Елімізде өткен дүбірлі додалар кезінде стадиондар мен спорттық кешендерде көрермендердің өте аз болуы – сол турнир туралы жарнаманың өте әлсіз болуынан. Олай дейтініміз – елімізде қала көшелерінде жарнама ілу бағасы 1,5 миллион теңгеге жетіп-жығылады.
Қазақстанда спортпен айналысушылардың санын 30 пайызға жеткізу үшін қолдан келер бар жағдайды жасап-ақ жатыр. Аймақтарда жаңадан спорттық кешендер салынып, елімізде өтетін халықаралық додалардың да санын еселеттік. Бірақ байқайсыздар ма, қай доданы қабылдасақ та, стадиондарда, спорт кешендерінде көрермен өте аз отырады. Шаңғымен тұғырдан секіру спортынан өтетін Әлем кубогының кезеңдерінде де трибуналардан спортшылардың туыстарын, еріктілерді немесе кездейсоқ тап болған, ары кетсе жүз шақты көрермендерді ғана көресің. Допты хоккейден әлем чемпионатында ше? «Бәрі керемет. Өте жақсы ұйымдастырылған. Бірақ бұл – дүниежүзілік дода ғой. Неге көрермендер өте аз?» – деп, командамыздың капитаны Рауан Исалиев те аң-таң болып жүрді. Басқа додалардың да жайы – осы.
– Мұның барлығы жарнаманың әлсіздігінен ғой. Алматы көшелерінде жарнама ілу өте қымбат. Сондықтан турнир ұйымдастырушыларының бұған шамалары жетпей, көрермендерді басқалай жолдармен шақыруға мәжбүр болады, – деп бір мәселенің шетін қылтитты «Астана арланс» бокс клубының бас директоры Болат Манкенов.
Тиісті орындарға хабарластық. Сөйтсек, расымен де, Алматыда жарнама ілу бағасы өте қымбат екен. Алдымен «Алматы қала безендіру» АҚ-тың телефон нөмірін тердік. Аялдамалардың маңы бар, басқа орындар бар – Алматыда жарнама ілетін барлығы 118 арнайы орын бар екен. А2 форматтағы бір жарнаманың бір апталық құны – 250 теңге, А1 форматтағы бір жарнамаң бір апта ілініп тұруы үшін 500 теңге төлеуің керек. Ал «Алматы жарнама» МКМ-нің қызмет ақысы тіптен қымбат. Қала көшелеріне, жолдардың жиегіне үлкен плакаттар мен баннерлерді ілу құны көшенің адамдар көп жүретіндігі мен баннердің көлеміне байланысты 100 мыңнан 1,5 миллион теңгеге дейін тұрады екен. Бұған 40 АЕК-пен есептелетін салықты қосыңыз. Әлбетте, егер жарнамаңыз ұзақ тұруы керек болса немесе бір емес, бірнеше жарнама ілетін болсаңыз, қандай да бір жеңілдіктер болуы да мүмкін.
Дегенмен жарнамаларды ілу құны емес, олардың бағасы спорттық додалармен қатар, казино, ойын-сауық орталығы, концерт тағы басқа шараларға да бірдей болып тұрғандығы толғантады. Әлбетте, казино, ойын-сауық орталықтары үшін жарнаманың құны әлгіндей болғандығы бір жағынан дұрыс та. Дегенмен халқының 30 пайызын спортқа баулуды мақсат тұтып отырған ел үшін спорттық шараларға келгенде жарнамаларды тегін жарияласа да, артықтық етпес еді. Егер жарнама жақсы болса, билет бағасы бес жүз емес, бес мың тұрса да, жұрттың турнирді көруге құлшыныспен келетінін әлемдік тәжірибенің өзі көрсетіп отырған жоқ па? Ал бізде жарнама жариялаудың қымбаттығынан спорттық шаралар қала көшелерінде жарияланбайды да. Нәтижесінде турнир кезінде көрермендер де аз болады.
Жамбыл Ахметбеков, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:
– Бүгінде жарнаманың маңызы зор болып кетті ғой. Ал бір жарым миллиондай халқы бар Алматы секілді ірі мегополис үшін қала көшелеріндегі жарнамалардың маңызы тіптен өлшеусіз. Бұл жерде аялдамалардағы ұсақ жарнама жайлы емес, көше қиылыстарындағы ірі баннерлерді айтып отырмын. Халық сол үлкен баннерлердегі жарнамаларды жандарына жақын қабылдайды. Онда жарияланған нәрсені керемет дүние деп ойлап, оған қатты мән береді. Осындай мүмкіндікті пайдаланбай қалуға болмайды. Шыны керек, бүгінде бізде жарнама ілетін орындардың бәрінің иесі бар. Жарнамаңды ілейін десең, иесі кім екенін таппай сандаласың. Ал спорттық шараларға жарнамаларды тегін ету үшін әлгі жарнама тұратын орындардың барлығын үкімет өз қарамағына алуы керек. Сонда бөліп беру, тегін ету немесе арзан бағаға жарнаманы ілу деген мәселелердің барлығы оңай шешіледі. Мәселен, турнирді өткізетін федерация баннерлерді өздері дайындасын, ал сол баннерлердің қаланың қай көшелерінде ілінуі керек екенін үкімет, атқарушы орган шешіп, арзан бағаға сатсын. Сонда ғана бұқара халықты кең көлемде спортқа тарта алар едік.
Спорттық шаралар жарнамаға зәру
Последние статьи автора