***
Жылады тағы аспаным бүгін,
Аспаным өлең оқыды...
...Мен ол тамшыларды баспадым, гүлім,
Жаңбырдай өлең - жоқ ұлы!..
Мен ол тамшылардың сүйіп ем жанын,
Күйіп ем сосын қайғыдан.
Кеудеме сөйтіп құйып ем жалын,
Селт етпей қойды Ай бұған...
Жылашы, аяулым,
Өп, тіптен,
егіл..
Жалғыздық жырын төк мұңлы...
Сезімді солай көп күткен едім,
Жоқ,
біткен енді...
Жоқ құрбы...
Жоқ құрбы, қайтем, түсінер бәрін,
Жаңылған жолдан жынды екем.
"Ақындар" - дейді, ісінен мәлім...
"Ақындар" - дейді, тым бөтен...
Құстардың сұлу тыңдасам үнін,
Бұлттардан өлең көшірсем...
(Бақытыңды егер бұлдасаң өмір,
Бақытсыздығымды кешір, сен...)
Көргеннің солай ұмыттыр бәрін,
Ұмыта алмайтын біреу - мен...
Тағы ұқтым неге үміттің барын,
Жалықтым неге тілеуден?!.
Сөйлесе жаңбыр тілінде көктің,
Естісе сосын күлкімді...
Мен ғасырлардың бірінде жоқпын,
үнінде жоқпын...
біртүрлі...
Ғаламға мынау жайды анық қылдым,
Айналып, құрбым, қашты арман.
Елеске енді айналып бір күн,
Тамшы боп түссем аспаннан...
Нарын
...Кектенсе, қайтем, Ақ еркем Жайық,
Кектенсе, қайтем, жар қамыс?!.
"Шираз, Шираз", Ұлылық дей ме - Шираз?!
Қай бабаның жеткізем сертін елге?!
...Зарың қайда, беу, Нарын, күйге сыймас,
Ханың қайда түмен ер ертіп өлген?..
Құба жонның естідім дертті үрейін,
Адыр ассам, көремін жолды неше...
Анау құмда қасірет шертті күйін,
Анау белде өсиет өлді кеше...
Сен, ғасырлық жамылдың кебін, далам,
Табыла ма кеудеңнен жалаң қынап?..
...Көне зират тарқатса шерін маған,
Балбал тастың артынан бабам жылап.
Қадірімді, қайтейін, қор қылдым бар?!
Аунамасам тер болып түбі бұрын...
Оқшырайып қараса орғыл құмдар,
Оқшауланып тұрады ірілігім.
...Тарқамас күй,
өшкен күй -
таңсық ол да...
Жатпас ешкім өткенін тосып алдан...
...Кеше сенде бір Бөкей жалшы болған,
Кеше сенде бір ердің басы кетіп,
Кеше сенде бір ердің қосы қалған...
"Шираз, Шираз", Ұлылық дей ме - Шираз?!
Қай бабаның жеткізем сертін елге?!
...Зарың қайда, беу, Нарын, күйге сыймас,
Ханың қайда түмен ер ертіп өлген?..
Ертегідей естілген бұл да бұрын:
Қара түн түссе төбеңнен -
бөрі асар шөлін.
Зарлы Нарын,
Хан Нарын,
Құм Нарыным,
Кеудеңе қылыш қадасам сенің...
...Оянар ма ең?!
Серт!
( Ғайсадан Мәдіге дейін...)
1.
...үйім емес - бұл шаһар,
күйім - елес,
жоқ тегім...
...мұнша өзімшіл,
мұнша кербез,
мұнша паң -
сүю де кеш көктемін...
Сүю де кеш -
жолықтырмас жолдарын,
айықтырмас көшесін...
Тағы ұқтырар - құдіреттің ол барын,
Жалықтырар, о, сосын...
Жалықтырар -
зарды ұқтырған кескіннен,
жарлықтардан ескірген,
жақындардан өштенген,
ақылдардан кеш кірген...
2.
...Қасы көптің болдық бірі,
басы жоқтың тағы да.
"Құдайларды" көрдік тірі -
жете алмаған тағына...
...жете алмадым баққа мен де,
кете алмадым...шарқ ұрдым...
Адалдықты ақтап өлгем,
сақтап өлгем антымды...
Соқ, Орфейдің зарлы желі,
Жұбат солай әлемді...
Сөз артынан - заң жүреді,
Ар күледі және енді...
3.
Жағамыздан жау алғанда, қас қылып,
Қалар ма еді жылып іш?!.
...Жанымызды жіберердей тас қылып,
төнген шақта - "Ұлы Күш"...
Артымызға желеу болған сөз бекер,
Қалпымызды құтқаратын күш кенде.
Әділдік пен ақиқатқа көз жетер -
Хорасанға қара белгі түскенде...
Аңыздардан арамызды қашық қып,
Ғұрыптарды құрықтады бұл ара...
...Өзімізді құтқаруға асықтық -
Жүзімізді жасыра алмай күнәға....
4.
Сендегі - осынау таққа құт:
дос - тіреу,
БАС - тіреу,
Қос тіреу...
(...Ұлылар құтылды ақталып,
Мақталып құтырды мас біреу...)
Мендегі - сол сезім,
сол дәрмен,
Іздедім ақылсыз достарды...
(...көмуді үйренген қолдар мен
"өлуді" үйренген көш қалды...)
Біздегі іңкәрлік төр көріп -
Есікте тапталды - "бос томдық"...
(..."Үйірлі" шалдарға жол беріп,
"Мейірлі" сөздерді қош көрдік...)
5.
Өркениет жылағанда тасада,
Құлағанда алыптардың қамалы -
Жазықсыздан жанарына жас ала,
Бөрі ұлиды жаралы...
Ессіздерге айналғанда біз қайтып,
жай қалғанда сөз ақыр...
...алдымыздан көре алмасақ ізді айқын,
қол алмасақ - өз ақым...
Өткенімнен таба алмадым сұрап құр
өлеңімді елестерге асылған...
Біздің ғасыр,
біздің ғасыр жылап тұр -
Әмірxанның басында...
Ақталу
Дұғаңды оқып отырсың ба тағы іштей,
Көктен күнде естіп жүрмін қай әнді?!
Саған барар жолдар неге алыс кей,
Саған барар жолдар неге аяулы?!.
Жанарымнан жұрт ұқпаған жайды ұғып.
Анау бұлттар дерегімді сұрайды...
Сен іздеген түндер неге қайғырып,
Мен үзбеген гүлдер неге мұңайды?!
Мылқау көптің арасында қаңғыдым,
Көңілім де жалығады түбінде.
Саған солай айта алмадым барлығын,
Қайта алмадым бүгін де...
Қалдым ба енді жаным - жарлы, сыз - іргем,
Көрсете алмай бұл тірлікке ақыр бой?!.
Менің барлық қасіретімнің жүзінде -
Сенің Ұлы маxаббатың жатыр ғой.
Сенің Ұлы маxаббатың - бар әлі,
Сол сезіммен, сол төзіммен ес білгем.
Тағдырымды құрамадым жаралы,
Сұрамадым ешкімнен.
Зарлы көште адасқанда көп санам,
Көрінетін таба алмадым жай, тіптен.
Бар алдында ақталуға жоқ шамам,
Ар алдында ақталайын қайтіп мен?!
Уақыт әлі жасырып жүр өз үнін,
Әлденеге асығып жүр ақылым.
(Мен - оралған дәуірлердің сөзімін,
Мен - жоғалған замандардың xатымын...)
Жалған күннің жазасымен жұлысып,
Ала алмаған ақымақтар көп пе енші?!
Бар азаптан құламауға тырысып,
Жыламауға серт берші!
Мына адамдар - ессіздіктің кебіні,
Күліп жатыр...
Біліп жатыр ел нені?!
Жазылмаған жолдар үшін ең Ұлы -
Кешіре гөр,
Кешірге гөр сен мені
Ана!!!
***
Мен Ташкентте өлер ем –
Алматы бар,
Тек мен ғана түсінем ол қаланы.
Есенғали Раушанов
Олар да Алматыны түсінбей ме,
Түсінбесе болады қандай ақын?!
Хамит Есаман.
Сен ғана ма ең түсінер бұл қаланы,
Көктем де өткен, қашанғы ол мұңданады?!
Достарға айттым... Сырада басым қалғыр,
Құстарға айттым, олар да тыңдамады...
Құстар, құстар - адалдық серті ме едің?!
Көктің саған бұйырған көркі керім.
Көктем келе күтіп ем, кеще басым,
Сары шалдың қасында мен кім едім?!
Көше жатыр адасқан ұлға күліп,
Ақын. Өлең. Теректер тұрған ұлып...
Кімдер енді қалады бұл маңайда,
Кімдер енді келеді?!
Жылдағы үміт...
Бірі - көшін таба алмай, бірің - шешім,
Қарға досқа, қайтейін, ұрынса өшім...
Қай даланың қаламыз жерін құшып,
Қай көктемнің оқимыз жырын сосын...
Ару қалар еске алып бақтарды әлгі,
Қайғысымен қарыған ақпан қарды.
Сосын, сосын сыр айтып масаң түнге,
Отырарсың шығарып жоқтан барды.
Несі қалды өткеннің парқын білмек?!
Алдың - құрмет, көргенің, артың - дүрмек.
Біз кетерміз өмірдің бұлдап көшін,
Әділетсіз қаланың салтын күндеп...
Манифест!
О, Ұлы Аспан,
Жанарымда - ғасыр жылап,
Жүрегімді - ар қысқан.
Қасірет боп төндің де енді...
Ашындың...
Алтын ұлдар айналғанда аң-құсқа,
Қошеметтер байланғанда қарғысқа -
"АҚЫН" болып көргім келді
Ғасырды...
"Ақын" болып сүйгім келді ғаламды,
Жиғым келді ізгілікті... құр күбір...
Есім кеміп, еш сенбегем... жоғалдым...
Кесірленіп кешсем деп ем бір ғұмыр.
Сенсем деп ем адалдыққа, аққа шын,
Өкініштен өкіргенім шықты естен...
Дәуірлердің ашсам деп ем қақпасын,
Алыптардың оянғанын күтпестен.
...Қай бетімнен сүйер еді алыптар?!.
Бөтен жұртты аңсады ол...
Мына ғалам жаңданудан жалыққан,
Зар қағудан шаршады ол...
(Гегель бүгін көңіліне қайғы алды...
Борxеске де қонбады ма тағы бақ?!.)
Мың ақынның өлеңіне айналды -
Бір ақынға бұйырмаған "Шаңырақ"...
Шаңырақ. Күй.
...Айтылмаған жай-дағы,
Жарылқадық мыңжылдықтар шайырын.
Қаңыраған кеудесі үшін, қайдағы
Жамыраған ойлар болды - қайырым!..
Ақыр ісін көрсін – кезең, көрсін – Көк,
Бастамай жүр тірілердің көшін кім?!.
Ақым үшін – ақылына қол сілтеп,
Жақын үшін – кешірдім!
Сосын...
Тоналмаған xаттарды ашып, мұң етіп,
Жоғалмаған арымды айтып күлемін...
...Қай ақынның мазарында жыр оқып,
Қай ақынның басына кеп түнедім
кеше...
Кеше - МЕН
есікті іздеп жүр едім ғой, өтірік,
пікірлерге бағынбайтын жол және...
...Қадірі жоқ "Ордасына" түкіріп,
Бір буынның сыймайтынын көрді, әне,
Құлагер...
О, зарлы әуен, кетпей қойдың құлақтан,
О, зарлы әлем, жұбататын жоқ түгің.
...Мен бұлттарды сүю үшін жылатқам,
Тамшы қылып төк бүгін...
Төк, Аспан!!!
Көк қызы
Жырдың жүгін арқалап, қыздың мұңын,
Күнәсі көп ғаламның үздім гүлін.
Өшіре алса қайтеді естен бәрін,
Кешіре алса қайтеді күз Мұңлығын.
Жарылқамас жанымды түндер – керең,
Өн таныттым өкпелі кімдерге мен?!
Өткенге емес, өзіме тақтым кінә,
Көктемге емес, оқыдым гүлдерге өлең.
Гүлдерге өлең оқыдым өрт боп тұрып,
Үлгермеген қайғым да дерт боп тұнып...
Үзді бәрін үмітім үркіп қашқан.
...Қыз жылады жүрегі кекке ұмтылып...
Ей, Көк қызы, сенер ма ем ғұрыпқа мен?!
Пәтуасыз жүріске құныққан ем.
Сенің мінсіз жүзіңде ай қымсынып,
Періштелер тасада тұрыпты әрең...
...Қара түн де жабырқау, жылап тынды,
Қайғысынан құстардың құлақ тұнды.
Аспа-а-а-н жақтан бір әуен естіледі...
Шақырады...
Шақырды бірақ кімді?!
***
Кеудемді кеулеп кесір құр,
мұң қарып тұр ма?!
Жолықсаң қайтед(і) жүргенде бұлтарып қырда.
Көк белден сені көрдім бе көрікті керім,
Көк бұлттан, әлде, түстің бе қымтанып нұрға?..
Жалған да осылай жазғырып, жарлық қылғанда,
Өңімнен - үрей, көңілден - зарды ұқтырған ба?!
Зар боп тұнған ба жаныма жалғыздық әні,
Жалғыздық әрі дертіне шалдықтырған ба?..
Не көрдім сонша, жарқыным, не кешем енді?!
Тағдырдың менде тап солай жоқ еш ермегі.
Елесі ермеді өткеннің, өксімес те едім,
Өртіне қайтып өлеңнің бөле сен мені...
Сұрықсыз күндер сұсты боп төнеді алдан бар,
Өледі сәттер,
Өлер күн,
Өледі армандар...
Саған апарар бір жолға жетсем деп едім,
Жетсем деп едім...
...Жарығым сөне қалғанда...
Жасытса жанды жолығып бос үміт алдан,
"Өмір" - дедім ғой, түсінші осыны, қарғам.
Көктемнің жасы көзіме тамып кеткенде,
Көктен мен сені өлеңге көшіріп алғам...
***
Aдасып түнде кетсе ғой жаным,
Жетсе ғой мұңым...
жасыр құр...
Жұлдыздар ағып өтсе де ойладым,
Төксе де ойладым жасын гүл.
Көктің де көрдім өксіген жүзін,
Көптің де көрдім құрығын.
...Өтті ме солай тек сүрең күзім,
Бітті ме солай ғұмырым?..
Біз қашан, қайтіп көріскен едік,
Келіскен едік жол құрап?!
...Алып кет мені періште болып,
Жанымды қалдыр сен бірақ.
Жанымды қалдыр жоғалған жылға,
Кетейін ауып мен де елсіз...
Өмір дегенің - тоналған жыр ма?!
Өмір дегенің...
көргенсіз...
Халімді менің сұрама сосын,
Жылама сосын...тек іштен...
Ақынды өлтірген мына ғасыр үшін -
Тағдыр шығармын...көп ішкен...
Изадора.
...С тобою грех мне лицемерить, Ты слишком ангел для того...
Михаил Лермонтов
Биле,
Биле -
Қар биін,
Қара түннің құшағында қалғиын.
Сен солай-ақ сүйе аласың көктемді,
Сен солай-ақ ұға аласың жан күйін...
Тағдырыммен қасарысып, қағына
"Танго,
Танго,
Танго" - дедім тағы да.
Ол - сүюдің ең ғаламат үлгісі,
Ол - өткеннің зары ма?!.
Алжасайын ақылдан да, естен мен,
Онсыз да, еркем, қиянатқа дес бергем.
Тас төбеңнен сұқтанатын көздерден
Құтқаратын жолдар барын кеш көргем.
Бұл ғаламның азабын да көтерем,
Мазағынан елеместен өтер ем.
Соң-соң даусым тыныштыққа жұтылып,
Көздеріңде өртеніп-ақ кетер ем...
Сол бір дұға...
Менің дұғам...
Ертеңім
шексіздікке жетелейтін белгісіз.
Ол жақта да ару жүрер, көркемім,
Ол бақтарда бақыт бары - сенгісіз...
Қорғай алсаң, қорғай тұршы сезімді,
Жолым солай - маxаббаттан басталған.
...Алақаның жаба салсын көзімді
Соңғы дұға естілгенде аспаннан...
***
Ішкем де жоқ ол түнде...
Мәңгі шуы тоқтамайтын кабактағы мұңлы әуенге масайғам...
Сол үстелде,
сол картина,
арақ тағы...
...достардан
құтылатын болмады ғой еш айлам...
Өлең оқып таласқан тек біз бе едік,
Бір ақынды еске алудан шаршамай?!.
Жүзімізден адалдықты іздедік,
Жүзімізде - қанша бүлік, қанша жай.
Қанша тағдыр - қасіретке қимайтын,
Қасиетін алданыш қып жүр әлі...
Бұ дүниенің шеңберіне сыймайтын
Бұлыңғырлау ақыл-естің сұрағы...
Жауап іздеп сандалмады көп олар...
...Жауап күтіп үздікпеді сырашы.
Ескі елеске жолықпайтын боп алар...
Ескі елестер жыласын...
(Кұй тағы да!..
Маңдайыңда ізі қалсын бокалдың,
Шылымның да күлі қалсын шашыңда.
...Ырғағына түспейікші жат әннің,
Түспейікші, расында!..)
...Мәңгі шуы тоқтамайтын кабактағы мұңлы әуенге масайғам...
Сол үстелде,
сол картина,
арақ тағы...
...достардан
құтылатын болмады ғой еш айлам...
***
Жыр бердім бе, білмеймін, гүл бердім бе,
Сүйген болсам,
сүюге үлгердім бе?!
Қырсығып та отырдым,
түр бердім бе?!.
Күрсініп те отырдым түнмен бірге.
Жыр оқыдым, мен, бәлкім, сыр оқыдым,
Жүргенім де жөн емес құр өкініп.
Кетпей қойса көңілден көрікті шақ,
Жетпей қойса жаныма бір өтірік...
Жыр сыйладым, білмеймін, мұң сыйладым,
Қоймас одан, қайтейін, тынши бағым.
Күліп қарап артымнан ақпан-ару,
Күліп қарап төбемнен тұрса ибалым...
Жыр жылытты, оны әлде нұр жылытты,
Жаңылысқан жылдар да жылжып өтті.
Жабығыспен жанарда тұнса қайғым,
Сағынышпен жамасам құр жұлықты...
Жырды ұмытты, ол мүмкін мені ұмытты,
Өзі еді ғой басы да, соңы үміттің.
Тізбеді ме мойныма көп қасірет,
Іздеді ме бойымнан көп ілікті...
Адастым ба ішінде мың күдіктің,
Таластым ба күшімен мың ғұрыптың?!.
Жоғалмаған түндерге көзін тастап,
Кімді күтті?..
О, бәлкім, жырды күтті...
***
Маңдайыма бағым болып қондың дәл.
Өткеніміз өкпені артып, қол бұлғар,
...Бізді де алғаш кезіктіріп көктемде,
Ең соңғы рет қоштастырған сол бульвар...
Артымыздан дұға қылған күз қайтер,
Кеше...
Көше...
...қала ма енді аңыз боп?
Қайдағыны шығарамыз біз де әйтеу -
Бақытсыздар қаласынан бақ іздеп.
Сенсіз жүрген жолдарымның құр бәрі,
Айтылмады сырларымның қаншасы...
...Ашылмаған әлемімнің - жұмбағы,
Жазылмаған жырларымның - ханшасы...
***
Көктем неге жылады, ұқты нені?
Кейпім бе, әлде, кей түнде сені аңсаған?!
Мендік кеуде жалғыздық тұтқыны еді,
Жалғыздыққа қайтеді көне алса адам?!
...Алды ма екен сезімдер елтіп ерек,
Қалды ма екен көзіңде бала-сәуір...
Біз аңсаған көктемнің - көркі бөлек,
Біз аңсаған бақыттың - жазасы ауыр...
Балғын шақтың бейнесі шалғайда тым,
Сен өзгенің сертінде кеттің... сор-ай...
Көз жасыңды көруге бармай дәтім,
Өз жасымды өлеңге төктім солай....
Анкараға хат...
(Айдархан ұлына)
Мына көктем соншама аңғал болар ма ед(і)?!
Мына дала азалы әнге сала ма?
Жабырқаған жаным ба екен, жоқ, әлде,
Алматыдан алыс жатқан қала ма?!
Аспан да анау сұрықсыз боп барады, ә...
Жанарын да жасқа бұлап жатыр маң.
Әділі мен Әмірі жоқ қалада
Жалғыздыққа жыр оқыған ақын бар...
Болмас сәтті қиялдайтын түсті орай,
Көп үміттің тереңіне батар ма ем?!
Қадірді айтып қағысар ма ек біз солай,
Ататүрік шарап ішкен бокалмен?!
...Алатау да ақ батасын тілер бек,
Бағытымен жылжи берсе көш егер.
Біздей адал дос болғанын білер ма ед(і),
Орхан көкем жүріп өткен көшелер?!
Білем пана бола алмайды жат арба,
Құрметтеген танытады құлық тым.
...Сөйтіп бізге жігіт жоқтай жаһанда,
Арулары таласар ма ед(і) Түріктің?
Оғаш кетсем, қылығымды қостар кім,
Басқан жолдың байыбына бардым ба?
Бас изер ма ед(і) сардарлары Османның,
Өр ғұндардың ұрпағының алдында?
Түн ауғанда бөрі даусы асқынар,
Естіле ме, мендік аңсар бар сонда?!
Ол өлкеде ақын болса қас қылар,
Таныс ол да...
Сағынышым сорлы күнге тап келген,
Жалқы өмірдің жетегінен ұстармын.
Қанатына айналар ма ем, әттең, мен,
Сәлемімді жеткізбеген құстардың?!
Зәру емес бір ақынға "бұл тобыр",
Сөзбен серік емес едім қысыр, кем.
Қырға тартып кетсем ба екен "қырт өмір",
"Алдавайда" ішпегенім үшін мен?!...
Әмірхан Балқыбекке
Қалауынша құн сұрамас фәни бұл,
Тас төбеңнен төңіректеп төнсе зіл.
Дүниені өзгерткенде сәби-жыр,
Сәбидейін сенші өзің.
Автор.
Еңку де еңку жер шалған,
Қысталаңда қылышынан қан тамып.
Одыраң қағып, ордалы жау төнсе алдан,
Қорқау құлдай жар аспаған жалтарып...
Боз бетеге, жылағанда бұлт та ұлып,
Оғыланым, орға батып оқталдың.
Денесі қан дала жатса, жұрт құрып -
Мінген аттың тірсегінде кек қалды...
Орғыл құмда орда тіккен озалдан,
Бұралқыға тас атпаған тектім ең.
Қаба сақал қариядан сөз алған,
Қатулансаң Қашағандай өткір ең.
Базынасын тыңдап мылқау Тұран мен
Баба қырдың бота-дөңін баққан ер.
Құба жалды құла қасқа құнанмен
Қағыл жерде қабыланша шапқан ер.
...Қан күрең жон қазулы тұр қас көрі,
Мауыт шекпен жамылмастан қалды ма?!.
Азуыңды айға жалат аш бөрі
Бабыр шалдың басын қойып алдыңа!..
Көне жолдан жетті маған көп ырым,
Төбемізден төнсе және көз анық...
Азынаған дауысында бөрінің
Түн жыласа бозарып...
Қасалы ұлдың қатарынан құлды іздеп...
Күйік шалған перілер ғой өзі-ақ сұм...
Қара аспанның қанатынан жұлдыз боп,
Қасиетті,
Қасиетті сөз ақсын!!!