Таразда автобус жаяу жүргіншіні жаншып кетті. Қоғамдық көлік жүргізушісі жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан әйелді қағып, бірнеше метрге дейін үстінен жүріп өткен. Әйел сол жерде көз жұмды.
Ал жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.
Бұл -автобус ішінен түсірілген бейнекөрініс. Көліктің алдыңғы әйнегі шытынап кеткен.
Ал көше камерасындағы видеоны көрсеңіз жантүршіктіреді. Қоғамдық көлік жүргізушісі оңға қарай бұрылып жатқанда алдындағы жолаушылар жолағынан өтіп бара жатқан жүргіншіні байқамады ма, тоқтамастан, әрі қарай тағы бірнеше метр жүреді.
Ал мына видеода марқұм әйелдің бағдаршамның жасыл түсі жанған кезде өтіп бара жатқаны анық көрініп тұр.
Адам қаққан қоғамдық көлік "ӘулиеатаТрансПасс" автопаркініне тиесілі екені белгілі болды.
Мекеме басшысы 22 жастағы жүргізушінің жұмысқа жақында ғана қабылданғанын айтты.
Рашид ПІРМАНОВ, «ӘУЛИЕАТАТРАНСПАСС» ДИРЕКТОРЫ:
– Біздің мекемеге бір ай, бір жарым ай бұрын қазан айында жұмысқа кірген. Бұл оқиғаға қатысты сіздерге толыққанды айта алмаймын. Себебі ІІБ-ның зерттеу шараларынан кейін айтылатын болады.
Полиция департаментінің мәліметінше, автобус рөліндегі жас жігіттің қоғамдық көлікті тізгіндеуге санаты сәйкес келмейтін көрінеді. Жүргізуші куәлігінде тек Б санаты болған.
Темірбек ОРАЗЫМБЕТОВ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
– Осының салдарынан әйел қайтыс болған оқиға орында. Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Жол апатынан қаза тапқан әйел -58 жаста болған. Оған қатысты басқа ақпарат жоқ. Полиция департаменті тергеу мүддесіне байланысты істің мән-жайы жария етілмейтінін жеткізді.