Дұға ету мен құда күтуді ажырата білейік!..

Дұға ету мен құда күтуді ажырата білейік!..

Қазақтың көптеген салт-дәстүрлері дінмен ұштасып отырған. Тіпті, осындай рәсімдерге қатысты діни терминдердің өзі күнделікті қолданысқа еніп кеткен. Келтірер болсақ оған мысал бола аларлық сөздер көп-ақ.

Мысалға қазақта мұсылманның құлшылық қылатын орнын «мешіт» деп атайды. Бұл араб тіліндегі «масжид», яғни, «жалғыз Аллаға сәжде ететін орын» деген сөзінен алынған. Ал енді өзге діндердің құлшылық қылатын орнын «шіркеу» деп атаған. Бұның мағынасына үңілер болсақ, асыл дініміз Исламдағы ең үлкен күнә – Алла Тағаладан басқаға сиыну, яғни, Аллаға серік келтіру болып табылады. Қазақшада «серік келтіру», ал арабшада «ширк» деп аталады. Ендеше «шіркеу» сөзі де осы «ширк» сөзінен алынған. Яғни, ата бабаларымыз «шіркеу» деп атап, ұрпақтарына «ол жер Аллаға серік келтіретін орын, ол жерге бармаңдар» деп ескерту ретінде осылай атаса керек.

Сол сияқты, бізде дүниеден өткен адамның есімін атағанда «марқұм» деген сөзді қосып айту әдебі қалыптасқан. Бұның мағынасын бір адамдар түсініп жатса, көбісі білмей де жатады. Көп адамдар бұл сөзді «өлген адам» деген мағынада түсінеді екен. Ал «марқұм» сөзі арабтың «мархум» сөзінен алынған. Бұл «Алланың рахметіне бөленсін» деген дұға сөздері болып табылады. Ендеше қандай да бір дүниеден өткен мұсылман адамның есімін атағаннан кейін «марқұм» деп айтудың өзі дұға еткендік болып есептелінеді.

Жалпы, дүниеден өткен адамға қатысты қазақ халқында «өліп қалды» деп айтпайды. Бұлай айту әдепсіздік, әрі естір құлаққа да тұрпайы естіледі. Оны «қайтты» немесе «қайтыс болды» деген сөздермен қолданады. Бірақ, бұның астарында да үлкен мағына бар. Адам баласы жан мен тән атаулыдан тұрады. Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисінде былай дейді:

«Шын мәнінде, әрқайсың анасының құрсағында қырық күн бойы ұрық тамшысы түрінде қалыптасады, сонан соң ол сонша уақыт ұйыған қан түрінде және сонша уақыт бір тістем ет тәрізді болады. Содан кейін періште жіберіледі де оған үрлеп жан ендіреді».

Демек, сәби анасының құрсағында жатқанда Алла Тағала періште жібертіп жан үрлетеді. Ал енді уақыт мерзімі жеткенде Алла Тағаланың сол жанды қайтадан алуын қазақты «қайтты» деп баға берген. Абай атамыз өлең шумақтарында былай дейді:

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.

“Мені” мен “менікінің” айрылғанын

“Өлді” деп ат қойыпты өңкей білмес.

Ендеше Абай атамыздың тілімен айтар болсақ, дүниеден қайтқан адамды «өлді» деп айтар болса, ол «өңкей білмес». Сол үшін де, ата-бабаларымыз өлді деп атағаннан гөрі, қайтты сөзін көп қолданысқа ендірген. Екінші жағынан бұл ата-бабаларымыздың қайтар күнге, яғни, қияметке деген имандарының қаншалықты терең болғандығының анық дәлелі.

Мінеки, бұндай сөздерді тізе берсек көптеп келтіруге болады. Қазақ халқында адамның туғаннан бастап, дүниеден өтуіне байланысты бүкіл маңызды рәсімдер дінмен тікелей ұштасқан. Айта кетсек, бала дүниеге келген кезде азан шақырып ат қою, кейін сүннетке отырғызу, отбасын құрып үйленсе неке қию, адам дүниеден өтсе жаназасын оқу, одан кейін артынан қалған ұрпағы жиналып дұға жасау сияқты рәсімдер имамның қатысуынсыз өтпейді. Осылардың ішінде біздің қоғамда ең бір жиі атқарылатын рәсімдердің бірі дүниеден өткен марқұмның артынан дұға ету. Пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір хадисінде:

«Адам дүниеден өтіп бүкіл амалы тоқтап қалса да артынан үш нәрсе тоқтамайды. Ол: Жүріп түратын садақа, пайдалы білім және артынан қалған салихалы ұрпақтың дұғасы»,-деп айтқан.

Осы, артынан дұға жасауды «әр жақтың салты басқа, иті қара қасқа» демекші, әр жерде әр түрлі атап жатады. Біздің өңірде хатым десе, басқа жақтарды құдайы тамақ, ас, дұға деген сияқты т.б. атаулармен аталады. Бірақ, бұлардың барлығының негізгі мағынасы бір. Демек, Алла ризалығы үшін деген ниетпен дастархан жайып, сол жайылған дастарханнан қанша адам дәм татса, соның сауабы мен садақасы дүниеден өткен адамға тисін деген ниет етіледі. Әрі көпшілік дұға етсін, өйткені көпшіліктің жасаған дұғасы қабыл болуға жақын деген ниетпен осылай істелсе керек. Бірақ, қазіргі уақытта, бұл дүниеден өткен ата-бабаларға дұға жасауға қатысты қоғамда бір шама артық мәселелер де жоқ емес. Кейбір адамдар мұны бәсекеге де айналдырып алған. Біреу сиыр сойды десе, екіншісі жылқы союға талпынып, ал үшінші бір жылқы сойды дегенді естіп екі жылқы союға әрекет етіп жатқандарды да жиі естиміз. Тіпті, елден қалмайын деп несие алып жатқандар да бар.

Дастархан жайылғанда да тойдың дастарханынан еш айырмашылығы жоқ. Бір кісі: «шетелдік қонақты алып келіп, қазақтың тойы мен өлімін көрсететін болса, қайсысы той, қайсысы өлім екендігін ажырата алмай қалады, тек ортаға асаба ғана жетіспейді» деп айтқан екен. Асаба демекші, өлім үстінде асаба жалдаған жұртты да өз көзіммен көрдім. Қазіргі заманға сай деп кей адамдар проектормен дүниеден өткен адамның суреті жиналған бейнероликті де көпшілік қауымға көрсетіп жатады. Оның үстіне жиналған жұрт та сөз сөйлеуге, тойға тілек айтардай маған бірінші сөз бер деп таласып та жатады. Ал, бұл бізге орыс халқынан еңгені айтпаса да белгілі. Сонда Пайғамбарымыздың (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «кітап иелеріне ұқсамаңдар» деген өсиеті қайда қалды? Тіпті, бір танысыма орыс халқының өкілі «жақында сендер де біздер сияқты өлімде арақ ішетін боласыздар» деп әзілдеген екен.

Сол дұға етуге келген имамды да уақытша ақшаға жалданбалы, тек қана осындай өлім-жітікте ғана жүретін біреу ретінде көретін адамдар да бар. Марқұмды жерлегенде де моласын елден ерекше қылып салу әркімнің мақсатына айналған. Мәрмәрдан ойылған мүсін мен суреттің арзан тұрмайтыны да көпке мәлім. Тіпті, Алматының Кеңсайында елу мың АҚШ долларына салынған зираттар да бар деседі. Ал, енді осындай ысырапшылық кімге қажет? Адамның көзі тірісінде жақсылық жасап үлгермесек дүниеден өткеннен кейін ол үшін шашқан ақшамыздың пайдасы кемде-кем. Қайта соған жұмсалатын ақшаны шынайы мұқтаж болған адамдарды іздеп жүріп тауып, дүниеден өткен адамның атынан садақа етіп берер болсақ, сауабы молырақ болар ма еді. Сонымен қатар, бұл халықтың әлеуметтік, тұрмыстық жағдайының сәл де болса жақсаруына өз ықпалын тигізеді. Әрі бұл беруші мен алушы арасында сүйіспеншілік пен мейірімділік қатынастың орнауына үлкен себеп. Сол үшін де адамның ризалығынан гөрі Алланың ризалығын көбірек ойлануымыз қажет сияқты.
Сайфуллин ДУМАН  

mazhab.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста