Ольга Шишигина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Қазақтар деп қана бөлуге болмайды. Бүгінде спортта қазақ қыздары ғана емес, өзге ұлттың өкілдері де өте аз. Мұның себебін былайша түсіндіруге болады. Қазір спортпен айналысып жүрген буын – 1990 жылдардың замандастары. Ал ол кезде өздеріңіз білесіздер, мемлекетіміз аяқтан енді ғана тік тұрып келе жатқан кез. Спортқа аса көңіл бөліне қойған жоқ. Сондықтан сол буынды жоғалтып алған жайымыз бар. Оның үстіне, шыны керек, біздің қыздардың көбі өздерінің икемдері келетін күрес, ауыр атлетика сынды спорт түрлеріне баруға арланады. Негізі, мұндайда ұятты аздап жиып қойған дұрыс болар еді. Спорт аренасында спортшы болып, былайғы өмірде қызға тән қылықтарыңды сақтай алсаң, сені барлығы құрметтейді. Ұялудың қажеті жоқ. Дегенмен бұл тұрғыда оң өзгерістер байқалып келеді. Енді төрт жылдан кейін қазақ арулары да әлемдік ареналарда атой сала бастайды деп үміттенемін.
Ерік Алғабекұлы, әйелдер боксынан Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері:
– Спорттың басқа түрлеріне жауап бермей-ақ қояйын, бокста қазақ қыздары көбейіп келеді. Мәселен, жақында Қазақстан чемпионаты өтті. 300 боксшы қыз қатысты. Соның 90 пайызы өзіміздің қаракөздеріміз болды. Сондықтан бокста аруларымыз уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Бұл – қуанарлық жағдай. Лондон Олимпиадасына Саида Хасенова қатысты. Рас, жүлделі орынға жете алмағанымен, мамандардың жоғарғы бағасын алды. Әлемдік ареналарда жұдырықтасып жүрген қаракөз қыздарымыз аз емес. Дегенмен келісемін, әлі пәлендей жетістіктерге жете алған жоқ. Бірақ енді төрт жылдан кейін өзіміздің сұлулар да қарсыластарына бет қаратпайтын болады. Мұны мен нық сеніммен айтып тұрмын. Өйткені жастар арасында дарынды қазақ қыздары өте көп.
Татьяна Аманжол, әйелдер күресінен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі:
– Спортта бәсекелестік өте жоғары. Сондай-ақ қазақ қыздары да тым аз деп айтпас едім. Мәселен, менің салмағымда маған бәсекелес бола алатын қыздар өте көп. Қазір санап берем... (Аздаған үнсіздіктен соң) ...Кешіріңіз, саусақтарымның саны жетер емес. Ал жетістіктер болашақта болады. Тек балуандарға тиісті жағдай жасау қажет. Өйткені, шыны керек, күреспен айналысып, кейін тастап кетіп жатқан қаракөздер аз емес. Әйтпесе қазақ қыздарының боз кілемдегі әлеуеттері ешкімнен кем емес. Өзімнің көптеген досым қазақ. Қаншалықты мықты екендіктерін де білемін.