Соңғы уақытта терім жиі құрғайтын болып жүр. Құрғақ теріге жағатын түрлі кремдер сатылғанымен, оларды алуға қорқамын. Себебі құрамындағы түрлі химиялық қоспалар теріні одан бетер нашарлатып жіберуі мүмкін. Жалпы, теріні жұмсарту үшін қандай тәсілдер қолдану керек немесе кремдердің қандай түрі пайдалы?
Маржан ДӘУЛЕТОВА, Алматы қаласы
Егер тері адамның жасына байланысты құрғай бастаса, онда жұмсартқыш сұйық кремдер қолданған жөн. Ол үшін мақтаны тұзды суға батырып сығып, бетіне аз ғана майлы крем салып, жайлап бетке, қолға жағады да, артынан қолмен жеңіл шапалақтайды. Құрғақ теріге айран, қаймақ жаққан одан да пайдалы. Жағып болғаннан кейін бірнеше минуттан соң сабынды жылы сумен жуып тастаған жөн. Құрғақ, сондай-ақ майлы теріге жеміс, көкөніс және шөптен жасалған витаминді қоспалар өте жақсы әсер етеді. Компресті де қолданған орынды, оны әсіресе бетіндегі қан тамырлары кеңейген адамдар жасағаны жөн.