Бір танысым қысқы демалыста «қабан аулауға барайық» деп қоймай жүр. Мен оған қабан етін мұсылман адам жеуге болмайды десем, «жабайы қабандар тек өсімдік тамырымен қоректенеді, сондықтан олар харам емес» деп отыр. Шариғат жабайы доңыздың етін жеуге тыйым сала ма?
Қазақстан Мұсылмандарының діни басқармасы мамандарының айтуынша, мұсылман баласына қабанның етін жеуге болмайды. Дала аңы шөппен қоректенетіндіктен, көпшілік қауым оның еті жеуге жарамды дейтін көрінеді. Алайда қабанның тегі доңыз болғандықтан, оның еті де һарам болып есептеледі. Сол сияқты көптеген ғалымдардың зерттеуі бойынша, үйде бағылатын доңыздың ғана емес, жабайы шошқаның етін пайдаланудан да адамға трихинеллез деп аталатын аса қауіпті ауру жұғуы мүмкін. Трихинеллез ауруы қоздырғыш құртының сыртқы әсер ету күштеріне өте шыдамды келетіні сонша, ол ең жоғары температурада да, ең төменгі температурада да өлмейді екен.