Ашаршылықты әшкерелеген тұңғыш туынды


(Басы  газетіміздің өткен №77 (759), №80 (762), №85 (767), сандарында)
Кәкімжан Қазыбаев
                                        Сұрапыл
                                                       (үзінді)
Феодор Афанасьевич жазғанын бір­неше қайта оқып шықты. Жыртып тастағы­сы келді. Тым батыл жазылған емес пе? Жоқ, дәл қазір осылай жазбаса болмайды. Көлегейлеудің, көлгірсудің зардабын тартқан жоқпыз ба? Колхоздасу қызу жүріп жатыр, жұрт оны қатты қолдауда дедік, қып-қызыл өтірік. Ашаршылық келді деу­ден ат-тонымызды ала қаштық. Совет өкі­метінің беделі түседі, мүмкін, жағдай түзе­лер деп есек дәмелі болдық. Жағдай түзел­меді, қиындай түсті. Ақырғы нәтижесі – мынау. Алғашқыда ептеген ғана аштық бар дедік, ал адамдар баудай түсіп қыры­лып жатты. Неге, неге жасырдық, ауруын жасырған алдымен өледі. Атойлап, ойбай салып тұрған сезімді тұншықтырдық та, өтірік ақпарға қол қойдық. Ауылдың на­мы­сы, ауданның намысы. Жалған намыс­тың жасырынбақ ойнауы.


Осындай кейбір ақпарлармен өзімді де соғуы мүмкін-ау. Соқса, соқсын. Қолмен істе­генді мойынмен көтеру керек. Зорлық­шыл өкілдер бұл жерде де жалт беріп шыға келетін шығар. Аштықты азайттық, пәр­мен­ді шара қолданылды деп ұялмай-қызармай жазып жатты-ау. Өздері өтірікші болып қана қоймай, бұларды да өтірікке үйретті. Нағыз екіжүзділік! Бұл кесапат қайдан келді, қалай кірді? Уақытша жақсы атану үшін бе? Тап солай шығар-ау. Қызмет қымбат, жеткен дәрежені қию қиын. Шын­дығын айтсаң, омақа асасың. Одан қайта көтеріліп көр. Ел аралап жүрген өкілдердің көбінің үлкен  қызметтен, тағы да дәре­желі бола түсуден дәмелері зор болды. Енді қайтсін, салып отырған егіні, бағып отырған малы жоқ. Сауып отырғаны – ақша, ай сайын алатын жалақысы. Оның көбейгенін кім жек көрсін? Жалақыдан айырылды – тіршілік көзінен айырылды. Бұл да тіршілік, үлкен күрес екен-ау өзі. Құрысын өйтіп нан жегені. Өтірік айтып тірлік етпей-ақ қойдым. Бұл бір уақытша нәрсе шығар. Адалдықты, әділдікті ту етіп көтерген қоғамда бұл әдеттің орнығуы мүмкін емес. Сондықтан тап осылай ащы жазғаны дұрыс, адалдығының көтеріп отырған ақ туы.
«Социализмнің беделін түсірген қасі­рет­ті оқиға» дегеніне жармасып жүрмес пе екен? Неге жармасады, шындығы сол ғой. Ашаршылық тілімізді байлап, тірлігімізді құртқан жоқ па? Әне, газет бетінде шетел шулап жатыр. «Біз білгенбіз Совет елінің осындай жарға құларын, Октябрь револю­ция­сы – тарихтың қателігі» деген ескі әндерін қайта құйқылжытты. Қолдарына көзір бердік, бермеуге болатын еді. Осын­дай жағдайда шындықты неге айтпасқа? Мен қара басымның қамы үшін емес, ауданның қамын жазып отырмын ғой.
