Қазақстандық журналист Берікбол Төлеген жуырда Алматыда өткен Titan FC 51 халықаралық турнирінде жеңілген Бейбіт Назаровқа қатысты әлеуметтік желіде сын пікір жазғаны үшін өзін бұғаттап тастаған Ардақ Назаровқа ренішін білдірді. Мұны журналист Facebook парақшасында жариялаған.
Ардақ Назаров әлеуметтік желідегі парақшасында мұндай турнирге қатысудың өзі жетістік екенін айтып, халықтың ренішін басуға тырысқан.
Журналист бұған қатысты өз пікірін білдіріпті.
"Кішігірім бір турнирді жеңіп, "Әлем чемпионымыз" деп айтуды қашан қоясыздар? Интернеттен шықпайтын, ресми сайты жоқ турнирді ұтып "чемпион болдық" деген соң журналистер жаза салады. Дереккөз өздеріңіз ғана. Сонымен сіздер әлем чемпионысыздар ма, әлде кішігірім тұжырым чемпионысыздар ма? Бұл турнирді жеңген қазаққа UFC-ге жол ашылар ма еді?", - дейді Берікбол Төлеген.
Журналистің пікірінше, жекпе-жекте Бейбіт өте дәрменсіз болыпты. Ол мықты қазақтарды басты кездесуге неге шығармандықтарына таңырқаған.
"UFC-ге шыққан тұңғыш қазақ" деген атақ үшін қаншама адамның жолы кесілгенін алға тартқан журналист, шетел қазағының бұл атақты иеленгеніне шүкіршілік еткен.
"Қашанғы мың клуб ашып бір-бірлеріңіздің жалдарыңызға жармаса бересіздер? Сіздерді азамат ретінде және үлгілі отбасы ретінде қатты сыйлаймын. Бірақ сіздер кәсіби мықты спортшы емессіздер. Спортшының міндеті спортта жетістікке жету, қазақтың жауынгерлік рухын таныту. Шын патриот болсаңыздар пендешіліктен елдің намысын биік қойыңыздар. Сөзбен емес, іспен", - деп жазыпты журналист.
Бұл пікір Ардақ Назаровқа жақпаған. Ол журналисті бұғаттап тастапты.
Еске сала кетейік, TITAN FC 51 халықаралық турниріндегі басты жекпе-жекте әлем чемпионы атағына таласқан Бейбіт Назаров америкалық Мартин Брауннан жеңіліп қалған болатын.