Әжімнен арылтатын екпе ақыл-ойды бұзады
Әйелдердің бет терісін жасартуға қолданылатын ботокс екпесі миға кері әсерін тигізеді екен. Мұны АҚШ-тағы Висконсин-Мэдисон университетінің ғалымдары анықтады.
Арнайы жүргізілген зерттеу нәтижесінде ботокс процедурасынан кейін әйелдердің эмоция атаулыдан мүлдем арылатыны байқалған. Зерттеушілердің айтуынша, бұл – екпенің миға әсері. «Осындай әдісті жиі қолданатын қыз-келіншектерде ауызша әңгімені қабылдай алмау, ойды жеткізе алмау сияқты ауытқулар болып тұрады.
Жалпы, мимика ойлау процесін ынталандырады. Ал ботокс инъекциясы мимика бұлшықеттерінің қызметін бұзады», – дейді ғалымдар. Мамандардың бір байқағаны – соңғы кездері бет терісін жасартудың бұл әдісіне әйелдер ғана емес, еркектер де көп жүгінеді екен. Америка пластикалық хирургтер қоғамының мәліметінше, 2008 жылы 300 мың еркек екпе салу арқылы әжімдерінен арылған.