Лондон Олимпиадасының жеңімпаздары аймақтарға сапарын ең бірінші болып Шығыс Қазақстан облысынан бастады. Облыс орталығы Өскеменге Олимпиада чемпиондары – Илья Илин, Серік Сәпиев, Майя Манеза, Зульфия Чиншанло, Светлана Подобедова, сонымен қатар қола медаль иегерлері Ақжүрек Таңатаров, Даниял Гаджиев, Гүзел Манюрова, Марина Вольнова, Иван Дычколар ат басын тіреп, жұртшылықпен жүздесті. Осы саптағы жеңімпаздар Ольга Рыпакова мен Александр Винокуров кезекті жарысқа аттанып кетуіне байланысты салтанатты шеруге қатыспады.
Ұшақтан жүздері бал-бұл жанып, кеуделеріндегі алтын медалі күнге шағылыса түскен спорт жұлдыздарын ең әуелі Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған қала жұртшылығы қарсы алды.
– «Елге сыйлаған айтулы жеңістеріңіз үшін барлықтарыңызға үлкен алғысымды білдіргім келеді. Сіздерді Қазақстан халқы бейбіт күннің батырлары деп біледі. Сол жеңістердің арқасында еліміздің Әнұраны Лондон жұртшылығының құлағында жатталып қалды, сол жеңістердің арқасында Көк байрағымыз Олимпиада биігіне сан мәрте көтеріліп, Қазақстанның аты бірнеше дүркін аталды. Ал Олимпиада алтынын екі мәрте кеудесіне таққан Ильяға мың да бір алғыс айтамын. Сіздер өздеріңіздің ерен еңбектеріңіз бен мұқалмас жігерлеріңізді сын сағаттарда жани отырып, әлемдік спорт сахнасында Қазақ елінің шоқтығын биіктеттіңіздер. Азуын айға білеген алыптардың арасынан біздің мемлекет алдыңғы 12-нші орыннан көрінетінін ешкім де күтпеген еді. Бұрынғы Кеңес Одағы және Шығыс Еуропаның көптеген елдері бізден кейінгі орындарға табан тіреді. Бұл жеңіс – сіздердің еңбектеріңізбен келген жеңіс. Біздің аймақ Олимпиада чемпиондарын алғашқы болып қабылдап отыр, шығысқазақстандықтардың атынан сіздерге тағы бір мәрте ризашылығымды білдіргім келеді», – деді өз сөзінде облыс басшысы.
Ата дәстүрімізге сәйкес, келген қонақтарымызды әжелер шашумен қарсы алды. Қашан да көңілді жүретін, жүзі жарқын Ильия Ильин: «Осы апаларымыз пісірген бауырсақтан тәтті дәм жоқ», – деп ағынан жарылды. «Жарайсыңдар, батырлар!» деп жан-жақтан айқайлаған жұртқа қолтаңба беруден спортшылар да еш жалыққан жоқ. Қаумалаған жанкүйерлерімен суретке түсу чемпиондарға да үлкен қуаныш сыйлайтын сияқты. Өз салмағынан бірнеше есе ауыр зілтемірлерді оп-оңай көтеретін шынашақтай Зульфия Чиншанло қаумалаған халықтың арасынан көрінбей қалып жатса, еңгезердей Иван Дычко сонадайдан көзге шалынады. Серік Сәпиевтің ринг алаңындағы ерлігіне разы болған жұрттың боксшыға деген ықыласы ерекше, Баркер кубогының иегерімен суретке түсіп қалуға талпынған жұртта есеп жоқ.– «Ұшақтан біраз шаршаңқырап түскенмен, шығыстың қонақжай халқы, олардың бізге деген құрметі көңілімізді көкке көтеріп тастады. Маған шаршы алаңда күш-қуат берген де осы халқым еді, – деді Серік Сәпиев.
Қазақша сайрап тұрған боксшы қыз Марина Вольнова да өзінің жүрекжарды лебізін мемлекеттік тілде жеткізді. «Мені қолдаған барлық Қазақстан жұртына шын көңілімнен рақметімді айтамын», – дейді ол. Қызылорданың Қазалы ауданында туған Марина бала кезінен қазақша сөйлеп өсіпті.
Бұдан соң спортшылар легі арнайы чемпиондарға арналған төбесі ашық көлікте қала көшелерін тік тұрып аралады. Жалаулары желбіреген салтанатты шерудің қатарынан қала байкерлері де қалған жоқ. Чемпиондар кортежі әуежайдан бастап, Тәуелсіздік даңғылының бойымен сап түзей қозғалды. Жол бойы жеңімпаздарға қошемет көрсетіп, қол бұлғаған халық спортшыларға деген ыстық ықыластарын аяп қалған жоқ.
Ұлылар рухына тағзым етуді парыз санаған Олимпиада жүлдегерлері қала көшелерімен қозғала келе, қаланың қақ ортасындағы Республика алаңына тоқтап, Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Спортшылар шеруі одан ары Ертіс жағалауындағы амфитеатрда жалғасын тапты.
Ертіс жағалауындағы амфитеатр алаңында ине шаншар жер болмады, Олимпиада чемпиондарын көруге Өскемен тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналыпты. Осында орнатылған сахна төрінде еліміздің абыройын күллі әлемге асқақтатқан сайыпқырандарымызға құрмет көрсету рәсімі өткізілді.
Бердібек САПАРБАЕВ, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
– Бұл күн – Шығыс Қазақстан өңірі үшін есте қалатын тарихи күн. Тұңғыш рет біздің өңірімізге, Өскемен қаласына кешегі Лондонда өткен Олимпиада чемпиондары келіп отыр. Бұл – біздің облыс үшін көрсетілген үлкен құрмет. Менің ойымша, Олимпиада жүлдегерлерінің осы сапары жастарға спортпен айналысуға үлкен рух, күш бермек.
Елбасымыздың қолдау-қамқорлығын сезінген спортшыларымыз байрақты бәсекелерде ағарып, алдан көрінуде. Биылғы Олимпиада Қазақстанның күш-қуатын барша әлемге тағы бір мәрте танытты. Қоржынға жеті алтын, бір күміс және бес қола медаль салған еліміздің командасы жалпы есепте 12-нші орын алды, бұл – расында да, керемет көрсеткіш. Тіпті дамыған Еуропа елдерінің өзі Қазақстанның соңында қалып қойды. Ал кенді Алтайдың аруы, жеңіл атлет Ольга Рыпакова үш қарғып секіруден Олимп шыңын бағындырып, Шығыстан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. Өскемендегі Сол жағалауда салынып жатқан жеңіл атлетикалық манежге Ольганың есімін беруді ұйғарып отырмыз. Күні ертең ол жерде талай чемпиондар тәрбиеленіп шығары анық.
Бұдан соң аймақ басшысы Қазақ елін төрткүл дүниеге танытып, мәртебесін асырған ұл-қыздардың әрқайсысына 1 миллион теңгенің сертификатын және облыс әкімінің Алғыс хатын салтанатты түрде табыс етіп, 2016 жылы Бразилияда өтетін Олимпиада ойындарында да дәл осындай жетістік, сәттілік тіледі.
Олимпиада жүлдегерлері де өз кезегінде шығыс жұрты тарапынан көрсетіліп отырған осындай құрмет пен қошемет үшін алғыстарын білдірді. Ал салтанат соңы мерекелік концертке ұласты.
Осыдан кейін бағдарлама бойынша олимпиадашылар «Қазақстан» жазуы көз тартып, Көк байрағымыз желбіреп тұрған қала іргесіндегі тау басына бет алды. Спортшылар Өскемен алақандағыдай көрінетін осы жерде әсем қаламызды тамашалап, жанкүйерлерімен, қала тұрғындарымен бірге естелік суретке түсті. Елдігімізді айғақтап, рухымызды асқақтатып тұрған бұл алаңда Лондон Олимпиадасының жүлдегерлері жастарға үндеу жариялады.
«Бүгін біз Лондонда өткен Олимпиада ойындарының жеңімпаздары, қасиетті Шығыс Қазақстан жеріндегі Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері тауында тұрып, мемлекетіміздің жас ұрпақтарына үндеу жариялауға мүмкіндік алғанымызға өте қуаныштымыз. Сіздер – еліміздің болашағысыздар, біз сияқты батыр, мықты және алғырсыздар. Біз барша жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен белсенді айналысуға, елінің патриоты болуға шақырамыз» делінген үндеуде. Оның мәтінін Серік Сәпиев пен Светалана Подобедова қазақ және орыс тілдерінде оқып шықты.
Жеңімпаздар шеруін шығыс жұрты бастап берді
Последние статьи автора