Спорт журналистикасының тарландары
Ресми түрде елімізде Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні 28 маусымға белгіленгенімен, спорт журналистерінің де өз мерекесі бар. Әлем бойынша 2 шілде күні аталып өтіледі. Яғни спорт тілшілері қауымының төл мерекесіне де төрт-ақ күн қалды. Осы атаулы екі датаны ұштастырып, қазақ спорты тақырыбын қаузап жүрген қаламдас ағаларымыз жайлы аз-кем мақала жазуды жөн көрген едік.
1995 жылдан бастап аталып келе жатқан Халықаралық спорт журналистері күнінің тарихы сонау 1924 жылдан бастап шыққан екен. Сол жылдың 2 шілдесінде Франция астанасы Парижде Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы құрылған болатын. Бейресми деректерге сүйенсек, бүгінде әлемде 30 мыңнан астам спорт тілшілері бар көрінеді.
Ал Қазақстанда спорт журналистикасының көшбасшысы дегенде бірінші ретте Сейдахмет Бердіқұловты атайтынымыз шындық. Бұл бекер де емес. Спорт журналисі деген ұғымды ең алғаш енгізген басшы ретінде осы Сейдахмет ағамызды танимыз. Әйтпесе оған дейін спорт тақырыбын басқа саладағы журналистер де жаза берген деседі. Сондай-ақ Қазақ спорт журналистері қауымдастығының алғашқы ресми басшысы да Бердіқұлов болған. Одан бөлек, 1966 жылы Лондонға барып, 1970 жылы Мехикода болып, футболдан, жалпы спорттан әлем чемпионаты жайлы қалам тартқан алғашқы қазақ. 1970-1986 жылдар аралығында «Лениншіл жастың» (қазіргі – «Жас Алаш» газеті) бас редакторы болып тұрған шағында тұрақты түрде газеттің тұтас бір бетін спортқа бөліп тұрған. Міне, бүгінде көптеген газеттерімізде арнайы спорт бетінің болуы Бердіқұловтан бастау алған болса керек. Ал оның осы тақырыпта жазған дүниелері тағы бір мақалаға арқау болар мүлдем бөлек әңгіме.
Қазақ спорт журналистикасының атасы 1994 жылы дүниеден өтті. Сол жылдан бастап еліміздің Спорт және дене тәрбиесі агенттігі спорт тақырыбында қалам тербеп жүрген үздік журналистерді Бердіқұлов жүлдесімен марапаттай бастады. Жыл сайын жүлде үш спорт журналисіне беріледі. Шарт бойынша, әу баста біреуі – қазақтілді, екіншісі – орыстілді журналиске, ал үшіншісі не фотожурналиске, не электронды басылым қызметкеріне табыс етіліп келген. Кейіннен мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында екі сыйлық – қазақ тілінде, бір сыйлық орыс тілінде жарияланған материалдың авторына табысталатын болып бекітілді. Содан бері 19 жыл өтті деп есептейтін болсақ, қазірге дейін 40-тан астам журналист Бердіқұлов сыйлығының лауреаты болғанын есептеуге болады. Сонымен қатар, бүгінде Бердіқұловтың бешпентінен шыққан төл шәкірттері Несіп Жүнісбай, Қыдырбек Рысбек, Дүрәлі Дүйсебай сынды қаламдарын қару ретінде ұстаған ағаларымыздың туындыларын да сүйсініспен оқып келеміз.
Жалпы, қазақ спорт журналистикасы туралы жазғанда республикалық «Спорт» газетін де атап өтпеске болмайды. Қазақ тіліндегі тұңғыш спорт басылымының бірінші нөмірі 1959 жылдың 1 қаңтарында жарық көргенімен, рас қаржылық себептерге байланысты шықпай қалған кездері де болды. Алайда 2011 жылы білікті қаламгер Несіп Жүнісбай өз қолына қайта алып, сол жылдың жазында газет оқырмандарымен қайта қауышты.
Негізі, алғашқы кезде басылымның бас редакторы болған жоқ. Біраз уақыт бойы газет жауапты хатшылардың басқаруымен шығып келді. Қазақ бөліміне ол кезде Жанәбіл Оспанов жауап беретін. Қырық жылдай облыстық газетті басқарған білікті журналист. «Спортты» бірден тәй-тәй бастырып алып кетті. Алғашқы нөмірлерін жарыққа шығаруға атсалысқандардың қатарында мен де бармын. Амангелді Мұсабаев деген журналист болды. Ғарышкер Талғат Мұсабаевтың әкесі. Кейін осы газеттен зейнетке шығарып салдық.
«Спорт» газетінің отымен кіріп, күлімен шыққан ардагер спорт журналисі Сайын Тұрсынов ағамыз газеттің алғашқы нөмірлерін осылай еске алады. Ал ең алғашқы бас редакторы болып Бейсекеш Сапарғалиев тағайындалды. Жауапты хатшы қызметін белгілі журналист марқұм Тілеген Хайдаров атқарды.
Кейін Сапарғалиев басқа қызметке ауысты да, газетке редактор болып Сматбек Төребеков деген азамат келді. Бокстан спорт шебері. Келе сала «Спорттың» жұмысын дөңгелетіп алып кетті. Мен жауапты хатшылыққа ауыстым. Газет оқырманға жақсы танылып, таралымы 312 мыңға дейін жетті. Төребеков газетте көп жыл еңбек етті. Бірақ, өкінішке қарай, апатқа ұшырап қайтыс болды. Сөйтіп, редакторлықтың тізгінін Амангелді Жақсыбеков қолына ұстады, – деп тебіренді Сайын Сүлейменұлы.
Дегенмен Жақсыбеков газетті көп басқарған жоқ. 1991 жылы «Спорттың» басына Несіп Жүнісбайұлы келді. Бүгінгі бас редакторы да осы кісі. Сондай-ақ ХХІ ғасырдың алғашқы он жылдығының жартысында «Спорт» газетінде Ғалым Сүлеймен де редакторлық қызмет атқарды.
Жалпы, қазақ спорт журналистикасының тарландары қатарына жоғарыда атап өткен қаламгерлерден бөлек, Сұлтанғали Қаратаев, Рабат Жәнібеков, Жүсіп Хисымов Тұрсын Елеусіз, Ғалибек Тәшімбеков, Бейсен Құранбек, Амангелді Сейітхан, Жанарбек Әшімжан, Есей Жеңісұлы, Диас Ахметшәріп, Арсен Саттар, Телжан Күдеров, Жандос Айтбай сынды майталмандарды атап өтуге болады. Рас, аты аталмай қалған мықтыларымыз қаншама. Бірақ қалай десек те, қазақ журналистикасының дамуына әрқайсысының тигізген үлесі зор.