Өткен аптада Алматыда футболдан республикалық «Жас Ұлан» кубогы додасы өтіп, онда 12-13 жас аралығындағы жеткіншектер доп тепті. Бұл турнирді Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Жас Ұлан» бірыңғай балалар және жасөспірімдер ұйымы өткізді.
Қазіргі таңда біздің елде футболға қызығушылық танытушылар мен айналысушылар саны артып келеді. Біреу мінберде тұрып қолдау көрсетсе, енді біреу алаңда додаға түсуге асық. Бұлардың барлығы да Қазақстан халқының салауатты өмір салтын қалыптастырып, бойларына ұжымдық рухты сіңірулеріне ықпал етеді.
Ал доп додасында елеулі жетістіктерге жеткісі келгендер алтын уақыттарын жасыл алаңда немесе жаттығу залында өткізіп, аяқдоп өнеріне балалық шақтан машықтанулары керек.
Сондықтан «Жас Ұлан» кубогының мақсаты – оқушылар арасында салауатты өмір салты идеясын нығайту, қазақстандық футбол мәдениетін ары қарай дамытуға ықпал ету, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» мақаласын насихаттау.
Аталмыш турнирге 13 өңірден, атап айтқанда, Астана және Алматы қалаларынан, Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Маңғыстау, Қызылорда, Қостанай, Жамбыл, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарынан осы аймақтардың ең үздік командалары қатысты. Олардың бәрі де – облыстық (қалалық) іріктеу турнирлерінің жеңімпаздары.
Жас жеткіншектер турнирі салтанатты түрде ашылып, балалардың естерінде қаларлықтай болып ұйымдастырылды. Әрі Алматы қаласының «Черлидерлер» тобы өнер көрсетіп, теңбіл доп додасына қатысушы балалардың көңіл күйін көтерді.
Ал жасыл алаңдағы қызу доданың қорытындысы бойынша Павлодар облысының №25 мектебінің құрама командасы турнирдің жеңімпазы әрі «Жас Ұлан» кубогының иегері атанды. Екінші орынды Атырау облысы, үшінші орынды Алматы қаласының жас футболшылары иеленді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге, сондай-ақ осы турнирге қатысқан әрбір оқушыға бағалы сыйлықтар мен сертификаттар табыс етілді. Әрі «Үздік ойыншы», «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы», «Үздік шабуылшы», «Үздік жартылай қорғаушы» аталымдары бойынша ерекше көзге түскен жас футболшылар анықталып, оларға кубок, диплом және бағалы сыйлықтар табысталды.
Бұл турнирге УЕФА-ның жаттықтырушы кадрларын дайындау бағдарламасы жөніндегі техникалық директоры Қайрат Адамбеков қатысты.
Нәзира Бөлтірікова, «Жас Ұлан» бірыңғай балалар және жасөспірімдер ұйымының төрайымы:
– «Жас Ұлан» кубогы биыл бірінші рет сарапқа салынып отыр. Биылғы додаға 13 өңірдің аймақтық іріктеу додаларында топ жарған ең үздік командалары қатысты. Біз енді осы турнирді жыл сайын өткізіп, дәстүрге айналдыруды мақсат тұтып отырмыз.
«Жас Ұлан» кубогы тұсауын кесті
Последние статьи автора