«Біз әрбір азаматтың абыройы мен атағы бағаланатын,
жоғары моральға, этникалық стандарттар
мен рухани құндылықтарға орын бар қоғам құруымыз керек».
Н.Ә.Назарбаев
Қазіргі кезеңде білім беру саласындағы оқу бағдарламасында үлкен серпіліс пайда болуда, яғни ұлттық құндылықтар мен мақсатқа бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Бүгін білім беру саласында барлық мәселелері мен мақсаттары рухани жаңғыру бағдарламасын іске асырумен байланысты. Бәсекелес тұлғаны – елді сүйетін оның өркендеуіне еңбек ететін азаматты қалыптастыру үшін қауымға өз қызметін бағыттау қажет. Сонда ғана қоғамның сана сезімі жаңалыққа бет бұрады. Егер осыған дейін білім саласында басты мақсат оқушыға нақты білім, ғылым негіздерін оқыту болса, қазір елжандылыққа, адамгершілігі рухани жағынан қалыптасқан, құзыретті жеке тұлға, рухы биік патриот етіп тәрбиелеу басты мәселе екенін естен шығармауымыз қажет.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы- қоғам дамуына тың серпін беріп, барша қазақстандықтардың жаппай қолдауына ие болар тарихи бастама. Бұл игі бастаманы ел ішінде насихаттап, лайықты жүзеге асыру- баршамыздың міндетіміз. Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, бірнеше міндеттерді айқындап берді. Оның ең негізгісі ұлттың терең тарихынан бастау алатын рухани ұстанымды сақтап қалу. Құндылықтарымыз бен озық дәстүрімізді табысты жаңғырудың алғышартына айналдыра білу. Бұл ретте, Елбасы «Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керек»,- екенін атап көрсетті.
Қазақстан Республикасының орта білімді дамыту тұжырымдамасында «Тәрбие үрдісінде қазақстандық патриотизм, гуманизм, адамгершілік идеяларын қалыптастыру негізінде құру керек» деп баса көрсетті. Бала бойына адамгершілік тәрбиесін сіңіру мақсатында жалпы педагогтардың іс-тәжірибесінде қолданылып жүргені бәрімізге аян. Өздеріңізге белгілі қазіргі жаһандану үрдісінде елімізде бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу басты
назарда болып отыр. Оқыту, білім беру, тәрбиелеу - баланың ішкі жан – дүниесінің біртіндеп дамуына әсер ететін, түрткі болатын, жағдай жасайтын, оларды іске асыратын сыртқы факторлар екені анық. Еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы – бүгінгі мектеп қабырғасында отырған бүлдіршіндер екені мәлім. Олардың қамын ойлау баршамыздың парызымыз. Кез келген мектептің мақсаты мен мұраты өркениетті елдердің қатарынан көріну, жер мен жер байлықтарын ысырапқа салмай игере білетін ұрпақ тәрбиелеу. Ол үшін бүгінгі жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие бере отырып, елдің өткенін, ұлттың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін, табиғат ерекшеліктерін етене таныстыру қажет. «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, келешекте оның өміріне опат әкеледі, адамға ең бірінші керегі тәрбие» - деп Әл-Фараби айтқандай, педагогика ғылымының зерттейтін негізгі мәселелерінің бірі - тәрбие. Балалардың бойында жас кезінен бастап ең маңызды адамдық саналарды – адамгершілікті: сүюді, аяушылықты, төзімділікті, имандылықты, әдептілікті, мейірімділікті, адалдықты және басқа да асыл қасиеттерді дамытуымыз қажет. Мұғалімнің ең негізгі міндетінің бірі баларға адамгершілік құндылықтардың маңыздылығына ден қоюға үйрету. Баланың сана-сезімін, адамгершілік мұраттарын қалыптастыратыны - тәрбиенің ең бірінші рухани міндеті. Рухани-адамгершілік тәрбие барысында әрдайым өз мұраттарын басты нысана етіп ұстау қажет. Себебі, баланың көз қарасы оның күнделікті іс-әрекетімен сәйкес келмесе, олар ойлауға шебер, бірақ іс-әрекетке, қарым-қатынасқа жоқ адамдар болып шығады. Ата-бабамыздан қалған мол мұрамызды балаларға кішкентайынан бастап үйретсек, келешекте өз елін, өз ұлтын қастерлейтін ел азаматтарын тәрбиелейтініміз айдан анық. Сондықтан да рухани жаңғыру аясында осы бағытты ұстану керек деп білемін. «Ел болам десең, бесігіңді түзе», - дегендей қазақ халқында жаңа өмірдің, жарық дүниенің есігін ашқан нәрестенің өзіне сый-құрмет көрсетіліп, дәріптейтін лайықты салт-дәстүрлері бар. Әлемдік жаһандану үрдісіне қадам басқан жаңа ғасырда әр халық, ұлтын, дінін, тілін, мәдениетін, тарихын мейлінше сақтап қалуға тырысады.
Рухани жаңғыру идеясын іске асыру барша қазақстандықтарға, әсіресе, бүгінгі және келешек ұрпаққа үлкен сын, зор мәртебелі іс болмақ. Бұл үшін төмендегі құндылықтарды орындауымыз керек: Бірінші – ата-анасын қадірлейтін, Отанын сүйетін бала тәрбиелеу, екінші – қазақтілін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін білетін, оны дамытатын ұрпақтәрбиелеу, үшінші – халықтар достығын қастерлейтін, ел бірлігін сақтайтын ұл-қыз өсіру. Қазіргі кезеңде ұлттық патриотизмнің басты көрінісі – қазақтың ана тілінде сөйлеуі, жас жеткіншектерге ұлттық тәрбие беру, ізет, құрмет, қайырым, мейірім сезімдерін дамыту. Өз халқын сүйіп, оның болашағын ойлаған адам басқа халыққа да солай қарайды. Балалық шақ – әр адамның есте қалатын қызықты сәттері. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Болашақ ұрпағымызды тәрбиелегенде оларға жастайынан имандылық пен сауаттылық қасиеттерді сіңіре білсек, тәрбиелесек сонда ғана біз рухы дамыған, Отанның гүлденуіне өз үлесін қоса алатын азамат өсіре аламыз» - деген сөзін басшылыққа алған
біздің ұжым бүгінгі таңда білім мен тәрбие жұмысын дамыту, өркендету барысында жұмыс жасап келеді. Баланы ұлттық құндылықтарға тәрбиелеуде білім беру ордаларында тәрбие бағытындағы жұмыстар жүйелі жоспарланып жүргізілсе бала тәрбиесіне қосқан үлесіміз де зор болмақ.
Әдебиеттер: 1. Назарбаев Н.А. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру. /www.akorda.kz.-2017. 2. Назарбаев Н.А. 2014 жылғы 17 қаңтарда «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына жолдауы.
3. Интернет ресурстары
Сыдыкова Жибек Амантаевна
Алматы қаласы
«Өзін-өзі тану» гимназиясы
Орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі