Бүгінде болашағымыздың, желкілдеп өсіп келе жатқан балаларымыздың денсаулығына алаңдаулымыз. Солар теріс жолға түспесін, спорт пен дене шынықтыруды серік етсін дейміз...
Жалпы, жас ұрпақты спортқа баулуды көптен бері айтып келеміз. Тәуелсіздігімізге қол жеткізгеннен бері де өзекті мәселе ретінде көтеріп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға тырысып келеміз. Бұл орайда, әртүрлі іс-шаралар қолға алынып, жүзеге асырылып келеді де. Солардың ішінде бізге ерекше ұнағаны – балабақша ішінен спортзал ашып, іске қосу.
Алматыда бір балабақшадан осындай бір тамаша спортзал көрдік. Жақында күрделі жөндеуден өткен балабақша екен. Ішінде спортзалы бар. Бұрын мұндайды көзбен көрген жоқ едік. Сондықтан қызыға қарадық. Дене тәрбиесі іс-әрекеті өтетін құтты орын екі залдан тұрады екен. Бірінде дене тәрбиесінен дәріс беріледі. Қабырғаларында арқанмен өрмелейтін, белтемірге тартылатын, сатымен жоғары өрлейтін және тағы да басқа қондырғылары бар. Екіншісі – би және гимнастика залы. Қабырғаларына айна орнатылған. Кез келген би клубтарының өздері қызығатын шығар. Тап-таза, іші жарық, өте жайлы.
Қазақта «ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деген мәтел бар емес пе? Осы спортзалға қарап тұрып, «бүлдіршіндерді спортқа баулуды балабақшадан бастап, соны түзегеніміз қандай ғанибет» деп сүйсіндік. Осы қазақ тіліндегі балабақшадағы бүлдіршіндердің арасында «болашақ Олимпиада чемпиондары жүрген де шығар» деп, арман мен қиялға ерік бердік. Сондай бір қуанышты әсерде болдық.
Сізді қайдам, бізге осында үлкен бір мағына, мән-мазмұн жатқандай көрінді. Өйткені қарапайым ата-аналардың көбісі балаларын спорт секцияларына апара алмайды ғой. Ал мұнда жас балалар тым болмаса, спортзал дегеннің не екенін түсінеді. Бой жазып, сергиді. Дене шынықтыру пәнінің негіздерін үйреніп, спорт деген сиқырлы дүниемен таныс болады.
Күлдархан КӘРІБАЕВА, Алматы қалласы Алмалы ауданындағы №8 балабақшаның меңгерушісі:
– Бұл спортзалды ашқандағы мақсатымыз – ұрпағымызды қазірден бастап салауатты өмір салтына баулып, егемен еліміздің жас өрендерінің денсаулығы мықты болуына ықпал ету, бүдіршіндерімізді шыныққан, шымыр етіп тәрбиелеу. Спорт пен дене шынықтырудың адам ағзасына тигізер пайдасы туралы түсінік беруге тырысудамыз.
Ұлбала ӘЛИЯКБАРОВА, №8 балабақшадағы «Қарлығаш» деп аталатын 8-топтың тәрбиешісі:
– Бізде әртүрлі тақырыптар бойынша ашық оқу іс-әрекеттері өткізіліп тұрады. Бүгінгі сіздер көрген «Денің сау болсын десең...» деген ашық оқу іс-әрекетінің мақсаты – балалардың жүру, жүгіру қимылдарын және басқа да жаттығуларын дұрыс орындауды қадағалау. Жинақылыққа үйрете отырып, балаларды ептілікке, шапшаңдықа баулу, ұйымшылдыққа тәрбиелеу.