1919 жылы 27 қаңтарда Орталық атқарушы комитеттің қаулысы бойынша Қостанай уезі Челябі губерниясының құрамына кіреді. «Бұған басты себеп – мәдени жағынан түпкілікті жұртшылықтан жоғары тұрған орыс қоныс аударушыларының Қостанай уезіндегі саны басым болуы» делінген Челябі әкімшілік комиссиясының баяндамасында.
«Қостанай жері – Торғай облысының, яғни Дала Республикасының аймағы!» деп жар салған Ахмет Байтұрсынұлы бастаған топ губерния өкілдерінің мұндай өктемдігін қатаң сынға алды. Қырғыз (Қазақ) революциялық комитеті делегациясының жетекшісі А.Байтұрсыновтың 1920 жылы 8 наурыздағы «Челябі ГУБРЕВКОМ мен Қырғыз РЕВКОМ-ының қарым-қатынасын реттеу жөніндегі» отырысында айтқан сөздері екі жақтың қарым-қатынасын тіпті шиеленістіріп жіберген еді. Өз баяндамасын «кезінде орыс шаруаларын дворяндар мен шенеуніктер басынса, қазақтарды патша шенеуніктері ғана емес, қарапайым орыс шаруасы да, қоныс аударушы да, казактар басынуда» деп бастаған Ахаң Ресейдің құрамына еніп кеткен Қостанай уезінің климаттық, этникалық ерекшеліктері қазақ жеріне ғана тән екендігін дәлелдей келе, Қостанайды қазаққа қайтаруларын талап етеді. Алайда Ұлы даланың шұрайлы жерлерін уысынан шығарғысы келмеген жымысқы саясаттың сыпыра сылтауы бітпейді.
Қостанай уезіне қатысты бұл тарихи таласқа байланысты құжаттардың түпнұсқасы әлі күнге дейін Челябі Орталық мұрағатында сақтаулы. 2002 жылы сәуір айында Қостанай облыстық мұрағатының қызметкерлері бұл құжаттардың көшірмесіне қол жеткізген болатын. Бастапқыда сыпайылық сақтаған А.Байтұрсынұлының баяндамасындағы әр сөз дәлелді және дәйекті болған. Бірақ бір жыл бойы сергелдеңге түскен қазақ зиялылары жоғарғы жақтың сөзбұйдасына салмақты әрі қатаң жауап беруге мәжбүр болыпты. «Егер біздің ұсыныстарымызды қабылдамасаңыздар, ешқайда бағынбайтын тәуелсіз басқарма құрамыз. Себебі қырғыздардың (қазақтардың) мүддесін қорғайтын беделді орган болмағандықтан, Челябідегі басқарма Дала халқына қысым көрсетіп, жерлерін тартып алуда».
Нәтижесінде кеңес деңгейіне көтеріліп кеткен бұл мәселе 1920 жылдың 16 қыркүйегінде оң шешімін табады. Торғай қазақтары көтеріліп кетер деген оймен Кеңес өкіметі Қостанай уезін Торғай облысының құзырына қайтарады. Ал сауаттылығымен Сталинге жақпай қалған Ахмет Байтұрсынұлы тоталитаризм түзген қара тізімнің басында тұрды. Ахаңның ағартушылық саласындағы еңбектерін пайдаланған ауыл мұғалімдеріне дейін қудалауға ұшырайды.
Қапыш НАУРЫЗБАЕВ, зейнеткер:
– Жергілікті газеттерде «жауапсыз, дөрекі, тәртіпсіз... және халық жауы Ахмет Байтұрсыновтың кітаптарын пайдаланған» мұғалімдер туралы мақалалар шығатын... Біздің оқушы кезімізде Жантай деген жақсы ағайымыз болды. Ол Ұлы Отан соғысына кеткеннен оралған жоқ. Міне, сол Жантай ағай бізге құпия түрде Ахаң туралы айтып, өзгеден жасыра отырып, оның еңбектерін көрсететін. Сол кезде қаншама мұғалімдер осындай игі істері үшін жазықсыз жазаланған еді...
Арманда кеткен Алаш арысының «Асықпаңдар, артымызда қазы бар, тергеп талай сүйектерің қазылар» деген сөзі айнымай орындалып, енді, міне, Ахаңның ерен еңбектері ғана емес, қолы тиген заттары да құнды жәдігерге айналды. Кезінде бір жарым жыл бойы өзгенің меншігінде болып, қайран қайраткеріміздің арқасында қазаққа қайтарылған Қостанайдың қақ ортасында қазір Ахмет Байтұрсынов атындағы білім ордасы мен мұражайы бар. Сол 20-жылдары Ахаңнан жауап алған Хамза Нұржанов асыл арысымыздың күміспен өрнектелген таяғын тартып алған екен. Содан бері қолдан-қолға өткен бағалы таяқты Хамзаның ұлы Жомарт аталмыш мұражайға табыстаған болатын. Сонымен қатар мұражай төрінен Ахаң туған үйдің іргетасынан алынған кірпішті, атасы Шошақтың тамынан алынған кесекті, «Маса» өлеңдер жинағының түпнұсқасын көруге болады.
Ибрахым АҒЫТАЕВ, ахметтанушы:
– Ахаң деген – тұнып тұрған қазына ғой. Бұл қазынаға қол жеткізу үшін талай жұмыс істеуіміз керек. Сонау қып-қызыл заманда қорықпастан, қазақ жерінің тұтастығы үшін басын бәске тігіп, «әйтпесе Торғай қазақтарын көтеремін» деп Ленинге айбат шекті емес пе? Әркімнің бодауында кетіп жатқан қазақ жерлерін қорғап қалудың қиямет-қайымын көтерген Ахаңдай Алаш зиялылары ата-бабамыздан қалған мұраны бізге табыстады. Сол жерлердің тұтастығын сақтай отырып, келер ұрпаққа аманат ету – әрбіреуіміз үшін парыз.
«Қостанай – Дала Республикасының аймағы!»
Последние статьи автора