Еліміздегі тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 - 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында тіл мәдениетін жетілдіру туралы жан жақты талқыланып, атқарылар іс-шаралар кезең-кезеңмен көрсетілген. Онда қазақ жазуын одан әрі жетілдіру сауаттылықты арттыруға бағытталған конкурстық іс-шаралар кешенін ұйымдастыру және өткізу арқылы іске асырылатыны нақты көрсетілген. Сонымен бірге мемлекеттік тіл мәселесімен айналысатын мерзімді баспа басылымдарын мемлекет тарапынан қолдау талап етіледі. Ақпараттық-анықтамалық электрондық тілдік қызметті құру және одан әрі дамыту, элективті, қосымша курстарды ұйымдастыру арқылы мемлекеттік тілдегі іскери ресми жазба дағдыларын үйрету жүйесін ұйымдастыру да жоспарланған. Үйлесімді тілдік ортаны сақтау қажеттілігі тіл мәдениетін жетілдіру жөніндегі міндеттердің өзегіне айналып отырғаны сөзсіз. Жұртшылықты, мәдениет және өнер қайраткерлерін, БАҚ-ты кеңінен тарта отырып, Мемлекеттік тіл күнін ұйымдастыру және өткізу, түркі жазбаларына арналған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру, сондай-ақ тіл мәдениетін насихаттауға бағытталған шараларды өткізу дәстүрін жалғастыру жұмыстары қажетті шаралар қатарына жатады делінген.
Осы бағыттағы жұмыстарды нақтылау үшін осы жылдың көктем айында Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы өткен болатын. Жиында қазақ әліпбиін латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру үшін Ұлттық комиссия жанынан құрылған орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық, техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс топтарының атқарған қызметінің нәтижелері, сондай-ақ жаңа редакциядағы әліпби негізінде ереже жобасын әзірлеп, бекіту мәселелері талқыланған еді. Жиында Латын графикасына көшу бойынша негізгі жұмыс бағыттары жоспаланып талқылана келіп қазақ тілі әліпбиін 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес қазақ әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру көзделген. Сондай-ақ тіл білімі және АТ саласындағы сарапшыларды тарта отырып, орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық, техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс топтары құрылды.
Соған сәйкес атқарылатын жұмыстар үш кезеңнен тұратын жоспар бойынша іске асыралытыны айытылған еді. Ол кезендер төмендегідей нақтыланып көрсетілген: 1) 2018-2020 жылдарды қамтиды. Бұл кезеңде дайындық жұмыстары және нормативтік құқықтық базаны жетілдіру бойынша іс-шаралар жүргізіледі. Латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиінде дұрыс жазу ережелері, латын графикасына мәтіндік қайта кодтаушыға арналған конвертер бағдарламасын және IT-қосымша әзірленеді. 2) 2021-2023 жылдар. Бұл кезеңде ұйымдастырушылық және әдістемелік шаралар өткізіледі. Орталықтардың оқытушылары мен ересек тұрғындарды үйрету үшін филологтар мен тілші лингвист ғалымдарды тарта отырып, семинарлар мен дәрістер, курстар ұйымдастыру. Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаттары мен жеке куәліктерін және басқа да құжаттарды латын графикасы негізіндегі мемлекеттік тілде беруді қамтамасыз ету. 3) 2024-2025 жылдар. Мемлекеттік және жергілікті мемлекеттік органдардың іс қағаздарын, сондай-ақ мемлекеттік БАҚ-ты және мемлекеттік баспа басылымдарды латын графикасына (кезең-кезеңмен) көшіру, сондай-ақ білім беру ұйымдарының ісқағаздарын латын графикасына кезең-кезеңмен көшіру ұйымдастырылады.
Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы инновациялық жобалар мен тың идеяларға байқау жариялады. Орталықтың таратқан хабарламасында байқаудың мақсаты нақты атап көрсетіліпті. Сондықтан байқау шарттарын толықтай жариялауды жөн көріп отырмыз.
Байқаудың мақсаты – «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы № 569 Жарлығын жүзеге асыру, Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы ҚР Премьер-Министрінің Өкімін орындау.
Халықтың латын әліпбиін жылдам, ыңғайлы және сауатты игеріп кетуіне ықпал ету. Латын әліпбиін үйретуде қоғамның қабылдау деңгейін, меңгеру деңгейін, жас ерекшелігін ескере отырып, графиканы жылдам үйренуіне жағдай жасау, инновациялық жобалардың санын арттыру, мемлекеттік тілдің аудиториясын кеңейту.
Байқауға қатысатын жобаларға қойылатын талаптар (жобалардың толық техникалық сипаттамасы pdf нұсқада берілді): 1) инновациялық IT технологияларды қолдана отырып, балалар мен ересектерге латын әліпбиін үйретуге арналған онлайн-қосымшалар әзірлеу; 2) Машиналық оқыту негізінде тілді оқытуға арналған веб-сервис құру; 3) Мемлекеттік тілді үйрету және насихаттауға арналған веб және ИТ инфрақұрылым құру; 4) Қазақ тілінде бірегей контент құру; 5) Латын графикасы негізінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша бейнеблоктар әзірлеу (ақпараттық-жарнамалық, танымдық, түсіндірмелі);
Өтінімдер ағымдағы жылдың 1 қазанға дейін қабылданады. Жобаның тұжырымдамасын, құрылымын (презентация түрінде) және бағалық ұсынысты, мүмкін болса пилоттық нұсқаны көрсетілген мекенжайға тікелей немесе пошта арқылы жолдауларыңызға болады. Астана қаласы, Сығанақ көшесі 25, «Аңсар» бизнес орталығы, 2-қабат «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ.
Ескерту! Құжаттары толық емес, көрсетілген мерзімнен кеш ұсынылған жобалар сараптамалық кеңестің талдауына жіберілмейді. Материалдарды іріктеу және сараптамалық кеңеске ұсыну «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ құзіретінде.
Мүмкіндігіңізді мүлт жібермеңіз! Болашағымызды бірге жасайық. Тіл тағдыры сіз бен біздің қолымызда. Сұрақтар бойынша 8(7172) 27-71-33 нөміріне (tilalemi.kz@gmail.com) хабарласыңыз.
Техникалық сипаттамалар: 1) Машиналық оқыту негізінде тілді оқытуға арналған веб-сервис құру. 2) Латын графикасына көшіруге арналған конвертор бағдарламасы мен мәтінді қайта кодтауға арналған IT-қосымша әзірлеу. 3) Инновациялық IT-технологияларды қолдана отырып, балалар мен ересектерге арналған онлайн-қосымшалар мен оқыту курстарының электрондық нұсқаларын әзірлеу. 4) Мемлекеттік тілді үйрету және насихаттауға арналған веб және ИТ инфрақұрылым құру («Сөздік қор» порталын құру). 5) Қазақ тілінде бірегей контент құрудың негізінде әзірленетін балаларға арналған анимациялық фильмдер. 6) Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін ақпараттық-жарнамалық бейнероликтер әзірлеу. 7) Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін вирустық бейнероликтер әзірлеу. 8) Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін танымдық бейнероликтер әзірлеу. 9) Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін түсіндірмелі бейнероликтер әзірлеу.
Міне осылай байқау шарттары жан-жақты нақтылана отырып көрсетіліпті.
Елбасымыз өзіңінің Жолдауында «Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы кешенді жобаларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Қазақ алфавитін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет. Бұл қазақ тілін жаңғыртып қана қоймай, оны осы заманғы ақпараттың тіліне айналдырады» - деген болатын. Осы жолдардан-ақ латын графикасына көшу еліміз үшін қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады. Болашақ үшін атқарылып жатқан келелі іске еліміздегі әрбір азамат атсалысып, қолдау білдіреді деп ойлаймыз.
Нұрлы Еділов