр жер құшты. Халық жеңді.
Ақын жөнінде қаңқу көп: «Олжас қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беруге қарсы болған екен», -- дейді.
Қазақтың басында тоталитаризмнің қамшысы ойнап тұрған кезде «ұлтшыл» атанған Олжас ел-жұрты егемен болғанда енді «космополит» атанғалы тұр ма?! Ақынға жабылмаған жала бар ма еді: Бұқар жырау -- «ханшылықтың жаршысы», Шортанбай – «кері тартпа», Мағжан – «халық жауы», Қасым – «Ұлтшыл», Мұқағали – «маскүнем».
Оған әлі күнге дейін әртүрлі құйтырқы сауалдар қойылады:
-- Сіз неге орыс тілінде жазасыз?
Немесе:
-- Сіз қай халықтың ақынысыз осы? – дегендей сұрақтар.
-- Өлеңімді орыс тіліне тәржімалап бер деп көрінгенге көзтүрткі болмайтын қазақ ақынымын! – дейді ол.
Әрі қысқа, әрі нұсқа.
Олжасты көшедегі көрінген пенденің түсініп, оған көрінген пенденің тұщынуы шарт емес. «Менің шығармаларым елдің бәріне ұнауы мүмкін емес», -- дейді А.Вознесенский. – Елдің бәріне ұнайтыны кір жуатын порошок – «Новость».
Олжасты қырғыз Айтматов, башқұрт М.Кәрім, орыс Вознесенский, тәжік Каноғат, литван Марцинкиявичус, латыш Вациетис жанындай жақсы көреді. Олардың бәрі де бір-бір халықтың бетке ұстар ұлдары. Бір өзі бір-бір ұлттың өзекжарды ойын айтып жүрген жақсысы мен жампозы!
...Мен оны алғаш рет 1975 жылы Павлодарда өткен жас ақын-жазушылардың аймақтық кеңесінде көріп, аң-таң қалған едім. Уыздай жас. «Поэт красивым должен быть, как бог» деп өзі айтқан. Біз ер жігіттің сұлтаны Сәкен ағаны көре алмай қалған буынбыз. Бірақ, бізге талай ортада тамсана айтып жүруге Олжас ағаның асқақ тұлғасы жетіп жатыр еді.
Кейінгі кезде ағамыздың шашы бурыл тарта бастапты. Қазақтың басына түскен ХХ ғасырдың зіл батпаны оның да иығын жаншып бара жатқандай. Бірақ Ақын әлі асқақ тұр.
Табаны жерде тұрғанда тапжылмайтұғын Антейдей (К. Мырзабеков)» -- тәкаппар! Ол қашан көрсең де осы қалпында.
Оның ең сұлу кезін, ең такаппар сәтін мен 1989 жылдың ақпанында көрдім. Алматы Қазақстан Жазушылар одағының үйінің алды. Халық – құж-құж.
-- Уа, бұ немене тағы? – дейміз үрейленіп. Өйткені, осыдан үш жылбұрын Алматыда желтоқсан оқиғасы болып, ел-жұрт ұлардай шулаған-ды. Тағы да соған ұқсас бірдеңе болып қалды ма деген күдік қой баяғы.
-- Олжас сөйлеп жатыр! – дейді біреулер. Өзі көрінбейді. Елден ерекше ер-жігіттің дауысы – Олжас дауысы саңқылдап тұр.
-- Қайда барасың, өңмеңдеп! Бәрібір ішке кіре алмайсың! – дейді қасымдағы маған жақтырмай қарап. – Халық Олжасты сыртқа шақырып жатыр. Қазір шығады ғой...
Айтқандай болған жоқ, алпамсадай Олжастың асқақ тұлғасы көзге шалынды. Аруақ қонған арқасы қозып, Ақын сөйлеп тұр. Сөз төркіні – Семейдегі экологиялық жағдай. Сөз түйіні -- дүние жүзінде ядролық сынақты біржолата тоқтату мәселесі.
Бұрын-сонды мұндайды көрмеген, бұрын-сонды мұндайды естімеген ел-жұрт ішінен тынып, үнсіз тұр. Төбеде – тоталитарлық қоғамдық жүйе. Төрде – коммунист-хатшылар тұрған заман ғой – бұл.
-- Баурым-ай! Бар екенсің-ау?! – деді біреу қазақша.
Біреулер жылап жіберді. Мен де егіліп қоя бердім...
Алматы Алатаудың қойнына сыя алмай, дүрлігіп бара жатты.
Олжастың сондағы сұлу кескін-келбеті, такаппар тұлғасы әлі көз алдымда.
«Семей-Невада» қозғалысы сол күні аттандап, атқа мінді.
Олжас Сүлейменов – Алла тағаланың Алашқа бере салған алтын айдарлы ұлы. «Жабағалы жас тайлақ, жардай атан болған жер, жатып қалған бір тоқты жайылып мың қой болған жер, жарлысы мен бай тең, жары менен сайы тең; балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған (Қазтуған жырау) қайран қазақтың зұлымдық пен зобалаң атаулыға кеткен есесін қайтару үшін Тәңірі осы Олжасты қарымтаға туа салған секілді! ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырдың өлі арасында иісі қазақтың еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін аузына қарап отырған тұлғасының бірі осы – Олжас Сүлейменов! Тұлға дегеніміз - жаһан дүниеге жыланша ысқырып, қол астындағы бейкүнә елін билігімен арбаған қаһан Шыңғысхан, император Цезарь, фюрер Гитлер, генералиссимус Сталин де емес, француз Дидро, ағылшын Шекспир, американ Уитмен, неміс Гете, орыс Пушкин, қазақ Абай сынды, Қазтуған жырауша бейнелеп айтқанда: «Бұдырайған екі шекелі, мұздай үлкен көбелі, қары ұрымы Сұлтандайын жүрісті, айдаса қойдың көсемі, сөйлесе – қызыл тілдің шешені, билер отты би соңы, буыршынның бұтар шайнар аузы, бидайдықтың көл жайқаған жалғызы, бұлт болған Айды ашқан, мұнар болып Күнді ашқан» қасқалар болады!
Олжас—аңызға айналған тұлға.Өзімнің сүйікті геройымның ғұмырнамасындағы ақиқатты ашып айтқым келген соң ба, аңызына да соқпай кете алмай барамын. «Жаманның артынан бөз ереді, жақсының артынан сөз ереді»-дейді қазақ.1986жылы Брежнев алаңынан шыққан бір топ өрімдей жас Қазақстан Жазушылар одағы үйінің алдына келіп:
--Мағжан!
--Сәкен!
--Олжас!—деп айқай салыпты.
Олар сол кезде ұлтына арқа сүйеу болар Алатаудай тұлға іздеді.
Олжас – жоқ!
Сол күні Олжас ағамыз қайда болды екен? Ел-жұрты егіле іздегенде есіл ер қайда отырды екен сол күні?! «Империя белгілі бір бодан ұлттың басына найзағай ойнатар тұста сол елдің сөзін сөйлеп шығатын азулы деген ұлдарының аузын алдын-ала жауып тастайды екен, - дейді бір білгіштер. Ол да мүмкін. Иә кім біледі, мұның бәрі алыпқашпа сөз де болар, халық өзін қалтқысыз сүйетін ұлдары туралы осындай таңғажайып аңыздар шығара береді.
-3-
АНТИ-ПОЭЗИЯ
Бүгін алшаң-алшаң басады. Кремльдің Свердлов залында аппақ нейлон көйлек, қара костюм-шалбар киіп, шоқпардай галстук тағынған кеңес шенеуніктері мына жарық дүниенің діңгегін өз қолымен ұстап тұрғандай шалқақ-шалқақ етеді. Бұлардың сұсты суреттері мереке сайын империя алаңдарына айрықша айбар беріп тұрушы еді. Оларды еңбектеген баласы, еңкейген кәрісі бар, қалың ел жапа-тармағай қолдарына ұстап, көшеге шығатын. Бейне бір аспаннан жерге Иса пайғамбар түскен сықылды…
Бүгінгі жиынның мәнісі, мүлде, бөлек. Мұнда әлемдегі ең ұлы державаның көсемдері осындағы әдебиет және өнер қайраткерлерінен жүзбе-жүз сөйлеспек. Жер шарының жартысын айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізген «Дүние жүзі халықтарының әкесі» Сталиннің қаһарлы бейнесі көзден бір ұшып, жер аяғы кеңігеніне де біраз уақыт болған. Күні кеше ғана партияның ХХ съезі болып өтіп, Гулаг тұтқындарының кеудесінде шыбын жаны бары аман-есен отбасына оралған-ды.
Бұл кезді тарихшылар «жылымық» дейді. Бұған дейін тарихтың тегершігі (винтик – И.В. Сталин) атанып келген басы жұмыр пенде баласы енді өзінің кәдуілгі адам екенін аңғарып, кеудесін қомдап, көкірегін көтере бастаған. Енді атам заманнан осылардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап келе жатқан ақын-жазушы, сыншы-суретші, мүсінші секілді еркін ойлы жандарды есіркеп еркелететін заман келе жатқандай. Осының алдында ғана Борис Пастернакты біраз итке талатып алғаны болмаса, коммунистік идеяның көш-керуенінің қазіргі жүрісі көңіл көншітіп, тіпті, ақын адамның кеудесіне айрықша шабыт ұялататындай ма, қалай?
Әдебиет дейтін киелі шаңырақтың табалдырығын елуінші жылдардың соңында аттап, бүгінде берісі – кеңес, әрісі – алыс жат жұртқа да атақ-даңқы шығып, ауызға іліне бастаған жас ақын Андрей Вознесенский де осы алқалы топтың арасында жүр. Кремльге шақырып жатыр дегенде мұның шаңырағының төбесі көкке аз-ақ тимей қалған. Көрінген пенденің аяғы баса бермейтін киелі жер ол. Онда бір кезде Ленин мен Сталин жүрген… Оның үстіне сол жерге үкілеп ақынды шақырып жатыр ғой! Құдай өзі берді деген осы емес пе. Кеңес империясын көкке көтере мадақтаған Маяковский өзіне-өзі қол салып, Мандельштамдар – атылып, Цветаевалар милицияның кір-қоңын жуып күн көріп жүріп, ақыры асылып өлгенде, бекзада ханша ақын Ахматованың өзі қуғын-сүргінге ұшырап жүргенде кеңес әдебиетінің кілең игі жақсысымен бірге мұның да патша сарайына мейман болуы мәртебесін қалай асырмасын!
Президиумда – түр-түсі төрткүл дүниеге таныс көсемдер, империяның көш басылары: Хрущев, Брежнев, Суслов, Козлов һәм Ильич… Мінбе президиумға арқасын төсеп, алыстау жерде тұр.
Мұндайда кісінің сөйлегісі келеді. Көкіректе көп жылдан қордаланған шер-шеменді өзіңді түсініп, сөзіңе тұшынатын адамға айтқысы келеді. Тірі пендеден беті қайтпаған уыздай ақынның жүрегі дүрс-дүрс соғып тұр. Екі көзі – Никита Сергеевичте. «Бұл кісі бізді түсінеді – деп ойлады ол ішінен, -- бұл кісі Сталин емес -- басқа адам!
Кенет жас ақынның ойын көзінен көріп қойғандай, көсем оны мінбеге шақырды!
Сүйікті ұстазы Пастернактың тағдыр-таланы есіне түсіп, именіңкіреп отырған оны осы тақырбас, кішіпейіл адамға деген ілтипат-құрмет қайраттандырып жіберді. Айтар сөз, ағытар сыр көп-ті. Алқынған кеудесін басып, мінбеге жетті. Енді сөйлей бергенде арт жағында отырған алпауыттардың біреуі мұның сөзін қайта-қайта бөле бергені. Шабытына мініп, көк зеңгіріне шарықтағалы тұрған жас ақын оған онша мән бермей, сөйлеп жатыр. Оның ойынша, мұның сөзін бөліп жатқан – әлі саясат сахнасынан кете қоймаған кішкентай сталиндердің біреуі… Е., олар өздерінен басқа өзге біреудің сөзін қашан тыңдап еді? Әйтеуір, Никита Сергеевич ұйып тыңдап отырса болды ғой, басқасынан не үміт, не қайыр?
Бірақ микрофондағы кіжінеген дауыс құлағына бұрынғыдан айқын естіліп, ел назарын өзіне аудара бастады:
-- Вознесенский! Вознесенский мырза?!
Албырт ақын абдырап тұр. Зілдей мойнын әзер бұрып, артына қарағанда ол өзіне көзімен атып жіберердей зілдене қарап, жұдырығын түйіп тұрған патшаны көрді.
-- Вознесенский мырза! -- деді Хрущев мұның әкесінің атын тағы бір мәрте аузына алып,
-- Кет! Сіз Кеңес өкіметіне жала жауып тұрсыз! Өз еліңіз ұнамаса өгей шешеңізге кетіңіз! (өгей шеше деп Батысты айтып тұр. -- С.А.) Жөнел! Шелепин жолдас (қауіпсіздік комитетінің төрағасы. С.А.) паспорт жазып береді! Немене, көңіліңіз бұзылып, венгр төңкерісін көксеп жүрсіз бе?!
Ақын жігіт аң-таң. Хрущев Венгр революциясы деді ме, жоқ, әлде, венгр контрреволюцисы деді ме? Мүмкін, тағы да ішіп алған шығар?! Ол да мүмкін. Өйткені ол бірде қып-қызыл мас болып, Біріккен ұлттар ұйымының мінбесіне шығып,оны аяғындағы топылайымен гүрс-гүрс ұрған кісі емес пе еді.
Енді кезек тобырға келді. Шопенгауэр мен Ницще иттің етінен жек көретін, Ленин мен Сталиндер абыройын аспанға көтерген атақты тобыр ғой – бұл. Біздің Абай да бұларды ұнатпаған-ды.
-- Құрысын!
-- Ұят-ай! – десті зал.
Алты жүзге тарта адам бір дауыспен осылай деді!
-- Кремльге ақ көйлек, галстуксіз келіпті! Битник! – деді біреу. Ақын оның кім екенін таныды – Шелепин екен. «Битник» дегенді ол кезде екнің-бірі, егіздің сыңары біле бермейтін.
-- Битник!
Ұят-ай! десті зал оған қосыла айқайлап.
Абырой болғанда, Пастернактың бетін былш еткізгендей, «шошқа» деген жоқ, әйтеуір. Олай дегенде мына отырған елдің бәрі де қосыла жамырар еді.
Вознесенский сасқанынан стакандағы суды ұстай алды. Қолы қалтырап қоя берген. Козлов оның қалтыраған қолына бар зейінін салып, рақаттанып қарап отыр. Ақындар алмағайып жерден сүрініп құлағанда әкімдер осылайша ләззатқа бөленеді!
Қара тобырды тыншытуды ойлаған ақын не істерін білмей, өлең оқи жөнелді.
-- Өлеңің өзіңе! Білеміз ғой…
-- Түс кәне!
Болары – болды. Ақын оқи жөнелді. Ол зұлымдық империясындағы лагерлердің нарларында мұңға батып жүрген Муза сұлу хақында жырлады. Үкімет басшысы сол кезде айғай салған:
-- Жансыз! («Агент» деген сөз қазақша аударылмайды екен).
Мұны айтқан Сталиннің жеке басына табынуды әшкерелеп, Гулагтың мың-миллиондаған тұтқындарының қолындағы темір шідерді шешкен Хрущевтің өзі еді!
Осы жиыннан соң кеңес әдебиеті ақсақалдарының бірі Илья Эренбург жас ақынның рухани құдіретіне аң-таң қалып: «Мына сұмдыққа қалай шыдадың, бауырым! Сенің орныңда кім болса да жүрек талмасына ұшырар ма еді, қайтер еді. Сол жерде қасқайып тұрмай-ақ аяушылық ет деп аяғына жығыла кетсең де біз сені кешірер едік қой!» – деген екен.
Осы кезде бір журналист ұлынан жарты жылдай хабар-ошар ала алмай жүрген ақынның шешесіне телефон соғады:
-- Сіздің балаңыз өзін-өзі өлтірді дейді ел… Рас па?
Ақынның анасы телефон-мелефонымен жерге құлап түсті.
Вознесенскийдің трибунада абдырап, Хрущевтің оған жұдырығын түйе қарап тұрған суреттері ақының «Аксиома – самоиска» атты (Мәскеу. СП «ИКПА») кітабында жарық көрді. Не деген ұқыпты, зерделі халық еді орыс жұрты! Қазақстан жазушылары одағының пленумында желтоқсан оқиғасының тігісін жатқызуға келген Колбиннің көзін шұқып сөйлейтін біздің Жұбан Молдағалиевтің сол тарихи сәттегі кескін-келбеті сақталған ба? Қайдағы… Вознесенский мен Хрущевтің арасындағы теке-тірес тоталитарлық жүйенің тасы өрге домалап тұрған тұста өткен. Жұбан мен Колбиннің жекпе-жегі демократия дейтін шарана дүниеге келген қайта құрудың кезіндегі жағдай. Екеуінің арасы жер мен көктей. Тап бір орыс пен қазақтың арасындай алшақ! Сурет демекші, Алатаудың биігінен асып, Алаштың ақиығы атанған Мұқағали Мақатаевтың айбарлы үні эфирімізден естіле ме? Асқақ бейнесі теледидарыңыз бен киномыздан көріне ме? Қазақ радиосының алтын қорында сақталған бір поэмасынан басқа не қалды екен? Оның өзі «Большевиктер» поэмасы көрінеді!
Кеңес өкіметі кезінде осы жыртқыштың қызыл көзіне тайсалмай тіке қарап, «Аз и я» атты айбынды еңбегін шығарған Олжастан басқа ту ұстар тұлғамыз болды ма?! Одан басқа шәйірлеріміз Ленинге басын иіп, Брежневке жырдан шашу шашып, қағанағы – қарық, сағанағы – сарқ болып жатқан-ды.
Олжас пен Андрейдің достығы өз алдына бір әңгіме. Бір-бірін сонау алыстан танымаса алып бола ма; Вознесенскийдің – Сүлейменовке, Сүлейменовтің – Вознесенскийге арнаған өлеңдерін оқысаң арқаң шымырлайды. Андрей, тіпті, оған өкпелеп те жүреді. Адамзаттан асып, Алаштан туған осы ақынның кенет түркі тілін зерттеп, Шумер дүниесіне тастай сіңіп жоғалып, ұлы мәртебелі поэзияны соның жолына құрбан қылып жіберетіні орыс ақынының көңілін құлазытады. Біздің Олжас та маңдайы жарқыраған қасқа ғой: «Сендердің мәдениеттерінде алтын ғасыр – ХІХ ғасыр болды. Біздің қазақ қазір бірден ХІХ ғасыр үшін де, ХХ ғасыр үшін де жанталасып жатқан жоқ па» депті.
Ал, менің замандас ақындарым бүкіл ғаламдық мәдениетті тұла бойына қотарып, сіңіріп алғандай алшаң-алшаң басады!
Андрей Вознесенскийдің мамандығы – архитектор.
Хоббиі – математика мен сурет өнері, музыка.
Ол неміс фәлсафашысы Мартин Хайдагерді іздеп барып сұхбаттасады. Ал біздің шәйірлеріміз болса, шетінен ақылгөй, даңышпан! сыртынан қарап тұрсаң, бұларды Хайдагердің өзі іздеп келсе сауап болатын сықылды…
Андрей ертеректе біраз уақыт Флоренция мен Венеция архитектурасының тылсым құпиясын көз майын тауыса зерттеген. Көкірегінде – француз архитектуры Корюзьенің сұлбалары…
-- Я пишу стихи ногами! – дейді ол. Қалай түсінсеңіз – олай түсініңіз. Қазақ шәйірлерінің көпшілігі өлеңін жүрегімен-ақ жазады. («Жүрегімде сенсің алтын Отаным», «Жүрегіммен сүйемін мен өзіңді» деген сияқты). Бірақ олардың «жүрегінен» шыққан өлең біздің жүрегімізге жетпей жатады.
… Иә, сонымен, Хрущевтің «жылымығы» зыр етіп өте шықты да, Брежневтің тоқырауы келді. Бұл патшаның заманында еркін ой, ешкімге басын ие қоймайтын өр рухқа қарсы абалаған айқай, шаптыққан шабуыл бола қойған жоқ. Бар болғаны сол – үндемей қойды! Оны біздің қазақ «ит үреді – керуен көшеді» – дейді! Вознесенскийдің атын ауызға алу үшін ЦК-ның идеология бөлімінің өзінен рұқсат алатындай жағдай болған! Оның әрбір жинағының дүниеге келуі кеңес өкіметіне қарсы жасалған саяси акция ретінде қарастырылушы еді!
Поэзияның қас дұшпандары осы кезде қулыққа көшті: «Вознесенский, Евтушенко, Ахмадулиналардан басқа ақын жоқ па – бар». Халтуршиктер мен грофомандарды тауып алып, енші үлестіргендей, лениндік, мемлекеттік сыйлықтарды үлестіру басталды!
2115
поэтов наших федераций,
пускай напишут за меня,
они не знают деградации, --
деген өлең осы кезде туған. Өлең емес – мысқыл ғой бұл! 2115 деген цифр ойдан тумаған, жазушылар одағының анықтамасынан алынған екен!
Поэзияға деген халық құрметі осы кезеңде сап басылды. Әлі күнге дейін орнына келмей жүр.
Бірақ Вознесенскийдің әрбір жинағы жарық көрген сайын поэзияның босағадағы басы төрге шығып, қалың жұрт оның сол жинақтарын қолына шам алып іздейді. Қолына шам алып іздегенде тауып алса жақсы ғой. Жоқ! Бітті…
Дәлдүріштердің кітаптары шаң басып тұр.
Бізде де солай!
Кейін қайта құру заманы келіп, елдің бәрі бұлбұлша сайрай жөнелгенде Вознесенский былай депті:
Все пишут я перестаю,
О Сталине, Высоцком, о Байкале,
Гребенщикове и Шагале
Писал когда не разрешали.
Я не хочу попасть в струю».
Франция поэзия академиясы мен Америка және Бавария академиясының мүшесі болғаннан кейін ғана ақын ретінде әзер мойындалып, оған 1987 жылы ССРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. Біздің Мұқағалилер көзі тірісінде мұндай мәртебеге ие бола алмай, мына дүниеден бас кешіп кетті. Өлең-поэмаларын былай қойып, Дантенің «Тәңірінің тәлкегі» тәржімасын бағалауға шама-шарқымыз жеткенде ол арақ ішіп, ауырмай-ақ, қасіретті де қасиетті қазақтың төрінде қасқайып отырар ма еді, қайтер еді. Әлем поэзиясының інжу-маржаны «Тәңірінің тәлкегін» әлемдік өркениеттің өрінен көрініп отырған Жапон жұртының өзі әлі күнге дейін өз ана тілінде оқи алмай отыр ғой…
Өз еліміздің өрге құлаш ұрған талантты да, қанатты ұлдарын қалайша қадірлеп, қастерлеуді орыс жұртынан үйренуіміз керек. Кейде олар да данасын дарынсызына талатып, ерінің еңсесін түсіретін орашолақтыққа ұрынып жатса да, орыстар өз ұлтының рухын тап басып тануға келгенде дәл біздің қазақтай тоң мойын емес. Оның себебі тереңде жатыр. Бұл ұлттың зиялы қауымының қалыптасып, елі мен жерінің тізгінін ұстағандармен тайталасқанына қаншама заман өтті десеңізші. А. Вознесенский оны: « Есть русская интеллегенция!» деп мақтан тұтады. Біздің зиялы қауымымыз мына жарық дүниеден Абай көшіп, оның соңынан іле-шала Ахмет, Жүсіпбек, Міржақып, Мағжандар келген кезде енді ғана етек жеңін жауып, төрге ұмтыла бергенде қыршынынан қиылған! Оның орнын басқан – кеңес зиялылары, диамат пен исматтан миы шіріген өңшең қасқалар ғой, шіркін…
Вознесенский Русьтің рух пайғамбарларын төрткүл дүниеге түгел көрсетуге әзір. Оның мақтаны қазекеңнің мадақ-марапатынан мүлде бөлек: ол Пушкин, Толстой, Достоевский, Третьяковтардан бастап, қазіргі Третьяков галереясының директоры Ю.К. Королевке дейін тізіп шығып, соңсоң адамзаттық ауқымға шыға жөнеледі: Габриель Гарсиа Маркес, Пабло Неруда, Федерико Лорка... осылай кете береді.
Мұндай рух пайғамбарлары біздің Алаш топырағында да жетіп артылады. Скифтердің тұңғыш патшасы, елдің басын қосып, мемлекеттің мерейін асырған Тарғытайдан бастап, түркі дүниесіндегі Ишпақай, Мойыншар, Елтеріс, Күлтегіндер, ақылы кемел Таныкөк, Асан Қайғылардың аралығында қаншама тұлғамыз бар, шіркін! Біреулер, тіпті, Заратустра мен Будданың төркін жұртын біздің елден іздеп жүр. Арманда кеткен арыстарымызды айтпағанда, бет-жүзін біз болмасақ та әкелеріміз көрген Әлихан Ермеков, Қаныш Сәтпаев, Әлкей Марғұлан, Евней Бөкетовтардың өзі қандай?! Олардың да тірісінде көрген көресіні өз алдына бір жыр.
«Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» дейтін Абай уағызына құлақ ассақ, рулық, ұлттық томаға тұйықтықты тәрк етеміз де, бүкіл адамзаттық Жиделібайсынға ат басын тіреуіміз керек. Ол жерде аяғын алшаң басып кімдер жүр? Мәселе – осында. Онда ұлы жырау Гомерден бастап, ойға шомған Аристотель, шежіреші Плутарх, дарға асылған Иса, бұ дүниеден опа таппай о дүниені сүзіп өткен Данте жүр! Осы рух патшалығына иісі қазақтан алғаш ат басын тіреген – Абай! Бұл рух патшалығының ататексіз космополитизмге жұлдызы қарсы. Оғаң барсаң, тек қазақтың ұлттық болмыс бітімімен барасың! Әйтпесе, ол есігі түгілі тесігінен қаратпас. Ал, Абай болу екінің бірі, егіздің сыңарының маңдайына жазылмаған. Ол үшін Сократ пен Аристотельдерден бастап, Хожа Хафиз, Сағди, Фердауси, Пушкин, Мицкевич, Гетеге дейін мыйыңнан сүзіп өткізуің керек!
Адамзат ақындары мен Алаш ақындарының тағдыр таланы ұқсас. Пушкин дуэльде мерт болса, біздің Абай қазақтың қайғы-қасіретін көтере алмай, пайғамбар жасына тұяқ іліктірместен фәниден бақиға аттанды. Байрон кіндік кесіп, кір жуған жұртынан ат тонын ала қашып, бөтен ел, бөгде жерде қаза тапса, біздің Қасым соғыстан солдат шинелін сүйретіп келіп, ит пен құс, бұралқы мен бұзақы жүрген Алматыдан пәтер таба алмай, жасына жетпей жер құшты!
Қуғын-сүргінді Вознесенский де көрген. Новосибирскіде бір қонақ үйге тоқтап, көше аралап қайтып келсе, жүгін сыртқа шығарып тастапты.
-- Мұнысы несі? – дейді ақын аң-таң қалып.
-- Сізді шпион деп жатыр! – дейді кезекші.
Ата жұрты оны кеудесінен итерсе американ, француз, неміс дейтін өрелі жұрт оны алақанына ұстады. Оның сүйікті оқырманының бірі – сенатор Р. Кеннеди.
Ақын музасына арбалағандардың бірі һәм бірегейі – әйел затының падишасы Жаклин Кеннеди.
Оның достары – ғаламзат ақыл-ойы мен мәдениетінің асқақ тұлғалары Ж.П.Сартр, Р.Рашанберг, Л.Арагон, В.Высоцкий.
Хрущев оған жұдырығын түйіп, Брежнев оны мүлде кісі ғұрлы көрмесе, АҚШ президенті Рейган ақынды Ақ үйге шақырып алып, оңаша сұхбаттасады. Соңынан риза көңілмен суретке түседі.
Поэзия – Періште-рух. Әзәзілдер қолына таяқ алып, өз бесігінен тықырата қуғанда ол өзгелердің шаңырағынан пана табады да, кейін өз елі – өлең төсегіне қайтсе де бір оралмай қоймайды!
Мен ақын шығармашылығына егжей-тегжейлі тоқталмай отырмын. Оның геройлары орысқа керек шығар, бірақ қазақ жұрты оған орыстан да зәру: мәселен, орыстың мүйізі қарағайдай ұлдарының бірі Тарковскийді бала кезінде қақпа аузына тығып қойып соққылайтын бұзақыны алайықшы («Тарковский на воротах»). Біржан салға қамшы ала жүгіретін одыраңбай поштабаймен қазақ халқының бетке ұстар ұлын қойша бауыздаған қазан төңкерісіне қандай ұқсас типтер! Немесе, отыз жетінің ойранында аяғы ауыр О.Бергольцті ішінен тепкілеп, кейін одан кешірім сұрайтын тергеуші ше? Көзіңе Фәтима Жансүгіровалар елестейді! Оның тергеушісі одан кешірім сұрады ма, сұрамады ма - білмеймін! «Люмпен интеллигенцияны» оқысаң, көшеде арақ сатып жүрген аспирант, күнін көре алмай жүрген академик, қасапшы болып алған мұғалім-қазақтар есіңе түседі!
Айтар сөз, ағытар сыр көп, Әттең! Егемендігіне есі шығып мәз болып жүрген менің қандастарым Алаш ақындарын насихаттап болғандай, енді бізге Вознесенский қалды ма деуі мүмкін. Айтуын – айтады. Адамзаттық алтын идеялар көзден бұлбұл ұшып, рулық, тайпалық, ұлттық өзеуреген өзімшіліктің аяғының астында тапталып бара жатыр! Әрине, қазақ ақындары жөніндегі әңгіме-жыр аяқталған жоқ әлі. Басталды. Бірақ Вознесенскийді білмей жатып, Олжасты түсінбеспіз. Ресей – Ермолов емес – Пушкин, Солжиницын емес – Сахаров, Акаки Аккакиевич те емес – Андрей Вознесенский ғой!
Ақынның жалғыз орысқа ғана емес, қазаққа да қарата айтқан бір ауыз өлеңімен тәмәмдағалы отырмын:
Мы летим вперед,
огляним назад.
Какой раньше рай!
Какой раньше ад!
Мой родной народ
оглянись вперед!
АНТИ-ПОЭЗИЯ атқа мінді! Цивилизация Пегасты ағаштан жасап шығарғалы қашан; оның да тұлпардың тұяғына ұқсас тұяғы, салпы ерні, салқы түсі, кең сауыры бар. Абайша айтқанда: «шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақтың» өзі дерсің. «Аяңы тымақты алшаң кигізгендей, кісіні бол-бол қағып жүргізгендей» (Абай). Сол ағаш аттың үстінде АНТИ-ПОЭЗИЯ миығынан күліп тұр!
-4-
АНТИ-ПОЭЗИЯ-ның атасы Дарвин адамзат үмбетінің түп-төркіні маймылдан тараған дейтін теорияны темір қазық етіп ұстанған тұста екінің бірі, егіздің сыңары күдіктенбей көнген осы пәтуаға қаймықпай қарсы шыққан екі ержүрек адам болды. Оның бірі – Дағыстанның ақыны Расул Ғамзатов. Екіншісі – қазақтың ақыны Жұматай Жақыпбаев. «Үндістанда аңыз етіп айтады: «Ең бірінші пайда болған жылан» – деп. Дағыстанда аңыз етіп айтады: «Ең бірінші пайда болған қыран» – деп. Мен ойлаймын: табиғаттың қолынан, ең бірінші туған – Адам, соңынан, -- біреу оның кетті айналып – қыранға, біреуі оның кетті айналып – жыланға». (Р.Ғамзатов). Расул (арабтың пайғамбар деген сөзі) анда-санда бір туатын поэзияның асқақ пайғамбары. Оны жетпіс жыл жер шарының зәре-құтын ұшырған ұлы империяның өзі мойындаған-ды. Сол ұлы ақынның өзі диамат пен истматтан именшектеп, Дарвинге деген өкпесін қыран мен жыланға балап жеткізгенде, Түркі қағанатының бір боздағы қазақша айтса алтыбақан алауыз жұрты түсінбей қала ма деген оймен өлеңін өзге тілде жазып, Алашты ұлы империямен өз тілінде сөйлестірген-ді: «Дарвин не прав, у нас другие гены, друг-друга не убивают обезьяны…».
Қателесті-ау, Дарвин,
Қанымыз біздің бөлек-ті:
Маймылды-маймыл бауыздай алмаса керек-ті
Етімді қуырып, жемеші, ей, құртша кеміріп,
Керемет дәм бе ол?
Кетпессің одан семіріп?!
«Крокодил» еді сүйікті менің журналым,
Бетінде оның мысқылдап күліп тұр – жаным.
Дегенмен…
Күнде өзегімді өртеп жырларым, --
Бабамның маймыл болмағанына ырзамын!!!
Күні кеше ғана қасымызда, қатарымызда жүргенде келмеске кеткен көне түркі дүниесінің уытты рухы бойына дарыған Жұматай ақынды танымай, түсінбей қалуымыздың басты себебі – біздің қазақшылдығымыз емес, нағыз шынайы қазақ бола алмағандығымыз еді. Ататегі де, анатегі де – асыл, аталы сөзге тоқтайтын жұрт та осы еді. Аузымен құс тістеген Жұматай сынды ақындары қырықтың қырқасынан аспай, қыршынынан қиылып жатса, бұған қазақ халқы емес, үш жүз жылғы бодандықтан бордай тозған тобыр кінәлі.
Осы тобырдың ұлы Абай ашына шенеген арамза пиғылы, асылық мінез-құлқы Абылай дүниеден көшіп, патшалық Ресейдің сайқал саясаты қаһарына мінген тұста қарақұртша балалап, коммунистік отаршылдықтың тұсында тіпті ие бермей кетті. Ахмет пен Міржақып, Мағжан мен Сәкен, Қасым мен Мұқағалилар осы кезде мерт болды да, Жұматайлар осы кезде дүниеге келді. Осы кезде туғанмен, осы кезде өлетінін өзі іштей жақсы біліп, Абайдың тұсында Алашқа тән қан тамырлары суала бастаған қазақтың ана тілінде азалы жырын айта жөнелді. Бірақ оны қазақтық, халықтық кескін-келбетінен айрылып, Мәңгүрттің бейдауа бейнесіне түскен тобыр түсінген жоқ. Адамды – албасты, ұлтты – құбыжық, халықты тобырға айналдыру үшін оған сойқан соғыс жариялап, қанын суша ағызудың қажеті шамалы. Ана тілінен айырсаң, жетіп жатыр екен!
Қазақ – кеңес поэзиясы (егер оны поэзия деуге болса) демьянбедныйшыл, маяковскийшіл мақамға түсіп алып, халықтың бәйгеге қосқан тұлпары озбай, тобырдың тұғыры көмбеден күнде көрініп жатқанда Жұматай Жақыпбаев ешкімге еліктеп-солықтамай өзегіндегі өз сөзін айтып кетті. 1975 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Көктем тынысы» жинағына қырық шамалы жас ақынның өлеңі жарияланды. Жұматаймен бірге менің де топтамам осы кітапта жарыққа шыққан еді. Мен оны өзіммен құралыптас шығар деп жүрсем, ол менен бес жас үлкен екен. Жұматаймен алғаш 1988 жылы Алматыда таныстым. «Жоңғар Алатауынан бір ақын келіпті. Ләйлә дейтін аруға ғашық екен. Сол қызға арнаған жүз шамалы өлеңі бар екен деседі. Өзі де жігіттің сұлтаны көрінеді. Сәкен сынды сұлу да, маңғаз. Мағжан сықылды терең де, жұмбақ деседі. Жұматайды тұңғыш көргенде елдің айтқанының шынайы шындық екеніне көзім жетті. Атан түйе сықылды алшаң-алшаң басады. Артық ауыз сөз жоқ. Жымиып қойып сөйлегенде аузынан бал тамғандай. Адам баласынан айылын жимай көшеде жүру ережелерін бұзып жүретін Мұқағали ағасы құсап, бұл да өзін емін-еркін ұстайды. «Жалын» альманахында поэзия бөлімін басқарады екен. Тұмағаң (Т.Молдғалиев) қолқа салып, Талдықорғаннан астанаға шақырып алыпты. Алматыдағы талантты жас ақын атаулы Жұматайдың маңында. Мұның алдында тірі классик болып, бізге мұрнын шүйіріп қарайтындардың жүні жығылып қалған. Сондай бір іштар ақынсымаққа Жұматай айтыпты-мыс деген бір өлеңді ел ауыздан ауыз қағып әкетіп жүр: «Ілеспесін біледі көшке өлеңі, құм беттеніп, күн көрмей өскен өңі, -- шала өлеңші болады – шала сыншы, шала емеске сол шата өш келеді...».
Жұматайдың Алматыға келуі жыр сүйер қауымға бір оқиға болды. Тайқы мен таланттың, өлеңші мен ақынның ара жігін айыратын заман келе жатқандай. Баспадан бір кітабы шықпай жатып, бірнеше дәлдүріштің зәре-құтын алуға болатынын біздің ұлттық әдебиетімізде алғаш рет осы Жұматай дәлелдеп кетті.
Ұлы Түрік Қағанатының ежелгі бір бұтағы қазақ халқының бойындағы бүгінгі көзі тірі ұрпағы көз жазып қалған ұлылық мен сұлулықты тап басып тану үшін Жұматайды оқу керек. Түркі дүниесінің кереметі мен кемелін Жұматайға дейін ұлы Мағжан ғана тереңнен толғаған еді.
«Саратан айы. Сарала тауда.Салқын қыр,Саралатауға жұғып тұр кешкі жақын нұр. Жалқын нұр жұққан ақ үйдің жаны, аузына, жаулығын бүркеп,жалтаңдай қарап жарқын жүр. Жаутаң көз ару құрбақан құлын мүшелі, өндірдей ұлдың өңінде көрген түсі еді. Сөзіме менің сақылдай қатса ішегі, аузынан лекіп алқызыл гүлдер түседі»....Бұл—кім?Дүние жүзінен қолына шырақ ұстап іздесең де кездестіре алмайтын, тек біздің елде ғана бар ару-қазақ қызы!
«Cуалтты бір дерт жыр, үні суалмас ұртын, Мәжүнінді мұндай ешқандай туа алмас ұлтың. Айкүмістерді алты орап, алатын сұлу – көршінің қызы-ай, ондай жан туар ма, шіркін? Дірілдер бір сәт туды кеп бұл ерінге де, өлген жоқ, -- тірі, үзеді күдерін неге? Қыза келгенде: «Қызыңды... Сталин... деген, бөркімен кірген еді-ау ол Кремльге де. Бұл -- кім? Жүзге келгенде грузин сұлуына ғашық болған, ежелгі Үйсін тайпасының соңғы тұяғы, қазақтың ғажайып ақыны Жамбыл!
«Қалай, -- деп ағам?» -- Қарадым аспанға кілең, Бағасын жұлдыз көрсетті бас бармағымен. Қасоққа әкеп береді балық пен суын, Іле өзені Қытайдан басталғанымен. Ағам да –сондай, Алысты жақынға балап, қақтырған біздің намыс пен ақылға қанат... Әр елдің өзін-өзіне білгізер ері, бағы да туса, қуанып мұңды жыр елі, Байбақты Сырым батыр да батасын беріп, Кене-ағаң күрең арғымақ мінгізер еді». Бұл -- кім? Бүкіл жұмбақ бітімін мұхиттың түбіне жасырып, су бетінде айсберг тұлғасы ғана көрініп тұрған ақын Олжас (Сүлейменов), Өзіңіз бүгінге дейін қазақшасы шамалы, жат жұрттың емшегін еміп, қазағын онша түсінбейді деп ағаш аттың басына міңгізіп жүрген Олжасымыз! Бірақ, Қытайдан басталған Іле өзені балығы мен суын Алашқа әкеп бергендей, Олжас та тұла бойындағы әуелі қазаққа, соңсоң-адамзатқа беретінін Жұматай түсінді. Көпшілігіміз әлі түсіне алмай жүрміз. Бұл да болса үш жүз жылдық отаршылдықтың лаңы. Өзінің өзегінен шыққан өр сипат, өзгеше бітімді ұлыңды өз қолыңмен өңменінен итеріп, өзгеге тели салу да – өз анасын өгей көретін мәңгүрттің тірлігіне ұқсас нәрсе. Содан болар, Жұматай поэзиясы мұң мен шерге толы: «Көзіме келіп тигендей жасынның ұшы, ашылды сырым, қайсардың басылды мысы. Қыңқылдап үрген, ұлыған үндерге толды ию да қию иттіргі басымның іші... Ғашықтық тәмам болды ма, еркелік тәмам? Қарардай әлем сен құсап жеркеніп маған. Намыс пен мұңнан Мысырға халифа болған Абақ Қыпшақтай ызадан өртеніп барам!».
«Менің қалған өмірбаяным өлеңдерімде» -- депті Сергей Есенин. Ақынның өмірі өлеңі. Оның қалған тірлігінің бәрі жалған , жұмыр басты пенденің кім екендігін істеген ісі мен сөйлеген сөзіне қарап бағалауға болғанмен, ақынды пенде баласын өлшей беретін безбенге салуға болмайды. Күрделі дифференциялық есептерді шығаратын математиктердің көбейту таблицасын біле бермейтіні секілді, адамзаттың асқақ мұратын толғаған ақындардың жердің құрты ғұрлы тіршілік етудің қарапайым заңдарын біле бермеуі мүмкін. Өйткені ол тіршілік атаулыға жерден, топырақтан қарау үшін емес, аспаннан көз жіберу үшін туған бөлекше қоғамдық тұлға. Ақыл-есі түзу адам баласы Англяны корольдер елі емес, Шекспир елі, Ресейді патшалар жұрты емес, --Пушкиннің атамекені дейтіні содан!
Жұматайдың кім екендігін өзге ешкім емес, өзі айтсын: «Қалмайын деп мынау өмір көшінен, Жастай зерек ғажайып күй кешіп ем. Жан адамнан жасқанбай һәм жасымай, Құнанбаев Оспан құсап өсіп ем. Гүлді көрдім, нұрды көрдім күнгейден, кең дүние ұланғайыр жыр ғой кен. Жақсы тауда жайсаң болып өсіп ем, жамандардың бар екенін білмей мен. Түзу жүрдім, түзу ғұмыр кештім де, Биік болдым, биік тауда өстім де. Жапондардың даяшысы секілді, мен иіліп бүгілгем жоқ ешкімге. Қай баланы беделіммен жасқаппын, қай баланы назардан тыс тастаппын? Сәкен жайлы ұлы Мұхтар айтқандай, асқақ болсам – мен еліммен асқақпын!».
Ол жазғышы көптің бәрі – жазушы, айтқысы келгеннің бәрі – ақын болған елде ғұмыр кешті. Біздегі жазушылардың ұзын саны 700-ден асып жығылады. Ақыл-оймен әлемді тәнті етіп отырған Жапонияның өзінде мұндай қаламгер жоқ көрінеді: «»Тууы да – үн, Моцарттың құруы да – үн, Татып көрсең ол ішкен бір уынан. Сальери –дарынсыздар тайпасының ең итжанды, ең надан руынан. Мына өмірден Моцарттың кеткені ме, күндіз-түні қызмет етпеді ме? Сальеридің жасы не, кәрісі не, Сальеридің шені не, шекпені не?! Мені де бір көріңдер адамша ұғып, Ақ пен қара біткен жоқ әлі аршылып. Мен Моцартқа үргем жоқ, кіжінгем жоқ, мен Моцарттан көргем жоқ жаманшылық...Нұрлы мұңмен ежелгі жолдастаймын, туа қоймас басыма болмастай күн. Моцарт туған ауданға басымды иіп, Моцарт түскен ауылды қорғаштаймын». Абайдың арқасына ащы таяқ ойнатып, Біржан салды жынды деп байлап тастау, Иманжүсіпті жер аударып, Мағжандарды ажал оғына ұстап, Қасымдарды үйсіз-күйсіз қаңғыртып, Мұқағалидың соңынан шам алып түсіп, Жұматайларды қасақана елемеу, қазақтық төркін жұртын мүлде ұмытып, мәңгүртке айналған қара тобырдың қаракеті еді. Осы ақын өлтіру ойынының қашан тоқтайтыны әлі белгісіз: «Ойнайды заман сойылы – ақын өлтіру ойыны! Заңын да салып соңына, жарын да салып соңына, көріне даусын жеткізбей, еліне даусын жеткізбей, аузымен мұрынын тығындап, сыртынан сұмдар сыбырлап, жас бала демей қарбытып, баспана бермей қаңғытып, ойнайды заман сойылы – ақын өлтіру ойыны! Тойласын соңғы жеңісін, солардың жері кеңісін. Өлтірмей құдай жөнімен, ойнап жүр енді менімен..» деген Жұматай өз ажалынан өлген жоқ – мерт болды!
-5-
АНТИ-ПОЭЗИЯ әлі кердең-кердең етеді.
Пушкиннің мына жалғанның жарығына келгеніне биыл 200 жыл болды. Біздің жыл санауымыздағы осы ЕКІ ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ – ғасырлар күнпарағындағы адамзат рухының алтынмен апталып, күміспен күптелген айрықша беттері еді.
Тәңірі қара құртша жер бауырлаған адам баласының көзіне өзінің көмескі ғазиз бейнесін елестетіп, тілін кәлимаға келтіру үшін Жер бетіне Көктен жүздеген пайғамбар жіберген. Солардың ішінен біздің зердемізде қалып, ой-санамызға орныққаны Заратустра мен Будда, Иса мен Мұхаммед. Адам баласы жерге Алла лебізін жеткізген сол пайғамбарлардың бәрін де маңайынан ойбайдан-аттан салып аластап қуып, аша таяққа шегендеп, түйенің боқтығына көміп – өлтірді. Бірақ Алла тағаланың өзі топырақтан жаратып, аузынан ұрлеп жан салған пендесінің бәрі бірдей иіс алмас надан, шетінен шек-қарыны шұрқыраған хайуан, тәңірі тезіне көнбейтін тексіз емес-ті. Санасыздың саңылауын ашып, телі мен тентекті жөнге салатын ғазауат майданында құрбан болған пайғамбарлардың аузынан айтылған құдайы сөзін құлағы шалып, осынау опасыз дүниеде естілген БАҚИЛЫҚ ақиқаттың терең мағынасына мағмұрланған Адам Ата-Һауа Ана үмбеттері де болды. Адамзат оларды қасиеттеп Ақын деп атады.
