Аманхан Әлімұлы: Өткен жылдар басымнан бұлбұл ұшып ...
ЖАЛҒЫЗ ТЫРНА
Күз деген қанат жайып қырда маусым,
Қақпанын қайтқан құсқа құрған-ау шын.
«Елім-ай» әніндегі мұң сазына,
Мысалы, ұқсатамын тырна даусын.
Шұбырма шуда бұлты араласқан,
Тарылып талма түсте бара ма, аспан?
Шынымен кеткенің бе, ей, сырық мойын,
Соңыңа қайрыла бір қарамастан.
Бойына шақтап жинап бізге арнарын,
Қалатын шығар қармап Күз қармарын?
Қаншама суық ұрса тоңған жерден,
Соншама сезем көкте ызғар барын.
Соңыңа қарамасаң қарамағын,
Жанымды келмесе де жаралағым, –
Жүзімді шайып дымқыл ауадағы,
Шашымды салқын желмен таранамын.
Сыз өтті куә етіп құла түзді,
Е, Алла, тезге салып сына бізді.
Ей, тырна, сен де жалғыз, мен де жалғыз,
Жайсыздау қарсы алдық-ау, мына, Күзді.
ЕСТЕЛІКТЕН
Қара қарға ақ қардың үстіндегі,
Адам ойлап табатын ұсқын ба еді.
Азынап тұрған суық ішін тартып,
Мысалы, жайсыз тиген қыстың демі.
Танытып созылмалы сараң қылық,
Келеді түсіп белден қараңғылық.
Басталып кетті бассыз арты алапат,
Бас-көзге қарамайтын баран бүлік.
Ақ қар мен баран бүлік үндескенде,
Кететін шығар ұқсап түн көшкенге.
Сыртта аяз, үй оданда өткен суық,
Кешпеген шығар мұндай күйді еш пенде.
Бүлікті баран боран емес нала,
Мұнымды соқыр сезім демес бала.
Алматы жақтан ескен жылы желдей,
Жанымды жылытады елес қана.
Елес пе, елес деген ақ құба қыз,
Қонғандай басымызға бақ бұламыз, –
Қасыма отырдың сен қыңбай қысқа,
Есіме салып жазғы шақты нағыз.
* * *
Бұлдыр-бұлдыр ойнаған құба сағым,
Сүйемін мен ауылдың бұла таңын.
Кермек дәмді, иісі танауға ұрды,
Жусанын да, содан соң, ұнатамын.
Арман құсын қырандай ілгенімде,
Қадіріңді туған жер білмедім бе?
Сенде есімде баладай жылағаным,
Тағы есімде сәбидей күлгенім де.
Мерез мезгіл жаныма қаяу сала,
Тұрмын келіп басыңа аяулы ана.
Жатаған жусан жайлап қабіріңді,
Желменен тербеледі баяу ғана.
Қаз даусындай қоймайтын созбасыңа,
Дуалы ауыз індеткен сөз басы ма?, –
Жусан дәмі сияқты кермек атқан,
Еріксіз ерік бердім көз жасыма.
Көңілсіздік көкейді тесті күле,
Жинап енді жатқанда есті, міне.
Қарап тұрып көңілім құлазиды,
Жүдеу-жадау ауылдың кескініне.
Селеудей секем алған айыр басы,
Көңілдің бұл, қарағым, қай ырғасы?
Созылып кетті неге қазақ мұңы,
Секілді «Елім-айдың» қайырмасы.
* * *
Бойы кеткен үйреніп шуға, мына,
Көңіл, шіркін, жоқ-барды қумады ма?
Өзімменен қалғанда өзім кейде,
Қуанамын ауылда туғаныма.
Салып мұздай алаңсыз қар мойынға,
Ерік беріп қыз-жігіт жарда ойынға, –
Жүрген кезде, жататын Сыр суытып,
Табиғаттың салқыны бар бойында.
Ай сәулесі ілініп тораңғылға,
О, туған жер ақ қарға орандың ба?
Сирек келер ашуы кең адамдай,
Анда-санда соғады боран мұнда.
Тауысардай адамның су шыдамын,
Кезіп Сырдың жағасын у-шу ағын, –
Қыс көрсетіп кей-кейде қытымырлық,
Құтыртып бір қоятын қу шұнағын.
Кіді мінез көрсетіп бақтан безін,
Шытынап бір тұрғанда ақпан көзің, –
Аспай-саспай ауылдық мінезбенен,
Күн райын есімде баққан кезім.
Өткеніңнен қол үзіп кетпей бекем,
Сағыныш та аңсаудан көктейді екен.
Алаңдай беремін мен ауыл жаққа,
Тұрғандай әлдене бір жетпей, көкем.
* * *
Отырған қыз беріліп бақта, мұңға,
Ұқсап сендік көңіл күй ақпа құмға, –
Сусып неге тұрмайды бір қалыпта,
Келетіндей жентке сақтадыңға.
Көзі тұнық, сықпа бел, қияқ мүсін,
Айтшы, кімнің алдында ұяттысың?…
Жаның отыр жабырқап, сезінемін,
Жел гулеткен бос құбыр сияқтысың.
Болды неге шақшадай шара басың,
Сүйгеніңмен түсті ме араға сын.
Құлазытпа көңілді құла түздей,
Қарамаса, о, неме, қарамасын.
Беріліп елден ерек бір сынға ерік,
Кеудеңді кеткен кезде күрсін керіп, –
Жападан жалғыз өскен, жел өтінде,
Мысалы, сені талдай тұрсын делік.
Қайрақтай пышақ салды төзім едің,
Таппасаң болмас енді өзің емін.
Күйе түскен текемет сияқтанған,
Өсек жеген жаныңды сезінемін.
Өмір өтті өксікпен дей көрмегін,
Басты ісіңе айналар кейде ермегің.
Отырған қыз, беріліп бақта мұңға,
Өзіңді-өзің жегідей жей бермегін.
* * *
Сақтап өткен ерекше күйді есіңде,
Бозбалаға көңілің игесін бе?, –
Көйлегіңнің етегі дөңгеленіп,
Вальс билеп жүрдің сен би кешінде.
Көңіліңнің жаққандай күйі, мына,
Қолын артып жұп-жұмыр иығыңа, –
Ол да сені тартады әңгімеге,
Туа бітті қарамай тұйығыңа.
Екеуіңе қызығып алыста Ай да,
Дегендей бір қараспен табыспай ма? –
Дөңгеленіп барады әңгелектей,
Дәл сондайлық қабақты қағыс қайда?!
Қас қағымдық сезімді соза алдың ба,
Дөңгеленген дүние көз алдымда, –
Вальс десем мен сені, теңеу ғана,
Келген бірге содан соң сөз алдыңға.
Көктем келіп, шақ еді ақпан безді,
Елестетіп жұлдыздай аққан кезді, –
О, шіркіндер бақытты, қайдан білсін,
Сырттарынан сұқ қадап баққан көзді.
* * *
Болатындай екпіні селдің десе,
Жатып алды өтінде желдің көше.
Түсімде, Апа, өңімде сияқтанып,
Неге үйге үн-түнсіз келдің кеше.
Келер деуге мынаның саяғын-ай,
Күзгі түнде қанатын жаяды Ай.
Жылы пешке арқаңды беріп қойып,
Жүнді түтіп отырсың баяғыдай.
О, не деген таусылмас төзім едің,
Болмас енді таппасам өзім емін.
Жете алмайтын түбіне сөзді қуып,
Кеткенің не дейсің сен, сезінемін.
Сөз бе, білсең, сөз деген дертім менің,
Сөзбен бірге шығады еркін демім.
Ішіп кетсем өлердей, тал бойыма,
Бітті ондай, о, Апа, бертінде мін.
Табиғат та шыққан бір ызды атағы,
Суық тиген жаныма Күз батады.
Сөз сіңірген бойына жүрегімді,
Ел мен жердің қайғысы сыздатады.
Неге тағдыр бастаған өртің демен,
Жап-жақсы ақын атандым бертінде мен.
Мұңды көзбен бермеші қарай маған,
Саған әлі сырым көп шертілмеген.
Іштім, жедім, аш болдым, торықтым да,
Әлде сол бір жайлардан қорықтың ба? –
Сенің үйге түсімде келгеніңді,
Келмейді ешбір адамға жорытқым да.
Болатындай екпіні селдің десе,
Жатып алды өтінде желдің көше.
Түсімде, Апа, өңімде сияқтанып,
Неге үйге үн-түнсіз келдің кеше.
* * *
Қылаулатып түсті де Күз ақ бетті,
Түсіретін сияқты тұзаққа епті, –
Сендік шайы көйлектің сусылындай,
Мендік жастық сусылдап ұзап кетті.
Күздің қыстай келгені қылаулатып,
Менің мұңды жаныма тұр-ау батып.
Сағынышты ілдіріп қанатына,
Тырналар да қайтуда тыраулатып.
Қыс та түсер ақбасты зәрі мықты,
Мысалы, еске салып кәрілікті.
Алға тарта бермегін жасты, жаным,
Алпыс шалған көңілдің бәрі күпті.
Өтті-кетті ұқсастау құс бағымен,
Қала-тұғын қарбалас тұста кілең, –
Төрт мезгілі сияқты табиғаттың,
Адамның да тағдыры қысқа білем.
Бұлт үйіріліп кәрілік аспаныңда,
Мұңға түпсіз беріле бастадың ба?
Шәйі көйлек сусылы сияқтанып,
Сусып өтті жастығым қас қағымда.
* * *
Қаныққандай қаншама жайға бастан,
Айдау қара жол жатыр Айға қашқан.
Ілбіп басып келемін, мың сан көзді,
Аспан таңба сияқты тайға басқан.
Суға ерте түсірген қайықтай түн,
Мақпал қара желкенін жайыпты, айқын.
Жүрегімнің басында запырандай,
Қалған мұң бар мәңгілік айықпайтын.
Үзілмеді бозбала белі қайда,
Тимегесін тағдырдың желі майда, –
Желтоқсан мен Жаңаөзен арасында,
Келе-тұғын әндер көп «Елім-айға».
Суси-суси келгендей құм қашқанға,
Дүниені дүбірлі мұң басқан ба?, –
«Құстар әні» сияқты жайлап жанды,
Тырна даусын созады түнгі аспанда.
Суық шалды табиғат кезің көпте,
Таусылмайды білемін төзім текке.
Қозғаннан ба, бойдағы қатқан қаны,
Қол құстары қадайды көзін көкке.
– Е, Жаратқан, – дегендей – байқа маңды,
Іліп көкке қойыпсың Ай тағаңды.
Айдау жолмен аспанға шығып кетсем,
Оралмайтын шығармын қайта мәңгі.
* * *
Өтті бастан неше бір жай құсалы,
Жұбатар көңілімді қай құс әні.
Жел тербеткен айдынның түбіндегі,
Дір-дір еткен ерінің Ай, мысалы.
Кездестік біз көңілсіз енжар күзде,
Е, Жаратқан болагөр сен жар бізге.
Жалғыз ағаш жайды ма жапырақты,
Бітіп аяқ тимейтін нең бар түзге.
Ауада да дымқыл бір сыз бар, білем,
Тығылатын құшаққа қыздар кілең.
Жалғыз ағаш. Белес-бел. Сен екеуміз,
Ұзамай-ақ жамылар мұз-қар сілем.
Мен, ол… Сен үшеуміз келдік қайдан,
Тірлігіміз аумастан желдік жайдан.
Кетуіміз керек-ау, сірә, біздің,
Ақ қайыңдар тербелген ендікке, Айнам.
Асқан жолдың үстінде тұрмыз жардан,
Шақырады біздерді бір ізгі арман.
Қара суық қабынып қағынғанмен,
Бақпай-тұғын сияқты қыр міз, қарғам.
Етек-жеңін жел түрген бұла күзде,
Кетіп тынсақ ақыры мына біз де, –
Сенің, менің жанымдай жапырақты,
Жалғыз ағаш қалмай ма, құла түзде?
Ел қарамас бақыты тайғанда ерге,
Аспан мәңгі мекені Ай қам жер ме?
Бізді қайдам… Тік тұрып құлайды анық,
Жалғыз ағаш жапырақ жайған жерде.
АЖАЛ
Қарамастан қайғыға ұрған көзге,
Үлкен жолдың үстінде тұрған кезде, –
Беттен алды кетіріп берекені,
Есіп есер суық жел қырдан кезбе.
Анам өтті өмірден, ағам да өтті,
Ажал келіп қалғандай маған да епті.
Алла жазды ғайыпсың тосын келер,
Қалай қарай аламын саған кекті.
Кең жайлаған Кеңсайды белес-белім,
Қабірімдей топ-томпақ елестедің.
Не көрінді көрініп ерте көзге,
Еркінде Алланың емес пе едім?
Белгісіндей тал-шыбық бүршігінің,
Шығармын мен, о, өмір, бір шығының.
Балауыз шам сияқты от жеп біткен,
Бара жатыр қысқарып тіршілігім.
Тұр желіндей жер сызған сыздап аспан,
Қайда қоям көңілді мұзға басқан.
Осындайда, ойпырмай, өмір шіркін,
Теңін тауып ұқсайды қызға қашқан.
АҚЫН МЕН МОЛДА
Ақын:
Кімсің сен?
Молда:
(Таңданған кейіппен)
Молдамын. Жайлап алды аза маңды.
Келдім мен шығаруға жаназаңды.
Ақын:
Менің бе?
Молда:
Ия, сенің. Табытты көрмедің бе?
Ақын:
Тарлау екен. Сыймаспын көрге мүлде.
Молда:
Бетін аулақ. Күпірлік ете көрме.
Ақын:
Өмірімді өлеңмен өргенімде,
Шынымен, өлгенім бе?
Молда:
Өлең сыйқыр. Келеді өзі елеске.
Ақын:
Оқылатын өлеңдей Құраның да,
Алланың сөзі емес пе?
Молда:
Ақын Алла деймісің, сонда маған…
Ақын:
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас»
Өлім құрдас,
Баста тұрмас.
Молда:
Неге сонша ойнайсын өлімменен,
Табытты ала келдім өзімменен.
Ақын:
Мен емес, жауым беріп тапсырысты,
Бүлдіріп жүрген шығар тақсыр істі…
Молда:
Онда ол ілікті Алла назарына,
Гүл емес тікен өсер мазарына.
Ақын:
Жо…жо..жоқ, тиіспеңіз,
Жүгінсін енді о, шіркін, өз арына.
Молда:
Сонда да, бәрін ұқ…
Балалық, жастық, кәрілік,
Осынау, өтер өмір үш өрімді,
Біледі Алла көресі, ішеріңді…
Ақын:
Дозақ та, ұжымақ та үйім менің,
Білмеймін қайсысына түсерімді,
Е, Жаратқан…
Молда:
Осыны білсең болды,
Бір Алла көрсетеді қалған жолды…
* * *
Бүгінде Сіз де басқа, біз де басқа,
Ерікті беріп тұрмыз үзбе жасқа.
Барады жар жағалап жалғыз үйрек,
Ұрынып қалған білем күзге, қасқа.
Сап-салқын ауа, шіркін, алып бойдан,
Арыла алмай жүрмін қалтқы ойдан.
Сан саққа кетіп сана жамырайды,
Қозыдай енесінен қалып қойған.
Желіндей жерді сызған сыздап аспан,
Көңілді шала-тұғын ыз ба, бастан?..
Өмірім өте шықты, сүйгенімен,
Мысалы, ұқсап ұшпа қызға қашқан.
Қаңбақтай жел айдаған түзден түзге,
Жастар да ұқсамайды Сіз бен бізге.
Кәрілік кәділікке келмей-тұғын,
Түскен бір суық шалып ізбе ең жүзге.
Көңілге алғандай бір түйіп демде,
Сағыныш тал бойыңды иіткенде, –
Електен өткізгендей өміріңді,
Өкініш ауыр екен күйіктен де.
Дария жағалауы қия беткей,
Өмірде өткел бермес қияметтей.
Сызылып сан тұрардай алдыңызда,
Тағдырым сонша неге ұяң етті, ей…
* * *
Ұқсады, мезгіл, делік атқа арынды,
Жеткізген көңіл қалды жат сарынды.
Шоқтай бір қарып алған қолын оқыс,
Жатты ол отқа тастап хаттарымды.
Көңіл ме, көңіл, шіркін, сызды шақта,
Мысалы, міз бақпайтын ызды қақпа.
Осылай өртеуші еді жапырақты,
Бүкір шал жиып-теріп күзгі бақта.
Айтылмай алуан-алуан сыр көздегі,
Есті қыз елестетіп тұрды өзгені.
Сөйлейді от тілімен жел шайқаған,
Сезімім балаң менің бір кездегі.
Лүпілін жүрегімнің сезбедің бе,
Тұрған қыз көңіл күйде өзге мүлде.
Ұясы махаббаттың өліп-өшті,
Айналып кетті лезде көзде күлге.
Хаттарды жиып-теріп өртегенің,
Үзгенің махаббаттың ерте демін.
Жыландай жалын тілі сумаңдаған,
Жеп жатты ғұмырымды керте менің.
ЖАСЫРЫН СЫР ТУРАЛЫ БАЛЛАДА
Балағы жерді сызған бала кезде,
Желбас ем желік қуды дала кезбе.
Көлбеңдеп көз алдыма келген шағым,
Жайларды небір еске салады өзге.
Балалық, өте шығып асық атты,
Ұрынып тосын жайға басы қатты.
Қызының өліп-өшіп сүйдім деген,
Жанына сәл-пәл үлкен жасы батты.
Онда ол қыз өрімдей он сегізде,
Жататын ұқсап шөпті жон теңізге.
Өткеннен сыр шертетін, о, көңілім,
Мезгілсіз қайтқан құстай қон көне ізге.
Көне із жол жағалай ала қашқан,
Көңілдің көлеңкесі нала басқан.
Куәсі болған талай жайдың сырбүк,
Көңілсіз көзін жерге салады аспан.
Болмайтын ыстық айда төзіп пенде,
Әлде бір бойды алған сезіктен бе?, –
Басымнан сипай-тұғын еркелетіп,
Үстінде үлкен жолдың кезіккенде.
Көзімнен көзін алып қашқан кезде,
Көргендей болушы едім аспанды өзге.
Со шағы менен емес, кездесетін,
Өзге бір жас көңілден сасқан кез бе?..
Мендегі білмейтін ол сезімді ерек,
Жүретін етіп жылы сөзін қорек.
Өзіммен алып кетер, со көңілді,
Білгенге шыдам шыңдар төзім керек.
Төсіне, көңілменен жайған кілем,
Жүруші ем алқа тағып Айдан кілең.
Ол кезде оның мені еркелетіп,
Жүргенін інісіндей қайдан білем.
Алдымда ұзын-ырға жол тұрды ызба,
Көңілді дегендей бір толтыр сызға.
Құпия күйі кетті ашылмастан,
Өлердей іңкәрлігім сол бір қызға.
Басатын уақыт, шіркін, күртік дей ме,
Мезгілсіз көктеген бір бүртіктейге, –
Келетін сол пәк сезім бұл күндері,
Ұйқымнан оятады түртіп кейде.
* * *
Жаны нәзік, сызба бел, сезімі ілме,
Ұқсай-тұғын қырмызы өзі гүлге, –
Прометей сияқты аспан жақтан,
От ұрлаған қыз көрдім көзі күлме.
Мысалы, жүзі жылы, Ай қабағы,
Көргесін жаның қалай жай табады.
Көңілім желді күнгі көлге ұқсап,
Кеудеме сыймай шексіз шайқалады.
Толқындай бірін бірі ерте қашқан,
Күндері өтіп жатыр ерке бастан.
Ұрлатып отын алған ұрма кезде,
Бір сырды мен білмейтін шерте ме, аспан?
Алдыра қоймай-тұғын жүлге шалма,
Сезімді буыны жоқ тілге салма.
Шіркін, қыз, маған ақжал қысқа ұрынған,
Кездесті екен неге? Білмесе Алла?..
Бұл деген ашылмаған сыр-ау бекем,
Мыс басты мезгілің де қыраулы екен.
Тамшыдай тамып кетер қас қағымда,
Ілініп кірпігімде тұр-ау, көкем!
* * *
Үлкен жолдың үстінде тұрған кезде,
Жел соғатын ызғарлы қырдан, кезбе.
Түн ұйқымды бұзатын жайсыз түс те,
Жағамнан алғандай бір сырдаң безбе.
Құлаққа ілмей кеңесін сөзі өтімнің,
Жан-тәнімен жабыңқы сезетінмін, –
Алып қала Алматы көшелерін,
Келетінін кезбедей кезетін күн.
Жатқан бүкір бүк түсіп тастап белді,
Алматыға үлкен жол бастап келді.
Сезіндім мен со шақта ызғары ескен,
Тұра-тұғын күш барын жасқап желді.
Қалаға келді бала жел мінезді,
Таң қылып талай тайқы шелді көзді.
Өзі де со бір желдей бас білмейтін,
Содан соң алуан-алуан елді кезді.
Төксе де нұр-шуағын аялы аспан,
Табан тірер табалмай сая бастан, –
Талай болған қанжоса жас жүрегін,
Арақпен де улады аямастан.
Сақтай алмай төзімі қалпын мықты,
Жағасынан жанының жалқы үн шықты.
Алып қала ауылға келмейді екен,
Өгей өмір көрсетті салқындықты.
Байлап беріп бағымды құса-мұңға,
О, Уақыт, адымды тұсадың ба?!
Бұл күндері ұмыттым қанша қыздың,
Тұрғанымды жылынып құшағында.
Есіп желдей бас білмес қырдан, кезбе,
Ажал, шіркін, сап-салқын ұрған көзге, –
Айтпай келіп ақыры алып кетер,
Кіді жылдар өтінде тұрған кезде.
* * *
Жандай-ақ жабырқаулы несіп баққан,
Сап-салқын тұрды бір леп есіп бақтан.
Көңілмен күпті болған сыртқа шықсам,
Жел болып шықты тағы есік қаққан.
О, мезгіл тұр-ау, білем, шараң құрып,
Көзге ұрды көрсетесің аран қылық.
Кеш түсіп келе жатыр мысық табан,
Болатын шығар қою қараңғылық.
Келуге үйге сезем еріндіңіз,
Өріктей тәтті әрі өрімді қыз, –
Осы бір көңілсіздеу кезде маған,
Әдемі болып неге көріндіңіз.
Ұқсайды төгілетін көзің көлге,
Ерекше сізге деген сезімнен бе? –
Кезіңде жылап тұрған көрінесің,
Мәжүн тал сияқтанып өзің де елге.
Сарғалдақ түске туған боянды Ай да,
Бір сезім маған деген оянбай ма?
Ең соңғы жапырақтай дір-дір еткен,
Жанымды жабырқаулы қоям қайда?
МЫНА КӨКТЕМ
Үзілген тамшы болып ерте көктем,
Жақтауын тереземнің шертеді еппен.
Барады сылқ-сылқ күліп бала бұлақ,
Жып-жылы алтынкүрек еркелеткен.
Қысты ақжем дегендей бір аһ ұр түзде,
Түсіріп жіберді Алла ақырғы ізге.
Қаздар төмен, тырналар биік ұшып,
Лек-легімен оралып жатыр бізге.
Біз дегенім жылы жақ – Қазақстан,
Құстар көкте қанатын жаза ұшқан.
Күн дөңгелеп құлады ұясына,
Аумай қызған бүйірі таза мыстан.
Ауыр-ауыр ойларға баттым да ескі,
Өтіп қыстан аман-сау қатқыл десті, –
Жаңбыр менен сүт исі аңқып тұрған,
Көк шалғынға көміліп жаттым кешкі.
Тастай бір бүр бетіне қына тепкен,
Қағылмайды араға сына тектен.
Құлақтанып алыста Ай да туды,
Жайлы тиді-ау, сеземін, мына көктем.
* * *
Тұрған талға көрсетіп име қалып,
Қарай-тұғын беймезгіл күй ме, налып.
Қара күрең отырдым суға қарап,
Ап-ауыр мұң кеудемді билеп алып.
Жүрегімді сағыныш сыздатады,
Сыздаған бір со тұста қыз жатады.
Алып тұла бойымды, жан-тәніме,
Соққан суық желімен Күз батады.
Баяу түсіп келеді кеш қабағың,
Өтті-кетті жайларды еске аламын.
Желбір-желең жүр бала желөкпелі,
Алмағандай суықтың сес сабағын.
Мезгіл жанды келетін өртедіге,
Қылын көңіл күйімнің шертеді ме?
Еске алып отырмын кездерімді,
Көрінетін ұқсастау ертегіге.
Тұрса да үйі қол созым, көз көрімде,
Ұқсап қырық бұрымы өзге өрімге, –
Көрінетін Күнекей қыз сияқты,
Іздеп шыққан із бағып кездерімде.
Жалынан бір ұстатып саяқ жалған,
Тірлігімді кез бар ма, аяп қалған?!
Ертектегі сияқты махаббатым,
Бақытпенен жоқ, бірақ, аяқталған.
* * *
Бой алдырмай болмысы құс төзімге,
Көрінбестен бір мысқал сұс көзінде, –
Білмей-тұғын шын атын ешбір адам,
Қайтыс болды қария қыс кезінде.
Кезді өткізіп басынан ауыр жастан,
Жақсы бір жан ауылға бауыр басқан, –
Сабау басты қалпымен еш зиянсыз,
Өтті өмірден оқыстан ауырмастан.
Тұрмай-тұғын алдыңда жиі ақталып,
Көрсететін үлгідей ұятты, анық, –
Жылап тұрды басында үлкен-кіші,
Ағайынын жоғалтқан сияқтанып.
Шыққан шулы дүние-ай айран-салы,
Қайда өтті екен қартыңның қайран шағы.
Сырын шертіп еш жанға айтқан емес,
Әрі жұмбақ келгені қайдан тағы.
Қаралы жұрт тартылған елеп пе, асты,
Мысалы, көңіл күйі желек қашты.
Соңында қалып шалдың қоржын тамы,
Содан соң қалды иті шелек басты.
Келмей-тұғын жағдайға арып күтті,
Қара суық жер бетін қарып бітті.
Қытымыр қыс, әйтеуір, қырын келмей,
Жеңіл болды жерлеу де жарықтықты.
КҮЗГІ ЭЛЕГИЯ
Кетер ме екен, апырмай, асып белден,
Кешеге дейін күзден жасып келген, –
Жел қуалап барады жапырақты,
Жапырақ та барады қашып желден.
Үлгермеді-ау қоштасып жазыменен,
Бітер екен ақыры назы немен.
Дарияның реңін ашып жүрген,
Асып кетті аққанат қазы белең.
Өмір өтіп барады ұяң бастан,
Тіршілік-ай, түндігі жиі алмасқан.
Топ тырнаның көшіне сап түзеген,
Қарап тұрды бір бала қия алмастан.
Салып тұрған, қара Күз, сазға бекем,
Қияметің көрсеткен аз ба, көкем.
Көз жасы мен суығы қатар келген,
Өзі бір қиқар қылық жазған екен.
Қайда барып тұрасың жеріп тектен,
Тұр ғой Алла бәрін де көріп көктен.
Өткен жылдар басымнан бұлбұл ұшып,
Қар сияқты қолымда еріп кеткен.
Бір адамды жүргендей құшып, мекер,
Бос әуреге тұрмын ба түсіп бекер.
Емес пе екен, жүрегім, көкала үйрек,
Мезгілінен ертелеу ұшып кетер.
* * *
О, мезгіл-ай, мезгіл-ай селдеп өтті,
Тосамын сұп-суық бір желге бетті.
Суырған күпсек қарды ақ түтектің,
Сарыны ұрысайлық елге жетті.
Сумаңдап таппай су да ағар жерді,
Күнінен күлбет мұздың хабар берді.
Жүр үйде күйбең қағып тоңғақ қарт та,
Іздеген қамшысын қағарға ерді.
Ауруы меңдегендей ұстамалы,
Қойды-ау, ашылмастан қыс қабағы.
Қыраттан шыққан суық қабақтанып,
Мысалы, күн Алланың мыс табағы.
Көмілген үш күн жауған қалың қарға,
Ұқсап тұр бұзылмайтын жалың жарға.
Секілді сұрау белгі иілместен,
Тоғайда қалған тағы талың бар ма?
Үйіңмен, үйінді етіп қораңды да,
Соғады қалай-қалай боран, мына.
Қарасыз көз сүрінер дала жатыр,
Күй кешіп ақ кебінге орандыға.
Құмарлау жанды жеді сөзге бастан,
Түзейтін қытымыр қыс тез бе, қасқам?!
Жанымды жауратады желбір-желең,
Тұрғандай әлденені көздеп аспан.
* * *
Мысымен көгілдір көк басқан қырды,
Бүгінгі күнің неге жастан тұрды.
Іздейтін жоғалтқанын жылап -сықтап,
Көңілім болмадың-ау аспан ғұрлы.
Күркіреп күн үніндей жүз аттының,
Қойды-ау басылмай-ақ Күз аптығың.
Жиялмай тұрған шашын қыз сияқты,
Жаңбыр да тиылмады-ау ұзақты күн.
Белді буған жоқпыз ғой бекер бекем,
Шелектеп құйған нөсер өтер, көкем.
Әзірге көкбет аспан тұр ұшығып,
Су алып аулымызды кетер ме екен?!
Апырмай, сияқты ма аспан көшкен,
Дүние болып кетті астан-кестен.
Отыз жыл арасында өтті-кетті,
Болмай тұр мұндай жағдай бастан кешкен.
Топан тасқын. Келмейді ежіктегім,
Бара жатыр ағызып кезіккенін.
Бала мысық тырнайды босағаны,
Жүр о, неме, ақырын сезіп ненің.
* * *
Қыс кетпесе, көктем де келмес еді,
Жатып қалған салбөксе сел көшеді.
Сондағыдай күлімдеп күміс Күн де,
Сондағыдай желбегей жел де еседі.
Жып-жылы жанға жайлы ескен леппен,
Көзіне бойжеткеннің көшкен көктем, –
Көлденең көк аттының көзін сатқан,
Көкейін бостан босқа тескен деп пе ең?!
Мезгілсіз ер-тоқымы бір аудымен,
Қыс өтті омырауы қырау кілең.
Бүршік жарған буыны бекіп талдың,
Төбесі тимей көкке тұр-ау, білем?!
Қанаты күйіп батқан ала кеште,
Шалқыған шалық тиіп бала, бөспе, –
Көк ілген көңіл күймен алып-ұшты,
Жайларды қай-қайдағы салады еске.
Қызыққа кенелткендей өзі бақты,
Дауысын бала бұлақ созып ақты…
Жел тербеп жапырақтар жамырайды,
Келтіріп көз алдыма қозы-лақты.
МҰҚАҒАЛИҒА
Тігіп жүрген біреулер көзін көптен,
Таңсық бізге кешпейтін сезім деп пе ең?!
Кезек-кезек жатырмыз кетіп біз де,
Жаққа наурыз айында өзің кеткен.
Іштік талай мас болып сендей біз де,
Желп-желп еткен жел шалды жеңдей күзде.
Кезімізді уланған арақпенен,
Құмға сіңген, мысалы, теңдейді ізге.
Келе-тұғын қылықпен елден безге,
О, жастық-ай, бас білмес жел ме ең кезбе?!
Жат қылықпен қарсы алды алып қала,
Сендей бізді ауылдан келген кезде.
Қарамастан шатқаяқ сөзімізге,
Жан ұқпайтын сыр тұны көзімізде, –
Есенин мен өзіңдей боламыз деп,
Барып қаппыз біразға өзіміз де.
Игере алмай бойдағы сезім легін,
Сәл ертелеу болмаса көз ілгенің –
Түсінгенім Есенин емессің сен,
Есенин де сен емес сезінгенім.
Арақ деген дерт екен шалдықпалы-ай,
Аман-есен білмейміз қалдық қалай?..
Итін талай шулатып көршілердің,
Көршілердің мазасын алдық талай.
Жыққан жандар сияқты қосын күзде,
Қан жүгірді бүгінде тосын жүзге.
Заман басқа, заң басқа бұл күндері,
Басқа болып кеттік-ау сосын біз де.
* * *
Тұрады жаным кейде сыздап қана,
Торғайдай табалмаған мұздап пана.
Ауылдан кетіп тындым ақыры мен,
Кеткен соң алып шулы, қызды, ақ қала.
Ұрынып қалдық па әлде ала күзге,
Көрсетіп жат қылықты қала бізге, –
Көңілсіз өтіп жатты күндеріміз,
Іштегі ұрып мұң мен нала жүзге.
Тапты да әлсіздеу бір шала жерді,
Сеземін мені ауылдық бала көрді, –
Жігітке жергілікті жолықты да,
Өзгеріп сүйген қызым сала берді.
Сезімге болмас мендік сел тең келіп,
Түсінген біздің жанды ел кем делік.
Беймаза тірлік жей-жей жастығымды,
Көзімнің алды кетті желкенделіп.
Етектен соқыр сезім тарта бізді,
Жүргенде кеңге беріп арқамызды, –
Махаббат, қала, сосын ана жігіт,
Жіберді араластырып картамызды.
* * *
Елестетер шуақты сәуір басын,
Көзің нұрлы, содан соң тәуір қасың.
Қарсылықсыз сыбырлап, дей бересің:
«Сүйе берме ернімді ауыртасың».
Игере алмай жастықтың селді кезін,
Дедім мен де: «Қоштасар келді кезім».
Кеттім содан ұстатпай, жылап қалдың,
Құдай ұрды, қайтемін жел мінезім.
ЖЕЛМЕН СЫРЛАСУ
Кеш бәрі, не пайда бар сезгеніңнен,
Түзелер түсіп жай жоқ тезге міннен.
Өксіген күздің қара суығында,
Ех, жел-ай, жел-ай сендей кезбемін мен.
Тұрғандай қабар беріп жайдан нала,
Қалаға келіп қалдың қайдан ғана.
Өтіңде тұрған жалғыз жабырқаулы,
Түскендей күй кешеді Айдан бала.
Айтшы сен, меніменен, бірсің неңмен,
Жетектеп кететіндей тұрсың жеңнен.
Ех, жел-ай, жел-ай желең, қайда қоям,
Жанымды жабырқаулы күрсін жеңген.
Қария тұр сүйеніп таяғына,
Таусылар кезі демнің таяды ма?
Сені мен мендей ол да желбастанып,
Ауылын тастап кеткен баяғыда.
Жүретін тіршілікке налып көптен,
Тұрсаң да біреулерді алып беттен, –
Үрлейсің енді бірде қоздатардай,
Астында күлдің шоқты қалып кеткен…
О бастан ұнатамын желді өзім,
Ашатын кей жандардың шелді көзін.
Сенің де басылатын кезің келді,
Менің де бастығатын келді кезім.
* * *
Келмейтін жағажайда кемістікке,
Шуақты күн көзінен ең ыстық не?
Аспандай төңкерілген көз алдымда,
Сыймастан теңіз жатты кеңістікке.
Толқынмен майда ақжал араласып,
Көк сағым көкжиектен барады асып.
Көтере алмастан тұр судан басын,
Кеткендей жартас бұжыр жара басып.
Ерекше тұрмын күйде жағасында,
Жастығы қалған отты аға, осында, –
Сен болсаң таңғалмастан, қоясың тек,
Шағала қастарыңды қағасың да.
Келмейтін келе қашты балалыққа,
Ұғынып болмас, сірә, шалалық па?
Ей, теңіз түсінбедім тіліңді мен,
Не айтып тұрсың осы, далалыққа.
* * *
Қыз ернінде тұратын еріп демім,
Бір кездері бозбала, көрікті едім.
Ұқсай-тұғын еріні Айға оймақтай,
Өтті сол қыз кезінде қайғы ойлатпай.
Екеуміз де елітіп жайлы лепке,
Сүйісуші ек куә етіп Айды көкте.
Құлағанда атжақты Ай қырға талып,
Сан отырдық аяқты Сырға малып.
Белгідей бір, елеусіз, түртіп алды,
Сол кез өтіп, бүгінде жұрты қалды.
* * *
Жұрты қалған, оралмас жастық қайта,
Бір кездегі бердің-ау мастықты айта, –
Жетпіс келе жатқанда тұсау салды,
Қанша белден қар шалды астық, байқа.
Алып ұшқан бастығып желді басым,
Салмақ тартты сабырға келді жасым.
Сайға құйған тірлігім су сияқты,
Тәңір берді несібем ендігі асым.
Мойымаушы ем, бірмойын жас шағымда,
Шыныменен шау тарта бастадым ба?
Буып-түйіп отырмын ғұмырымды,
Жиып-терген сияқты қас қағымда.
Кәріліктің қабағы қыраулы екен,
Мен ұқпайтын ішбақты сыр-ау бөтен.
Ақ кебінге оранған қыстай өлме,
Есік қағып мезгіл де тұр-ау, көкем.
Бунақ-бунақ буғандай сеңді Сырға,
Жиналмасқа қалды не енді қырға.
Тұр азынап қу тірлік түндік қақты,
Келе-тұғын келмеске желді бұрға.
* * *
Сәуір айы. Шуақты нұрды төккен,
Жатыр көкке көмкеріп қырды көктем.
Мың сан қолдай жып-жылы алақаны,
Мың сан сәуле құйылып тұрды көктен.
Еріп ерте ақпанның тоң білегі,
Келді қамсыз құстардың соңғы легі.
Жатыр дүние жамырап қозы-лақтай,
Мезгіл кетіп көйлектей оңды деді.
Қыстағыдай қытымыр жоқ мінезі,
Күннің қызып келеді отты көзі.
Былдыр-былдыр бұлақтың тілі шығып,
Бұлдыр-бұлдыр мезгілдің өтті кезі.
Шоқтай жанып тұр, әне, ескен леппен,
Бойжеткеннің көзіне көшкен көктем.
Сыр жағалап барады со бір сұлу,
Бозбаланың көкейін тескен көптен.
Жұпар исі жиденің есті ала,
Жасарған бір кейіпті кешті дала.
Көңіліне жел бітіп, көктемменен
Қас қағымда қарыстай өсті бала.
Тұр алмастан көк аспан жерден көзін,
Е, Жаратқан бәрін де берген де өзің…
Көз алдыма келеді, о бастағы,
Қозы-лақтай, о, тірлік өрген кезің.
* * *
Табиғаттың бергені несіп, төкпе,
Жел де білем тұрған жоқ есіп текке…
Тең-тең бұлт легімен ойдай ауыр,
Тыным таппай барады көшіп көкте.
Жатқан дала томаға сыр ашқан ба,
Көзге ұрады көкжиек қыр асқанда.
Көшірмесі секілді көңілімнің,
Ала-құла күй кешіп тұр аспан да.
Аулай алсам бір сырды қарасынан,
Оқыс келіп қаққандай бар асынан, –
Кесіртке қысық көз жер бауырлап,
Тұр сығалап жусанның арасынан.
Ден қойғанда көктемгі таза ауаға,
Көңіл күйді келтірер саз ауа ма?..
Қаққан қазық сияқты тұрған анау,
Саршұнақ та бір жайға мәз-ау, аға.
Табиғатпен келетін жүздескенге,
Не жетеді далада із кескенге.
Астан-кестен аспан жақ болып кетті,
Аяқ асты келетін түз көшкенге.
Тасқа біткен тамыры тектес шетен,
Бекер тірлік атаулы өтпес, көкем.
Буда-буда бұлттың көкті буған,
Арты айналып нөсерге кетпес пе, екен?..
Қорқынышты…