29 маусымнан бастап 6 шілдеге дейін Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында жабық кешендегі IV Азия ойындары өтеді. Оған Қазақстан спортшылары да қатысады.
Бір қызығы, биыл жабық кешендегі IV Азия ойындары құрлықтық Шығыс жекпе-жектері өнері додасымен біріктіріліп өткізілмек. Осы ретте айта кетейік, жабық кешендегі І Азия ойындары 2005 жылы қараша айында Бангкокта (Тайланд) өткен. Екіншісі 2007 жыдың қоңыр күзінде Макаода (Қытай), ал үшіншісі 2009 жылы Ханойда (Вьетнам) ұйымдастырылған. Келесі дода, яғни жабық кешендегі V Азия ойындары мен шығыс жекпе-жектері додасы 2017 жылы Ашхабадта (Түрікменстан) өткізілмек.
Өздеріңіз де байқап отырған боларсыздар, басында бұл дода екі жылда бір өткізілетін. Енді төрт жылда бір өткізіліп отыратын болады.
Ерекше көңіл аударарлығы, жабық кешендегі Азия ойындарының жазғы Азия ойындарынан айырмашылығы, оның бағдарламасына негізінен Олимпиада ойындары бағдарламасына енбейтін спорт түрлері кіргізілген. Рас, жабық кешендегі Азия ойындарының бағдарламасында жүзу спорты бар. Бірақ мұнда 25 метрлік қысқа бассейндерде жарысады. Ал Олимпиада ойындарында жүзгіштер 50 метрлік бассейндерде бақ сынайды.
Сонымен Инчхонда жалауы желбірейтін жабық кешендегі IV Азия ойындары бағдарламасында мына 11 спорт түрі бар: бильярд, боулинг, шахмат, спорттық би, футзал, кикбокс, муайтай, жүзу спорты (25 метрлік хауызда), кабади, кураш, Е-спорт (электронды спорт).
Қазақстан спортшылары Инчхонда спорттың жеті түрінен сынға түседі. Атап айтқанда, шахмат, спорттық би, кикбокс, муайтай, жүзу спорты (25 метрлік хауызда), кураш, Е-спорт (электронды спорт).
Әрине, жанкүйерлер арасында «қалған төрт спорттың түрінен неге сынға түспейміз, кейбіреуінен тіпті жетістіктеріміз де жоғары ғой» деушілер табылар. Енді соларға қысқаша тоқталып өтелік. Футзалдан бастасақ, бізде залда ойнайтын осы бір шағын футбол тәп-тәуір дамыған. Жақында ел чемпионы УЕФА кубогын жеңіп алып, төрткіл дүниені тамсандырды. Бірақ біз УЕФА-ның мүшесіміз. Ал Инчхонда өтетін жабық кешендегі құрлықтық додада Азия футбол конфедерациясының құрамындағы елдердің ғана футзалшылары доп тебе алады.
Енді бильярдқа келейік. Рас, біздің бильярдшыларымыз әлем чемпионы да, Азия чемпионы да болып жүр. Бірақ бізде негізінен «пирамида» ойыны ғана аса жоғары деңгейде дамытылған. Ал жабық кешендегі IV Азия ойындары бағдарламасында пуль, снукер және басқа түрлері енгізілген.
Боулингке келер болсақ, бұл спорттың түрінен біздің спортшылардың Азияда жүлдеге ілігулері неғайбыл. Ықтималдығы өте төмен. Сондықтан боулингшілерімізді Инчхонға апару тиімсіз деп шешілгендей.
Ал кабади деген спорт түрі жайлы айтпаса да түсінікті болар. Үнді халқының ұлттық ойыны бізге мүлде таңсық. Бізде бұл спорт түрінен команда тұрмақ, ойыншылар жоқ.
Қазір аталмыш додаға қатысатын спортшылар дайындықтарын пысықтап, жолға әзірленуде. Қазақстан делегациясы 27 маусым күні Сеулге Алматыдан ұшады.
Жабық кешендегі Азия ойындары
Последние статьи автора