Иса пайғамбар Жаратқан жалғыз Иенің Мәрия ананың жатырына түсірген жалғыз тамшы рухынан жаралса, Пушкин жеміт іздеп, жер бауырлап, фәни дүниедегі ит тірлігінен қажыған пенде атаулының Аллаға деген асқақ махаббатынан туды!
Алла көктен Жердегі пендесіне төрт мәрте сауал салған. Таурат пен Забур, Інжіл мен Құран – адам баласының басын даң, жүрегін күпті қылатын фәни дүниедегі мәңгілік сұрақтардың анатологиясы еді. Сол сауалдарға Гомер мен Данте, Шекспир мен Гете, Пушкин мен Абай жауап берді. Пайғамбарлардың Көктен – Жерге түсіп, ақындардың Жерден – Көкке кететіні, осы дүниеде олардың екеуінің де оңбайтыны сонан шығар. Пушкиннің Христиандық – құдай әке мен қасиетті рух, һәм құран сүрелерінен босанып шыға алмай, мына дүниеден баз кешіп, басқа дүние іздейтіні, Інжіл мен Құранның арасында құрақ ұшып адасып жүретіні тегін емес. Діні – христиан, ділі – славян Пушкинді түп атасы араб Ганибалдың қаны арбап, құран сөресі дуалады да, орыстың тұла бойы тұңғыш ҰЛТТЫҚ АҚЫНЫ болып жаратылған жампоз, ақыры адамзаттың жаршысына қалай айналып кеткенін сезбей қалды.
Орыс тарихында екі-ақ заман бар. ХVІІ—ХVІІІ ғасырлардағы феодалдық-патриархалдық, ХІХ ғасырдың басындағы капиталистік формациялар , 1914 жылғы 1-ші, 1941 жылғы 2-ші дүниежүзілік қырғын, қазан төңкерісі мен сүренін қалың орыс салған социализмнің дүниежүзілік жүйесі, 1991 жылғы тамыз бүлігіне дейінгі аралықтағы орасан зор тарихи оқиғаларға қарамастан Россия екі-ақ заманда, Пушкин дүниеге келгенге дейінгі және Пушкин дүниеге келгеннен кейінгі Россия да өмір сүріп келеді. Біздің исі қазақ та Абайға дейінгі һәм Абайдан кейінгі қазақ болып қаққа бөлінеді. Біз Пушкиннен кейінгі, Абайдан кейінгі заманда ғұмыр кешіп жатырмыз. Олардың өр рухы өзегімізге өрт салмаса -- өз обалымыз өзімізге…
Бүгінде ұлы Пушкиннің бүкіл әлемдік мәдениетке жасаған әсері қақында жиі айтылады. Дүниеге Пушкин келгеннен кейін жалғыз орыс қана емес, жалпақ жаһанның дүниетанымы адам танымастай өзгергені ақиқат. Абай Пушкиннен кейін туды. Лермонтов та солай. Мағжан да жарық жалғанға Абайдың алдын орап келе алмас еді. Қасым да. «Ал, енді қоштасайық, сардар аға, Мен ертең кетем ұшып сар далама – дейді Мұқағали Пушкиннің Мәскеудегі ескерткішіне қарап – Ақынның ақындығы атақта емес, Ақынның ақындығы – арда ғана». Мынау Олжас: «Поэт красивым должен быть как Бог, Кто видел Бога? Тот, кто видел Пушкина!». Ұлы ақын өзіне жетеқабыл осындай тереңдер мен кемелдерге керемет әсер етті. Таяз бен кереңге данышпанның бары да, жоғы да бір. Пушкин Абайларды ғана азалы ойға салады. Дәлдүрішке әсер етіп, шыбын жанын жанартаудай әлем-топырық қылатын Пушкин емес – шетелдік авто мен жапондық видеомагнитафон, конвертке оранған құнды банк қағаздары ғана!
Пушкин – Тәңірімен тілдесті. Патшаны да көзіне ілмеген. «Воспитанный под барабаным, Наш царь лихим был капитаном…», «Ура! В России скачет кочующий деспот!» дегендей мысқыл өлеңдер шығарған. Пушкинге дейінгі, тіпті, Пушкиннен кейінгі билеушілердің образы жатыр осында. Пушкиннің кескіні Гогольден артық болмаса, кем емес еді.
Поэзия – Құдаймен сөйлесу. Басқа түк те емес. Саңқылдаған дауыс, қарқылдаған күлкі, жарқылдаған теңеу, тақылдаған ұйқас та емес. Дантенің «Тәңірінің тәлкегі» басы жұмыр пенденің Алламен арадағы диалогы ғой. Ақын Алламен сөйлесуге тиіс! Дәлдүріш пендемен ғана сөйлесе алады. Пендені тәңірге теңеп марапаттайды. Пендеге жағынып бәйік болады, өзінің хайуандығына өзі де мәз болып, өзге хайуанды да соған тәнті етеді. Мұндай «сарай ақындары» Пушкиннің кезінде де болған. Қазір күнде итше күшіктеп жатыр. Өркениетті адамзат Пушкинінің 200 жылдығын кеудеден жоғарғы кеңістікке көз салып, атап өткелі жатқанда біздің қазақтың кіндіктен төмен түсіп, ақыннан дәлдүрішті айыра алмай албасты басып отырғаны ойлантады.
Жұмыр басты пенденің 99 проценті ас үй мен әжетхананың арасында жүріп қартаяды екен. Пушкин Жер анадан Аспанға кетті. Мәңгілікке. Өмір мен тіршіліктің ара жігін айыра алмай, өзегі кеуіп, өлімге бола туған біз секілді ұсақ-түйек пенделерге Пушкинге таңырқап қарап, тереңіне бойлай алмай, тізесінде қалу немесе жүрген-тұрған, сүйген-күйген, сүрінген-бүлінгенін жіпке тізген анекдодтарды тамсана тыңдау ғана бұйырған шығар. Тәңірі маңдайға не жазса сол болады.
Заратустра мен Будда, Иса мен Мұхаммед тәңірінің жерге аспаннан түсірген елшілері болса, Пушкин азалы адамзаттың Аллаға жіберген өкілі еді. Адасқан адам баласының мұң-шерін Жасаған Жалғыз Ие Пушкин поэзиясынан естіп, бізге кеңшілік жасап отырғандай. Әйтпесе, ақыр заман болатын мезгіл әлдеқашан жетті ғой…
Президенттер Пушкинді жатқа оқи бастады.
Түп-тұқиянынан адамзатқа арнап аталы сөз айтып көрмеген орыс патшасының аузына құдай осы күндері керемет бір лебіз салды: «Адамзат ХХІ ғасырды Пушкинмен қарсы алғалы жатыр…» (Ельцин).
Слава Богу!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста