Ұлағатты ұстаз турнирі
Есік қаласында бокстан Алматы облысынан шыққан тұңғыш КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы Станислав Тынысбековтің жүлдесі үшін балалар, жасөспірімдер және ересектер арасында республикалық дәстүрлі турнир өтті.
Белгілі бокс ардагерінің 75 жылдық мерейтойына орай, биыл 22-нші мәрте ұйымдастырылған шаршы алаң бәсекесіне еліміздің түкпір-түкпірінен және көрші Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген ұзын саны 200-ден астам боксшы қатысты. Турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде Республикалық бокс федерациясының өкілдері мерейтой иесіне федерация басшысы Тимур Құлыбаевтың құттықтауын жеткізіп, арнайы сый-сыяпатын табыс етті. Қазақы дәстүр бойынша иығына шапан жапты. ҚР спорт және денешынықтыру агенттігі, Алматы облысы әкімдігі мен бокс федерациясы тарапынан да үлкен құрмет көрсетілді. Серік Әбденалиев, Мәдихан Сауданбеков, Болат Сағындықов сынды отандық бокстың ардақты ардагерлері, Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбрайымов пен ережесіз жекпе-жектен әлем чемпионаттарының жеңімпазы, Ұлттық жекпе-жек федерациясының президенті Сабыржан Махметов, өзге де елге танымал атпал азаматтар Станислав Балтабекұлын 75 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Серік Әбденалиев, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы:
– Біз Станислав екеуміз бір салмақта өнер көрсеттік. Техникасы бай, соққысы жойқын болатын. Одан 10 айдай кіші болсам да, құрдастардай қатар жүрдік. Шаршы алаңда бір-бірімізбен аянбай айқасатынбыз да, жекпе-жек біткен соң қол алысып, құшақтасып, достық көңілмен тарқасатынбыз. Талай қуанышты да, қайғыны да бірге бөлістік. Сол жалындаған жастық шақтағы достық қарым-қатынасымыз әлі күнге жалғасып келеді. Стастың боксқа деген айрықша махаббаты 75 жасқа келсе де, жүрегінде әлі маздап тұр. Осы күнге дейін қаншама елге танымал талантты шәкірттер тәрбиеледі. Бұйыртса, болашақта да тәрбиелей бермек. Тек Алла тағала өмір берсін деп тілейік.
Станислав Балтабекұлы 1938 жылы 16 мамырда Приморье өлкесіндегі Владивосток қаласында әскери отбасында дүниеге келген. Әкесі Балтабек шекара қызметінің капитаны болған. Сол жақта оған қастандық жасалып, оқ атылған. Қасындағы Станислав деген сарбаз оққа кеудесін тосып, ажалдан арашалап қалған. Соның құрметіне көп ұзамай дүниеге келген жалғыз ұлына Станислав деп ат қойыпты. Ұлы Отан соғысы басталған кезде Тынысбековтер отбасы Украинаның Житомир қаласында тұрып жатқан екен. Балтабек бірден жұбайы Макинұр мен ұл-қыздарын елге қайтарады. Өзі 1943 жылы Любимовка селосын фашистерден азат ету барысында ерлікпен қаза тапқан. Сұрапыл соғыс жылдары анасымен, әкпелерімен бірге нағашыларының қолында өскен Станислав 7-сыныпты бітірісімен Талғардағы ауылшаруашылық техникумына оқуға түседі. Сол жерде спорттың түр-түрімен айналысып, еркін және қазақша күрестен, волейболдан техникум намысын қорғай бастайды. Бокс қолғабын да сонда киіп, боксшы әрі бапкер ретіндегі болашақ үлкен жеңістеріне алғашқы қадамдарын жасайды.
Станислав Тынысбеков, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы:
– Сұм соғыстың кесірінен асқар таудай әкемнен тым ерте айырылдым. Бірақ анам мен әпкелерімнің арқасында жетімдіктің қасіретін көрген жоқпын. Құдай сәтін салған шығар. Анам «Қайтсең де жалғыз ұлымды сақтап қал» деген әкемнің соңғы аманатын орындады. Сұрапыл соғыс жылдары, одан кейінгі қиын уақыттарда шамасы келгенше бізді бағып, қақты. Соның арқасында үлкен рингте үлкен жетістіктерге жеттім. Бапкерлік жұмысқа кіріскелі шәкірттерімнің бақтарын ашуға тырысып келемін. Жарым Нұрхан екеуміз ұлдарымызды ұяға, қыздарымызды қияға қондырдық. Сол үшін шексіз бақыттымын. Есіктегі спорт мектебінің директоры болғаныма 40 жылға таяп қалды. Ендігі арманым – осы өңірден Олимпиада чемпионын шығару.
Талай таланттың тұсауын кесіп, бағын ашқан дәстүрлі турнир төрт күнге созылды. 2001-2002 жылдары туған балалар арасындағы 30 және 32 келі салмақ дәрежелерінде жергілікті жас таланттар Зураддин Зандаров пен Алмат Жиенбай қарсылас шақ келтірмеді. 1996-1997 жылғы жасөспірімдер арасындағы бәсекелерге қатысушылар саны тым көп болғандықтан, ұйымдастырушылар 52 мен 56 келі салмақтағы боксшыларды екі топқа бөлуге мәжбүр болды. Мұнда 46 келіде Есік қаласының өкілі Ербол Ахмедуллаев топ жарды. 52 келіде Алматы облысы Байтерек ауылынан келген Әсет Мұқатаев пен дәл осы салмақта 2-нші топта сынға түскен шымкенттік Талғар Молдабаев бірінші орынға ие болды. 56 келіде де екі спортшыға бас жүлде берілді. Олар – есіктік Самиль Хаталиев пен Балтабай ауылынан келген Расул Масимов. 60 және 64 келі салмақтарда жергілікті ағайынды боксшылар Сұлтанбек пен Асылбек Есеновтер жеңіске жетті. Финалдағы қарсыласы, алматылық Ғалымжан Бекболатты нокаутқа түсірген Сұлтанбек турнирдің ең үздік боксшысы атанды. 69 келіде тағы бір есіктік Виталий Афанасьев топ жарса, 81 келіде алматылық Нұрсұлтан Нағашыбаев үздік шықты. Ересектер сынында 52 келі салмақтағы жергілікті танымал боксшы Мардан Берікбаев бас жүлдемен қатар, үздік техникалық шеберлігі үшін арнайы сыйлыққа ие болды. 75 және 81 келі салмақтарда да жергілікті боксшылар Израиль Наргизов пен Уатқан Қыран жеңіске жетті. Аса ауыр салмақта алматылық Қуаныш Өмірзақ финалда Максим Мелтонянды техникалық нокаутпен жеңіп, жеңімпаз атанды.
Мардан Берікбаев, турнир жеңімпазы:
– Мен Станислав Балтабекұлының төл шәкіртімін. Ол кісінің берген тәлім-тәрбиесі маған тек рингте ғана емес, күнделікті өмірде де кәдеге жарауда. Сол үшін ұстазыма ризамын. Осыған дейін бірнеше халықаралық турнирлерде жеңіске жеттім. Жастар арасындағы Қазақстанның чемпионымын. Болашақта Олимпиада ойындарына қатысып, жүлде алсам деген арманым бар. Сонда ғана бапкерімнің үмітін толық ақтай алар едім.