Жекпе-жек – төбелес емес, өнер

Ардақ Назаров, ережесіз жекпе-жектен әлемнің үш дүркін чемпионы:
Қазақ қоғамына кейіндеу келген спорт түрі бар. Жекпе-жек деп аталады. Заманға лайықталып, ережесі түзіліп, күзеліп-қырқылып, жаңа бейнеде келді демесеңіз, әу бастан қазақтың, көшпелі халықтың қанында бар өнер. Демек, жекпе-жек бізге таңсық емес. Керісінше, атадан балаға мұра болып келе жатқан төл өнеріміз. Заманында батырларымыз жекпе-жекке шығып, елін-жерін қорғады. Қазақы өлшемге салсақ, ата-бабаларымыз осылай ұрпаққа рух, өскелең жасқа жүректіліктің дәнін сепкен.
Жүректі жігіттердің ғана дәті барып, ор­таға шығатын бұл спорттың өзіндік құді­реті бар. Жекелеген спорт түрлерінің бар­лық айла-тәсілдерінің қосындысынан шық­қан жекпе-жектің қазіргі таңда қызы­ғын талмай тамашалайтын жанкүйерлер де өте көп. Кемшілігі сол: олимпиадалық спорт түрі емес. Ал оған бола тоқырап жат­қан ережесіз төбелес жоқ. Керісінше, қа­натын кеңге жайып, жыл сайын жаңа тұ­жы­рымдары дүниеге келіп жатыр. Ша­ма­мен әлемнің барлық елдерінде жекпе-жектің жүзге тарта түрі бар көрінеді.
Беделділері – американың UCF, жа­пон­ның «бушидо», орыстың М1, брази­лия­лықтардың «джиу-джитсу» деп атала­тын айқастары. Мұның бәрі – біз тәптіштеп отырған аралас жекпе-жектің түрлері. Осы орайда тыңнан түрен салып, қазақ балала­рынан шыққан, ережесіз төбелес­тен үш дүркін әлем чемпионы атанған, жуан жұ­ды­рықты жігітпен, яғни Ардақ Наза­ров­пен сөйлесудің сәті түсті.
Әуелі жаттығу жұмыстарына куә бол­дық. Қажымұқан атындағы колледждің спорт ғимаратында, ақ тер, көк тер болып, түрлі дене қимылдарын жасап жүрген жігіттерден бір байқағанымыз, ауыр жат­ты­ғуға қиынсынбай, үлкен бір ынтазар­лықпен, құштарлықпен құлшына кіріседі екен. «Жаттығуда ауыр болса, жекпе-жек­те жеңіл болады» деген қағиданы ұстанға­ны­на көз жеткіздік. Жаттығу соңында Ар­дақпен тілдесе отырып, рухы биік жігіт ек­ендігіне тағы да көз жеткіздік. Тереңнен толғайды. Иманына берік жігіттің жүрегі қазақ деп соғады.
– Мынау ұлы елімнің керегіне жарар ұл болсам, арманым бар ма?! Халықара­лық додада жүлде алған қазақ баласының жеңісі – менің жеңісім. Жас мемлекеттің аз жыл­дағы табысы – ел-жұрт үшін үлкен қуа­ныш, әрине. Десек те бұған қанағат­танып қалу­ға болмайды. Батыр халықтың ұрпа­ғы­мыз деп қуанамыз, бірақ кейінгі жастар­дың дені жалқаулыққа бой ұрып, бой­күйез­дікке салынып жүр. «Ер атанып, қа­та­рынан озар ұл биікте жүреді, ез ата­нып, тозатын ұл иықта жүреді» дегендей, қарап отырсақ, иықта жүрген ұлдар да көп секілді ме? – деді күрсініп. Одан соң:
– Күрес – өз спортымыз деп еншілей­міз, бірақ соңғы Олимпиада ойындарында «етектен салса, төске озар жігіттеріміз» кө­рін­бейді. Боз кілемнің тарланбоздары Жақ­сылық, Дәулет сынды ағаларымыздың ізбасарлары қайда? Себебін іздеп ойлана­сың, бөлінген қаржы тиісті жеріне толық жет­пей жатыр ма? Содан соң спортшының ба­бын табар бапкердің жағдайы жоқтығы көңілге кірбің түсіреді. Тағы бір басты се­бебі – бапкерлер арасында ауызбіршіліктің жоқтығы. Өзгенің шәкіртін өз шәкіртіндей көріп, бір-біріне деген бақталастық бол­маса, бағындырар белесіміз бұдан да көп болар еді. Біздің қоғамда «көкесі барлар ма­ңызды сындарға кетіп, шын шеберлер та­сада қалып жататыны – айтылуы керек шын­дық, – деп бір түйіп қойды.
– Қазақ спортының мәйегі ауылда жат­қанын білесіздер ме? Жүлде алған жігіт­тердің қайсысына қарасаңыз да, бәрі де ауылдан шыққан. Өкінішке қарай, қазір ауыл балаларының басым бөлігі өз баға­сын білмей, күш-қайратын жөнімен пай­да­лан­бай, ішімдік пен темекіге, арзан күл­кі мен жаман істерге былғанып жүр. Елдің батыры да, болашағы да өздері екенін сез­бейді. Болмаса отын жарып, су таситын, атқа отырып, көкпар тартатын ауыл өмі­рінің өзі спорт емес пе?! Бір жылды «Ауыл спорты жылы» деп арнайы бағдарлама қабылдап, спорт ғимараттары мен үлкен ке­шендер салынса, ауыл өмірінің сәні кіріп, кем-кетігі тураланып қалар еді деген ой келеді. Лондондағы тамаша жетістіктен соң, осы мәселе Үкімет тарапынан қол­дау табуы керек-ақ. Бұл болашаққа салын­ған инвестиция болар еді.
Осы тұста «ережесіз жекпе-жектің қа­зіргі жағдайы қалай?» деп әңгіме ауанын бұрдық.
– Әлем мойындаған бір мемлекет бар, қазіргі таңда. Ол – Бразилия. Футболы бі­рін­ші орында болса, жекпе-жекті екінші са­найды. Жүз жыл болды, джиу-джитсуды серік еткендеріне. Жекпе-жек өнері ТМД мем­лекеттеріне 90-жылдары келді. Орыс­тардың алғашқы шеберлері Олег Токтаров болса, біз соларға қарап бой түзедік. Бо­лат, Дәнеш сынды бауырларымызбен бір­ге халықаралық сындарда топ жарып жүр­дік. 2010 жылдан бері елімізде ерекше өр­іс алып, осы салада бірнеше жігітіміз жар­қырап көріне бастады. «Алашпрайд», «Бейбарыс», «Әлемфайрс» сынды клубтар ашы­лып, кәсіби спортшыларды даярлап жүр.
Жұдырығымен дүйім жұртқа танылған ағайынды Грейсей, О.Токтаров, А.Емелья­ненко сынды жігіттері бар. Кешегі өткен «Қа­зақстан барысы» белдесулерінде со­лар­дан титтей де кем емес, талай нар көтерер апайтөс жігіттеріміз жүрді. Қазіргі таңда бразилиялық джиу-джитсу мен тай елінің муай-тайымен айналысып жүрген­дер үлкен жетістікке жетіп жатыр. Оның жа­нында орыстың әскери самбосы түкке тұрғысыз болып қалды. Демек, біз де осы бағытта жұмыс жасасақ, жұдырығымызды әлем таниды.
Барлық салада көшбасшы болуға ын­тығып тұратын АҚШ та осы спортқа ай­рық­ша мән береді. Бір спортшының ар­тын­да бапкері, диетолог, массажист, дәрі­гері, психологі сынды бірнеше адам жү­ре­ді. Қазақ атты қалай баптайтын болса, олар спортшыны жекпе-жекке солай да­йын­дайды. Дәп бір өнер ретінде қарайды. Сосын нәтижені бағамдай беріңіз. Ал біз­де ше, барлығына өзің жүгіресің...
Темір Тайсонның айтқан сөзі бар. «Кім­де-кім UCF көрмесе, ол – нағыз әлсіз адам. Мен осы спорттың ессіз жанкүйері­мін» деген болатын. Ал ресейлік әлем чем­пионы Ф.Емельяненко «ережесіз жекпе-жек­тің торына кірудің өзі жігіттің жүрек­тілігін көрсетеді» деді. Нақты әрі дұрыс  сөз.
Біреулер айтып жүргендей, жекпе-жек – төбелес емес. Ол – өнер. Ақылың асып, ай­ла-тәсілің жетіп жатса, қашанда мерейің үстем. Ал баз біреулер айтқандай, «рухың» мықты болса, жеңіс сенікі емес. «Рухың» тек рингке алып шығуы мүмкін. Ал дайын­ды­ғың кемшін, айла-әдістерді жетік мең­гер­месең, рингте «ұйықтап» жатасың. Сон­дық­тан рухыңа – күшің, ақылыңа айлаң сай болуы керек. Жеңістің кілті – осында.
Әлемді дүр сілкіндіретін Ф.Емелья­ненко, А.Силва, Джон Джонс секілді ере­же­сіз жекпе-жек жұлдыздарын қазақтан да шығаруға болады. Бірақ мемлекеттік қол­дау мен білікті бапкерсіз бәрі де – бекер.
Олимпиада бағдарламасында жоқ спорт түрлері «тоқалдан туған» ба? Неге бас­қа спорт түрлеріне де лайықты дең­гейде көңіл бөлінбейді? Әсілі, Олимпиада бағдарламасына кірмеді демесеңіз, олар да еліміздің атын шығарып, көк байрағы­мызды желбіретіп, Әнұранымызды шыр­қатып жүр.
Содан соң саналы өмірінің бәрін спорт­қа арнаған адам одан қол үзген соң, еш­кім­ге керексіз болып қалады. Оқымай-то­қы­май, барлық күш-жігерін осы салаға ар­найды. Не алған білімі жоқ, не үй-күйі жоқ. Кедей. Бейшара. Сондықтан оларға мем­лекеттің тарапынан стипендия таға­йындалса дейміз. Ал бапкерлердің жағ­дайы тіпті мүшкіл. Жаттығудан шыққан соң, бала-шағасына нан тауып беру үшін так­сиші болады. Болмаса шәкірттерінің бере­тін тиын-тебеніне телміріп отырғаны. Мұнан соң, нәтиже күтудің өзі ұят.
Бізде миллиондаған қаржы төлеп, шет­тен бапкер шақыру үрдіске айналған. Бірақ олардың тындырып жатқандарын көріп жүрміз ғой. Ал сол қаржының жар­ты­сын ғана өз бапкерлерімізге берсе ше? Қалғанын спорт дамытуға жіберсе. Негізі, бізде сол шетелдіктерден білікті болмаса, кем емес бапкерлер баршылық. Тек бабын тап та, жағдай жаса, – деп өзекті мәселені көсеп өтті.
«Сіз осылай шешен сөйлеуді, иманға берік болуды қайдан бойыңызға сіңірді­ңіз?» – дейміз қызығып.
– Әжем Рахияның тәрбиесінде бол­дым. Майдан қыл суырғандай баппен сөй­лейтін. Мектепте оқып жүргенде, кіші­гірім сахналарда Төле би, Қазыбек би, Әй­те­ке би сынды тарихи тұлғаларымыздың рөлдерін жиі сомдайтынмын. Қалаға ке­ліп, сөздік қорыма балалықпен орысша «жар­гон» араластырдым. Уақыт өте ұл­тың­ды сүю, Отаныңды сүю тіл тазалығынан екенін түсіндім де, өзімді жөнге салдым. Кітап оқыдым, тіл тазалығына мән бердім. Өскелең ұрпаққа «Абайды, Шәкірімді оқып, дініміз исламға бойсұну – шынайы бақыттың кілті» дегім келеді...

Р.S.
Ардақпен спорт ғимаратында әңгімелесіп отыр­мын. Темір-терсек көтерген бірнеше жігіт жинала қалып, әңгімеге көшті. Сыбыр-күбір. Қатарында Бейбіт, Бекнұр – бәрі де халықаралық аренада ел намысын қорғап жүрген жігіттер. «Ауызбен емес, қолмен жұмыс істейміз», – деді Ардақ оларға жаймен ғана. Бітті. Аға айтты, заң. Үлкенді сыйлаған халықпыз ғой. Тарс-тұрс еткен темір даусы...

Автор
Последние статьи автора
Цхададзе отреагировал на выход "Кайрата" в основной этап ЛЧ
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста