Сарыарқа топырағы таланттарға әсте тұнып тұр. Жасампаз жастар сарқылмайтын энергияны пайдалану арқылы жаңа жобаларды ұсынуда қара үзіп келеді. Күн, жел энергиясын пайдалануда бірқатар озық ойларды жемісті жүзеге асыруға болатынын дәлелдеп жүрген дарынды оқушылардан Қарағанды құр алақан емес. Сондай жобаның бірі – күн энергиясы арқылы кермек суды тұщы суға айналдыру.
Бұл жобаны ойлап шығарған – Қарағанды қаласындағы «Мұрагер» дарынды балаларға арналған мектеп оқушылары. Әуелде «Мұрагердің» екі оқушысы бірге бастаған инновациялық жоба былтырғы жылы Израильде өткен жас инноваторлар форумынан оң баға алып келген екен. Онда жобаны мектеп оқушысы Әлібек Жұмагелдин таныстырыпты.
Ал күні кеше Қарағандыда дарынды оқушылар арасында алғаш рет ұйымдастырылған «Болашақ жобалары» көрмесінде көпшілік назарына жобаны аталған мектептің 10-сынып оқушысы Арай Ыбыраева ұсынды. Ащы судан тұщы су алу – тұщы су проблемасын шешуге жасалған соны қадам. Алайда бұл жоба мектеп жағдайында ғана жасалған. Яғни жобаны жасаушы Арай оның теориялық негіздемесін ұсынып отыр.
Арай ЫБЫРАЕВА, «Мұрагер» мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы:
– Бұл жобамен жарты жылға жуық айналыстық. Қазірде тұщы судың жетіспеушілігі – жаһандық проблема. Тың жоба көкейкесті мәселені шешуге мүмкіндік береді деген сенімдеміз.
«Ал экономикалық жағы әлі де қарастыра түсуді қажет етеді. Оған мектептің мүмкіндігі шектеулі», – дейді мектеп директорының бейімдік оқыту жөніндегі орынбасары Ардақ Әлімова.
Ардақ ӘЛІМОВА, Қарағанды дарынды балаларға арналған «Мұрагер» мектебі директорының бейімдік оқыту жөніндегі орынбасары:
– Жалпы, біздің мектепте физика пәнінен курстық жұмыстар жазылады. Ондағы мақсат – оқушының физика пәнінен алған білімін өмірде қаншалықты қолдана алатындығын барлау, берілген білім сапасын сол арқылы негіздеу. Бұл жоба да – сондай курс жұмысының нәтижесі. Бұл – өте қарапайым жоба. Жобаны дайындаушы оқушылар бес литр кермек суды пластикалық құтыға құйып, күннің көзіне қою арқылы тәжірибе жасады. Күн сайын оның кермектігін де бақылап отырды. Сол тәжірибе барысында кермек суды тұщы суға айналдыруға болатынын дәлелдеп шықты.
Мектеп директорының айтуынша, дарынды балаларға дәріс беруде ұстаздар оқушыларының сол пән бойынша жоғары деңгейде сауатты болуына баса назар аударады екен. Сондай-ақ жоғарыда атап өткеніміздей, жобаның теориялық негізі бар. Әйтсе де аймақтың ауа райын бақылап, қай мезгілде күннің энергиясы көп түсетіндігін және қандай мөлшерде екенін зерттеп, жобаны жетілдіру қажет. Бірақ ең бастысы – жоба бар. Оны жетілдіре түсу – уақыттың еншісінде. Ең бастысы, жоба тұщы су проблемасын шешуге жасалған жас ғалымдардың батыл қадамы екенін мойындаған абзал. Мұндай жобаны өзге шетелдер әлдеқашан қолданысқа енгізген. Демек, қарағандылық жас ғалымдардың теориялық негіздемесі келешекте күнделікті өмірге енуі әбден кәдік деген сеніміміз зор.
Күн сәулесі арқылы тұщы су алуға болады
Последние статьи автора