Коронавирус барды бағалатып, жоққа тәубе еткізді. Алғашында есік-терезесін қымтап, тұмшаланған әлемнің бүгінде індетке еті үйрене бастады. Солай болуы тиіс те. Себебі, мамандар айтқандай біз енді бұл вируспен бірге өмір сүреміз! Демек, төтенше жағдай екен деп тығылып отыруға болмайды. Керісінше, ауру жұқтырмаудың амалдарын сақтай отырып алға жылжу керек.
Жалтақтамай өмір сүрудің үлгісін Түркия жасап жатыр. Жыл сайын туристер есебінен қазына қоржынын тоқтайтын түрік ағайындарға коронавирустың үлкен соққы болғаны рас. Ресми дерек бойынша 83 миллион тұрғыны бар бұл елдің мәселесін жәрдемақымен шешу мүмкін емес. Сондықтан Түркия «Қауіпсіз туризм» жобасын қолға алып, қонақтарға шекарасын ашып берді. Дегенмен, сұлтандар еліне табаның тиюі үшін біраз шартты орындап, арнайы тәртіпке бағынуға тура келеді. Оның біріншісі – кез келген мемлекеттің тұрғыны Түркияға бармас бұрын ковид жұқтырмағанын растауы керек. Аурудан таза екенін дәлелдейтін анықтаманы әуежайға дейін 72 сағат ішінде арнайы сайтқа жүктеу сұралады. ПЦР тест қорытындысын телефонға жүктеп алу маңызды. Себебі, түрік еліне табаныңыз тигеннен бастап бұл анықтаманы сұрайтындар көп. Әуежайдан бөлек, қонақ үй, мейрамхана, сауда үйлері, музей, мешіттердің барлығына кірер алдында ковидтен таза екеніңізді растайсыз. «Қауіпсіз туризм» жобасының негізгі шарттарының бірі осы.
Екіншіден, адам көп жиналатын, жұрт көп шоғырланатын жердің барлығында бетпердемен жүру, арақашықтықты сақтау міндет. Олай болмаған жағдайда айыппұл салынады. Әзірге дейін ешбір туристке карантин талабын сақтамағаны үшін айыппұл салынбаған. Бұл қонақтардың да көрші елдегі тәртіпке бағынғанын көрсетеді.
Үшіншіден, мейрамхана, кафелердің барлығында ыдыстар қорапқа, қағазға, пакетке оралып, ыдыс арқылы аурудың таралуына тосқауыл қойылады. Тіпті табиғат аясындағы, көше бойындағы дәмханалардың өзі тек бір рет қолданатын ыдыстарды қолдануда. Егер қызмет көрсетушілер тарапынан тәртіп бұзылса, жауаптылық жоғары.
Төртіншіден, Түркиядағы дүкен, базар, сауда үйлері, сервистік қызмет көрсету орындары таңғы сегізден кешкі сегізге дейін ғана қызмет етеді. Жергілікті халықтың бұдан кейін себепсіз көшеге шығуына шектеу қойылған. Ал шеттен келген туристердің көшеге шығуына, сыртта жүруіне еш кедергі жоқ. Бұл да саяхатшыларға сапалы қызмет ұсыну мақсатын көздейді.
«Қауіпсіз туризм» жобасы расымен де қауіпсіз бе? Жақында оған тәжірибе жүзінде көз жеткізудің мүмкіндігі туды. Қазақстандық 7 журналист Стамбұл – Бұрса жобасы аясында Түркияның біраз көрікті жерлеріне барып, карантиндегі туризмнің жағдайына куә болып қайтты. Түркітілдес журналистер қорының жетекшісі Нәзия Жоямергенқызы бастап барған журналистер Стамбұл, Бұрса, Изниик, Гөлйазы қалаларын аралап, тарихи жәдігерлермен танысты.
Былтыр пандемияға байланысты Түркияға 16 млн турист келген. Биылғы меже 32 млн. Ал осынша мейманның көңілінен шығып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы 150 ереже белгіленіпті. Онда елге келген азаматтардың ауру жұқтырып алмауына тосқауыл қоятын міндеттер қамтылған.
Сонымен бірге, Түркияға келгенде вирус жұқтырып, ауруы анықталғандар медициналық сақтандыру шеңберінде тегін ем ала алады. Оларға жедел көмек ұсынылады. Туристер өз еліне кетерде ПЦР тест тапсырып, анықтама алады. Бұл да вирустың шекара аспауы үшін қажет шара.
Төтенше жағдай кезінде туризмді дамытуды мақсат етіп отырған Түркияның тұрғындарды вакциналауға да көңіл бөліп отырғаны байқалады. Осының өзі бұл мемлекеттің туристер арқылы табыс табуға тас-түйін дайын отырғанын көрсетсе керек.
Айнұр Сатыбалды