Алып кесіртке қайдан келді?
Ұзындығы бір метр кесірткені ұстап алған Сырдария ауданы Шіркейлі ауылының тұрғындары таң-тамаша қалып отыр. Мұндай мақұлық соңғы 40-50 жылдың бедерінде аймақта алғаш рет байқалды.
Араға қаншама уақыт салып, қайта бой көрсеткен мақұлық қайдан келді? Оны жергілікті тұрғындар біле алмай, дал болып отырған жайы бар. Негізінен, құмды даланы мекен еткен алып кесірткені аталмыш ауыл тұрғындары бірнеше күн бойы аңдыған. Ол суға түскен балаларға айбат шегіп, біраз мінез көрсеткен көрінеді.
Ақырында жергілікті жұрт оны амалын тауып, қолға түсіріп алыпты.
Қызылордалық зоолог Өмірсерік Тапаловтың айтуынша, сары түсті кесіртке бұрынғы жылдарда Сыр өңірінде кездесе қоймайтын. Ол негізінен Түрікменстанды мекендейді. Алайда ол құмды жерлерде жүреді екен. Ал мына мақұлық суға құмар. Бәлкім, оның суда да жүретін түрлері бар шығар. Жыртқыш балық, құсты талғажау етеді. Тіпті оның шамасы қойды да жеуге жетеді.
2009 жылдың 7 қарашасында газетімізде «Қазақ даласында қалған динозаврдың тұқымы» атты мақала жарияланған еді. Онда Сыр бойында кездесетін алып кесіртке түрлерінің жоғалып бара жатқандығы айтылған еді. Сыр бойы шөл және шөлейтті өңір саналады. Құмды жерлерде осындай алып кесірткені көрген адамдар аз емес. Елдің арасында оны келес, кесел, ешкіемер, бат-бат деп атайды.
Жергілікті жан-жануарларды ұзақ жылдан бері зерттеп жүрген биолог Оразбай Қосанов мұндай жәндік өткен ғасырдың 70-жылдарында Шиелі аймағында кездескенін айтады.
Оразбай ҚОСАНОВ, биолог:
– Тылсым табиғаттың біз білмейтін қыр-сыры көп. Мына жәндік бізді таңғалдырды. Бұрын кесірткенің суда жүретін түрі кездесе қоймаған еді.