Жасындай жарқ еткен Жәнібек

Алғаш рет әлем чемпионы атанғанда Серік Сәпиевтің жасы 22-де болатын. Геннадий Головкин мен Ердос Жаңабергенов 21 жастарында дүниежүзілік додада топ жарды. Ал бокстан Қазақстаннан шыққан ең жас әлем чемпионы – Жәнібек Әлімханұлы. Әлем біріншілігінің шыңын 20 жасында бағындырды. Әзірге ең соңғы чемпионымыз да осы Жәнібек. Алматының төрінде, керілген шаршы алаңда қарсыластарын қоғадай жапырған жеңімпазымызбен сұхбаттасудың сәті түсіп, өзі туралы біраз мағлұматтарға қанық болған едік.

— Жәнібек, әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмей, қазақтың жұдырығын әлемге таныттың. Жалпы, біріншіліктегі жекпе-жектерің жайлы айтып өтсең.
— Бәрі Алланың қалауымен шығар. Шыны керек, бірден әлем чемпионы атанамын деп ойлаған жоқ едім. Былтыр ел чемпионатын жеңіп алдым. Сосын осы жазда Азия чемпионы болды. Ал әлем чемпионатында әр жекпе-жегімді соңғы айқасым секілді өткіздім. Басында үшінші орынға іліксем болды деп ойлағанмын. Жартылай финалға жеткенде, «ары қарай екі-ақ қадам қалды ғой, осы жерде өлсем де чемпион болып кетейін» деп алдыма тағы мақсат қойдым.
— Дегенмен сенің үшінші раундта шаршап қалып жатқаныңды мамандар да, жанкүйерлер де атап өтіп жатты. Соңғы кезеңдердегі өнеріңе өзіңнің көңілің тола ма?
— Шыны керек, бір жылдың ішінде тур­нирлер тым көп болып кетті. Жиын – шаршы алаң, жиын – шаршы алаң, әйтеуір бірінен кейін бірі жалғасып жатты. Адамды шар­шатып жібереді екен. Әлбетте, бәріне де шыдауымыз керек, бәріне де қатысуы­мыз керек, оны жақсы білемін. Бірақ кейде ағ­зам оған төтеп бере алмай жатты. Әрең шы­дадым. «Міне, мына жекпе-жекті өт­кізе­йін, сосын демаламын. Мына айқасты же­ңе­йін, сосын қоямын» деп өзімді қай­рау­мен болдым. Қазір үйреніп қалдық қой, енді қандай ауыртпалыққа болса да шы­даймыз.
— Жалпы, Қазақстанда, әлемде өзіңнің басты қарсыластарың деп кімдерді атай­сың?
— Мықты боксшылар көп. Барлығына бірдей қарау керек. «Мынау мықты, мынау әлсіз» деп баға беруге болмайды. Оның үстіне, олар маған тек шаршы алаңда ғана қарсылас. Онда да бокста қанша жерден қарсыласыңды соққының астына алсаң да, оларға жау ретінде қараған дұрыс емес. Айқас аяқталысымен-ақ оның қарсылас екенін ұмытуың қажет.
— Әр боксшының өз сүйікті соққысы бар ғой. Мәселен, әйгілі Кличколар көбіне джеб пен хукты пайдаланады. Гена Головкин көбіне апперкотпен талдырады. Сенің сүйікті соққың қайсысы?
— Маған да апперкот ұнайды. Боксшы­лар көбіне джеб пен хукқа, тура соққы, құлаштай серпіген соққыларға дайын жүреді де, апперкотты байқай алмай қала­ды. Оның үстіне, апперкотта бойыңдағы бар күшің жұдырығыңа жиналады да, қарсыласыңды есеңгіретіп жіберуге кере­мет мүмкіндік туады.
— Жәнібек, балалық шағыңды еске түсірсек. Алғаш боксқа қалай келдің? Ең бірінші турнирің есіңде ме?
— Алматы облысының Алакөл ауда­нын­дағы Жыланды деген ауылданмын. Алматы облысы бокс федерациясының президенті әрі «ЖерСу» корпорациясының басшысы біздің көршіміз. 2000 жылы Бауыржан аға ауылға спорт кешенін салып берді де, Талдықорған қаласынан Ғалым­жан деген жаттықтырушыны шақырды. Содан нағашы атама жалынып жүріп, бокс­қа апаруын сұрадым. Ақыры қоймаған соң бір күні атам мені Ғалымжан ағаға ертіп барды. Қарсы болған жоқ, бірден қабыл­дады. Ең кішкентайы мен екенмін. Жалық­қан соң өзі кетіп қалады деп ойлаған ғой. Өзімнен үлкендерден қалыспай, жаттыға бердім. Бір күні Андреевкада (қазіргі Қа­бан­бай ауылы) турнир өтіп, соған бардық. Ол кезде бірінші сыныптамын. Салмағым небәрі – 22 келі. Ұйымдастырушылар «бұл – әлі кішкентай бала. Турнирге қатыстырмай­мыз» деп шу шығармасы бар ма. Жылап тұрып алғаннан кейін ақыры өзімнен ауыр салмақтағы балаларға қарсы жұдырықтас­ты­рып қойды. Содан не керек, ұтылып қалдым. Сол ауылдың орыс баласынан оңбай таяқ жедім. Өзіміздің ауылда орыс жоқ, олар­дың қандай болатынын да білмеген­мін. Жеңіліп қалған соң намысқа булығып әбден жыладым. Бойымда кек пайда болды. Ауылға барып апамның айран, сү­тін ішіп, жаттығуды бұрынғыдан да кү­шейт­тім. Содан үшінші сыныбымда әлгі ауылда турнир өтіп, қайта бардық. Салма­ғым артқан, бойым аздап өскен. Жаңағы орыс бала екеуміз бір салмақта екенбіз. Финалда кездестік. Қалай жұды­рықтас­қа­нымды білмеймін, әйтеуір жек­пе-жек біткен соң өзіме келдім. Қарасам, анау баланың көзі көгеріп, мұрнынан тоқтамай қан кетіп жатыр екен. Төреші айқасты тоқ­та­тып, қолымды көтергенде ғана жеңге­німді біліп, уһ дедім.
— Ал қазіргі бапкерің Мұрат Си­қым­баевтың қарамағында қашаннан бері жаттығып жүрсің?
— Сол жылы Ғалымжан аға отбасылық жағдайына байланысты ауылдан кетіп қалды. Сөйтіп, Бауыржан Оспанов ауылға Мұрат ағамызды шақырды. Бұрынғы бапкер көбіне үлкен балаларға көңіл бөле­тін де, мені кішкентай деп аса мән бер­мейтін. Мұрат аға бірден өзінің баласындай көріп, бокстың небір «сиқырларын» үйрете бастады. Жетінші сыныбымда ол да Алматыға кетіп қалды да, көп ұзамай мені өзінің жанына шақыртып алды. Біраз уақыт соның үйінде тұрып, жаттықтық. Өз бала­ла­рынан артық көрді десем де болатын шығар. Ауырып қалған кездерімде жеңгем екеуі түнімен көз ілмей шығатын кездері де болған. Қазір Алматының Шаңырақ ық­шамауданындағы спортқа арналған мектеп-интернатында жаттығып жүрміз.
— Отбасы құрғансың. Келіншегің Әнел Базанқызы да өзің секілді бокс­шы. Қазақстан чемпионы атанып, тіпті ұлттық құрама сапында да өнер көр­сет­кен. Бірақ соңғы кездері шаршы алаңнан көрінбей кетті.
— Үйленгеннен кейін боксты қой  дедім.  Әйелімнің көзі көгеріп, ерні ісіп жүрге­нін көргім келмейді. Үйде отыруы тиіс. Қазір бір ұлымыз бар. Есімі – Рамазан. Былтыр Рамазан айында дүниеге келген. Қанында бар ғой, теледидардан бокс жек­пе-жегін көріп қалса, боксшылар секілді тұра қалады да, кәдімгідей жұдырығын сілтеп қояды. Соған қарағанда түбі боксшы болады-ау.
— Жәнібек, енді демалысың қашан аяқталады? Шаршы алаңға қашан шығасың?
— Біраз демалыс берген. Жаңа жылға дейін мазаламаймыз деді. Содан кейін халықаралық турнирлерге қатыса бастай­тын шығармыз. Келесі жылы бізді Азия ойындары күтіп тұр. Одан кейін Катар астанасы Дохада әлем чемпионы деген атағымды қорғасам деймін. Ең бастысы,   Олимпиада шыңына көтерілгім келеді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста