Ұлттық ойынымыз асықты неге ұмыта бастадық?!

Ұлттық ойынымыз асықты неге ұмыта бастадық?!

Паң даланың төсінде патшалық құрған қазақ ұрпағына әлімсақтан өркениет жауһарларын мұра етті. Оның әрбір әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі, ұлттық ойыны ата-бабаның мәйекті мәдениетімен астасып тұр. Қай-қайсысында болмасын, зор мән, мағына бар. Басқасын былай қойғанда, бабаларымыз ұлттық ойын арқылы ұрпақтың ой-өрісін жетілдірді. Асыл мұраларын бойына сіңірді. Кешегі күндей күркіреген кеңес үкіметі санамыздан сызып тастауға тырысқан ұлттық ойындар ел Тәуелсіздігімен бірге төрге озды. Бірақ бәрі бірдей емес. Кейбір ұлттық ойындарымыз ұмытылуға айналды. Жаңа ғасырға қадам басқан жаңа қазақтың баласы, мәселен, бүгінде асық ойнауды біле ме екен? Қайдам? Күмәніміз көп. Өйткені асық ойыны бала түгіл, үлкеннің көз алдынан кетіп, көңілінен өшіп барады. Бүгінгінің баласы асық емес, компьютер ойнап отыр...
Киіміміз қара төбел жұпыны болса да, ойын­ға бай едік. Ойынның неше түрі біз­ден қалған. Әсіресе асық ойыны. Неше ата­сы бар. Әр өңірде әрқалай ойналады. Жал­пы, сақа атыспақ, шеңбер сызу, иіріп ой­нау секілді негізгі түрлері бір болғаны­мен, ма­най, қалау дейтін түрлерінің ере­желері әр жерде әртүрлі. Асылы, асықтың өзі, асық ойындары тілдік қорымыздың да мо­лаюына түрткі болғаны жасырын емес. Со­лай бола тұрса да, қазіргі таңда қолына са­қасын ұстап, оны шиіріп жүрген бала көр­сек, көзіміз шықсын. Сақа тұрмақ, асық ұс­татсаңыз, оның не екенін білмейтін халде.
Ал біле-білгенге асық ойынының ба­ланы дамытудағы алар орны ерен екен. Мы­салы, сақаны қолға алып, бір аяққа тұ­рып, бір аяқты серпіп қалып асық атқанда, он екі мүше түгел созылады. Бұл – буын ау­руларына қарсы жаттығудың түрі. Екін­ші­ден, күллі жүйке, тамыр ауруларынан құ­тыласыз. Отырып-тұрып кенейді тік­кен­де, қан айналымы жақсарады. Сондай-ақ ба­ланы бәсекелестікке жетелеп, талап­ты­лыққа тәрбиелейді деседі.
Расында, асық ойыны, қазіргі педаго­гика тілімен айтқанда, таза денешынық­ты­ру. Жүгіріп те аласыз, отырып-тұрасыз, көз­дейсіз, атасыз. Бір асық ойынының бо­йында спорттың барлық түрі сыйып тұр.
Ғалымдар ойынның мәнін баланың дер­бес іс-әрекеті, айналасындағы өзге­ріс­терді танып-білуге, белсенді әрекет етуге жол ашуы ретінде түсіндіреді. Ұлттық ойын­­ды зерттеушілер «шынайы өмірде ба­­ла­ның аты – бала. Өз бетінше әлі ештеңе тын­­ды­рып жарытпайтын жан. Қам-қа­ре­кетсіз өмір ағысына ілесіп кете барады. Ол ойын үстінде бейнебір ересек адам тә­різді өз күшін сынап көреді» дейді. Мағжан Жұ­ма­баев ұлттық ойындарды «халық мә­де­ниетінің бастау алар қайнар көзі, ойлау қа­білетінің өсу қажеттілігі, тілдің, дене­шы­нық­тыру тәрбиесінің негізгі элементі» депті. Халық ойынды тәрбие құралы деп та­­­ныған. Ұрпақтың ой-өрісін дамытты. Бү­­гінде ше? Асылымыз асығымызды біл­мейтін бала халық мәдениетінен мақұрым емес деп айта аласыз ба?
Асық ойындары – тек қазаққа ғана емес, бүкіл түркі халықтарына ортақ ұлт­тық игілік. Асық ойындары ең алғаш ежелгi түр­кілердiң арасында пайда болған. Сон­дай-ақ асық ойындары байырғы Грек елінде – астралаг, ал Римде талус деген атпен кеңінен таралғанын көрсетеді мә­лі­мет­тер. Ертеде ұшы-қиыры жоқ даланы ме­кендеген бабаларымыз жорыққа аттанар алдында соғыстың амал-әдісін ақ тақырдың үстіне асықтарды шашып жіберіп түсіндірген екен деген де аңыз әңгіме бар.
Дәтке қуат етерлік бір дүние – өткен жылы Асық қауымдастығының құрыл­ған­дығы. Бірақ аймақтарға сол қауымдастық тамыр жайса деген тілек те жоқ емес.
Кеңес үкіметі кезінде мектепте оқып жүр­генімізде, көктем шыға, жер қа­ра­йы­сымен қойны-қонышын асыққа толтырып, асық ойнайтын баланы мұғалімдеріміз тәр­тіпке шақырып, желкелеп, жер тепкілеп жа­татын. Сөйтсек, ол кеңестік үкіметтің сал­қыны екен. Бірақ сөйте тұра, сонда да асықты тастаған бала болмайтын. Қызыға, құмарлана ойнай түсетін қайта. Бұл тіпті ауыл түгіл, қалада да қарқын алған кез болған.
Қарағанды қаласының тұрғыны, бү­гін­де жігіт ағасы Евгений Иванов есімді аза­мат сонау 70-жылдары қаланың қақ ор­та­сында тұрса да, сүйсіне асық ойнайтынын ай­тады. «Асық алу үшін қаладағы ет ком­бинаттарын төңіректеп жүруші едік. Ал мық­ты сақасы бар баладан сақаны сатып алуға барымызды салатын едік. Қар­а­па­йым асықтың өзі шымыр етіп шы­нық­тыратын бізді. Қазір ше? Асықты айтсаң, ба­лалар таңғалады. Оның не екенін де білмейді. Ойнайтындары – компьютер. Содан әлжуаз, әлсіз, боркемік», – дейді.
Асық туралы бізге дейін де айтқан дуа­лы ауыздар аз емес. Тек сол жеріне жетпей жүр­ген секілді. Ұлттық ойын қатарындағы асық­тың жұрт жадынан ұмытылып қал­мауы үшін, оны қайта жандандыру үшін мектеп бағдарламасына, соның ішінде денешынықтыру сабағының жоспарына құзырлы орындар енгізсе деген ұсыныс бар. Сонымен қатар турнирлер тұрақты түр­де өткізілсе, насихаттау күшейсе деген де тілек жоқ емес.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста