Қытайдағы конькиші қазақ қызы
Бейжіңдегі XXIV қысқы Олимпиада ойындарында Қытай елінен Ақнәр Адақ атты қазақ қызы да сынға түсіп жатыр. Желі қолданушылары бойжеткеннің сұлулығына тамсанып, оның фотосын жиі бөлісіп жатыр.
Ақнәр Адаққызы Қытай халық республикасының Шыңжаң өлкесінде 1999 жылы 1 маусымда дүниеге келген. 23 жастағы конькиші қыздың бойы – 165 см. Ол Олимпиада жолдамасын Шыңжаң қыстық спорт түрлерін басқару орталығының атынан алған.
Ақнәрдің бастапқыда шорт-трек бойынша жарыстарға қатысып жүрген. Конькимен жүгіру спортына 2018 жылдан бастап ден қойыпты. Мұның себебін Ақнәр 2019 жылы 29 наурызда қытайлық басылымға берген сұхбатында былай деп түсіндірген: «Мен өзімді үлкен қашықтықта сынап көргім келді. Мен осылайша түрлі қиындықтарға төтеп беріп, өзімді жетілдіремін. Конькимен жүгіруде жетістіктерге жетемін деп сенемін. Қазір сол мақсатта жоспар құрудамын».
Ақнәрдің спорттағы дамуына қытайлық коньки спортының атасы Синь Циньшань үлес қосқан көрінеді. 2018 жылы қаңтарда Синь Шыңжаңға барып, сондағы спортшыларды шорт-трек пен конькимен жүгіру бойынша жаттықтырған. Бастапқыда әйгілі жаттықтырушы Ақнәрден жақсы нәтиже күтпеген.
«Ол өз нәтижесін айтарлықтай жақсартты, бірақ оны спортта әлі де ұзақ жол күтіп тұр. Оның орташа уақыты 7:19,32. Сондықтан спортшыларымызды ұзақ қашықтықта әлем үздіктерін қуып жету үшін көп тер төгу керек», – деп баға берген екен Ақнәрге Синь Циньшань.
Қытайдағы қазақ қызы жайлы «Фейсбук» қолданушысы Жолымбет Мәкіш те біраз дерек жариялаған екен. Оның сөзінше, Ақнәр Адаққызы Қытайдың Құттыби ауданындағы Тасбаспалдақ дейтін ауылда туған.
«Тасбаспалдақ – шаңғы тебетін жері бар, бөктердің етегінде орналасқан шағын ауыл екен. Кішкентай кезінен сол жерде шаңғы теуіп үйренеді. Сөйтіп, өсе келе Қытайдың рекордын жаңғыртып, содан аты шығыпты. Әкесі қайтыс болған. Шешесі мұғалім. Қытайдың құрамасына ілігу өте қиын негізі. Бұл қыздың бағы жанып тұрған қыз екен», – деп жазады ол.
Бейжіңдегі Ақ Олимпиадада конькиші қазақ қызының суретін көргендер «Үріп ауызға салғандай», «Әдемі қыз екен», «Қарындасымыздың жолы болсын» деген пікірлер қалдырған.