Елімізде ғылым саласын дамыту жолында қарқынды жұмыс жүріп жатыр
Адамзат баласы ғылымсыз ешқандай жетістіктің болмайтынын ерте заманнан біліп, тұрмыс-тіршілігін жеңілдету үшін тоқтаусыз ізденумен келеді. Қазіргі уақыт білім мен ғылымның қарыштап дамыған кезеңі. Әлем елдері бір-бірінен ғылыммен ғана ерекшеленіп, бәсекеге түскен заман. Қай елдің ғылымы мықты болса, сол елдің мерейі үстем. Ғылым күллі әлемнің қозғаушы күші. Сондықтан болашағын ойлаған мемлекеттердің ғылым-білімді игеруге, дамытуға, жаңалық ашуға деген құлшынысы орасан. Біздің елімізде де ғылым-білімге ерекше көңіл бөлініп, осы саланы дамытудың түрлі тетіктері жыл өткен сайын жаңарып, түрлі реформалар жасалып келеді. Былтыр, яғни 2022 жылы Білім және ғылым министрілігінің Оқу-ағарту министрілігі және Ғылым және жоғары білім министрлігі болып екіге бөлінуі бұл саланың күрделілігін, оны дамытуға жіті көңіл бөлінгендігінің айқын көрінісі деуге болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр халықтық коалиция форумында сөйлеген сөзінде білім мен қажырлы еңбек қана елді табысқа жеткізе алатынын қадап айтқан еді. Президент сол кезде «Қазір ғылым экономиканы жедел алға жетелейтін алып индустрияға айналды. Қазақстан жаһандық экономикадағы үрдістерге сай болуға тиіс. Бізге де осы ғылыми-технологиялық жаңашылдықты әкеліп, өндіріске қосатын жаңа әрі білікті мамандар керек. Біз оларға қажет жағдайдың барлығын жасаймыз», – деп еліміздің жарқын болашағының бағдарын айқындап, оның жолы ғылым мен білімде екеніне баса назар аударған болатын.
Қазіргі заманда әлем елдерінің әл-ауқаты олардың ғылым саласының жағдайына тікелей байланысты. Сондықтан ғылыми зерттеулерге байыпты көңіл бөлетін, ғылымды қажетсінетін жаңа технологияларды сәтті игерген, бұл үшін ғылымды қаржылық, ақпараттық, өндірістік және интеллектуалдық құралдармен қамтамасыз ететін, осы кезеңдегі саяси және экономикалық жарысты басқаратын және жетекші орындарды иеленген елдер ғана әлемдік аренада.
Қазіргі қоғамды ғылымсыз басқару мүмкін емес. Бүгінгідей даму кезеңінде ғылым қоғамның әлеуметтік құрылымын өзгертуде. Бүкіл әлемде ой еңбегімен қамтылғандар санының өсуі және керісінше қол еңбегімен қамтылғандар санының азаюы тенденциясы байқалады.
Ғылыми еңбектер мен жетістіктерді оқу балалардың дамуына, олардың білімді тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді. Қазіргі білім беру процесі әлемнің ғылыми бейнесін айқындайды. Ал, Қазақстанның білім беру саласы ғылыми ұсынылған әдістерге негізделген. Білім және ғылым саласындағы заманауи саясат жоғары білімі бар мамандар мен бакалаврларды дайындауға және үлкен әлеуетін пайдалануға бағытталған.
Жақында Ғылым және жоғары білім министрлігі жанындағы қоғамдық кеңес отырысы өткен болатын. Жиында «Ғылым мен жоғары білімді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының» жобасы талқыланды.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек тұжырымданы талқылау жұмысы Президентіміздің жолдаулары мен сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында жасалып жатқанын атап өтті.
Тұжырымдамада «Қазақстан-2050» стратегиясындағы елді дамытудың бағыт-бағдары мен ұзақ уақытқа жоспарланған мақсаттары ескеріліп, тұрақты дамудағы көрсеткіштерге жетудің жолдары ұсынылған. Негізінен жобада жоғары білім берудегі алдымыздағы жеті жылдың басым міндеттері берілген. Оның ішінде жоғары білімнің қолжетімді болуын, саланың білікті мамандармен қамтылуын, корпоративтік басқаруды жолға қою, цифрлық архитектураны өркендету, инфрақұрылымды жетілдіру, ұлттық білім сапасын қамтамасыз ету үлгісі айқындалып отырғандығын айта кеткен жөн.
Сонымен қатар, жоба негізінде осы саланы басқарудың жаңа үлгісін жасау, зияткерлік әлеуетті күшейту, ғылыми инфрақұрылым мен цифрландыруды дамыту, ғылыми-зерттеу университеттерін және қолданбалы ғылымды өрістетуге мән берілген.
Жиында қоғамдық кеңес мүшелері мен сарапшылар тұжырымдамада осы саладағы мәселелер нақты көрсетіліп, білім мен ғылымды дамытудағы әлемдік тәжіріибелер мен ұлттық ерекшелік қамтылғанын жоғары бағалады. Ал Қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Ырсалиев тұжырымдаманы халықаралық тәжірибе тұрғысынан қайта қарап нақтылай түсу керектігін тілге тиек етті.
Жиын соңында сөйлеген сөзінде Саясат Нұрбек сапарашыларды құжатты талқылау жұмысына белсенді түрде атсалысуға шақырып, талдап-талқылауға, таразылап, пысықтай түсуге әзір екенін айтты.
Ғылым және жоғары білім министрлігі жеке меке болып бөлініп шыққанан берігі аз уақыттың ішінде қордаланып жатқан көптеген мәселелерді жолға қойып, қарқынды жұмыс істеп жатқандығын айта кеткен жөн.
Нұрлы Еділов