С.Мұқановтың «Қашқар қызы» пьесасы жайлы

С.Мұқановтың «Қашқар қызы» пьесасы жайлы

Н.Насиева – ф.ғ.к., С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ доценті Астана қ.

Жазушының еңбегін бағалаудағы басты өлшемдердің бірі – көркем шығармаға өзек болған тартысты нақты өмірлік құбылыстармен байланыстыру дәрежесі екендігі белгілі. Суреткер тағылымы көбіне-көп туындыдағы іс-әрекеттің саяси-қоғамдық мазмұны арқылы өлшенеді. Ал осыны жүзеге асырудағы автор қолданған көркемдік амал-құралдар, өзіндік стильдік ізденістер зерттеуші назарына жөнді ілікпейді, тіпті кейде бұлар тәуелді негізгі авторлық позицияның жетекші ролі, оның қоғамдық-философиялық бағдары тиісті бағасын ала алмайды. Суреткердің өзіндік қолтаңбасын анықтауда оның шығармаларындағы тартыс табиғатын жете зерттеген әбден орынды. Осы тұста қоғамның даму заңдылығы, уақыт талабы, көркем ойдың өсу дәрежесі сияқты біраз мәселелердің басы ашылады. Әдеби туындыдығы тартыстың мән – мазмұны мен тегі, көркемдік өрнектелуі, байланысуы, күшеюі және шешім табуы, әсіресе драмалық шығармаларды талдағанда аса маңызды.
Драма үшін ең қажетті нәрсе - әрекет пен характердің тұтастығы мен бірлігі. Аталмыш жанр табиғаты турасында азды-көпті сөз бола қалса, осы бір заңдылық аттап өтілмейді. Драматургияның өзіне тән ерекшелігі болып табылатын тартыс та, пьесаның мазмұнын ашу, бейнелеудегі характер орны да тікелей қимыл - әрекет үстінде ашылатыны даусыз, мұны әр пьеса өзінше көрсетіп жататыны тағы бар.
Идея да, авторлық өзіндік шешім де тек аршынды әрекет негізінде арналанады. Осыдан келіп, драмадағы негізгі талап бас көтереді. Ол – тартыс пен мінездің шымыр байланысты. Бей – берекет қозғалыс, сюжет шашыраңқылығы авторға абырой әкелмейтіні аян. Осы орайда шығармадағы оқиғаны түйіндеуге бас-көз болатын – тартыс деген ұғым бар. Табиғаты тылысым дерлік бұл термин жайындағы бұрын – соңды айтылған пікірлерді жүйелеу, сын көзбен бағамдау біраз мәселелерге жетелейтіні анық.
«Өз мағынасындағы драмалық дегеніміз – индивидтардың өз мүдделері үшін күресінде және характер мен құлшыныстардың айырмашылығында » [1; 141].
Гегельдің бұл пікіріндегі драмалық деген ұғым жанрдың негізгі ерекшілігі болып табылатын тартысқа саятын сияқты.
«Драма дегеніміз – ойнаушылардың диалогы мен авторлық ремарка түрінде бейнеленген конфликт» [2;47]. Белгілі драма зерттеушісі В.Волькенштейннің бұл пікірі драма мен конфликт арасындағы байланысты басты нәрсе ретінде қарайды және тартыс компоненттерін де пьесаның өзекті мәселелерінің қатарына қосады.
«Пьесаның құрылымдық көркемдігі, меніңше, идея, тартыс, кейіпкер мінездері сияқты үш жағдайымен анықталады» [3;86].
Шынында, драма негізі осы үш нәрседен тұрады деу қарапайымдау айтылған қағида. Біздіңше, осы үшеуі негізгі материал болса, тіл, сюжет, композиция сияқты драма элементтері үштікті біріктіріп, байланыстырып, дамытып, белгілі шешімге жеткізіп тұратын сияқты.
Оқиға желісі күшті тартысқа құрылған пьесалардың қатарына Сәбит Мұқановтың «Қашқар қызы» пьесасын атауымызға болады. Нақты өмірдегі жайттарды талғап, елеп¬-екшеу, ой таразысынан өткізу, көркемдік мәнін ашу - драмадағы қойылатын басты талап. Қоғамдық құбылыстың терең тамырларын таппай, өмірлік қайшылықтардың мазмұнын дұрыс талдамай, кездейсоқ, болымсыз таластарды пьеса негізі етіп алу оның көркемдік маңызына кері әсер етеді.
Қоғамның дамуы ескі мен жаңаның арасындағы күресі арқасында жүзеге асатыны белгілі. Көркем шығармада осы күрестің негізгі салмағы тартысқа жүктеледі, әдеби туындының идеясын, оның қоғамдық бағасын анықтауда тартыс мазмұны жетекші орын алатыны сөзсіз.
Әр қоғамдық-экономикалық құрылыстың тартысының өзіне тән сапалық ерекшілігі бар, сондықтан оның әрекет ауқымы, ағымдық формалары, шешілу тәсілдері әрқалай болады, оның үстіне қоғамдық нәтижесі де өзгереді. Қалыптасып қалған әлеуметтік – тұрмыстық қақтығыстар арқылы тартысқа саяси сарында жаңа мазмұн беру түрі көптеген драматургтердің көркемдік зерттеу объектісіне айналған.
Сәбит Мұқанов тартыс құруда өзіндік ізденіс-табыстарымен ерекшеленеді. Шығармашылығының айнымас өзегі - ұлылар өмірі тақырыбы болып келе жатқан драматург аса маңызды мәселелерді өз туындыларының тартымды түйіні ете білген. Жазушының тартыс құрудағы, дамытудағы және жеріне жеткізе шешудегі ұстанған тұрғысының даму барысын бақылау – күрделі мәселелердің бірі. С.Мұқановтың «Қашқар қызы» пьесасындағы тартыс сол кезең драматургиясы үшін біршама ерекшеленеді. Драматург бұл туындысында Шоқан өмірінін сан қилы оқиғаларға толы жекеленген кезеңін ғана арқау еткен, сол арқылы қоғамдық-әлеуметтік тартысты тереңірек көрсетуді мақсат тұтқан.
Қазақ халқының көрнекті ғалымы, ағартушы-демократ Шоқан бейнесі жазушы шығармашылығында бұл драмалармен ғана шектеліп қойған жоқ. Ұзақ уақыт бойы, тіпті өмірінің соңғы кезеңі түгел дерлік осы тақырып төңірегінде болғанының себебін тұспалдап болсын тануға болар. Сәбит қаламынан роман–диалогия «Аққан жұлдыз» туындады. Шоқантану Сәбит үшін қызықты да, қиын жол болды. Ұлы азаматтың өмірін, еңбектерін артындағы ұрпағына жеткізуде Сәбит Мұқановтың еңбегі ұшан-теңіз. Жазушы Шоқан өмірінің көп жылдар бойы зерттегенінің сыры тереңде. Шоқан болған қалаларды, кітапханалар мен архивтерді түгел аралап, талай қағаз аударған, ой қортындылаған. Қашқар еліне де сапар шеккені, іс -әрекеттері мен ізденіс арналарын өзі біршама толық түрде айтып кеткенін білеміз.
Сәбит Мұқанов қаламынан Шоқан өміріне байланысты «Қашқар қызы» драмасы, «Аққан жұлдыз» романдары да дүниеге келді. «Шоқан Уәлиханов» трагедиясынан кейін жазылған «Қашқар қызы» драмасы Шоқанның жас жігіт шағын бейнелейді. Сәбит Шоқан өмірін барынша кең қамтып, мүмкіндігінше толық түрде жұртқа ұсынуды жөн көреді. Сол себептен бір тақырып төңірегінен өзектес екі шығарма, яғни шартты түрде айтсақ пьеса-дилогия тудырады. Шоқан болған қалалар, архивтер, кітапханаларды Сәбит түгел аралайды. Ұйғыр халқымен де танысып-біліседі, Қашқар қаласында да болады.
Сәбит Мұқанов кез келген шығармасын жазбас бұрын онда сөз болар оқиғаларды, кейіпкерлер тағдырын жіті қадағалап, терң зерттеп барып қана іске кіріскенін барлық зерттеушілер атап өткен. Бұл жазушының өз ісіне деген ұқыптылығын, мұқияттылығын көрсетеді. Сәбит Шоқан өмірінің бір кезеңіне арналған аталмыш пьесаға қалам тарпас бұрын көп ізденген. «Қашқар қызы» пьесаның негізгі арқауы болып Шоқан Уәлихановтың Омбы кадет корпусын аяқтағаннан кейін патша үкіметінің арнаулы тапсырмасымен Қашқар еліне барған сапары алынған. Жазушы Шоқанның тарихи, этнографиялық еңбектерін пьесасына кеңінен пайдаланған. Пьесадағы кейіпкерлер саны көп емес, небары 13 адам. Кейіпкерлердің көпшілігі белсенді әрекетке араласпайды, негізгі дегендері 5-6-ы ғана. Сахна талаптарын ұстанып жазылған бұл драмада басы артық көріністер, оқиғалар жоқ. Перделер саны ықшам, көлемі шағын. «Қашқар қызы» драмасының алғашқы суреті көрерменін бірден елітіп әкететін тартымды көріністен басталады. Сәбит Мұқанов бірден Қашқар елінің өмірін жақсы білетіндігін аңғартады. Қысқа түрде берілген дәл штрих. Ұйғыр күйі, кейіпкерлердің сырт-әлпеті – барлығы да көңілге қонымды, әсер қалдыратын көрініс.
Драматург пьесасының басын ұйғыр арасында тараған шәукен дәстүрімен таныстырудан бастайды. Өз бастарының билігі жоқ, айдалған мал құстап біресе анда, біресе мында жөңкілген жас, сұлу әйелдер. Оларға бас- көз болып, бұйрық беруші Мыстан кемпір қиял-ғажайып ертегіден келе қалған кейіпкер сияқты. Сөйлеген сөзі де, қимылы да, жүріс-тұрысы да қорқыныш, үрей туғызады. Дуана шалмен де осы алғашқы көріністе танысамыз. Оқиғаның шығыс елінде өтіп жатқандығынан көрермен алғашқы көріністе-ақ аңғарады. Драмада тартысты күшейту үшін, не образдарды кемеліне келтіре көрсету үшін әр түрлі әдістерді қолдануға, қиялды қамшылау арқылы сан-салалы оқиғаларға баруға болатындығын Шекспир өз шығармашылығында көрсетіп берген. Сәбит шығармасындағы қиял-ғажайып кейіпкерлердің болуын осылай түсіндіруге болар. Шығыс ертегісінен келгендей болған Мыстан да, шығыстық бояу, қиялға мүмкіндік беретін кейіпкер Дуана шал да драматургтің Орталық Азияда мыңдаған жылдар жасаған, өзіндік мәдениеті, тұрмыс ерекшеліктері, дәстүрлері бар Қашқар елінің өмірін сенімді түрде бейнелеу үшін алынған, яғни драматург қызықты персонаждарды туындысына пайдалана білген. Сәбит ұйғыр елінің сыртқы болмысымен, әдет-ғұрпымен таныстырып алғаннан кейін, Қашқар елінің ішкі өміріне көшеді.
«Қашқар қызы» пьесасының сюжеті тарихи-документті негізде жазылған. Сәбит тарихи фактілерді дәл, сәтімен пайдаланған, шығарманың көркемдік ерекшелігін арттыру мақсатымен қызықты оқиғаларды өзі де қосқан. Дуана, Мыстан сияқты тартысқа қажет кейіпкерлер ойдан шығарылып қосылған. Драматург пьеса сюжетін сахналық талаптарды ұстана отыра жазса да, қойылымды күрделендіре түсетін өзіндік қосқан штрихтары бар. Пьесаның көріністері шағын, негінен диалогқа құрылған, өтетін оқиға да жұмырланып беріледі. Шоқан - Шынаргүл, Шоқан - Дуана, Шоқан – қала әкімдері, Шынаргүл - Мыстан араларындағы қақтығыстар алғашқы пердеде ғана көрінеді, екінші перде толығымен Шоқан мен Дамолла арасындағы қақтығысқа құрылған. Бұл пьесада тартыс желісі біреу болғанымен, ішіне үңілсеңіз тарам-тарам тартыс арқауы кездеседі.
Бірінші – Қашқар елінің өз ішіндегі тартыс; екінші – Шоқан мен Дамолла арасындағы тартыс. Негізгі тартыс желісі Шоқан мен Дамолла арасында өрбиді. Екі ел гыңшысының әрекеттері арқылы әлеуметтік саяси зор тартысты көтереді. Кез келген ел тарихында заңды түрде жүретін елшілік, дипломатиялық қатынастар арқылы жасалатын алдап соғудан басқа саудагер, діндарлар, сопылар, жансыздарды пайдалану арқылы ел берекесін кетіру дейтін жолдар болған. Түпкірдегі Қашқар еліне көз алартқан мемлекеттер аз болған жоқ. Солардың қайсысы болсын, қандай болсын жолмен елдің ішкі саясатына араласу, елдің ішінде іріткі салу деген сияқты жұмыстармен айналысқаны белгілі. Алыста жатқан Англия да, іргесіндегі Ресей де бұл әркеттен құр қалған жоқ. Осы мәселелер Сәбит Мұқанов пьесаның негізгі тақырыбы болды. Драмаға тарихи фактіні дәл сәтімен таңдап алған драматург тартысты бірден емес, бірте-бірте дамытады.
«Пьесаның жаны шарт-шұрт айқасқан, шиеленіскен қызу тартыс, бірінен-бірі туып, астасып, қабындап, өрбіп жатқан оқиға. Пьесада драмалық қаһарман өз мақсатына жету үшін күреседі; мұның жолына кесе – көлденең тұрып, қарсылық етуші күш неғұрлым зор болса, күрес соғұрлым шиеленісіп, іс- әркет күрделене түседі», - деген Н. Ғабдуллин пікіріне көз жіберсек, осы айтылғандардың «Қашқар қызы» драмасында қаншалықты дәрежеде көрінді деген сұрақ туындайды.
«Қашқар қызы» драмасында қызу тартыс, шым-шытырық оқиға көрінбейді, қайта оқиғалар сырттай қарағанда бір сарында, қалыпты жағдайда өтіп жатқандай. Бірақ іштей айқасқан кейіпкерлерді көреміз. Пьесаның бас қаһарманы Шоқан алдына қойған мақсатына жету үшін күреседі; оның жолында кесе көлденең тұрып, қарсылық жасаушы күш - Дамолла бар. Дамолла мен Шоқан арасындағы қайшылық өсе келе шиеленісіп, өзінің шарықтау шегіне жеткен.
Сәбит бұл шығармасын драма жанрына жатқызады. Ол дұрыс та, өйткені «драмада қаһарманның алдынан шығар қарсылықтың сипаты бұдан өзгеше. Трагедиялық геройдан драма кейіпкерінің айырмасы – мұның басында жеңуге болмастай зор қатер төніп тұрмайды. Драма кейіпкері - күнбе күнгі тіршілік характері бар дағдылы адам . Оның өз наным - сенімі, аңсаған арманы, алдына қойған мақсаты идеясы бар. Ол сол мұратқа жету үшін күреседі. Күрес жолында герой талай-талай кедергі-бөгеттерге килігеді, қиын-қыстау шақтарға тап болады. Осындай шиеленіскен драмалық жағдайда геройдың қайрат-жігерінің, еркінің, ақыл-ойының қуаты көрінеді. Драма адамдардың жекелік һәм қоғамдық өміріндегі конфликтілерді бейнелеп, адамды дағдылы тіршілік-тұрмыстық харекетте, еңбекте, күресте көрсетеді» [4;152].
Қорыта келгенде айтарымыз, пьесаның көркемдік, идеялық сапасының жоғары болу, ең алдымен тартыстың терең, айқын болуына, драмалық түйіннің беріктігіне байланысты. Әдеби туындының идеясын, оның қоғамда бағасын анықтауда тартыс мазмұны жетекші орын алатыны сөзсіз. Сәбит пьесаларындағы тартыс басқа пьесаларға қарағанда біршама өзгеше.Оның «Қашқар қызы» пьесасындағы тартыс сол кезең драматургиясы үшін біршама жаңа сипаттарымен ерекшеленеді. Бұл шығармалар жазылған тұста қалыптасып қалған әлеуметтік-тұрмыстық қақтығыстар арқылы өрбитін тартыс көбінесе белгілі схемаға құрылатын еді. Жаңа территорияны иемдену үшін, тағдыр тауқыметі талай қыспақ пен қысымға ұшыратқан халықты отарлау үшін аянбай күреске түскен екі алпауыт елдің сан түрлі құйтырқы айла-шаралары тартыстың ауқымын, қоюлығын арттырады, оның тың тақырып арқылы өрбіген сапалық өзгерістерінің танымдық, тағылымдық, маңызын белгілейді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Гегель. Таңдамалы шығармалар жинағы. Т. ХІV, - б. 341.
2. Волькенштейн В. Драматугия. – М.; Сов. Писатель, 1964.- 355с
3. Вопросы режиссуры. - М.; 1959. – с.86
4. Хасенов М. Дәуір және жазушы. – Алматы, 1968. б. 85.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста