Таэквондо тарланы Түлкиев туралы толғаныс

Таэквондо тарланы Түлкиев туралы толғаныс

Шығыс жекпе-жек өнерінің бесаспап шебері, ҚР таэквондо /WTF/ федерациясының тұңғыш президенті, VI дан иегері, бүкіл қазақ тарихын әйгілі «Ұлы көш» туындысына сыйғызған аса дарынды суретші Бексейіт Әбдезұлы Түлкиевтің небары 43 жасында қандықол қарақшылардың қолынан қаза тапқанына  биыл 15 сәуірде тура 15 жыл толды. Өкінішке қарай, соры қалың қазақтың маңдайына сыймаған жарық жұлдызын өшірген жауыздар әлі күнге дейін табылған жоқ. Бірақ олар құдіреті күшті Алланың алдында ақиреттік жазадан құтыла алмас. Осы орайда марқұмның әріптес ағасы әрі жақын досы, ҚР таэквондо федерациясының вице-президенті, мемлекеттік жаттықтырушы Мақсұт Нарбаевпен сұхбаттасып, көкейде жүрген біраз сауалға жауап алдық.

– Мақсұт Әбжанұлы, қатыгез қас­көй­лердің «мың өліп, мың тірілген» қа­зақты Бексейіттей біртуар пер­зентінен айырғанына да 15 жыл  бо­лыпты. Өкінішке қарай, күні бүгінге дейін кісі қанын жүктеген  қылмыс­керлер құрықталған жоқ...  
– Әрине, қылмыскерлерді ұстап, заңды жазаға тарту – құқық қорғау орындарының басты міндеті. Өкінішке қарай, Бексейіт бауырымды өлтірген қандықолдар әлі табылған жоқ. Мұстафа Өзтүріктей тар­ланы­мыз­дың өлімі де құпия күйінде қалды. Уланған дейді, кімнің у бергені бел­гісіз. Демек, бұл – құзырлы орын­дар­дың кәнігі қылмыскерлер алдындағы дәр­менсіздігі. Мұстафа мен Бексейіттен бұрын да, кейін де елге танымал қаншама ар­дақты азамат жұмбақ жағдайда ажал құшты. Бұл келеңсіз жайт болашақта да жалғаса беруі әбден мүмкін.
– Бәлкім, сол  үшін ел мәртебесін көтеріп жүрген дара дарындарымызды ұлттық құндылық ретінде «Қызыл кітапқа» енгізуіміз қажет шығар?
– Дұрыс айтасыз. Мемлекет тарапынан арнайы заң шығарылып, танымал тұлға­ларымыз сол заң аясында қорғалатын болса, қанды қаралы тізім тоқтайтын шы­ғар деп ойлаймын. Негізі, біз жастардың тәрбие мәселесін дұрыстап қолға алуға тиіспіз. Түбін ойламай, күнін ойлайтын, ой-өрісі тар «тентектерімізді» дер кезінде тезге салуымыз керек. Алыстан жау кел­мейді. Бәрі – өз арамыздағы көре­алмау­шылықтың, қызғаншақтықтың, күн­дес­тіктің кесірі. Әйтпесе ат төбеліндей аз қа­заққа байтақ жерімізде не жетпейді?! Нені бөлісе алмай жүрміз? Шен-шекпен үшін бір-бірімізбен қырықпышақ болып қырылысып жатсақ, бізді кім сыйлайды? Бізбен кім санасады?
– Мақсұт аға, Бексейіт бауырыңыз­бен ең алғаш қашан, қайда жолық­тыңыз?
– Бексейітпен ең алғаш 1991 жылы наурыз айында Ташкентте таэквондодан өткен КСРО-ның тұңғыш әрі соңғы чем­пионатында кездесіп, жақын таныстым. Бұның алдында мен оны талантты суретші, каратэ, у-шу шебері ретінде сырттай жақсы білетінмін. Ал бұл біріншілікке мен ұйым­дастыру комитетінің мүшесі әрі бас төре­шінің орынбасары ретінде қатыс­қанмын. Халықаралық дәрежедегі төреші едім. Содан чемпионат аяқталған соң таэ­квон­доның қыр-сырын жақсы білеті­німді аң­ғар­ған Бексейіт мені жаңа құрыл­ған федерацияға жұмысқа ша­қырды. Нақ­тырақ айтсам, федера­цияның бірінші ви­це-президенті қызметіне. Қуанып кетіп, бірден келісімімді бердім. Содан бастап бірге туған бауырлардай жақын араласып кеттік. Ол дүниеден озғанша жұбымыз жазылған жоқ. Марқұм өте ақкөңіл, қара­пайым, бауырмал еді. Көзсіз батырлығы, жас баладай аңғал­дығы, ішек-сілеңді қатыратын әзілдері, қиыннан қиыстыратын тапқырлығы, қысылтаяң тұста алып түсетін алмастай алғырлығы, сал-серілігі – бәрі- бәрі өзіне керемет жарасып тұратын.
– Жастарға үлгі болсын, сол қасиет­теріне көз жеткізген сәттеріңізді еске алып өтсеңіз...
– Ондай сәттер көп болды ғой. Қай­сыбірін айтайын... Ұмытпасам, 1993 жыл­дың сәуір айы болатын. Ол кезде жаңадан Тәуелсіздік алған, беймаза, ала­сапыран уақыт еді. Сонымен не керек, мен, Мұс­­тафа, Бексейіт – үшеуіміз Қазақстан таэк­вондо федерациясын Дүниежүзілік таэквондо федерациясының құрамына кіргізу мақсатында Оңтүстік Корея ас­танасы Сеулге аттандық. Онда бізді Мұс­тафаның ұстазының ұстазы, Х дан иегері Парк Им Ман мырза күтіп алып, дүние­жүзілік федерацияның лауазымды өкіл­дерімен кездестірді. Біз бұйым­тайы­мызды айттық. Мәселенің мән-жайына қаныққан кәріс жағы: «Сіздердің ниет­теріңіз дұрыс. Түсі­неміз. Бірақ заң бойынша кемінде бір ай бұрын бізге ресми өтініш берулеріңіз керек еді. Оны осы уақыт ішін­де жан-жақты қарап, талқылап, тиісті ше­шім шығаратын едік. Бұл келулеріңіз заңға қайшы болып тұр» деп азар да бе­зер болды. Кәріс­тердің тәртіпке қатаң қарай­тынын жақсы білетін Мұстафа: «Жо­лы­мыз болмады. Бұлар – заңға қатты бағынатын халық. Босқа әуре болдық. Енді не істесек екен?» – деп Бексейітке қарады. Ал Бек­сейіттің алған бетінен қайтатын түрі жоқ. Ол Мұстафаға: «Сіз уайымдамай, қо­нақ­үйге бара беріңіз. Біз – Мақсұт екеуміз бұ­ларды қайтсек те көндіреміз», – деп бір-ақ кесті. Бір көрген адам Бексейітті қа­зақтан гөрі кәріске қатты ұқсататын. Әлгі феде­рация өкілдерімен болған келіссөздер бары­сында сабазым соны да оңтайлы іске жаратты. Шала-шарпы кәрісшесімен олар­дың іші-бауырына кіріп-шығады. «Бізді Кореяға бүкіл қазақ елі үлкен сеніммен шығарып салды. Ендеше, дүниежүзілік федерацияға қабылданбай, Отанымызға қайтуға қақымыз жоқ» деп кәрістердің жанын қоймады. Әйтеуір, абырой бол­ғанда, үшінші күні олар алғашқы рай­ла­рынан қайтып, келісімдерін берді. Сөйтіп, бүкіләлемдік таэквондо феде­ра­­циясына мүше болып, әлем чем­пионатына қатысуға  мүмкіндік алдық. Осындай адам­­ды өзіне тез баурап алатын ерекше қасиетінің арқасында Бексейіт түр-тұлғасы өзінен айнымайтын Джеки Чанмен, Чак Норрис, Джун Ри сынды өзге де кино мен жекпе-жек өнерінің аңыз­дары­мен жақын араласа білді.             
– Мақсұт аға, Тәуелсіздігіміздің ал­ғашқы жылдары еліміздегі эконо­микалық қиындықтарға байланысты шетелдердегі турнирлерге бару қия­мет-қайым болды. Сол қиын-қыс­тау кезеңде қажетті қаржыны қалай тап­тыңыздар?
– 1993 жылдың тамыз айында Аме­риканың Нью-Йорк қаласында әлем бірін­шілігі өтетін болды. Елдегі ахуал белгілі. Қаражат тапшы. Ал Нью-Йоркке барып-келуімізге кем дегенде 50 мың АҚШ доллары керек. Сайдың тасындай іріктел­ген жігіттеріміз Тәуелсіз Қазақстанның көк Туын  Америка аспанында желбіретеміз деп жұлқынып тұр. Нағыз сын сағат. Бәрі­міз­дің назарымыз – Мұстафа мен Бек­сейітте. Не керек, қазақтың ар-намысы үшін туған қос қыран бірден іске кірісті. Спорт­қа жанашыр атқамінер азаматтар мен кәсіпкерлерден қолдау тапты. «Көп түкірсе – көл» демекші, абырой-бедел­де­рінің арқасында қажетті қаржы жи­налды. Имантай Әбеев, Сұлтан Шоқпытов, Нұрлан Шағытаев сынды таэквондошы жігіттеріміз алыстағы Америкада ел намысын абы­рой­мен қорғап, көк Туымызды көкте желбі­ретті. Төрткіл дүние­ге Тәуелсіз Қазақ елін танытты. Бұл – ешқандай ақшаның құны жетпейтін асқақ рух, биік мәртебе.
– Мақсұт аға, Бексейіт Әбдезұлының туыстары және отбасымен қарым-қатынастарыңыз қалай? Қарайласып тұрасыздар ма?
– Әрине, жуырда ғана Бексейіттің қы­зы Ақмөрді қолдан ұзаттық. Қазақы салт-дәстүрге сай жасалған сол тойға бір кісідей атсалыстық. Әке жолын қуған ұлы Ер­сұңқар қазір Астанада дизайн саласында қызмет істейді. Кенжесі Мұстафа да ер­жетіп қалды. Ағасы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситеті филология фа­культетінің деканы Қансейіт Әбдез­ұлымен  де тығыз қарым-қатынастамыз. Темірғали Көпбаев бауырымыздың тікелей қол­дауымен 2005 жылы «Қазығұрт» бас­па­сы­нан ол кісінің  «Қос өнердің жұлдызы» атты кітабы жарық көрді. Кітапқа Бексейіт туралы жазған менің де естелігім еніпті.
– Мақсұт аға, болашақта қандай еске алу іс-шараларын өткізуді жос­пар­лап отырсыздар?
– Қасиетті Қасқасудың кәусар бұлағына шомылып, тау-тасына шығып, көз тартар көркем табиғатын шығармашылығының алтын арқауына айналдырған Бексейіт ағамыз арамыздан тым ерте кеткенімен, артыңда ізін басқан ұл-қызы, шәкірттері, дос-жараны, туыстары, қалың қазағының тарихы тұнған «Ұлы көш» деген ұлы туын­дысы қалды. Көзі тірі болғанда, енді екі жылдан кейін 60 жастың асқарына шығар еді. Бексейіттен қапыда айырылып қалған соң, республикалық федерацияның тізгінін оның досы Шамсат Исабеков қолға алған болатын. Құдайға шүкір, содан бері елі­мізде таэквондоны дамыту бағытында  шама-шарқымызша жұмылып жұмыс жасап келеміз. 2008 жылы Бейжіңде шә­кір­тіміз Арман Шылманов посткеңестік аумақтағы тұңғыш Олимпиада жүлдегері атанды. Былтырғы жылдың соңында «Са­м­ұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының жанынан Спорттық жекпе-жектер және күш қолданылатын спорт түрлері  кон­фе­дерациясы құрылды. Тимур Құлы­баев төрағалық ететін бұл жаңа ұжымның құра­мына таэквондо да кіріп отыр. Сондықтан ендігәрі қаржы мәселесі қол­бай­лау бол­мауы тиіс. Бұйыртса, келесі жылы  Мұс­та­фаның, содан соң Бексейіттің 60 жылдық мерейтойларын жоғары дең­гейде атап өтуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ бақилық болған қазақтың қос қыраны туралы деректі, тіпті көркем фильм түсіріл­се деген ізгі ниетіміз бар.
– Мақсұт Әбжанұлы, бұл исі қазақ­тың ізгі тілегі екені даусыз. Ниет­теріңіз жүзеге ассын!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста