Назарбек ҚОЖАМСЕЙІТ, жұлдызшы:
– 2011 жыл – қоян жылы. Кейбір жұлдызшылар қоянның қорқақтығын пайдалана отырып, биыл халық үрей мен қорқынышта өмір сүретін болады деп болжам жасауда. Мен осы арада кереғар пікір айтқым келеді. Қоян – ауыспалы мағынада қорқақ болғанымен, көп балалайтын, еңбекқор жануар. Еліміздің демографиялық проблемалары түбегейлі шешілмесе де, адам өсімі болады. Айта кететін жайт, ізсіз, хабарсыз кеткен жандар өз туыс-бауырларын іздей бастайды. Ал табиғи-экологиялық апаттар елімізде болмайды. Оған қоса жер сілкінісі, адам шығыны, су тасқыны секілді апаттар да орын алмайды. Керісінше, Еуропаның біраз елінде су тасып, жер сілкініп, қар көшіп, адам шығыны орын алады. Күн жаңа жылдың қарсаңында қатты суымайды. Ақпанның бірінші және екінші, наурыз айының бірінші декадасында күн қатты суытады. Жастар мәселесінде орын алып жатқан проблемалар өз шешімін табады. Адамдардың жеке өмірінде де өзгеріс көп болады. Бойдақ жүрген ұл-қыздарымыз үйленіп, жаңаша ойлайтын буынды өмірге әкеледі. Ал билікте ешқандай өзгеріс орын алмайды. Биыл тышқан, егеуқұйрық секілді жануарлар көбейеді, осы жайды ескере отырып, қоян, мысық секілді жануарларды аялап, қамқорлығымызға алуымыз қажет. Өйткені олар тышқан мен егеуқұйрықты аулауда белсенді болады. Тағамнан жасалған, адам ағзасына зиян түрлі химикаттың пайда болуына байланысты 2011 жылы тамақты көп ішуге болмайды. Тамақты көп ішетін адамдар биыл түрлі ауруларға шалдығады. Қорытындысы, 2011 жыл халқымыз үшін берекелі де мерекелі жыл болмақ.
Нина МАЛИНОВСКАЯ, астролог:
– Қоян жануары әр халықтың дәстүр-салтында әртүрлі ұғымда ескеріледі. Қоянның мінезіне, типіне қарап, жұлдызшылар 2011 жылы бүкіл әлемнің махаббатқа кенелуін болжайды. Кейбір халықтар қоянды «мысық» деп те атайды. Мысық үй жануары болғандықтан, әр адамның отбасылық мәселелері шешіледі. Отбасындағы жайлылық, махаббат артады. Қоян жылында үйленген отбасылар әлемдегі ең бақытты жандардың қатарын толтырады. Қоян – қонақжай жануар, әсемдікті, жайлылықты ұнатады. Сондықтан биыл үйіңізге қонақты жиі-жиі шақырсаңыз, дұрыс болады. Қонақтармен терезесі тең дәрежеде сөйлесіңіз, өйткені қоян – дипломатияны ұнататын жануар. 2011 жыл әсіресе ақ қоянға теңеледі. Ақ қоян – алтынды қатты ұнататын жануар. Жаңа жылда бір-біріңізге алтын сыйласаңыздар, бақытқа кенелесіздер. Шығыс жұлдызшылары қоянның аса ақылды жануар екендігін айтады. Сондықтан өз жұмысына байланып қалғандар үшін сәтті жыл болып, талай жылдан бері жұмысынан нәтиже көрмей келгендер еңбегінің жемісін көреді. Қоянның қорқақтығын естен шығармағанымыз дұрыс. Кейбір жандар үшін маңызды істерде шешім шығару қиын болады. Қоянның тазалықты, ұқыптылықты сүйетіндігіне орай, жұмысыңызда, ойыңызда жүйелілік болуы қажет. Біреудің мүлкін заңсыз иеленіп алған ұрылар ол меншігінен айырылғалы тұр.
Қадиша апа, дала балгері:
– 2011 жыл қоян жылы болғандықтан, адамдардың санасында, өмірінде өзгеріс болады. Көптеген жанның қаржылық мәселелері шешіледі. 2010 жылы адамдар тәуекелге көп барды. Ал биыл ондай тәуекел жасаудың реті жоқ. Өйткені биыл қоғамды жайбарақаттық, жайлылық жайлайды. 2010 жылда мемлекеттік деңгейде шешімін таппаған кейбір мәселелер қоян жылында шешімін табады. Жұлдызшылар адамдардың отбасында жайлылық пен берекет болады деп болжайды. Дегенмен де биылғы жылдың тізгіні қоян жануарына бұйырған соң, үрей мен қорқыныш адамдардың бойынан бәрібір табылатын болады. Тұрмыс құрмай отырып қалған көптеген қызымыз өз теңін табады. Қоян көп балалайтын жануар болғандықтан, елімізде демографиялық өсім болады. Осыдан біраз жыл бұрын орын алған ақша дағдарысы Қазақстан азаматтарын айналып өтсе де, биыл сол дағдарыстың легі сезіледі. Бірақ белсенді өмір сүретін адамдар әрқашан да ақшадан мақұрым емес. Билік басында жастар мәселесіне қатысты шешімін таппай жүрген біраз мәселенің шешімін табуы күтілуде. Қоян – нәзік жануар, дипломатияны, түсіністікті ұнатады. Сондықтан биылғы жыл береке мен шаттыққа толы болмақ.
Жаңажылдық әзіл
Жаңажылдық кештен қызыңқырап шыққан жігіт шатқаяқтап барып, бір бағанаға сүйене кетеді. Қараса, бағанада «Аязата мен Ақшақарға тапсырыс берсеңіздер, орындаймыз» деген хабарландыру жапсырулы тұрады:
– Оңбаған, қанішерлер, енді Аязата мен Ақшақарды да өлтірейін дедіңдер ме?..