Жылқы – қазақтың жаны, жеті қазынасының бірі. Мемлекеттік Елтаңбамызда да қанатты тұлпар бейнеленген. Халық дүниетанымында Қамбарата төлі қастерлі болғанымен, қазақ оның етін сүйіп жейді. Көбіне жылқы етінің денсаулыққа пайдасын алға тартамыз. Бұдан жылқы басының азайып жатқаны да бар. Елімізде неше жылқы қалды, жыл сайын қанша жануардың басы пышаққа ілінеді, оны ешкім дөп басып айта алмайды. Біз үшін қасиетті саналатын жылда жылқы етінен бас тартсақ қалай болады?
Мәселен, Еуропаның көптеген елдері, Мажарстан халқы да, орыстар да, украиндықтар да, мұсылман елі саналатын арабтар, түріктер, түрікмендер де жылқы етін жемейді. «Кезінде ата-бабаларымыз соғыс уақытында жылқының арқасында көптеген жетістікке жеткен» деп оны қастер тұтады. Тіпті түрікмен халқы жылқысы мерт болса, оны адамдар секілді жерлейтін болған. Шыңғыс хан заманында да жарты әлемге әмірін жүргізген әйгілі қаған жылқы етін жеуге тыйым салған деседі. Оның үстіне, кейбіреулердің сөзіне сенсек, Шыңғыс хан «жылқы етін жеген халық жемқор болады» деп айтып кеткен көрінеді. Біздің де ата-бабаларымыз жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын кең-байтақ елімізді аттың үстінде жүріп, білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап, бүгінге аманат етті. Ендеше, осынау жерінің асты да, үсті де бай қара топыраққа иелік етуге септігін тигізген жылқы жануарына неге өз деңгейінде жанашырлық таныта алмай отырмыз? Қамқорлығымыз қайда? Қашанға дейін оларды сойып, соғым қыла бермекпіз?
Мелдехан ФАЗЫЛОВ, Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны, атбегі:
– Қазақ халқы жылқы жануарына қарыздар. Біз қазанаттарымыздың арқасында, Қобыланды батырдың Тайбурылының, Алпамыс батырдың Байшұбарының, Қамбар батырдың Қара қасқасының, Ақан серінің Құлагерінің, Исатайдың Ақтабанының, Абылай ханның Шалқұйрығының арқасында осындай алып жерге иелік етіп отырмыз. Бірақ Тәуелсіздік алғанымызға 22 жыл болса да, жылқыларымызға деген жанашырлық, қолдау көрсетілмей келеді. Біз жылқы етін тек ем үшін ғана қолдануымыз керек. Оны жаппай соя беруге болмайды. Бұл жалғаса беретін болса, табиғаттың сұрыптау заңы іске қосылып, жылқы деген малдың адамдарға қажеті жоқ екен деген тылсым заң жұмыс істеп, жылқы жануары жер бетінен мүлдем жоғалып кетуі мүмкін. Сондықтан жылқы шаруашылығын, ат спортын дамытудың мемлекеттік бағдарламасын қабылдайтын кезде мұны ескеруіміз керек. Сонда ғана тұлпарлардың айы оңынан туып, жұлдызы жарқырайтын болады.
Жылқы жылында жылқы етінен бас тартсақ ше?
Последние статьи автора