Алматыда муай-тайдан Қазақстан чемпионаты аяқталды. Үш күнге созылған ел біріншілігінде ерлер – 14 салмақ дәрежесінде, ал қыздар екі салмақта сынға түсті.
Бұған дейін жастар арасындағы ел чемпионаты өткен. Онда наурыз айында Стамбулда өтетін жастар арасындағы әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын өрендер іріктелініп алынған. Бұл жолы ұлттық құрама сапына лайық хас шеберлерді таңдап алу мақсат тұтылды. Өйткені алда жауапты да, маңызды сындар тұр. Биыл осы спорт түріндегі Қазақстан құрамасының жігіттеріне Санкт-Петербургтегі халықаралық турнирде, Еуропа чемпионатында, әлем кубогында және Азиядағы дүбірлі додада ел намысын қорғау керек болады. Бұл орайда ҚР муай-тай федерациясының вице-президенті Фархад Аманқұлов былай дейді:
– Ұлттық құраманың мүшелеріне оңай болған жоқ. Жастар оларды ығыстырып, құрама сапынан орын алуға тырысуда. Кейбір салмақтарда (атап айтсақ, 54 келіде) екі жас жігіт тәжірибелі спортшыларды жолдарынан тайдырып, финалға шықты. Жастарды айқын басымдықпен ұтып жатқан құрама үздіктері аса көп емес. Көбінесе төрешілер пікірі екіге айырылып, шиеленісті финалдық айқастар біршама болды. Жалпы, биылғы ел біріншілігіндегі жекпе-жектер өте тартысты да, қызықты өтті. Оған ереженің өзгеруі де ықпал еткендей. Бұрын спортшылар екі минуттан төрт раунд айқасушы еді. Қазір муай-тай Олимпиада ойындары бағдарламасына енуді көздеп, осы бағытта нақты жұмыстар жүргізіліп жатқандықтан, әрбір жекпе-жек үш минуттан үш раундқа созылады. Ал бұл оңай емес, төзімділікті, сабырлылықты қажет етеді. Жалпы, биылғы ел чемпионатына спортшылардың бәрі тыңғылықты дайындықпен келген. Өйткені барлық аймақта өздерінің ішкі біріншіліктері ұйымдастырылып, нағыз үздіктері іріктелініп алынған. Сондықтан ел чемпионатының деңгейі аса жоғары болды.
Финалдық айқастардың аса тартысты өткенін өз көзімізбен көрдік. Мысалы, әлем және Еуропа чемпионаттарында жеңімпаз атанып жүрген Нұрым Кемалдың өзі ел біріншілігінде бірінші орынға оңайшылықпен қол жеткізген жоқ. Ізін басып келе жатқан жастар тәжірибелі спортшыны біраз састырды да. Оның басты себебі, Нұрым бір жылдан астам уақыт бойы үлкен спорттан қол үзіп қалыпты (жарақаты мен оқуына байланысты).
Рас, шеберлігімен көзге түсіп, қарсыласынан басым түскен жігіттеріміз де болды. Бұл ретте Рауан Досбаев, Жансерік Әміржанов сынды сыралғы жігіттер өздерінің шеберліктерін паш ете білді. Жеңіске деген жігерлілігімен айрықша көзге түскен спортшылар да баршылық. Бұл орайда Арай Әбжанов, Ишан Гулиев сынды жігіттерді атап өтуге болады.
Ел чемпионаты аяқталған соң Қазыбек Сағындықов пен Ишан Галиев үздік техникалары үшін арнайы кубокпен марапатталса, Рауан Досбаев «ең үздік вай кру биі» (жекпе-жек алдындағы рингте билеу рәсімі) номинациясында теңдессіз танылды.
Айтпақшы, биылғы ел чемпионатында қыздар да рингке шықты. Бұл жайлы ҚР муай-тай федерациясының вице-президентінен сұрап едік, бірнеше аймақ қыздар арасында да ел біріншілігін өткізуді өтініпті. Сол себепті ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатының бағдарламасына екі салмақ дәрежесіндегі қыздар арасындағы айқастар да қосылған екен. Бұл әншейін, қыздардың деңгейін байқау тұрғысында өткізілген жекпе-жектер болып шықты. Бірақ рингте қыздардың аяқ-қолдарын сермеп, төбелескендерін Фархад Аманқұловтың өзі де қаламайды екен. «Бұл негізінен жауынгерлердің, отан қорғаушылардың өнері ғой», – деп күлді бізге бұрынғы танымал актер.
Осы ел чемпионатында муай-тайдың еліміздің барлық аймағына дерлік қанатын жайып, «өгіз аяңмен» болсын, дамып келе жатқанын байқағандай болдық. Атырау, Павлодар облыстарының спортшылары алматылықтарға лайықты деңгейде қарсылас бола білді. Бір кездері деңгейлері төмендеп кеткен Астана спортшылары да қайтадан өрлеу үстінде екен. Десек те, Алматы қаласының муай-тайшылары әлі де дес берер емес. Өйткені Алатау бөктеріндегі қалада бірнеше клуб жұмыс істейді, олардың арасында қызу бәсекелестік орнаған.
Қыздар
51 келі
1. Нұржамал Каменова (Петропавл)
2. Айжан Әбжікеева (Алматы, «Елухан» с/к)
3. Айман Әбжікеева (Алматы, «Елухан»)
63,5 келі
1. Ангелина Канаева (Алматы, «Елухан»)
2. Алена Кузнецова (Петропавл)
3. Салтанат Жұмабаева (Петропавл)
Қазақстан чемпионатының жүлдегерлері. Ерлер
45 келі
1. Арманбек Әнуаров (Атырау)
2. Болатхан Кәрімов (Атырау)
48 келі
1. Арай Әбжанов (Павлодар)
2. Данияр Мұхаметов (Астана)
3. Асқат Болымов (Ақтау) және Еламан Иманқұлов (Алматы)
51 келі
1. Рауан Қалдыбаев (Алматы, «Елухан»)
2. Темір Сұлтан (Астана)
3. Айдос Қарташов (Ақтөбе) және Диас Нұрманов (Алматы)
54 келі
1. Ишан Галиев (Атырау)
2. Азамат Әбішев (Павлодар)
3. Рүстем Жақсылықов (Қостанай), Асылбек Балтабай (Алматы, «Елухан»)
57 келі
1. Нұрым Кемал (Алматы, «Елухан»)
2. Азамат Жекебатыров (Алматы, «Елухан»)
3. Ержан Сұлтанов (Актау) және Азиз Махпиров (Алматы, «Елухан»)
60 келі
1. Рауан Досбаев (Алматы)
2. Қазыбек Сағындықов (Астана)
3. Бақтияр Бикеев және Алмас Биболов (екеуі де – Павлодар)
63,5 келі
1. Рүстем Әшімбаев (Алматы)
2. Тахир Агишев (Астана)
3. Дамир Тыныбаев (Павлодар) және Асхат Ахметқалиев (Алматы)
67 келі
1. Жансерік Әміржанов (Алматы, «Елухан»)
2. Дархан Қазиев (Астана)
3. Бағдат Қалиев (Ақтөбе) және Рустам Ниязов (Алматы, «Елухан»)
71 келі
1. Евгений Огородников (Петропавл)
2. Рүстем Ақжанов (Астана)
3. Темірлан Дүйсембаев (ОӘСК) және Вадим Дрищ (Костанай)
75 келі
1. Эмиль Умаев (Алматы, «Елухан»)
2. Вадим Лопарев (Қаскелең)
3. Максим Игнатович (Павлодар) және Қуандық Төлеуішов (Ақтөбе)
81 келі
1. Александр Яшин (Алматы, «Елухан»)
2. Арман Зарубаев (Бұрындай)
3. Мирас Бейсембаев (Павлодар) және Тимур Жанәлиев (Алматы обл)
86 келі
1. Мансур Дурдишев (Ақтау)
2. Жасұлан Құрмашев (Астана)
3. Александр Якименко (Қостанай) және Азамат Айтбаев (Қаскелең)
91 келі
1. Манас Жанышев (Алматы обл)
2. Руслан Аведеев (Алматы)
3. Қанат Жантаев (Алматы) және Ғалымжан Қалымов (Атырау)
+ 91 келі
1.Станислав Мазунов (Алматы, «Елухан»)
2. Ахмед Чикаев (Алматы обл)
3. Маралбек Досжанов (Атырау) және Мақсат Ахметов (Алматы)