Гетеросексуалдар күнін атап өтуді ұсынады
Дүниежүзінде гейлер фестивалі өткізіледі де, гетеросексуалдардың мерекесі жоқ. Біржынысты махаббаттың уағызы дәстүрлі жыныстық қарым-қатынастың алдын орап кетті. Сол себепті әйел мен ер адам арасындағы нәзік сезімдерді кең насихаттаған жөн. Бразилияның Сан-Паулу қаласының қалалық кеңесі күнтізбеге Гетеросексуалдылық күнін енгізуді ұсынды.
Associated Press агенттігінің хабарлауынша, жергілікті билік желтоқсанның үшінші жексенбісін гетеросексуалдар мерекесі ретінде атап өтілгенін қалайды. Тиісті заң жобасының авторы Карлуш Аполинарудың айтуынша, бұл – гейлер қауымдастығына наразылық емес. Дегенмен ол қызтекелер мен еркекшораларға жиі көңіл бөлініп жатуын дұрыс емес деп есептейді. Әсіресе, Сан-Паулуда жыл сайын гейлер шеруі діни рәсімдерден де ауқымды, салтанатты түрде өткізіліп жүр. Бразилия қоғамының кейбір өкілдері жергілікті биліктің бұл бастамасын қолдамай отыр. Өйткені гетеросексуалдылықты насихаттау гомофобияның күшеюі мен жыныстық көзқарас бойынша алалаушылыққа әкеліп соғуы мүмкін. Бразилияда соңғы бір жыл ішінде дәстүрлі емес жыныстық ориентацияның 260 өкілі кісі қолынан қайтыс болған.