Бүгінгі кеңестеріміз бесінші пән ретінде әдебиетті таңдап, журналистика жағалауына жеткісі келіп жүрген жеткіншектерімізге арналады.
Сіз кішкентайыңыздан қалам мен қағазға әуес болдыңыз. Бәлкім поэзияға, бәлкім прозаға жақынсыз. Өлеңдеріңізді өз ортаңызда оқисыз, мектептегі, аудандағы, тіпті облыстағы жарыстарға қатысып, бірнеше марапаттауларға ие болдыңыз. Шағын ғана туындыларыңыз газет немесе журнал беттерінде жарияланып та жүр. Сізге микрофон қатты ұнайды. Кештерді жүргізгенді, сценарий жазғанды, ұйымдастырушылық жұмыстармен айналысқанды жаныңызға жақын тартып тұрасыз. Көгілдір экраннан көрініп жататын аға-әпкелеріңізге еліктейсіз, оларды мұқият тыңдайсыз. Және журналист болуды армандайсыз! Ал арман деген орындалмайтын дүние емес. Бойыңызда журналиcтке тән қабілет, тума талант бар ма? Асығыңыз, сізді журналистика құшақ жая қарсы алады. Біз бүгін осы мамандықты таңдағандарға қойылатын талаптар, журналистиканы бітіргендердің қайда жұмыс істеуге болатындығы туралы айтып өтпекпіз. Журналистің өмірінің қандай болатынын біліп қана таңдау жасағаныңыз дұрыс деп санаймыз.
Журналист мамандығы – қиындығы мен қызығы мол, жан-жақты білімділікті талап ететін жауапты сала. Өз шығармашылығы арқылы қоғамға да, адамға да қызмет ететін, ешқашан қателесуге болмайтын, қашанда жаңаның, жаңалықтың жақтаушысы, қолдаушысы бола алатын осы бір кәсіп иелерінің қатары жыл өткен сайын көбейіп келеді. Әлемде күн сайын болатын өзгерістер мен жаңалықтардың санын ескерсек, бұған да таңғалуға болмайды. Журналистика мамандығы, оның шығу тарихы туралы мына жерден оқи отырыңыз.
Бүгінгі таңда журналистерге қойылатын талаптар – бұрынғыдан әлдеқайда қатаң. Заман ағымына сай кез келген жағдайға бейімделе алмайтын, сөзге шорқақ адам журналистика саласында табан тіреп тұра алмайды. Бәсекеге төтеп бере алатын білікті, білімді, шебер маман ғана тұрақты қызмет ете алады. Біріншіден, таза шығармашылық талаптарға қоса, журналист жаңа техникалық құрал-жабдықтармен жұмыс істей алуы керек. Екіншіден, оның денсаулығы мен психологиясы орнықты болуы керек. Сыртқы келбеттің де маңыздылығы жоқ емес. Журналист болу үшін тума дарын қажет. Себебі, сала шығармашылықпен тығыз байланысты. Дарындылық пен жаңашылдық тың ізденіс пен талпыныс, көркем әдебиетке деген сүйіспеншілікпен дамып отырады.
Сіз журналист болсаңыз, басты мақсатыңыз – баспасөз, радио, теледидар, кино, ғаламтор сияқты ақпарат құралдары арқылы елдегі және әлемдегі жаңалықтар мен оқиғалар, саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани және табиғи құбылыстар жөнінде жұртшылыққа мағлұмат беріп, қоғамдық пікір қалыптастыруға жол ашу болады. Қолыңыздан келмей ме, сізді ешкім қабылдамайды. Халық қабылдамаса, керексіз болып орта жолда қалып қоясыз. Сондықтан, салаға бармас бұрын жақсылап ойланыңыз. Шамаңызды сізден басқа ешкім жақсы білмейді. Мәселен, жыл сайын мыңдаған адам шығармашылық емтихан тапсырып, Қазақстанның түпкір-түкпіріндегі жоғарғы оқу орындарындағы журналистика факультетіне түседі. Қайда бәрі? Осыдан-ақ кез келгеннің саланы игеріп кете алмайтындығын білуге болады. Сіздің қолыңызда диплом бар екен деп, ешкім де көгілдір экраннан сөйлетіп қоймайды. Балалық шақта сізге үлгі болған аға-әпкелердің дәрежесіне жету үшін талай-талай сынақтардан өтуіңіз қажет.
Ескерте кетейік, сіз журналист мамандығын бітіргеннен кейін басқа ешқандай салада жұмыс істей алмай қаласыз. Ал филолог мамандығын таңдасаңыз, журналист те, мұғалім де, редактор да, ғалым да, хатшы да, аудармашы да боласыз, мемлекеттік мекеменің іс-қағаздарын жүргізіп, министрлікте де жұмыс істеу мүмкіндігі бар.
Журналист газет-журнал немесе радио мен теледидар жұмысын атқарып, шығармашылық қызмет жасайды. Ол редакция жұмысында бірінші - ұйымдастырушылық, екінші - әдеби өңдеу, үшінші - шығармашылықпен айналысады. Қазіргі қоғамда қандай оқиғаны болсын тапқырлықпен, сенімді түрде, көз жеткізіліп жазатын, уақыт ағымын жақсы түсінетін, идеяға толы материалдар жазып, жұрттың назарын аудара білетін "қоғамдық қайраткерлер" сұранысқа ие. Сондай-ақ, журналисттен өз ісіне деген адалдық, көпшіл, жұртпен тез ортақ тіл тапқыш болуы, жинақы, қиын жағдайдың өзінде жұмыс істей алатын, аңғарымпаз және сезгіш болуы талап етіледі. Қысқасы, белгілі аксиомада айтылғанындай, бір пайыз талант болса, тоқсан тоғыз пайыз – еңбек. Түсініп отырғаныңыздай, отбасы мен бала тәрбиесіне жауапты қыз баласына бұл саланы бірге алып жүру оңай емес. Мүмкін емес демейміз, қолдан келмейтін нәрсе жоқ. Қазақстанның өзінде "төртінші билікті" де, отбасылық өмірді де дөңгелетіп алып жүре алатын қайсар қыздар жеткілікті.
Журналистика үшін не жасай аламын деп ойлайсыз? Жо-жоқ, төңкеріс жасаудың қажеті жоқ. Алайда, әрбір адам «мен мынаны жасаймын» дегенде ғана қоғамға пайдасын тигізе алады. Сылдыр сөз бен көшірмеден артық жасай алмасаңыз, мамандықтың абыройына нұсқан келтірмеңіз. Өзгелерден ерекшеленетін стиліңіз, өзіндік жаңалықтарыңыз болғанда ғана халықтың жүрегіне жол табуға мүмкіндік ашылады. Біліңіз, біз бұл жазба арқылы сіздің мамандыққа деген құштарлығыңызды өшіргіміз келмейді. Керісінше, болашақты бағдарлап, алдына дұрыс мақсат қоя біліп, сапалы маман атанса екен деген тілігіміз бар.
Ал енді ойланыңыз, біз айтқан талаптарға сай болуға шамаңыз жете ме?
Журналист мамандығын таңдасаңыз...
Последние статьи автора