«Бүгінгінің зары ертеңгінің заңына айналып кетіп жүрмесін». Жаңа бұл сөз­дерді тапқанда қатты қуанып кетіп еді. Тың ой жатыр өзінде. Қайта оқығанда бөгеліп қалды. Керек пе осы? Өңін айналдырам дегенге тырп еткізбей ұстап беретін тұжы­рым. Неге өңін айналдыруға тиіс. Бүйтіп қорқа берсе, қорқытқан сөздерді сыза берсе, мына жазғандарынан түк қалмайды ғой. Онда не болды, сезімге тимес, селт еткізбес бірдеңені жіберуі керек пе? Өйтіп әуре боп қайтеді? Одан да үндемей-ақ қой. Өзі секілді райком хатшыларының бәрі жазып жатыр дейсің бе? Әсіребел­сенділік не керек осы? Жоқ, әсіребелсенділік емес, қанын қарайтқан, жүрегін сыздатқан қайғылы, қасіретті сезім бұл. Анау өлген­дер­дің өсиеті, тірі қалғандардың аманаты. Тек осылай жазылу керек. Жансыз сөз де жасық ине секілді өтпей, жасық темір се­кіл­ді былқылдақ. Ал большевиктер алмас қылыштай өткір дегенді оңды-солды соғып жүрген жоқпыз ба? Бұл сол өткірлігім бол­сын, қалтамда большевиктер партиясының 1920 жылдан мүшесі деген билет не үшін жүр?
Бұл арыз, шағым емес. Ақиқатқа табынған адамның, ақиқатты жастайынан пір тұтқан адамның ашаршылық жөніндегі ащы зары. Мұндай зар жетер жеріне жетуге тиіс. Өйткені өлгендер сөйлей алмайды, ал мен тірімін. Ендеше, неге қи­пақ­таймын, несіне қайта-қай­та оқи берем? Оқыған сайын күдік көбейіп, іштей сезім кү­ресі күшейіп барады. Қорқақ­тық сезімі жеңіп жүрсе ше? Бұған дейін оның жыққан оры аз ба?
Қасында Жүсіп жоқ-ау ақыл­дасатын. Ол «жібер, тартынба» дер еді. Тәуекелдің атын әрдайым жаратып мініп жүрген азаматтың тап өзі. Же­ген таяғы да аз емес. Баяғыда өсетін-ақ жігіт, батылдығы, өткір­лігі, бетке айтатыны бөгет болып жүр. Әйт­песе обкомның насихат және үгіт жөніндегі секретары болып әлі күнге дейін отыра бере ме? Сауат қандай, білім қандай! Әнеу­күні «Еңбекші қазақтағы» ма­қаласына қарағанда, тарих мәселесіне ден қоя бастаған сияқты. Қайда, қай жерде жү­ріп уақыт табады. Өзін ая­май­тын, өзіне деген талабы күшті адам-ау. Тағдырдың онымен кездестіргеніне шүкір. Көптен көрген жоқ. Сағынып кетті. Үмбеттің қазасынан кейін бұл жаққа келмеді. Мынау ашар­шы­лық бұларды мүлде алыс­татып жібергендей болды. Ауданға мұнша қиналып отыр­мын, облыстың жайы тіпті ауыр шығар.
Қой, Жүсіпті неге аралас­тыр­дым бұл жерге. Мен өлкелік комитетке, оның бірін­ші хатшысына жазып отыр­мын. Осы күйі­мен барсын, өзгертпеймін, еш тимеймін. Алғашқы оқ қашанда дәл атылады, бірден сіңген бояу оңбайды. Сезім де сол секілді. Алғашқы сезім ащы да болса, қашанда тұнық.
Феодор Афанасьевич өз ойымен өзі арпалысып оты­рып аңғармады ма, қыр­ғауыл­дың үні естілмеді. Оның орнына алғашқы тауық шақырды. Терезеге қараса, таң сілем беріпті. Түні бойы отырғаны ма? Отырыс-ақ. Енді күндегі тіршілік тағы бас­талады. Ең ауыры – аштардың қан жылап шұбырғаны, көшеде теңкиіп-теңкиіп өліп жатқанын көру.
Малыбай Бастұмаға келгенде Қоспан­беттің үйінің орнын сипап қалды. Түндігі түрілген, есігі ашылған күйі үй қаңырап бос тұр. Қырылып қалған ба дейін десе, өліктің ізі жоқ. Кәдімгі із-түзсіз жер жұтып кеткен­дей бірдеңе. Отыз шақты үйді жағалай аралап еді, жынданып кете жаздады. Жиырмасында ылғи өліктің үстінен шықты. Онында жан жоқ, қаңырап тұр.
Міне, мынау – Шәкен қарттың үйі. Жарықтық, жаюлы жатқан жайнамазына етпетінен құлапты. Әлі кетсе де, намаз оқығысы келді ме екен, әлде өлер алдында өзіне-өзі айтқан иманы ма? Ақ күміс сақа­лы іргеден соққан самалмен ептеп желбі­рей­ді. Адамның назарын өзіне бірден ауда­ратын осы сақалы еді. Күміс кісесін беліне байлап, асатаяғын тық-тық еткізіп, тіп-тік денесін паң ұстаған күйі ауыл орта­сына шыққанда шалдар жан-жақтан жинала бастаушы еді. Шәкеннің аузына қарап, әдемі әңгімені күтетін. Өрген қам­шы­сы, ағаштан жонған қасық, аяғы, қос­қан ері ғана емес, сөзі де сырлы, әдемі болу­шы еді. Ажы тұқымынан шықпаса да, осы Ажы ауылының аса бір сыйлы ақсақалы болып кетіп еді.
– Сендер бір момын, таза тұқымсыңдар. Ала жіпті аттап баспауды Алланың өзі аманат еткен сияқты. Әттең шіркін, біздің арғынның пысықтығынан бір мысқал қос­са, қандай жақсы болар еді, – деп қалжың­дайтын көңілі түскенде.
Сол ауыл сәнін келтірген арғын тұқымы, күмістей ақ сақалымен, жұтындыр­ған өнерімен үлкенді де, кішіні де өзіне табындырған Шәкен қарт та көз жұмыпты. Мынау ашаршылық деген пәле осындай абзал жанды да жалмапты. Онымен бірге өнер кеткенінде, ақыл, аса бір сұлу мінез кеткенінде ол пәленің не шаруасы бар? Жеме-жемге келгенде сол өнері де, ақыл-парасаты да арашашы бола алмапты. Шәкен қарттікі екенін неғылсын, аштық ал­қым­нан алған соң, оның көк биесін біреу ұрлап әкетті. Соңғы талшығынан, соңғы қанатынан айырды. Әнеугүні ғана айтып отыр еді оны. Сондағы жүдеулігі күдік туғызған-ды. Қайыр сұрауға намыс жібер­ме­ген шығар, қартайған шағында қайда барады?
Малыбай көзінен жасы тамшылап, Шәкен қартты шалқасынан жатқызды. Салалы сақалын саусағымен тарады. Қол-аяғын түзеді. Өзі білетін «Құлқуалласын» айтып, Құран оқыды. Қолынан келгені – осы. Өлгенде екі кез жер қазып, бетіңді біреудің топырақпен жапқаны да жақсы екен ғой. Жападан-жалғыз өзі не істей алады мынау қартқа. Осыдан екі күн бұрын өлген малдардың сасыған денесін көм­ген­де қасында Қоспанбеттің болуы тіпті үлкен медеу екен-ау. Бұл ауылда ит те қалмаған ба? Тіпті тіршілік белгісі сезілмейді ғой. Тышқан аулап кеткенде, итті қайдан қалдырсын.
Малыбайға бәрі біртүрлі үрейлі көрінді. Әншейінде алыстан көз тартып, өте ыстық көрінетін мынау киіз үйлер меңіреу мола секілді шоқайып-шоқайып тұр. Үрейленгені сонша, туған ауылынан тұра қашқысы келді. «Сен неғып тірі жүрсің?» деп ашар­шы­лық деген әзәзіл мұның соңынан түсіп беретіндей.
Қоспанбет қайда? Қара құнанды союға қимаған мені мүлде көргісі келмей, тік көтеріле көшіп кетті ме екен? Жылқының қалғанын айдап кетсе, жақсы болар еді, бәрібір оған енді ие жоқ қой. Өзін де, қалған бала-шағасын да аман алып қалар еді сонда. Не істерін білмей, далаға шығып, моладай мелшиген әрбір үйге қарап тұрғанда, алыстан, батыс жақтан керуен секілді бірдеңе көрінді. Көзін уқалап тағы қарады. Белдеуде байлаулы тұрған аты әлдебір тірлік иісін сезгендей мойнын сол жаққа бұрып, тұрған орнында екі-үш рет айналды. Төрт арба, он шақты атты келе жатыр, анық көрінді. Бір-екеуінің асынған мылтығы бар. Олар белдеуде ат байлаулы тұрған үйге қарай беттеді.
Қысқа амандықтан кейін Ақсу ауда­ны­ның орталығынан шыққан «Көмек керуен» екенін білді Малыбай.
– Кімге көмектесесіңдер, өлгендерге ме? – деп кекетті ол.
– Бүкіл бір ауылда тірі пенде қалмаған ба?
– Сенбесеңдер, аралап көріңдер.
– Өзіңіз қайдансыз?
– Мен мына көрші Сарқанд ауданы­нан­мын. Туыстарыма келіп едім, орнын сипап тұрмын.
– Иә, бұл ең шеткі ауыл екен. Жеткеніміз осы болды, – деді ақ халат киген біреуі кінәлі адамдай.
– Шеттің көрген күні қашан да сол ғой. Бір ауылдан бір тірі жан қалмады деген не сұмдық!
Малыбай дауыстап жылап жіберді. Мұңын осы бір келгендерге шаққандай, манадан тамаққа тас боп тығылған ыза булығып сыртқа шықты. Мұндайды көре-көре еті өлген бе, келгендер міз бақпай үндеместен тұр. Тыныштықты ақ халатты бұзды. Өткір көзді, шаш қойған жас жігіт екен.
– Үйлерді аралап шығу керек. Мүмкін, тірісі бар шығар. Індет жоқ па екен?
Келгендер екі шеттен ауылды аралауға кірісті. Малыбай зат тиелген керуен қасын­да қалды. Бір үйден әлгі ақ халатты атып шықты.
– Ойбай, оба! Өлу белгісі тұп-тура оба­нікі. Ашығып аса жүдемеген. Меніңше, оба­дан өлген.
Малыбай байқап тұр, қалғандарының зәресі ұшып кетті. Біразы үйлерге кіруді қойып, керуенге қарай ығысып келеді.
Бәрі арасындағы ақ халаттыға қарай­ды. Соның шешімін күткендей. Ол сәлден кейін есін жиғандай болды да, қолында ұстап жүрген қобдишасын ашты. Ішінен тапал шыны құмыра алып, сұйық бір нәр­семен қолын шайды. Ащы бір иіс айналаны алып кетті. Сосын ине секілді тағы бірде­ңені біріне-бірін кигізді де, оған қоңыр түсті сұйық құйды, әлгі инені өз қолына өзі кірш еткізіп тықты.
– Сіздер ары тұрыңыздар. Мен тағы кіріп, неден өлгенін біржола анықтап шығайын.
Малыбай мұндайды көрмеген. Қолын ащы сұйықпен шайғанда, өз қолына өзі ине тыққанда, оба бұған жуымай ма екен?
– Көрмегеніміз осы еді. Өзгені аштан аман алып қаламыз деп жүріп, өзіміз мерт болмасақ жарады. Шын оба болса, онда құрығанымыз, – деді егделеу тартқан бі­реу. – Осынау қиырға дейін несіне келдік? Өлетіндер бәрібір өлген ғой.
Әлгі ақ халаттының шығуын бәрі де тағатсыз күтті. Жақсы хабармен шықпады ол.
– Иә, қатесі жоқ, оба. Бұл індетті тап осы арада тұншықтыру керек.
– Қалай?
– Алдымен осы тұрған бәріңізге мен қазір укол, ине салып шығам. Сосын мына үйлерді өртейміз.
– Өртейміз! – Малыбайдың даусы ышқына шықты.
– Иә, отағасы, өртейміз. Әйтпесе мына індет бүкіл ауданды, бүкіл аймақты жал­майды.
– Қарағым-ау, осыдан үш жыл бұрын Анарбай деген бір ақымақ үйімізді бір өртеп еді, енді сен қайдан шықтың?
– Ол кезде оба шығып па еді?
– Жоқ, ол отырықшыл болмайсың деп егесіп, өртеген болатын.
– Жоқ, бұл екеуінің арасы жер мен көктей. Оба деген – бүкіл дүниежүзін тітірететін індет. Оның ошағын шыққан жерінде өшіру керек. Міне, менің қолымда қағаз бар. Дәрігер ретінде мен шұғыл шешім қабылдауға міндеттімін. Кәне, бәріңізге ине салып шығайын алдымен.
– Ол әлдененің қамына кірісті.
Малыбайдың денесі дір-дір етті. Келгендер оң жақ қолдарын иығына дейін түріне бастады. Әлгі ақ халатты кіршілдетіп инені бірінен соң біріне салып жатыр.
– Қарағым, сонда мұның індеттен аман алып қала ма?
– Әрине, әйтпесе сіздерді әуре ғып нем бар?
– Обаға ем жоқ дейтіні қайда?
– Бір кезде болмаса болмаған шығар. Қазір бар. Бірақ дер кезінде жасау керек.
Жаны құрғыр тәтті, Малыбай да қолының қарын берді. Инені сұғып кеп қалғанда, екі көзі жұмылып кетті.
– Ал енді мына үйлерге от қою керек.
– Отызын түгел өртейсің бе, қарағым? Сол оба шыққан үйді жақсаң да жетпей ме?
– Жоқ, отағасы. Қарсыласпаңыз. Қаңырап қалған үйлерді қимаймыз деп бүкіл алқапқа індет таратуға болмайды. Айтылды, бітті. Обаның аты – оба.
Бұ ғұмырында Малыбай «обадан қырылған жыл» дегенді ауызекі естігені бар-ды. Бірақ оның мынадай үрейлі сұмдық екенін білмейтін еді. Бұл да асыра сілтеумен қабат келген апат болып жүрме­се жарады. Әйтпесе барлық үйді өртеп, не керек? Есіне Анарбайдың озбырлығына әйелі Дәмелінің жасаған қарсылығы түсті. Ол сәттегі жарының түрі, ашуы адам шошы­ғандай еді. Бір үйге бола солай етті, ал қазіргі мына сұмдықты көрсе ше! Атына мініп «өртетпеймін» деп айғай салғысы келді. Бірақ байқайды, өзінен басқа бұлай ойлайтын бір жан жоқ, бәрі үндемей ма­құл деп тұр. Оба деген пәлең неткен қаһар­лы еді.
Жаңағы індет шыққан үйге алдымен от тиді. Жанған киіздің иісі тұншықтырып ба­рады. Бәрі жел жаққа шықты. Керегелердің, уықтардың бытырлағаны жанды жаншып, өзекті өртеді. Оттың тілі жалаңдап жоғары қарай өрлеп барады. Көп кешікпей шаңы­рақ гүрс етіп ортаға түседі. Малыбай бұл қияметті көргісі келмей, теріс айналды. Ауызды жиып алғанша гүрс еткен дауыс естілді. Құп-қу кереге, уық шатыр-шұтыр жа­нып жатыр. От өз ойранына қуанған­дай.
Керуенмен келгендер өзге үйлерге қарай беттеді. Тағы да іргеден от қойылды, тағы да шатыр-шұтыр, тағы да киіздің күйген иісі қолқаны алады. Үй ғана жанып жатыр ма, оның ішіндегі өліктер де құры­сып-бырысады ғой. Малдың үйтілгенін көргенмен, адамның үйтілгенін Малыбай көрген жоқ еді, мұны да көрсеткен мынау Тәңірдің жазғанына болайын. Анау қоңыр­сыған киіздердің, шатырлаған уықтардың астында қанша ауылдасы, кәрі, жас, бала-шаға қалып барады. Көрде қалған деген мынадан көш ілгері екен ғой. Неге көрді мұны? Есі ауып кетпесе жарар еді. Ашаршы­лығы аздай. Кезек Шәкен қарттың үйіне жеткенде, Малыбай шыдай алмады.
– Қарақтарым, осында жатқан – жалғыз қария. Денесін отқа бермей, жерге берейік­ші. Мен үйінің қасынан екі кез қабірді өзім қазайын. Бетін отпен емес, топырақпен жабайық.
Дәрігер рұқсат етті. Мылтық асынған бір жігіт арбадан күрек әкеліп, Малыбайға көмектесті. Қабір қазылып болған соң, киімшең күйі шалды әкеліп көрге салды. Тұрған жұрттың көзі оның салалы күміс сақалына түсті.
– И смерть у него аристократическая, – деді мылтық асынған бір орыс.
Малыбай бұл сөздерді түсінген жоқ. Боқтап тұр ма дегендей оның бетіне бажы­рая қарап еді:
– Паң адам болса керек, өлгенде де паң жатыр деп тұр, – деді ақ халатты жас жігіт.
– Айтып айтпай немене, «өлдің, Мамай қор болдың». Қандай сыйлы ақсақал еді, мұнымен бірге о дүниеге өнер де кетіп тұр, – деп күрсінді Малыбай. – Қарағым-ай, дінің тым қатты екен, бәрін де осындай бір-бір шұңқырға тастауға болатын еді ғой.
– Дінді қатты ғып тұрған уақыт қой, отағасы. Әр үйде кемінде үш адамнан болғанда 90 адамға қазу үшін қанша уақыт керек, есептеп көріңізші. Тағы аралайтын жер көп. Мені обаның шыққаны қатты алаң­датып тұр. Бұл ашаршылықтан да жаман опат, ақсақал. Бір ауылмен құтылсақ жарады...
Малыбай мәңгіріп қай жаққа келе жатқа­нын өзі де білмейді. Түс ауа керуенмен қоштасқан. Олар батысқа қарай, бұл түстікке қарай жол тартқан-ды. Артына қарайын десе, қорқады. Қап-қара үйінді боп қалған отыз шоқы отыз үйдің отынын біржола өшкенін дәйектеп жатыр. Алты болыс Ажы тұқымынан тірі қалған жалғыз өзі секілденіп кетті.
Көзі қарауытып бара ма, қалай, шаужа­йынан жапырлай келіп біреулер алғандай болды. Ішінде сақалы желпілдеп Шәкен қарт жүр. Бір уақытта Қоспанбет Айғаным­мен көрінді. Қара құнанның терісін жайып жіберіп, «оран мынаған, тірідей көмеміз сені» дейді. Жан тәтті, қашқысы келеді. Бірақ қамалап тұрған жұрт жібермейді. Тебінгенімен аты орнынан қозғалар емес. Ұдайы тұнжырап жүретін Бименді ағасы сақ-сақ күледі. «Менің тілімді алмадың ба, арғы бетке бірге кетпедің бе, саған сол керек, талаңдар, талаңдар мұны», – деп, онсыз да жеп қояйын деп тұрған жұртты шаптай түседі. Бір кезде ылғи жалаңаш әйелдер мен бала-шаға үстерінен майлары сорғалап, шыж-шыж еткен күйі от арасынан көрінді. Әне біреу жалмауыз кемпірден де сиықсыз, оба деген пәлең сол емес пе, адам тұрпатты болады екен ғой. Аузын ашып кеп қалып еді, әлгі жалаңаштар пеш­тің ішіне тыққан сабандай суылдап кіріп берді. Ей, мынау не деген қорқау, ат-маты­мен мұны да қазір жұтып қоюы мүмкін ғой. Қорыққанынан бетін баса беріп, жалмауыз­дың арандай ашылған аузына қамшысын сілтеп қалды.
Астындағы аты ыршып кетті. Топ етіп түсіп қала жаздады. Ұйықтап кеткен бе, немене? Көзін уқалап айналасына қарады. Жоқ, абырой болғанда, қамалаған ешкім де жоқ, жалмауыз боп көрінген оба да жоқ, Қарауыл төбеге қарай қайқайған жолда жалғыз өзі келе жатыр екен. Жаңағының бәрі елес болды ғой сонда. Қандай үрейлі елес, ә?! Мүмкін, күні бойы көргені, керуен­нің келуі де, отыз үйдің өртенгені де, әлгі жылмаң қаққан дәрігер де елес шығар. Түсінсе бұйырмасын, өңі екенін де, түсі еке­нін де білмейді. Ұрмай-соқпай естен тану деген осы шығар.
(Соңы)

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста