Алмат ИСӘДІЛ: БІР ЖАРЫҚ, БІР ТҮНЕК АЛМАСЫП...

Алмат ИСӘДІЛ: БІР ЖАРЫҚ, БІР ТҮНЕК АЛМАСЫП...

Бір Өмір,
Бір Тірлік,
Бір Өлім,
Жұмбағын шешіпті кім оның?
Алдамшы жалғанның түр-өңін,
Түбінде
Басады Ажалдың түнегі...

Өмірдерек
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, аудармашы, журналист Исәділ Алмат Мұратұлы 1976 жылы 20 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келген.
Алматы облысы Райымбек ауданы, Кеген ауылындағы орыс орта мектебінде, аудандық Музыка мектебінің домбыра сыныбында оқыған. ҚазМУҰ-дың журналистика факультетін сырттай бітірген. Еңбек жолын №2 Кеген орта мектебінде музыка пәні мұғалімі ретінде бастаған. Республикалық оқушылар Сарайында қызметкер, «Алматы ақшамы» газетінде бөлім меңгеруші, жауапты хатшы, «Елорда» баспасында әдеби редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгеруші, Қазақ-Британ университетінің редакциялық-баспа бөлімінің бас менеджері, «Қазақ радиосы» бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторы, «Әдебиет айдыны» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Қазақ университеті» газеті бас редакторының орынбасары, «Жас қазақ үні» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының жүргізуші-редакторы, «Алаш айнасы» газетіде Мәдениет бөлімінің редакторы қызметтерін атқарған. Қазіргі уақытта Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Қоғаммен байланыс және редакциялық қызмет департаменті директоры.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының мүшесі, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты, бірнеше жыр мүшайраларының жүлдегері, Ілияс Жансүгіров рухына арналған республикалық мүшайрасында Сайын Мұратбеков атындағы арнайы сыйлықтың иегері.
Әдеби аудармамен айналысады. Түріктің Ж.Әміре сынды классиктері мен қатар М. Джевдет, А. Тимучин, О. Рифат есімді танымал түрік шайырлары мен А.Пушкин, С.Есенин, М.Лермонтов, И.Северянин, И.Анненскии сынды орыс ақындарының шығармаларын қазақшалаған. Орыс тілінде жазатын ресейлік ақын-аудармашы С.Мнацаканян мен қазақтың көрнекті ақыны О. Сүлейменовтің бірқатар шығармаларын ана тілінде сөйлетті. Ақын сондай-ақ балалар әдебиетіне де ден қойып кішкентай оқырмандарға, жалпы балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармалар жазып жүр. Ақынның бірқатар өлеңдеріне жазылған әндерді бүгінде қазақ ән өнерінің майталмандары орындап жүр.
Өлеңдері «ХХІ ғасыр ақындарының антологиясы» сынды бірнеше ұжымдық жинақтарға енген. «Отырар кітапхханасының» тұңғыш сериясымен жарық көрген «Жолдар, жолдар...», «Көңілалаң», «Көкжиекке сіңген жол» кітаптарының авторы. Балаларға арналған «Мен қазақтың баласы» кітабы жарық көрген. «Дарабоз» балалар әдебиеті бәйгесінің жүлдегері, «Балауса» - балаларға арналған шығармашылық байқаудың үшінші орын иегері. «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалінің иегері.
Жары – Смағұлова Дина Әлиқазықызы – ауылшаруашылығы ғылымының магистрі.
Қыздары – Нарқыз, Ақтілек, ұлы – Мұқағали.

БІР ӨМІР...
Бір Өмір,
Бір Тірлік,
Бір Өлім,
Жұмбағын шешіпті кім оның?
Алдамшы жалғанның түр-өңін,
Түбінде
Басады Ажалдың түнегі...

Бір Бақыт,
Бір Шаттық,
Бір Қайғы:
Алмасып ай-жылдар зырлайды.
Тіршілік әйтеуір тынбайды.
Алайда,
Бұл Дәурен
Бір баста мәңгілік тұрмайды.

Бір Сезім,
Бір Үміт,
Бір Күйік,
Ойларға жетелеп тұңғиық,
Шешілмес жұмбағын жасырған,
Беймаза,
Бірі кем дүние – қым-қуыт.

Бір Сенім,
Бір Күдік,
Бір Шындық,
Шындықты білуге ұмтылдық.
Қуанып, соңыра күрсіндік:
Барлығын тұмшалап тастапты,
Өтірік дейтұғын бір Сұмдық.

Боларын біліпті кім бұлай,
Қай жақта біз күткен Нұрлы Жай?
Бір Жарық,
Бір Түнек алмасып,
Күн шықса кетеді сырғып Ай...
Тіріге – Береке,
Өліге – Иман бер,
Жаратқан Бір Құдай...

ҚАРАША. ҚАМЫҒУ...
..Көкейімде бір ой бар:
Елдің жайын кім ойлар?
Жиында отыр есінеп,
Күллі ығай-сығайлар.

Шеттерінен кіл шешен,
Шеттерінен дүр көсем.
...Өз елімде жүрсем де,
Өгейсіген күн кешем...

Несібесі азайып,
Несиесі молайып,
Нән дөкейлер қағынып,
Қамығып жүр халайық.

Сөзімді кім есіткен,
«Бүліндім ме бесіктен?»
Сығалап тұр қараша,
Үлкен емен есіктен...

БҮГІН
Өзгерді бүгін қоғам –
Көз көрді түрін жаман.
Кез келді Ақиқаттың,
Көмейін тығындаған.

Тағдырды мойындадық,
Әр күнді уайымдадық.
Жақсылар жасып қалды,
Жаманның жайын бағып.

Күдіктен көңіл сынып,
Үмітпен өмір сүріп,
Өзгелер менсінбейді,
Бізді әлі тобырсынып.

Заңғардан өте алмадық,
Арманға жете алмадық.
Жылтырақ дүниеге,
Арбалып, неше алданып?!

Жасырып шындығыңды,
Ақыры сұмдық ұрды.
Алаштың – тірегі еді,
Ластадық тілді, дінді.

Тар жолда тығындалып,
Ақ жолға бұрылмыдық.
Мастанған төрелерге,
Мадақтау жырын жазып.

Ақшадан оңалмадық,
Жақсы адам бола алмадық.
Тілге тіл қосып алып,
Басқаша амалдадық.

Даланы күмілжітіп,
Қаланың уын жұтып,
Шындықты айта алмайсың,
Тұрса да тілің қышып.

Уақыт – құйын, боран –
Артына бұрылмаған.
Алдыңда жер қалмады,
Тұзақ, тор құрылмаған.

Әлі де тыйылмаған,
Бұрынғы қиын заман.
Жол кесіп Батыраштар,
Жасап жүр бұрын қадам.

Құйғытып Құлагермен,
Асқанда құба белден,
Баяғы Батыраштар,
Балта алып, шыға келген...

ТҮНДЕ...
... Дала суық.
Әншейінде шулайтын қала – сұлық.
Терезеден телмірем тысқа қарай,
Бірдемені күбірлеп, данасынып...
Мен сияқты көктемін күте ме екен -
Бүрсеңдейді гүлзарда дара шыбық.
Әнебір жан қашанғы тұрар екен,
Әлдекімді күтумен таң атырып...
Сұр көшенің шамдары сығырайып,
Аспаннан Ай төніп тұр жағы ашылып.
Тереземді соғады қайта қайта,
Шұбар қанат көбелек аласұрып.
Ұйқым қашып отырмын, ойға батып,
Мойыныма мешел-мұң тағы асылып.
Тарқатылмай тұрғаны-ай жақсы жырдың,
Қаламымның ұшында оратылып...

ЖЫЛЫЛЫҚ
Әкемнен қалған жылылық,
Шешемнен қалған жылылық.
Лебіңе жүрем жылынып...
Сарсаңға түскен сәттерде,
Мұз болып қатқан көңіліме,
Көктем боп келдің жылымық.
Бабамның салған жолымен,
Әйтеуір, келем сүрініп,
Әлсіздігім де білініп...
Бір Алла берген ғұмырдың
Көшіне әрең ілігіп.
Ей, Әлем, сен де бір ұлдың
Айтылмай жүрген сырын ұқ;
Бақыт та кетті қона алмай,
Басымнан кері бұрылып.
Уақыт та кетті таба алмай,
Ақыннан кінә, бір ілік.
Шытынап түйсік-терезем,
Аязды күнгі атыздай
Айғыз да, айғыз тілініп.
Ағадан көрмей ірілік,
Кішіден көрмей інілік.
Аспалы көпір шетінде,
Тұрғандай болам ілініп.
Сондай бір сұрқай сәттерде,
Әкемнен қалған жылылық,
Шешемнен қалған жылылық —
Лебіңе жүрем жылынып...
Маңымда қалған жақсылар,
Сендермен қайғым жоқ шығар,
Болыстың маған жұмылып.
Жаныммен сүйдім бәріңді,
Алдыңда белім бүгіліп.
Сыртымнан өсек боратқан,
Басыма пәле жалатқан.
Жандарға кінә тақпаймын,
Жатсам да жолда жығылып.
Өйткені менің бойымда,
Жағып тұр Өмір шырағын —
Әкемнен қалған жылылық,
Шешемнен қалған жылылық.
Тағдырға көндім амалсыз,
Жетелеп алға бір Үміт.
Біресе Мысым басылып,
Біресе Рухым тіріліп.
Ескексіз қалған қайықтай,
Жанашыр адам жолықпай.
Болам деп жүрген кезімде,
Өмірдің сырын ұғынып,
Бәріне мені үйреткен —
Әкемнен қалған жылылық,
Шешемнен қалған жылылық.
Және де
Өлеңнен қалған ұлылық.

БАЛАПАНДАРЫМ
Сендерсің менің бақытым балапандарым,
Балапандарым — шаттықтың таратар нәрін.
Жүріңдер ылғи күлімдеп қасымда менің,
Өмірдің бірге қарсы алып жаңа таңдарын.

Ауырлап кеткен сәттерде төзімнің жүгі,
Өздеріңменен сейілер көңілдің мұңы.
Сендерсің менің сенерім, сүйенішім де,
Сендермен ғана бағалы өмірдің құны.

Тағдырдың жолы тым қиын, болыңдар абай,
Қарсы жүзіңдер тайсалмай ағынға қарай.
Тау жақтан ескен самал жел жүздеріңді өбіп,
Аймалап жүрсін күнде ерте жағылған арай?!

Балалық күннің уайымсыз, зерлі шағында,
Уақыттың өзі жүрекке белгі салуда.
Өсіңдер бойға дарытып даламның исін.
Жақсылық тұнған әлемнің кең құшағында.

Күн сайын маған өмірдің таратар нәрін,
Аман жүріңдер кішкентай балапандарым.
Ғажабын ғана көріңдер ғұмырдың мынау,
Батаға ғана жайылсын алақандарың.
Балапандарым...

ЕСЕНИННІҢ ЕЛІНДЕ
Бөренелі сол үйлер,
Сол баяғы, сол өлке:
Басын жерге сәл иген,
Қайың түбі – көлеңке.

Бәрі, бәрі қалпында,
Көне шіркеу, сол орман.
Қалпында жүр халқың да,
Күпәйкесі жамалған.

Өлеңіңді ежіктеп,
Әніңді айтып мұжықтар,
Есенинге еліктеп,
Көшеде жүр «бұзықтар».

Жанарында мұң, нала,
Білгісі кеп сырыңды,
Пеш түбінде бір бала,
Оқып отыр жырыңды.

Ел-жұртыңа қош, қош деп,
«Тым аулаққа» кеткенде.
Есенинде ес жоқ деп,
Тілдеп еді көп пенде.

Мұқағали мұң шағып,
Тағдырыңмен үндескен.
Қызыл қоғам мін тағып,
Ол да сендей күн кешкен.

Шайқап жүрдің, шайырым,
Шараптан да бас алмай.
Қасіретке байыдың,
Күйігіңді баса алмай.

Гитараның күйімен,
Көңіл мұзын еріттің.
Айседора биіне,
Есің кетіп, еліттің.

Тағдыр неге мұңайтып,
Жігеріңді уатты?
...Шаганеңе сыр айтып,
Өзіңді-өзің жұбаттың,

Қайран анаң қамығып,
Қаншама рет езілді?
Желбегейін жамылып
Тосты қанша жолыңды?..

Елге оралдың ақыры,
Артта қалып елес-күн:
Русьтің Ұлы ақынын,
Елемеді көп ешкім...

Өртендің де, жандың да,
Жырға арналды хас, күшің.
Есігіңнің алдында,
Мұңайып тұр тас мүсін.

Елге аңыз болдың да,
Жарқырады нұрлы айың.
Есігіңнің алдында
Жалғызсырап тұр қайың...
Константиново, 2011 ж.

«ҚАЗЫҒҰРТТЫҢ ҚОҢЫРЫ»
Қаламдас бауыр
Бақытжан Алдиярға

Сен – Өгемнен,
Мен – Кегеннен,
Азамат ек өрлеп, өнген.
Қолымызға қалам алып,
Сырлас болған шерлі өлеңмен.

Еркелеткен төңірегің,
«Қазығұрттың Қоңыры едің.»
Тағдыр кештің Қаныбектей,
Қасқа ақынның соңына еріп.

Кездеріңде мұң қамаған,
Безіп кеттің Шым-қаладан,
Алматыдан табылар деп,
Жырларыңды тыңдар адам.

Қайдам, бірақ, шын ақынға,
Шынайы Өмір ұнасын ба?!
Ой-қиялың көкте жүр ғой,
Жолығардай бір Асылға.

Сен жырлайсың Өгеміңді,
Мен жырлаймын Кегенімді.
Өмір ғажап болса-дағы,
Өлеңіміз неге мұңды?

Барсам деп ем Өгемге мен,
Шақырмайсың, дегенменен.
Сен оданда осы жазда,
Қамданып ап, Кегенге кел!

Дертіміздің дауасы азда,
Бөленейік дара сазға.
Кегенге кел, содан ары,
Апарамын Қарасазға.

ҚАЛА КӨРМЕГЕН АҒАМА ХАТ
Аман ба ауылдағы ағайындар,
Аман ба атқамінер бағалы ұлдар?!
Аман ба аталарым, әжелерім,
Беттерін - әжім басқан, самайын - қар?!

Аман ба бала-шаға – уаймы жоқ,
Аман ба әкім-қара – айыбы көп?!
Қазақтың тілейтіні – жан саулығы,
Болмаса, қу дүниенің қайыры жоқ.

Қоңыр тірлік, қараша үй, қараша ауыл,
Төзіп жүрген кәріне қарашаның.
Қайран әжем, жөнелтіп қара шалын,
Жалғыз ішіп қалды ма қара шәйін?

Қала десе ат тонын ала қашар,
Ауыл жақтан келмей жүр хабар-ошар,
Далада еркін өскен есіл ағам,
Сіздіңше ауыл-жақсы, қала-нашар.

Соқпай кетті, ә ауылға «Ауыл жылы»?!
Азаймады тірліктің ауыр жүгі.
Ұялы телефон да ұстамайды,
Керек емес ешкімге қауым мұңы.

Жаһандану Рухымды қанап тынған,
Бұл «майданда» тағы да қазақ құрбан.
Мен де жаңа ғасырдың ұрпағымын -
Болашаққа балконнан қарап тұрған.

Аға, солай өтуде даңғаза күн,
Арасында алқызыл жарнаманың.
Батысқа бет түзеген көшімізді,
Шығысқа қайтаруға бар ма амалың?

Иманынан барады жұрт тоналып,
(Кетер ме еді шіркін-ай, күрт тазарып!)
«Алдымен ел болуды ойлайық» - деп,
Ашынушы ең ащы су ұрттап алып.

Біздікі сол - бетон үй, кеңсе, қала,
Көресің ғой барлығын келсең, аға.
Мен де ауылды сағындым,
Барам, бірақ -
Бастық жазда демалыс берсе ғана...

«ЖАБАЙЫ РОЗА». ҚАРА СИЫР...
Кешқұрым мезгіл. Сиырын сауып
Болған соң, көне киімін қағып -
Үйге енді әжей, мал қора жаққа
Бұрылып, көздің қиығын салып.

Шалы отыр төрде - түр-түсі семген,
Жүретін ылғи қырқысып елмен.
Келіні болса - кенже баласын,
Жұбата алмай жүр, ұйықысы келген.

Шүйілтіп қалың қабағын ана,
Күңк етті оған - баланы қара!
–Теледидарды қосыңдар кәне,
Басталып кетті «Жабайы Роза!»

–Бейшара қыздың бағы жанбады...
Деп, кемпір жайды тағы болжады.
Әдеттегідей, бір кезде сөніп,
Ауылдың таңға шамы болмады.

–Тауысып ішіп қалған арақты,
Өкіметке айтып бар жаманатты,
Көсіліп сөйлеп, көсемси бермей,
Бір қарап қайтшы мал қора жақты.

Деді де кемпір, ауыр күрсінді,
Мазалап бір ой жанын біртүрлі.
Шал болса қамсыз шалқайып жатты,
Қарсы алды солай ауыл бұл түнді.

Далада иттер жарыса үріп,
Сала бастады тағыша бүлік.
Тағы да кімдер нені бүлдірді,
Әлдекімдердің тауы шағылып?..

Көрініп күннің сұлбасы жаңа,
Шал ерте тұрды - тұлғасы дара.
...Қорада тұрған қара сиырдың,
Қалыпты ала бұйдасы ғана.

ҚЫЗЫЛ ӨЛЕҢ
«Жақсы өмірден» жалындап жүзімде алау,
Оң қолымда желбіреп қызыл жалау,
Үндесем деп Күн-көсем ұранына,
Сол кезден-ақ қаймағым бұзылған-ау...

Тамырым да кесіліп тілім-тілім,
Ұмыт болып дәстүр мен ырым-сырым.
Қызыл галстук тағынып қаракөздер,
Қасиетін жоғалтты қызыл тілім.

Орнады да замана бұлыңғыр бір,
Сардаламда басталды «Қызыл қырғынң.
Қызыл қоғам орнатқан қызыл көздер,
Барлығын да қиратты бұрынғымның.

Жазықсыздан шырқырап шыбын жаның,
Не зауалға ел-жұртым ұрынбадың!?
Темір тәртіп орнатып Қызыл әскер,
Қанша Арыстың ағызды қызыл қанын!?

Қызыл жұлдыз. Кремль. Қызыл алаң:
Қызылдарсыз өзгенің күні қараң.
Осыны ойлап, дертімді басу үшін,
Қызыл арақ ішем де, қызып алам.

Қызыл ойлар санамда жатталып бір,
Бұзық ойлар қоғамға оқталып тұр.
Қызыл мандат өмірге жолдама боп,
Құран-Кәрім сандықта сақталып тұр...

Қызыл, қызыл, қып-қызыл, қызыл бәрі,
Мызғымайтын бір Одақ құрылғалы.
Өзгермейтін Қызыл Заң болғанымен,
Мәртебелі Уақыт тек құбылмалы.

Дүн-дүние өзгеріп қас-қағымда,
Желтоқсанда шарқ ұрды асқақ ұлдар.
Дұшпан көзін қызартып, ақырында,
Көкбайрағым желпіді аспанымда.

Аяқталып әйтеуір қызыл дәуір,
Күрсініспен еске алдым күнімді ауыр.
Арыстарын атылған, ақтап алып,
Қайта оянды ұйқыдан бұрынғы ауыл.

Жете алмаған ешкім де қадіріне,
Арда туған ұлдардың жазығы не?
...Қара тастан қашалып мүсіндері,
Қызыл гүлдер қойылды қабіріне.

Бар екен-ау көретін Бақ-Талабым,
Өзегімді қанша рет отқа орадым!?
Ертең тағы ағарып атсыншы деп,
Қызарып батқан Күнге көп қарадым...

КӨҢІЛАЛАҢ
Есімде балауса кез, балапан шақ,
Жүретін өрік-мейіз, науат аңсап.
Алайда бәрімізге ұнамайтын,
Апамыз ұйқымыздан оятар сәт.

Ойын түгіл, тоймаушы ек ұйқыға да.
Үлкендерден дәметтік сый-сыбаға...
Қонақ келсе «танабау» тағушы еді,
«Жарайсың» — деп, «өлеңші, күйші бала!»

Үйдегілер сөздерін мың шығындап,
Жөнін айтса — балалар күлкі қылмақ.
Ерлік жасап жүреміз ара-тұра,
Көрші әжейдің кеппеген құртын ұрлап.

Есіме алып отырмын бүгін бәрін,
Қандай еді балалық түрің, дәмің?!
Келін боп қай жерде жүр құрбы қыздар,
Байлап кеткен партаға бұрымдарын.

Оралмас беймаза кез, балдырған шақ,
Шіркін-ай сол күнгідей мөлдір болсақ!
Әжеміз бәйек болып жүруші еді,
Дастарханға құрт пен май, тандыр нан сап.

Есейдік біз де өзінше ес кіргендей,
Ата жолдан адастық ешкімге ермей.
Жаңа күннің қызықтық жылтырына,
Кешегі естеліктер ескіргендей.

Бұл күнде құбылып тұр жегі заман,
Мазасыз күй кешуде мезі қоғам.
«Қорқамын кейінгі жас балалардан», —
Өмір аман болғанмен, көңіл — алаң...

ШЕР... ҮМІТ...
Сайран Далам-ай,
Айман Далам-ай...
Өкшесін саған батырып,
Келімсек пенен кірмелер
Тайраңдағаны-ай.
Өзіңе ие болатын жандар,
Төсіңді ойрандағаны-ай.
...Осынау жерді
Кім үшін қорғап едің сен,
Дулыға киген қайран бабам-ай?!
Тас мүсін дара қалпыңа тіл бітсе егер,
Не дейсің бізге балбал-данам-ай?
Ұрпағыңның мынау ұсақталып кеткен,
Қатер-қауіпті аңғармағаны-ай.
Қайда барасың,
Аңқау баладай,
Әркімге алданып біткен аңғал қоғам-ай...
Жаратқан Ием,
Қазаққа ғидаят берші,
Үмітпен әлі күтеміз
Таңдардан арай...

БАЛКОНДАҒЫ ОЙ
Тірлігімді күн сайын қатер жалмап,
Қай бұрышта тұрмадым пәтер жалдап!?
Қаламымды серік қып, қаңғып жүрдім,
Жақындарым- жақтырмай, бөтен- қолдап.

Тырыссам да қалмауға ел көшінен,
Тар көрпемде қалайша кең көсілем?!
Дегенмен үлкен боды кабинетім,
Жалға алған жатағымның бөлмесінен.

Бәрін қойшы,
Үйдегі бала- шағам,
Құралақан қалғандай тамашадан…
Дейді қызым:өскенде Нұр- ағамдай,
Қазақтарға арнап бір қала салам.

Көшіп барам,
Біресе көшіп келем,
Бақытымды кешіккен тосып, көнем.
Кісі үйіне барғанда, қызыға ма —
Қызым менің ойнайды есікпенен…

Жүргендеймін «шұбырып Ақтабанда».
Қолда өзің пендеңді жаппар Алла!
...Кегеніме көшіп бір кетер едім,
Аға- жеңгем «сол үйді» сатпағанда.

Мен ғана ма бірақ та, халі мүшкіл?
Осы шығар бұйрығы Жазмыштың.
Білмеймін, қай ісімнен қателесіп,
Білмеймін, қай жолымнан жаңылыстым?

Осылайша жүргенде жалғасып ән,
Бір күні көңіл тасты арнасынан:
Сеп болып атқамінер азаматтар,
Ақыры пәтер алдым Алматыдан!

Құралақан қап жүрген тамашадан,
Әсіресе, қуанды бала- шағам.
Елден бұрын әзірлеп сүйіншісін,
Баяғы Жанарбек пен Жарас ағам.

Айналама жоқ еді сыйым да онша,
Үйім болса деуші едім, күйім де оңса…
Арман шіркін, адамда таусылған ба,
Өмір қызық екен ғой қйын болса.

Жан емеспін кететін күрт күпініп,
Жүрсе болды жанымды жұрт түсініп.
…Тоғызыншы қабаттың балконынан,
Қарап тұрмын далаға, шырт түкіріп.

***
( ... аяулы жарға)

Алып ұшып, шарқ ұрып көңіл жүрдек,
Көп ішінде жүргенде өзіңді іздеп,
Қапелімде қақ тіліп қара түнді,
Көгімнен жұлдыз болып көріндің кеп:
Шерменде жүрек шіркін жырға оранды,
Кеудемде жаңаша бір өмір гүлдеп.

Содан бері көңілге көктем орнап,
Арманым қанат қақты көкке барлап.
Қос жүрекке ортақ бір лүпіл берген,
Тәңірім неткен шебер, неткен ардақ?!
Шын махаббат өмірде болмайды деп,
Жүріппін құр қайғырып, текке зарлап.

Ару едің жайдары жаны неткен,
Бойыма тәтті сезім дәнін еккен?!
Жанарыңнан тараған жылы сәуле,
Жан, Арымның сарайын жарық еткен.
Күлімдеп қасымда сен жүрсең ылғи,
Мен үшін төрт мезгілдің бәрі көктем!

ЭСКИЗ
(Суретші шеберханасында)
«Сылдырап өңкей келісім.»
Абай.

Мұнда бәрі түрлі-түске боялған,
Бұл бір әлем, бояулардан жаралған.
Сұлулық пен әдемілік атаулы,
Осы жерде қайта түлеп, жаңарған.
Осы жерден бірін-бірі табады,
Сергелдеңге түсіп жүрген сан арман.

Шебер қолдан өрнек сызса қалқалам,
Қуанышқа бөленердей мұң — ғалам...
Есі барлар есалаңдау күй кешіп,
Жарасынан жазылардай жынды адам.
Сылдырайды мұнда өңкей келісім,
Бұлақтардай жылап аққан жылғадан.

Қара бояу ақ бояуға қастасып,
Ал түбіңде екеуі де достасып,
Өмір мұнда палитра бетінде,
Бір-бірімен жатады ылғи астасып.
Мұнда адамдар қауышады қайтадан,
Қызығымен кеткен кеше қоштасып.

...Жалғыздықтың жоқ болса да ешкімі,
Ойландырар қауқары бар естіні.
Жалғыз-жалғыз портреттер сөреде,
Көпшілікке қаратылған бет-жүзі;
Қызыл, жасыл, қоңыр түске боялған
Тіршіліктің салынуда эксизі...
***
“Құдай сүйген құлдарын азапқа салады”
Құраннан

Жанарымды шыңға қадап,
Жан — Арымды мұңға қамап,
Өмір жайлы Өлең жаздым,
Табам ба деп бір қанағат.

Бітіргендей жырға қанат,
Шабыт мені жүр жағалап.
Көңіл бірақ көншімей тұр;
Көк көйлегі — кір-қожалақ.

Сөз айтамын кімге қарап,
Тыңдар құлақ мүлдем аз-ақ?
Тілім — тұлдыр, қойсаң-дағы,
Үлде менен бүлдеге орап.

Ұйқысыздық — түндегі азап,
Жүйкемді де бірге қажап...
Тағдырдан да таяқ жедім,
Қос танауым күнде қанап.

Бір ғана ой мың мазалап,
Іздеп жүрмін шын ғаламат.
...Құдай сені сүйеді деп,
Сендіруде кіл жамағат.

ТІРШІЛІК
(жан досым Жанарбекке...)

...Сол баяғы тіршілік —
Тағдыр тағы қарамады ұмсынып.
Сүйген сайын сайқалси ма бұл Өмір,
Құтыра ма, құшқан сайын “құлпырып”?!
Арманым да кемпірқосақ секілді,
Жеткізбейді, енді ұмтылсам құлшынып.

...Сол баяғы, уақыт —
Жігерімді әр күн сайын уытып.
Әлдекімдер орға жығып кетсе де,
Ойларымның мұнарасын құлатып —
Өлеңімнің баспалдақ қып әр жолын,
Өзімді-өзім отырамын жұбатып.

...Сол баяғы, сол Өмір —
Қайта айналып келмес бізге және бір.
Мен сияқты бейбақты да ұмытпай,
А, Құдайым маған да нұр себе жүр.
Жарлымын ғой, табанымның астында
Жатса-дағы қазыналы мол өңір.

...Сол баяғы тіршілік —
Шындық отыр бір бұрышта түршігіп,
Жалған сөздер том-том болып жазылып,
Кетті біздің Санамызға кіл сіңіп.
...Батқан Күнім қайта шықсын деп тілеп,
Көкжиекке Көз тастадым күрсініп.

...Сол баяғы, баяғы —
Бір қалыпты уақыттың аяңы.
Бір-бірінен аумайтұғын әсілі,
Егіз күндер кең құшағын жаяды.
Бұлай болмау керек еді бұл Өмір...
Сенем Ертең бәрі өзгеше болады.

ӨЗІМІЗ ҒОЙ...
Қолын бұлғап арман алдан,
Ой-санамды арбап алған.
Ақиқатқа жетем бе деп,
Қаламымды қанға малғам.

Өмірге өмір жалғап Аллам,
Құдіретпен Жан жаралған.
Неге бірақ, жай таппаймыз,
Селт етпейтін сал қоғамнан?

Арамызда аз ба, жазған,
Небір түлей, азған азбан?
…Е, олар да өледі ғой,
Өздеріне қазған ордан.

Қам жасайық қолда бардан,
Көп парыз бар қордаланған.
Ырзығымыз шашылып жүр,
Жосып жүріп, жолда қалған.

Тұрақ таппай бар ғаламнан,
Шаршадық қой нән қалаңнан.
…Тас көшелі, лас тірлікті,
Өзіміз ғой таңдап алған.

АЛАШ ЖҰРТЫ
Азуын айға білеген,
Төбесі көкті тіреген,
Қарсы да келген хас жауын,
Ақ семсерімен іреген –
Айбарлы жұртым Алашым.
Кеудесі тұнған жыр-өлең,
Алладан рахым тілеген,
Тамыры терең жайылған,
Өзегі мықты бір емен –
Айдарлы жұртым Алашым.

Атырау – Алтай арасын,
Жетісу – Арқа даласын,
Найзаның қорғап ұшымен,
Жерұйық жердің саясын –
Жайлаған жұртым Алашым.
Заманмен тауып жарасым,
Төмендетпеген бағасын,
Қанаты кеңге жайылып,
Қырандай бейне тау асып –
Самғаған жұртым Алашым.

Қастерлі Атамекенім,
Қатерлі еді-ау кешегің.
Азаттығыңды айғақтап,
Түнектің түрдің етегін –
Арналы жұртым Алашым.
Еңсеңді тіктеп, көтеріл,
Елім деп өтсін өсер ұл,
Бабадан қалған мұраның,
Қасиетіне жете біл –
Ордалы жұртым Алашым.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста