Ұлт тамырына балта шапқан миссионерлер
Қазақ елінің ескі шебінен Қытай және Ресей империяларының шекарасы ресми түрде белгіленіп, картасы сызылып бекітілген соң, 1862 жылдан бастап қазақ халқын шоқындыру, сол арқылы біртіндеп орыстандыру саясаты ашық жүре бастады. Олар әлем картасынан «Қазақстан» деген сөздің өзін мүлде өшіріп тастауға тырысты. Тіпті «қазақ» деген ежелгі атын мансұқтап, «қайсақ», «киргиз-кайсак» деп кемсітті. Қазақты жер бетінен аластамаққа талай зымиян айла-шарғы жасады. Қазақ арасында христиан дінін насихаттау, қазақты дінінен, тілінен ажыратып шоқындыру мемлекеттік саясаттың стратегиялық басымдылықтарының біріне айналды.
Отаршыл Ресей империясы қол астындағы бодандарын діни танымнан, тілінен ажыратуға әбден төселіп алған еді. Сонау XIV ғасырдың өзінде-ақ коми халқы шоқындырылды. XVІ-XVIІ ғасырларда мордвалықтарды зорлықпен шоқындыру басталды. Бұған өршелене қарсыласқан мордвалар туған жерінен босып, Заволжье, Орал, Сібірге ауды. Сонда да православие дінін қабылдауға мәжбүр болды. Мордваның терюхан деген тайпасы тіпті орыс тілін ана тілі етіп қабылдап, ақыры орыстармен сіңісіп кетті. XVІІІ ғасырда шоқындырылу кезегі чуваштарға тиді. Бұдан соң татарларға ауыз салды.
Жалпы, отарланған халықтарды біртіндеп орыстандыру, шоқындыру мақсатын патша үкіметі ерте кезден-ақ ойластырғаны 1731 жылы сенаттың Еділ халықтары үшін арнайы түрдегі «Новокрешенская контора» дегенді құрумен де айқындала түседі. Сондай-ақ 1797 жылы келешек миссионер кадрларды даярлау үшін Қазан рухани академиясының ашылуы, «орыстандыру палатасы» мен «қоныс аудару кеңесін» құру – бәрі де алысты көздеген әрі жан-жақты зұлымдықпен ойластырылған зымияндық шара екендігі көрінеді. Осы мақсат тұрғысынан келіп, 1869 жылы Мәскеуде арнайы түрде миссионерлік қоғам ұйымдастырылады. Орыстандыру саясатын тікелей осы қоғаммен ұштастыра жүргізу қажеттігі анықталып, бұл іспен тікелей айналысатын арнайы түрде құрылған «Обрусительная палатаға» тапсырылды.
1869 жылы әскери губернатор Г.А.Колпаковскийдің қолдауымен Верныйда (Алматы) жетісулық православие шіркеуі бауырластығы ұйымдасты. Қазақстанның солтүстігінде орналасқан Тобол епархиясы Қызылжарда (Петропавл), Көкшетауда, Атбасарда, Қарқаралыда, Ақмолада, Омбыда өзінің діни миссияларын ашты. Шығыс аймақта алғаш Семейде, Өскеменде, кейіннен Буконка деген казак станицасында осындай діни миссиялар құрылды. Бүкіл Батыс Қазақстан аймағы Орынбор рухани консисториясы ықпалында болды.
Міне, осы діни миссиялар жергілікті халық арасында христиан дінін уағыздап, оны шоқындыру жұмысын жүргізумен белсенді айналысты. Қазақтарды христиан дініне көшіруді, негізінен, шіркеу қызметкерлері (священниктер) жүргізді. Бірақ бұл іске орыс шаруалары да, казактар да, отарлық шенеуніктер де – бәрі белсенді жұмылдырылды. Сөйтіп, ХІХ ғасыр ортасынан шоқындыру саясаты қазақ жерінде жүйелі түрде жүргізіле бастады.
Бұл туралы Жүсіпбек Аймауытов: «Қазақтың жерін тілгілеп, келімсек мұжықтарға аударып бере бастады, тілін бұзуға, дінін бұзуға ауылный школ, миссионерлер таратты, әдет-ғұрып, салт-санасын өзгертіп, орысқа бас игізуге жаңа заман, мировой судья, крестьянский начальниктер шығарды. Қазақты ішінен тоздыруға сайлау деген шырға тастап, өзді-өзін жұлыстырып, қырқыстырды», – деп ашық айтқан еді.
Отаршылар кейде мейірімділік, қамқорлық көрсеткен болып, жетім қалған қазақ балаларын жинап, шоқындыруды да қолға алды. Бұл жөнінде мұрағатта көптеген материал сақталған. Мысалы, 1817 жылы Орал казак әскерінің казактары 17 жетім қазақ баласын бірнеше жыл жалшы етіп ұстап, біртіндеп бәрін шоқындырған. 1839-1841 жылдар арасында қазақтардың Кенесары бастаған көтерілісін басу кезінде орыс әскерлері талқандалған ауылдардан жетім балаларды топтап алып кетіп, отаршыларға жалшылыққа бөліп берген және біртіндеп олардың бәрін шоқындырған.
1887 жылы Көкшетау уезінің Щучинск станицасында Тобол және Сібір спархиясының қаржысына қырғыз миссиясының мектебі ашылды, оған оқуға 10 жетім қазақ баласы алынып, олар шоқындырылды.
Миссионерлер шоқындыруды ойдағыдай жүргізудің тиімді бір жолы қазақтарды орыс шаруаларымен араластырып орналастыру, оларды шаруа қауымдастығына тарту, казак сословиесіне енгізу деп қарады. Миссионер Макарий Битон станицасының жанынан жаңадан ұйымдасқан Преображен селосына 50 орыс шаруасы мен 30 жаңа шоқынған қазақ отбасын орналастырды. Міне, осындай аралас селолар Қазақстанның басқа да өңірлерінде пайда бола бастады.
1886 жылдың қазанында Өскемен уезіндегі Букон казак станицасына дала генерал-губернаторы Г.А.Колпаковский келді. Ол шоқынған 12 кедей қазақпен танысып, оларды православие дініне көшулерімен құттықтады және әрқайсына 5 рубльден ақша үлестірді. Сондай-ақ оларға жер бөліп беру және де басқадай көмек көрсету туралы нұсқау берді («Ақиқат», 1997, №3, 47-бет).
Шоқынғандардың басым көпшілігі кедейленген, қайыршыланған қазақтар болған. Бұл жайтты орыс әкімшілік орындары, православиелік миссионерлер жақсы түсініп, өз мүдделеріне пайдаланды. Мысалы, далалық генерал-губернаторлықтың 1889 жылғы есебінде былай деп жазылған: «Қырғыз қауымынан малы да жоқ, баспанасы да жоқ кедейленген адамдар шықты және шығып жатыр. Бұл бақытсыздар жергілікті зауыттарда және рудниктерде, көбінесе казактарда егіншілік жұмыстарына жалданып, тапқан жалақысына өмір сүруде. Бұл бақытсыздардың жағдайы қайғылы, өйткені далалық аймақтарда жалақы мардымсыз. Қазірдің өзінде мұндай кедейлер көп мыңдап саналады... Христос ілімін күмәнсіз қабылдайтын, міне, осы орта. Құдай ілімі жақсы өнім беретін топырақ та осы болар, бәлкім, тек жаңа шоқынғандар священник-миссионердің рухани қамқорлығынан тыс қалмауы керек. Бұл үшін осы неофиттерден (жаңа шоқынғандардан) ерекше қоныстар ұйымдастырған жөн» (ҚРОММ, 64-қор, 1-тізбе, 436-іс, 26-бет).
Генерал-губернатор Колпаковскийдің 1887-1888 жылдарға берген есебінде: «Бұдан 20 жыл бұрын Ақмола, Семей, Жетісу облыстарындағы қазақ даласында орыс шаруаларының қоныстары жоқ деуге де болатын еді.
Қазақтардың арасына орыс шаруаларын ауылдар мен қалаларға қоныстандыру мен үшін оңайға түскен жоқ. Орыстар қазақ даласына өздерінің тілін, әдет-ғұрпын және православие дінін ала келді. Мен мұны қазақтарға әсер етпейді деп айта алмаймын. Қазақтардың арасына орыстардың келуі, руларды территорияға ауыстыру және ру басшыларын қайта сайлау қазақтардың рухани болмысына, психологиясына, салт-санасына өзгерістер әкелді...
Жақында Семейге Алтайдан бір миссионер келіпті. Әрине, ол қазақ даласы үшін өте аз. Мен оған менің билігімдегі қазақтарды христиан дініне қабылдасақ, оларға ақшалай, заттай сыйлықтар және Букеньскийден 600 десятина жер бөлінетінін мәлімдедім (Букеньскийде бүтіндей шоқынған қазақтар тұрған). Омбының епископы миссионерлік қызметті жандандырып, қазақтарды христиан дінін қабылдауға ерекше күш салуы керек» (ҚРОММ, 64-қор, 1-тізбе, 436-іс, 10-бет).
1890 жылы 27 ақпанда қазіргі Ақмола облысының Щучинск станицасында миссионерлік қос құрылды. Бұл қостың негізгі мақсаты – қазақ-татар балаларына аралас мектеп ашып, біртіндеп шоқындырып, болашақ миссионер кадрларды даярлау.
Осы мақсатпен 1891 жылғы 22 шілдеде «Консисторияның» Тобыл спархиясы қазақтардың арасына өз миссиясын дамыту үшін жоспар жобасын жасады:
1. Қарқаралы, Ақмола және Атбасардағы үш миссионерлік қостарда қазақ балалары үшін мектептер ашу керек.
2. Онда миссионерлердің тұрақты өкілдері болуы керек.
3. Алғашқы уақытта миссионерлерді жергілікті священниктерден бекітіп, оларға екі жыл ішінде қазақ тілін үйренуді міндеттеу керек.
4. Уақытша миссионер мамандарды даярлайтын орын Қазан рухани академиясы болып, миссионер боламын деген талапкерлерге үш еселенген стипендия берілуі керек» (ҚРОММ, 64-қор, 1-тізбе, 436-іс, 38-бет).
Дәл сол кезде орыс миссионерлері күн өткен сайын қазақ даласына тереңдей созылған күрес жолын бастаған болатын. Жаңадан шоқындырылған қазақ өмірін бақылау жұмысы орыс миссионерлері үшін оңайға түспеген сияқты. Себебі түрлі қатерге толы тынымсыз қала өмірі оларға үнемі кері әсерін тигізіп отырған. Олар көбіне бұрын-соңды ешқашан көрмеген және туған ауылдарында тыйым салынатын карта ойындарына, араққұмарлыққа, орыс үйлеріндегі жеңіл мінезді әйелдермен еркін араласу ісіне тез араласып, үйреніп кететін болған (ҚРОММ,, 64-қор, 1-тізбе, 436-іс, 57-бет).
1901 жылы 11 қарашада Верныйда (Алматы) арнайы түрде миссионерлік спархиалдық комитет құрылып, оған қаланың бас көтерер чиновниктері мен әскери қызметкерлері, купецтер кірді. Олар миссионерлік үгіт-насихатты өрістетті. Мысалы, священник В.Яковлев 1902 жылы Верныйда басылым көрген «Из истории церковной жизни Туркестана» деген кітабында: «...Мы, русские, призваны насаждать среди всего этого населения начало истинной религиозной жизни» деп жазған. Сол тұста православие дінінің қасиетті кітаптарын қазақ тіліне аударып, кеңінен насихаттау ісі өрбіді. 1860-1917 жылдар арасында қазақ тілінде осы діннің 72 кітабы аударылып, таратылуы – жай нәрсе емес.
1910 жылы ІІІ Александр қоры мен қоныс аудару басқармасы қоры Сібір мен Түркістандағы шіркеу құрылыстары және мектептері үшін 400 000 рубль бөлсе, 1911 жылы – 525 000 рубль, ал 1913 жылы 110 000 рубль бөлген (Азиатская Россия. Санкт-Петербург. 1914 г. 1, с. 239).
Яғни Ресей империясының өлкені рухани жағынан да отарлауға қаржыны аямағаны көрініп тұр. Өлкеде православие дінін жергілікті халықтар арасында таратуда, насихаттауда миссионерлік жолға қалтқысыз берілген миссионер ғалымдар Ильминский, Остроумов, Алекторов, Васильев болса, ал осылардың тікелей орындаушысы ретінде Шестаков, Синьковский, Елисеев, Пантелеймонов, Вишняков, Комаровский есімдерін атаймыз. Н.И.Ильминскийдің басшылығымен православие дінінің уағыздары татар, туваш, қазақ, бурят, тұңғыс, мордва тағы да басқа түркі халықтарының тілдеріне аударылды.
А.Байтұрсынов миссионер атаулының өткен тарихымен жете таныс әрі олармен тікелей қызметтес болуы себепті де, олар көздеген саяси түпкі мақсаттың шоқындыру мен орыстандыруға алып келерін біліп, төңкеріс алдында-ақ:
«...Хүкіметке жағымдысы – қол астындағы жұрттың жазу-сызуы, тілі, діні бір болу. Ресей қол астында түрлі тілді, түрлі дінді, түрлі жазу-сызуды тұтынып отырған жұрттар бар. Солардың бәрі тілін, дінін, жазу-сызуын орысқа аударса, хүкіметке онан артық іс болмас» («Қазақ», 1914 жыл 9 мамыр), – деген ой қорытындысына келуінде айтарлықтай терең таным, үлкен сыр жатыр. Өйткені Ресей империясының отаршыл топтары, әсіресе миссионер ғалымдары бұратана халықтардың бір тілде сөйлеуі, бір дінде болуын қатты армандап, осы жолда талай саяси амал-айлаларды қолданып, дегеніне жете алмауына біздің бағымызға Қазан төңкерісі себеп болған еді.
Шоқынғандардың арасында алғаш миссионердің алдауына, қулығына байқамай көніп қалып, соңынан үлкен қателік жасағанын түсініп, кері мұсылман дініне қайта оралғысы келетінін айтып, өтініш жасаушылар да көп болған. Мысалы, 1914 жылғы 15 қаңтарда Абыралы болысында тұратын Матек Идин (Матвей Ефимов) және оның әйелі Несібелі (Татьяна) Семей облысының әскери губернаторына жолдаған арыздарында 1902-1903 жылғы болған ашаршылық кезінде өте ауыр, төзгісіз халде болғандықтан жеңілтектік жасап, христиан дініне енгендерін, екі балаларын да шоқындырғанын айта келе, бірақ православие дінінің рәсімдерін ешбір орындамағандарын, жан дүниелері мұсылман болып қала бергендерін баяндай келіп, заң жүзінде қайта мұсылман болуына рұқсат етуді сұрайды.
Павлодар уезінің Бастау болысындағы Сейітқазы Оразов деген қазақ шоқынған соң Василий Яковлевич Меншиков болған. Бірақ кейіннен қатты қателескенін түсініп, қайтадан мұсылман болғысы келетінін айтып арыздана келе, былай дейді:
«Қазіргі кезде қасиетті православиені қабылдағаныма қарамай, менің жан дүниемнің дегенмен де мұсылман болып қалғанын түсіндім. Сондықтан жоғары мәртебелі сізден 1905 жылдың 17 сәуіріндегі аса биік жарлықтың төрт бабына (жарлық дін бостандығы туралы болған. – Т.К.) сәйкес мені Мұхаммедтің дініне көшіру туралы бұйрық беруіңізді өтінемін... Өйткені ата-бабамның дінінен бас тарта алмайтыныма менің көзім әбден жетті».
Патша үкіметінің отарлық әкімшілік орындары, отарлық шенеуніктер, миссионерлер қазақтарды шоқындыруды өзінің саясатының басты міндеттерінің бірі деп қараса, ал орыстардың арасынан мұсылман дініне көшкісі келгендерге қарсылық көрсетіп, кедергі жасады. Мұндайды тіптен күнә, масқара, қылмыс деп санады. Осылайша дінін ауыстырғысы келген орыстар қудаланып, қысымға түсті, айыпталды.
Мысалы, Павлодар уезінде тұратын орыс қызы Аграфена Боротухина Ниязов деген жігітпен қосылып, одан екі бала тапқанын, ал өзі мұсылман дініне көшкісі келетінін айтып, 1911 жылдың желтоқсанында уез бастығына, облыстық әскери губернаторға, Ішкі істер министрлігіне, синодқа дейін арыз (прошение) жазады. Бірақ оның арызы аяқасты қалып, ал бұл ісі күнә және қылмыс ретінде бағаланады. 1912 жылдың қаңтарында азынап тұрған аязда уез бастығы Аграфенаның екі баласын күшпен тартып алып кетеді, шоқындырады. Сонан соң оларды Вернорецкий деген қайырымдылық қоғамына тапсырады.
20 жастағы Ульяна Козыренко Ақмола әскери губернаторына жазған өзінің өтініштерінде 10 жаста ата-анасынан айырылып, қазақтардың қолында өскенін, қазақ тілінде сөйлейтінін, қазақтардың әдет-ғұрпында, салт-дәстүрінде тәрбиеленгенін, мұсылман деп есептеуді өтінетінін айтады. Бірақ дін мәселесі департаментінің 1905 жылғы 18 тамыздағы нұсқауына өтініш қайшы деген сылтаумен оның өтініші де орындалмайды.
Аманқарағай болысының №1 ауылында қоныстанған шаруа Роман Гаврилович Цыганов әйелімен және жеті баласымен мұсылман дініне көшуге бекінгендерін білдіріп, Торғай әскери губернаторына арызданады. Осы арыздың айналасында отарлау әкімшілігі орындары мұны қылмыс деп түсініп, шу көтереді. Цыгановтарды мұсылмандыққа үгіттегендерді тауып, соттау керек десіп, біраз әуре болады және мұндай қадамға олар, бәлкім, жағдайлары нашар болғандықтан барған шығар, сондықтан да оларға көмек көрсетіп, мұсылмандыққа өтулеріне жол бермеу керек деген тоқтамға келеді.
Орск уезінің Чубердинский поселкесінде тұрған Ольга Попова Ақтөбе уез бастығына Теректі болысының №2 ауылындағы Әлмұхамет Наурызбаевпен неке қиып, мұсылман болғанын хабарлап, өтініш жазады. Бірақ отарлық әкімшілік орындары оны кінәлап, айыптап, істі шешпей қойған («Ақиқат», 1997, №3, 48-бет).
Мектеп – рухани отарлау көзі
Ресей халық ағарту министрі граф Д.А.Толстой: «... Мұсылман мектептерінде дәріс беруді бүкіл орыс халқына өшпенділік дәнін себуші діни фанаттардың қолына беріп қою біздің ең басты саяси қатеміз болар еді», – деп есептеген. Сөйтіп, 1874 жылы Халық ағарту министрлігі барлық мұсылман оқу орындарын өзіне бағындыру туралы қаулы қабылдайды.
Патша үкіметінің мұсылман мектептеріне жасаған қиянаты мұнымен шектеліп қалған жоқ. 1876 жылы бұл мектептерде орыс кластары ашылды және осының өзі аздық еткендей, кейбір орыстандырушы миссионерлер мектептер мен медреселерде бұл істі кеңінен өрістетіп, келешекте оларды жай ғана таза орыс мектебінің санатына қосамыз деген пікірде болған.
Қазақстандағы патша әкімшілігінің жұмысы мұсылман мектептерінде орыс кластарын ашумен шектелмейді. Патшалық Ресей әкімшілігі мектептерде оқитын мұсылмандарды орыстандыру үшін білім беру ісінің «жоғарыдағы басшылары» оларға орыс тілін, орыс тарихы мен географиясын үйрету керек деп санайды. «Әлемге аян империялық құрылыммен танысу, одан үлгі алу, сөз жоқ, бүлдіршіндер жүрегінде Ресейге деген құрмет сезімін тудырады, олардың басқаша ойлауы мүмкін емес», – делінген 1913 жылы Халық ағарту министрлігіне Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы жазған құпия хабарламасында (Ресей Федерациясы ОММ, 5451-қор, 1-тізбе, 25-іс, 289-бет).
1870 жылы Халық ағарту министрлігінің «О мерах к образованию населявщих Россию инородцев» заңы жарияланды. Бұл заңда, негізінен, Ильминскийдің орыстандыруды көздеген миссионерлік педагогикалық жүйесі ендірілді. Осы заңда орыс емес халықтар үшін үш түрлі категория белгіленді. Бірінші категория бойынша ұлт тілдерінде сабақ өз тілінде, бірақ міндетті түрде орыс алфавитімен оқыту талап етілді. Мысалы, Ыбырай Алтынсарин ашқан мектептер осы категорияның ішіне кірді. Екіншісіндегі сабақ таза орыс тілінде жүргізіліп, тек сабақ үстінде түсінбеген жерін ана тілінде айтуға рұқсат етілді. Ал үшінші категория бойынша сабақ та орыс тілінде жүріп, ана тілінде сөйлеуге рұқсат етілмеді.
Патша үкіметі орыс емес халықтар үшін мектептер ашқанда, оларды сауаттандырып, ғылым-білімге тарту үшін емес, керісінше, өздерінің күнделікті саяси-әлеуметтік мұқтажына қызмет етер төменгі дәрежелі қызметкерлер даярлау мақсатымен ашып отырған. Бірақ осы іспеттес шет аймақтарда ашылған мектеп атаулының бәрі де миссионерлік мақсатты мықтап ұстағанын өте құпия деген белгі соғылған («Қазақ әдебиеті», 1990 жыл 2 ақпан).
ХІХ ғасырдың соңына дейінгі Қазақстан мен Орталық Азия халқының 90 пайызға жуығы мұсылман дінін ұстанған болса, Ресей империясының отарлау саясатынан кейін діни жағдай өзгере бастады. Өлкедегі діни ахуалды зерттеген орыс ғалымдары: «В Средней Азии число мусульман с 6.966.654 человек во время первой всеобщей переписи поднялось к началу 1911 года до 8.223.982 чел., невзирая на столь значительный абсолютный прирост, по отношению ко всему населению Средней Азии число мусульман с 90,3% упало до 79,6%. Наиболее сильно процент мусульманского населения понизился вследствии прилива русских переселенцев в Тургайской области и Степном генерал-губернаторстве, а именно: в Тургайской с 91,7 % до 65,9%, в Акмолинской с 64,3% до 38,1% и в Семипалатинской с 89,8% до 80%. Ровным образом число магометан заметно понизились в Семиречинской области с 90,1% до 83,3%», – деп жазады. (Азиатская Россия. С.Петербург, 1914, т. 1, с. 237).
Бодандық зардаптары
Патшалық Ресей кезіндегі жағдай Кеңес өкіметі тұсында өзгерер деген үміт те ақталмады. Кеңес өкіметі кезінде ислам дінімен күресу атеизмнің ең маңызды міндеттерінің біріне айналды. Олар ислам діні мен оның ғұламаларын жалған идеология мен отарлау саясатын жүргізуге бөгет болатын басты кедергі деп білді.
1924 жылы барлық мешіттер мен медреселер жабылды. Қолдан ұйымдастырылған жалған жаламен ислам қайраткерлері, дін ғұламалары абақтыларға қамалды, жер аударылды. Бас сауғалаған кейбіреулер шетелдерге кетуге мәжбүр болды. Жүздеген жылдар бойы жиналған қолжазбалар мен діни кітаптар өртелді, суға тасталды, көмілді.
Елді осындай рухани аштық жайлаған кезде Екінші дүниежүзілік соғыс басталды. Кеңес өкіметі амалсыз өзге діндер секілді мұсылмандарға да аз да болса діни бостандық беруге мәжбүр болды. Бірақ бұл әрекетін халықтар достығы ұранымен ұсақ ұлттарды алдаусыратып, оларды орыстандыру мен мәңгүрттендіру саясатын толассыз жүзеге асырып жатты. Бұл саясаттың айғақты нәтижесі 194 ұлт пен ұлыстың алпыс жылдан астам уақыт ішінде 93-інің жұтылып кетуінде жатыр. Кейбір мүлде мәңгүрттенген бозөкпелер төлқұжатына «советтік ұлт» деп жазуға ұрынды.
Қазақстанда қазіргі уақытта 4551 діни бірлестік әрекет етеді, 2851-і – исламдық, 306-сы – православтық, 1283-і – протестанттық, 118-і – католиктік, 25-і – иудейлік және 4-еуі – буддистік. Арнайы зерттеу деректері бойынша, қазақстандықтардың 93 пайыздан астамы қандай да бір дінді ұстанады екен. Бұл ретте исламды қазақстандықтардың 64 пайызы ұстанса, христиан дінін ұстанатындар 29 пайызды құрайды, ал қала тұрғындарының 6 пайызы өздерін атеист санайды. Өзін мұсылманмын деп танитындардың басым бөлігі – қазақтар (94%). Орыс халқы христиан дінін ұстанады.
Қазақ қалай шоқындырылды?
Читайте также
Рухты оятар ән қайда?
Құқықтық мемлекет құруға қоғамның өзі мүдделі болуы тиіс
Тәуелсіздік сізге не берді, сіз Тәуелсіздікке не бердіңіз?
1991 жылы 16 желтоқсанда сіз қандай қызметте едіңіз және осынау қуанышты сол күні есте қаларлықтай атап өте алдыңыз ба?
Азаттық қадірін ұландар да ұғынсын
Астана – ең-ең...
Последние статьи автора