Нұх кемесі табылды
Кеше халықаралық ақпарат агенттіктері Түркияда Нұх пайғамбардың кемесі табылғанын хабарлады. Арарат тауының 4000 метр биіктігінен табылған археологиялық олжаның діни аңыздағы әйгілі кеменің қалдықтары екеніне Қытай ғалымдарының күмәні жоқ.
Ғалымдардың мәліметінше, 1950 жылы америкалық ұлттық барлау қызметі Арарат тауынан бірнеше бөлмеден тұратын беймәлім нысан орнын байқап, суретке түсіреді. Бірақ оның құпиясын ашуды ешкім қолға ала қоймаған. Енді «Арарат аномалиясы» аталып кеткен нысан орнын ғалымдар әйгілі Нұх кемесі деп отыр. Археологиялық қалдықтарға жүргізілген көмірсутегі талдауының нәтижесі оның 4800 жыл бұрынғы дүние екенін көрсетіп отыр. «Бұл кеме қалдықтарының табылған орны Інжілде айтылатын географиялық дәлдіктерге сәйкес келеді. Сондықтан оның әйгілі Нұх кемесі екеніне 99,9 пайыз сенімдіміз», – дейді қытайлық зерттеушілер. Ғалымдардың сөзіне қарағанда, таудың бұл тұсында ешқашан адам өмір сүрмеген. Ал аңыз бойынша, бүкіләлемдік топан су кезінде Пайғамбар күллі халық пен жан-жануарды өзінің осы кемесі арқылы сақтап қалыпты-мыс.