Тәуелсіздік жылдары Көкшетау көрікті шаһарға айналды – еңбек ардагері (ФОТО)

Тәуелсіздік жылдары Көкшетау көрікті шаһарға айналды – еңбек ардагері (ФОТО)

Еңбек ардагері Айдос Әбутәліпов ауыл шаруашылығы саласында абыройлы еңбек етті. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шықса да қолынан қаламы түспей, Тәуелсіздігіміздің еңселі табыстары, бағындырған белестері, алған асулары шабытына шоқ салып, өз оқырманына тың туындылар ұсынып келеді. Сезімі сергек, пайымы парасатты қаламгер Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында BNews.kz  тiлшiсiне облыс орталығы – Көкшетау қаласының кешегісі мен бүгінгі келісті келбетінен туындайтын ойлары жайлы айтып берді.

Өз алдымызға егемен мемлекет атанып, тәуелсіз өмір сүре бастаған 25 жылдың ішінде қаншама қыруар істер атқарылғанына куә болған қарт қаламгер, алдымен тіліміз бен дінімізден бастап салт-дәстүріміз түрленіп, ата-бабаларымыздан қалған қағидалы әдет-ғұрыптарымыз қайта жанданғанын айтады. Осы тұрғыда қол жеткен жетістіктерімізді айғақтау үшін Көкшетаудың бүгінгі келісті келбетінен-ақ көп нәрсені аңғаруға болатындығын алға тартады.
«Жасымыз егде тартып, қартаюға аяқ басқан аға буын – біз қоғам дамуының соңғы 25 жылында үш ұйықтасақ түсімізге енбейтіндей бірнеше ғаламат өзгерістерге куә болдық. Бәрі күні кешегідей есімде. Жалпы, ХХ ғасырдың соңғы айлары ақмолалықтар, соның ішінде көкшетаулықтар үшін аса бір қуанышты сәт болды десек артық айтқандық болмас. Көкшетау облысы таратылып, Петропавлға қарап қалған қапалы кезде 1999 жылғы 9 сәуірде Көкшетауға Президент тапсырмасымен сол кездегі Премьер-министр Нұрлан Балғымбаев келіп, Елбасы Жарлығымен Көкшетау қаласының Ақмола облысының орталығы болып жарияланғанын жеткізді. Арада бес ай өткен соң, 5 қарашада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Көкшетау қаласына атбасын тіреді. Киелі Арқа төсінде, қазақ мемлекеттігіміздің негізін қалаған кемеңгер қолбасшы, дипломант Абылай хан ескерткішінің ашылу салтанатына қатысты»,–деп еске алады Айдос Әбутәліпұлы.
Бұл ұлы тұлғаға республикамызда орнатылған алғашқы ескерткіш болатын. Тарих шежіресіне айналған күнді Қазақ елі асыға күтті. Ұлы тұлғаға өз мекенінде, Көкшетаудың қақ ортасындағы Абылай есімімен аталған алаңда ескерткіштің орнатылуы – қаймана қазақтың тәуелсіздікке қол жеткізуінің арқасы еді. Әйтпесе, Абылай ханға ескерткіш тұрғызбақ түгілі оның есімін атауға да зар болып қалған жоқ па едік бір кездері?!
«Түркістандағы Абылай хан зиратынан әкелген бір уыс топырақты Елбасы өз қолымен ескерткіштің етегіне қойды. Бұл топырақты көкшетаулықтар үлкен бір ырыммен, хан аруағы елін, жұртын қолдап жүрсін деген ниетпен алдырған-ды. Елбасы тәуелсіздікке қол жеткізген соң асылдарымызды ардақтап, ұлттық құндылықтарымызды қастерлеу керектігін айтты. Көкшетаулықтар да Тұңғыш Президентімізге ерекше бауырмалдық, сыйластық танытып, әсіресе, қариялар жағы: «Рахмет, Нұреке!» деп ақ батасын жаудырды»,–дейді А.Әбутәліпов.
Уақыт ескерткішті санаға сіңірді, көңілдің төрінен орын алды, көкейге қонды. Көкшетау қаласының жарасымды символына айналды. Ескерткіш авторлары Т.Жұмағалиев пен Ю.Баймұқашевтың еңбектері жанды. Қазір өзі ту тіккен, ордасын ұстаған, ауасын жұтып, жерін жайлаған Көкшетауында Абылай бабамыздың әрі асқақ, әрі қарапайым, терең тарихқа, ойға жетелер салтанатты ескерткіші берік те нық орын тепкендей, өмірмен, халық тағдырымен біте қайнасқандай. Ол аңсаған егемендікке қолы жеткен халқы оның ескерткішіне барып тағзым етеді, гүл шоқтарын қояды, ұрпағына оның кім болғанын айтады. Ұлан-байтақ еліміздің сан түкпірінен жер шоқтығына жеткен қонақтар бас иеді.
Елбасы тұсауын кескен осынау ескерткіштің халқына қалтқысыз қызмет етіп тұрғанына биыл – 17 жыл. Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін жақсы-жайсаңдарымыздың ардақты есімдерін жасқанбай айтып, ел мақтанына айналдырып, көкке көтеретін күн туғанына тәубе етеді бүгінде қарт қаламгер.
«Міне, осы бір қуанышты сәттен бастап Көкшетау қайта түледі. Қаладағы әлеуметтік-экономикалық сипаттағы нысандар қалпына келтіріліп, күнделікті тұрмысқа қатысты түйткілді мәселелер шешімін таба бастады. Қазіргі «Көкшетау» мәдениет сарайы күрделі жөндеуден өтіп, қазақ драма театры өмірге келді. Әсіресе, қала тұрғындары үшін өмірлік маңызды нысандар: жылу, су, энергетика кәсіпорындарының жұмысы мықтап қолға алынды. Ең бастысы, жұмыссыздық қысқарып, зауыт, фабрикалар еңсе көтерді. Мемлекет басшысының қамқорлығы мен қолдауының арқасында Ақмола облысы экономиканың әр саласы бойынша үздіктер қатарына қосылды. Мұның өзі көкшетаулықтар тарапынан ерекше еңбек өрлеуін туғызды. Бар күш-жігер әлеуметік инфрақұрылымды жетілдіруге, экономиканың артта қалған салаларын дамытуға аударылды. Нәтижесінде Көкшетау қаласымен бірге облысымыздың барлық аймақтарында да тың өзгерістер байқалды. Дәлірек айтсақ, облыс орталығы Көкшетау қаласында қысқа мерзімде ондаған көпқабатты сәнді де зәулім үй мен ғимарат бой көтерді. Шағын алаңдар, суағарлар, тозығы жеткен көшелер, тротуарлар жөнделіп, гүлзарлар көбейді»,–дейді еңбек ардагері А.Әбутәліпұлы.
Осы жылдар ішінде халқымыздың аяулы перзенттері Қаныш Сәтпаев, Талғат Бигельдинов пен Мәлік Ғабдуллинге ескерткіштер орнатылды. Қалаға сән беретін шағын сәулеттік ескерткіштер мен субұрқақтар жасалды.
Науан хазірет атындағы жаңа мешіт мұсылман жамағатқа есігін айқара ашты. Сондай-ақ, орталық саябақ, «Мәңгілік алау» маңы абаттандырылды. Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Мәлік Ғабдуллинге еңселі ескерткіш орнатылды. Бір сөзбен айтқанда, сүйікті қаламыз Көкшетау ширек ғасырда көзтартар көрікті де таза шаһарға айналды.
Ширек ғасыр ішінде Астанаға салынған жол айдарыңнан жел естіріп, көңіліңді сергітер жылдамдық, көз қуантар көріністерге куә болып отырғандығын да қуана айтады еңбек ардагері.
