Заңғар ойлы заңгерлердің аңсайтыны – заң жобасын әзірлейтін институт құру. Әзірге олардың бұл ұсыныстарын ұлықтап жатқан ешкім жоқ. Ал, негізі, олардың айтқандарының жаны бар ма дейміз. Қазақстанда заңның жобасын жасайтын Үкімет болса, яғни министрліктер, қабылдайтын – Парламент. Сөз жоқ, әр министрлік өз мүддесін қорғайды. Сондықтан да болар, заңдар қайшылығы айқын сезіліп жатады. Егер заң шығаратын орган біреу болса, ол мемлекетке де, қоғамға да, адамға да тиімді болар еді.
Заңгерлер депутаттарға қатысты «олардың ешбірі заң жобасын жасай алмайды. Тек заң жобасын қабылдап отыратын органға айналып барады. Депутаттар арасында білікті заңгерлер тым аз» деген сындарын ашық айтып жүр. Заң жобасын әзірлейтін институт өркениетті елдердің барлығында бар. «Түтінім түзу, терезем тең» болсын деп қалайтын әр ел, ең алдымен, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құруға ұмсынса керек.
Біз қазір құқықтық мемлекет құру жолындамыз. Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан тарих қойнауына енген 19 жыл аралығында құқықтық мемлекет құра алды ма? Жалпы, осы құқық дегеніміз не өзі? Бұл – мемлекеттің қуатты құралы, басқаша айтқанда, қоғамның жан-жақты дамуын заңдық тұрғыда қамтамасыз ету.
Егер мамандардың пікірлерін түйіндесек, «талпынысымыз жаман емес, бірақ істелінер шаруа әлі көп». Адвокаттар форумы мен «Бэст» адвокаттық кеңсесінің төрағасы Таир Назханов оптимистік көзқараста екен. «Тәуелсіздік алғалы бергі құқықтық және демократиялық мемлекет құрудағы бағыт-бағдарымыз, беталысымыз дұрыс. Осы жылдар аралығында бірқатар жетістіктерге қол жеткіздік. Азаматтық құқық пен қылмыстық құқық бойынша базалық институттар құрғанымыз – соның айғағы. Қазір әкімшілік құқық та жетілдірілу үстінде. Тәжірибеге алқа билерін енгізуіміз де –ілгерілеуіміздің белгісі. Нарықтық қатынастар қалай белсенді дамып келе жатса, құқықтық жүйеміз де одан қалысар емес», – деген ол кемшіліктердің де жоқ еместігін айтып қалды. Бұл орайда ол құқықтық ғылым мен тәжірибенің бір-бірінен алшақ жатқандығын алға тартты. Былайша айтқанда, заңдар ғылыми сараптамадан өтпейді. Кейде шетелдердің заңдық нормаларын үлгі етіп жатамыз. Шынымен де, бұл – ойлантатын мәселе. Заң өзімізге бейімделіп жасалынуы тиіс. Болмаса құқықтық жүйесін әлдеқашан жолға қойып алған қабырғасы мығым, көшбасшы елдерден ғана үйренген абзал.
Адам құқықтарын қорғауға қатысты айтсақ, біздің елде «2009-2012 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының адам құқықтары саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспары» өмірге жолдама алды. Бұл жоспар БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму бағдарламасының қатысуымен әзірленген-ді. Бұл – көптеген елдерде баламасы жоқ құжат. Тағы да айрықша атап өтуге лайық игі істер деп «Азаматтық және саяси құқықтар туралы «халықаралық пактіге қол қойғанымызды, сондай-ақ «Бала құқықтары туралы» конвенцияны қабылдағанымызды да атап өтуге әбден болады.
Бүгінгі күні Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен еліміздің құқық қорғау және сот жүйесінде түбегейлі реформа жасау үдерісі басталып та кетті. Бұл сала осындай ауқымды реформаға зәру болып тұрған еді. Реформа үміт пен сенім ұялатып отыр.
Өткенге көз жүгіртсек, кеңес дәуірінде де адам құқығы, сөз бостандығы туралы заңдар болған-ды. Алайда Кеңес өкіметінде заңнан гөрі партиялық-әкімшілік жүйе үстемдік құрды. «Барлығында да құқықтар аясы тар болған» дейді қазір мамандар. Оның көрінісін 1986 жылғы бейбіт шеруге шыққан қазақ жастарын аяусыз басып-жаншыған жазалау саясатынан-ақ байқауға болады.
«Әміршіл жүйенің талабы сол болды, жастарымыздың құқықтары аяққа тапталды», – дейді сол қантөгіс болған күнді еске алған запастағы генерал-майор, әскери сарапшы Әмірбек Төгісов. Әмірбек Төгісов ол кезде Орта Азия мен Қазақстан бойынша ішкі әскер жөніндегі басқармада жұмыс істеген-ді. Ол сондай-ақ былай дейді: «КСРО кезінде, өздеріңіз білесіздер, біз Орталық аппараттың «жұмса жұдырығында, ашса алақанында» болдық. Біреу білер, біреу білмес, 17 желтоқсан күні билік неге екенін айтпастан сол кездегі Алматы Жоғарғы жалпы әскери командалық және Шекара училищесінің студенттерін алаңға алып келеді. Ал алаңда – шеруге шыққан жастар. Олардың жүздеріндегі, дауыстарындағы патриоттық рухты аңғару қиын емес болатын. Училище жастары түк түсінбестен қосылып кеткен. Артынша алаңға дулыға киген еңгезердей-еңгезердей солдаттар лап қойып, дүлей күштің соққысы мен тепкісі училищеден келгендерді де оңдырмады. Сол күн аталған училище студенттерінің талайының болашағына балта салып, қудалауға ұшыратты. Мүмкін, олар енді өкінбейтін шығар, кім біледі...»
...Міне, содан бері 19 жыл өтті. Осы тұста айта кетерлігі – міндетінің бірі ел ішіндегі дүмпулерді басу болып табылатын жедел әрекет ету қызметі қазір де бар. Қазір ол Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы деп аталады. Оған Қазақстан да-мүше. Бұған айрықша тоқталып отырғандағы себебіміз, аталған ұйымға қарсы пікір айтатындар жоқ емес. «Ұйым ертеңгі күні ішкі қауіпсіздігімізге араласып кетеді» дейді олар. Ал кейбір мамандар, керісінше, қолдап отыр. Олар «Қазақстан одан еш зиян шекпейді. Негізі, келісімшартта жедел әскери бөлімдер қандай жағдайда әрекет ететіндігі нақты көрсетілген. Сондай-ақ олардың қай кезде, қандай жағдайда күш көрсететіні әр елдің Парламентінің келісімімен ғана жүзеге асады» дегенді алға тартады.
Құқықтық жүйе – өте үлкен ұғым. Ол жайында айта берсе, сұранып тұрған ой да, сөз де көп. Ал оған мүмкіндік шектеулі. Қысқа қайырсақ, шын мәнісінде, құқықтық мемлекет атануға кімнің де болса мүмкіндігі бар, ол үшін, ең алдымен, құқықтық сананы жетілдіру керек. Былайша айтқанда, құқықтық мемлекет құруға қоғамның өзі мүдделі болуы тиіс. Өкінішке қарай, кей кездері кері тартатындар кесірі еңсе көтертпей тастайды.
Құқықтық мемлекет құруға қоғамның өзі мүдделі болуы тиіс
Последние статьи автора