Таңдауынан жаңылмаған тұлға
Астана күні мерекесі қарсаңында қызмет бабымен Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең ауылына жолымыз түскен еді. Біраз жерлерді аралап, қайтарда облыстық кітапханаға бас сұққанымызда қарсы алдымыздан елге еңбегі сіңген құрметті ұстаз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сыныптасы Сайлаубек ағамыз жолығып қалды. Ол кісі осы кітапхана ғимараты ішінде орналасқан аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет атқарады.
Ұстаздық жолынан айнымай, ұзақ жылдар бойы өзі туып-өскен ауылдағы мектепке басшылық еткен тәжірибелі педагог, білікті математик Сайлаубек Қыдыралиев 1939 жылы 24 желтоқсанда Қарасай ауданының Тұрар ауылында туған. Осындағы жетіжылдық мектепті жақсы бағамен бітіріп, 1955 жылы Қаскелең ауылындағы Абай атындағы қазақ орта мектеп-интернатында оқыған. Сол уақыттарда аудан бойынша жалғыз қазақ мектебі саналатын бұл мектепте еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев оқыған. Бүгінде бұл ескі білім шаңырағы шағын мұражайға айналған. Елбасымен бір сыныпта оқыған Сайлаубек Қыдыралиевпен болған әңгіменің кейбір тұстарын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Сайлаубек Қыдыралиев, Елбасының сыныптасы, Қарасай аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары
Үнемі алғы шепте жүретін
– Осыдан жиырма жыл бұрын Кеңестер Одағынан бөлініп шығып, өз алдына дербес мемлекет құрған Қазақстанның бүгінде әлемде өз орнын бекемдей бастауы сөзсіз Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының жемісі екені даусыз. Өз басым шын мәніндегі ұлт қөшбасшысына айналған осындай ірі тұлғамен кезінде бір ауылда бірге өсіп-өніп, бір сыныпта оқығанымды мақтан тұтамын. Қайда жүрсек те біз, Елбасының сыныптас достары, жыл сайын дәстүрлі түрде бас қосып, арнайы жиналамыз. Биыл да Қаскелеңде, Алматыда қауышпақпыз. Біз, сыныптастары, Нұрсұлтан Назарбаевты, негізінде, бала күнімізден Сұлтан деп атаймыз. Сонау 1993 жылы Сұлтан өзі бас болып, бәрімізді бір жинап, арқа-жарқа болғанымыз бар. Бұдан кейінгі басқосуларға ол міндетті түрде өзінің ұстаздарына, сыныптас достарына, ауылдастарына деген ыстық ықыласты сәлемін жолдап отырады. Мұнымен қатар Наурыз мерекесі, Жаңа жыл мейрамы, Тәуелсіздік күні сияқты басқа да үлкен мерекелі даталарда бәрімізге жүрекжарды құттықтауын жолдауды ұмытпайды. Мұның өзі бала күнгі достарды бағалау, туған ауылды құрметтеу, ел мен жердің қадірін айрықша сезінуден туындаған қасиет болса керек. Біздің Сұлтан мектепте оқып жүрген кезінде-ақ маңайындағыларды елеп-ескеріп жүретін. Ол достыққа адал, әлсізге қамқор, мұқтажға жанашыр болып өсті. Өзі сабақты кілең «беске» оқыды. Ол қашанда үлгерімі төмен ұл-қыздарға ақыл-кеңесін беріп, көмегін көрсетуден тартынбайтын. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүріп, ұстаздар қауымынан да жоғары баға алып, үнемі алғы шепте жүрді. Қазір де сол көшбасшылық қасиетінің ерекшелігі айқын көрініп тұрады.
Сұлтан жасаған «виньетка»
Біздің сыныпта 42 оқушы болды. Өкінішке орай, қазір біразы арамызда жоқ. Дегенмен қалғанымыз шама-шарқымызша еліміздің әрбір өңірінде елге қызмет етіп жүрміз. Қызметке ерте араласқан Сұлтанның ел басқаруға деген қабілеті бала күнінен, сол мектеп қабырғасынан қаланған. 1958 жылы мектепті бітірерде мектеп басшылығы Алматыдан арнайы фотограф шақыртып, сыныптастар мен ұстаздарымыздың портреттерінен құралған суретті естелік қағаз шығармақ болды. Бұл суреттер топтамасын «виньетка» деп атайтын. Ол кезде ауыл, аудандарда арнайы фотосалондар жоқ болғандықтан, «виньетканы» қалада ғана жасайтын. Содан әлгі суреттерімізді топтастырып, шығартып алып келу сынып жетекшісі мен мектептің «пионер вожатыйына» тапсырылған болатын. Алайда сынып жетекшіміз сол кезде сырқаттанып қалып, оның орнына мектеп басшылығы комсомол комитетінің секретары болып жүрген Сұлтанды жіберетін болып шешті. Содан біздің сыныптың «виньеткасын» алып келу үшін «пионер вожатый» мен Сұлтан Алматыға кетеді. Сұлтан қаладағы фотосалонға барса, әлгі суреттер дайын болғанымен, әлі қағазға орналастырылып, шығарыла қоймаған екен. Ол дайын дүниені алып кетуді қаламай, сынып «виньеткасын» салондағыларға өзі айтып отырып, әр оқушы мен мұғалімді өз ретімен орналастырып, аты-жөндеріміздің шрифтісіне дейін таңдау жасап, суреттердің айналасын қалауымен көркемдеп, безендірген. Кейін ол суреттерімізді Алматыдан алып келгенде, біздің «виньеткамыздың» ешкімдікіне ұқсамайтынын бірден байқадық. Мұндай суретті топтамаларда, әдетте, мектеп директоры, оның орынбасарлары, басқа да беделді мұғалімдер мен сынып жетекшісі бірінші қатарда орын алып, оқушылар бірінен-соң бірі содан кейінгі қатарларда орналасатын. Ал Сұлтанның жасатқан нұсқасында біздің сынып жетекшіміз Сейітхан Исаев ағамыздың суреті оқушылардың дәл ортасында тұр. Ал барлық сыныптастар бұл жерде білімі мен тәртібіне сай орналасқан. Ұстазымыздың сол жағында – өзі, өзінен кейін – мен, содан кейін Едіге деп, рет-ретімен кете береді. Мұны көрген кейбіреулер «құрметті ұстазды шәкірттермен араластырып қойғаны несі?» дегенді айтты. Әйтсе де жетекшімізді біздің ортамызда орналастырып қою ол Сұлтанның идеясы болған. Кейін осыған ұқсас «виньеткалар» көбейіп кетті. Бұл елеусіз ғана бір оқиға болғанымен, мұның өзі біздің Сұлтанның сол кезде-ақ ерекше көркем ойлайтын, ешкімдікіне ұқсамайтын шешім қабылдай алатын, ұйымдастыру қабілеті зор адам екендігін танытып жүретін.
«Мұнда вагон доңғалағын тықылдату үшін келгенім жоқ»
Мектепті бітірісімен біздің әрқайсысымыз әр тарапқа кеттік. Мен де өзге жастардай еңбек пен білімге құлшынып, өз болашағымды жасауым керек болды. Ол кезде социалистік жарысқа түскен Кеңес Одағы бойынша «Еңбек адамын» тәрбиелеу үрдісі қарқын ала бастаған. Елімізде сол кезеңдерде «Еңбек резерві» деген болған. Осы жоба-жоспар негізінде әр салаға қажетті мамандар, әсіресе жастардың жұмысшы топтары жасақталып, қажетті өндіріс орындарына жіберіліп тұрған. Мен болсам «Қазақстан магниткасын жаңғыртамын, болат қорытушы боламын» деп талпынып, бір топ қатарластарыммен бірге Свердловскіге комсомолдық жолдамамен аттанып кеттім. Ол жаққа Қазақстанның барлық облысынан жиналған 21 бала бардық. Ол уақыттарда қазақты ешкім танымайды. Орыстың жерінде бізді арнайы қарсы алған ешкім болмады. Барған күні күздің суығында топырлап вокзалда түнеп шықтық. Ертесінде Свердловскінің болат қорытатын зауытының жанындағы кәсіптік училищеге бардық. Алайда қолымызда жолдамамыз болса да, ондағылар «бала саны толық» деген желеумен бізді Орал тауларының шығысындағы қиянда жатқан Красноуфимск деген бір шағын қалаға жіберді. Содан пойызбен жүріп отырып, әлгі қалаға бардық.
Бұл жердегі училищедегілер денсаулығымызды да, білімімізді де қайта-қайта тексерді. Ақыры бізді қабылдайтын болды. Бірақ мұндағы училище болат қорытушыларды дайындамайды екен, мұнда «вагоноосмотрщик» деген мамандыққа баулиды екен. Содан «мен бұл жерге қолыма ұзын сапты балға ұстап, вагон доңғалақтарын тықылдатуға келгенім жоқ» деп, үзілді-кесілді бас тарттым. 21 баланың бесеуі менің жағыма шығып, біз елге қайтып кеттік. Алматыға келе сала «Еңбек резерві» мекемесінен құжаттарымды алуға келсем, сонда сыныптасым Сұлтан кездесіп қалды. Ол Украинаның Днепродзержинскісіне жолдамамен кетіп бара жатқан беті екен. Сол жолдама оған үлкен мүмкіндіктер жолын ашып берді. Қалай десек те, қандай қадам жасап, қандай шешім қабылдаса да, біздің Сұлтан елдің тұлғалы азаматы ретінде де, Елбасы ретінде де ешқашан таңдауынан жаңылған емес.
Қазір, қарап отырсақ, кешегіден көп дүние өзгерген. Кеше ғана қазаққа «кімсің» деп кеуде кергендер бізбен санасатын болды. Биыл Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жыл толады. Арқа төсінде елордамыз – Астана қаласы бой көтерді. Бүгін – сол Алаш атын асқақтатқан Нұрсұлтан Назарбаевтың төл туындысы саналатын Астанамыздың туған күні. Еліміздің бейбіт аспанында көк байрағымыз мәңгі қалықтай берсін!
Ол қашанда бірінші болатын
Күләш Әмірова, Елбасының сыныптасы, ҚР еңбек сіңірген мұғалімі
– Нұрекең жастайынан зерек, алғыр болып өсті. Түр десең түрі бар, бой десең бойы бар. Барлық қоғамдық жұмыстардың алдыңғы шебінен табыла білетін. Сол жылдары біздің мектепке ЖенПИ-дің практикант бойжеткен қыздары келіп, сабақ беретін. Жастары сәл үлкен болса да, олардың кейбірі біздің Нұрекеңе сырттай ғашық болып жүретін. Біз де мұны сезетінбіз. Оныншы сыныпты аман-есен бітіргеннен кейін бірнеше жасты Теміртауға жолдамамен жіберетін болды. Көпшілігіміз, әсіресе қыздар жағы «Ойбүй, ол жақта неміз бар, одан да жақсы бір оқуды таңдап түсейік» деп, өзімізше шешім қабылдап, алысқа бармай қалдық. Сонда арамыздан суырылып шығып, екі-үш жігіт Теміртауды бағындыруға аттанып кетті. Нұрсұлтан сол кезде-ақ өз мүмкіндігін біліп, білімі мен біліктілігіне сенген. Ол – қашанда бірінші болатын. Кеншіліктен басталған еңбек жолы уақыт өткен сайын үлкен-үлкен жауапты қызметтерге ұласып кете барды. Ол да болса Нұрекеңнің еңбекқорлығының, ізденімпаздығының, жалпы, лидерлікке ұмтылуының арқасында деп білемін.
Мектепте оқып жүргенімізде бүгінгідей емес, тәртіп қатал болатын. Оқуымыз бен жүріс-тұрысымызды мұғалімдер мен оқу секторы күнделікті қатты қадағалайтын. Онда әр сыныпта оқушының білім деңгейі мен үлгерімін анықтап тұратын арнайы тақта бар еді. Сол тақтадағы тізімде Нұрсұлтанның аты үнемі жоғары жақта тұратын. Мен де жақсы оқыдым. Бірақ математика, геометрия пәндерінен кейде «үш» алып қалатынмын. Бір күні әлгі тақтаға үңіле қарап тұрған Нұрсұлтан «әй, Күләш, мына тригонометриядан неге «үш» алғансың? Кәне, дәптеріңді алып кел, қалған есептеріңді дұрыстап шығарып берейін» деп, қиын сабақтардан бізге көмектесуші еді. Аз күннен кейін тақтадағы маған қойылған үштіктердің орнына «бес» деген бағалар тұратын.