«Сапалы да жайлы, қауіпсіз де қолайлы жол Көкшетаудың мерейін өсірді, халқына көп жеңілдік әкелді. Ары-бері ағылған көлік. Қазақтың сайын сахарасына шуағын шашқан айбынды Ару шаһар мейірімін төгіп, жақындай түскендей. Бурабайдай курортты аймақ іргесінен орын тепкен, жасанып-жаңғырған көркем Көкшетау Астанадай әсем қалаға серік болуға әбден лайық. Оған кімнің дауы бар?!», –дейді А.Әбутәліпұлы.
Сонау жылдары... «Казахстанская правда» газетіне «Кокшетау – спутник Астаны» деген мақала жарияланып, оған әлдекімдердің: «Жылу, жарықсыз, жүдеп-жадап жатқан, бір бүйірдегі бұйығы Көкшетауларың қалайша Астанаға серік болмақ?» деп мысқылдаған. Оған өкпелейтін дәнеңе жоқ, сол кезгі сиқымыз расында да мәз емес-ті. Өзге түгілі өзіміз де олай боларына сенбестей едік. Жылусыз қалған жұрт көп қабатты үйлердің ас үйіне темір пеш қойып, мұржасын терезенің желдеткішінен шығарып, аулаларда қазан көтеріп, күйелеш-күйелеш болып күйбеңге көшкен. Көше-көшенің бәрі жайма базарға айналып, дүние-мүлік түгілі, пәтерлердің өзі құнсызданып қалмап па еді? Көкшетаулықтар үш, төрт бөлмелі үйлерін арзанға сата алмай әлек болған. Жұмыс жоқ, табыс жұтаң тұрғындар шаршы метрі үлкен үйлер үшін ақша төлеуден ат тонын ала қашатын.
«Қазіргі Көкшетауымыз қандай!..Жолдары жүйткіп, көшелері жарқырып, жасанып тұрған жоқ па?! Бұрын келген қонаққа нені көрсетерімізді білмей қиналатынбыз. Енді қай ғажайыбын көрсететініңді білмейсің! Әні, жаңа мешіт, әні, Мәлік батырдың ескерткіші, әні, «Достық үйі», әні, кіреберістегі жаңа қақпа!», –деп тебіренеді А.Әбутәліпұлы.
Мамандығы экономист бола тұра, кезінде Кеңес үкіметінің жауапты қызметтерін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүріп атқарса да, сол кездің өзінде Айдос Әбутәліпов дуалы ауыз қариялардан өткеннің әңгімесін, елдің тарихын, өңірдің шежіресін жазып алып, жадында сақтаған. Осындай мұқияттылық оның қоржынын толтырып, көңіл көкжиегін кеңейтіп, білім-білігін жетілдіре түскен. Бүгінде сексендей биіктің сеңгіріне көтерілген қарт қаламгердің қазіргі қысқа күнде қырық құбылған құпиясы мол қатал заман ағымы өтінде әсіресе, жас ұрпаққа өмірден түйген-білгендері жайлы айтары аз емес.
«Абылайдың ақ туын тіккен қасиетті Көкше өңірінің көркеюі көңілімізді марқайтады. Әлбетте жақсылық оңайлықпен келмейтіндігі белгілі. Еңбек еткен әр адам өз ісінің шебері болуға тырысып, еліміз, халқымыз үшін адал тер төгіп жұмыс атқарса, ынтымақ-бірлікте болса, ырыс пен жеңіс ешқайда кетпейді. Жер жүзінде небір жантүршігерлік қырғын, лаңкестік, аштық, арандатушылық белең алып, адамзат басына қара бұлттай қауіп-қатер төніп келе жатқанда мамыражай бейқам қол қусырып отыра бермеу керек. Түрлі теріс пиғылды іс-әрекеттердің сырттан келуіне қарсы тосқауылдар қойып, құйтырқы саясаттардың қақпанына жастарымыздың жазатайым түсіп қалмауына тосқауыл болу керекпіз»,–деп ой түйеді А.Әбутәліпұлы.


 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста