Таэквондо тарланы – Мұстафа Өзтүрік
Шығыс жекпе-жегі туралы сөз болса, ең алдымен, есімізге Мұстафа Өстүрік атанып кеткен, таэквондодан қара белбеудің және 6-дан иегері, халықаралық дәрежедегі төреші Мұстафа Қабенұлы Әбдірахман еске түседі. Қарашаның 23-і күні әйгілі спорт саңлағының дүниеге келгеніне 59 жыл толады. Біз осыған оның шәкірттерінің бірі болған, қара белдіктің және 3-ші дан иегері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымының кандидаты Қабибек Мұхитовты шығыс жекпе-жек өнері туралы әңгімеге тартқан едік.
– Шығыс жекпе-жегінің әйгілі шебері болған, марқұм Мұстафа Өзтүріктің шәкірттерінің бірі болыпсыз, ол кісі қандай адам еді?
– Мұстафа Өзтүрік әлемнің көптеген елінде болған еуропалық менталитетті жетік меңгеріп, бірақ өзінің қазақи келбетін жоймаған адам болатын. Ұлтын қатты мадақтаған адам еді. Жүрген жерінде өзінің «Қазақтығын!» мақтанышпен айтып жүрген екен. Өз басым оның қазақша сөйлеп отырып, оған басқа тілдегі сөздерді араластырып айтқанын ешқашан көрген емеспін. Бірде кездесу кезінде бір қазақ азаматы оған сұрақты ағылшынша қойған болатын. Сонда қойылған сұрақты қазақ тіліне аударып, оған қазақша жауап берді. Мұстафаның бергенінен беретіні көп еді әлі. Бір өзі бірнеше тілді меңгерген, батыстық стандартқа сай жоғары білімді адам болды ғой.
Мұстафа бауырымыздың өнегелі істері тәрбие ісінде үлгі тұтуға таптырмайтын образ емес пе?! Бірақ оның осы қасиеттері жеткіліксіз пайдаланылған сияқты. Біз оны әлі күнге дейін тек спортшы деп қана танып келеміз. Егер Мұстафа Өзтүрікті ұлықтауды қолға алатын болсақ, ол үлгі тұтар тұлға ретінде жастарды тәрбиелеуге оң ықпалын тигізері күмәнсіз. Мұсекең жастық шағында өлең де жазған адам болыпты. Мамандығы да журналистика еді ғой. Киноға да түскен. Актер ретінде алты кинода ойнаған. Бұл қырлары да ашылмай жатыр. Мұстафа Өзтүрік туралы көркем фильм шықса да болар еді. Өкінішке қарай, бұл істер қолға алынбай отыр. Келесі жылы оның туғанына 60 жыл толады екен. «Ештен кеш жақсы» дегендей, енді осы игілікті іске қозғау салуға бұқаралық ақпарат құралдары мұрындық болса, қанекей.
– Айтқаныңыз орынды. Енді, жалпы, шығыс жекпе-жегi түрлеріне қысқаша түсініктеме бере кетсеңіз.
– Шығыс жекпе-жегі дегеніміз – бұл шығыс халықтарының ұлттық өнерлері. Каратэ жапон халқының ұлттық өнері болса, у-шу – қытайдікі, ал таэквондо кәрістердікі дегендей. Бұл аталған халықтар өздерінің осы ұлттық өнерлерін ғасырлар бойы үздіксіз жетілдіріп, дамытып келе жатыр. Бір-біріне сыртқы көріністері ұқсағанымен, олардың әрқайсысының өз ерекшеліктері бар. Ол әр халықтың өзіндік менталитетіне қарай, тарихи дамуы мен ұлттық психологиясына байланысты ерекшеленіп тұрады. Мысалы, қытайлардың ұлттық өнері у-шудың бірнеше түрі бар. Қазіргі тілмен айтқанда, бірнеше стильдерден тұрады. Көп жылдар билік басында болған солтүстік Қытайда орналасқан Цин империясының у-шу стилі екпінді қимылға толы және қылыш, семсер сияқты қару-жарақтарды қолдану әдістерінен тұрса, ал оңтүстікқытайлықтардың стилі созылмалы болып жай қимылға ұқсаған бірнеше қозғалыстардан тұрады. Сонымен қоса, шығыс жекпе-жегі түрлі жан-жануарлардың қимылдарын салған әдістерді қолданады. Себебі шығыс халықтары табиғатқа тереңірек мән берген, табиғатпен етене жақын. Көптеген ғасыр бойы шығыс жекпе-жегінің құпия әдістері еш жерде жарияланбай, әкеден балаға ғана берілетін жасырын өнер болып дамыды.
Шығыс жекпе-жегін сонымен қатар әскери өнері деп қарастырған жөн. Бұл халықтар көптеген жылдар бойы небір тарихи үрдістерді басынан кешті. Өздерінің азаттығы үшін жылдар бойы күресті. Сол себептен де жаудан қорғанып, басқыншыларға төтеп беру үшін қорғаныс өнері ретінде дамытқан. Марқұм Мұстафа Өзтүрікті де кезінде Алмания елі келісімшартпен өз әскерлерін үйрету үшін қызметке шақырған болатын. Ресей Федерациясының әуе десант әскерлерінің қолбасшысы, генерал-лейтенант Владимир Шаманов Ресей таэквондо федерациясының президенті болып табылатынын айта кеткен жөн.
Ал ХХ ғасырдың соңына таман шығыс жекпе-жектерін әлемге таныту мақсатында түрлі халықаралық федерациялар құрылып, жеке спорт түрі ретінде дамыта бастады. Олардың бірқатары, мысалы дзюдо мен таэквондо, Олимпиада ойындары бағдарламасына енді.
– Шығыс жекпе-жегінің философиялық мән-мағынасын қаншалықты дұрыс түсініп жүрміз?
– Шығыс жекпе-жегінің философиясы дегеніміз – тамыры терең жатқан рухани, пәлсапалық таным өнері болып табылады. Сонымен қоса, бұл өнер тәрбиеге көп мән береді. Себебі бұл өнерді үйрету адамға қару ұстатқанмен бірдей ғой. Ал қолына қару ұстаған адам кейін оны қайда пайдаланады? Өмір бойы елін қорғау сияқты қасиетті іске пайдаланса жақсы болар еді. Ал бейбітшілік кезде не істейді? Адам өмірінде түрлі сынақтар көп кездеседі ғой. Мұндай сәттің бәрінде шығыс жекпе-жегінің тәсілдерін қолдана берсе, онда не болады? Сол себепті алдымен адамгершілік пен байыптылықты үйрету шығыс жекпе-жегінің басты принципі болып табылады.
Енді бір көңіл аударарлығы, шығыс жекпе-жектері спорт түрі сияқты ғана дамыса, онда шығыс халықтары өнерлерінің пәлсапасы кенже қалар еді. Қазіргі бокс, күрес спорты сияқты тек қана қимыл ережелерінің жиынтығы ретінде ғана дами алар еді. Сол себептен спорттық өнер ретінде және дәстүрлі түрде қатар дамыту керек. Яғни каратэдегі ката мен таэквондодағы пумсені қатар үйрету қажет.
– Осы арада мынадай сұрақ туындайды. Біздің ұлттық спортымыз неге шығыс елдеріндегідей қарқынды дамып кете алмай отыр?
– Біздің ұлттық спортымызды өз биігіне көтеру үшін алдымен оларға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінуі керек. Мысалы, Кубада боксты мектеп бағдарламасына енгізіпті. Ол денешынықтыру сабағының орнына жүреді екен. Тіпті дүниеге келген нәрестеге былғары қолғапты сувинер ретінде сыйлайды екен. Әрине, оқушының боксты емес, денешынықтыру сабағын таңдауына мүмкіндік бар. Ал Кореяда таэквондоны дәріптеуін естісеңіз, онда мемлекеттік қолдау дегенді толық түсінеріңіз анық. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ұлттық спорт түрлерін насихаттап жатады. Міне, осындай шараларды жүзеге асырса, бұл мәселе де өз шешімін табады деп ойлаймын. Қазір қазақша күреске, иншалла, қатты назар аударып жатыр ғой. Осылай дами берсе, енді бір он шақты жылда әлемдік деңгейге шығары сөзсіз.
– Спорт саясат құралына айналып бара жатқан жоқ па?
– Спорттың саясат құралына айналатын себебі бар. Қай уақытта да спортты алдымен саясатшылар жанына жақын тартып отырған. Қанша дегенде де спортсүйер қауым үлкен электорат қой. Қазір Олимпиада ойындарының жеңімпаздары билік партиясының мүшесі болып жатқан жоқ па? Сонымен қоса, спорт бір елдің мәдениетін басқа елге таныстыру құралы болып табылады. Марқұм Мұсекең, Мұстафа Өзтүрік ағамыз айтқан, Чан Кайши әрбір халықаралық додалардың жеңімпаздарына айрықша құрмет көрсетіп отырған екен. Оларға Тайвань мемлекетінің атын шығарып келді деп қарапты. Мұсекеңнің өзін де бір үлкен турнирден жеңімпаз болып келген кезде қабылдап, оның құрметіне дастарқан жасапты. Таэквондоның рәміздерінің бірі – оның байрағы. Ал сол таэквондодағы байрақ – Кореяның мемлекеттік байрағы болып табылады. Біз қандай да бір турнир өткізген кезде өз еліміздің байрағымен қоса, таэквондоның байрағын қатар ілеміз. Бұл мәселе сондықтан да үлкен зерттеулерді қажет етеді.