Бельгияның Ньюпорт қаласының билігі XVII ғасырда мыстандығы үшін айыпталып, өртелген 17 адамды ақтап шығарды. Билік өкілдері оларды «тарихи қателік құрбандары» деп тапты.
Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, төрт ғасыр бұрын, 1602-1652 жылдары Ньюпортте 15 адам «мыстан», екі адам «сиқыршы» деп айыпталған. Олар Солтүстік теңіздің жағалауында үлкен алауда өртелді. Азаппен өлтірілгендердің арасында өңірге белгілі сиқыршы Жанна пан де Дейстер де бар. Жуырда қала бургомистрі Ролан Краббе бұл азаматтарды тағылған айыптан ақтап шығарып, олардың ұрпақтарынан коммуналдық кеңес пен жергілікті халық атынан кешірім сұрады. Ньюпортте құрбан болғандарға арналған ескерткіш те орнатылды. Жуырда бұл қалада мыстандарды еске алу мерекесі өтпек.