Күрес түрлерінен Өскеменде өткен жастар арасындағы Қазақстан чемпионатының еркін күрес балуандары арасындағы белдесулері нәтижелерін жариялағанбыз. Енді әйелдер күресі мен грек-рим күресі шеберлеріне тоқтала кетсек.
Әйелдер күресіндегі белдесулер аса қызықты өтті. Осы күрес түрі жақсы дамыған аймақтардан келген арулар бозкілем көрігін қыздырды. Жасөспірімдер арасында әлем чемпионы болған Екатерина Ларионова да белдесіп, қарсылас шақ келтірмей, ел чемпионы атанды. Ал қалған салмақтарда Ирина Борисова (44 келі), Айдана Өтеғұлова (48 келі), Кристина Яловенко (51 келі), Аймангүл Төлеухан (55 келі), Юлия Одиненко (59 келі), Ұлболсын Қожамберді (67 келі), Жаиля Әубәкірова (72 келі) сынды қыздарымыз топ жарды.
Ал грек-рим күресі шеберлері арасындағы белдесулер өте шиеленісті болды. Жасөспірімдер арасындағы әлем мен Азия чемпионаттарында жүлде алған жас таланттар алдыңғы буын ағаларына лайықты деңгейде қарсылық көрсете білді. Өткен жылы жасөспірімдер сапында өнер көрсеткен әлеуеті зор бозбалалар биыл жастар санатына өтіпті. Енді ақпан айының аяғында Шымкентте өтетін жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында осы жас мөлшеріндегі құраманың аға бапкері Серік Жұмашевқа жаңадан жеткіншектер құрамасын жасақтауға тура келеді.
Сонымен, грек-рим күресі балуандарының ішінен ең жеңіл салмақта жамбылдық Асқар Сәлтебаев бірінші орын алса, 55 келіде астаналық Ахмет Ізбасқанов топ жарды. 60 келіде кілем иесі Мейір Ерзақовтың мерейі үстем болды. Жасөспірімдер арасында Сингапур Олимпиадасының чемпионы атанған Жәнібек Қандыбаев 66 келіге дейінгі салмақта жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Жәнібек былтыр да жастар арасындағы ел чемпионатында белдескен, бірақ жүлдеге ілінбеп еді. Биыл толысып, бабы да келісіпті. 74 келіде елордалық Азамат Құстыбаев үздік шықты. Қостанайлық Тимур Ташмағанбетов 84 келіде жеңімпаз атанса, 96 келіде – қарағандылық Айдын Әшімбаев, ал аса ауыр салмақта павлодарлық Еркін Шайкенов ел чемпиондары атанды.
Енді осы ел біріншілігінде көзге түсіп, топ жарғандардан жастар құрамасы жасақталады. Олар мамырдың 31-і мен маусымның 3-і аралығында Алматыда өтетін жастар арасындағы Азия чемпионатында ел намысын қорғайды.
Жастар арасында бәсекелестік күшейді
Последние статьи автора